Жаңылтпаш
Қазақ халқының әдет-ғұрып, салтынан туған ойын-сауықтар кезінде өлең, әңгіме-жырлар ғана айтылып қойған емес. Ойын-сауық үстіне, жиналған жұртты күлдіру үшін, ауыз әдебиетінің бұдан басқа да ұсақ түрлері айтылған. Соның бірі – жаңылтпаш.
Жаңылтпаш айтқанда екі нәрсе ескерілетін секілді. Біріншіден, жиналған жұртты күлдіру; екіншісі – әрбір сөзді асқан шапшаңдықпен шебер айтуға, тіл ұстартуға үйрету. Жаңылтпаштың сөздері айтылуға қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады. Жаңылтпаштың әрбір сөзі шапшаңдата, тездете айтылуға тиіс. Егер, жаңылтпаш айтушы адам қиыннан құралған қырлы сөздерді орамына келтіре алмаса, аздап тайып кетсе – онда күлкі боларлық, тіпті ұятқа соғарлық жағдайға душар болады. Сондықтан ол әрбір сөзді жылдамдата айтумен қатар, нақышына келтіре, мүлт кетпей оралымын таба айтуға тиіс. Жаңылтпаштың сөздері қара сөз түрінде, кейде өлең секілді ұйқасып келеді. Мысалы:
Қара бүркіт томағасын түсірді,
Оны мен томағаламай кім томағалайды,
Оны мен томағаламай кім томағалайды.
Немесе:
Ар жақтағы Құдияр құдам еді,
Ол мені құдаламады,
Мен оны құдаламадым, –
деп соңғы екі жолы қайталанып айтылады45.
Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданылған. Қазақтың салты бойынша, ойын-сауыққа келген жастардың бәрі де ән салып, өлең айтуға тиіс. Ал ондай өнері жоқтарға ойынды басқарушы адам «жаңылтпаш айт» деп ұйғарған, жаңылтпаштың сөзін өзі жайлап айтып берген. Сонан кейін оны шапшаңдата қайталап айтуды жаңағы өлең білмейтін адамнан талап еткен. Егер ол адам жаңылтпаштың сөздерін орамына келтіріп айта алмаса, бүлдірсе, жұрт алдында күлкі болған. Сондықтан мұндай күлкі боларлық жағдайға түспес үшін жастар ән, өлең үйренуге, оларды білуге тырысқан.
Өтірік өлеңдер
Қазақтың ертедегі салты бойынша, ойын-сауық кездерінде айтылатын өлеңнің бір түрі – өтірік өлең. Бұл алуандас өлеңдер күлкілі, қызықты сюжеттерге құрылады.
Өтірік өлеңдерді айту оңай болғанымен, шығаруы оңай емес. Ол ақыннан ақындық өнерді керек етумен қатар, фантазияның мол болуын қажет етеді. Өйткені өтірік өлең, оның сюжеті қиыннан құрастырылуды, түймедей нәрсені түйедей етіп, болмаса, керісінше, түйедей нәрсені түймедей етіп көрсетуді тілейді. Бұл өлеңдерде суреттелетін нәрселердің бәрі адамның көз алдындағы заттардан, нақтылы шындықтан, жалпыға түсінікті көріністерден алынады. Бірақ олардың ісі, қарым-қатынасы, атқаратын қызметі шындыққа келмейтін, адам сенбейтін жағдайда болуы керек. Сонда ғана ол өтірік өлеңдік дәрежесіне жетеді. Өтірік өлеңдер әрқашан да күлкілі, қызықты болып келеді.
Өтірік өлеңдер айтайын деген ойын, суреттейін деген көріністерін тыңдаушыға әсірелеу, бейнелеу, шендестіру арқылы жеткізіп отырады46. Осы ретпен ол неше түрлі картиналар, образдар жасайды.
Жоғарыда айтылғандарға дәлел ретінде қазақтың ертеден келе жатқан өтірік өлеңдерінен екі-үш мысал келтірейік:
Бір қоянды міндім де аспанға ұштым,
Екпініне шыдамай жерге түстім.
Алты күндей ақ боран соғып еді,
Жалғыз қурай түбіне ас қып іштім.
Дүниенің ауыры үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.
Алты атанға үш төстеп артып едім,
Көтере алмай жығылды атандарым.
Аспанға алты жерден тіреу қойдым,
Той қылып мың масаны сонда сойдым.
Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,
Нансаңыз өмірімде бір-ақ тойдым!47 –
Бұл келтірілген мысалдарда суреттелген көріністердің бәрі де әсірелеу, шендестіру ретімен берілген. Бір нәрсені екіншісіне салыстыра отырып әдемі образдар жасаған. Сонымен қатар нақтылы шындықтан алынған жанды-жансыз деректерді тыңдаушыға қызық, күлкі түрінде жеткізген. Бұлардың бәрін жыршы-ақын өз атынан, өзін қатыстыра айта отырып, адам сенбестік күлкілі әңгімелер тудырған. Нақтылы деректерді мол шеберлікпен үдеген фантастикалық дәрежеге жеткізу, адамның ойына келмейтін «өтірік» әңгімеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер түрінің негізгі бір ерекшелігі болып табылмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |