Мемлекеттік бағдарламасы


Дағдарысқа қарсы 2015 жылға арналған жаңа шаралар



бет7/8
Дата24.02.2016
өлшемі0.75 Mb.
#16047
1   2   3   4   5   6   7   8
Дағдарысқа қарсы 2015 жылға арналған жаңа шаралар

 

5.9. Отандық машина жасауды дамыту (автомобильдерді,
«Еврокоптер» тікұшақтарын және «Тұлпар Тальго» жолаушылар вагондарын жасау)


 

Машина жасау саласы сабақтас салалардың дамуы үшін жоғары мультипликативтік әсермен сипатталады. Отандық машина жасау секторларын қолдау ішкі нарықтың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға және қосылған құны жоғары түпкі өнімді өндіруді ұлғайту есебінен машина жасау өнімінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, машина жасау секторларының дамуы біліктілігі жоғары инженер кадрларды даярлауға серпін бермек, инвестициялық белсенділікті және саладағы еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ таяу және алыс шет елдермен жаңа технологиялық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сабақтас өндірістерді, ШОБ-ты дамыту үшін кластерлік әсер мен серпін беруге мүмкіндік береді.

Сыртқы экономикалық конъюнктура нашарлаған жағдайларда отандық автомобиль, тікұшақтар мен жолаушылар вагондарын өндірушілерді қолдау өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының санын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты бизнестің бастамалары мен жобаларын қолдау мақсатында кәсіпкерлік субъектілері үшін және отандық автомобильдер, тікұшақтар мен жолаушылар вагондарына сатып алу сұранысын ынталандыру үшін қаржыландыру қолжетімділігі арттырылады, Ұлттық қордың қайтарымды қаражаты есебінен «ҚДБ» АҚ арқылы ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредиттік ресурстар берілетін болады.

Отандық автомобиль өндірушілерді қолдауды шартты және лизингтік қаржыландыру тетіктері арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Ұлттық қор қаражаты екінші деңгейдегі банктер арқылы шартты қаржыландыру шеңберінде отанымызда өндірілген (құрастырылған) жеңіл автокөліктерді сатып алушы жеке және заңды тұлғаларды, дара кәсіпкерлерді кредиттеуге бағытталатын болады.

Түпкілікті қарыз алушылар үшін кредиттеудің негізгі шарттары:

1) кредиттеу мерзімі - 5 жылдан аспайды;

2) кредиттеу валютасы - теңге;

3) сыйақының номиналды мөлшерлемесі - жылдық 6,0%-дан аспайды.

Отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберіндегі лизингтік қаржыландыру «ҚДБ» АҚ еншілес ұйымы - «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы түпкілікті қарыз алушылар үшін мынадай негізгі шарттармен жүзеге асырылатын болады:

1) лизинг нысанасы - ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, автокөлік құралдары мен арнайы мақсаттағы автотехника (бұдан әрі - автокөлік құралдары);

2) лизинг алушы - заңды тұлғалар, лизингке автокөлік құралдарын алатын заңды тұлғалар;

3) лизинг мерзімі - 3 жылдан 5 жылға дейін;

4) сыйақының номиналды мөлшерлемесі - жылдық 4,0%-дан аспайды;

5) қаржыландыру валютасы - теңге.

Отандық «Еврокоптер» тікұшақтарын өндіруді қолдау «ҚДБ» АҚ еншілес ұйымы - «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы жүзеге асырылатын болады. Түпкілікті қарыз алушыларға арналған лизингтік қаржыландырудың негізгі шарттары мынадай:

1) лизинг мерзімі - 20 жылға дейін;

2) сыйақының номиналды мөлшерлемесі - теңгемен жылдық 4,0%-дан аспайды;

3) қаржыландыру валютасы - теңге.

Отандық автомобиль және тікұшақ өндірушілерді қолдау ішкі нарықта шетелдік өнімдердің импортын отандық өндіріс өнімдерімен алмастыруды қамтамасыз ететін болады.

Отандық «Тұлпар Тальго» жолаушылар вагондарының өндірісін қолдау «ҚДБ» АҚ арқылы кредит беру және/немесе «ҚТЖ» АҚ және/немесе оның еншілес ұйымдарын «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы лизингтік қаржыландыру жолымен жүзеге асырылады.

Түпкілікті қарыз алушыларға арналған кредиттік ресурстарды берудің негізгі шарттары мынадай:

1) лизинг бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 4,0 %-ға дейін, қарыз бойынша жылдық 6,0%-ға дейін;

2) қаржыландыру мерзімі - 20 жылға дейін құрайды;

3) кредиттеу валютасы - теңге.

Жолаушылар вагондарының өндірісі отандық вагондар өндірісінің көлемін сақтауға, паркті жаңарту және жолаушылар вагондарының тапшылығын төмендету, поездар қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін және жолаушылардың жайлы сезіну деңгейін арттыру, сондай-ақ поездардың жолда жүру уақытын қысқарту арқылы қазақстандық теміржол көлігінің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

 

5.10. Экспорталды және экспорттық қаржыландыруды ынталандыру



 

Ел экономикасының шикізаттық тауарлар экспортына және халықаралық тауар нарықтарында олардың бағасының ауытқуына тәуелділігі жоғары болып отырған жағдайларда қазақстандық өнім экспортының көлемін ұлғайту және географиясын кеңейту үшін экономиканың шикізаттық емес секторындағы жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық экспорттаушы-кәсіпорындарға кешенді қолдау көрсету қажет.

Экспортты қолдау ЕАЭО шеңберінде және ДСҰ-ға кіру қарсаңында іскерлік байланыстарды орнатып, өзіміздің бәсекеге қабілеттігімізді арттыру тұрғысынан да маңызды.

Отандық тауарлардың экспортын жүзеге асыратын орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері мен Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнімді импорттауды жүзеге асыратын резидент еместер қолдаудың нысаналы тобы болады.

Экспорттаушыларды қолдау мынадай негізгі шарттармен:

1) сыйақының номиналды мөлшерлемесі - теңгемен жылдық 6,0%-дан аспайды;

2) кредиттеу/лизинг мерзімі - мәміле құрылымына қарай, бірақ 20 жылдан аспайды;

3) кредиттеу/лизингтеу валютасы - теңге немесе мәміленің шарттарына қарай басқа валютада болған жағдайларда Ұлттық қор есебінен «ҚДБ» АҚ және/немесе «ҚДБ-Лизинг» АҚ талаптарына сәйкес экспорталды және экспорттық кредиттеу жолымен, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнімді импорттаушы қаржылық институттарды/ұйымдарды (резидент еместі) кредиттеу арқылы жүзеге асырылатын болады.

Осы Бағдарлама шеңберінде отандық өндірушілер мен экспорттаушылардың жобаларын қаржыландыру шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын болады.

Экспортшыларды қолдау қосылған құны жоғарғы өнімге баса назар аудара отырып, шикізаттық емес экспортты одан әрі дамытуды қамтамасыз етуге, өңделген өнімді экспорттау үшін жаңа перспективті тауашаларға шығуға мүмкіндік береді.

 

 

5.11. АӨК-ні қосымша қолдау



 

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында Ұлттық қор қаражаты есебінен мыналарға:

АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру бағыты шеңберінде кредиттер және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға (бөлінген қаражат ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржылай сауықтыру көлемін 312-ден 500 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға, сондай-ақ АӨК субъектілерінің қаржылық орнықтылығын, бәсекеге қабілеттігін арттыруға, ерекше экономикалық кезең жағдайында олардың кредиттік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді);

ауыл шаруашылығын қолдауға арналған кредиттер (лизинг) бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеуге (бұл шара АШТӨ кредиттеуді 2015 жылы шамамен 60 млрд. теңге сомасына ұлғайтуға мүмкіндік береді);

асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнімінің сапасын арттыруға бағытталған АӨК-ті қаржылай қолдау қаражатының көлемі ұлғайтылатын болады.

Бұл өңірлік ықпалдастық жағдайында отандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы кәсіпорындары өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, агроқұралымдарда мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы өнімдерін өндірудің өсу деңгейін, оның ішінде сүт бойынша - 15%, ет - 10%, жұмыртқа - 10% сақтауға, ауылдық жерлердегі еңбекке жарамды 12 мыңнан астам адам жұмыс істейтін құс шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.

Қаржыландырудың қосымша көлемін бөлу «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде белгіленген тәртіппен бекітілген, жоғарыда көрсетілген берілетін субсидиялар түрлерінің тәртібі мен тетігін регламенттейтін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын болады.

 

 

5.12. Басталған кредиттік тұрғын үй жобаларын іске асыру және үлестік салымдарды қорғау



 

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бағдарламаларының желісі бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысын ұлғайту үшін ЖАО тұрғын үй құрылысы бойынша бұрын басталған объектілерді аяқтайтын болады.

Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша халыққа берілетін 240,6 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға мүмкіндік береді.

Осы мақсаттарда ЖАО-ға бюджеттік кредиттеу тетігі арқылы Ұлттық қор қаражаты бөлінетін болады.

Қаражатты ұсыну және қайтару шарттары Қазақстан Республикасының қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес айқындалатын болады.

Сонымен қатар, азаматтардың коммерциялық тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғын үй жинақтары мен азаматтардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу салымдарының қорғалуын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады.

Үлестік тұрғын үй құрылысын жүйесін дамыту үшін үлескерлердің үлестік салымдарына кепілдік беру тетігі мен оларды сақтандыру институты енгізіледі.

Осы мақсаттарда қазіргі «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ базасында үлестік құрылысқа қатысушыларға қаржылық орнықтылығы, тәжірибесінің болуы бойынша біліктілік талаптарын қоятын және инжинирингтік компаниялар арқылы үлескерлер ақшасының нысаналы пайдаланылуын бақылау тетігін енгізетін мамандандырылған ұйым құрылатын болады.

Үлестік салымдарға кепілдік беру тетігін іске асыруды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қор қаражаты есебінен «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ны капиталдандыру жүзеге асырылады.

Кепілдік беру тетігін енгізу тұрғын үй құрылысына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді және азаматтардың үлестік құрылысқа қатысу тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.

 

 

5.13. Бизнестің жол картасы - 2020 жобалары үшін инфрақұрылым жүргізу



 

Бизнестің жол картасы - 2020 шеңберіндегі жобаларды іске асыру кезінде жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу жаңа өндірістер құруға, қолданыстағы өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобалар үшін жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін оларды іске қосу мұндай жобаларды қаржыландырудың міндетті шарты болып табылады.

Жобаларды қаржыландыру жергілікті бюджет қаражатынан міндетті қоса қаржыландыра отырып жүзеге асырылатын болады.

Жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу үшін кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге Ұлттық қордан қаражат бөлінетін болады.

Бағдарлама шеңберінде Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы индустриялық аймақтарға инфрақұрылым жүргізу жүзеге асырылатын болады.

Индустриялық аймақтарға инфрақұрылым жүргізу жоғары экономикалық тиімділікке және өзара байланысты өндірістердің бір аумақта шоғырлануына байланысты кәсіпкерлікті дамытудың ұйымдастыру жағдайларына негізделеді. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің неғұрлым ауқымды тобын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жекелеген жобалар бойынша кәсіпкерлік қызметтің әртүрлі салаларына жататын жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің 40-тан астам объектісін іске қосуға мүмкіндік беретін жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу қамтамасыз етілетін болады.

Қаражат кейіннен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттермен жергілікті бюджеттерге жіберіледі. Әрбір жоба бойынша нысаналы көрсеткіштер тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында жасалатын бюджетаралық келісімдерде көрсетіледі.

 

 

5.14. Өнім сапасы инфрақұрылымын дамыту



 

Зертханалық базаны дамытудың мақсаты Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарын іске асыру, бәсекеге қабілетті және сапалы өнім шығару, сертификаттау рәсімінің дұрыс жүргізілуін қамтамасыз ету және сертификаттау бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын төмендету, шетелдердің сынақ базасына тәуелділікті жою болып табылады.

Сынақ базасының жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Ұлттық қор қаражаты есебінен жеңіл және химия өнеркәсібіндегі, металлургиядағы, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс, сондай-ақ ветеринария саласындағы қолданыстағы сынақ зертханаларын кеңейту және жете жарақтандыру қамтамасыз етілетін болады.

Қолданыстағы сынақ зертханаларын кеңейту және жете жарақтандыру нәтижесінде 60 өңірлік ветеринариялық зертхана қазіргі заманғы жабдықпен жете жарақтандырылады, өрт қауіпсіздігі және химия өнімі қауіпсіздігі саласында Кеден одағының жаңа техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалау үшін сынақ базасы құрылады.

Өнім сапасының инфрақұрылымын дамыту қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және икемді сауда саясатын жүргізу үшін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ЕАЭО елдерінде өнім сапасына сәйкестікті растау қажеттігіне байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

 

 

5.15. Перспективті учаскелерді геологиялық зерделеу



 

Геологиялық-барлау жұмыстарын жандандыру пайдалы қазбалардың, бірінші кезекте, түсті металдар мен алтын қорының орны толмауы бойынша орын алып отырған проблемалармен, геологиялық зерттеулерді технологиялық жетілдірудің өзектілігімен, геологиялық барлау процесін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етумен, саладағы инвестициялық ахуалды жақсартумен байланысты болып отыр.

Геологиялық барлау жұмыстары Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен жүргізілетін болады. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады.

Өңірлік геофизикалық зерттеулер (геотраверстер)

2015 жылы «Сырдария шөгінді бассейнінде өңірлік тірек бейіндер (геотраверстер) бойынша кешенді геологиялық-геофизикалық зерттеулер - 2 геотраверс» объектісі бойынша жұмыстарды бастау жоспарланып отыр.

Жұмыстар 2015 - 2017 жылдар кезеңіне 3 (үш) жылға есептелген және жұмыстардың басталуы/жалғастырылуы/аяқталуы тиісінше 30/50/20 (пайыздық баламада) есебінен жүзеге асырылатын болады.

Сырдария шөгінді бассейнінде өңірлік тірек бейіндер бойынша кешенді геологиялық-геофизикалық зерттеулер жүргізудің мақсаты бассейннің тереңдік құрылысын зерделеу, шөгу қабатындағы құрылымдық-заттық кешендерді ажырату және геологиялық-геофизикалық деректерді кешенді түсіндіру негізінде аумақтың мұнай тұрғысынан перспективасын өңірлік бағалау болып табылады.

Геофизикалық деректер жинау мен оларды түсіндірудің заманауи технологияларын пайдалана отырып, мынадай геологиялық міндеттер шешілетін болады: шөгу қабатының геологиялық құрылысын, кристалл іргетасты және жер қыртысының неғұрлым терең қабаттарын зерделеу, көмірсутегінің генерациясы мен көшу процестері, мұнай-газдың жинақталу аймақтарының қалыптасуы және көмірсутегі шикізатының кен орындарын табу және оқшауландыру үшін қолайлы аумақтардың перспективалығын өңірлік бағалау туралы қосымша ақпарат алу.

Іздестіру, іздестіру-бағалау жұмыстары

Елдің минералдық-шикізаттық базасының жай-күйі, тау-кен кешені кәсіпорындарының пайдалы қазбалар қорымен қамтамасыз етілуі минералды шикізаттың жаңа кен орындарын анықтауға бағытталған іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарының көлемін көбейте түсуді қажет етеді. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қарқынының бәсеңдеуі республиканың минералдық-шикізаттық әлеуетінің төмендеуіне және отандық та, шетелдік те инвесторлардың қаржы қаражаты ағынының азаюына әкелуі мүмкін.

Бұл проблеманың шешімі өңірлік геологиялық зерттеулер көлемін ұлғайту, сол сияқты қатты пайдалы қазбаларды іздестіру, іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Көмірсутегі шикізатына іздестіру жұмыстары (тірек-параметрлік ұңғымаларды бұрғылау)

2015 жылы мынадай объектілер бойынша жұмыс жүргізіледі:

Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының аумағында тереңдігі 4000 м. тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау;

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында тереңдігі 3500 м. тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау.

Жұмыстың басталуы/аяқталуы тиісінше 70/30 (пайыздық баламада) есебінен жұмыстар 2015 - 2016 жылдар кезеңінде жүзеге асырылатын болады.

Параметрлік ұңғымалар терең геологиялық құрылысты зерделеу және мұнай газ жинақталуы ықтимал аймақтардың перспективаларын салыстырмалы бағалау, егжей-тегжейлі геологиялық іздестіру жұмыстары үшін неғұрлым перспективті аудандарды анықтау, сондай-ақ сейсмикалық және басқа да геофизикалық зерттеулер нәтижелерін нақтылау мақсатында қажетті мәліметтерді алу үшін бұрғыланады.

Геотермальды суға арналған іздестіру-барлау жұмыстары

Отын-энергетикалық ресурстарға өсіп келе жатқан қажеттілік, энергия ресурстарының дәстүрлі түрлерінің сарқылуы және осыған байланысты органикалық отынның қымбаттауы, сондай-ақ экологиялық проблемалар жер қыртысының геотермальды энергиясын (геотермальды суды) пайдалануды және оларды стратегиялық ресурстарға жатқызуды алдын ала айқындайды.

Геотермальды суды пайдаланудың өзектілігін ескере отырып, 2014 жылы отын-энергетикалық мақсаттарға пайдалану үшін термальды судың пайдалану қорларын бағалау мақсатында Алматы облысы Жаркент бассейнінің Жарқұнақ учаскесінде геотермальды жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарына арналған жоба әзірленіп бекітілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің болжамды ресурстары бағаланатын перспективті алаңдар, учаскелер, объектілер анықталатын болады. Перспективті алаңдарда пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің, оның ішінде алтын, мыс, полиметалл қорларының өсімі алынатын болады.

Тірек параметрлік ұңғымаларды бұрғылаудың қорытындылары бойынша мұнай газ жинақталатын неғұрлым перспективті аймақтар анықталады және оларды егжей-тегжейлі геологиялық-геофизикалық зерттеулерге және іздестіру мақсатындағы бұрғылауға дайындау басталады.

 

 

6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері



 

Бағдарламаны іске асыру 2015 - 2019 жылдар аралығындағы кезеңде бес жылға есептелген, оның ішінде:

І кезеңде - 2015 - 2017 жылдары көліктік-логистикалық сектордағы жобаларды іске асыру жалғасады, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылым салу, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту (реконструкциялау және салу), жалға берілетін тұрғын үйлерді салу және пайдалануға беру, оның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтары желісі бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады.



Білім беру инфрақұрылымы кеңейтіледі және жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы қалыптастырылады.

Назарбаев Унивеситетінің Astana Business Campus ғылыми паркі жұмыс істейтін болады.

Институционалдық даму жөніндегі жобалар дайындау және оларды іске асыру бойынша ХҚҰ-мен келісімдерге қол қою жүзеге асырылады.

Дағдарысқа қарсы жаңа шараларды іске асыру шеңберінде 2015 жылы отандық машина жасауды, экспортшыларды, АӨК-ні жеңілдік шарттарымен қаржы құралдарын (кредит, лизинг, субсидия) ұсыну жолымен қолдау, Бизнестің жол картасы - 2020 жобаларын іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым жүргізу, сынақ зертханаларын жарақтандыру және перспективті учаскелерге геологиялық барлау жүргізу үшін келісімшарттарға қол қойылатын болады.

2015 - 2016 жылдары үлестік салымдарға кепілдік беру тетігін іске асыру үшін «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ны капиталдандыру жүзеге асырылатын болады.

ІІ кезеңде - 2018 - 2019 жылдары көлік, энергетика және индустрия секторларындағы инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту (реконструкциялау және салу) аяқталады.

Жалға берілетін тұрғын үйдің жоспарланған көлемінің құрылысы аяқталады.

Индустриялық инфрақұрылым салу жалғасатын болады.

Экономиканың басым салалары үшін біліктілігі жоғары кадрлар даярлау жүзеге асырылады.

ХҚҰ-мен бірлесіп, институционалдық жобаларды іске асыру жалғастырылады.

 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет