Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


Қызылбастар мен қалмақтар туралы



бет46/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Қызылбастар мен қалмақтар туралы
Ертеде туған батырлар жырында ел қорғаған ерлердің алысатын жаулары не қызылбастар немесе қалмақтар болып келеді. Бір жырдың өзінде қызылбас пен қалмақ аралас жүреді. Мұның себебі не және олар кімдер?
Тарихтың айтуынша, жоғарыда сөз еткен Шыңғыс ханның Жебе және Субедей деген қолбасшылары 1222-1224 жылдары Солтүстік Иран, Кавказ және Оңтүстік шығыс Европаға шабуыл жасап, олардың көптеген жерлерін өздеріне қаратады112 1231-1239 жылдар арасында монғолдар Кавказ, Азербайжан елдеріне шабуыл жасайды113. Осындай басқыншылық шабуылдардың нәтижесінде монғолдар бүкіл солтүстік Иранды, Кавказ бен Азербайжанның көп жерлерін өздеріне қаратып алады.
1256 жылдан бастап бүкіл кавказдық елдер, Иран, Ирак және Кіші Азияның бірсыпыра жерлері Хулагу хан құрған монғол мемлекетіне (ұлысына) бағынады. Бұл жерлерге үстемдік ету, монғолдық тәртіп орнату үшін Хулағу хан өзінің қарамағына елу-алпыс мыңдай әскер ұстайды114. Хулағу ханнан кейін бұл жерлерді монғолдардың Абаға хан (1265-1282 жылдары хандық құрған), Ахмет Такудар (1282-1284), Арғұн хан (1284-1291) билеп тұрады. Ал, 1295 жылдан 1304 жылға шейін хандық құрған Газан хан (Қазан хан) болады. Хулағу хан бастаған бұл мемлекеттің соңғы патшасы Абусайд (1316-1335) болған.
Хулағу ханның мемлекеті бүкіл Монғолия державасының бір бөлегі есебінде саналған. Бұларға Шыңғыс ханның балалары (Жошы, Шағатай, бұлардан кейін Бати, Берке) көп жәрдем, әскери күш-көмек беріп отырған. Бірсыпыра ауқытқа дейін жергілікті елдер Хулағуліктерге бағынбай, соғысып, алысумен өткен. Хулағуліктерге бағынбай, қарсылық, қайрат көрсеткендер Кавказдықтар, азербайжандар және қыпшақтар болған115.
Иранды, Кавказды және Азербайжанды өздеріне қаратқан монғол хандары Хулағу мемлекетін (ұлысын) нығайтуға күш салады. Ол үшін бұлар екі үлкен нәрсені жүзеге асыруға тырысады. Бірінші: әскер күшін нығайту болады. Монғолдар өздерінің әскеріне жергілікті елдерден де адам алады. Монғол хандары атты әскерден жасақтар құрады. Олар көбінесе ат үстінде соғысады. Осындай жағдайда жауларынан өздерін айыру үшін ирандық монғолдар бастарына қызыл бөрік киеді. Осыдан барып оларды «қызылбас» деп атаған деседі116.
Ғазан хан және одан кейінгі хандар да өздері құрған мемлекетті нығайту мақсатымен айналасындағы елдерге талай рет шабуыл жасап отырған. Реті келсе, сол жерлердегі елдерді өзіне бағындырып алуды көздеген. Ғазан ханның әскерлері Каспий теңізінің батысына, Дербент, Баку, Астрахань қалаларына шейін де жорық жасап келген. Олар әсіресе сол жерлерді мекендеген қыпшақтардың кең қоныс, шұрайлы жерлерін тартып алуды көксеген. өздерінің жер-су, қоныстары үшін қызылбастарға қарсы күресіп, қарсылық көрсеткен, ерлік жасап соғысқан ел қыпшақтар болған117.
Осындай сұрапыл айқастар кезінде әр жердегі қыпшақ рулары күш біріктіріп, бір-біріне жәрдем берген, сырт жауға қарсы аттанған. Қыпшақтың әскери жасақтарын ер жүрек, жауынгер батырлар бастаған. Олар қан майданда қас дұшпанмен соғысып, елдерін қорғап отырған. Сыртқы жаулар мен арпалысқан күрес жағдайларында батырлар әскер жасақтарының басшысы есебінде үлкен қызмет атқарған. Сондықтан да олардың ел қорғаудағы ерлік істерін, батырлықтарын халық ардақтап жыр еткен.
Міне, ертеде шыққан жырларда қазақ (қыпшақ) батырларының алысатын жаулары қызылбастар болып келуі жоғарыда көрсетілген тарихи шындықтың елесі секілді. Ал бертін келе, қазақ жеріне шабуыл жасаушылар қызылбастар болмай, қалмақтар болады. Қалмақтарға қарсы күресіп, ел-жұртын қорғап қалған батырлар жайында да жаңадан көптеген аңыз-ертегілер, өлең-жырлар туады, оларда ел қорғаған батырлар ардақталады. Мұндай жырлар бір жағынан, жаңадан, тыңнан шығарылса, екіншіден, ертедегі жырлар соңғы кездің оқиғасын суреттеп көрсету үшін қайта өңделеді. Бұл жырларда, бір жағынан, қалмақ басқыншыларына қарсы қазақ халқының ерлік күресін негізге алса; екіншіден, осы күресті көрсету үшін ертедегі жырларды да пайдаланады. Халық арасында ертеден айтылып келген кейбір батырлар жырына жаңа мазмұн береді. Осы аталған кезде туған жырлардың кейбіреулеріне қазақ батырларының алысатын жаулары не қызылбас, не қалмақ болып келуі осыдан болу керек. Бұл ретте Н.А.Добролюбовтың мына бір пікірін еске алайық.
Добролюбов былай дейді: «Орыстың батырлар жыры ерте заманда, көп құдайға табынып жүрген кездің өзінде-ақ туған. Бертін келе олар ұмытыла бастаған. Бірақ орыс жеріне татар басқыншыларының шабуыл жасаған кезінде халық ертедегі батырлық жырларын, ерлік салтын еске ала отырып, сол жырларды қайтадан жөндеген. Ертедегі жырларды қайтадан, жаңаша жырлаған, оған соңғы кездің оқиғаларын қосқан. Сөйтіп осы негізде батырлық жаңа жырлар шығарған, бұл жырларда ертедегі және соңғы кезде болған оқиғалар араласып кетіп те отырған»118.
Добролюбовтың бұл пікірі қазақтың кейбір батырлар жырында қызылбастар мен қалмақтардың аралас келу себебін ашып береді. Қазақ халқының қалмақ басқыншыларына қарсы күресі бергі кезде болды. Бұған қарағанда, қалмақ феодалдарының шапқыншылық әрекеттеріне қарсы ерлікпен күресіп, жауға тойтарыс берген қазақ халқының батырлық тұлғасын көрсету үшін жыршы ақындар өткен заманда туған батырлар жырын да пайдаланған секілді. Ескі жылдарға соңғы кездің оқиғаларын қосып, біраз жаңартқан деуге болады.
Демек, ерте заманда туған батырлар жыры жоғарыда аталған тарихи жағдайлардың негізінде, соларды әдебиет арқылы әңгімелеу, жырлау ретінде шықты. Бұл оқиғалар батырлар жырынан орын алды. Аталған оқиғалар тек жырланып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзінің бағасын да, сынын да алып отырды. Әрине, ертеде туған жырлардың қайсысын алсақ та, оның шығуы белгілі бір мақсатты, таптық, қоғамдық идеяны көрсететінін байқаймыз. Осы тұрғыдан қарағанда, ертедегі батырлар жырының өзінде халықтық және халыққа жат идеялардың барлығын көреміз. Екінші сөзбен айтқанда, аталған кезде туған жырлардың бір тобы халықтық ортада; екінші біреулері, феодалдық ортада туғанын аңғарамыз және екеуінің бір-біріне әлсіз түрде болса да, қарама-қарсы екендігін сезінеміз. Бұдан батырлар жыры ерте кездің өзінде-ақ екі бағытта туғандығын, болған тарихи жағдайды, оқиғаларда екі бағытта бағалағандығын көреміз. Жырлардың кейбіреулерінде халықтың арман-ойы, мүддесі, көзқарасы жатса; екінші біреулерінде феодалдық тілекті жырлаушылық басым болып отырады. Тіпті халықтық жырлардың өзінде де халық тілегіне қайшы келетін әңгімелердің орын алатыны бар. Сондықтан да батырлар жырын түсіну, бағалау үшін оларды сын көзімен, халық мүддесі тұрғысынан қарауға тиістіміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет