Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


ІІ ТАРАУ МАҚАЛ-МӘТЕЛ, ЖҰМБАҚТАР



бет27/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

ІІ ТАРАУ
МАҚАЛ-МӘТЕЛ, ЖҰМБАҚТАР
Қазақ халқы, басқа халықтар секілді, жазу-сызу өнері болмаған кездің өзінде-ақ ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін тудырып, солар арқылы тұрмыс-тіршілігінің әр алуан жақтарын суреттеген; қоғамдық өмірін, дүниеге көзқарасын, таптық күресін, арман-мүддесін т.б. бейнелеп көрсеткен. Осы негізде туған және ауыз әдебиетінің күрделі бір түрі деп халықтың мақал-мәтел, жұмбақтарын атаймыз.
Мақал-мәтел, жұмбақтар бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған, ерте заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан, бұл сапарында әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған.
Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының ел арасынан жиналуы, хатқа түсуі, баспа бетінде шығуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың кейбір үлгілерін ертеректе ел арасынан жинап жазып алғандар Ш.Уәлиханов, В.Радлов болғанын білеміз. Бұлардан кейін, революцияға дейін қазақтың мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын жинап, баспа жүзіне шығаруда айтарлықтай еңбек еткендер: Ш.Ибрагимов, А.В.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ф.Плотников, В.В.Катаринский, Ә.Диваев, Сабыржан Садықов, Мейрам Искаков т.б. болды. Аталған адамдар қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының кейбір үлгілерін жинап жазып алды да, сол кезде орталықта және Омбы, Қазан, Орынбор қалаларында шығатын газет-журналдарға бастырды, жеке кітапша етіп шығарды. Мәселен, Ш.Ибрагимов қазақтың мақал-мәтелдерін 1874 жылы Орынборда, А.Васильев 1892 жылы Орынборда, В.Катаринский 1899 жылы Орынборда, Ф.Плотников Омбыда бастырды. П.Мелиоранский жинаған мақал-мәтелдер археология қоғамының шығыс бөлімінің еңбектерінде (1893 ж.) жарияланды. М.Искаков жинаған мақал-мәтелдер 1914 жылы Қазан қаласында өзалдына кітапша болып шықты. С.Садықовтың «Жұмбақ» деген жинағы 1902 жылы Қазан қаласында басылды. Ә.Диваев жинаған мақал-мәтелдер «Туркестанские ведомства» дейтін газетте жиі жарияланып тұрды.
Қазақтың мақал-мәтелдері, жұмбақтары советтік дәуірде мол жиналумен қатар, баспа жүзіне шығып, ел арасына тарап отырды. Мәселен, «Мың бір мақал» дейтін жинақ 1925 жылы басылды. 1935 жылы Өтебай Тұрманжанов төрт мыңнан астам мақал мен мәтел енгізіп, «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» деген атпен үлкен жинақ шығарды. Бұл қазақ мақалдарынан құралған көлемді жинақтың бірі еді. 1950 жылы Қазақтың Ғылым академиясы қазақ мақалдарының Б.Ақмұқанова құрастырған жинағын шығарды. Советтік дәуірде қазақтың жұмбақтары да бірнеше рет жинақ болып басылды. Бұлардың ішінде көңіл аударарлық жинақ 1940 жылы шықты; оны құрастырған профессор С.Аманжолов, ал сөз басын жазып, редакциясын басқарған профессор М.Әуезов еді.
Сөйтіп, қазақ халқының мақал-мәтелдері, жұмбақтары ел арасынан ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бергі жерде ғана жинала бастағанын көреміз. Ал оларды ғылыми жолмен зерттеу ісі революцияға дейін де, онан кейін де өрістеп кетпегенін ескерту қажет. Рас, соңғы жылдары бұл іске біраз қөңіл аударылып келеді; мақал-мәтел, жұмбақтар жайында жазылған ұсақ мақалалар, айтылған пікірлер бар. Бірақ олар монографиялық көлемде жазылған ғылыми зерттеулер болып табылмақ емес, тек болашақта жазылатын үлкен еңбектердің алғашқы барлаушысы, бастамасы деуге болады. Осы жағдайларды еске ала отырып, біздің бұл еңбекте алдымызға қойған мақсатымыз: қазақ халқының тарихында ерте заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерді, жұмбақтарымен шолу түрде танысу, олардың халықтық және әдебиеттік сипатын байқау.


Мақал
Ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, мақалдың өзіне тән ерекшеліктері мен өзгешеліктері бар. Ең алдымен, әдебиеттік жағынан алғанда, мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. М.Горькийдің «мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік, барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді» деуі осыдан86.
Қандай мақалды алсақ та, оның шығуына себеп болған үлкен оқиға, мәнді әңгіме жатады. Мақал соларға берілген баға, жасалған қорытынды, яғни «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» есебінде жүреді. Халық аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, өзінің өмірінде көргендерін, бастан кешірген кезеңдерін, алған тәжірибелерін мақал арқылы айтып береді. Бұл жағынан алғанда, көптеген мақалдар ақыл-өсиет, нақыл сөз есебінде қызмет атқарады.
Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазыналы мұрасы болып табылады. Бұдан, әрине, барлық мақалды халық шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді, мақал да таптық ой-санадан, таптық көзқарастан туған. Мақалдарды үстем тап та шығарып, оған таптық идеясын қосқан, идеологиялық құрал еткен. Мәселен, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «Алтын басты әйелден бақа басты бала артық» деген сияқты үстем тап адамдары шығарған мақалдар халықтың тілегіне, көзқарасына мүлде жат, жанаспайды. Сондықтан оларды еңбекші халық қабылдамаған.
Мақалдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне, еңбегі мен тәжірибесіне байланысты туғандықтан, оның тақырыбы да орасан көп. Бұл ретте мақалға қосылмаған нәрсе жоқ деуге болады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салты, дүние танудағы көзқарасы, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен қайғысы, айтатын ақыл-өсиеті, үйретуі мен үкімі, қысқасы халық өмірінің барлық жақтары мақалдардың басты тақырыбы болып отырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет