Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет57/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Жырдағы образдар
«Қобыланды батырды» жырлаған ақындардың қайсысы болса да, адам образын жасауға айрықша мән береді. Халықтың досы қайсы, дұшпаны қайсы екендігін дәлелдеп көрсету үшін жырдағы басты адамдардың іс-әрекетін сипаттайды, олардың жағымды, жағымсыз образын жасайды және олардың бәрін есте қаларлықтай етіп суреттеуге тырысады.


Қобыланды
Қобыландының батырлығы жөнінде жыршы ақындардың бәрі де (Марабайдан басқасы) әңгімені әріден, баланың тумай тұрған кезінен, Тоқтарбай мен Аналықтың бір перзентке зар болуынан бастайды. Бұған үлкен мән беріледі. Бұдан, бір жағынан, шаруақор, адал еңбек етіп ел-жұртын асырайтын; екіншіден, ішкі және сыртқы жаулардан халықты қорғап алатын батыр ұл болуын арман еткен халық қиялы көрінеді. Осындай батыр ұлды халық атынан іздеп Тоқтарбай мен Аналық дүние кезеді. Әрине, ондай ұлды тәңірден сұраушылық – ерте кездегі адам баласының ой-өрісі, дүние танушылығы төмен сатыда болған кезін аңғартады. Бірақ, әңгіменің негізі идеясы – халыққа қамқор болатын батыр ұл (азамат) іздеуден туған.
Сондықтан халық ұғымында мұндай адамның жаратылысы да, туысы да басқалардан ерекше болу керек. Ондай ерекшелік фантазияға, мифке байланысты жатады.
Дүниежүзілік эпостың көбіне батыр образы батырдың есейген кезінен басталса, Қобыландының болашақта асқан батыр болатындығы оның ана құрсағында жатқан уағында-ақ білінеді. Мәселен, Қобыландының шешесі Қобыландыға екі қабат болғанда жерік асына не арыстанның жүрегін, не аждаһаның өтін жейді, не қара тасты шайнайды. Сөйтіп жерігін басады. Бұл жайды Мұрын жырау:
Бір күндері болғанда,
Қатыны жерік болады,
Жерігі неге қанады.
Қойдан қошқар сойдырды,
Жерігі оған қанбады.
Түйеден бура сойдырды,
Жерігі оған қанбады.
Сиырдан бұқа сойдырды,
Жерігі оған қанбады.
Жылқыдан айғыр сойдырды,
Жерігі оған қанбады152, –
деп суреттейді. Содан кейін Қобыландының шешесі жерік асына:
«Айдаһардың басын алдырды,
Ауызына қатын салдырды,
Жерігін сөйтіп қандырды», –
дейді.
Ал, Айса Байтабыновтың айтуындағы «Қобыланды батырда» батырдың шешесі талғақ (жерік) айы кезінде:
Қатыр-қатыр қара тасты шайнады,
Азудан азу қалмады.
Жалаңаш қарға аунады,
Аунап еді тоңбады153, –
делінеді. Ақырында Қобыландыға екі қабат болған ана арыстанның жүрегін жеп қана жерігін басады.
Бұл жәйді «Қобыландының» басқа варианттарынан да көруе болады. Мәселен, Қобыланды жайындағы бір жырда:
Жерігім менің қанар деп,
Шырадай көзім жанар деп,
Қаңтардың қатқан мұздарын
Теңіздің қара тұздарын,
Қашыр-құшыр шайнады,
Жерігі оған қанбады.
Жерігім менің қанар деп,
Шырадай көзім жанар деп,
Аждаһа жылан бастарын
Бытырлатып шайнады,
Оған да жерік қанбады154, –
дейді. Ол жерік асына қара тасты да шайнады, аюдың етін де жейді. Бірақ, оның бәріне кемпірдің жерігі қанбайды. Ақырында арыстанның жүрегін жеумен жерігін басады.
Алпысқа келген ананың жолбарыстың (не арыстанның) жүрегіне немесе аюдың етіне жерік болуы, оның құрсағында жатқан баланың қандай екенін сипаттап тұрған секілді. Бұлай жырлаушылық болашақта елін қорғай алатын, арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі, тастай берік батыр адам болуын аңсаған халықтың фантазиясынан туған.
Қобыланды жайындағы жырларда ананың жерік асынан кейін оның толғағы, болашақ батыр баланың туысы айтылады. Мұнда ананың толғағы өте қатты болады, ана баласын туа алмай, 15 күндей толғатқаны жырланады. Толғақ қысқанда кәрі ана өрден ойға, таудан сайға домалайды, сүйеуіне емен сырықтар, ұстауына жібек желбаулар жарамайды, не сынып кетеді, не үзіліп қалатын болады. Осындай толғақ қиыншылықтарын көргеннен кейін қарт ана аман есен босанады. Сонда:
«Кіндік кескен әйелдің
Осы туған жас бала
Ұйытып қолын талдырды», –
(Нұрпейістің айтуынан.)
Болашақ батыр Қобыландының туысы осындай. Мұның өзі Қобыландының ер жеткен кезде өте күшті батыр болатындығын алдын ала айтып тұрғандай.
Жаратылысы, туысы ерекше болған баланың өсуі де, мінезі мен қылығы да, ақылы мен айласы да басқалардан айрықша артық болады. Қобыланды жайындағы жырлардың көбі оның бала кезіндегі өсуіне молырақ көңіл бөледі. Елге қорған болуға, басқыншы жауға қарсы баруға жарай алатын батырдың келбеті бала кезінің өзінен-ақ көріне бастайды. Қобыланды 6 жасқа келгенде қару алып қарауылға шығады. Сонда:
Таулар күйіп, тас жанған,
Алты жасар баланың
Елбеңдеген зарпына.
Қобыландының бала кезіндегі ерекше өсуі оның болашақта еліне қамқор болатын, халқының жауларына қарсы күреске жарайтын батыр екенін аңғартады. Оның қарулы-күшті екендігі балалармен ойнағанда, жылқыға барып ат ұстап мінгенде, жалғыз өзі күзетке шыққан кездерінде көзге түседі. Бұл кезде Қобыланды ел шетіне шығып қарауыл қарайтын, жылқышылармен бірге күзетке баратын болады.
Қобыландының шын мағынасындағы батыр атағына ие болуы оның өзіне тең қалыңдық іздеуінен басталады. Бұл, әрине, тек «Қобыланды батырда», қазақтың батырлар жырында ғана кездесетін әңгіме емес. Ол көп елдің батырлық жырына ортақ әңгіме. Оларда жігіттің мықты батыр екендігі – өзіне сенімді серік, сүйікті жар тауып алуына байланысты айтылады. Бұл жолда батыр жігіт әлденеше қиыншылықтарды басынан кешіреді, көптеген жауларын жеңеді, бірқатар сыннан өтеді, содан кейін барып мақсатына жетеді.
Қобыландының да алғаш рет шын мағынасындағы батыр атанып, даңқы шығуы оның Құртқаға үйленуіне байланысты. Жігіт болып ер жеткен Қобыланды өзіне лайық, тең, жар-жолдас іздейді. Бірақ, ондай адам өз елінен (Қыпшақ руынан) табылмайды. Сондықтан, жыршы ақындар Қобыландыны Көкілан (кейде Көктім) кемпірдің еліне аттандырады. Ел ұғымында Көкілан кемпір – өте күшті алып дәулерді билеп отырған адам. Көкіланның қызы Құртқада да білгірлік, даналық қасиет бар, ақыл жағынан шешесінен артық болмаса кем емес. Сөйткен Құртқаға көптеген батыр жігіттер ғашық болады, «аламын» деп дәмеленеді. Ол жігіттерге Көкіланның да, Құртқаның да қоятын бір ғана шарты бар. Ол шартта: үлкен бәйтеректің басына қойылған жамбыны садақпен атып түсірген адамға ғана Құртқа тиеді делінген. Бірақ бұл шартты Қобыландыдан басқа ешбір батыр орындай алмайды.
Сонымен жырлардың барлығында Қобыландының жұрт алдында батыр атануы Құртқаны алуынан басталады. Садақтың оғымен жамбыны атып түсіру батырлық емес, ол мергендік, бұлай ету Қобыландының образына олқы жатқан секілді болады. Сондықтан жырда, батырдың күштілігін көрсету үшін, оған жамбыны атқызбай, қара тас пен шойыннан құйылған діңгекті қақ айыртады. Садақтың оғымен қара тасты (не шойын діңгекті) қақ айыруы Қобыландыны өте мықты алып батыр етіп көрсетпек.
Қобыланды Көкіланның алып дәулерін де жарыста жеңіп шығады. Бір көлдің суын бір-ақ ұрттай салатын, қолдарына үлкен-үлкен тауларды ойыншық етіп ұстап жүретін алып дәулерді Қобыландының жеңуі, оның жаратылысы ерекше, бойында асқан күші бар батыр екендігін көрсету үшін келтіріледі. Мұндай батыр ел шетіне қандай жау келсе де, оған қарсы тұруға жарайды, ондай жауларды жеңе алады, сөйтіп, еліне қамқор болады деген негізгі идея жырға қосылады.
Жыршы ақындар Қобыландының туысын, балалық шағын, Құртқаға үйлену жайын айта отырып, мұның бәрі батырлық іске даярлық дегендей қорытынды жасайды.
Бұдан арғы жерде жырдың барлық вариантында Қобыланды өмірінің екінші кезеңі, отанын қорғаған, халықтың жауларына қарсы соғысқан кездері айтылады. Осы негізде Қобыландының батырлық образы жасалады. Жыршы ақындар Қобыландының батырлық тұлғасын суреттеуге зер салады.
Сондықтан да жырда айтылатын әңгімелер Қобыландыға байланысты құрылады, жыр осы көлемде дамып отырады. Әрине, жыршы-ақындар Қобыландының ел қорғауда жасаған батырлық істерін салған беттен сипаттап, толығынан айтып тастамайды. Жыршы ақын өзінің жырын, ең алдымен, ұсақ әңгімелерден бастап, содан кейін үлкен оқиғаларды баяндауға кіріседі.
Осы тұрғыдан қарағанда, жыршылар Қобыландының ел қорғаудағы батырлық образын да бірден жасамайды. Олар Қобыландының ерлік істерін әр әңгімеде, әр жағдайда бір көрсете отырып, халқына қорған болған, басқыншы жауларға қарсы асқан ерлікпен соғысып жауын жеңген батырдың образын жасайды. Ең алдымен батырдың не себепті ерлік жасауға тиісті екендігі айтылады. Бұған себеп батырдың халқы, отаны болады. Қобыланды өзінің елін, ата-анасын, туған-туыстарын жақсы көреді, шын ықыласымен сүйеді, өзін олардың қорғаны деп біледі. Сондықтан да ол өз еліне қандай жау келсе де қарсы тұруды, елін жаудан қорғап алуды мақсат етеді. Бұған жыршылар тыңдаушылардың көңілін аударады.
Қобыландыға Қараман келіп, Қазанның жаугершілік жасап, әлденеше рет елдің мазасын алғандығын және сол Қазан тағы да шабуыл жасап келе жатқанын естігенде, Қобыланды батыр қатуланып қаттанады, ашуы бұрқырап намыстанады, халықтың басына төнген қауіп Қобыландыға да қатты батады, тұла бойын ыза кернейді, қару-жарағын асынып басқыншы жау – Қазанға қарсы аттанады. Еліне Қазанның өзі келіп шабуыл жасауын күтіп отырмайды, басқыншы жауды өз жерінде талқандауды мақсат етеді. Бұл сапарға бармауын өтінген ағайын-туыстарының сөзіне Қобыланды құлақ аспайды. Қыпшақ еліне ойран салу мақсатымен келе жатқан жауға қарсы аттанбай, үйде отырып қалуды намыс көреді. Сондықтан да ол қарындасы Қарлығашқа берген жауабында, өзінің халық үшін туған батыр екенін, ағайын туыстан да, жеке қарабастың амандығынан да халық намысы, ел мүддесі артық екенін білдіреді.
Бәрінен де қымбаты өз отаны, өз халқы екенін, оны басқыншы жаудан қорғап алу – халық үшін туған батырдың басты борышы екенін түсінген Қобыланды майданға аттанады. Осыдан бастап, халық намысы үшін басқыншы жауға қарсы аттанған батырдың майданда жасаған ерлік істері жырдың негізгі әңгімесіне айналады. Жыршы-ақындар Қобыландының жау батырларымен күресін бірден жырлап салмайды. Ең алдымен, қас батырлардың бір-бірімен қалай кездескені айтылады. Әңгіме олардың танысуынан басталады. Екі батыр жекпе-жек соғысқа кіріспестен бұрын, бір-бірін сөзбен сынасады, сөзбен найзалап алады. Әрқайсысы сөз арқылы өздерінің күштіліктерін білдіреді. Олардың өз сөздері арқылы батырлық образдары жасалады. Мәселен, Қазан батыр өзінің мықтылығын, талай жауын жеңгенін айтып, Қобыландының соғыспай берілуін, сөзсіз бағынуын, үстіндегі көк сауыт пен астындағы Тайбурылды бере қоюын талап етеді. Бірақ, оған Қобыланды көнбейді, Қазаннан күшті болмаса, кем еместігін, ерегіссе, Қазанды жеңетінін ескертеді.
Қобыланды мен Қазан алғашқы кездесулерінде бір-бірін сөзбен шенесіп алғаннан кейін қолма-қол ұрысқа кіріседі. Сонда екі батыр:
Ырғай сапты сүңгіні
Ырғай-ырғай салысты,
Найза қанға майысты
Қармақ болып қайысты,
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүгісе, бүгісе тұрысты,
Тебінгіден тер ақты,
Қабырғадан қан ақты,
Түкіргенде жын татты,
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Ерлер жаннан түңілді,
Аш күзендей бүгілді.
Екеуінің ақ сауыт
Шығыршықтан сөгілді.
Екеуінің ақ сауыт
Ескі бөздей жыртылды.
(Біржанның жырынан) –
Осы ретпен олар көп алысады. Ақырында, Қобыланды Қазанды жеңеді. Бұдан кейін ол Көбіктіні, Алшағырды, Шошай мен Барсаны да жеңеді. Өйткені, Қобыланды әділ іс үшін, халық намысы үшін күреседі. Ал, жау батырлары қанша мықты болғанымен де жеңіліс табады, өйткені олар өзінің халқын қорғау үшін, әділ іс үшін күресіп жүрген жоқ. Олар басқа елдерді өзіне бағындырып алу үшін күреседі. Сондықтан да олардың жолдары болмайды. Қобыландыдан жеңіліп қалады. Бұл арада жыршы ақындар жау батырларының шапқыншы екендігін, ондайлардың жауыздық әрекеті ешқашан да іске аспайтынын, оны әділдік жеңетінін дұрыс көрсетеді. Сонымен қатар, олар Қобыланды арқылы әділдік істі сүйгіш, сол жолда қандай ерлік болса да жасау қолынан келетін халық күшін суреттейді. Екінші сөзбен айтқанда, бұл жерде Қобыланды образы арқылы халықтың қаһарман күші бейнеленеді.
Қобыландының батырлық образы оның жау батырларымен жекпе-жек соғыстары арқылы ғана жасалмайды. Бұл оның батырлық образын жасаудың бір жолы ғана. Жыршы-ақындар Қобыландыны жаудың көп әскерімен де соғыстырады.
Халық намысын қорғау үшін туған Қобыланды басқыншы жаудың сан мыңдаған әскерімен кездескенде, одан үрейленіп зәресі ұшпайды, тайсалмайды, қорқу дегенді есіне де алмайды. Қайта жау әскерлерін көргенде, Қобландының күш-қуаты арта түседі. Жау әскерлеріне қарсы шабады:
Ердің жаудан қашуы
Ар-намысқа бұрыс-ты, –
деп, атой салады. Жалғыз өзі жаудың самсаған қолын қырып тастайды.
Қобыландының осыншалық ерлік жасауы, жасанған жауды жапыра қыруы – бұл бір адам арқылы берілген халық күшінің сипаты болмақ. Қобыландыны ерлік іске бастаған да, оны рухтандырған да халық, халықтың намысы. «Елін сүйген ер болар» дегендей, Қобыландының батыр атануы, ерлік жасауы – оның ел-жұртын, халқын адал ниет, шын көңілімен сүйгендігінен. Қайда жүрсе де, қандай жағдайда жүрсе де Қобыландының есінен ел-жұрты кетпейді. Ол жорықта жүрген кезде елінің шабылып қалғанын түсінде біледі.
Қобыланды елінің жұртына кез болады, «таң атқанда қараса, жұрты жатыр елі жоқ» екеніне, халықтың жау қолында кеткеніне қамығып:
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылайды.
Басқыншы жаудың Қобыландының ел-жұртын шауып әкетуі, халықты зар жылатып қызыл қанға бояғаны батырға қатты батады. Ел басына туған ауыр күйге Қобыланды өте қайғырады, көзіне қанды жас алады да:
Шерменде болған халқыма
Тигізейін пайда деп, –
Жалғыз өзі тағы да майданға, елін Алшағырдан құтқарып алуға аттанады. Шерменде болған халқын жаудан құтқарып алу үшін «шыбындай жанын шүберекке түйеді», бұл жолда тағы да ерлік істер жасауға бел байлайды. Сондықтан да, жыршы-ақындар Қобыландыны ел-жұртын, халқын сүйген патриот ұл, шын батыр етіп жырлайды, оның ісін басқаларға үлгі етеді.
Жыршы ақындар Қобыландының патриот батыр екендігін халық ұғымында қас батырға тән қасиеттерімен де дәлелдей түседі. Ол қасиеттер: айтқан сөзде тұрушылық, намысқорлық, аңғалдық, жолдастық-достықты сақтаушылық. Мұның бәрі халық ұғымында батырлықтың белгісі деп айтылады. Бұл қасиеттер Қобыландының бойында да бар екендігін жыршы-ақындар дәлелдеп көрсетеді.
Алшағыр хан Қобыландымен өтірік дос болады да, батырды алдап өлтіру жайын қарастырады. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін Алшағыр Қобыландынан: «Дос болсаң, менің жауларымнан кек әпер», – деп өтінеді. Бұған Қобыланды разылық білдіріп, жорыққа аттанады. Алшағырдың залымдықпен Қобыландыны жорыққа аттандырып отырғанын білген Құртқа батырдың бұл сапарға бармауын сұрайды. Бірақ: «Екі сөйлегенім өлгенге тең, айтқанымнан қайтпаймын», – деп Қобыланды Құртқаның сөзіне құлақ аспайды. Бұл әңгімені жыршылар Қобыландының бір сөзді, уәдеде тұрғыш, айтқанынан қайтпайтын батыр екендігін көрсету үшін келтірген.
Халық ұғымында қас батырға тән қасиеттің бірі – намысқорлық. Бұл қасиет, намыс сезімі Қобыландыда да бар. Мәселен: «Еліңді қызылбастың Қазан батыр бастаған әскерлері шапқалы келе жатыр», – дегенде, немесе: «Еліңді Алшағыр шауып әкетті», – деген хабарды естігенде Қобыланды батыр өте қатты ашуланады, ызаланады. Жаудың баса-көктеп келе жатқанына намыстанады, басқыншы жауға қарсы аттанады. Бұл тек қана Қобыландының өзіндік намысы емес, ол халықтың намысы. Халық ашуы, халықтың қаһарлы намысы жырда Қобыланды арқылы көрсетілген. Мұнымен қатар, жырда Қобыландының өзіндік намыстары да суреттеледі. Мұны жыршы-ақындар, әсіресе, батырдың жауға қарсы жекпе-жекке шыққан кездері тұсында, немесе Қобыландының Көбікті қызы Қарлығаға айтқан:
Өшті болған әкеңнен
Өшімді алмай мен қашпан,
Кекті болған әкеңнен
Кегімді алмай мен қашпан, –
деген сөздерімен дәлелдейді. Әрине, мұндағы намыстанудың негізінде де халық кегі бар, бірақ оны жыршылар Қобыландының өз намысы есебінде келтіреді. Сөйтіп, жыршы-ақындар Қобыландыны намыс батыры етіп көрсетеді. Намыс үшін күрескен батырдың образын жасайды.
Халық ұғымында қас батырға тән қасиеттің бірі – аңғалдық. Шын батыр бала мінезді аңқау, аңғал болмақ дегенді жыршылар Қобыландының бойынан да табады. Мәселен, Қобыланды Қараманның әзіліне нанып қалады да, Құртқаны өлтіре жаздайды. (Кейіннен, мұны Қобыландының өзі де мойындайды.) Жаңа ғана танысып дос болған Ақшаханның немесе Ханбибінің алдап отырғанын аңғармай, Қобыланды жорыққа аттанады. Ал олардың алдап өлімге жіберіп отырғанын Қобыланды аңғармай, аңқаулық жасайды. Жыршылар мұның бәрін Қобыландының батыр екендігін көрсететін дәлел етіп келтіреді. Батырлар жырында көп кездесетін әңгіменің бірі – батырлардың достық-жолдастығы. Дос бола білу, оны шын көңілмен қадірлеу, сол достық үшін керек болғанда жан беруге дейін бару – батырлардың негізгі шарты болған. Кімде-кім осы шартты бұлжытпай орындап отырса, оны халық батыр деп бағалаған. Қобыландының да осы шартты кіршіксіз орындағанын жыршылар молынан көрсетеді. Мәселен, Қараман Қобыландыға келіп, құрдастығын айтады. Екеуі достасады. Содан былайғы жерде, Қараманның тілегі бойынша, Қобыланды Қазанның Қырлы қаласын алып береді, Көбіктіні жеңеді, оның мал-мүлкін және Қарлығаны сауға сұраған Қараманға береді. Осының бәрін ол Қараманның жолдастық-құрдастығы үшін істейді. Бірақ, Қараман мұны бағаламайды, Қобыландыны жау қолына (Көбіктіге) тастап кетуге дейін барады, Қобыландыны ұмытып та кетеді. Бұған Қобыланды қынжылмайды. Жыршы-ақындар осы тұста да Қобыланды мен Қараманды салыстыра келіп, Қобыландының достық-жолдастықты жоғары бағалаған батыр екенін, бұл қас батырлықтың белгісі екенін аңғартады.
Мұнымен қатар, жыршы-ақындар Қобыланды образын оның ағайын-туыстарының және жау адамдарының сөзімен де, ақындық сипаттау жолымен де толықтыра, ұлғайта түседі. Қобыландыны оған қарсы күресетін жау адамдарымен салыстыра отырып та, батырдың батырлық образын береді.
Қобыландының халық ісі үшін туған ұл екендігін, басқыншы жауға қарсы асқан ерлікпен күресуін, ел-отанын, халқын адал көңіл шын ниетімен сүйген батыр екендігін, халық намысы үшін ар-ұятымен қызмет еткен адам екендігін және оның аңғырт-аңғал, намысқор мінезін, жолдастық-достығын, адамгершілігін, жыршы-ақындар молынан суреттей отырып, халқына айбар болған айбынды батырдың батырлық образын жасайды.
Әрине, жыршы-ақындар Қобыландыны жағымды бейнеде ала отырып, оның халық тілегіне жатпайтын кейбір істеріне сын да айтады. Қобыланды Қараманның сөзіне еріп, олжа алу үшін Көбіктінің еліне аттанады. Мұны халық жыры қолдамайды, батырдың жағымсыз ісі деп көрсетеді де Қобыландыны жау қолына түсіреді. Қобыландының бұл жолғы ісін шапқыншылық деп біледі де, жыршылар оны сол ісі үшін жазаға тартады, Қобыланды зынданға түсіп қалады және ел-жұртын Алшағыр шауып әкеткен болады. Мұнымен халық жырының айтайын дегені – қанша мықты болсаң да шапқыншылық жасама, ұрыншақ болма, ондай әрекет еткен адамның жолы сәтсіздікке ұшырайды деп ескертпек, содан сақтандырмақ.


Қараман
«Қобыланды батыр» жырының Марабай, Біржан, Мергенбай айтатын варианттарындағы негізгі образдың бірі – Қараман. (Басқа варианттарда ол айтылмайды.)
Қараман – жағымсыз бейнеде алынған образ. Оның жырға қосылуы Қобыландының батырлық даңқын көтеру үшін, ел қорғаған ер қайсы, қарабастың қамын ойлаған ез қайсы екенін көрсету үшін, нағыз батыр мен қорқақты айыру үшін алынған деуге болады.
Рас, Қараман өзін-өзі «батырмын» деп есептейді. Ол қызылбастарға қарсы аттанбақшы болып қалың қол да жинайды. Бірақ жау қарасын көрмей жатып табаны тайғанай береді, қасында көп әскері бола тұра, жаумен соғысудан қорқа бастайды. Сондықтан да ол көмек сұрап Қобыландыға келеді. Мұны халық жыры Қараманның батырлық іске жарай алмайтындығы, қорқақтығы деп көрсетеді және нағыз батыр болса қас жауға қарсы шабар еді, кісіден көмек сұрамас еді деген ойды білдіреді.
Қобыландының бірге еріп бармайтындығын білген Қараман батырсынып майданға аттанады. Жау қарасын көрген кезде: «Кімде-кім жау қамалын бұзса, соны қолбасы етем», – дейді, жекпе-жек ұрысқа кіруден қорқып, бас сауғалап отырып қалады. Мұнымен де жыр Қараманның қоян жүрек қорқақтығын көрсетеді.
Кейіннен Қараман Қобыландымен бірлесіп, бірнеше ұрысқа да қатысады. Алайда, ол бірде-бір ұрыста ерлік жасай алмай, қосақ арасында жүреді. Бір сәтте Қараман Көбіктіге қарсы барып, оған найза да салады, ерлік іс бастағандай болады. Бірақ онысынан еш нәрсе шықпайды, жеңіліп қалады. Қараман Көбіктінің өзі түгіл, оның өлігінен де зәресі ұшады. Мәселен, Қобыланды батыр Көбіктімен жекпе-жек соғысады да, оны жеңеді. Көбіктінің денесі екі бөлінеді де, бөксесі ат үстінде кетеді. Көбіктінің тұлпары бөксені алып жылқыға қарай тарта жөнеледі. Сол кезде жылқы ішінде жүрген Қараман қатты сасады, зәресі ұшады:
Қараманның жылқыда,
Құлағын дүбір шалады,
Арт жағына қарады,
Көрді жалғыз қараны.
«Көбікті мұнда келед» деп,
«Сазамды менің беред» деп,
Жылқыдан қаша жөнелді155, –
деп, жыр оның қорқақтығын мысқылға айналдырады.
Жаңағы келген Көбіктінің өзі емес, оның бөксесі екендігін көргенде:
Ат үстінен бөксені,
Тартып енді қарады,
Бұған бөксе болмады,
Қараман сөйтіп сорлады, (Сонда) –
дейді жыр. Бұл арада жыршылар Қараман турасындағы мысқылын үдетіп жібереді, мазақ етеді.
Қараман – қорқақ адам. Ол өз қарабасының аман саулығын көздейді. Бұл ретте ол жауына жалынып, кешірім сұрауға дейін барады. Мәселен, Көбіктінің қолына түсіп қалып, зынданда жатқан кезінде бұлардың қасына Қарлыға келеді де: «Тұтқыннан босатсам, не дер едіңдер», – дейді. Сонда Қараман:
Менің өзім нашармын,
Түтікпен ауыз ашармын,
Бұл бейнеттен құтқарсаң,
Болайын сізден тасаттық.
Қарлыға, босат қолымды
Бұл шаһардан қашамын, (Сонда) –
дейді. Ал Қобыланды Көбіктіден өш алмай кетпейтіндігін білдіреді. Осы арада жыршылар Қобыланды мен Қараманды тағы да салыстырып өтеді. Сонда Қараманның жасық екенін, ал Қобыландының қайтпас қайсар, халықты қорғау жолында қандай қиыншылыққа болса да көнетін, жауынан алысып босанбай, жай біреудің көмектесуі арқылы босанып кетуді өзіне ар көретін батыр екендігін аңғартады.
Өз басының пайдасын ойлайтын және қысылған жерде жолдасын жауға тастап кетуден тайынбайтын, кеудесінде намыс оты жоқ қорқақ Қараман барлық істі «өзім ғана тындырдым» деп жүреді, Қобыландыны есіне де алмайды. Көбіктіні жеңіп, барлық олжа өз қолына түскенде, Қараман үлкен той жасайды. Бірақ оған Қобыландыны шақырмай, айдалада қалдырып та кетеді. Мұнысымен де ол жолдастық қасиеті, адамгершілігі жоқ адам екенін көрсетеді.
Жыршы-ақындар Қараманның қорқақтығын, жолдастық қасиеті, адамгершілігі жоқтығын суреттеумен қатар, оның мансапқор екендігін де көрсетеді. Бұл ретте ол көзі тойса да көңілі тоймаған, көңілі тойсада да көзі тоймаған адам бейнесінде алынады. Қазаннан түскен көп олжаға көзі тоймаған Қараман Көбіктінің еліне бару жайын айтады. Ондағы мақсаты Қобыландының күшін пайдаланып, тағы да көп олжа түсіру болады. Мұнымен де тұрмай, ол үнемі сауға сұрап жүреді. Бірде Қобыландыдан Қарлығаны, екіншісінде Қарлығадан Қаныкей мен Тыныкейді сауғаға алады. Осы тұста халық жыры Қарлығаның сөзімен:
Көлге біткен жекенсің,
Бүршігі жоқ тікенсің.
Артық асқан бағаң жоқ,
Құдайдан сұрар шамаң жоқ,
Өзіңе біткен мал-жанды
Сауғадан жиған екенсің, (Сонда) –
деп шенеп өтеді.
Қараманның қасиетсіз адам екендігін Қобыланды да біледі. Бірақ оған өкпе, наз айтпайды. Оның себебі: Қараманның құрдастығын ескергендіктен; екіншіден, мұндай адам ашу-өкпе, наз айтуға тұрмайды деп түсінгендіктен секілді. Солай болса да:
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның
Сатса алмаймын өзіне,
Өзі түгіл алмаймын
Сағынғанда бір ауыз
«Қалқамжан» деген сөзіне, (Сонда) –
дейді Қобыланды Қараманға.
Сөйтіп, халық жыры Қараман образын жағымсыз бейнеде суреттей отырып, оның істерін мінеп, мысқылдап мазақ етеді. Мұндай адамдарды жыршылар үлгі ету үшін емес, одан жұртты жирендіру үшін жырға қосқан деуге болады.


Құртқа
Халықтың батырлар жырында суреттелетін әйелдер көбінесе батырдың сүйікті жар-жолдасы, сенімді серігі, ақылшы досы ретінде алынады. Халық әйелдер жөніндегі әділетті, турашыл көзқарасын ауыз әдебиетіне енгізгенде, ақылды, білгір, дана адамдар әйелдер арасынан да шығатындығын көрсетеді. Мұндай әйелдерді ерлермен қатар қойып жырына қосады, олардың жағымды образын жасайды. Осы негізде жасалған көркем образдың бірі – Құртқа.
Халық жырында Қобыланды қандай ардақты болса, Құртқа да сондай. Егер халық жыры Қобыландыны ел қорғаған, халқына қамқор болған батыр деп көрсетсе, Құртқаны ақылды, білгір, дана адам деп жырлайды.
Құртқаның аса ақылды, білгір адам екендігі оның Қобыландыға жасаған қамқорлық істерімен суреттеледі. Бұл ретте халықтың Қобыландыға айтар ақылы да, көрсетер көмегі мен қамқорлығы да осы Құртқа арқылы берілген деуге болады. Құртқаның осындай ақылды, білгір адам екендігі Қобыландыға керекті тұлпарды қару-жарақты даярлап беруінен басталады. Мұны ол батырдың даңқын көтеру үшін емес, ел қамын ойлағандықтан жасайды.
Осыдан былайғы әңгімелерде Құртқа бейнесі жырда айқындала береді. Ол қысылған жерде жол табатын, ақылға салып іс қылатын, жағдайды шолып болашақты болжайтын білгір адам бейнесінде жырға қосылады.
Қараман келіп Қобыландыны Қазанға қарсы аттануын өтінеді. Қобыландының: «Бұл сапарға барар-бармасымды үйдегі Құртқам біледі», – деген сөзін естігенде, Қараман оған тіл тигізеді. Қараманның бұл сөзіне қатты ызаланған Қобыланды, Құртқаның басын алмақ болып аулына шаба жөнеледі. Осы бір қысылшаң шақта, Құртқа: «Ақылмен ойлап, жол табады», – батырдың алдынан бүкіл қару-жарағын және Тайбурылды алып шығады. Сөйтіп батырдың ашуын тарқатады.
Қазанға қарсы аттанбақ болып тұрған Қобыландыға Құртқа ақыл айтады, Қараманның қандай адам екендігін сипаттап береді және осы сапардан қашан ораларын, ел-жұртының қандай күйге ұшыраған кезінде қайтып келерін болжайды. Кейіннен Құртқаның болжаулары шын болып шығады. Әрине, Құртқаның бұл айтқандары аруаққа, балгерлікке сүйенгендіктен туған емес. Ол сол кездің шындығына негізделген болады. Ол заманда ел мен елдің арасында әр түрлі айқасулар, бірін-бірі аңду, торулар көп болған. Елдің батыры шетке шыға қалса-ақ, оны аңдып жүрген жаулары пайдаланып шабуыл жасаған, шауып әкеткен. Ондай жау Қобыландыда көп болған. Құртқа болжау айқанда, осыны еске алады. Қараман жайын айтқанда, оның батыр емес екендігін Құртқа бірден-ақ таниды. Қасында қырық мың әскері бар адамның көмек сұрауы қорқақтықтың белгісі деп біледі және ондайлар өз қарабасының қамын ойлайтындығын түсінеді. Мұның бәрін халық жыры Құртқаның ақылды, білгірлігін көрсету үшін келтіреді.
Құртқа қандай күйге ұшыраса да, Қобыландыны есінен шығармайтын адал жар бейнесінде суреттеледі. Ел-жұртын Алшағыр шауып алып байлауға түскен кезде де, Құртқа ақылмен іс істейді. Қобыландының келетініне сенеді де, бір кезде Тайбурыл байланған алтын қазықты және күлге көміп азық тастап кетеді; жолшыбай тұлпардың жемін шашып отырады. Бұларға Қобыланды кез болады да, ел-жұртын қандай жаудың қалай қарай алып кеткенін біледі. Құртқаның білгірлікпен істеген осы бір ісінің кейіннен Қобыландының ел-жұртын жау қолынан босатып алуына көп көмегі тиеді. Алшағырдың қолына түсіп, қамауда жатқан күнінде де Құртқа Қобыландыдан күдер үзбейді, қайта сағынышы арта береді. Қобыланды келіп, Алшағырдың қорғанын қалай алу жайын қарастырып тұрған шақта оның алдынан Құртқа шығады, ол ақыл-айласымен Алшағырды алдап түсірген болады және Қобыландыға қорғанды қалай бұзудың жолын айтады. Сөйтіп ол бұл жерде де батырға көп жәрдем жасайды.
Құртқа Қобыландының достары мен дұшпандарының алдында абыройы түспеуін де қатты ойлайды. Алшағырдан ел-жұртын босатуға келген кезінде, алдынан шыққан Құртқаға Қобыланды сағыныш сезімін білдіреді. Батырдың мұнысы аңғалдық екенін білген Құртқа: «Әуелі жау қолынан ел-жұртыңды босатып ал, олай етпей тұрып, менімен болып кетсең – досқа күлкі, дұшпанға таба боларсың, елін босатпай жатып, әйелімен кетті деген сөзге қаларсың», – деп ақыл айтады. Жұрт алдында батырдың өсек сөзге ілікпеуін, абыройы түспеуін қарастырады.
Тағы бір мысал: Мұрын жыраудың жырында Алшағыр хан той жасап Қобыландыны қонаққа шақырады, тойда ат жарысы болатындығын хабарлайды. Тойға барар алдында Құртқа Қобыландыға мынадай ақыл береді: «Алшағыр хан сені сынамақ, ретін тапса, сені бала деп мазақ етпек. Сен өзіңді ханнан кем ұстама, алдыңнан қыз-келіншек, бозбалалар шықса, оларға қарама, хан ордасына тура тарт та, төріне отыр. Ал шабысы болса, бәйгіге қосатын тұлпарыңа өзің мінбе, басқа бір баланы мінгіз», – дейді.
Жыршы-ақындар Құртқаның ақылын, даналығын, білгірлік істерін аса жоғары бағалайды, оны жастарға үлгі етеді. Құртқаның істеріне сүйсінген халық Қобыландының сөзімен «ақылы артық Құртқажан, хан болуға лайықты» деп көрсетеді. Бұдан халықтың халыққа қорған болған ерлермен қатар ақылды, дана әйелдерді де ардақтағаны көрінеді.


Қарлыға
Егер жырда Құртқа ақылды, білгір, дана адам бейнесінде суреттелсе, Қарлыға көк сауытты киінген, көк сүңгіні ұстаған батыр тұлғасында алынады. Оның істеріне батырлық сипат береді.
Жыршылардың қайсысы болса да (Нұрпейіс пен Мұрын жырында Қарлыға кездеспейді) Қарлығаны батыр, өжет қыз етіп суреттейді. Олар Қарлығаның батырлық істері ел қорғау тілегіне байланысты еместігін, оны бұған бастап жүрген махаббат күші, қыз намысы екендігін көрсетеді. Мұны әр ақын өзінше дәлелдейді. Марабай, Біржан, Айса жырларында Қарлыға Көбіктіден туған батыр қыз, оның бар мақсаты, арманы өзі секілді батырға қосылу – деп дәлелденеді. Бұл мақсатына жету жолында бөгеттердің көп екендігін Қарлыға жақсы түсінген болады. Ең бірінші бөгет өз әкесі Көбікті деп біледі. «Егер әкем Көбікті менің өзім сүйген жігітіме бермейтін болса, онда мен әкемді өлтірмекке бел байлап едім, сол үшін оның үстіндегі көк сауыттың кіндік тұсындағы үш көзін кем тоқып едім, сол жерінен аттырамын деп едім», – дейді Қарлыға.
Мергенбай жырында Қарлығаның анасы мұсылман қызы еді, оны Көбікті жаугершілік кезінде тартып әкелген еді делінеді. Сол ана өлер алдында Қарлығаға бір үлкен аманат тапсырады: «Мені Көбікті зорлықпен алды, жас өмірім қорлықпен өтті. Енді сен сүйгеніңе қосыл, егер бір мұсылманға кез болсаң, одан айрылма, етегінен ұста», – дейді. Анасының осы аманатын есіне сақтаған Қарлыға, өзіне тең жар-жолдасты мұсылманнан іздейді. Бұл жолда қандай бөгет болса да, оған қарсы тұруға, жеңуге бел байлайды. Сөйтіп, жыршы-ақындар Қарлығаның ерлік істер жасауы, батыр қыз атануы – оның бас бостандығы үшін күресуінен, сүйген жігітіне қосылу арманына жету мақсатынан туған деп суреттейді. Осындай мақсатты алдына қойған Қарлыға ойламаған жерден Қобыландыға кездеседі, оны бірден-ақ ұнатады, өзіне тең тұтады, ғашық болады, Қобыланды жағына шығады. Сондықтан да ол:
Арманым жоқ дүниеден
Қобыландымен бас қосып,
Бірге жүріп өлсем деп, (Сонда), –
деп ант етеді. Оның бар арманы да, тілегі де Қобыланды болады. Қайткен күнде де батырдың көзіне түсіп, оны шын жүрекпен сүйетіндігін сөзімен емес, ісімен көрсетуге тырысады. Ол Қобыланды үшін қолынан келген жәрдем-көмегін аямайды, «шыбындай жанын шүберекке» түйеді. Өйткені:
Қарлыға сынды сұлудың
Көңілі қатты сүйеді,
Қобыландыдай баланы. (Сонда), –
Қобыландыға ғашық болған Қарлыға, осы жолда жанқиярлық істер істейді. Ел-жұртын тастап Қобыландыға ереді, өз әкесі Көбіктіні өлтірісуге көмектеседі, туған інісі Быршымбайды өлтіреді. Мұның бәрін ол өз намысын қорғау үшін, сүйген адамына қосылу үшін жасаған болады. Осындай жанқиярлық істер жасаған Қарлығаны халық жыры батыр бейнесінде жырлайды.
Қарлығаның күшті адам екендігі жырда мол көрініп отырады. Мәселен, Көбікті Қобыланды мен Қараманды ұстап әкеліп, оларды зынданға салуды Қарлығаға тапсырады. Сонда Қарлыға Қобыланды мен Қараманды екі қолтығына:
Боғжамаша қысып ап
Ақырын алып жөнелді. –
Бұдан оның алып күшті батыр екендігі көрінеді. Алшағырдан Қобыландының ел-жұртын босатып алу жолында Қарлыға бірсыпыра ерліктер жасайды, жау батырларын найзамен іліп тастап отырады. Кейіннен ол Қобыландының өзін де ат үстінен түсіріп кеткен болады. Мұның бәрі жырда Қарлығаның батырлық образын жасау үшін алынады.
Қарлыға тек батыр ғана емес, ол өзінің ақылы, адамгершілік мінездерімен де сүйкімді. Қобыландылар Көбіктіні жеңеді де, оның құрметіне Қараман той жасайды. Бірақ Қараман бұл тойға Қобыландыны шақырмай, айдалада жалғыз қалдырады. Бұған Қобыланды қапаланады, қамығады, сол кезде бұл жайды біліп:
«Қобыланды жалғыз қалған соң,
Қарамандай жаманға,
Толып жатқан көп қият
Артықша құрмет қылған соң,
Қыз да болса Қарлыға.- » (Сонда)
Қобыланды Қарлығаның адамгершілігі Қараманнан артық екенін біліп, оған өзінің түсін, елінің шабылып қалғанын, бұл жанына қатты батып тұрғанын айтады. Сонда Қарлыға Қобыландының қайғысына ортақ екенін білдіреді, қайғыланған батырды жұбатып:
Ер де сасар болар ма,
Етегін басар болар ма.
Мұндай іске қуанбай
Батыр қашар болар ма.
Бүлінген елге жете көр,
Шабылған елге жете көр.
Мен де артыңнан барайын. –
дейді де, Қобыландыға рух береді, Қобыландыны шын сүйгендіктен оған сөзімен де, ерлік ісімен де көмектеседі. Осы тұста халық жыры Қараман мен Қарлығаны салыстырып өтеді де, Қарлығаның жолдастығы, адамгершілігі, Қараманнан әлдеқайда жоғары екендігін аңғартады. Қобыландыға көмек беруге Қараман жарамаса, Қарлыға сөзінде тұрып, Қараманнан ерлігін асырады. Қобыландының Алшағырдан ел-жұртын құтқарып алуына болысады. Сондықтан да халық жыры Қарлығаны «Қыз да болса ер еді» деп Қобыландылардың қатарына қояды.
Қобыландыға ғашық болған Қарлыға қаншама ерліктер жасаса да, мақсатына жете алмайды. Оған Қобыланды көңіл аудармайды. Ол өзінің ел-жұртына Алшағырдан босатып алғаннан кейін Қарлығаны ұмытып та кетеді. Қарлығамен ешкімнің жұмысы да болмайды. Бұған ызаланған Қарлыға Қараспан тауын жалғыз мекендеп жата береді, Қобыланды үшін тағы да қайғы-қасірет тартады, бір кездегі қуанышы күйінішке айналады, ғашықтық отымен айдалада қалып қойған намысы тұла бойын меңдете береді. Осы тұста ол Шошай ханның Қобыландыға жасаған шабуылын пайдаланады. Жау әскеріне қосылып, Қобыландыға қарсы аттанады. Қан майдан үстінде батырға найза салып, аттан түсіріп кетеді. Бір кезде Қобыландыға деген сүйіспеншілік, ғашықтық, махаббат сезімі енді кекке айналады. Қарлыға ғашықтық жолында өзінің туған-туысқандарын ғана емес, енді сол ғашықтықты бағаламаған Қобыландыны найзалауға дейін барады. Бұдан махаббат, ғашықтық сезімі ерлік істерге, өжеттілікке бастайды, қандай іске болса да бел байлаттырады, бәрінен де махаббат сезімі күшті деп жыршы-ақындар қорытынды шығарады. Осы негізде олар Қарлыға образын жасайды. Қарлығаға аяушылық білдіріп, ақырында, оны Қобландыға қосады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет