Аңшылық жайындағы өлең-жырлар
Қазақ халқы ерте заманда тек төрт түлік малды өсіріп, соны тіршілік тірегі етіп қойған жоқ. Ол мұнымен қатар аң аулауды да кәсіп еткен. Аңның етін, жүнін, терісін тұрмысындағы керегіне жаратқан.
Ф.Энгельс «Семьяның, жеке меншіктіліктің және мемлекеттің тууы» туралы жазған еңбегінде аңшылық адам баласының тарихында ерте кезде пайда болғанын дәлелдейді. Ерте заманда аң аулап күн көру сол кездегі адамдардың негізгі кәсібінің бірі болғандығын, бұл іске алғашқы уақытта барлық қауым қатысқанын айтады. Бұған қарағанда, ерте кезде қазақтар да осы жайды басынан өткізген болуы керек. Бертін келе аң аулау ісіне бүкіл ауыл болып араласпай, оны жеке адамдар, мерген жігіттер, құс сырын білетін саятшылар кәсіп еткен. Олар аң аулау үшін керекті құрал-сайманды, жүйрік ат, алғыр тазы, қыран құстарды (бүркіт, қаршыға, тұйғын т.б) өздері даярлап, баптайтын болған. Аулайтын аңына қарай қолданатын әдіс-айласы да әр түрлі болып отырған: қасқырды жүйрік атпен қуып, соғып алған; түлкіні бүркітке алдырған, қаз-үйрекке қаршығаны салған.
Соңғы кездерде аң аулаушылардың бұрынғы әдіс-айласы, құрал-саймандары жаңара бастаған, мылтықты, қақпанды т.б. пайдаланған. Осылай ете отырып, аңшы-мергендер саятшылар ерте кезде өздерінің үй-іштерін ғана емес, бүкіл ауылдарын аңның, құстың етімен асырап жүрген. Мұны олар сол кездегі күн көру кәсібінің бір түріне айналдырған. Аң аулау, құс салу күн көріс кәсіптің бір түрі болуымен қатар, беріректе ойын-сауық, бой жазу, қызық көру, дем алу үшін де қолданылған.
Аңшылық, мергендік туралы қазақ халқы ерте кездің өзінде-ақ әр алуан ұсақ өлеңдер, әңгіме-жыр, ертегілер шығарған. Бұлардың қайсысында болса да, аң аулап кәсіп етуді халық жақсылық іс, өнер деп түсінетіндігін аңғартады және осы жолда ерлік жасап, ел-жұртын аңның, құстың етімен асыраған адамдарды ардақтап жырына қосады; оларды ер атандырады, батырлық тұлға бере суреттейді.
Аңшылықты тұрмысқа қажетті кәсіп деп түсінген халық, бұл тақырыпта кесек шығармалар да тудырған. Негізгі идеясы ел қорғау жайы болса да, «Қамбар батыр» жырының бірсыпыра әңгімелері аңшылықты суреттейді. Жырдың алғашқы бөлімінде алпыс үйлі арғынды, тоқсан үйлі тобырды аңның, құстың етімен асыраған Қамбар жайы суреттеледі. Қамбар аң аулауды құмарлық, көңіл көтеру үшін жасаған батыр емес. Ол мұны кәсіп еткен еңбек адамы. Қамбардың:
Құс етін беріп бағамын,
Үйдегі екі кәрімді.
Оған да назар саламын,
Қабатыма аламын –
Тоқсан үйлі тобыр мен
Алпыс үйлі арғынды37, –
дейтіні осыдан.
Қарамағындағы қыруар жанды асырап-сақтау үшін Қамбар аң аулап еңбек етеді. Күніне үйрек, қазды, басқа да аңдарды жүздеп әкеледі. Мұны халық жыры Қамбардың ерлік еңбегі деп сүйсіне жырлайды. Аңшылық Қамбарға оңайға түспейді де. Ол бұл жолда бірсыпыра ерліктер жасайды, жыртқыш аңдармен айқасып, оны жеңеді. Мұны жыр Қамбардың батырлық бейнесін көрсету үшін келтірген.
«Құламерген», «Жоямерген», «Жерден шыққан Желім батыр» ертегілерін алайық. Бұлардың басты кейіпкерлері еңбек адамдарының арасынан шыққан аңшы, мергендер болады. Бәрі де тұрмыс-тіршілігі үшін аңшылықты кәсіп еткен ерлер, ел, жұртын асырап-сақтаған адамдар бейнесінде суреттеледі. Олардың бұл жолдағы істерін халық әдебиеті сүйсіне жырлайды, еңбек адамдарының ерлік образын жасайды.
Халық аңшы-мергендерімен қатар, алғыр, қыран құстарды, жүйрік тазыларды да өзінің ауыз әдебиетіне қосып отырған. Халықтың өлеңдері, ертегі, әңгімелері неше түрлі жүйрік тазыларды, қыран құстарды қызыға жырлап, аңызға айналдырып жіберген. Олардың адам баласына келтірген пайдасын, атқарған қызметін сүйсіне жырлаған.
Қазақ арасына кең жайылған әңгіме-жырдың бірі – «Көкжендет». Мұнда Көкжендет жайы саятшының сөзімен баяндалады. Жыр былай басталады:
Көкжендет тұғырың алтын, жібек баулы,
Бар ма екен Көкжендеттей қыран шәулі?
Күніне отыз үйрек, қырық қаз іліп,
Кеш болса отырушы ең тояттаулы38. –
Көкжендет әңгімесі бұдан әрі қарай да дами береді. Онда: Көкжендеттің жақсы қаршыға екендігі, саятшыға он сегіз жыл қолқанат серік болғандығы баяндалады. Ол өте алғыр, салған бетінен қайтпайтын қыран құс болады. Оның «қаз-үйректі топырлатып» ілгеніне сүйсінген халық «Көкжендет» деп ат қояды. Саятшы бір күні Көкжендетін құсқа салады, бірақ ол бұл жолы иесіне қайтпайды, кетіп қалады. Саятшы сүйікті досы болған Көкжендетін еске түсіріп, жыр шығарады, өзімен он сегіз жыл жолдас болған қыран құсын, оның алғырлығын елге жырлап таратады.
«Көкжендет» – ел арасында ертеден айтылып келе жатқан әдемі жыр. Мұнда аңшылықпен кәсіп еткен саятшының сүйініші, ой-сезімі, көп жыл жолдас болған құсына мақтанышы тартымды суреттеледі.
Көкжендет ұшушы еді желдей есіп,
Атушы ед топты қазға жаннан кешіп.
Ілгенде қаз-үйректі топырлатып,
Көрген жан сұқтанушы ед «жендет» десіп
Көкжендет, қандыбалақ, шіркін кәрі,
Болар ма Көкжендеттей құстың бәрі.
Ауылды құс етіне кәні қылған,
Шіркіннің, не қылайын, өтті зары39, –
дегендер Көкжендетті көз алдыңа елестетеді.
Аңшылық қазақ өмірінде ертеден келе жатқан кәсіп түрі болуымен қатар, ол ауыз әдебиетіне күрделі тақырып болып та енді. Бұл жөнінде халық әдебиеті әдемі әңгіме-жыр, ертегілер шығарумен бірге, сол аңшылықты елестететіндей әдемі теңеу, образды сөздер, эпитет, метафоралар жасады. Халық әдебиеті жағымды батырлар образын жасағанда олардың мықты, күшті екендігін, сырт келбетін айтқанда «арыстандай», «жолбарыстай» немесе «арыстандай айбатты», «жолбарыстай жүректі» деп отырады. Бертін келе, ақындар айтысында айтысқа түскен әрбір ақын өзін алғыр қыран құсқа, ақиыққа, бүркітке теңейді. Мұның бәрі ауыз әдебиетінде образ жасау, жақсы теңеу табу, салыстыру жасау үшін қолданылған.
Достарыңызбен бөлісу: |