Жырдың варианттары
Қазақтағы батырлар жырының ішінде варианты көбі – «Қобыланды батыр» оның әзірге жиналған вариантының саны – он екі. Ал жиналмай, ел арасында ауызша айтылып жүргендері бұдан да көп болуы керек.
«Қобыланды батырдың» қолда бар он екі вариантын мазмұнына қарай қарастырғанда, екі салаға бөлуге болады. Біріншісінде, Қобыландының алысатын жаулары қызылбастар, яғни шетелдік басқыншылар екендігі айтылады. Екіншісінде, батыр қарамағындағы ел-жұртын хандардан, олардың зәбір-зомбылығынан қорғап отырады; Қобыланды батыр сол хандарға қарсы күреседі. Жырдың барлық варианттарында айтылатын оқиғалар осындай екі топқа бөліне жырланады және бәрінде Қобыландының ерлік істері, ел-жұрты, ағайын-туысы, жолдастары, алысатын жаулары суреттеледі.
Мазмұн жағынан жырда айтылатын оқиғаларды екі топқа бөле отырып, әркайсысына қысқаша тоқтай кетелік.
Жырдың Марабай, Біржан, Мергенбай айтуындағы әңгімелері мазмұн, түр жағынан бір-біріне ұқсас. Бұлардың жырында Қобыландының алысатын жаулары қызылбастар болып суреттеледі. Бұған қарағанда, осы үш ақынның айтуындағы «Қобыланды батырдың» оқиғасы ерте заманда туған секілді. Аталған үш ақынның айтуындағы жырдың ел арасына ертерек тарағаны – Марабай жыры. Онда айтылатын негізгі әңгімелер: Қобыландының Қазан батырмен, Көбіктімен соғысы, Алшағырдан ел-жұртын құтқарып алуы болатын. Ал, Қобыландының туысы, жастық шағы, ата-анасы, Құртқаға үйленуі, Қараман мен Естеместердің кім екендігі, Тайбурылдың қайдан пайда болғандығы, Қазан және Көбіктімен не үшін соғысатындығы, батыр өмірінің соңғы кезеңдері, Көбіктінің қызы Қарлығаның тағдыры тағы сол секілді әңгімелердің сыры ашылмай қалатын.
Мергенбай мен Біржанның айтуындағы «Қобыланды батыр» жырында әңгіме ерте кезден, яғни Қобыландының тумай тұрған кезінен, басталады. Жырдың бірінші бөлімінде, Тоқтарбай мен Аналықтың бір балаға зар болу жайы суреттеледі. «Біз қартайдық, өзімізге қамқор болатын, өлсек, мал-мүлкімізге ие болатын баламыз жоқ» деп, Тоқтарбай мен Аналық құдайдан тілек тілейді. Олардың тілегі қабыл болады. Аналық бір ұл, бір қыз табады. Ұлдың атын Қобыланды, қыздың атын Қарлығаш қояды. Қобыланды ер жігіт болып өседі. Ол Тоқтарбайдың бас жылқышысы Естемеске еріп мал бағысады, құс салады, ит жүгіртеді, аң аулайды.
Жырдың екінші бөлімінде, Құртқа жайы оған Қобыландының қалай үйленгендігі айтылады және осы бөлімде Тайбурылдың қайдан пайда болғандығы, қалай бағылып өсірілгендігі суреттеледі. Үшінші бөлім:
Қызылбастың елінен,
Қазан деген ер шықты,
Жан білмеген шер шықты, –
деп басталады да, ноғайлы жұртына Қазанның шабуыл жасағандығы, жерін тартып алып Сырлы қала, Қырлы қала деген қалалар салдырғаны суреттеледі. Қазаннан кек алу үшін Қараманның аттанғаны, жолшыбай Қобыландыға келіп, бұл сапарға бірге жүруін сұрағаны жырланады.
Біржан мен Мергенбай жыры Марабайдың «Қобыландысына» осылай жалғасады. Бұдан арғы жерде айтылатын әңгімелер үш ақында, негізінде, мазмұндас келеді, онда: Қобыландының Қазанмен, Көбіктімен соғысы және Алшағырдан ел-жұртын босатып алуы жырланады. Осыдан былайғы әңгімелер Біржан мен Мергенбайдың жырларында мына түрде баяндалады: Қарлыға қыз Қобыландыға қосылу арманына жете алмай, жапан түзде жалғыз қалып қояды, бұған ол қатты қапаланады. Осы кезде Қараман Алшағырдың қарындастары Қаныкей мен Тыныкейге үйленбек болып той жасайды, оған Қобыланды мен Құртқа барады. Бұлар жолда Қарлығаның шатырына кездеседі. Алдарынан Қарлыға шығып қонақ болуларын, Қараманның тойына бірге ала баруын өтінеді. Оған Қобыланды көмбейді. Тойдан келе жатып, Қарлығаға тағы кездеседі. Бұл жолы да Қарлығаның «үйге түсіп дәм тат» дегеніне Құртқа разылық білдіргенімен Қобыланды көмбейді. Бұған қапаланған Қарлыға: «Еліңе жау шабар күн болса, дұшпанының алдында намыс-кегімді бір алармын», – деп ант етеді.
Арада біраз жыл өтеді. Көбіктінің жиені Шошай хан қалың әскер жиып, Қазан, Көбікті, Алшағыр үшін кек алмақ болып Қобыландының елін шабуға аттанады. Осы соғыс үстінде Қарлыға келеді де, Қобыландыны найзамен түйреп жаралы етеді. Қобыландының Құртқадан туған батыр баласы Бөкенбай, Қараман т.б. болып басқыншы жауды жеңеді. Құртқа Бөкенбайды жіберіп, Қарлығаны алдырады. Жиналған жұрт алдында Қараман Қобыланды мен Қарлығаны кінәластырады. Қарлыға сөзінде: «Қобыланды, бір сен үшін ел-жұртымды тастадым, әкемді өлтірісуге көмектестім, інім Быршымбайды өлтірдім. Осы істерімді сен бағаламай, сауғаға да беріп жібердің. Ақырында ай далада жалғыз қалдым. Сол үшін мен саған кекті болдым, дұшпанының алдында өзіңді жаралы етіп, кек қайырдым. Енді не істеймін десең де еркің», – дейді. Қобыланды сөзінде: «Мен Қарлығаға сенбедім, өзінің ел-жұртын, әкесін, інісін өлтіруге дейін барған адам күндердің күнінде маған қастық жасамасына көзім жетпеді», – дейді. Осыдан кейін жұрт кінәні Қарлығаға аударып, оны Қобыландыға қосады. Қарлығадан Киікбай атты батыр ұл туады. Ендігі істі екі баласына беріп, Қобыланды көп жасап мұратына жетіпті деуімен Біржан мен Мергенбайдың Қобыланды жайындағы жыры аяқталады. (Мергенбай Қобыландының екі баласы Бөкенбай мен Киікбайдың да батырлық істері жырлаған. Оған біз тоқталмаймыз.)
Біржан мен Мергенбайдың «Қобыландысын» бір адамның барлық өмірінде болған ерлік істерін қамти, ұзағынан жырлаған көлемді жыр деуге болады. (Ал Марабайдың жыры сол тұтас жырдың бір бөлімі секілді.)
Марабай, Біржан, Мергенбай жырлаған «Қобыланды батыр» мазмұн жағынан ұқсас келгенімен өзара үлкенді-кішілі айырмашылықтары да бар. Бұл айырмашылықтар ең алдымен аталған ақындардың идеялық бағытын, көзқарасын аша түседі және әрқайсысының стилін, образ жасау әдістерін, жырдың сюжетін құру, оны мәнерлеп айту ерекшеліктерін, ақындық шеберліктерін айқындайды. Бұл айтылғандарды дәлелдеу үшін бірнеше мысалдар келтірейік.
Аталған үш ақын Қобыланды батырды ерлік істерін жырлағанда, ең алдымен өздерінің идеялық көзқарастарын, қандай қоғамдық таптың атынан сөйлеп отырғандығын көрсетеді. Марабай жырында Қобыланды батырдың Қазан және Көбіктімен соғысы байлар мен феодалдардың тұрғысынан суреттеледі. Марабай Қобыландыны жауынгер шапқыншы батыр етіп сипаттайды, оны жырда ешбір дәлел келтірмей, Қазан мен Көбіктінің еліне олжа алу үшін аттандырады. Бұл Марабай жырының қайшылығы, халық тілегіне жат кертартпалық сипаты болып табылады. Марабайдың ел аралап бір кезде феодалдардың өтініші бойынша жырлар айтқанын еске алсақ, бұл жағдай оның «Қобыландысына» көп әсер еткенін, ел талап шапқыншылық жолымен мал жинаған үстем таптың идеясын көрсететіндігін жырдан аңғару қиын емес. Бұл ретте Марабай халық жырын феодалдардың тілегіне қарай бұрмалап пайдаланғанын байқаймыз.
Біржан жырының негізі халықтық бола тұрса да, жырдың біраз оқиғасына діни әңгімелерді араластырады. Қобыландының туысы немесе батырдың жолы болу-болмауы діни ұғымдар арқылы сипатталады. Мәселен, Қобыланды батыр Құртқаның күйеу таңдап отырғанын естіп, Көкілан кемпірдің (Құртқаның шешесі) еліне келеді. Көкілан биік бәйтеректің басына алтын жамбы қойып: «Осы жамбыны кімде-кімнің діні күшті болса, сол атып түсіреді және сол жігітке қызымды беремін», – дейді. Бұл шартты бірде-бір жігіт орындай алмайды. Мұны тек Қобыланды ғана орындайды, оны бұл жолда балалары қолдаған болады. Сонда Көкілан Қобыландыға келіп: «Мұсылман екенсің, дініңнің күштілігінен алтын жамбыны атып түсірдің, енді мен сенің дініңе кірдім, қызымды саған бердім», – дейді. Екінші бір мысал: Қобыланды мен Көбікті жеті күн алысады. Қобыланды әлсірей бастаған кезде, оны пірлері қолдауға келеді. Бірақ Қобыланды пірлерін танымай, ұрысып қасынан қуып жібереді. Бұған пірлері өкпелеп кетіп қалады. Содан кейін Қобыланды жеңіліп, Көбіктінің қамауына түседі. Сол секілді, Қобыландының Қазан батырды жеңуі де діни ұғымға байланысты суреттеледі. Мұның бәрі Біржанның діндар адам болғандығын, діни ұғымдарды батырлар жыры арқылы да таратуға тырысқанын көрсетеді. Әрине, діни әңгімелер Марабай мен Мергенбай жырында да аздап кездеседі. Бірақ, олар дін жайын Біржан секілді ұзағынан жырламайды.
Марабай мен Біржан жырына қарағанда, халықтық сипаты молырағы Мергенбайдың «Қобыландысы» деуге болады. Мергенбай жырдың әрбір әңгімесін халықтық тұрғыдан суреттеуге мән береді. Ол Қобыландыны, ең алдымен, халық тілегінен туған, халыққа қызмет ету үшін жаралған батыр деп сипаттайды. Мергенбайдың Қобыландысы – жорық жасап дүние жиюды көздеген батыр емес, ол қорғаныс батыры. Қобыланды басқа елге өздігінен барып ойран салмайды. Қайта, Қобыландының еліне бірінші болып соғыс ашатын, бәле бастайтын қызылбас хандары (Қазан, Алшағыр, Шошай) болады. Жырда Көбікті хан Қобыландының еліне тікелей шабуыл жасамаған адам болса да, оның қас жау екендігі айтылады. Ол өзінің жақын туыстары Қазан, Алшағыр, Шошай ханға ақыл, әскери көмек беріп, ноғайлы, қыпшақ елін талай рет шаптырып алғаны, шабуылдар жасағаны, оған өзі де қатысқаны суреттеледі. Сондықтан да Қобыланды батыр оның еліне бұрынғы халық кегін қайыру үшін және оның Қазанды жоқтап елге ойран салмауы үшін аттанған болады.
Қобыланды батыр туралы жыр шығарған үш ақынның бір-бірінен басты айырмашылықтары, идеясы, көзқарастары осындай. Мұнымен қатар, бұлардың арасындағы айырмашылықтар, әрқайсысына тән ерекшеліктер олардың жыр сюжетін құруынан, образ жасауынан да байқалады. Бұған да біраз мысал келтірейік.
Біржанның жырында Құртқаға күйеу таңдататын және алтын жамбы тігетін Көкілан кемпір болатын. Мергенбайда ол Көктім-Аймақ хан деп аталады. Екінші, Қобыланды Құртқаға үйленіп, қайын жұртында біраз жатқаннан кейін, еліне қайту жабдығын жасайды. Осы тұста Біржан жырына қырық құлаш Қызыл Ер жайы қосылады. Ол Құртқаға ғашық болған дәуірдің бірі екен. Қобыландының Құртқаны әкетіп бара жатқанын көріп: «Мен саған қарындасымды отыз күн ойын, қырық күн тойын жасамай бермеймін», - деп жанжал шығарады.
– Не ойнайсың? – дейді оған Қобыланды.
– Жерден теңге алмақ ойналық, – дейді Қызыл Ер.
Қобыланды тобығы меңді торы атына мінеді де, жердегі күмісті іліп алады. Қызыл Ердің аты үркек екен, күмісті алдырмайды. Сонда Қобыланды айтады: атың асау екен. Менің де атым асау болатын. Бірақ, мен өзімді ер-тоқымға таңып, аттың үстіне шаба бердім. Ақырында атым жуасыды, ырқыма көнді.
– Ендеше, менің де қол-аяғымды ер-тоқымға байлап таста да, атымды бос жібер, шаба-шаба жуасыр, – дейді Қызыр Ер.
– Немен байлайын?
– Менің қанжығаммен байла. Мен бұл қанжығама талай адамды байлап алған едім, – дейді.
Қобыланды Қызыл Ердің айтқанын істейді. Асау ат Қызыл Ерді алып қашады, таудан-тауға, тастан-тасқа соғады, Қызыл Ер өледі. Содан кейін Құртқа: «Қызыл Ердің Ағанас, Тоғанас деген екі баласы бар. Оларды өлтірмесең, ер жеткен соң сенен әкесінің кегін алмай қоймайды», – дейді.
– Олар өскенше кім бар, кім жоқ, – деп Қобыланды Құртқаны алып, еліне тартады.
Бұл әңгіме Мергенбай жырында да айтылады. Қызыл Ер жайын естіген Қобыланды, оған келеді де, үй сыртынан айқайлап Қызыл Ерді күреске шақырады. Қызыл Ер үндемейді. Сонда Қобыланды үйге енеді. Қызыл Ер орнынан тұрмайды да: «Менің аяғыммен күрес», – деп Қобыландыға аяғын созады. Қобыланды ілулі тұрған арқанды алады да Қызыл Ерді аяғынан байлап далаға сүйреп шығады. Содан соң оны ат құйрығына байлап жібереді асау ат оны таудан-тауға сүйретіп өлтіреді. Бұл жайды Қызыл Ердің Қаратай және Қаранас деген екі баласы көреді де, Қобыландыға шабуыл жасайды, келе найза шаншады. Бірақ, Қобыланды ол екеуін қылышпен шауып өлтіреді. Содан Қобыланды Құртқаны алып еліне қайтады.
Біржан жырында Қызыл Ерді Қобыландының жеңуі, оның (Қобыландының) айлакер, тапқырлығынан демек. Ал, Мергенбайдың жырында Қобыланды батыр Қызыл Ерді күрес үстінде жеңеді. Мұнда Қобыланды таудай дәудің аяғын байлайды да, оны үйінен сүйреп шығарады. Жыршының ойынша, бұл Қобыландының күшті батыр екендігін аңғартпақ. Екіншіден, Мергенбай Қызыл Ерді ертегілерде кездесетін жалғыз көзді дәу бейнесінде суреттей отырып, оған менменсінген алып дәудің сипатын береді. Ондай алып дәуді жеңу Қобыландының мықты батыр екендігіне дәлел демек.
Мергенбай мен Біржан Қобыландының Құртқаға қалай үйленгенін жырлағаннан кейін Тайбурыл аттың қайдан пайда болғанына тоқталады. Жырдың бұл әңгімесі мазмұны жағынан алғанда, екі ақынның жырында бірдей, бір-біріне ұқсап отырады. Айырмашылығы: мұны Біржан қара сөзбен қысқартып айтса, Мергенбай өлеңмен ұзағынан жырлайды.
Марабай жырында Қараманның кім екендігі, Қазанға неліктен аттанғандығы айтылмайтын. Бұл жайды Біржан мен Мергенбай молынан қамтып былай дейді: Құртқаны алып келгеннен кейін, Қобыланды батыр малдарының амандығын білу үшін жайлауға барады, жылқышылармен кездеседі. Естемес екеуі ит жүгіртіп құс салады, аң аулайды. Сол уақытта Қыпшақтың Қият руынан шыққан Сайымұлы Қараман (Мергенбай Сейілұлы Қараман делінеді) батыр қасына қырық мың әскер ертіп Қобыландыға келеді. Қараман Қобыландымен құрдас екен. Қараманның қасында Қарақозы, Аққозы, Қосдәулет, Ақдәулет, Қарабоқан жауырыншылар болады. Бұларды Қобыланды қарсы алады. Қараман Қобыландыға келген жайын айтады. «Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, елімнің мазасын кетіріп тұр. Қырлы қала, Сырлы қала деген қала салам деп көп жерімізді тартып алды. Қазан күн сайын елімізге шабуыл жасауда. Сол Қазанға қарсы соғысқа аттанып барамын. Бұған еріп жүруіңді қолқалық етем», – дейді Қараман.
Қобыланды батыр Қазан ерді жекпе-жек соғыста жеңгеннен кейін, Қобыландыны Қызылбастардың қырық мың әскері қамайтыны Марабай жырында айтылатын. Ал, Мергенбай мен Біржан бұл әңгімені молынан суреттейді, ұлғайтып толықтырады. Қырық мың әскерді көрген кезде Қобыландының ішкі сезімі (переживание) қандай болғандығы және батырдың өзін-өзі қайрап айтқан серті, қалың жауға қарсы аттануы – бәрі де ұзағынан жырланады.
Біржанда: Қобыландылардың соңынан қуып келген Көбіктіге қарсы Қараман барады. Бірақ, ол Көбіктімен айқасуға жарамайды. Сонда Көбіктіге қарсы Қобыланды ұмтылады. Екеуі қатты айқасады. Көбіктінің күші басым болады. Осы кезде Қобыландыға көмекке оның бабасы (пірі) жетіп келеді. Оны Қобыланды танымайды да, «көрінбе көзіме» деп қуып жібереді. Бұған бабасы өкпелеп кетіп қалады. Бабасы кеткен соң Қобыландының күші азаяды, Көбікті жеңеді. Ал Мергенбай жырында: Көбікті Қараманды күзетте тұрған жерінде ұрып жығады да, Қобыландыны ұйықтап жатқан жерінде тоғыз қабат тормен байлап алады.
Марабай жырында Қобыландылардың зынданға түскен кезінде Быршымбайдың кім екендігі айтылмайтын. Оның жайы Алшағыр тұсында ғана сөз болатын. Бұл жөніндегі әңгімені Біржан мен Мергенбай толықтырады. Біржанда: Қарлыға екі батырды зынданға салғаннан кейін өзінің інісі Быршымбайға келіп: «Қобыланды мен Қараманды әкем ұстап алды. Ол екеуі зынданда жатыр. Сен Алшағырға бар да осы хабарды айт. Шүйіншіге Алшағыр саған Қаныкей, Тыныкей атты екі қарындасын берер. Алшағыр Құртқаға ғашық еді, енді сәті түсті», – дейді. Быршымбай кетіп қалады, Алшағырға күйеу болып жата береді.
Мергенбайдың жырында бұл сөздерді айтушы Қөбіктің өзі болады. Көбікті баласын (Быршымбайды) шақырып алады да: «Алшағырға дереу хабар бер, қас жауымыз Қобыланды қолға түсті де. Енді Алшағыр Қобыландының елін шапсын. Саған шүйіншіге Алшағыр Қаныкей мен Тыныкей атты екі қарындасын береді», – дейді. Быршымбай Алшағырдың еліне аттанып кетеді.
Біржан мен Марабай жырында Қарлыға зынданда жатқан Қобыландыны көргеннен кейін-ақ, оны өзіне тең тұтып, бірден ғашық болады. Мергенбай жырында бұл әңгіме дамытыла суреттеледі. Онда: Қарлыға мұсылманның қызы еді, оның шешесін Көбікті бір шабуыл жасағанда олжалап әкелген еді. Қарлығаның шешесі қызына: «Мұсылманның адамын көрсең, етегінен ұста», –деген. Қарлыға зынданға келіп Қобыландыны көргенде-ақ, оның мұсылман екенін біліп, ғашық болған және Қобыландыларды зынданнан босатудың әрекетін жасаған еді дейді.
Марабай мен Біржанның жырында Қарлыға Қобыландыларға бірден-ақ еріп кететін. Мергенбай бұл әңгімені толықтыра жырлап, жырдың оқиғасын дамыта түседі. Қарлығаның Қобыландыға ғашық болғанын және Қарлығаның Қобыланды үшін жасаған істерін кеңінен суреттейді. Мәселен, Қарлыға Қобыландыға: «Атыңа мін, Көбіктінің жайылымдағы жылқысын айдап әкет. Оның ішінен Көбіктінің аты қашар, бірақ қума. Ол атты өзім мініп, соңыңнан барам», – дейді. Артынша-ақ, Қобыландының алдынан Көбіктінің көк аты қашып кетеді. Аттың дүбірінен Көбікті оянады да: «Бұл не?» – деп айқай салады. Оған Қарлыға: «Еш нәрсе де жоқ, атың жем жеуге келіпті», – деп әкесін ұйықтатып тастайды. Содан кейін атқа өзі мініп, қару-жарағын асынып Қобыландыларға қосылады.
Марабай жырында Көбіктіні қалай өлтірудің амалын Қобыландыға айтушы Қарлыға болатын. Ол: «Әкемнің үстіндегі көк сауытты өзім тоқып едім, кіндік тұсынан үш көзін кем соққам, сол арасынан ату керек», – дейтін. Мұны Мергенбай да осылай айтады. Ал, Біржанда бұл әңгіме басқашарақ. Көбіктінің көк сауытының кіндік тұсындағы үш көзін Қарлығаның неліктен кем соққанын дәлелдейді. Мұны Біржан былай суреттейді: Қарлыға Қобыландыға келіп: «Менің әкеме атсаң оқ, шапсаң қылыш өтпейді. Оның үстіндегі ақ сауытты өзім тоқығам. Бірақ, сауыттың кіндік тұсынан үш көзін кем тоқып ем. Егер әкем өзімнің сүйген адамыма бермейтін болса, сауыттың жаңағы кем көзінен атып өлтіремін деп ойлағам. «Балам, мына жердің шығыршығы қайда?» дегенде жетпей қалды дегем. Сол жерінен кіндігі бұлтиып шығып тұратын еді. Сол жеріне атсаң, өледі», – дейді.
Марабай мен Біржанның жырында Қобыланды түс көреді де, елінің шабылып кеткенін біледі. Осы әңгімелерді Мергенбай да айтады. Ол шапқыншы жау Алшағыр екенін және оның жаулық әрекетін молынан суреттеп көрсетеді.
Марабайдың жырында Алшағырдан ел-жұртын босатып алуға аттанған Қобыландыға Қарлыға, Орақ келіп қосылады. Орақтың кім екендігі Марабай жырында айтылмайтын. Орақ қыпшақ руының батыр екендігі Мергенбай жырында айтылады. Онда Орақтың шешесі: «Қобыландының елін Алшағыр шауып кетті. Ол елді жаудан құтқар», – дейді. Содан кейін Орақ батыр көп әскер алып Алшағырдың еліне аттанады, жолда Қараман мен Қарлығаға кез болады да, Қобыландыға қосылады. Орақтың батырлық-ерлік істері жырланады.
Марабайдың жырында, Алшағыр жағынан Ағанас пен Тоғанас дейтін екі батыр Қобыландыға қарсы шығатын. Бұл екеуінің кім екендігін Марабай айтпай кететін. Ағанас пен Тоғанастың кім екендігін Біржан жырына қосады. Онда: Ағанас пен Тоғанас қырық құлаш Қызыл Ердің балалары. Ол екеуін Қобыланды батыр Құртқаны аларда өлтірмей кетіп еді, қазір олар ер жетті, «Қобыландыдан әкеміз үшін кек аламыз», – деп, Алшағырға келіп қосылған еді дейді.
Қобыландының Алшағырдан ел-жұртын құтқарып алуынан кейінгі әңгімелердің жалғасы Мергенбай мен Біржан жырларында суреттелетіндігін және оның қысқаша мазмұнын жоғарыда келтіргенбіз. Бұларды жырлауда Біржан мен Мергенбай жырының өзара айырмашылықтары бар екендігі байқалады. Оны мынадан көреміз.
Біржан жырында Орақтың Қарлығашқа (Қобыландының қарындасы), Қараманның Қаныкей мен Тыныкейге үйленуі және оған арнап той жасағандығы сөз арасында ғана айтылса, бұларды Мергенбай көлемді етіп ұзағынан жырлайды. Біржан жырында: «Көбіктінің қызы Қарлығаны ешкім алмады, ол тауда жалғыз қалды», – дей салса, Мергенбай Қарлығаның хал-жайын, жалғыздығын, ішкі сезім сырын молынан баяндайды, тыңнан әңгімелер қосады.
Біржан жырында Шошай хан жайы бір-екі ауыз сөзбен айтылса, оны Мергенбай молынан суреттейді. Ең алдымен Шошай Көбіктінің жиені екендігі, ол Қазан мен Алшағыр үшін Қобыландыдан кек алуға келгендігі айтылады. Шошай хан Қобыландыға түн ішінде тиіседі. Қобыланды Тайбурылға жайдақ міне сала Шошай ханға қарсы аттанады, қатты айқай салады. Қобыландының даусы айшылық жерге жетеді, жаудың зәресін ұшырады. Қобыланды Шошайға жетіп келеді. Сонда Шошай: «Жекпе-жекке дайындығым аз еді», – үш күнге рұқсат сұрайды. Оған Қобыланды көнеді.
Біржан жырында Қарлығаны ұстап әкел деп Бөкенбайға бұйрық беретін Қобыланды болса, Мергенбайда Құртқа болады. Ол: «Әкең үйде ашулы отыр. Әкемнің көзіне көрінбе, көрінсең, мерт етер. Мен саған Тайбурылды ұстап берейін, сен Қарлығаны осында алып кел», - дейді баласына. Бұл эпизодты Біржан бір-екі сөзбен айта салса, оны Мергенбай ұзақ етіп жырлайды.
Шолу түрінде қарастырғанда, «Қобыланды батыр» жырының Марабай, Мергенбай, Біржан айтатын варианттарының сюжеттік желісі, идеялық сарыны, өзара айырмашылықтары, міне осындай.
Ал енді жырдың Мұрын жырау, Айса, Нұрпейіс айтатын варианттарына қысқаша тоқтап өтелік. Бұлардың жырындағы сюжет желісі Қобыланды батырдың ел билеген хандарға қарсы күресін, халыққа қамқор болу жайын суреттеуге құрылады. Бірақ олардың бір-бірінен айырмашылықтары да бар. Бұл айырмашылықтарды білу үшін әрқайсысын салыстыра қарастыралық.
Мұрын, Нұрпейіс, Айса айтатын «Қобыланды батыр» жырының бірінші бөлімі сюжеттік жағынан бір-біріне ұқсас келеді.
Мұрынның айтуындағы «Қобыланды батырдың» бірінші бөлімінде мынадай әңгімелер суреттеледі: тоқсан баулы ноғайлы да Ақшахан деген хан және оның қол астында Қыдырбай деген бай болады. Бір күні Ақшахан билер мен бектерін жинап алады да: «Қыдырбайды қалай өлтіру керек, оның байлығын қайтсем тартып аламын. Соған ақыл беріңдер», – дейді. Сонда отырған билер: «Той жасаңыз, Қыдырбай да сол тойға келер. Сонан кейін оның ретін табармыз», – дейді. Бұл мәжілісте Қыдырбайдың жеті атадан барып қосылатын жақыны да болады.
Ақшахан Қыдырбайды тойға шақыртады. Қыдырбай көптеген сый-сыбаға алып тойға келе жатады. Сонда оның алдынан әлгі жақыны шығады да, бұл тойды Ақшаханның Қыдырбайды өлтіріп, мал-мүлкін тартып алу үшін жасап отырғанын айтады.
Бұл сөзді естіген Қыдырбай қапаланып кейін қайтады. Өзінің әйелі Ақаруға Ақшаханының қастығын мұң етіп шағады. Содан кейін ол құдайдан бала тілеп кетеді. Әйелі Ақару үйде қалады. Қыдырбай 70 күндей жол жүреді, көп жерлерге барады, әр молаға бір түнейді. Тілегі қабыл болып, әйелі бір ұл, бір қыз табады. Ұлдың атын Қобыланды деп, қыздың атын Хансұлу деп қояды.
Қыдырбайдың Бек деген 50 жасқа келген жылқышысы бар екен. Ол Қобыландыны ертіп жылқы бағуды үйретеді. Осы кезде ар жақтан айқай-шу дауыс естіледі. «Бұл не?» – деп сұрайды Қобыланды. Бек: «Оны соңынан, аман болсаң, білерсің», – деп жауап береді. Бірақ Қобыланды жаңағы дауыстың не екенін білуге құмартады да, ала тайына мініп, қолына сұр жебесін алып жалғыз аттанады. Дауыс Тәуіп ханының елінен шыққан екен. Тәуіп ханның Құртқа деген қызы бар екен. Ол қыз күйеу таңдайды. «Кімде-кім қара тасты қақ айырса, соған тиемін», – деген шартын ешбір жігіт орындай алмаған екен. Ол шартты Қобыланды орындайды да, Құртқаға үйленеді. Тәуіп хан қызын Қобыландыға беріп жөнелтеді.
Қобыланды Құртқаны еліне алып келе жатады, жолда өз әкесі Қыдырбайдың жылқысына кездеседі. Жылқы ішінде жусап тұрған кер биені Құртқа көреді де, оны атасынан көрімдікке сұрайды. Бірақ, Қыдырбай бермейді. «Кер биеден тұлпар құлын туады, оны Қобыланды мінсе, баламнан айрылып қалам», – деп қорқады. Ақару да, Хансұлу да кер биені Құртқаға беруді өтінеді. Ақыры Қыдырбай көнеді, кер биені Құртқаға береді. Одан туған құлынды Құртқа өзі бағады.
Қобыландының жолдастары өзара күңкілдеп: «Осы Құртқа құлынды неге батырдан жасырады, неге көрсетпейді. Шамасы бір жақын жігітіне даярлап жүрген болар», – деседі. Бұл сөздерге Қобыланды ашуланады да, Құртқадан құлынды алады, ерсіз, жүгенсіз мінеді. Сонда құлын Қобыландыны ала жөнеледі, теңізден аттап өтеді. Бірақ, алдындағы бір төрт көлден секіре алмай қалады. Қобыланды құлынға ашуланып қайтып келеді. Сонда Құртқа айтады: «Құлында әлі кемшілік бар, бес жасына дейін өзім баптап өсірейін», – дейді.
Мұрынның жырындағы осы әңгімелер Айса мен Нұрпейіс жырларында да айтылады. Айса мен Нұрпейіс кейбір ұсақ жайларды күрделі әңгімеге айналдыра жырлайды. Сонымен қатар өзара айырмашылықтары да барлығы байқалады. Мәселен, Қыдырбайды өлтіріп, оның мал-мүлкін тартып алуды көздейтін ханды Айса жыры Алшағыр деп атайды. Ал Нұрпейіс жырында Тоқтарбайдың құдайдан бала тілеуі көрші бір байдың «қу бас» деп тілдегенінен туады. Мұрын да: Ақшаханның қастық ойын Қыдырбай жеті ата жақынынан естіп тойға бармай кейін қайтса, Айса мен Нұрпейісте олай емес. Айсаның айтуында, Қыдырбай тойға барады, сол кезде оның алдынан Алшағырдың Әлібек деген жігіті шығып: «Бұл тойда ұлсыздарға орын жоқ, қызсыздарға қызық жоқ», – деп тілдейді, бұған Қыдырбай ызаланып кейін қайтады. Нұрпейістің жырында: Тоқтарбай сексен нарға саба артып, сексен нарға алтын-күміс артып сауынға барады, сонда оның алдынан ханның бір уәзірі шығады да: «Бұл қу бастың сауыны емес, баласы барлардың сауыны», – дейді. Тоқтарбай ашуланады да үйіне қайтады.
Бұдан кейін Мұрында: құдайдан бала тілеп, жиһан кезіп кетуші Қыдырбайдың өзі болса, Айсада: Ақмаңдай болады. Нұрпейісте: Тоқтарбай үйіне келген соң, Аналық екеуі құдайдан бала тілеуге баратындығын айтып, барлық мал-мүлкін ел-жұртына бөліп береді. Сонан кейін екеуі жиһан кезіп кетеді. Құдайдан бала сұраушылардың тілегі қабыл болады. Ақмаңдай – Ақару – Аналық бір ұл, бір қыз табады, ұлдың аты Қобыланды, қыздың аты Хансұлу (Мұрын мен Нұрпейіс) қояды, қыздың аты Хансұлу (Мұрын мен Нұрпейіс) қояды. Айса Ақмаңдайдың екі қабат кезін, айдаһардың жүрегін жеп жерігін басқаның молынан жырлайды.
Құртқа жайын Айса жырында ақсақалды шал айтады: «Көрші елде Көкілан деген кемпір бар, оның Құртқа атты сұлу қызы бар. Көкілан Құртқаны күйеуге бермек болып той жасап жатыр, айқайлаған дауыстар Құртқаны алам деп таласқан жігіттердің дауысы», – дейді. Нұрпейісте: Құртқаның жайын Қобыланды әкесінен (Тоқтарбайдан) естіп біледі. Тоқтарбай айтады: «Дау Мама деген ханының Құртқа атты сұлу қызы бар, оған көп жігіттер ғашық болып таласып жатыр. Дау-Маманың жігіттерге бір ғана қоятын шарты бар: кімде-кім шойыннан құйылған діңгекті садақтың оғымен қақ айырса, соған қызын бермек. Бұл шартты ешбір жігіт орындай алмапты», – дейді.
Құртқаның жайын естіген Қобыланды Көкілан кемпірдің еліне (Айсаның жырында) келеді. Құртқанын тойына: Қараман, Көбікті, Алшағыр, Быршымбайлар да келген болады. Құртқа жиналған жігіттерге: «Кімде-кімнің өнері асса, соған тиемін», – дейді. Сонда Қобыланды күреске түседі, Көкеман деген қалмақ батырымен жеті күн алысып, оны жеңеді; ат шабысында Қобыландының аты озып келеді, Құртқа тіккен алтын жамбыны Қобыланды ғана атып түсіреді, басқалардан өнерін асырады. Сонан кейін Құртқа Қобыландыға тиеді. Нұрпейістің айтуында: Қобыланды ата-анасынан рұқсат алып, Құртқаның еліне тартады. Құртқаны алмақ болып таласып жатқан қалмақ батырларымен ұрыс ашып, жеңеді. Мұны Құртқа біледі де, басқалардан Қобыландының батырлығы, өнері артық екенін айтып, шешесіне хат жазады, Қобыландыда көңілі барын білдіреді. Қобыландыны Дау Мама да ұнатады. Сонан кейін Құртқаны көп жасауымен Қобыландыға береді.
Мұрын мен Нұрпейістің жырларында Қобыланды Құртқаны алып еліне қайтады, жолда көп жылқыға кез болады. Ал, Айсаның жырында бұған бір әңгіме қосылады: Қобыланды Құртқаны алып келе жатады. Сол кезде Қобыландының алдынан бір алып дәу шығады да: «Менің жарым Құртқаны әкетіп бара жатқан Қобыландыны көрдің бе?» – деп сұрайды. Қобыланды: «Ол мен», – деп жауап береді. Сол арада екеуі жеті күндей алысады да, Қобыланды алып дәуді жеңеді. Бұдан арғы жерде: көп жылқының ішінде жусап тұрған кер бие жайы, оның Құртқаның көрімдікке сұрап алуы, кер биеден тұлпар болатын құлынның тууы, оны Құртқаның бағуы үш ақынның жырында біркелкі ұқсас айтылады.
Жырдың екінші бөлімінде Қобыландының алғашқы жорықтары айтылады. Бұл тақырыпты жырлауда Мұрын, Нұрпейіс, Айса жырларында бірсыпыра айырмашылықтар бар. Қобыландының алғашқы жорығын әр ақын өзінше жырлап, бір-біріне идеялық жағынан болмаса, мазмұны жағынан ұқсаспайтын әңгімелерді енгізеді.
Айсаның жырында Қобыландының алғашқы жорықтары мына түрде беріледі. Бір күні Қобыланды өзінің туыстарынан Алшағыр ханның елге істеген жорықтарын естиді. Бұған ол ызаланады да, өзінің жылқыларын Алшағырдың шабындық жеріне жайдырады. Мұны оның жігіттері көріп, Қобыландының жылқыларын айдап әкетеді, жылқышыларын сабап жібереді. Содан кейін ол жерге жылқысын Қобыландының өзі апарып салады. Сол жерде Алшағыр мен Қобыланды кездеседі. Қобыланды әкесіне, еліне Алшағырдың жасаған жәбірін айтады, кек алатындығын білдіреді. Алшағыр қорқады да: «Тоғыз ұлым бар, солармен жолдас бол, кенже қызым Ақбілекті қалыңдық етіп ал», – дейді және Қобыландыны ауылына ертіп апарып қонақ етеді, дос болайық деп өтінеді. Бұған Қобыланды разылық білдіреді.
Арада біраз күн өтеді. Алшағыр Қобыландыны өлтіру жайын қарастырады да, бұл үшін ол Қобыландыны алдап Қазан батырға аттандыру әрекетін жасайды. Қазан мен Көбіктіге кісі салады: «Жақында Қобыландыны алдап жіберем. Соны өлтіріп беріңдер, әйтпесе Қобыланды мені өлтіреді», – дейді. Осыдан кейін Алшағыр той жасап Қобыландыны шақырады. Қобыланды жолдастарымен келеді. Той үстінде Алшағыр өзінің қызы Ханбибі арқылы Қобыландыға сөз салады. Онда: «Көбіктінің баласы Быршымбай бізді жаулап алуға келе жатқан көрінеді. Мықты батырлар болса, оған қарсы аттанар еді, ал сен оған баруға қорқасың», – деп қайрайды. «Қорқасың» деген сөзге Қобыланды ыза болады да: «Мен барам», – деп, аттана жөнеледі.
Алшағырдың Қобыландыны алдап өлімге жіберіп отырғанын Құртқа мен Қобыландының қарындасы Аққолаң біледі де, Қобыландының бұл жорыққа бармауын тілейді. Бірақ, Қобыланды бұл сөздерге құлақ аспайды: «Екі сөйлегенім өлгенім», – дейді де жүріп кетеді. Қазан мен Көбіктінің еліне жетеді. Қобыландының алдынан Быршымбай бастаған көп әскер шығады. Быршымбайды Қобыланды соғыста жеңеді. Сонан кейін Қазан қаласына барады, жайылып жүрген жылқыларды айдап жөнеледі. Жылқы ішінен Көбіктінің сары аты қалаға қашып кетеді. Аттың қашып келгенін Көбіктінің қызы Қарлыға көреді: «Еліңе жау шапты», – деп әкесіне хабар береді. Қобыланды жылқыны еліне беттетіп салып, ұйықтап қалады. Сол кезде Көбікті қуып келеді де ұйықтап жатқан Қобыландыны ұстап алады, қаласына апарып зынданға салады.
Қарлығаның қойын бағатын Серкебай деген қойшысы бар екен. Ол қойларын Қобыланды жатқан зынданның үстінен өткізе бергенде, бір қойы зынданға түсіп кетеді. Оны Қобыланды шығарып бермей, өзі жейді. Бұған қойшы ашуланады да, Қобыландының үстінен бір қара тасты домалатып жібереді. Қара тасты Қобыланды қағып алып қысқанда, одан су тамшылап ағады, оны Қобыланды сусын етеді. Мұны көрген қойшы Қобыландымен дос болады. Қобыландыға қойшы күн сайын бір серке беріп тұрады. Олардың сүйектерінен Қобыланды қараңғы үйге сәуле түсіретін тарақ жасайды. Қойшы тарақты Қарлығаға көрсетеді. «Мұны қайдан алдың?» – дейді Қарлыға. Қойшы оның қайда жасалғанын, кім жасағанын айтады. «Мені сонда апар», – дейді Қарлыға. Қобыландыға Қарлыға ғашық болады. Оған Қобыланды сенбейді «маңымнан кет» дейді. Қарлыға ғашықтығын айтып жалынады. Сонда Қобыланды: «Торы атымды көрсет», – дейді. Қарлыға Көбіктің ерекше бағушыларының қолында тұрған атты Қобыландыға алып келеді.
Сонан кейін Қобыланды шабуылға шығады, Қазан ханды өлтіреді. Қарлыға өз әкесі Көбіктіні өлтіреді. Қобыланды жауларын жеңіп ұйықтап жатса, түс көреді. Түсінде елінің шабылғанын біледі де, оны жаудан құтқарып алу үшін, еліне қайтады. Еліне келсе, түсінде көргені расқа шығады. Елін шауып қаратып алған Алшағыр хан екен. Оны Қобыланды жеңіп, ел-жұртын босатып алады.
Қобыландының ерлік ісі Айса жырында осы түрде суреттеледі. Ал мұны Мұрынның «Қобыланды батырымен» салыстырсақ, ұқсастығы да және айырмасы да барлығын байқаймыз. Ұқсастығы: Алшағыр: «Шабыныма түсті», – деп Қобыландының жылқысын айдатып алады. Бірақ Қобыландыдан қорқады да, өтірік дос болады, соңынан Қобыландыны өлтіру жайын қарастырады.
Айырмашылықтары мынада: Алшағыр (Мұрында) Қобыландыны өлтіру үшін Байқасқа, Кемпиқасқа деген батырларын қастарына көп әскер қосып беріп қарауылға аттандырады. «Сендер алыста қарауыл қарап жүре беріңдер. Мен сендерге қарсы Қобыландыны аттандырам. Сонда бәрің жабылып Қобыландыны өлтіріңдер», – деп бұйырады. Сонан кейін Алшағыр Қобыландыға кісі салады да: «Елімді жау қоршап тұр. Бүгін-ертең жау шабуыл жасамақ. Шын досым болсаң, менің жауыма қарсы аттан, құтқар», – дейді. Қобыланды Алшағырдың тілегін қабыл алады. Алшағыр Қобыландыны Байқасқалар кеткен жаққа сілтеп жібереді. Қобыланды: «Жауыңды жеңем, алпыс күннен қалмай оралып келем», – дейді. Бірнеше күннен кейін Қобыланды Байқасқа мен Кемпиқасқаға кездеседі. Қатты соғысып оларды жеңеді. Жауларын жеңген Қобыланды демалып жатса, түс көреді, елінің шабылып қалғанын біледі. Елін шауып алған Алшағырдан Қобыланды кек алады, оны жеңеді.
Енді Нұрпейістің жырын қарастырып өтелік. Нұрпейіс жырында: Қобыланды ер жеткен кезде Қарт Қожақ бастаған қырық батыр болады. Олар қалмақтың Алшағыр ханына шабуыл жасайды. Бірақ оларды Алшағырдың Ер Тәуке деген батыры ұстап алып зынданға салады. Қарт Қожақтар одан қашып шығып, Қобыландыға келеді де мұңдарын айтады. «Алшағырдан кегімізді әпер», – дейді. Қобыланды қырық батырды ертіп, Алшағырға шабуыл жасайды, Ер Тәукені өлтіреді. Алшағырға көмекке қалмақтардың Қарабек бастаған қалың қолы келеді, оларды да Қобыланды жеңеді. Содан кейін Алшағыр жеңілгендігін айтып, Қобыландыны достыққа шақырады. Екеуі достасады. Бірақ, Алшағыр Қобыландымен сөз жүзінде дос болады. Қобыландыны өлтірудің амалын қарастырады, би және уәзірлерімен ақылдасады. Қалмақтардың ең мықты батыры Барсаға хат жазады, мұңын шағады. «Мен саған Қобыландыны жіберемін, оны өлтір де кегімді әпер», – дейді. Сонан кейін Алшағыр Қобыландыны қонаққа шақырады да: «Қалмақтың Барсакелмес дейтін күшті ханы менің ата жауым еді. Егер шын дос болсаң, содан кегімді алып бер», – дейді. Қобыланды разылық білдіреді. Қобыландының ата-анасы, қарындасы, Құртқалар батырдың бұл сапарға баруына қарсы болады. Алшағырдың алдап жіберіп отырғанын және Қобыланды кетісімен елді шабатынын айтады. Бұған Қобыланды құлақ аспайды, қасына Қарт Қожақ бастаған жолдастарын ертіп, Барсаға аттанады. Қобыландының келетінін біліп оның жолын тосып жүрген Барсаның бас батыры Қаршығаны өлтіреді. Сонда қолың қол алып, Барсаның өзі шығады. Он алты күнге созылған жекпе-жек соғыста Қобыланды Барсаны да жеңеді. Сол кезде Қобыланды түс көреді, елінің шабылғанын біледі. Қобыланды қайтып келеді де, Алшағырдан ел-жұртын босатып алады және ханды жазалайды.
Қобыландының жорықтары жайында Мұрын, Нұрпейіс, Айса жырлаған негізі әңгімелер осындай. Жыршылардың бәріне ортақ әңгіменің бірі: Алшағырдың (Ақшаханның) Қобыландымен өтірік дос болуы, батырды алдап өлімге жұмсауы, Қобыландының жауларын жеңуі. Екінші ортақ әңгіме: ханның зұлымдық-жауыздығы, қиянатшыл екендігі. Үшінші: Қобыландының Алшағырдан кек алып, ел-жұртын азат етуі. Бұл секілді ортақ, ұқсас әңгімелерді әр ақын әр түрде жырлайды. Мұрын мен Айса қысқа түрде айтса, Нұрпейіс молынан қамтып, әрбір ұсақ жайлардың өзін ұлғайтып әкетеді.
Жоғарыда «Қобыланды батыр» жырының варианттарын идея және сюжет құрылысы жағынан екі салаға бөлінетіндігін ескертіп, соған сәйкес біраз талдаулар да жасадық. Бұған қарағанда жырдың Мергенбайлар айтатын варианты ертеректе туғандығын аңғартатын секілді. Ал соңғы ақындар жырдың ескі сюжетін жаңалап айтқаны, бергі кездің қоғамдық жағдайлары оларға көп әсер еткендігі байқалады. Олай дейтін себебіміз: Мұрын, Айса, Нұрпейістер советтік дәуірде таптық сана-сезімі оянған, халықты революциядан бұрын хандар мен байлардың қанап, езіп келгендігін түсінген ақындар еді және мұндай қанаудың шет жағасын өз көздерімен көрген де еді. Сондықтан да олар Қобыланды батырды ерте замандағы басқыншы жауға қарсы аттандырудан гөрі, қанаушыларға қарсы күрестіреді. Олар жырдың сюжет желісін бергі кездің тарихи шындығына қарай, халықтың есінен кетпеген фактілердің төңірегіне құрады. Сөйтіп, ескі жыр таптық тұрғыдан қайта жырланған деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |