Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


Жұмбақтың тақырыбы, мазмұны



бет31/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Жұмбақтың тақырыбы, мазмұны
Халық жұмбақтарының тақырыбы өте көп. Жаратылыс дүниесі, табиғат жайы, еңбек-кәсіп құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер, адам және оның өмірі, өнер-білім, техника т.б. жұмбақтардың басты тақырыбы болумен қатар, мазмұны да болады. Бұл тақырыптардың бәрі жұмбақ көлеміне енгенде, әрқайсысы жалпылама түрде алынбай, бөлшектене, жекелене алынады.
Аталған тақырыптағы жұмбақтардың қайсысы қай кезде туғандығын көрсету, толық хронологиясын беру қиын нәрсе. Дегенмен кейбір тақырыптағы жұмбақтардың қашан туғандығын белгілеуге болады. Мәселен, өнер-білім, техника жайында шығарылған жұмбақтар бергі кезде, ХІХ ғасырдың ішінде туа бастағанын байқаймыз. «Аяғы жоқ жүреді, аузы жоқ сөйлейді» (хат), «Өзі жаңа, өзі тесік» (елеуіш), «Өмірді өлшейді, ешкімнен сұрамай; тіліңді алмайды, тетігін бұрамай» (сағат) дейтін жұмбақтардың ерте заманда тууы мүмкін емес. Өйткені ертедегі адамдарға хат, елеуіш, сағат дегендердің өзі түсініксіз болатын. Сондықтан бұл тектес жұмбақтарды бергі кездің шығармасы деп қарау керек.
Жұмбақтардың мол тақырыбының бірі адам баласының жаратылыс дүниесін тану әрекетіне байланысты туған деуге болады. Бұл тақырыптағы жұмбақтардан адамдардың дүние танудағы ой-өрісі, түсінігі, табиғат құбылыстары жайындағы ұғымдары да көрініп отырады. Олар ай мен күнді, жер мен көкті, от пен суды, қыс пен жазды, қар мен жаңбырды, жел мен құйынды т.б. жұмбақ еткенде, өздерінің ұғым-түсінігіне жақын нәрселерге салыстырады.
Аспан әлемі жұмбақ көлеміне енгенде көз жетпейтін дария, үлкен көк шатыр, кең сарай бейнесінде алынады. Кейде сол аспан әлемін мекендеушілер кімдер екенін жұмбаққа қосады. Мәселен:
Көріп едім үлкен дарияны,
Барша қыз мекен етіп жатыр оны.
Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар,
Жарықтық жеті сарбас балалары, –
деп, аспанды дарияға, жұлдыздарды қызға, Ай мен Күнді аққуға, жеті қарақшыны балаға теңейді.
Ай мен Күн, жұлдыз, Жеті қарақшы, Үркер, Шолпан үнемі парланып жұмбақталмайды, әрқайсысы өз алдына бір жұмбақ болып та отырады. Сонда күнді алма деп немесе күміс табақ, ақ сандық деп бейнелейді.
Жұлдыздар, көбінесе, ақ моншақ, меруерт, шашылған тары, ұсақ тас немесе қыз бейнесінде жұмбаққа қосылады («Үй үстінде ұсақ тас», «Там басына тары шаштым», «Тақиям толған сөк, ертеңгісін дым да жоқ» т.б.)
Айды жұмбақ еткенде, көбінесе оның үш мезгілі (жаңа туған, жартыланған, толған кездері) бөлшектене алынады. Әр мезгіліне бөлек-бөлек бейне табады. («Көп бауырсақ ішінде бір қалаш», «Жабық астында жарты күлше» т.б.) Мұнымен қатар, айды су бетіне түскен көлеңкесімен де суреттеп отырады. Мысалы:
Қонақтап күнде келер су бетіне,
Пар келмес гауһар затты келбетіне.
Мекені су жүзінде көрінеді,
Тамаша, қарап тұрсам суретіне. –
Халық аспан әлемінен шолпан, үркер, жеті қарақшы, кемпір-қосақ, найзағайды да жұмбағына енгізеді. Әрқайсысына ұқсас келетін сыртқы бейне, сурет, сипат, белгі табады. Шолпан, үркер, жеті қарақшыны, көбінесе, құс бейнесінде (жеті қарақшыны үйрек, үркерді балапан, шолпанды тоты құс деп) суреттейді.
Жаратылыс тақырыбына шығарылған жұмбақтардың бірсыпырасы жерге байланысты айтылады. Бұл ретте жұмбақ көлеміне енетіндер: жер, су, от, боран, қар, тау, тас, өсімдік т.б. Жерді жұмбақ еткенде өлшеусіз пішілген бір дүние, көлеміне көз жетпейтін кілем түрінде сипаттайды (мысалы: «Өлшеусіз піштім, жіпсіз тіктім», «Зер-зер кілем, зер кілем, көтерейін десем зор кілем» т.б.). Суды жыланға теңейді немесе ағысымен аңғартады («Жылт-жылт еткен, жырадан өткен», «Өзі тоқ, көлеңкесі жоқ»). «Отқа жанбас, суға батпас» деп мұзды, «Жер түбінен боз жорға ат келеді» деп боранды жұмбақ етеді.
Жер әлемін жұмбаққа енгізгенде оған бетіне шығатын өсімдіктерді де қосады. Бұл ретте халықтың жұмбақтарынан егін, шөп түрлері орын алады, әрқайсысының шаруашылыққа пайдасы көп екендігін көрсетеді. «Аласа терек, алпыс бұтақ, бұта сайын ұя, ұя сайын жұмыртқа» деп егіннің басын жұмбақтайды. Қауын-қарбызды көгенде жатып семірген көк лаққа теңейді. «Қырға кілем жайдым» деп жазғы жасыл жер көрінісін образды түрде бейнелейді.
Қазақ жұмбақтарының күрделі бір тақырыбы – төрт түлік мал, жалпы хайуанаттар жайына арналады. Мал өсіріп кәсіп еткен, оның сырын жақсы білген халық төрт түлікті жұмбақ еткенде, әрбір малдың аты айтылмайды, тек мүшелері айтылады. Бұл тақырыптағы жұмбақтар «Төсек астында төрт бауырсақ» (сиырдың емшегі), «Екі кісі қарауыл қарады, бір кісі шөпшек терді» (түйенің өркеші, ерні) секілді болып келеді. Кейде әр түліктің неше айда төлдейтінін де жұмбақ арқылы білдіреді. «Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі» дегенде түйенің он екі айда бір боталайтынын, жылқы он айда құлындайтынын, сиыр тоғыз айда бұзаулайтынын, ешкі бес айда лақтайтынын көрсетеді.
Хайуанаттар дүниесінен жұмбаққа қосылатыны: қасқыр, қоян, аю, жолбарыс, арыстан, түлкі т.б. Бұларды жұмбақтағанда, олар сыртқы бейнесімен, мінез-қылығымен алынады. Кейде жыртқыш аңдар жұмбақ көлеміне өздерінің адам баласына, төрт түлекке жасайтын қастығымен енеді. Мысалы:
Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,
Айбатты, жан шыдамас үндері бар,
Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ,
Кететін зиян қылып бір жері бар, –
деп жолбарысты жұмбақтайды.
Немесе:
Белестен шапқан бесті ат,
Бүкір келген желісті ат,
Күзетсізді іздейді,
Малдан күдер үзбейді, –
деп қасқырды сипаттайды.
Қасқыр жайы жұмбаққа, көбінесе, оның үй малына жасайтын қастығымен алынады. Мәселен, «Келінінің атасына айтқаны» дейтін әңгімеде қасқыр ғана жұмбақталмайды. Онымен бірге ескі ауылдың әдет-ғұрпы да суреттеледі. Бұл әңгімеде келіні атасына: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр, қынамадан жаныманы әкеліңіз», – депті. Мұнда өзен, қамыс, қой, қасқыр, қынап, бәкі жұмбақ түрінде айтылады. Ескі салт бойынша, жас келіншектер ауылдағы үлкен кісілердің атын атамайтын болған, атай қалса, ол күнәлі саналған. Ал мына жұмбақ түрінде айтылып отырған әңгімеде кісі атына ұқсас келетіндері бар (Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойшыбай, Бәкібай болуы мүмкін). Сондықтан оларды дана келін әрі жұмбақ, әрі түсінікті етіп тапқырлықпен жеткізеді. Бір жағынан, қасқырдың малға келтірген қаскүнемдік зиянын атйса; екіншіден, ескі салтқа байланысты ұғымды да жұмбақ етеді.
Хайуанаттармен қатар, қазақ жұмбақтарынан шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян т.б., қысқасы, барлық жәндіктер дүниесі орын алады. Бұлар өздеріні түс-түгі, сыртқы белгілерімен, әртүрлі тіршілігімен жұмбаққа енеді. Бұл тақырыптағы жұмбақтар «Ұшқанда өлең айтады, қонғанда жер қазады» (қоңыз), «Кішкене ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» (қарақұрт), «Елек-елек тарым бар, көтере алсаң бәрін ал» (құмырсқа және илеуі), «Ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды» (шегіртке) сияқты болып келеді.
Жұмбақтардың аса бір мол тақырыбы – еңбек-кәсіп құралдары және тұрмысқа керекті жабдықтар үлкенді-кішілі құрал-саймандардан бастап, ыдыс-аяқ, ине-жіпке дейін қамтиды. Арба, шана, қамыт-сайман, ер-тұрман, балға, балта, қысқасы, барлық, шаруа құралдары, үй жабдықтары, киім-кешек, ыдыс-аяқ, ине-жіп т.б. жұмбақ көлеміне енеді. Мысалы:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге аяғының.
Қос қолды хайуанға арта салып,
Салады әуезіне баяғының, –
деп, арбаны суреттейді. Немесе «Өзі батыр, жасырынып жатыр» (қақпан), «Тұрса түйедей, жатса қояндай» (ертоқым), «Алдың айпар, жанын жайпар» (шалғы), «Ерте тұрдым, екі айыр жолға түстім» (шалбар), «Екі шеті жұдырықтай, ортасы қылдырықтай» (тұтқыш), «Кішкене ғана тостаған, көтеріп мені тастаған» (үзенгі), «Бір тышқанда екі құйрық» (ине, жіп), «Кішкене ғана ақ күшік, жүгіре-жүгіре буаз болды» (ұршық), «Ұзын құйрық сауысқан, бір көлдің суын тауысқан» (қауға), «Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған – ауыз омыртқа» (отызы – уық, қырқы – кереге, ауыз омыртқасы –шаңырақ) деп жұмбақ етеді.
Қазақ жұмбақтарының тақырыбы және мазмұны жағынан әрі күрделі, әрі көбі: оқу-білім, өнер, техника жайын суреттеуге арналады. Бұл тақырыптағы жұмбақтардың біразы қазақ елінің Россия мемлекетіне қосылған кезінде туған секілді. Ал басым көпшілігі біздің социалистік заманымызда, қазақ халқының экономикасы мен мәдениеті өркендеген советтік дәуірде туғандығын байқаймыз.
Советтік дәуірде қазақ халқы экономикасы өркендеген, мәдениеті гүлденген елге айналды, оқу-білім, техникаға ие болды.
Ертедегі қазақтардың түсіне енбеген, тек арманы болған мәдениет ордалары, оқу-білім беретін орындар, техника құралдары көбейді. Қазақ жастары оқуға ұмтылды, әртүрлі жоғары мамандықтар алды, техниканы меңгерді. Қазақ аулының тұрмысына енген бұл жаңалықтар халықтың ауыз әдебиетіне, соның ішінде жұмбақтарға үлкен әсер етті; тақырыбы мен мазмұны жаңа жұмбақтар тууына себепкер болды.
Аталған тақырыптағы жұмбақтар өнер-білім, оқу, техниканы жалпылама түрде алмайды, әрқайсысын ажырата, жекелеп алады және нәтижесін айтады. Мысалы, оқу оқып, білім алуға керекті жабдықтар мен құралдарды сипаттау арқылы оқу-білім жайы жұмбақталады. Бұл ретте жұмбаққа енетіндер: қағаз, қарындаш, қалам, әріп, кітап, географиялық карта, дәптер т.б. Жұмбақ қалам мен қарындашты жүйрік жорғаға, сия сауытты – тастан соғылған, суы таусылмайтын құдыққа, әріптерді –ағайындас адамдарға теңейді. Кітапты «жаны жоқ болса да, ақылы адам ісін істейді» деп, немесе:
Бір нәрсе білмегенді білгізеді,
Өзіңді тұрсаң қарап күлгізеді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық,
Жаныңды тыңдай берсең, кіргізеді, –
деп сипаттайды. Географиялық картаны жұмбақ еткенде:
Жер көрдім қаласы бар,
Үйлері жоқ мекендейтін.
Көл көрдім, өзен көрдім,
Сулары жоқ тереңдейтін, –
деп бейнелейді.
Техника туралы шығарылған жұмбақтардың көлеміне енетіндер: көбінесе, автомашина, паровоз, поезд, телеграф, телефон, радио, комбайн, трактор, электр, самолет т.б. Халықтың жұмбақтарында паровозды алып күшті қара айғыр немесе боздаған қара інген деп, поезды көшіп бара жатқан керуен деп суреттейді. Радионы жансыз бұлбұлға немесе аспан тілшісіне теңейді. Самолетті аспан айдынында жүзген жайын бейнесінде алады. Электрді «байласаңыз жүре бастайды, шешкенде тұрып қалады» деп көрсетеді. Телеграфты жұмбақ еткенде:
Білмеймін аяқтарын неше мыңнан,
Бір нәрсе арқасында жалғыз қылдан,
Өзінің иелері әмір қылса,
Жер жүзін бір сағатта сайран қылған, –
деп сипаттайды.
Өнер-білім жайында шығарылған жұмбақтар бір жылда неше ай, неше күн, неше жұма бар екендігін де қарастырады. Бұл ретте жұмбақ жылды самұрық құсқа, бір жылдағы 365 күнді жұмыртқаға, 12 айды ұяға, 48 жұманы балапанға теңейді. Сөйтіп бұл жұмбағын халық календарь есебінде айтады.
Халық жұмбақтарының кейбіреулері өткен замандағы байлар мен дін иелерін күлкі, әжуа етіп сипаттайды. «Қу ағаштың басында құтырған адам айқайлайды» (мешіт, молда) деген жұмбақ та халықтың дінге, азаншы молдаға көзқарасы қандай екенін білдіреді. Дін ордасы деп молдалар айтатын мешітті қуарған ағашқа, азаншыны құтырған адамға теңейді, мазақ етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет