Батырлар жырының құрылысы
Батырлар жырының қайсысы болса да оқиғаға құрылады, сюжетсіз жыр болмайды. Жырдың сюжеттік құрылысы жырдағы басты кейіпкер жайын, оның ағайын-жұрты, жолдас-жоралары және олардың бір-бірімен қатысы, қуанышы мен күйініші, алыс-тартыс жорықтары, жау адамдарының іс-әрекеттері жайын суреттеуден туады.
Қазақтағы батырлар жырының құрылысын сөз еткенде, оның көпшілігіне тән ерекшеліктің бірі – жырдағы оқиғалардың басты кейіпкерлер төңірегінде болатындығында сияқты. Кейбір жырлардың оқиғалары көбінесе басты кейіпкерлерге байланысты алынады да, солар арқылы дамитындығы көрінеді. Бұған мысал ретінде «Қобыланды батыр» мен «Ер Тарғын» жырын келтіруге болады. (Бұл жөнінде осы жырлардың талдауын қараңыз.) Жырдың мұндай құрылысы, яғни оқиғаны басты кейіпкер арқылы дамыту – оқиғаны тізбектеп жырлау әдісі деп аталады.
Қазақтың батырлар жырында оқиғаның басталуы әр түрлі болып келеді. Кейбір жырлар («Ер Тарғын», «Қамбар») әңгімені басты кейіпкердің ер жетіп, есейген кезінен, содан былайғы жерде жасаған ерлік істерін сипаттаудан бастайды, жырдың сюжетін осылай құрады. Ал енді бір жырларда («Алпамыс», «Қобыланды батыр») жырдың сюжеттік желісі әріден, яғни басты кейіпкердің дүниеге келмей тұрған шағынан, тартылады. Осыдан былай жырдың әңгімесі өрістей, сатылап өрлей, дами береді. Сондай-ақ, кейде батырлар жырының оқиғасы басты кейіпкердің (Мысалы, «Ер Тарғын») бірден іс-әрекетке кірісуінен басталады. Жыршы ақындар өздерінің жырындағы басты кейпкер жайын айтпастан бұрын, оның кім екендігімен тыңдаушыны таныстырмай тұрып, батырдың ұрыс үстінде жасаған ерліктерін суреттейді. Содан кейін ғана ақын батырға оралып, жырдың оқиғасын ілгерілете жөнеледі.
Батырлар жырының құрылысы, сюжеттік әңгімелерді қиыннан қиыстырып айта білу, әрбір оқиғаны тартымды етіп суреттеу, негізгі ойдың желісін бұзбай бір оқиғадан екіншісін тудыру, әрбір ұсақ бөлшектің өзін сипаттай жырлау жыршы ақындардың шеберлігіне байланысты болып отырады. Қандай көркем шығарма болса да, оның сюжет құрылысы шеберлікті керек ететіндігін батырлар жыры да дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |