Жақсы көріп жүр еді,
Мақтауын естіп білгелі,
Қандай түрлі екенін
Көзімен көріп білмеді,
Сұлу да қайтты үйіне
Ер Қамбар болып сүйгені,
(Сонда, 417-бет.) –
дейді. Сондықтан да ол жұрт мақтауымен өзі сырттай
ғашық болған Қамбарды қайтсе де кездестіруді арман
етеді. Әр түрлі амал жасайды, бірақ оған Қамбар көңіл
аудармайды. Қамбардың
мұнысы өзінен басқа сұлу,
ақылды қыз жоқ деп білетін Назымға қатты батады,
құмары арта түседі. Қамбармен сөйлесу, оған қосылып жар
– жолдасы болу Назымның үлкен арманына айналады.
Халық жыры Назымның бұл әрекетін, Қамбарды сүюін,
қара басының қамын ойлағандық немесе балалық деп
мұқатпайды, қайта оны құптайды; халық ардақтаған
батырды қадірлегендік деп біледі. Бұл ретте жыр Назымды
оның ақылсыз, дарақы ағаларына қарсы қояды да, олардан
Назымның ақыл-ойы артық екендігін көрсетеді.
Назымды жақтаушы Алшыораз болады. Әзімбай
балаларының ішінде ақылы бар естісі де, алды-артын
байқастыратыны да – осы Алшыораз. Жыр оны ақылды,
өжет, намысқор, белгілі мөлшерле батырлық ісі бар адам
етіп суреттейді және оны Қабыршақ, Дараз, Қораз,
Қарымсақ секілді ағаларына қарсы қояды. Қарымсақтар
Назымды
Қамбарға қосу былай тұрсын, батырдың
Назыммен сөйлескенін де көре алмайды, оны «сүйек
сындырғандық, қорлап басынғандық» деп біледі де:
Қорлағаны емес пе,
Жалаң аяқ жарлының
Жүргені бізге жақындап?.
Ақ семсерді қолыңа ап,
Маңдайын жарып, басын шап,
Жерге түссін мойыны,
Келеді кіммен ойыны,
Қызға таңсық мырзаның
Қылышпенен көңілін тап,
(Сонда, 433-434 беттер.) –
десіп айқай-сүрең шығарады. Мал мен байлығының
көптігіне мастанып, бақ-дәулеті өмір бойына кетпейді деп
түсінетін ағаларының
топастығын Алшыораз олардың
бетіне басады. «Екі талай күн туа қалса, паналайтының
Қамбар», – дейді де, Қамбармен жақындасуды, оған өзінің
теңі деп Назымды қосуды ұйғарады:
Қарындасың кем болмас,
Батырдың түссе жеміне.
Ағайынмен ойласып,
Назым жанды қосайық
Қаласа құдай теңіне, –
дейді Алшыораз. (Сонда,435-бет.)
Қалмақ ханы Қараман Әзімбайға кісі салып,
Назымды сұратады: «Берсе, қолынан, бермесе жолынан», -
дегенді айтып күш көрсетеді. Осы кезде бастығы Әзімбай
және оның батырсынып жүретін ақылсыз балалары жау
аяғына «құлдық»
деп жығыла кеткен шақта, Қараманға
қарсылық білдірген тек Алшыораз болады. Ол қалмақ
ханының басынғандығына намыстанады да, Қараман
жіберген құдаларды соққыға жығып қуып жібереді. Бұл
істің ақыры насырға шабатынын және жалғыз өзі
Қараманға қарсы қайрат көрсете алмайтындығын біліп,
ақылмен
жол табады; хал-жайын айтып, Қамбарға
Жәдігерді аттандырады, батырдан күш-көмек сұрайды.
Мұның бәрі Алшыораздың ақылы, намысы бар, өжет, ер
жігіт екендігін сипаттайды. Сондықтан да оны халық
жыры осы ісі үшін де «намысты нанға сатпаған» ер азамат
деп құрметтейді.
Қамбар келіп, Қараманға қарсы күреске
шыққанда Алшыораз да ерлік көрсетеді. Қамбарға
қосылып, жау әскерлерін қуысады. Бұл ретте де халық
Алшыораздың ерлігі бар, ақылсыз ағаларынан әлдеқайда
артық адам деп жырына қосады.
Достарыңызбен бөлісу: