Төрт түлік мал жайындағы шығармалар
Қазақ халқы советтік заманға дейін, негізінде, көшпелі жағдайда болды да, мал шаруашылығымен кәсіп етті. Халықтың күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға байланысты еді. Жесе – азық, кисе – киім, мінсе – көлік дегендей, көшпелі жағдайда болған, экономиканың басқа түрі дамымаған қазақ халқы үшін төрт түлік мал тіршілік тірегі болады.
Өзінің тұрмыс-тіршілігінде осындай айрықша орын алған, пайдасы тиіп қызметі сіңген төрт түлік мал жайында қазақ халқы ерте заманда-ақ неше түрлі әңгіме, жыр, өлеңдер шығарған. Бұлардың бәрінде мал шаруашылығымен кәсіп еткен адамның төрт түлік жайындағы көзқарасы, ой-арманы, тілек-мүддесі көрініп отырады.
Ауыз әдебиетінде төрт түлік мал жайындағы шығармалардың кейбір үлгілері ең ерте заманда, ертедегі адамдардың жаратылыс сырын түсіне алмаған кезінің өзінде-ақ туа бастаған. Шоқан Уәлиханов « Шамандықтың қазақтардағы қалдығы» дейтін еңбегінде23, ал Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі М.О.Әуезов «Қазақ ертектері» туралы жазған зерттеуінде24 төрт түлік мал жайында туған шығармалардың алғашқы үлгілері ертедегі адамдардың ой-өрісі төмен сатыда тұрған кезінде шыққандығын айтады. Жаратылыс сырын түсіне алмаған ертедегі адамдардың әлем дүниесіндегі әрбір құбылыстарды өзінше долбарлап жорыған, бұларды жаратушы күш бар деп сенген, соған табынған.
Төрт түлік мал жайында шығарылған шығармалардың алғашқы үлгілері осындай ескі сенім-нанымдарға байланысты туған. Онда әрбір түліктің жаратушы құдайы бар деп білген. Мәселен, қазақта «Қазықұрт тауы» деген әңгіме-жыр бар. Осы жырда халық төрт түлік малдың қалай пайда болғанын ескі діни ұғымдарға байланыстыра былай баяндайды. Баяғы бір заманда дүние жүзін топан-су қаптап кетеді. Тек қана Қазықұрт дейтін тауды су баспайды және осы таудың ығында Нұқ деген әулиенің кемесі тұрады. Топан қаптаған кезде жан-жануарлар осы кемеге тығылады. Мұның ішінде төрт түліктің де тұқымы болады. Әрбір түліктен бір-бір тұқым аман қалады да, кейіннен ол өрбіп өседі. Бұл түліктерді топаннан сақтап қалған олардың жаратушысы, иелері болады. Жылқының иесі – Жылқышы ата (кейде Қамбар ата деп те аталады), қойдың иесі – Шопан ата, түйенің иесі – Ойсыл қара, сиырдың иесі – Зеңгі баба, ешкінің иесі – Сексек ата деп әрқайсысына жекелей ат қояды. Әрбір түліктің осы секілді иелері болғандығын, солардың арқасында топан судан аман қалғандығын «Қазықұрт тауы» дейтін әңгіме-жыр былай суреттейді:
Қазықұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?
Жетім бота үстінде жатып қалып
Ойсыл қара жануар содан қалған25
Бұдан әрі қарай жыр басқа түліктер жайын сөз етеді. Әрбір түліктің қалай өрбігендігін айтқанда өлеңнің бастапқы екі жолын қайталап отырады.
Халықтың төрт түлік мал жайындағы, оның қалай өрбіп өскендігі жайындағы алғашқы көзқарасы, ұғым түсінігі осылай болып келеді. Төрт түліктің өз алдына иелері Ойсыл қара, Шопан ата, Жылқышы ата, Сексек ата, Зеңгі баба болуына, әрқайсысына жекелей ат қоюына қарағанда, біз мысалға алған өлең бертінде шыққан емес. Ол сонау ерте заманда, яғни көп құдайға табынған шамандық дәуірде туған деуге болады. Олай дейтін себебіміз мынадай.
Шоқан Уәлиханов ислам діні жайында айта келіп: «Қазақ арасына ислам діні XIV ғасырда ғана ене бастады», – дейді26. Академик В.В.Бартольд бұл жөнінде былай деп жазады: «Сырдария бойында, Хорезммен көршілес отырған қыпшақтар XII ғасырдың аяғына дейін мұсылман емес еді, жалпы алғанда монғолдардың басқыншылық жорығына дейін түріктердің көпшілігінің діні емес болатын»27. Ал қазақ тарихын зерттеушілер де осы пікірді қолдай отырып, қазақ арасында ислам діні XIV ғасырда ене бастады деп, бірақ ол XVI ғасырға дейін бүкіл ел қолданған тұтас дін еместігін көрсетеді28. Мұнымен қатар, тарихшылардың бәрі де XIV ғасырға дейін қазақтар көп құдайға табынып (шамандық кез) жүргенін айтады. Ол кездегі адамдар жаратылыс сырын түсіне алмағандықтан, ой өрісі төменгі сатыда болғандықтан жоққа сенген, дүниедегі әртүрлі құбылыстарды күшті санап, құдай есебінде соған табынған. XVI ғасырдан бергі жерде де, яғни қазақ арасына ислам діні молынан жайылған кезде де екі дін (шамандық пен ислам) қатарласа жүрген.
Міне, бұл айтылғандардан төрт түлік мал жайында шығарылған өлең-жырлардың алғашқы нұсқалары ерте заманда, қазақ арасына ислам діні енбестен бұрын туғандығы байқалады. Ал бертін келе қазақ арасына ислам діні орнығып, көпшілік тұтынатын дінге айналған кезде көп құдайға табынушылық біртіндеп жойыла бастайды. Өйткені ислам дінінің шарты бойынша жаратушы құдай көп емес, біреу ғана деп айтылады. Бірақ қазақтар ислам дінінің шартына жан тәнімен беріліп кетпейді. Ш.Уәлихановтың айтуына қарағанда қазақтар ислам дінін, оның шарттарын мойындағанымен де, нағыз діндар болған емес. Сондықтан олар бұрынғы шамандықты да, кейіннен енген исламды да бірдей қолданып жүреді. Бұған төрт түлік мал жайында шығарылған әңгіме, жыр, өлеңдер дәлел.
Төрт түлік мал жайында шығарылған әңгіме, өлең, жырлардың алғашқы үлгілері ерте заманда туып, бертін келе дами береді. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке байланысты болған шаруа адамы мал баласын қадірлеп, ардақтай түседі. Мал басының өсімтал болуын тілейді. Сондықтан да ол төрт түліктің иелеріне жалынып, жалбарынып та жүреді. «Малға ауру, індет жіберме, одан сақтай көр, малымызды өсімтал ет» деп, төрт түліктің иелеріне тіл қатады, әрқайсысына арнай тілек етеді. Мәселен, Жылқышы атаға арнаған сөзінде:
Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата,
Тілегенде өзің бер ақтан бата.
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып
Ойдан, қырдан арқансыз әкеп мата.
Өзің сақта ысқырған жел мен жаудан
Қуғын-сүргін сабылтқан төтен лаудан
Шаруаны кейітпе біріктірген
Өзің сақта пәлелі қиян даудан29, –
деп келеді де, ендігі тілегі не екенін білдіреді:
Тағы бір тілек тілейін,
Шын бергенің білейін,
Өңкей ала шұбардан,
Жал-құйрығы шұбалған,
Айғырды бер байсалды,
Үйірі толған байталды,
Өңкей мама бие бер,
Сауған сайын иіген,
Биесі бұтын жимасын,
Көнекке сүті сыймасын,
Ұзара берсін желісі,
Кеңи берсін өрісі.30 –
Ал, түйенің иесі Ойсыл қараға да шаруа адамы жалынып, жалбарынады. Оған да тілегін айтады. «Ит-құс, пәле-жаладан сақтай гөр, мал-басымды аман етіп, қорғап жүр» дейді де:
Және бір тілек тілейін,
Бергеніңді білейін,
Қотанға сыймас түйе бер,
Түйе берсең, үйе бер!
Жатқан жері даладай,
Азу тісі қаладай,
Екі өркеші баладай,
Қаршылдаған бурасы,
Жалбыраған шудасы,
Жібектен болсын бұйдасы.
Көзі жарық жұлдыздай,
Мойны иіл қобыздай,
Құйрығы ұзын қамшыдай,
Шудасы бар жамшыдай.31 –
Осындай жалбарыну ретіндегі тілектерін шаруа адамы Зеңгі бабаға, Сексек ата мен Шопан атаға да айтады. Бұлардан тілейтіні де, сұрайтыны да: «Мал басын өсімтал ет, түрлі қауіп-қатерден, ұры-қарыдан, ит-құстан, бәле-жаладан, ұрыс-жанжалдан сақтай гөр!».
Төрт түлік мал жайында шығарылған бұл өлеңдерден ерте кездегі шаруа адамның психикасы, ой-арманы, тілек-мүддесі айқын көрініп отырады. Сондай-ақ, бұл тектес шығармаларда кездесетін жоққа нанушылық, соқыр сезімге салынушылық, әр түрлі иелерге табынушылық ертедегі адамдардың ақыл-ой санасы төмен сатыда болғандығын аңғартады. Мұның бәрі ертедегі адамдардың хал-жайын, ой-санасын, дүниеге көзқарасын түсінуімізге көмектеседі.
Жоғарыда мысалға келтірілген шығармаларды әдебиеттік жағынан алғанда олардың өзіне тән ерекшелігі барлығын аңғару қиын емес. Бұл ерекшелік – төрт түлік малдың қандай жекелік қасиеті барлығын айқындауында. Өмірі мал бағып өскен, мал сырын жақсы білген адам төрт түліктің әрқайсысына тән қасиетін, характерін айырған. Шаруа адамына сиыр малы неліктен қадірлі, жылқының қызметі немесе түйенің пайдасы қандай? Міне, бұларды жоғарыда аталған өлеңдер айқындап береді.
Сондай-ақ, «малдың баласын сүюі» дейтін өлеңде жаңағы айтылған, төрт түліктің өзіне тән тағы бір сипатын аша түседі. Онда:
Қой сүйеді баласын, қоңырым деп,
Ештеңені білмеген момыным деп,
Сиыр сүйеді баласын, торпағым деп,
Қараңғыда баспаған қорқағым деп
Түйе сүйеді баласын, боташым деп
Жаудыраған көзіңнен, тоташым деп
Ешкі сүйеді баласын, лағым деп,
Тастан тасқа секірген шұнағым деп
Жылқы сүйеді баласын, құлыным деп,
Тұлпар болар жүгірген жұрыным деп.32 –
Күн көрісі, тұрмыс тіршілігі төрт түлікке байланысты болғандықтан адам баласы мал өсіруді негізгі кәсібі еткен. Бұл ретте тәжірибесі мол қариялар айтты қылып, кейінгі жастарға мал бағу жайын қайтсе мал басын өсіруге болатындығын өлең-жыр арқылы бейнелеп көрсеткен. Мал бағу жөнінде ғасырлар бойына жинаған тәжірибесін халық «Мал баққанға бітеді» деген даналық мақалмен қорытындылайды. Мал бағып, кәсіп еткен халық жастардың, жас балалардың есіне осы ойларын құя берген. Онда айтатыны: жалқау болма, еңбек ет, мал өсір. Бұлай етпесең, азып кетесің деп, ақыл-өсиетін айта келеді. Мұны:
Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озар, –
дейтін балаларға арналған өлеңнен көруге болады. Сол секілді балаларға арналған «Түйе, түйе, түйелер» деген өлеңде мал басының қалай құралатындығын, бұл жөнінде не істеу керектігін көрсетеді.
Түйе, түйе, түйелер
Тұзың қайда түйелер?
Балқан таудың басында,
Балды қоян қасында.
Еніп кеттім егіске,
Қойным толды жеміске
Жемісімді жерге бердім,
Жер жусанын берді.
Жусанын мен қойға бердім,
Қой маған қошақанын берді.
Мұз суын берді.
Суын қара сиырға бердім,
Қара сиыр сүтін берді.33 –
деп тізбектей соза береді. Бұл келтірілген мысалдан шаруа адамының мал басын күту, өсіру жайындағы ойы, тәжірибесі көрінеді. Әрине, мал бағу, күту, өсіру оңай іс емес. Ол ерінбеген еңбекті керек етеді. Сондықтан, халық әдебиеті бұған да көңіл аударады. Бұл ретте халық әдебиеті «Төрт түліктің кеңесі», «Иесі мен сиырдың айтысы», «Ешкі мен қойдың айтысы» секілді өлеңдер де шығарған. Осы өлеңдер арқылы мал күтімін жақсарту үшін адамдардың еңбек ету, малға керекті азық, қора-қопсы дайындаудың қажеттілігін ескерткен. «Иесі мен сиырдың айтысында» бұл жай айқынырақ суреттеледі. Онда мал иесінің жұмысқа селсоқ қарағандығы, малына қора-қопсы жасамағандығы, шөп шауып, азық дайындамағандығы айтылады. Осының салдарынан оның малы арып, азады, көтеремге айналады. Ашыққан сиыр жем іздеп көрінген үйдің қорасына қарай жүгіреді. Сиырының бұл қылығын жаратпаған иесі, оған ұрсып «Көзіңді ойып алайын, соғымға соямын» деп қорқытады. Бірақ, сиыр бұған дау айтады да, өзінің бұл күйге түсуі – иесінің жалқаулығынан болғанын білдіреді.
Халықтың төрт түлік жайында шығарған өлең, жырларында мұндай әңгімелер өте жиі ұшырайды. Оларда мал басын көбейту үшін еңбек ету, малдың қамын ойлау, қора-қопсысын, азығын даярлау керек екендігі аңғартылады. Мал өздігінен өседі деп жалқаулыққа салынушыларды, бейқамдарды әжуа, сықақ етеді.
Төрт түлік жайында шығарылған өлеңдерде мал күтімін суреттеумен қатар, малды бағу жайы да сөз болады. «Малды өсіргің келсе, оны баға біл, ит-құсқа жем қылып алма, сақ бол, малшыны сайлап ал» дегендер осы алуандас өлеңдердің негізгі сарыны, басты мазмұны болып келеді. «Қасқырдың қойшыларға айтқаны» дейтін халық өлеңінде бақташылар жайы мына түрде суреттеледі:
Бала қойшы,
Алыста ойнап қала қойшы.
Екі қойшы –
Ермек қойшы.
Атты қойшы –
Ашуы қатты қойшы.
Түйелі қойшы –
Тұрған қойшы.
Өгізді қойшы –
Өлген қойшы,
Жеп болғанда көрген қойшы34.
Бұл мысалдан қойшының қандай болу керектігі аңғартылады. Баладан қойшы қойсаң, алдындағы малын ұмытып, ойынға салынады, қойшының көлігі өгіз не түйе болуы да қолайсыз, қойға шапқан қасқырға айбар көрсете алмайды. Сондықтан қойшыға жақсы ат беру керек дегенді шаруа адамы өзіне тәжірибе етеді. Осы жағдайда ол алдындағы малын ит-құсқа жем етпек емес деп топшылайды.
Қазақ халқы төрт түлік мал жайында шығарған ұсақ өлеңдерінде жылқы мен түйеге айрықша көңіл бөлген. (Төрт түлік жөнінде тек ұсақ өлеңдер ғана шығарылған емес, ол ауыз әдебиетінің барлық түрінен орын алған. Оларға кейінгі тарауда да тоқтаймыз). Оның себебі осы аталған екі түліктің қазақ тіршілігінде ерекше орын алуына байланысты еді. Жылқы ертедегі қазақ үшін кисе – киімі, жесе – еті, ішсе – қымызы бар мал болуымен қатар, ол көлік еді. Ең басты қасиеті – жылқы ел қорғау жолында айрықша пайда келтірген мал.
Тарихтың айтуына қарағанда, өткен заманда қазақ еліне шетелдік басқыншылар талай рет шабуыл жасап, ойран салған. Басқыншы жауға қарсы қазақ жігіттері әскери жасақ құрып аттанған, тойтарыс берген. Сонда олар өздеріне керек тұлпар атты сайлап мінген. Мұндай тұлпарлар ел қорғаған батырлардың жауынгер жолдасы, жәрдемшісі болған. Сондықтан да халық әдебиеті ел қорғау ісінде батырларға қызмет еткен сәйгүлік, тұлпар аттарды сүйсіне жырлап, өзінің әңгіме-жырына қосқан (Бұл жөнінде «Батырлар жыры» бөлімін қараңыз.)
Ал халықтың түйені ардақтап, ауыз әдебиетіне қосуы – оның адам үшін еті, сүті, жүні пайдалы болғандығында ғана емес. Ең бастысы – түйенің күшті төзімді көлік екендігінде. Көшіп-қонып жүрген жағдайда қазақ халқына негізгі көлік түйе болған еді. Түйе жемге, шөлге төзімді келеді. Ол бір-екі аптаға дейін жем жемей, су ішпей өркеш майын қорек етіп жүре беретін мал. Сондықтан да шаруа адамы түйе малын аса қадірлейтін болған. Түйенің ауыз әдебиетінде асыра мақтап жырлануының бір себебі осыда. Бұған «Боз інген» ертегісі дәлел.
Қазақ халқының ертедегі күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы төрт түлік малға байланысты болғандығы ауыз әдебиетінен белгілі орын алды. Ол көптеген шығармаларға тақырып, мазмұн болды десек, сонымен қатар, халықтың психикасына, сезім дүниесіне, тіліне де әсер етті. Әдебиетші ғалым Х.Жұмалиевтің айтуына қарағанда: «Мал бағып, күн көрген ертедегі адамдар өзінің жасаған ауыз әдебиетінде ең жақсы образ теңеулерді әртүрлі жануарлардың өмірінен алып отырған. «Бұған, – дейді Х.Жұмалиев, – екі себеп бар, біріншіден, төрт түлік ғасырлар бойы адамның ой-санасынан ұнамды орын алған; екіншіден, төрт түліктің қайсысы болса да көпке белгілі, сол белгілі нәрсе арқылы белгісіз нәрсені елестеткен»35. Осы пікірді қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымның бірі Б.Кенжебаев та айтады: «Қазақ халқы, – дейді Б.Кенжебаев, – малға сырмінез. Адамның келбетін, түсін, сыйқын, жақсы-жаман мінезін, қылығын айқындап көрсету үшін оны малдың мүшелеріне, мінезіне салыстырады, сөйтіп, әртүрлі теңеулер жасайды»36.
Қазақ баласын жақсы көргенде «құлыным», «қозым», «ботам» дейді. Бұл сөздер әдебиетте образға айналған. Ал, сұлу қызға «Ботакөз» деп әдемі теңеу табады. Көңіл-күйін білдіруге келгенде «ботадай боздады», «қозыдай шулады» деседі. Адам тұлғасын сипаттағанда «жігіттің нары екен» немесе, бойжеткен сұлу қыздар жайын айтқанда «жез бұйдалы нар тайлақтай» деседі. Мұның бәрі ауыз әдебиетінде жасалған ұнамды, қонымды теңеу, метафора, салыстырулар болып табылады. Бәрінің де оғаштығы жоқ адам ойына дөп келген образды сөздер. Олардың қайсысы болса да ерте заманнан бері төрт түлікпен кәсіп еткен халықтың тұрмыс тіршілігіне байланысты туған және адамдардың мал жайындағы ой-сезімін білдіре шыққан. Сондықтан жоғарыда айтылған секілді теңеу, метафора, образға айналған сөздер қазақтың әдеби тілін байыта түскен.
Төрт түлікке байланысты туған әдемі теңеу сөздер қазақ халқының ертеден-ақ мал шаруашылығымен айналысқанына айғақ секілді. Сондай-ақ, мал бағып кәсіп еткен халық, кісі аттарын да төрт түлік жайынан қойып отырған. Қазақтағы Жылқыбай, Түйебай, Қойшыбек сияқты кісі аттары да тегін қойылмаған. Бұл да қазақ халқының ертеден-ақ төрт түлікпен кәсіп еткеніне дәлел. Осыған байланысты бір мәселені атай кетелік. Қай халықтың тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі не нәрсеге байланысты болса, халық оны әдебиетіне көптеп енгізіп отырған. Егіншілікпен немесе құс шаруашылығымен ертеде кәсіп еткен халықтарды алсақ, олардың ауыз әдебиетінде бұл тақырып басым келіп отырады. Мәселен, орыс халқы мал өсірумен қатар, егін салуды ерте заманда-ақ білген, орыстың ауыз әдебиетінде егінші туралы, егіншілікпен кәсіп еткен шаруа адамы туралы шығарылған кесек шығармалар өте көп. Мұның себебі, орыс халқының тұрмыс-тіршілігі егінге байланысты болғандығынан. Ал қазақтың ертедегі ауыз әдебиетінде бұл тақырыпта туған шығармалар өте аз. Оның мәнісі қазақтардың ерте заманда егін егіп, оны кәсіп етпегендігіне байланысты.
Сонымен, жоғарыда айтылғандарды жинақтай келсек, қазақ халқының төрт түлік жайында шығарған өлең, әңгіме, жырлары өте мол екендігін байқаймыз. Бұл шығармалар мал шаруашылығымен кәсіп еткен халықтың өткендегі тұрмыс-тіршілігін, ой-сезімін, дүниеге көзқарасын, арман-мүддесін ұғынуымызға мол материал береді.
Достарыңызбен бөлісу: |