Сұрақтар
1. Мәшһүр – Жүсіп тілінің әдеби тілге қосқан үлесі?
2. Ауыз әдебиет үлгілерінің тіл ерекшеліктері?
3. Марфологиялық тұлғалардың ауыз әдебиетіндегі көрінісі?
4. Эпинтезалық құбылыстың тілдік фактілері?
5. -Дүр//-дұр тұлғасының ақын шығармасындағы өзіндік қолданысы?
2. 3 Мәшһүр-Жүсіптің әдеби тілге тигізген әсері
М.Қашқари бұл – (соңғы руға байланысты айтылғаны) тілдерін салыстырмалы түрде зерттей отырып, фонетикалық, морфологиялық, грамматикалық жағынан көп ұқсастықтармен, айырмашылықтар табады. Абай, Ыбырай, тілдеріндегі дыбыстық, морфологиялық ауытқулардың бәрі – М.Қашқари зерттеуінен шығып жатады. Айталық, сөз басындағы – а әріпін қотандықтар, қанжақтар һ әрпіне ауыстырып айтады - дейді М.Қашқари. Ал, біз көбіне араб графикасына байланысты қарастырамыз. М-Ж. Көпеев шығармасындағы: һәм//әм, һапыт күндей//қапырық күндей, һәмматсыз, һумаюн, һауамға//қауымға - деп айтуының бір тамыры осы М.Қашқари дәлеліне желі тартады. Кейіннен һәмма//һәм//әм түрінде қолданыс тауып жатты: мысалы М-Ж. Көпеев те:
Замандас өзі менен әм ғасырдан,
Қайда жүрсем, жүруші ем бөлек, басқа...
Абай Құнанбаев «әм» шылауын орынды қолданып, өлеңге белгі лі бір рең үстейді.
Тығылмай әм сүрінбей жүрдек көсем,
Иек қағып, өлтіріп жүрсе әсем...
Абай бірыңғайлы мүшелердің басын қосу үшін «әм» шылауын пайдаланса, М-Ж. Көпеевте бірлан//менен//мен жалғаулығының аналитикалық тәсіл бойынша ирандық жалғаулығымен өздік есімдігінің тәуелдеулі түрі мен шығыс септікті есім сөздердің басын қосу үшін қолданған. Қазақ тілінде көбіне мен ықшамдалған жалғаулығы қолданылады. Бұндай аналитикалық қолданыс МЖ. Көпеевке ғана тән қасиет екен. Сол сияқты е/ер/ етістігінің /еді // шақ формасы /ер+ді // жіктік жалғаулы /едім/ сақталмай ықшамдалған /ем/ ұшырасады. Бұл да ақынның тіл ерекшелігіне жатады. Екеуінде де «әм» тұлғасы екі түрлі М-Ж. Көпеев те әм//ия деп қолданысқа ауыстыруға болса, Абайда әм//және шылауымен ауыстыруға қолайлы жағдай барлылығы сезіледі.
Кітаби тілдің элементтері болып табылатын жалғаулықтар: уа, һәм, ине, ләкин бірі-Абай, бірі- Ыбырай шығармаларында кездесіп қалады. Бұл турасында: Е.Жанпейісов, С.Хасанова т.б. еңбектерінде айтылды. Ыбырай шығармаларында бұл шылаулардың да орын алғанын айтуға тиістіміз. Ыбырайдың Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «…басқаша айтқанда әр түрлі ғалымдарды, есепті, медицинаны және астрономияны/ғылму-хисаб, ғылму-тып, ғылму-хаят, уә афләк/оқуға тіпті міндетті екені дәлел бола алады» – деп жазды. Ыбырай арабша «уә» шылауының орнына «және» шылауын қолдануға болушы еді, бірақ берілген мысалдарын арабша жазған соң «уә» шылауын да сол күйінде қолданғанын көруге болады.
Сөздердің басқы, ішкі дыбыстарының айтылу ауанына байланысты қазақтар өз тіл ерекшеліктеріне қарай түзету бірте-бірте жүрген процесс. Сонау көне түркі әдебиетінен бастап (бөлінген түрік жұрты) әр сөзді айтылу, (табиғат жағдайына қарай) оңтүстікте күн ыстық тілдері жұмсақ болып келсе, солтүстік өңірде күн суық оның үстіне орыс жұртының тіл ықпалы субстрат деген бар ықпалымен сөз, дыбыстардың қатаңдаған жағдайы кездеседі. Сөз басында келетін ғ дыбысы: ғақыл//ақыл, ғаділдік//әділдік, ғайыр//айып, ғадет//әдет, ғақылға//ақылға,ғамалға//амалға, ғазап//азап, ғафурым//апырым, ғайса//айса, т.б.
Сол сияқты х дыбысына басталған сөздер: хайуанша//айуанша, хайла//айла, хакімдер//әкімдер /бұл сөз архайзмнен қайыра тіріліп неологизмдік мағынаға ие болды/, хүкіметі//үкіметі /үкім// бұйрық // мағынасындағы сөздің ұғымы кеңейді/, хажы//ажы//ажо//ажа/ соңғы сөз «ажа» «ай дейтін ажа жоқ, қой дейтін қожа жоқ» – деген мақалдың құрамында ұшырасады. «Ажо» деп Қырғыз тілінде /үлкен кісіні айтады/ «шоң» сөзінің баламасы есебінде де жүреді. Осы тұрғылас: хақтың//ақтың, хақтан//ақтан, халас//алас жарыспалы вариянты да М-Ж. Көпеевтің тілінде ұшырасады.
Қ дыбысына байланысты да сөздер бар, қайласы//айласы, /ғұмыр араб сөзінен «өмір» сөзі пайда болған немесе араб сөздерінің өзгеріп, құбылып отыратыны бар, сондықтан да бұл харіптерді алла жаратты десе керек. Мысалы, бір ғана абрахмет сөзін алсақ, одан туынды сөздер: рахмет, Ахмет /кісі есіміне/айналып, «аб» түбірінің өзі «су жыланы» деген ұғымды береді. Мінекей, бір сөздің бойында бірнеше мағына бар, сондықтан да арабша оқығанда бір дыбыс тұрған күйінде біртүрліше оқылатыны содан. Дауысты дыбыстар мүлдем жазылмауы да мүмкін. Е.Жанпейісов -ғ фонемасына байланысты: «Октябрь алдындағы прозалық шығармаларда түсірілмей де, түсіріліп те қолданылғанын айтады» (Қазақ прозасының тілі. Алматы, 1968, 89 б.). Рахымет//Рахметі сөзіндегі екінші буындағы дауысты дыбыс, тәуелдік жалғауы қосылғанда ереже бойынша түсіп қалады ал, М-Ж. Көпеевте: бұл сөз ауызекі сөйлеу ерекшелігінің негізін ала отырып жазылған. Бұндағы «хм» екі дауыссыз дыбыстың арасына ы дауысты дыбысы енгендігін көрсетеді. Осындай ерекшеліктер мысалы: дост сөзі М-Ж. Көпеевтің тілінде ұшырасады. Досты//досы -т дыбысы сыналап эпентезалық құбылыс жасайды. Бірақ, дост болып жазылу көнеден жеткен құбылыс. «Дана Хикар» сөздігінде де ұшырасады.
Ғ/Қ, К/Г дыбыстарының кейінгі ықпалдық әсерінен өзгергені байқалады: тұрағыңыз, пырағыңыз, тілегін, желігін, серігін, өлігін, әділдгі, жағы, бағып, жағып, қағып, пырағыңыз, жемтігін т.б.
Т/Д дыбысына: мұратыңыз б/п: көкбары, көбейтіп, неттің /е/ дыбысы кейінгі ықпалдық әсерінен түсіп қалған т.б. Кей сөздердің ықшамдалуы кездеседі бұл да ауызекі айтудан туған дәстүр: болад /ы/, /д/+ ау-жанжал, құр /ы/ қалма, арт /ын/ немен жабады, рас /ы/, ұса /қ/, тағы басқа сөздер керісінше қосалқы дыбыс қосады: көк /о/ рай, ауылына /көбіне алдыңғы буындағы ы дыбысы сақталып жазылады, дауысты дыбыс -ы әсер етпейді, ал, бүгінгі ереже бойынша сақталмайды, ерегістің//ерегестің, құр, рас, лаж, көңілін /і/ /ы/ түсіп қалған күйінде жазылады бұл сөздердің ы дауысты дыбыссыз жазылуы мәтіннің орайына байланысты болып келеді. Өлең /ті/, Шідер /ті/ қосымшалары архаикалық жұрнақтар -лы, -лі-нің бұрыңғы түрі сингорманизим заңына қайшы келген тұлға (Проблемы этимологии тюркских языков. // А.Ж.Мухатаева. Народная и научная этимология этнографических топонимов в казахском эпосе. Алма–Ата «Ғылым» 1990, 357 с.).
М-Ж. Көпеев шығармаларында диалекті сөздер де ұшырасады: жүдә, шаһар, кентке, әшула, ауқат, қорек, дөкей, сыбыртқыны, мосы, қораздарға, жұмыртқа, шиша, бөтелке, пияла, аңқам, әшкере т.б. Бұл сөздердің кейбірі дастандары мен қиссаларынан алынды. М-Ж. Көпеев шығармаларында грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлғалар жырдағы жеке сөздерді өзгертіп, түрлендіру арқылы жаңаша рең береді . Мысалы, көптік жалғауының -лар, -лер ешқандай қосымшасыз көптік ұғым беретін сөздерге жалғанып, сөздердің тікелей өз мағынасында емес жанама мағына береді. М-Ж Көпеевте көптік жалғаулары қазақтың өзінің төл сөзіне және кірме сөздерге де қосылады. Бұл жағынан көптік ұғым беретін сөздермен, араб, парсы сөздеріне жалғанған көптік ұғымды сөздер біршама жиі кездеседі. Тәуелдік жалғауының -іңіз, -ыңыз түрінде келетін ауызекі тілде келіп тәуелденетін өзгеше түрі де М-Ж. Көпеев шығармаларынан орын алған. Сол сияқты ІІ жақтың сыпайы түрінін бүгінгі түрінен /-сыз, -сіз/ өзгеше көнерек түрі /-сыңыз, -сыңыздар/ ауызекі сөйлеу формасының үлгісі де МЖ. Көпеев шығармасынан ұшырасып жатуы кездейсоқ емес болар.
Немесе, жекеше форманың анайы түрінің ІІ жағынан кейін қосылатын -ғын/-қын,-кін,-гін/ көне тұлғасы да М-Ж. Көпеев шығармаларында ара-тұра ұшырасады. Бұндай қолданысты ақын-жыраулардың жырларынан да кездестіруге болады. Бүгінгі әдеби нормаға жат: көпше түрінің І жақ қосымшасы /-лық, -лік/ МЖ. Көпеевке дейін де орын алып, Махамбет, Ыбырай шығармалары арқылы жеткен. Әдеби тұрақты күйі /-йық, -йік/ тұлғасына ауысқан, /-лық, -лік/ көне форманы МЖ. Көпеев кей жағдайда өлең ұйқасы үшін де пайдаланған. Бұл орайда бірыңғайлық /-лік/ формасы аллитерация құрайды.
М-Ж. Көпеевтің тілінде жіктік жалғауының ықшамдалған және толық түрі қатар қолданылады. Ықшамдалған формасы сирек қолданылғандығын байқауға болады. Бұндай ықшамдалудың негізі жіктік жалғауының екпін қабылдамауымен түсіндірсе болады. М-Ж. Көпеевтің шығармасындағы жіктік жалғауының ықшамдалған түрі көбіне -ған есімше жұрнағы мен көсемшенің -а, -е, -й формалы І, ІІІ жақтарында жиі кездеседі. М-Ж. Көпеевтің шығармасында екінші үлгі бойынша жіктелетін түрі /өкінбеймін/ /өкінбен/ түрінде болады. Онда -ман, -мен, -бан, -бен болымсыз етістіктің І жағының көрсеткіші сияқты жұмсалады. Тура осы қолданыста көтеріңкі леппен, зілді үн беріп, жыр, өлеңге эмоциялық, экспрессивтік рең жамайды. ІІ жақтағы -ғын, -гін бұйрық мәнінде болғанымен, істі істеушімен келісушілік мағынада жұмсалады, бұл орайда бұйрық райлы сөз ымырашылық танытады. М-Ж. Көпеевте -ғын//-сай синоним тұлғасы қоса жұмсалады. -Сай тұлғасы көбіне диалектілік ерекшелік болып есептеледі. А.Байтұрсынов -сай тұлғалы сөзді «азалы райға» жатқызған. ІІ жақтағы -сай, -сей қалау мәнді жұрнақ шартты райдың -са, -се жұрнағынан тумағандығы байқалады. Ғ//с дыбысының ауызекі сөйлеуде алмасуы бұрыннан бар. Демек, -ғай, -сай қолданысындағы сөз шарттылықтан көрі икемділікті, өтініш пен тілектілікті көбірек береді. Еді көмекші етістігі қосылса істі істеушінің ІІІ жақта баруы көзделеді. Қалай болғанымен М-Ж. Көпеевте кездесетін -игі еді формантымен -сай тұлғасы бір емес, мәтінге орай қолданыс аясы да, жұмсалуы да барынша ашылады. -У//-мақ /тұйық етістік деп жүрміз –у жұрнақты тұлға//көне жарыса қолданылған көрсеткіші -мақ жұрнағы болып есептеледі. Көне қимыл атауы -у-дың орнына -ушы, -уші жұрнақтары жұмсалса, -ар+ға//-у+ға барыс септікті, қимыл есімінің дублеті есебінде қолданылады. Өткен шақтық есімшенің көне жұрнақтары болған -мыш// -міш немесе -мыс//-міс /мұның ішінде Алпамыс/ деген сөздегі -мыс есімше формасы болмаған деп ойлаймыз. Келер шақтық есімше -ар//-ер//-р - дің орта ғасырлық түрі -ұр//-үр тұлғасыда кездеседі. Барадұр /-дұр/ жедел өткен шақ пен дұр // дүр /сырғасы дүрдей/ дегендегі -дүр қосалқы қолданысының бірдей емес. Сол сияқты -ды, -ді жұрнақтары ықшамдалып /бұлар қазір сақталып қалып/ ауызекі сөйлеу тілінде, ақын-жырауларда -дүр мен қатар қолданылғанын байқауға болады. -Тұғын//-тұрған ықшамдалып -тын//-тін толық түрінің -тұғын өте жиі қолданылған, жарыса соңғы варианты да қатар қолданылады.
Сұрақтар
1. Көне шылаулардың тілдік қолданыс ерекшеліктері?
2. Араб – парсы сөздерінің өзгеріске түсу заңдылығы?
3. Мәшһүр – Жүсіп шығармалырындағы дилекті сөздер?
4. Кейбір морфологиялық тұлғалардың қолданысы?
5. Фонетикалық өзгерстердің заңдылығы және оның әдеби тілге қатысы?
2. 4 Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының лексикасы
М-Ж. Көпеев шығармаларында бірқыдыру сөздер өздерінің лексикалық мағынасынан өзгеше реңкте жұмсалып, жырдың мағынасын аша түседі. Мысалы: ұзын, қоңырау, көңіл, нұр, ұры, садап, душар, сайрап, ауыз, көп, ұйқы т.б.
Абай Құнанбайев:
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін...
- деп, «ұзын» сөзін «көп» деген мағынада жұмсай, әлеуметтік мағынада айта отырып, өзгеше құрылым жасаған. М-Ж. Көпеев те:
Керең саңырау дегенім құлағы жоқ,
Таусылмайтын үші жоқ ұзын ойын...
Дерексіз затты, түрлендіру бар. Абаймен қосыла отырып, М-Ж. Көпеев көбіне «ұзын» сөзін «күн», «түн» сөздерімен тіркесте жұмсап, анықтауыштық мағынада қарастырады.
М-Ж. Көпеевтің ауыз әдебиеті үлгілерінен жинастырған дүниелерінен: «үрген қарын», «үрген қуық» тіркестерін де ұшыратуға болады:
Дүниеде ауыр екен үрген қарын,
Жалғыз өзім көтердім соның бәрін...
Бұ дүниеде бек ауыр үрген қуық,
Жалғыз өзім көтердім аузын буып...
«Өтірік» өлең құрылымына сай қолданылған тіркестер өз мәнінде жұмсалып, шынайы әзіл қылығынан арылмаған күйді білдіреді. Ал, М.Ж.Көпеев өз шығармасында:
Үрген қуық – бүгінгі жұрттың басы,
Бас болса, болар еді көздің жасы...
Немесе,
Өңшең үрген қарыңға душар болдық,
Зарлап тұрсаң еститін құлағы жоқ...
Метафорлық тіркес жырдың әрін күшейте түсері сөзсіз. Асылы жұртты қайрау, ояту мақсатында немесе қазақ елінің сөз ұқпай, өзге ел қатарына қосылмай, үлгі алмай, ақындарды ашындыратыны бар, сонда Абай:
Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой...
- деп, шекеңнен өткен мұздай су секілді соғып жіберсе, миыңа құйып жіберсе, рухани ұстаз Дулат Бабатайұлының айтары басқаша:
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам...
Немесе,
Су мүйіз болған танадай,
Шыр көбелек айналам...
Немесе,
Бұзауы өлген сиырдай,
Сауын иіп Дулат жүр,
Місе қылып тұлыпты...
Немесе,
Мөңіреп жұртқа ой қайтты,
Бұзауы өлген сиырдай...
Немесе,
Әкеңнің айтқан аз сөзін,
Құтысына көңіліңнің,
Төгіп алма, дәлдеп құй...
М-Ж. Көпеев естігенін қате жібермей, одан әрірек дамытып, сәл көтере, басқа қырынан келетін тұсы да жоқ емес:
Кеңеске қалжың–мылжың тым–ақ ұста,
Суырдың айғырындай шықылдайды...
Немесе,
Ағыздым мен бір бұлақ көзін тауып,
Мес қылып құлағыңды толғанша құй...
Немесе,
Жалғанда таппай бір жал жалғыз жүрдім,
Кез болмай мен иеме далаға үрдім...
Бірінен – бірі өткен қозғалыс, тереңнен суыртпақтап сыр тартып, қазақы мінездің бір түйер барлығын аңдатады.
М-Ж. Көпеевтің тілі жете оқыған адамға жеткізбейді, терең бара оқыған адамға жеткізеді. Абай қолданысындағы «алтын иек» М-Ж. Көпеев жырында «лулу иек» дәрежесіне машықтанып, қыздың өңкей мүсінін көз алдына әкеле салады. М-Ж. Көпеев «Қыз Жібек» жырын оқып қана қоймай, ел ішінде өзбетінше жырлаған кісі. Махаббат тақырыбы да М-Ж. Көпеевтің қаламынан тыс өтпеген. Әсіресе, элегия жанрына ХІХ ғасырдың ішінде бірінші барған да М-Ж. Көпеев деп білеміз. М-Ж. Көпеевтің «Лала гүл және махаббат» элегиялық шығармасында:
Ғашықлық бір мырза дүр қатты,
Құшақтасып ебіспек дүр ғылажы...
- деп бір қайырып барып тоқтайды да:
Кел ай сәлік көзің ғибрат билан аш,
Махаббатсыз кісіден қош болып қаш...
- деп бір түйіндейді. Шағатайлық үлгі қатарында келетін бұндай өлең өрісі Абай шығармасында ұшырасады: М-Ж. Көпеев те, Абай да заманы бір, осындай кейбір тіл белгілерін жадығат ретінде бізге әкелгеніне қуанып, барын алып, шынайы көзқараспен түсінікке керек деп ойлаймыз. Абай:
Изу – рәушан, көзі гауһар
Лағилдек бет үші әхмәр...
үндестік табылып жатса, онда Абай мен М-Ж.Көпеевтің рухани жақындығы болып жатқандығы. Осы өлең жолындағы Лағилдек /Лағыл дай/ шағатайлық тұлға. Әлиф дек ай йузіңе ғибрат еттім (Абай) -дай,-дек жұрнағы жұмсалады /Р.Сыздықованы қараңыз/. Абайда қыздың: жүзін, көзін, бет үшін, тамағын, қасын, қолын айтып өткен ал, «иек» айтылмай қалған, М-Ж.Көпеев бұндай қыздың сипатын одан ары асыра түседі:
Ғұнша ерін, пісте мұрын, лулу иек,
Дүниеде неше түрлі бас асыл тас.
(Ібіліс лағын шайтан хикаясы)
Немесе,
Тісі маржан жақұт жақ лулу иек,
Киспсыз шашбауына таққан теңге.
(Жер мен көк қиссасы)
«Иек» сөзі Абай шығармасында да ұшырасады айталық:
Сөз айттым «әзірет Әлі, айдаһар» сыз,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз» ...
М-Ж.Көпеевтің «Гүлшат–Шеризат» қиссасының «Гүлшаттың» бейнесін сипаттау «Қыз Жібек» жырындағы Қыз Жібектің сипатындай ұқсас келеді.
Мысалы:
Тал бойында бір мін жоқ,
Шыны айнаның кезіндей,
Түзу ағаш құрған тез,
Тысқа шықты бұралып,
Тал жібектей оралып,
Айдай балқып нұрланып,
Жұрт көзінен ұрланып,
Әбжыландай толғанып,
Ақ орамал қолға алып,
Бар сәулетін құрынып,
Жын соққандай ұрынып,
Құс болып көкке ұшқандай т.б.
Сұрақтар
1.Эмоционалды-экспрессивті реңкі жамайтын сөздер тобы?
2. «Үрген қарын», «Үрген қуық» сияқты тілдік тіркесімдердің рөлі?
3. Дулат, Абай үлгісі қандай тілдік дәлелдер арқылы көрінген?
4. Шығыс шайырларының үлгісі және тілдік көріністері қандай?
5. Дерексіз ұғымының деректі сияқты қолданылу тәсілі оның тілдік көріністері?
2.5 Мәшһүр-Жүсіп тілінің грамматикалық ерекшеліктері
Көсемшенің -ып формасы арқылы ауызекі айтылатын жырлардың өзіндік ерекшеліктері бар. Айтыста, қолма-қол суырып салғанда ақын-жыршылардың негізгі қаруы да, ұйқас үшін ілігетін түрі де осы -ып тұлғасы болып табылады. М-Ж. Көпеевтің тілінде көптік ұғымды беретін сөздерге көптік жалғауы жалғанатынын айтқанбыз. III жақтағы етістіктің көпше мағынасын - лар жалғауы арқылы білдіру тенденциясы, бірде ортақ етіс тұлғасын ұсынса, бірде түркі тілдерінің байырғы тәсілі -лар аффикісін жалғауды көрсетеді (Р.Сыздықова). Бұндай ерекшеліктер М-Ж. Көпеев шығармаларында ұшырасады. Бұл ретте: шөптер, булар, сулар, шыңдар, микроптар, тозаңдар, ұшқындар, тамашалар, жерлер, зорлар, жұрттар, денелер, тұнжырлар, өнерлер, түздер, дүрлар, тұңғиықтар, омыраулар, пайдалар, тағаттар, армандар, өнерлер, күйінділер/ III жақ/, замандар, тереңдер, мейірбандар, көңілдер, мәжбүрлар, күйгенлер /кетселер ортақ етіс/, уағызлар, нәрселер, ләззатлар/ түркілік тәсіл/ көздер, жүздер, сөздер, жаудыраттар, жазлар/түркілік тәсіл/ /Ы.Алтынсаринде: //желдер/ деген сөз кездесетінін айта кеткен жөн/. Абайда /денелер/ сөзі кездеседі.
Көптік жалғауының араб-парсы сөздеріне жалғануы: хакімдер, пайғамбарлар, періштілер, нәбилер, уәлилар, мүминлер, жұһүдтер, борқандар, ғалымдар, кәпірлер, миғұлалар, шахзадалар, сахабалар, бірәдарлар, ғымалдар, қазылар, зекетшілер, ғазизлар /түркілік тәсіл/ мақұлықтар т.б.
Қазақтың төл сөздеріне көптік жалғауының жалғануы: жерлер, жандар, сарайлар, орнатылар, сіздер, керуендер, үйлер, тастар, нәрселер, жәндіктер, өсімдіктер, жүйріктер, жұлдыздар, іздер, осындайлар, құралдар, шөптер, баршалар, пайдалар, жұлдыздар, тамырлар т.б.
Кірме сөздерге көптік жалғауы жалғанады: ісмерлер, машиналар, микроптар. МЖ. Көпеев шығармаларынан теріп алынған бұл мысалдар өлең, қисса, дастандарда белгілі бір қызмет атқарып, шығарманың жүгін арттырып, мән – мағынасын асыра көтеріп, өзгеше рең жамап, басқа ақын–жыршылар дәстүрінен өзгеше сипат алатыны бар.
Көптік ұғымды сөз Доспамбет жырауда да ұшырасады:
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қоныстар қонған өкінбес...
Немесе,
Озушылар, озмаңыз,
Озсаңыз бізім бетке бармаңыз...
Болжалды келер шақтың түрленісі өлең жолына ұйқас беріп, айтылар ойды ұштайды: табылмас, қимас, симас, сыймас, аралас, етпеске, келмес, білмес, жараспас, оңдырмас, ашпас, кірмес, айтпас, жаппас, желмес, айнымас т.б. Өздік етістіктер болымсыз мәнді, есімшелі /іл+ме+с+тен/ сөздер бірыңғай шығыс септігінде тұрып, қимыл-әрекеттің себебін білдіреді: сөгілместен, төгілместен, бүгілместен т.б. Бұл арада кейінгі ықпалдың әсері қатты сезіледі.
-Сіп, -сып тұлғасының жырдағы қызметі үлкен: жақындасып, сүйгенсіп, кісімсіп, жауаптасып, күжірейсіп, ұстасып, ұрандасып мұндағы әсіресе даулы мәселе -сы // -сі –п тұлғалы сөздер. Есімше тұлғалы -ген сіп формасының қызметі де ерекше. /-Сі/ туынды сөз жасайтын ал, -п көсемшенің жұрнағы деп тануға болар еді, бірақ тілшілер -сып, -сіп–ті жіктік жалғауының мен//сен, мән//сән, сын//сін тұлғасына жуық келетінін айтады.
Бол етістігі есім сөздермен тіркесіп келіп, құранды етістік жасайды: бұйрық болды, күндіз болды, түнсіз болды, мінсіз болды, жолсыз болды, сөз болды, үнсіз болды т.б. -Сіз есім сөзден болымсыздық мағына білдіріп туынды сын есім жасайды /түнсіз, мінсіз, жолсыз/ т.б.
- Тұғын көне формалы сөздер жиі ұшырайды, ықшамдалған күйі -тұр // дұр // дүр формасы да кездеседі. Бұл турасында бірер сөз айтқанбыз. Әрине, -дұр//-дүр тұлғасы туралы қилы пікірлер көп. Бұл турасында «Қыз Жібек» жырының тілін зерттегенде тоқталғанбыз. Сонымен, М-Ж. Көпеев шығармасында: жауатұғын, дейтұғын, қалмайтұғын, көретұғын, ойнайтұғын, тонайтұғын, ұстайтұғын, сөйлейтұғын, баратұғын, кірмейтұғын, қызбайтұғын, бұзбайтұғын, қозтайтұғын, ойлайтұғын, жейтұғын, болатұғын, алмайтұғын, жалмайтұғын, бармайтұғын, жүретұғын, білетұғын, еретұғын, алжитұғын, айтатұғын, жұмсайтұғын т.б.
М-Ж. Көпеевтің шығармасында тұрақты тіркестер өте көп ұшырасады. Жалпы, ауызекі сөйлеу тілі болсын, ауыз әдебиетінің бізге жеткен тілдік белгісінің бірі – сөз мәйегі болып табылатын осы – фразеологиялық сөздер. Жазбалық болмай тұрып–ақ ауыздан–ауызда өңделіп қашала-қашала бізге жетті. Сол сияқты, мақал, мәтел, жұмбақ жаңылтпаш бұлар-ауыз әдебиетінің бұзылмай жеткен тілдік элементтері. Мысалы: Түлкінің қызылдығы өзіне сор, Бектердің оң қолында тұрағыңыз, Тұрмын қажып, теріс қақпай, көзін тігіп, көз салып, зәрін төгіп, сөз аяғы, құрғақ тілмен, жағымда жапырақ ет жоқ, көз жетпейді, Дәнекер тамағына түспей қалса, Мойнына жіңішкенің әбден мініп, Шиқан, тілме әуре боп қамшауымен, Есітиді құлақтыдан әбден бұрын, Отындықтан оттық мосы т.б.
Мұның ішінде қилы морфологиялық, синтаксистік қатынасқа түскен фразеологиялар ұшырасады. Олардың көбі өсімдік атауларына, құс аттарына, адам, жан-жануар тіршілігіне қатысты болып келеді.
М-Ж. Көпеев шығармаларында Баскин, Дарвин, Белинский, Жалинус, Затаевич, М.О.Әуезов, Мұсабеков, Науаий есімдеріне байланысты ойларын айтып, пікірлерін келтіріп, өз қағидаларын құрған. Мысалы, Науаи туындыларын көп оқып, білгені көрінеді. М-Ж. Көпеев Науаий шығармасынан үзінді ала отырып: «Ол не қылды, бұл не қылды? // Ол біл үр, ол бу қылмас/, /Әр не қылса, ол қылар/. /Хәкімті дін уақиф ирмастүр, кісі/. /Болмады бұл еш кішілігінің ісі/» - деп құдай ісінің ақтығын сөз қылады.
Өзбек әдебиетінің атасы атанған Әлішер Науаи турасында Абай Құнанбаев:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз–бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд
- деп өлеңіне қосып түрік ақындары мен шайырларына басын иген.
Сопылық философияның басын түйген, Қожа Ахмет Яссауи шығармасына тәнті болған. Орта Азия ақын-шайырларын ұстаз тұта отырып, Абай да, Мәшһүр - Жүсіп те дін ақиқат ісінен аттап кете алмаған. Абай, Фирдауси айтып кеткен мәннен ала отырып, қара сөздеріне үлгі еткен. Шығысы Батыс болып кеткенмен Абай Құнанбаев ислам ісіне теріс қарамаған, ата - баба жолын қатты ұстанған. Шәкәрімге үйретіп кеткен. Абай «Қарасөзі» құпиясы артында жатқан, әлі оқушысын таба алмай жатқан туынды. «Қарасөзді» оқу үшін арабша, парсыша білім болуы керек–ті. Құр аудармасынан оқып, Абай былай деді дегеннен түк болмайды. Араб сөздері мәтін ішінде құбылып келе береді. Қасиетті құран кәрім харіпімен жазылған әрбір жәдігерге абай болған жөн.
Абай Құнанбаев «Бес нәрседен қашық бол», «Бес нәрсеге асық бол» деп. Бес дұшпан: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес асыл іске: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды жатқызады. М-Ж. Көпеевтің «Төрт асыл, бес берекенің шешуі» деген философиялық өлеңінде. Төрт асыл ісе: жаратқан алла тағаланы бір деп білмек тіліменнен, сол тілдің бір дегенін шын деп көңілге алу, он екі мүшесін құдайдың құлшылығында қылу, пайғамбар сенетін орынға келтіру. Бес береке: құдайдан қорқып уақытымен оқыған намаз, малайғыны сөзден бой баққаны, зікуат уа қайырхасен, екі аяғының арасына ие болу, құдайға және халыққа қылған аманат уағдасында қалу - дейді.
Абайдың айтқанымен, М-Ж. Көпеевтің айтқандарының арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екеуі де түптеп келгенде имандылықты, адамияттылықты сөз қылады. Ынсап, қанағат, еңбек, терең ой арқылы толық адам бейнесін жасау идеясы паш етілді. М-Ж. Көпеев: ғәміл, сүннат, ләзиз, хасен, дәллә, тәсір, мұнафик, мүңкір, уа сөздерін пайдаланса, Абай да араб сөздерін қолданады: нәфритлі, ғибратлі, аят, хадис, күпір, мизан т.б.
Орыс тілінен енген сөздердің қазақыланып кеткен түрі: шабадан, самауырын, шәйнек, сияз, шотқа, піркнәшікті, ісмерлер, переуатын, кібірит, писугей, жандарал т.б.
М - Ж. Көпеев шығармасында кірме сөздер әсіресе орыс тілінен енген сөздер белгілі бір қосымшалар жалғанып, мәтін ыңғайында жұмсалады. Мысалы: милион + шік, піркән + шік. Кішірейту мағынасында қазақ сөздері: бұқашық, текешік ұшырасады. Кейбір сөздердің қос варианты: ларзан // арзан, зарар // залал / бұл сөз - Абай да кездеседі / Зарра // зарда т.б.
Көніркеп ішін жарып - деген тіркестегі бір қарағанда көзге елеусіз көрінгенімен /көн іреп/ малдың терісін пышақсыз іреп алуды айтады. - Пат қосымшалары арқылы: күлпат, ұлпат, зияпат, сияпат сөздері де ара - тұра кездеседі. Тәуелдік жалғаулы І жақтағы есім сөз, жіктеу есімдігімен ауысып, ілік септігінде тұруы мүмкін: тәнім менің, күнім менің, денім менің негізінде тиянақты конструкциясыз матаса байланысқан түрінде болуды мәтін қалайды. Мысалы: менің тәнім, менің күнім, менің денім (денім) сөзі «денем» деген сөзден ықшамдалып барып жасалған. М-Ж. Көпеевтің тіліндегі «ой» сөзі де өзгеше реңкіде ыңғайланып, басқадай мағынада жұмсалады. Мысалы: терең ой, ұзын ой, бұзылған ой т.б. «Жал - құйрығын бір сапар созып тұрмын» деген жыр жолындағы «сапар» сөзі де мезгіл ұғымында алған, әуелінде тура мағыналы /сапар // жолға// сапарға аттандым/ тіркесіндегі сапардан ауытқып барып жаңа ұғымда қолданылған. Жалпы, Мәшһүр - Жүсіп «сапар» сөзін жаңа ыңғайда жұмсап сөз түзуде қырағылық танытады. Сақалын саудалап – деген әдеттегі тіркес М-Ж. Көпеевте «саудама сақал» сындық мағынада қолданып, метонимиялық құбылуға дейін барғандығын көреміз.
Жаурылықтың ер мінбей мініп желқом,
Күнде бір ат мінбес пе ем болса жылқым...
«Хаятбақшы» дастанынан алынған бұл мысал: аттың жауырыны жара (жауыр) балмас үшін ертоқымның астынан салынатын жауырлық оны алып тастап, жайдақ тек қана қом салынғанын айтса керек. Қазақ ұғымында: «жауырды жаба тоқып» дейді, жауыр атқа жабаны салуды айтады. Қолшатырдың /алтын шатыр/, /көтеріп саясын/ сияқты түрлері ұшырасады. Алғымад // алғыр, тәрік // тәркілеу сөздерінің жаңаша сөз жасамдық қабілеті де аңғарылады. Бүгінгі әдеби нормадағы түзеліп жеткен «уәде» сөзінің заман тезінен құбылып өткен формасы / уағыда // дағуа/ да М-Ж. Көпеевтің тілінде бар. «Ұста /з/ – жүз, әр ұстаға шәкірт - мыңнан» деген жолдағы /темірші ұстадан/ өзгешелеу -з дыбысы түсіп қалған /ұста/ күйіндегі қолданысы да ұшырасады. Бұл да М-Ж. Көпеевтің тіл ерекшелігінің бір қыры. Ұшқын осса тіркесіндегі осса // ұшса деген сөздің сыңары қазір сирек қолданылады, дегенмен /осып жібер/ тіркесінің құрамында кездеседі. Ы.Алтынсарин «мық» сөзін шеге орнына қолданған, ал М-Ж. Көпеев шығармасында тура мағынасында «уақ шеге» түрінде алынған.
Қорыта келгенде, М-Ж. Көпеевтің тіл ерекшелігі осы жазылғанмен ғана шектелмейді. Бұл болашақ жазылмақ үлкен зерттеудің теңіздің тамшысындай ғана бір бөлігі болып табылады. Дегенмен, М-Ж. Көпеев шығармаларының тілін, ауыз әдебиетінен жинаған үлгілердің тілін қарастырғанымызда өзіндік тіл ерекшелігі бары өз алдына, ақынның қазақ әдеби тілінің дамуына да қосқан үлесі барлығы анықталды. Олай болса, М - Ж. Көпееевтің қазақ әдеби тілін дамытудағы рөлі айқындалып, Абай мен Ыбырай қатарынан өз орнын алатын мезгілі жетті.
Сұрақтар:
1 -Лар көптік қосымшасының көптік ұғымдарына жалғану ерекшеліктері?
2 Кірме сөздерге қазақ қосымшасы жалғану арқылы жаңа сөз жасау үрдісі?
3 Тұрақты тіркестердің әдеби тілдің дамуында алатын орыны?
4 -шік, - шық қосымшаларының қолданылу ерекшеліктері?
5 «Ұызын ой» т.б. осы сияқты тіркестердің қазақ әдеби тілін жаңа сапаға көтерудегі қолданысы қандай?
-
Достарыңызбен бөлісу: |