Шоқан Уәлиханов (1835-1865) Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген кезінің өзінде-ақ қазақ халқының тарихына үңіле қарайды, халықтың мәдени мұрасына айрықша назар аударады. Сол мәдени мұраны жинап бастыру – халық үшін жасалған игілікті істің бірі болмақ деп түсінеді. Бұл ретте Шоқанның сүйікті досының бірі Г.Н.Потанин былай деп жазады: «Шоқан өз халқын шын пейілімен сүюші еді. Халқына жақсылық жасау және оның болашағына қызмет ету. Шоқанның арманы еді»18.
Халқына адал ниетімен қызмет етуді көздеген, соны арман еткен Шоқан, бұл жөнінде көп жұмыстар істеді. Соның бірі – қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинап баспа жүзіне шығару, оны мәдениеті озық елдерге таныстыру болады және бұл Шоқанның алдына қойған зор мақсатының бірінен саналады. Қазақтың ауыз әдебиетін жинап бастыру ісіне өзінің айрықша мән беруін Шоқан былай деп түсіндіреді: «Осы күнге дейін Еуропада көшпелі елдерді аса қатал, жөн білмес тағы деп жалған түрде түсінушілік үстем болып келеді. Көшпелі монғол немесе қазақтар жайындағы мұндай ұғымдар оларды мал тәрізді, тұрпайы тағылар деген пікірмен тығыз байланысты. Шынына келгенде, осы надан, тұрпайы деп қаралған халықтардың көбінің жазбаша немесе ауызша шығарған әдебиеті, аңыз-әңгімелері бар. Өлеңге, әсіресе өлеңді суырып салма түрінде шығарып айтуға, бейімділік, барлық көшпелі елдердің, соның ішінде қазақтардың өзіне тән ерекшеліктері деуге болады»19.
Қазақ халқын қорлап кемсітуге қарсы шыққан Шоқан қазақтар жайында Еуропада орын алып келген түсініктердің жалған екенін әшкереледі. Сондықтан да ол қазақ халқының жабайы, тағы еместігін мысал етеді. Еуропада қазақтар жайында айтылып жүрген жалған пікірлерге намыстанған және оларды жоққа шығаруды көздеген Шоқан қазақ халқының ауыз әдебиетін жинап бастыру жайын қарастырады, бұл іске оның өзі белсене араласады.
Омбыдағы кадет корпусын 1853 жылы бітіргеннен кейін, Шоқан Қазақстанның біраз жерін (Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Семей, Жетісу жақтарын) аралады. Қырғыз елін зерттеу мақсатымен 1858 жылы шығарылған экспедицияға қатысады, 1858 жылдары Қашқарияда болады.
Шоқан өзінің болған жерлерінде халықтың ауыз әдебиетін жинай жүреді, көптеген жыршы-жырау, ақындарымен танысады. Қазақтың сол кездегі атақты ақындары: Жанақ, Орынбай, Арыстанбай, Жұмағұл тағы басқаларымен танысып, олардың жырларын тыңдап қана қоймай жазып алып отырды. Қырғыз еліне барған сапарында қырғыздың атақты дастаны «Манастың» біраз әңгімесін жазып алады. Бұл «Манастың» алғаш рет хатқа түскен бір түрі еді.
Шоқан – қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін көп жинаған адам. «Көптен бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, эпикалық жырларын, аңыз-әңгімелерін жинау ісімен шұғылданып жүрмін», – дейді Шоқан. Ол Қашқарияда болғанда ұйғыр тілін үйренеді де, ұйғырлардың көптеген өлеңдерін жазып алады. Бұл жөнінде Г.Н.Потанин: «Шоқанның жинаған материалдары үлкен бір портфель болып еді. Кейбір жазғандарын өзім де көріп едім», – дейді және оның кейбіреулерін Шоқанның оқып та бергенін айтады. Бірақ бұл материалдар, Потаниннің айтуына қарағанда, кейіннен жоғалып кеткен.
Шоқан қазақтың ауыз әдебиетін жинаушы ғана емес, сонымен қатар оның зерттеушісі де болады. Рас, ол ауыз әдебиетінің шығу, даму тарихы немесе көркемдік ерекшеліктері жайында арнаулы еңбектер жазған емес. Жалпы қазақ халқының тарихы, этнографиясы, қоғамдық өмірі, әлеуметтік тұрмысы туралы жазған еңбектерінде ауыз әдебиетін сөз етеді, өз кезі үшін үздік, ал бүгінгі күні мәнін жоғалтпаған ғылыми пікірлер айтады. Сол кездің өзінде ол қазақтың ауыз әдебиетін жоғары бағалайды. Қазақтың аңыз-әңгімелері, ертегілері мен жырлары, мифтері халықтың өткендегі тарихын білу үшін маңызы зор материалдар деп қарайды. Мәселен, көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақтардың шығу тарихын зерттеушілер үшін ауыз әдебиеті бірсыпыра дерек болатындығын айта келіп, Шоқан былай дейді: «Егер жұрттың айтуынан Геродот жинаған Гомердің өлеңдері мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егерде өзгеріліп мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға және шындық жатады десек, қазақтардың тамаша және жүйелі түрде айтылатын, олардың қазіргі тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, ата-бабаларының тұрмысын елестететін аңыздарының да тарихи деректерге сәйкес келетіндігіне, тарихи маңызы барлығына шүбәләнбауымыз керек. Халықтың ақыл-ойынан және қоғамдағы қалың бұқараның сана-сезімі, өмірі мен алға басуы негізінде туған бұл шығармалар ауызша айтылу түрінде бірден-бірге, содан бүкіл халыққа жайылады, сондықтан да олардың тарихи, әдебиеттік және психологиялық мәні жоқ емес».
Шоқан бұл пікірін «Шамандықтың қазақтағы қалдықтары», «Ұлы жүз қазақтарының ертегілері мен аңыздары», «Жоңғария очерктері», «Тәңірі» секілді еңбектерінде де айтады. Қазақтың ауыз әдебиеті халықтың өткендегі өмірін елестететін, тарихи мәні болатын материалдар екендігін көрсетеді.
Қазақтың батырлар жыры жайында да Шоқан азды-көпті пікір айтқан. Бұл жырлар, Шоқанның айтуынша, ноғайлы дәуірінде, ХІҮ, ХҮ, ХҮІ ғасырлар шамасында туған. Онда «халықтың рухы, көзқарасы, әдеті, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Сондықтан бұл жырлардың әдебиеттік жағынан болсын, тарихи жағынан болсын маңызы зор».
Қазақтың кейбір ертегілері мен мақал-мәтелдері европа халықтарының шығармаларына ұқсас келетіндігіне таңдана отырып, Шоқан бұл ұқсастықтың сырын ашпақ болады. А.Афанасьев жинап бастырған «орыстың халық ертегілерінің» ішінде тек алты ертегінің ғана қазақ ертегілеріне ұқсамайтындығын айтады. Ал мұндай ұқсастықты қазақтардың славяндармен, әсіресе орыс халқымен, қарым-қатынас жасау негізінде болғандығынан деп қарайды.
Шоқан өзінің көптеген еңбектерінде қазақ халқының поэзиясын, ақындардың ақындық өнерін аса жоғары бағалаған. Бұл ретте ол өлеңді суырып салма түрінде шығарушылықты ақындық өнердің асқар шыңы деп білді. Қазақтарды надан, тағы деп кемітетін европалықтардың топастығын көрсете отырып, оларға дау айтады. Өлеңді суырып салу ретімен айтушылық, сол арқылы көлемді, көркем жырлар тудырушылық қазақ халқының надандығын көрсетпейді, ол оның ертеден келе жатқан мәдениетін білдіреді деп қарайды. Мұнымен қатар, ол жыршы-ақындар жайында да біраз пікірлер айтады. Кейбір ақындардың азын-аулақ ақы алу үшін байлардың сөзін сөйлеп, ақындық өнерін құнсыз нәрсеге сатуына ренжиді. «Мұндай ақында бет жоқ, өз қасиетінің бағасын сезіну де жоқ. Ол өзінің дарындылығын қандай сұлтандардан болса да асып түсетін қасиет деп қарамайды. Қайта ақындық өнер – ат-шапан табу үшін біткен өнер деп қарайды» деп, жалдамалы, бас пайдасын көздегіш ақындарды сынайды. Ал байларды жақтамай, бишаралық күйге түспей, халық мүддесін жырлаған ақындар «халық арасында қатты құрметтеледі» дейді.
Көптеген ақын, жыршылармен кездесіп, сөзін тыңдаған Шоқан оларға ақыл-кеңес беріп, сын да айтып отырған. Потаниннің сөзіне қарағанда, Шоқан Жанақпен талай рет кездескен және дарынды ақынға әр түрлі тақырыптар ұсынған. Бұған жалғас, Шоқанның танысының бірі И.Ибрагимов мынадай бір факті келтіреді: «Бір жылы, – дейді ол, – Шоқан елге келеді. Оны құрметтеп алушылардың ішінде Орынбай ақын да болды. Шоқан Орынбайды қасына шақырып алып, жырын тыңдады. Атақты ақынның жырын сүйсіне тыңдаған Шоқан оған үлкен бір сын айтты: «Тілің шұбар екен, дін сөздерін көп қосады екенсің. Қандай ойды болса да қазақша айтып жеткізуге болады, бұған қазақ тілінің оралымы да, байлығы да жетеді».
Сонымен, Шоқан қазақтың ауыз әдебиетін жинауда, оны зерттеуде үлкен еңбек сіңірген ғалым болды. Оның бұл еңбектері қазақ халқының тарихынан айрықша орын алады, оны халқымыз аса жоғары бағалайды.
Түрік тектес елдердің және қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау жолында аса зор еңбек еткен ғалымның бірі академик В.В.Радлов (1837-1918) болды. Ол шығыс халықтарының әдебиетін жинап, зерттеу мақсатымен біраз жерді, елдерді аралайды, өте көп материалдар жинайды. Сол жинаған материалдарын «Түрік руларының халық әдебиетінің үлгілері» деген атпен 1865-1904 жылдар арасында сегіз том етіп бастырып шығарады. Әрбір томға орыс тілінде кіріспе сөз жазады, содан кейінгі материалдары әр халықтың өз тілінде (әрпі орысша) беріледі. Өз кезінде Радловтың бұл томдары неміс, француз, ағылшын тілдеріне аударылған.
Радловтың үшінші томы (1870 ж.) қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерінен құралған. Томға енген материалдардың ішінде аңыз-әңгімелер мен әр түрлі жырлар, дастандар, тұрмыс-салт өлеңдері бар. Ақындар айтысынан: Жанақ пен Түбектің, Ұлбике мен Күдерінің, Мөнек пен Оспанның, Шортанбай мен Орынбайдың айтыстары; жырлардан: «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» т.б. жырлар енген. Бұл материалдардың бәрі қазақ тілінде (әрпі орысша) берілген.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінен құралған бұл томға Радлов қысқаша сөз басын жазады, онда қазақ халқының ауыз әдебиетке бай екендігін, әсіресе оның өлең шығаруға қабілетті келетіндігін айтады. Осы ретте ол қырғыздарға қарағанда, қазақтарда өлеңнің ұсақ түрлері көп, ал батырлар жыры аз және ауыз әдебиетінің дамымаған түрі деген қорытынды жасайды. Радловтың батырлар жыры жайында айтқан бұл пікіріне қосылуға болмайды. Өйткені батырлар жырын шығаруда қазақтар көршілерінен асып түспесе, кем қалған емес.
Жалпы алғанда, Радловтың қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру оны неміс және француз тілдеріне аударып шығаруы мәдени маңызы зор еңбектің бірі еді. Қазақ халқының әдебиетімен басқа елдерді таныстыру үшін жасалған игілікті іс еді.
Қазақ ауыз әдебиетің жинау ісіне белсене қатысқан ғалымның бірі Г.Н.Потанин (1835-1920). Ол жас кезінде Шоқанмен бірге кадет корпусында оқыған, екеуі аса тату дос, жақсы жолдас болған. Кадет корпусын бітіргеннен кейін, Г.Н.Потанин Қазақстанның көп жерін аралайды, Семей, Марқакөл, Зайсан, Ақмола, Көкшетау жақтарында болады, Шоқанға еріп оның ауылына барады. Жүрген жерлерінде қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жазып алып отырады. Бұл іске ол ғылыми мән береді, халықтың тарихын, әдет-ғұрпын білу үшін ауыз әдебиеті көп материал береді деп қарайды. Осы ретте ол «Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинау керек» деген мақала жазады20 және бұл іске басқалардың да қатысуын қажет деп табады.
Потанин өзі жинаған материалдарын сол кезде Омбыда және орталықта шығатын газет-журналдарда бастырып отырады. Соның ішінде оның көп жылдар бойы жинаған мол материалдары «Қазақ-қайсақ және Алтай халықтарының ертегілері мен аңыздары» деген атпен 1916 жылы «Живая старина» (№2-3) журналдарында басылып шықты. Ол ауыз әдебиеті үлгілерін қазақ тілінде жазып алмайды, тек шығарманың мазмұнын ғана жазып алады және оны орысша әңгімелеп береді. Егер Радлов ел арасынан жинаған материалдарын қазақша жазып алып, айтушының стильдік, сөздік ерекшеліктерін сақтап отырса, Потанин олай етпейді, жинағандарын бірден орысшаға аударады. Мұның мәнісі қазақ ауыз әдебиетімен орыс қауымын таныстыруды көздегендіктен болуы керек. Ал Радловқа қарағанда, ауыз әдебиетін жинауда Потаниннің бір ерекшелігі бар. Ол жинаған материалдарын кімнен жазып алғандығы, айтушының өмірбаяны, оның қандай шығармаларды білетіндігі, оларды қалай үйренгендігі жайынан мәліметтер береді. Мұнысы ғылым үшін аса қажетті материал еді.
Қазақ ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерін жинаса да, Потанин олар жайында арнаулы ғылыми-зерттеу еңбегін жазбаған. Бірақ та ол өзінің басқа да еңбектерінде қазақтың ауыз әдебиетін аса жоғары бағалайды. Ең алдымен ол қазақ халқының ауыз әдебиетке байлығын сөз етеді, оның көркемдік дәрежесі басқа халықтардың шығармасынан кем соқпайтындығын көрсетеді. Мәселен, «Европа халықтарының орта ғасыр эпосындағы шығыстық мотивтер» деген күрделі еңбегінде қазақ ауыз әдебиетінен бірнеше мысалдар келтіреді де, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына айрықша тоқтайды. Ол бұл жырды «Жер жүзіндегі асыл мұралардың бірі» деп қарайды.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қазақ ауыз әдебиетін жинау, бастыру жөнінде көп еңбек сіңірушінің бірі Әбубәкір Диваев (1856-1932) болды. Ол Орынбордағы кадет корпусын бітіргеннен (1876) кейін, Түркістан генерал-губернаторлығында қызмет атқарады. Тиісті қызметін атқара жүріп, қазақ халқының тарихына қатысы бар материалдарды, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісіне кіріседі. Бұларды ол сол кезде шығатын газет-журналдарда (екі тілде) жариялап отырады.
Революцияға дейін де, одан кейін де Әбубәкір жинаған ауыз әдебиетінің үлгілері орасан көп. Ел арасынан ауыз әдебиетінің үлгілерін жинау ісіне кіріскенде, Әбубәкір екі түрлі мақсатты көздейді. Біріншісі – қазақ халқының мәдени мұрасын келешектегі жас ұрпақ үшін, тарих үшін керекті дүние деп жинайды. Екіншіден, жинаған материалдарын орыс тіліне аударады, онымен орыс халқына таныстыруды көздейді.
Алдына осы секілді мақсат қойған Әбубәкір Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, В.Радлов т.б. секілді ауыз әдебиетін жинап, бастыруда тамаша қызмет атқарады, келешек ұрпақ үшін асыл мұра қалдырады.
Октябрь революциясына дейін Әбубәкірдің жинаған материалдары газет-журналдарда басылып отырғаны болмаса, өз алдына жеке кітап болып шыққандары аз еді. Оның жинаған материалдары тек советтік заманда көптеген кітап болып басылып шықты. Ол жинаған батырлар жыры 1922-23 жылдары Ташкентте тоғыз кітап болып басылды. 1924 жылы тұрмыс-салт өлеңдерінен құраған «Тарту» атты жинағы, ал 1926 жылы Қызылордада «Балаларға тарту» атты жинағы шықты. Әбубәкір жинап, баспа жүзіне шығарған материалдар қазақ халқының мәдени тарихы үшін аса керекті асыл қазына болып табылады.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісіне Октябрь революциясына дейін жеке адамдар қатысқан болса, советтік дәуірде оған үкімет тарапынан айрықша мән беріледі. Халықтың рухани байлығын аса жоғары бағалаған совет үкіметі, ауыз әдебиетін ұқыптылықпен жинау, бастыру, ең таңдаулыларын халық игілігіне жарату ісін қолға алады. Бұл жұмыс біздің Қазақстанда да жүргізілді. 20 жылдарда Қазақстандағы өлкетану қоғамы бірсыпыра жұмыс жасайды. 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетінің Ғылыми-зерттеу институты құрылады. Ол ел арасынан ауыз әдебиетін ұйымдасқан түрде жинау мақсатымен, жер-жерге арнаулы экспедициялар шығарады. Институттың бұл секілді игілікті ісіне қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері: М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, С.Кеңесбаев, Е.Исмайлов т.б. қатысады. Институттың жинаған материалдары бойынша бірнеше жинақ («Қазақ совет фольклоры», «Жұмбақтар», «Мақал-мәтелдер» т.б.) шығарылады.
Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау ісі Қазақстанда Ғылым академиясының филиалы (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым академиясы) құрылғаннан кейін күшейе түседі. Ғылым академиясы жыл сайын жер-жерлерге экспедициялар шығарып, халық әдебиетін жинатып отырады. Және де осы материалдардан бірнеше жинақтар құрастырып шығарады («Батырлар жыры», «Халық поэмалары», «Жұмбақтар», «Айтыс» т.б.) Ғылым академиясының ел арасынан жинаған материалдары қазіргі күнде тоғыз мың баспа табақтан асады21. Мұның бәрі халық ауыз әдебиеті жинау ісіне партия мен үкіметтің қамқорлық жасап, әр уақытта көмектесіп отырғанын көрсетеді.
Қазақ халқының ауыз әдебиетін жинау ісіне М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, С.Аманжолов, С.Кеңесбаев, Е.Исмайлов, Х.Жұмалиев, Н.С.Смирнова, Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан, академик А.С.Орлов, М.С.Сильченко т.б. әдебиетші, ғалымдар қатысты. Бұлар ауыз әдебиетін әрі жинаушы, әрі зерттеуші ретінде көп еңбек сіңірді (бұл жөнінде кітаптың келесі бөлімдерінде толығырақ айтылады).
Әрине, қазақ ауыз әдебиетін зерттеуде қате-кемшіліктер де болмай қалған жоқ. Ауыз әдебиеті үлгілерінің бәрін халық шығармасы деп қараушылық, асыра бағалаушылық немесе олардың бәрін халыққа жат, керексіз мұра деп қараушылық та болған. Бірақ мұндай көзқарастардың марксизм-ленинизм іліміне сәйкес келмейтіндігін, қате екенін біздің партиямыз әр уақытта көрсетіп, ескі мәдени мұраны қалай пайдалану, зерттеу жолдарын айтып басшылық жасап отырды. Д.Бедныйдың «Батырлар» атты пьесасы туралы «Правда» газетінде (ноябрь, 1936 ж.) басылған мақалалар, «Едіге жыры» туралы Орталық Комитеттің қаулысы (1944), 1946-1951 жылдар арасында идеологиялық мәселелер жайында алынған қаулылар, сондай-ақ Қазақстан Орталық партия комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысы (январь, 1947 ж.) т.б. ауыз әдебиетін зерттеу жөнінде партияның қамқорлығы мен басшылығын көрсетеді. Қазақ халқының ауыз әдебиетін екі мәдениет және екі мәдени мұраны пайдалану жөніндегі лениндік ілімге, партиямыздың саясатына сүйене отырып зерттеуге, оқытуға тиістіміз. Осы тұрғыдан қазақ ауыз әдебиетінің мәселелерін баяндау басты міндетіміз болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |