Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидаларын бекiту туралы



Дата12.06.2016
өлшемі69.02 Kb.
#129738
Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 12 қарашадағы № 1212 қаулысы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 65, 882-құжат

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗI

      РҚАО-ның ескертпесi!
      Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» 2010 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:


      1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң      
2013 жылғы 12 қарашадағы
№ 1212 қаулысымен  
бекiтiлген      

Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және
олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» 2010 жылғы 15 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 16-6-бабы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзiрлендi.


      2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және олардың бiлiктiлiгiн ұстау тәртiбiн айқындайды.
      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен анықтамалар:
      1) мемлекеттiк авиация инспекторы – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) әуе кеңiстiгiн пайдалану саласында мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды тұлғасы;
      2) бiлiктiлiк – өзiнiң қызметтiк мiндеттерi мен функцияларын тиiмдi орындау үшiн талап етiлетiн бiлiмнiң, дағды мен машықтың қажеттi деңгейiн иеленуi;
      3) бiлiктiлiк белгiсi – куәлiкте жасалған және соның бiр бөлiгi болып табылатын жазба, онда осы куәлiкке қатысты ерекше шарттар, құқықтар немесе шектеулер көрсетiледi;
      4) тағылымдама – азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалау әдiстерiн практикалық игеру мақсатында оқытуды қамтамасыз ететiн тұлғаның басшылығымен мемлекеттiк авиация инспекторын жұмыс орнында оқыту;
      5) бастапқы даярлық – азаматтық және эксперименттiк авиация саласында мемлекеттiк бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттiк авиация инспекторына кәсiптiк бiлiм беру процесi;
      6) арнайы даярлау (қайта даярлау) – мемлекеттiк авиация инспекторын оқытудың жаңа талаптардың енгiзiлуiне байланысты жаңа (қосымша) кәсiптiк бiлiм, дағды мен машық алуға бағытталған процесi;
      7) кәсiптiк деңгейдi ұстау – мемлекеттiк авиация инспекторын оқыту процесi, оның мақсаты кәсiптiк бiлiмдi, дағды мен машықты жаңарту, кеңейту және тереңдету болып табылады;
      8) теориялық даярлық – мемлекеттiк авиация инспекторын кәсiптiк даярлау процесiнiң кезеңi, одан өткен кезде бiлiм алушы азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен оқыту бағдарламаларына сәйкес арнайы теориялық бiлiм алады;
      9) тренажерда даярлау – мемлекеттiк авиация инспекторын кәсiптiк даярлау процесiнiң кезеңi, одан өткен кезде бiлiм алушы әртүрлi жаттықтырушы қондырғылардың (авиациялық тренажерлар) көмегiмен практикалық дағды мен машық алады, сақтайды және жетiлдiредi;
      10) жеке бағдарлама – мемлекеттiк авиация инспекторы жұмысының қағидалары мен рәсiмдерiн зерделеуге, инспекция нәтижелерiн құжаттау, басқа мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасасу, мемлекеттiк авиация инспекторларының өз өкiлеттiгiн қолдану, ұшу қауiпсiздiгiн және авиациялық қауiпсiздiктiң деңгейiн арттыруға бағытталған салалық және мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу дағдысын қалыптастыру, сондай-ақ авиациялық оқиғалар және басқа да қолайсыз жағдайларды тексеру материалдары негiзiнде алдын алу iс-шараларын әзiрлеу мәселелерiн зерделеуге бағдарланған бағдарлама;
      11) курс – мемлекеттiк авиация инспекторын оқыту процесi, оның мақсаты кәсiптiк және әдiстемелiк шеберлiгiн жетiлдiруге бағытталған бiлiмi мен дағдыларын жаңарту және тереңдету болып табылады;
      12) ИКАО – халықаралық азаматтық авиация ұйымы.
      4. Мемлекеттiк авиация инспекторларын даярлау уәкiлеттi орган сертификаттаған авиациялық оқу орталықтарында жүргiзiледi.
      5. ИКАО-ның Бас хатшысы бекiткен Doc8335 «Пайдаланушыны инспекциялау, сертификаттау және үнемi қадағалау рәсiмдерi бойынша басшылық» талаптарына сәйкес мемлекеттiк бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк авиация инспекторлары оқыту кезiнде мынадай:
      1) ұшу өндiрiсiн бақылауды қамтамасыз ету;
      2) әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығын ұстау;
      3) шетелдiк авиатасымалдаушылардың әуе кемелерiн бақылауды қамтамасыз ету;
      4) әуеайлақтардың перронында ұшу қауiпсiздiгiн бақылауды қамтамасыз ету;
      5) әуеайлақтарда (тiкұшақ айлақтарында) және алаңдарда ұшуды бақылауды қамтамасыз ету;
      6) әуе тасымалының қағидаларын орындауды бақылауды қамтамасыз ету;
      7) авиациялық қауiпсiздiктi бақылауды қамтамасыз ету;
      8) ұшудың авариялық-құтқару қызметiмен қамтамасыз етiлуiн бақылауды қамтамасыз ету;
      9) авиациялық персоналға куәлiктер беру жүйесiн бақылауды қамтамасыз ету;
      10) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексерудi бақылауды қамтамасыз ету бағыттары бойынша жеке мәселелердi тереңдетiп зерделеудiң қосымша немесе кеңейтiлген бағдарламаларын өтедi.
      6. ИКАО Конвенциясына 1-қосымшаның талаптарына сәйкес өздерiнде авиациялық персоналдың қолданыстағы тиiстi куәлiктерi болуға тиiс мемлекеттiк авиация инспекторлары бiлiктiлiгiн ұстау және олардың қолданылу мерзiмiн ұзарту үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 17 мамырдағы № 532 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөнiндегi қағидаға сәйкес оқудан өтедi.
      Әуе кемелерiнiң ұшуын орындауға және қамтамасыз етуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге тiкелей байланысты мемлекеттiк авиация инспекторлары кәсiптiк қызметке осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған куәлiгi болған және денсаулық жағдайы белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жiберiледi.
      Мiндеттi медициналық куәландырылуға жататын мемлекеттiк авиация инспекторларына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негiзiнде әзiрленген және денсаулық сақтау саласы мен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органдар бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру қағидаларында белгiленедi. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестiгi авиация персоналы куәлiгiнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.

2. Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және
олардың бiлiктiлiгiн ұстау тәртiбi

      7. Мемлекеттiк авиация инспекторларын даярлау уәкiлеттi орган бекiткен бастапқы даярлау және бiлiктiлiктi арттыру бағдарламалары бойынша жүргiзiледi.


      Даярлықтың мерзiмдiлiгi мен көлемiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      8. Кәсiптiк даярлық және бiлiктiлiгiн ұстау курстарынан өткеннен кейiн мемлекеттiк авиация инспекторларына авиациялық оқу орталығы тиiстi курсты өткендiгiн растайтын құжат (сертификат) бередi.
      9. Мемлекеттiк авиация инспекторларының Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау және қадағалау, әуе кемелерiн және олардың экипаждарын бағыттар бойынша инспекциялауды қоса алғанда, азаматтық авиация ұйымдары мен кәсiпорындарында ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылау жөнiндегi функцияларды орындауына белгiленген үлгiдегi құжаттар (сертификаттар, куәлiктер, лицензиялар) берiлiп, кәсiптiк даярлықтың толық курсын өткеннен кейiн рұқсат етiледi.
      10. Бастапқы даярлық мынадай мiндеттi даярлық түрлерiнен тұрады:
      1) мемлекеттiк авиация инспекторының даярлық деңгейiн ескере отырып, жеке бағдарлама бойынша теориялық оқыту және азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органда функционалдық мiндеттерi бойынша оның бiлiмiн тестiлеу;
      2) инспекторлық құрамды тиiстi даярлау курстарында (базалық инспекторлық курс) оқыту;
      3) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнiң тағайындалған адамдарының басшылығымен сертификаттауды, тексерудi, қадағалауды және бақылауды орындау үшiн жұмыс шарттарында мемлекеттiк авиация инспекторының тағылымдамасы.
      11. Бiлiктiлiгiн арттыру және кәсiптiк деңгейдi ұстау мынадай жолмен жүзеге асырылады:
      1) азаматтық авиация қызметi мәселелерi бойынша халықаралық азаматтық авиация ұйымдары не авиациялық оқу орталықтары, авиациялық техниканы өндiрушiлер өткiзетiн курстарға, семинарларға, оқытуға қатысу;
      2) авиациялық тренажерларды пайдалана отырып, тренажерлiк даярлықтан өту.
      Кәсiптiк деңгейдiң расталуы бiлiктiлiк талаптарына сәйкес тестiлеу және белгiленген үлгiдегi құжаттарды (сертификаттар, куәлiктер, лицензиялар) беру арқылы айқындалады.
      12. Арнайы даярлық (қайта даярлау) азаматтық авиация саласындағы заңнамада маңызды өзгерiстер, ұшулар қауiпсiздiгiн, авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты және мемлекеттiк авиация инспекторынан жаңа бiлiм мен дағдыларды талап ететiн жаңа талаптар мен рәсiмдер енгiзiлген жағдайларда жүзеге асырылады.
      13. Жұмыс орнындағы тағылымдама азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның басшысы тағайындаған мемлекеттiк авиация инспекторының басшылығымен жүргiзiледi.
      Азаматтық авиация ұйымдары мен кәсiпорындарында әуе кемелерiн және олардың экипаждарын инспекциялауды қоса алғанда, ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылауды орындауға алты ай iшiнде iс жүзiнде қатыспаған мемлекеттiк авиация инспекторы ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi бақылауды жүргiзуге тағылымдамадан өткеннен кейiн ғана жiберiледi.

3. Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлауды және
олардың бiлiктiлiгiн ұстауды жоспарлау

      14. Мемлекеттiк авиация инспекторларын кәсiптiк даярлау және бiлiктiлiгiн ұстау қажеттiлiгiн уәкiлеттi орган функционалдық және алға қойылған мiндеттердi орындау талаптарын негiзге ала отырып, сондай-ақ штат кестесiне сәйкес кадрлардың қозғалысы негiзiнде айқындайды.


      15. Персоналды оқытуды жоспарлау мемлекеттiк авиация инспекторларын теориялық және практикалық үздiксiз оқытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу процесiн бақылауды және реттеудi жүзеге асыру мақсатында жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк авиация инспекторларын оқыту жоспары мынадай мәлiметтердi қамтиды:
      1) даярлық бағдарламасының атауы;
      2) бiлiктiлiктi арттыру курстарының атауы;
      3) оқыту нысаны (топпен, жеке);
      4) оқушылардың саны;
      5) оқудың ұзақтығы.

4. Кәсiптiк даярлықтан өту және бiлiктiлiктi ұстау туралы
ақпаратты есепке алу

      16. Мемлекеттiк авиация инспекторларының кәсiптiк даярлықтан өтуi және бiлiктiлiктi ұстауы туралы ақпаратты есепке алуды (жазуларды сақтауды) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның кадрлар қызметi жүзеге асырады.


      Бұл ретте мемлекеттiк авиация инспекторларының даярлығының деңгейi және кәсiптiк қызметi туралы ақпарат үнемi жандандырылып отырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет