Батырлар жырының жиналуы және зерттелуі
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің ел арасынан жиналуы өткен ғасырдан басталады десек, мұны батырлар жыры жөнінде айтуға болады. Батырлар жыры да ел арасынан XIX ғасырдың ішінде жазылып алына бастады. Бұл жөнінде де айрықша еңбек еткендер жоғарыда аталған адамдар еді. Бұған, әсіресе, Ш.Уәлихановтың, В.Радловтың, Н.Ильминскийдің, Г.Потаниннің, А.Васильевтің, Ә.Диваевтың т.б. жинап бастырған батырлар жыры дәлел. Дегенмен батырлар жырының молынан жиналған кезі советтік дәуірде болды. Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазба фондысында батырлар жырының, көлем жағынан ғана алғанда, бір мың баспа табақтай материалы болуы – советтік дәуірде ауыз әдебиетін жинау ісіне көп көңіл бөлініп келе жатқандығын сипаттайды.
Қазақтың батырлар жыры ертеден келе жатқан мәдени мұраның ең мол түрі дедік. Бірақ Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейін оларды ел арасынан жинап алушылар болса да, оны шын мәнінде ғылыми жолмен зерттеушілер болған жоқ. Рас, қазақтың батырлар жыры туралы Шоқанның, Радловтың, Потаниннің бірен-сарандап айтқан пікірлері болды. Дегенмен олар қазақтың батырлар жыры өте көп, әрі көркем, оны жинау керек деген пікірден онша асып кете алмады. Олар қазақтың батырлар жыры жайында арнап зерттеу еңбектер жазбаған. Сондықтан да олар батырлар жырының тууына әсер еткен қоғамдық, тарихи жайларды, батырлар жырындағы халықтық, қоғамдық мәселелерді ашып көрсете алмады. Мұнымен қатар, олардың батырлар жыры жайында айтқан кейбір пікірлері қате, теріс те еді. Шоқанның Едіге мен Абылай жайындағы жырларды асыра мақтауы, Потаниннің батырлар жырын зерттегенде әрбір халықтың творчестволық қабілетін кемітуі, жырдың мазмұнын бір халық екіншісінен алып отырады деуі, Радловтың қазақта батырлар жыры жоқ деуі т.б. ағат айтылған қате пікірлері, теріс көзқарастары болатын.
Батырлар жырын зерттеу ісі советтік дәуірде қолға алынды. Батырлар жыры жайында газет, журналдық мақалалардан бастап, кандидаттық, докторлық диссертацияларға дейін еңбектер жазылды, орта мектепке арналған оқу құралдары көлемінде зерттелді. Советтік дәуірде қазақтың батырлар жырын зерттеуде М.Әуезов106, С.Мұқанов107, Х.Жұмалиев108, Ә.Марғұлан109, Б.Кенжебаев110, А.С.Орлов111 секілді әдебиетші-ғалымдар бірсыпыра жұмыстар жүргізді. Бұлардың еңбектері ірілі-ұсақты кемшіліктері бола тұрса да, батырлар жырын ғылми тұрғыдан зерттеудің алғашқы бастамасы еді.
Батырлар жырын зерттеуде қате-кемшіліктер де болмай қойған жоқ. Кейбір еңбектерде батырлар жыры сын көзімен қаралмай, барлығын бірдей халықтық деп бағалау, асыра мақтау басым болды. Бертін келе батырлар жырының барлығын бірдей халыққа жат деп көрсету кейбір әдебиетшілер мен тарихшылардың еңбектерінен орын алды.
Шынына келгенде, батырлар жыры жайында орын алған бұл екі көзқарастың екеуі де теріс, зиянды еді. Батырлар жырының барлығын кіршігі жоқ, таза халықтық шығармалар деп бағалау немесе олардың бәрі де халыққа жат деп көрсету – тарихқа жасалған үлкен қиянат болып табылады. Батырлар жырының, тіпті жалпы ауыз әдебиетінің ерте заманда, халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде туғандығын, олар ауызша туып, ел арасына ауызша айтылу арқылы тарағандығын, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айту негізінде жеткендігін, осының негізінде әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес талай-талай өзгерістерге ұшырағанын еске алсақ, әрбір жырдың жай-күйі ашыла түспек. Кейбір жырлардың алғашқы нұсқасы халықтық ортада туып, кейіннен оны үстем таптың иемденіп кеткенін аңғару да қиынға соқпайды.
Сондықтан біз батырлар жырын сөз еткенде оның туу, ел арасына тарау жайын, қандай жағдайда және қалай дамығандығын еске алуға тиістіміз. Жырды зерттегенде, оқытқанда, талдағанда екі мәдениет туралы лениндік ілімге сүйене отырып, шын мәніндегі халықтық жырларды ала білуіміз керек. Батырлар жырының барлығын таза халықтық немесе бәрі де халыққа жат, керексіз мүлік деп қараушылықтың зиянды екендігін еске тұту қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |