Бұл ретте батырлар жырын көп жырлаған қарт ақын Айса
Байтабыновтың мына бір сөзін келтірейік. Ол былай дейді:
– Мен жас кезімде көптеген ақынның жырын
тыңдадым. Ол ақындар жырын жұрттың жиналған жерінде
көпшіліктің сұрауы бойынша айтатын еді. Егер көпшілік
ақынның жырын сүйсіне, қызыға тыңдаса және жырды
ұзағынан жырлауды өтінсе, онда ақын жырын бірнеше күн
бойына айтатын еді. Ол жырын кешкі асты ішкеннен кейін
бастап, таң атқанға дейін жырлайтын, жырдың жалғасын
келесі күні тағы айтатын. Сонда ол бір әңгімесін
қайталамай, жаңадан тың әңгімелер қосып отыратын. Ал,
тыңдаушы
көпшілік
жырды
онша
ықыластанып
тыңдамаса, онда жыршы батырдың
бір-екі жорығын ғана
айтып,
әңгімесін
доғаратын
(Тіл
және
әдебиет
институтының қолжазба фондысы, № 29/5).
Бұл пікірді жалғыз Айса емес, батырлар жырын
шығарған ақындардың (Нұрпейіс, Мұрын жырау,
Шашубай т.б.) бәрі де айтқан. Оның дұрыстығын қазақ
әдебиеті тарихын зерттеп жүрген әдебиетші ғалымдар да
(М.Әуезов,
С.Мұқанов,
Ә.Марғұлан,
Х.Жұмалиев,
Е.Исмайылов т.б.) өздерінің еңбектерінде әлденеше рет
анықтаған болатын.
Батырлар жыры халықтың жазу өнері болмаған кезде
туды. Оны жыршы ақындар шығарып, ел арасына ауызша
айту түрінде таратты. Жырдың алғашқы үлгілерін кейінгі
ақындар
пайдалана отырып, оны көпшіліктің тілегіне сай
өзгертеді, өңдейді. Әрбір ақын өздерінің жырын жұрттың
жиналған жерінде айтқанда, бұрыннан таныс әңгімелерді
қайталай бермей, тыңдаушыны сүйсіндіріп қызықтыратын
жаңадан тың әңгімелер қосады. Егер тыңдаушы көпшілік
ақыннан жырды ұзағынан айтуды, батырдың балалық
шағынан бастап, қартайғанда дейінгі өмірін, ел қорғаудағы
ерлік істерін
молынан жырлауды өтінсе, онда халықтың
бұл тілегімен ақындар санасып отырған. Осы ретте олар
жырын бірнеше күнге созып айтатын болған.
Әрине, жырды ұзағынан айту, бір оқиғадан екіншісін
тудыру, әңгіменің жалпы желісін бұзбай молынан қамти
жырлау әрбір ақыннан асқан шеберлікті, ақындық өнерді
керек етеді. Сондықтан да олар көпшілік алдында жыр
айту үші оған көп даярлық жасаған,
ертеден келе жатқан
және бұрын жұртқа таныс болған жыр әңгімелеріне
қиыстырып жаңа сюжет қосу жайын көп қарастырып, көп
ізденген. Ертеден келе жатқан жыр сюжеттерін негізге ала
отырып, оны әрбір ақын өзінше жырлаған, жаңадан
редакциялаған.
Мысалға
Нұрпейістің
айтуындағы
«Қобланды батырды» алуға болады. Бұл жырды өзінен
бұрын талай ақындардың жырлағанын айта келіп, ол:
«Мен жырдың негізгі әңгімелерін ұғып алдым да, оны
өзімше жырладым», – дейді.
Батырлар жырын айтатын ақындардың қайсысы
болса да, ерте заманда
туып ел арасына тараған
жырлардың көбінесе оқиға желісін пайдаланған. Кейбір
дарынды ақындар ондай жырлардың мазмұнын ғана алып,
сөзін өздері шығарған, бұрынғы айтылуындағы стилін, сөз
саптасын, өлеңдік өлшемін сақтап отырған. Мұнымен
қатар, ондай ірі айтқыш ақындар бір батыр жайында
ұзағынан айтылатын және батырдың барлық өмірін, ісін
камтитын көлемді жыр шығару үшін, сол батыр жайында
әр жерде бұрыннан айтылып жүрген жырларды
жинастырған, оларды қиыстырып редакциялаған. Сөйтіп,
бір жырдың әр түрлі варианттарынан құрап көлемді ұзақ
жыр тудырған. Бір
батыр жайында мұндай көлемді, көп
оқиғалы, ұзағынан айтылатын тұтас жырдың тууы,
М.Әуезов пен Х.Жұмалиевтың зерттеулеріне қарағанда,
эпос жанрының есейген, жетілген кезінде болатын секілді.
Батырлар жырын шығарушы ақындар десек, жырдың
әр түрлі варианттары болуы да соларға байланысты.
Жыршы-ақындардың қайсысы болса да бір батыр жайында
ұзағынан айтылатын, мол сюжетке құрылған көлемді
жырды бірден шығарған жоқ. Ең әуелі жырға батырдың
бір-екі ерлік ісі қосылуы мүмкін. Бұл әңгімелер жұртқа
таныс болғаннан кейін, тыңдаушы көпшілік ақыннан «осы
әңгіменің жалғасын айт» деп тілек білдіруі ықтимал. Сол
кезде әрбір жыршы жаңағы жұрт қалап отырған және
бұрыннан таныс болған жырдың «алды-артын»
шығаруға
кірісетін секілді. Сөйтіп барып, жырдың алғашқы
әңгімелеріне жаңадан, тыңнан сюжет қосылады. Ал
жырдың ел арасына бұрын тарап кеткен алғашқы
әңгімелері де, соңынан қосылғандары да әрқайсысы өз
алдына вариант есебінде айтылып жүрген «Қобыланды
батыр», «Ер Тарғын» тағы басқа жырлардың варианттары
осылай туған деуге болады.
Батырлар жырының варианттары әдебиет тарихынан
айрықша орын алады. Варианттар әрбір жырдың қалай
туып және қай бағытта дамығандығын түсінуімізге көп
материал болады. Сонымен қатар, ол жыршы ақындардың
творчестволық
ерекшеліктерін, ақындық шеберліктерін
және олардың көзқарастарын ашуға көмектеседі (Бұл
жөнінде жеке жырларға берілген талдауларды қараңыз).
Достарыңызбен бөлісу: