Мемлекеттік бағдарламасы


Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту



бет6/8
Дата24.02.2016
өлшемі0.75 Mb.
#16047
1   2   3   4   5   6   7   8
5.3. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту

 

Елді энергиямен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін нығайтудың аса маңызды міндеті жүйе құраушы ұлттық электр желілерін (ҰЭЖ) дамыту болып табылады.

Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және «Солтүстік-Оңтүстік» бағытына транзитті күшейту мақсатында «KEGOC» АҚ «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ транзитін салу» жобасын іске асыруда.

Бұл елдің солтүстік, шығыс және оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтамасыз етуді байланыстыруға, сыртқы өнім берушілерге тәуелділікті төмендетуге және тапшылық болған жағдайда энергияны тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді, бұдан басқа, электр құнына оң әсерін тигізеді, ал бұл өз кезегінде, экономикада тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер құнының төмендеуіне ықпал етеді.

Бұл жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады:

1) 1-ші кезең - Екібастұз КС-ден бастап Семей ҚС арқылы Өскемен КС-ге дейін Шығыс Қазақстан бағытында кернеуі 500 кВ электр беру желісін салу. Жобаны іске асыру орны - Қазақстан Республикасының Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары. Жобаны іске асыру мерзімі: 2011 - 2017 жылдар;

2) 2-ші кезең - кернеуі 500 кВ Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алма электр беру желісін салу. Жобаны іске асыру орны - Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары. Жобаны іске асыру мерзімі: 2012 - 2018 жылдар.

Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ транзитін іске қосумен Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы электр беру желілері арқылы рұқсат етілетін ток ағыны 2100 МВт жуық (шамамен жылына 14 млрд. кВт*с) болады.

 «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ транзитін салу» жобасын іске асыру нәтижесінде:

Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік бағытында ҰЭЖ транзиттік әлеуетінің 1350 МВт-тан 2100 МВт дейін (750 МВт-қа өсуі) ұлғаюы, шығыс аймағының Қазақстан БЭЖ-мен байланысының күшеюі;

теміржол учаскелерін (Ақтоғай - Мойынты, Ақтоғай - Алматы, Ақтоғай - Достық) электрлендіру үшін жағдай жасау;

шекара маңындағы аумақтарды дамытуға жағдай жасау және жаңартылатын энергия әлеуетін игерудің (Жоңғар қақпасы және т.б.) ұлғаюы күтіледі.

Жоғары вольтті жаңа желілерді салу Ақтоғай ТБК және өзге де өнеркәсіп орындарының перспективті жүктемесін электрмен жабдықтау үшін жағдайды қамтамасыз етеді.

 «Екібастұз - Семей - Өскемен» жоғары вольтті желісін (бұдан әрі - ЖЖ) салу кезеңінде 747 жұмыс орны, пайдалану кезінде - 32 жұмыс орны құрылады. «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алма» ЖЖ салу кезеңінде - 1114 жұмыс орны, пайдалану кезінде - 65 жұмыс орны құрылады.

 

 

5.4. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту (реконструкциялау және салу)



 

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету бойынша проблемаларды шешу, сондай-ақ жылу шығаратын қуаттарды жөндеу және ауыстыру үшін тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту (реконструкциялау және салу) бойынша шаралар кешені қабылданады.

Бұл үшін жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту мақсатында инвестициялар салу орындылығының негіздемесі әзірленетін болады, сондай-ақ өңірлерде жобаларды іріктеу критерийлері мен оларды іске асырудың басымдықтары айқындалады.

Ысыраптары мен авариялығы ең жоғары жылумен жабдықтау желілерінің шамамен 1 мың км және сумен жабдықтау мен су бұру желілерінің 6 мың км-ге жуығы жаңғыртылады.

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) жөніндегі жобаларды тиімді іске асыру мақсатында мынадай іс-шаралар жүзеге асырылатын болады:

1) қалалар мен елді мекендерді жылумен жабдықтаудың тиімді схемаларын әзірлеу және бекіту;

2) республикалық бюджет қаражаты есебінен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық тұрғыдан күрделі объектілері бойынша жобаалды және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ үлгілік жобалар мен жобалық шешімдерді әзірлеуді қаржыландыру;

3) орта мерзімді және ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға арналған инвестицияларды өтейтін, пайдалану кәсіпорындарының рентабельді жұмысын қамтамасыз ететін тиімді тарифтерді енгізу;

4) әртүрлі отын түрлері үшін қазандықтар бойынша үлгілік жобаларды әзірлеу, энергетикалық тиімді қазандық жабдықтарына одан әрі көшу мақсатында қазандықтарды міндетті түрде технологиялық зерттеуден өткізу, сондай-ақ когенерациялық жүйелерді пайдалану және қуаты 100 Гкал/сағат дейін қазандықтарға қызмет көрсету және сүйемелдеу бөлігінде үйлестіру, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру бойынша (бірыңғай оператор) бойынша өңірлерде бірыңғай ұйым құру.

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) бірыңғай техникалық саясатты әзірлей отырып, оның ішінде қолданылатын материалдар, жабдықтар мен технологиялар бойынша, секторды институционалды дамытумен сүйемелденетін болады. Сонымен қатар, кәсіпорындар үшін бағалаудың түйінді индикаторлары енгізілетін болады, тұтыну нормасы біріздендіріледі.

Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) саласындағы жобаларды қаржыландыру бюджеттік кредит пен субсидиялар беру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферт қаражаты, ХҚҰ қарыздары және басқа көздер есебінен жүзеге асырылады.

Жобаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен республикалық бюджеттен кредит беру бюджеттік кредит беру тетігі арқылы жүзеге асырылады, мұнда ЖАО қарыз алушылар болып белгіленді, түпкілікті қарыз алушылар - жобаларды орындаушылар ТКШ саласындағы кәсіпорындар «ТКШ ҚазОрталық» АҚ сенім білдірілген өкіл (агент) болады.

Халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға бағытталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттің әлеуметтік саясатының міндеттерін шешу шеңберінде инвестициялық жобаларды іріктеуді коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган құрған жұмыс тобы жүзеге асырады.

ХҚҰ-мен бірлесіп қаржыландыру болжанып отырған жобалар бойынша «ТКШ ҚазОрталық» АҚ ТКШ-дегі жобаларды дайындау, жобаларды қаржыландыру және іске асыру схемасын құрылымдау мәселелері бойынша ХҚҰ-мен үйлестіруді жүзеге асыратын болады.

Жобаларды қайтарымды қаржыландыру тетігін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу мәселесі пысықталады. Қажет болған жағдайда «ТКШ ҚазОрталық» АҚ қаржы агенттігі болып белгіленеді. Жобаларды қаржыландыру шарттарын, қарыз алушылардың және түпкілікті қарыз алушылардың сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу бойынша тәсілдерді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын болады.

Қарыз қаражатын, оның ішінде ХҚҰ-ның қарыз қаражатын тарту есебінен жеделдетіп жаңғыртуды жүргізу мақсатында мемлекет республикалық бюджеттен жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) саласына инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беретін болады.

Жобаларды ХҚҰ қаражатын тарта отырып іске асыратын табиғи монополиялар субьектілерінің инфрақұрылымдық грант (субсидия) алуға басым құқығы болады.

Инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беру тетіктерін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу мәселесі пысықталатын болады. «ТКШ ҚазОрталық» АҚ инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) беру бойынша оператор болып табылады. Бұл ретте инфрақұрылымдық гранттар (субсидиялар) жобаларды техникалық сүйемелдеуге, жобаларды іске асыру кезінде күрделі шығындарды, оның ішінде материалдар мен жабдықтарды қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұдан басқа жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелері қызметтерінің тарифтерін субсидиялау мәселесі пысықталады.

Осы шараларды іске асыру нәтижесінде 2020 жылға дейін:

1) жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуы 67%-дан 53%-ға дейін төмендейді және тұтынушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарады;

2) шекті тарифтер қағидаттарын қолдану және нысаналы инвестициялық трансферттерді бюджеттік кредитпен және жекеше капиталмен алмастыру есебінен саланы коммерцияландыру процесі іске қосылады;

3) саланы бірыңғай техникалық стандарттарға көшіру жүргізіледі.

 

 

5.5. Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту



 

Болжалды деректер бойынша 2050 жылға қарай урбандалу деңгейінің 70%-ға дейін (қазіргі 55%-дан) өсуі күтілуде, бұл ретте қала халқының 35%-дан астамы халқы 2 млн. адамнан асатын хаб-қалаларда (Алматы, Астана, Шымкент, Өскеменде) тұратын болады.

Халықтың тұрғын үйге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысының негізгі бағыттарын көздейтін, Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырылуда, оның ішінде:

1) жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйлер;

2) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлері;

3) «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйлері;

4) «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйлері;

5) жеке меншіктегі тұрғын үйлер.

Қолжетімді тұрғын үй тапшылығы проблемасын шешу үшін неғұрлым перспективті және қолжетімді құрал ретінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылады.

Осыған байланысты тұрғын үй инфрақұрылымы «ҚИК» ИҰ» АҚ-ның желісі бойынша жалға берілетін тұрғын үйді дамытуға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат беру жолымен нығайтылатын болады.

Осы Бағдарлама шеңберінде 2015 - 2019 жылдары 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады.

 

 

5.6. Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту



 

Сапалы білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мектепте білім беру, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту инфрақұрылымын кеңейту, жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық базасын жаңғырту арқылы жүзеге асырылады.

Орта білім беру жүйесінде Ұлттық қордың қаражаты есебінен авариялық мектептердің орнына және үш ауысымда оқытуды жою үшін өңірлерде жалпы білім беретін жаңа мектептер салынады және пайдалануға беріледі.

Жалпы, Ұлттық қордың, республикалық бюджеттің және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен мектептер салуды ескере отырып, 2018 жылға қарай авариялық мектептер мен үш ауысымды оқыту жойылады.

Кейіннен, жергілікті атқарушы органдар білім беру саласындағы инфрақұрылымды жаңарту, оның ішінде демографиялық және көші-қон факторларынан туындаған халық санының өсуіне байланысты тұрақты негізде жаңарту жұмысын жүргізіп отыратын болады.

Хаб-қалаларда екінші деңгейдегі қалаларда білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту саласында типтік балабақшалар салу арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі кеңейтіледі. Бір мезгілде мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту мекемелерінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын болады. Аталған іс-шараларды Білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларымен қатар іске асыру алдағы үш жыл ішінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамтуды кемінде 85 % деңгейге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұл үшін Бағдарлама шеңберінде 2015 - 2017 жылдары Ұлттық қор қаражаты есебінен мектепке дейінгі ұйымдар неғұрлым тапшы өңірлерде балабақшалар пайдалануға беріледі.

Жоғары білім беру саласында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін базалық деп айқындалған 10 жоғары оқу орны жанынан құрылыс материалдарының өндірісі, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, технологиялық машиналар, энергетика, мұнай химиясы, химия өнеркәсібі бағыттары бойынша 24 жаңа зертхана құрылады. Барлық зертханалар әлемдік стандарттардың талаптарына сай келетін болады.

Зертханалар әлеуеті базалық жоғары оқу орындарында жүзеге асырылатын ИИДМБ мамандықтары бойынша бейінді бағыттағы магистрлерді даярлауда пайдаланылатын болады. Ең жаңа жабдықтар қазіргі заманғы талаптар деңгейінде техникалық пәндер бойынша практикалық және зертханалық сабақтар өткізуге мүмкіндік береді.

Білім беру және ғылыми-зерттеу процесінде қазіргі заманғы зертханалық жабдықтарды пайдалану профессорлық-оқытушылар құрамының және студенттердің ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуын жандандыруға мүмкіндік береді.

2015 - 2019 жылдар аралығындағы кезеңде 7500-ден астам магистр даярланады деп күтілуде, бұл ретте бейіндік магистранттарды даярлауға баса назар аударылатын болады, бұл индустрияның жоғары білікті кадрларға қажеттігін неғұрлым қысқа мерзімде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Магистрлерді даярлау әлемдік үздік жоғары оқу орындарының тәжірибесі бойынша әзірленген кадрлар даярлаудың қазіргі заманғы кәсіптік бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады. Бейінді магистратура бағдарламасының үштен біріне жуығы үздіксіз өндірістік практикаға бөлінетін болады.

Практикаға бағдарланған оқыту бағдарламасы жоғары оқу орындарының ИИДМБ салаларында түйінді жұмыс берушілер талап ететін, дағды деңгейі жоғары кадрларды даярлауына ықпал етеді.

Astana Business Campus ғылыми паркі құрылатын болады2.

________________

2Іс-шаралар тиісті жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бюджет мүмкіндіктеріне қарай нақтыланатын болады.

Даму стратегиясына сәйкес жаңа инновациялық технологияларды әзірлеу және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қазақстандық және халықаралық ірі компанияларды, жоғары технологиялы шағын және орта бизнесті, стартаптарды, ғалымдарды, өнертапқыштар мен қаржыгерлерді шоғырландыру ғылыми парктің негізгі міндеті болады.

Ғылыми парктің түйінді рөлі ірі компаниялардың ғылыми-инженерлік бөлімшелерін тарту және орналастыру болып табылады. Геологиялық кластер Astana Business Campus-тың тұңғыш «зәкірлі» жобасы болмақ. Одан әрі инфокоммуникациялық технологиялар кластері мен инжиниринг кластері кезекте тұр. «Зәкірлі» жобалар инновациялық кластердің орнықтылығын және тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

Осы зәкірлі жобалар базасында Назарбаев Университеті мен Қазақстанның басқа да ғылыми ұйымдарының ғылыми және инновациялық жобаларын іске асыру жүзеге асырылатын болады.

Ынтымақтастықтың осы моделі ғылым мен бизнестің өзара қарым-қатынасын орнатуға мүмкіндік береді, бұл ғылыми нәтижелер алу және ұлттық компаниялардың инновациялық-технологиялық әлеуетін дамыту үшін қажетті зерттеу инфрақұрылымын құруға алып келеді.

Astana Business Campus ғылыми паркін салуға республикалық бюджет қаражаты, сондай-ақ отандық және шетелдік ірі әріптес компаниялардың инвестициялары тартылатын болады.

 

 

5.7. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау



 

Кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру мақсатында 2015 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беруге Ұлттық қордан қаражат бөлінетін болады.

Бұл шараларға қосымша 2015 - 2017 жылдар аралығындағы кезеңде кейіннен ШОБ субъектілерін қаржыландыру үшін ХҚҰ-дан 155 млрд. теңге мөлшерінде кредиттік желілер тартылады.

ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікті кредит беру инвестициялық жобаларды іске асыруға, айналым қаражатын толықтыруға және бұрын берілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталатын болады. Түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды, кредиттеу мерзімі 10 жылдан аспайды.

Кәсіпкерлік субъектілеріне мұндай кредит берудің нәтижесінде 4000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады, өндірілген өнімнің көлемі ағымдағы деңгейден 150 млрд. теңгеге ұлғаятын болады.

ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қаржыландыру ұсынудың операторлары «Даму» КДҚ» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ болады. ШОБ пен ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тікелей кредит беруді екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады.

Осы мақсаттар үшін «Даму» КДҚ» АҚ мен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның банкаралық кредиттеу құралдары пайдаланылады.

ШОБ пен ірі кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыру шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Кредиттік желілерді тарту Дүниежүзілік банктен, Еуропалық қайта құру және Даму Банкінен және Азия Даму Банкінен жүзеге асырылады. ХҚҰ қарыздарын «Даму» КДҚ» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер инвестициялық мақсаттарды қаржыландыруға және ШОБ субъектілерінің жобаларын іске асыру шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға салалық шектеулерсіз пайдаланатын болады.

Іске асырылуы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіретін ШОБ жобалары кредиттеуге жатпайды. Кредиттеу үшін жобаларды таңдауды екінші деңгейдегі банктер ішкі регламенттерге және халықаралық қаржы ұйымдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

Кредиттік желілерді тарту жаңа бастамаларды іске асыру үшін ШОБ субъектілерін қосымша қаржыландыру, бар тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту, олардың сапасын жақсарту және өндірістің экономикалық тиімділігін арттыру арқылы ШОБ-ты дамытуды ынталандыруға ықпал ететін болады.

ХҚҰ қарыздары бойынша ШОБ жобаларын қаржыландыру шарттары қарыздар туралы тиісті келісімдерде айқындалады.

 

 

5.8. Институционалдық даму



 

Экономикада құрылымдық реформалар жүргізу ХҚҰ-мен (Дүниежүзілік Банк тобы, Еуропа Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму банкі, Ислам Даму Банкі) ынтымақтастықта жүзеге асырылатын болады, олар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасына қаржылық және техникалық қолдау көрсетеді.

Негіздемелік келісімдердің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Үкіметіне:

1) қаржы секторын дамыту;

2) жекеше сектордың экономикадағы рөлін күшейту, шағын және орта бизнесті дамыту және іскерлік климатты жетілдіру;

3) ғылым мен инновациялардың дамуын ынталандыру;

4) адами капиталды дамыту, еңбек нарығын дамыту;

5) экономикаға инвестициялар тарту және МЖӘ-ні дамыту;

6) өңірлерді орнықты экологиялық дамыту және энергия тиімділігін арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту;

7) институционалдық реформалар жүргізуде қолдау көрсету;

8) өңірлік даму мен ықпалдастыруда қолдау көрсету арқылы экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша реформаларды жүргізуге жәрдем көрсету болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген мақсатты іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі ХҚҰ-мен бірлесе отырып, 2015 - 2020 жылдары іске асыруға арналған жобалар тізбесін айқындады, олар ШОБ-ты, қаржы секторын, ТКШ мен көлік инфрақұрылымын, электр энергетикасын, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және энергия тиімділігін арттыруға, институционалдық реформаларды жүргізуге бағытталған.

Қаржы секторында ХҚҰ-мен әріптестік «Basel III» стандарттарын енгізу, банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің IRB-тәсілі негізінде банктердің меншікті капиталының жеткілікті болуына қойылатын талаптар бөлігінде банк қызметін реттеуді жетілдіру, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызметті реттеуді жетілдіру және қор нарығының өтімділігін арттыру саласында техникалық көмек алуға сайып келеді.

ШОБ-ты дамыту саласында реформалар ШОБ субъектілерін дамытуға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайларды теңдестіруге, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыру қолжетімділігін жақсартуға, бизнесті жүргізу мәселелері бойынша ШОБ субъектілерінің құзыреттерін арттыруға, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін жақсартуды әдістемелік қолдауға бағытталады.

Адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияларды дамыту саласындағы реформалар Қазақстанда білім экономикасын құруға бағытталатын болады, ол экономика өсуінің, оны әртараптандырудың және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қозғаушы күші болып табылады.

Бұл саладағы реформалардың негізгі міндеті ғылыми әлеуетті, ұлттық инновациялық жүйенің және оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру болып табылады.

Еңбек нарығын дамыту саласында жүргізілетін реформалардың негізгі міндеттері жұмыс берушілердің тарапынан еңбек ресурстарына деген сұраныс пен еңбек нарығындағы ұсыныс арасындағы алшақтықты еңсеру, еңбек ресурстарының сапасын арттыру болып табылады.

Ол үшін біліктіліктің жаңа жүйесі құрылады, еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сай келетін кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламалары әзірленеді.

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Бағдарламаның әрбір бағыты шеңберінде іске асырылатын жобалардың саны және салалар мен өңірлер бөлінісінде, сондай-ақ құрылыс және пайдалану кезеңінде мамандықтар/лауазымдар бөлінісінде құрылатын жұмыс орындарының саны нақтыланатын болады.

ЖАО инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:

1) жаңа жұмыс орындарының құрылуын;

2) инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген жұмыссыздардың, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың және табысы аз халықтың қатарындағы адамдарға құрылыс кезінде кемінде 10% жұмыс орнын, ағымдағы және күрделі жөндеу кезінде, халықты жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарының жолдамасы бойынша абаттандыру кезінде кемінде 15% жұмыс орнын ұсынуды қамтамасыз етеді. Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын аталған ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған жағдайда, оларды сырттан тартуға аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болғанда рұқсат етіледі.

Инвестицияларды және МЖӘ-ні ынталандыру саласындағы реформалар МЖӘ жобаларының тартымдылығын арттыруға және оларды кеңінен қолдануға бағытталады. Халықаралық институттармен ынтымақтастық институционалдық және нормативтік реформа бойынша ұсыныстар дайындау, сондай-ақ МЖӘ пилоттық жобаларын қаржыландыру мен іске асыру үшін техникалық көмек тартудан тұратын болады.

Орнықты экологиялық даму, жасыл экономиканы дамыту және энергия тиімділігін арттыру саласындағы күш-жігер қоршаған ортаны қалпына келтіруге, қоршаған ортаға шығарындылар мен төгінділердің деңгейін төмендетуге, экологиялық таза технологияларды пайдалануды дамытуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, олардың энергетикалық баланстағы үлесін ұлғайтуға бағытталады.

Осы бағыт бойынша жобаларды іске асырудың негізгі мақсаты орнықты экологиялық дамуға және қоршаған ортаға жүктемені барынша азайту арқылы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуіне жәрдемдесу болып табылады.

Институционалдық реформалар жүргізу шеңберінде ХҚҰ-мен ынтымақтастық мемлекеттік басқару практикасына бизнес-ортада пайдаланылатын тәсілдерді енгізу арқылы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, оның ішінде клиентке бағдарлануға, нәтижелер бойынша басқаруға және бюджеттеуге бағытталады.

Өңірлік ынтымақтастық және ықпалдастық саласында халықаралық даму институттары Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша Қазақстан Республикасының осы ұйымның талаптарына сәйкестігі, отандық кәсіпкерлер, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін ДСҰ-ға кірудің келеңсіз салдарын нивелирлеу және төмендету бөлігінде техникалық қолдау көрсетеді.

Бірлескен жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына және ХҚҰ талаптарына сәйкес жобалардың халықаралық стандарттарға, сапаны бақылау стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету және жобаларды іске асыру үшін бөлінетін қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын болады.

 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет