Дихотомиялық бұтақтану – орталық осьтің ұшы екі бұтаққа, ал олардың әрқайсысы тағы да екіге және т.с.с. бөлінетін бұтақтану. Мұндайда осьтің өзі өсуін тоқтатады.
Доминанттар (гр.dominans – басым) – берілген қауымдастықта саны ең көп болатын және биологиялық үрдістерге әсер ететін түр немесе түрлер.
Дотидеальді сңырауқұлақтар (қат. Dothideales, кл. Ascomycetes) – аскостромалары бір немесе көплокулярлы, склероциальді, енген немесе жартылай енген. Псевдотецийлер аскостромаға енген, сыртқа қарай саңылаулар арқылы шығып тұрады. Қалталары түрлі пішінді, негізінде біріктірілген, кейбір түрлерде гимениальді қабат сияқты парафиздерімен. Споралары бірклеткалы немесе қатпарларымен, түссіз немесе боялған. Негізінене сапротрофтар, ағаштың, бұталардың, шөптесіндердің қураған жапырақтарында тіршілік етеді. Қауіпті ауру туғызатын паразиттер де бар. Олардың біреулері конидиальді сатыда, кейде қалталы сатыда паразиттік тіршілік етеді. Барлық жерде кеңінен таралған.
Әлемде 400 түр белгілі. Қазақстанда 100 түр анықталған.
Дрожалкілі саңырауқұлақтар (қат. Thremellales, кл. Basidiomycetes) – төртклеткалы базидиялары және стеригмалары бар базидиомийеттер. Бір түрлерде стеригмалар цилиндрлік, ұзын, басқаларында – ине тәрізді, қысқа. Жеміс денелері қарапайымдыларда кепкен, жіңішке, көрінбейтін қабыршақтар тәрізді, бұдан жоғары ұйымдасқандары пішіні мен құрылысы бойынша түрленеді. Негізінен сапротрофтар, шіріген ағашта тіршілік етді, алайда басқа саңырауқұлақтарда паразиттік тіршілік ететін микофилдер де бар. Негізінен тропиктік, кемірек қоңыржай климатта тіршілік етеді. Тән түрлер: дрожалка (Tremella), эксидия (Exidia), себацина (Sebacina) және т.б.
Әлемде 200 түр белгілі. Қазақстанда 9 түр анықталған.
Друза – 1) актиномицеттер жаралаған жердегі іріңдегі сарғыш-сұр түсті іріткілер; 2) көптеген өсімдіктер клеткаларында болатын тығызы құрылымдарға біріккен кальций оксалаты кристаллдары.
Дуст – тұқымдарды, өсімдіктерді, бидайды құрғақ залалсыздандыруда пайдаланылатын фунгицидтер препараттарының бір түрі. Ұсақ ұнтақ, бөлшектерінің мөлшері 1-ден 100 кмк-ге дейін.
Е
Екі жылдық саңырауқұлақтар - өз даму циклын көктемде, вегетациялық кезеңнің басында, тірі өсімдіктерде бастайтын саңырауқұлақтар; күзде және қыста саңырауқұлақ сапртрофты қоректенеді, ал келесі жылдың көктемінде спора түзудің бір тәсілін дамытып, циклын тоқтатады. Бұларға паразиттік саңырауқұлақтардың көбі жатады.
Еменнің ақұнтағы – еменнің өте қауіпті ауруы, әсіресе питомниктерде. Қоздырғыш – микосфера (Micosphaera alphitoides, қат. Erysiphales) саңырауқұлағы. Грибница көктемде жапырақтың жоғарғы бетінде ақ ұнтақты зең түрінде пайда болады, кейін ол жазғы спора түзу конидияларынан тұратын сұр зеңга айналады, ол арқылы сау өсімдіктердің зақымдалуы мен аурудың таралуы өтеді. Күзге қарай қалталы саты – клейстотецийлер түзіледі. Ауру Қазақстанда кең таралған. Күресу шаралары: күкіртті препараттармен себу немесе егу (интервалы 2-3 жұма). Егу үшін коллоидты күкірт (0,5%) немесе каратан (0,1%), әктік қоспа (1,5%) алынады. Себу үшін үгілген күкірт пен әк қомпасы (2:1) және күкіртті концентраттар қолданылады.
Ж
Жабайы грибница – қолдан өсіру мақсатында саңырауқұлақтаң табиғи өсу жерінен алынған, грибницамен тарамдалған субстрат (жер, көң).
Жабын – қабықшасы ақ, тығыз, өрмекті. Жабынның екі түрі бар: 1) жалпы (velum universale) - тығыз байланысқан гифалардан тұратын қабық, саңырауқұлақты толығымен, табанынан қалпақтың басына дейін қаптайды. Өсе келе ол созылып жарылады, және қалпақта қабыршақтар түрінде, ал табан негізінде – сақина түрінде қалады; 2) жалқы жабын (velum partiale) – жұқа өрмекті гифалар байланысы, жас саңырауқұлақтың гименофорын жауып, қалпақ қырлары мен табанды қосып тұрады. Пісіп жетілу кезінде қалпақ қырлары қайырылып, жабын жарылады да, ол табанда сақина түрінде, ал қалпақ қырларында шашақ түрінде қалады.
Жазғы споралар – тат саңырауқұлақтарының жаз бойы урединияларда дамитын урединоспоралары, бірнеше генерация береді. Жел арқылы таралып, басқа өсімдіктерді зақымдайды.
Жалған ақ саңырауқұлақ, өт саңырауқұлағы (Tylopilus felleus, қат. Agaricales) – қақпағы жуан етті, дөңес, жастық пішінді, уақыт өте келе сәл жайылады, жасыл-қоңыр түсті. Гименофор түтікті, ақ, кейін қызғылттанады. Табаны центральді, жастарында түйінді, кейн цилиндрлік, сағыш-қоңыр, жоғары бөлігінде күңгірт торлы. Еті тығыз, ақ, бөлінген жерде қызғылттанады. Қылқанды және аралас ормандарда, топырақта, ағаш қалдықтарында өседі. Ұқсас ақ саңырауқұлақтан ащы дәмімен және ауада қызғылттанатын етімен айырылады.
Жалған ақұнтақ, пероноспороз – дерт зақымдалған мүшелердің бетінде конидиялар мен конидиятасымалдаушылардан құралған ақшылт-сұр дақтардың пайда болуымен сипатталады. Ауыл шаруашылыққа ең үлкен экономикалық зардап әкелетіндері – пияз, қызылша, орамжапырақ пен темекінің жалған ақұнтағы. Аурудың қоздырғыштары – пероноспора (Peronospora), плазмопара (Plasmopara), псевдопероноспора (Pseudo-peronospora) тұқымдастарының саңырауқұлақтары. Күресу шаралары ретінде ауыспалы егіншілік, тұқымдарды ТМТД-мен (4г/кг) уландыру, тұқымды аймақтарды үш рет фунгицидтермен, цинебпен, купрозанмен, мыстың хлорлы тотығымен залалсыздандыру, егілетін материалды термиялық залалсыздандыру қолдану керек. Барлық жерде кеңінен тарлған.
Жалған түбіртек, күкіртті-сары түбіртек (Hypholoma fasciculare, қат. Agaricales) - өте улы саңырауқұлақ. Қалпағы ашық-сары, орталығында қызыл, тегіс; гименофоры басында күкіртті-сары, кейін жасыл-сары, табанның сақинасы жоқ. Споралар күңгірт боялған, қоңыр. Топтасып ағаш қалдықтарында, олардың маңында, кейде тірі ағаштарда өседі. Сырт бейнесі нағыз опенокқа ұқсас.
Жалған ұлпа – плектенхима мен псевдопаренхиманың өзі.
Жалған аяқтар – конидиома, иесінің терісімен жабылған, тегіс түзілім түріндегі конидиальді спора түзу. Оның ішінде конидиятасымалдаушылары гифалардың тығыз байланысында палисадты қабатпен орналасады. Конидиялар пісіп жетілген кезде жабын жарылып, конидиялар кілегейлі тамшылар түрінде сыртқа шығады. Меланконийлі саңыауқұлақтарда кездеседі (қат.Melanconiales).
Жаңбырлы саңырауқұлақтар, Жаңбыр саңырауқұлақтары (қат. Lucoperdales, кл. Basidiomycetes) – тұйық жеміс денесі бар, отырыңқы немесе табанды, көбінде шар тәрізді, екі қабаттан тұратын (сыртқы (экзоперидий) – тегіс, тікенекті, қабыршақты, ине пішінді, күңгірт боялған және ішкі (эндоперидий) – қағазтектес, жұқа) қабықшамен қапталған. Ішкі ұлпа – глеба, уақыт өте келе күңгірттенеді, шаңданады, базидиоспоралар мен капиллицийден тұрады. Кейбір түрлер тек жас кезінде ғана жеуге жарамды – ликопердон (Lycoperdon), кальвация (Calvatia). Қазақстанның барлық жерлерінде топырақта, ормандарда, жайылымдарда, далаларда, тулардың тасты беткейлерінде кездеседі.
Жапырақтардың бұйралануы – жемісті, негізінен сүйекті өсімдіктердің тафрина саңырауқұлағымен қоздырылатын ауруы. Жапырақтың жоғарғы бетінің көпіршікті ісінуімен және төменгі бетінің ойыстылығымен сипатталады. Күресу үшін көктемде гүлденуден кейін және жазда ДНОК-ң 1-2% және бордос сұйықтығының 1-2% ерітіндісімен себу, сондай-ақ санитарлық залалсыздандыру – ауру бұтақтар мен жапырақтарды құрту қажет.
Жапырақтардың күюі – полистигма (Polystigma, қат.Sphaeriales) тұқымдасы тудыратын ауру. Жапырақ дақтарында саңырауқұлақтың ашық-қызыл стромалары түзіледі, оларда жазда жіпшелі споралары бар пикнидтер дамиды. Күзде конидийлі саты қалталыға ауысады. Зақымдалу қыстаудан кейін аскоспоралар арқылы жүзеге асады. Өрікте, шиеде P.rubrum саңырауқұлағы, черемухада – P. ochraceum саңырауқұлағы паразиттік етеді. Паразиттер өнімге өте үлкен зиян келтіреді. Күресу шаралары – карантинді шаралар: зақымдалған бұтаққтарды жинау, жапырақтарды өртеу; химиялық – мыс купоросының 1% ерітіндісімен, креозоттың немесе бордос сұйықтығының 1% ерітіндісімен залалсыздандыру.
Жаралану – некроз, антракоз.
Жем ашытқылары (т. Candida, қат. Endomycetales) – саңырауқұлақтар псевдомицелий, кейбір түрлер нағыз мицелий мен хламидоспоралар түзеді. Бүршіктену арқылы көбейеді. Ауыл шаруашылық қалдықтарынан: мелассадан, қышқылдық гидролизаторлардан, ағштан алады. Жем ашытқылары жем ақуызының, ферменттерінің продуценттері болып табылады;ақуызды-дәрумендер алынып, мал шаруашылығында қорекке қоспа ретінде пайдаланады.
Жеміс денесінің гименокарпты даму типі – гименийлі қабат дамудың басынан соңына дейін ашық болатынымен (ешбір жабын немесе қабықшасыз) сипатталады. Дискомицеттер мен кейбір жоғары сатылы базидийлі саңырауқұлақтарда кездеседі. (қат. Agaricales).
Жоғары сатылы саңырауқұлақтар – септирленген мицелийі, жетілген жеміс денесі бар және споралар мен конидиялар арқылы жыныссыз көбейетін саңырауқұлақтардың жалпы атауы.
Жыныстардың биополярлы бөлінуі – тірі ағзалардың көбінде екі жыныс: аталық (-) және аналық (+) ажыратылады. Плюс және минус – белгілеу таңбалары.
Жыныстық көбею – екі гаплоидты жыныс клеткасының немесе вегетативті клеткалардың зигота түзіп, қосылуы. Жыныстық көбеюдің көптеген типтері бар. Төменгі саңырауқұлақтарда – гологамия, изогамия, гетерогамия, оогамия, зигогамия. Жоғары саңырауқұлақтарда жыныс үрдісі күрделірек жүреді: басында гаметаларға бөлінбеген клеткалар қосылады, мұнда зигота түзіледі, кейін тыныштық кезеңінсіз зиготада дикариондар пайда болады, олар бірігеді (кариогамия), одан кейін редукциялық бөлініп, гаплоидты ядролар аскомицеттерде аскоспораларға, ал базидиомицеттерде базидийлерге өтеді. Жетілмеген саңырауқұлақтарда жыныстық үрдістің болмауы парасексуалды үрдіспен немесе гетерокариозбен орын басылады.
Жыртқыш саңырауқұлақтар – түрлі жүйелік топ өкілдерін (пероноспоралылар (қат.Peronosporales), гифалы (Hyphomycetales), зоопагты (Zoopagales), хитридийлі (Chytridiales)) біріктіретін ерекше экологиялық топ. Түрлі микроағзаларды, жәндік дернәсілдерін, нематодаларды аулап, өлтіріп, кейін қорек ретінде пайдалануға қабілетті. Құралдары: жабысқақ торлар, гифалардың бүйірлік өскіндері, домалақ бастар, жиырылғыш сақиналар, барлығы жабысқақ затпен қапталған. Негізінен топырақта мекендейді, бірақ кейде өсімдік қалдықтарында да кездеседі. Нематодалармен, олардың дернәсілдерімен күресудің биологиялық тәсілі ретінде пайдаланылады. Жыртқыш саңырауқұлақтардан алынған препараттар топырақты зиянды жәндіктерден залалсыздандыруда жақсы нәтижелер бережі.
Жіпше – саңырауқұлақтар зооспоралары мен гаметалардың, бактериялардың қозғалыс мүшесі.Жіпшелердің екі түрі бар: тегіс және қауырсынды.
З
Зат алмасу, метаболизм – ағзада үнемі жүретін асимиляция және диссимиляция үрдістері. Ол ағн өсу, даму, көбею мен қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндігін береді.
Зеленушка (Tricholoma flavovirens, қат. Agaricales) – жеміс денесінің анық көрінетін табаны мен қақпағы бар. Қақпағы жас денелерде дөңес, уақыт өте келе тегіс, қырлары көтеріңкі, кілегейлі, жұмсақ, сұр-жасыл немесе қоңыр-жасыл, ортасына қарай ұсақ қабыршақты. Пластинкалар ірі, сары-жасыл. Еті тығыз, жақсы дамыған, сарғыш-қоңыр. Қылқанды ормандарда өседі. Жаздың соңы мен күзде Қазақстанның солтүстігінде жиі кездеседі. Жеуге жарамды.
Зең саңырауқұлақтары – микроскопиялық саңырауқұлақтар, үлпілдек, мақта тәрізді өңез түзеді, оның түсі алуантүрлі: ақ, жасыл, сары, ашық-сары, қара, т.с.с. Түрлі субстраттарда - өнімдерде, нанда, көкөністерде, жемістерде, жануар және өсімдік қалдықтарында, теріде, кітаптарда және т.б. мекендеп, олардың шіруі мен ыдырауына әкеледі. Өңез немесе зең саңырауқұлақтың споралары мен мицелиімен түзіледі, олар субстратты тесіп өтіп, оны ферменттер арқылы ыдыратады. Олардың негізгі тіршілік ортасы – топырақ. Әлемде кеңінен таралған. Органикалық қышқылдардың, антибиотиктердің, ферменттер мен дәрумендердің продуценттері ретінде экономикалық маңызы зор. Кейбір түрлер адам, жануар мен өсімдіктердің күрелі ауруларын тудырады.
Зигогамета (гр.zygotos – қосылған) – қозғалмайтын гамета.
Зигогамия (гр.zygon – жұп) – сырт белгілері бойынша бір-біріне ұқсас клеткалардың немесе мицелий учаскелерінің өзара қосылуы жүретін жыныс үрдісінің типі. Балдырлар мен зигомицетті саңырауқұлқтарда кездеседі.
Зигомицеттер (кл. Zygomycetes) – төменгі сатылы саңырауқұлақтар, жеміс денесі жақсы дамыған, жыныссыз көбеюдің тік мүшелері бар, көпядролы мицелиймен берілген. Экзогенді түзілетін конидиялар бар. Жынысты көбеюі – зигогамия, кейбір түрлерде – гетерогамия. Жыныс үрдісінің өнімі – тыныштықтағы зигота – вегетативті мицелиймен өседі. Топырақта, көңде сапротофтар ретінде тіршілік етеді. Өсімдіктерді, жануарларды, жәндіктерді және адамдарді жаралайтын патогенді түрлері де бар.
Әлемде 600-ден астам түр белгілі. Қазақстанда 20-дан астам түр анықталған. Төрт қатбекке бөлінеді: Mucorales, Entomophorales, Endogonales, Zooagales.
Зигоспора – қалыңқабатты, сыртқы жағдайларға төзімді спора. Зиготадан дамиды. Тыныштықтың аз уақытынан кейін өсіп шығады.
Зигота (гр.zygotes – қосылған) – ұрықтанған жұмыртқа клеткасы, бір бірінен сыртқы ерекшеліктер бойынша ажыратылмайтын екі әртүрлі жынысты гаметалардың немесе мицелийдің қарама-қарсы гифалардың клеткаларының қосылу өнімі. Пайда болған ірі дөңгелек пішінді клеткалардың хромосомалар жиынтығы диплоидты болады.
Зоомицеттер (гр.zoon – жануар) – тірі және өлі жануарлардың клеткаларында тіршілік ететін саңырауқұлақтар.
Зооспорангий – ішінде зооспоралар дамитын жыныссыз дамудың бірклеткалы мүшесі. Хитридийлі (кл. Chytridiomycetes) саңырауқұлақтарда және оомицеттерде (кл. OOmycetes) кездеседі.
Зооспоралар – зооспорангияларда пайда болатын жыныссыз көбеюдің эндогенді споралары. Бір немесе екі жіпшелер арқылы қозғалады. Белгілі бір уақыт өткен соң қалың қабықшамен қапталынып, жіпшелерін жоғалтады және жаңа ағза өсіп шығады. Саңырауқұлақтаң таралуы үшін қызмет етеді. Микромицеттерде – адлдында екі жіпшесі бар, даму циклындағы гаплоидты қозғалмалы саты. Кейбір түрлерде жіпшелердің бірі редукияға ұшырайды.
Зоофилдер – жануарларды жарақаттайтын саңырауқұлақтар.
Зоохорлы саңырауқұлақтар (гр.choreo – жылжимын) – спораларын, мицелий үзінділерін денесінде немесе ішінде жануарлар, аңдар, құстар тасымалдау арқылы таралатын саңырауқұлақтар.
И
Идентификация – белгісіз саңырауқұлақтың немесе басқа ағзаның таксономиялық жіктелуін анықтау.
Ие – ішінде саңырауқұлақ паразиттік ететін өсімдік немесе басқа ағза.
Ие-паразит – екі не одан да көп ағзалардың әректтесуінің өте күрделі жүйесі. Соңғысы біріншісінде не оның үстінде өзінің даму циклін өткізеді. Мұнда ие түрлі механизмдер арқылы (физика-билхимиялық, анатомиялық) паразиттен құтылуға тырысады, соңғысы бұл ерекшеліктерге бейімделуге тырысады.
Изо (гр.isos – бірдей) – күрделі сөздің бөлщегі, бірдейлілікті, теңдікті, ұқсастықты көрсетеді.
Изогаметалар – сырт ерекшеліктері бойынша ір-бірінен ажыратылмайтын қозғалмалы аталық және аналық гаметалар.
Изогамия – пішіні мен мөлшері жағынан бірдей, бірақ биохимиялық және физикалық қасиеттері бойынша әртүрлі екі қозғалмалы гаметалардың қосылуы арқылы жүретін жыныс үрдісі. Хитридиомицеттерде (кл. Chytridiomycetes) кездеседі.
Изолят – субстраттан бөлінген моноспоралы немесе таза культура.
Изотип - голотиптің әрбір дубликаты.
Изофаг (гр.fagos – жегіш) – ие өсімдіктің бір немесе жақын бірнеше типіне қатаң бекітілген паразитті ағза.
Иксокутис – жазықтыққа паралельді орналасқан, үстіңгі бөлігі желатинделген гифалардан құралған табанның немесе қалпақтың жоғарғы қабаты.
Иксотриходермис – жазықтыққа перпендикулярлы орналасқан, үстіңгі бөлігі желатинделген гифалардан құралған табанның немесе қалпақтың жоғарғы қабаты.
Иммунитет (лат.immunitas – босалу) – генетикалық бөгде белгілері бар заттардан және тірі денелерден ағзаның қорғану әрекеті.
Ингибиторлар (лат.ingebere – тоқтату, тежеу) – биологиялық үрдістердің жүруін тежейтін заттар.
Индетерминацияланған конидия тасымалдаушылары – конидиялырдың түзілуі кезінде өсуін тоқтатпайды.
Инкубация, инкубациялық немесе латентті кезең (лат.in – ішінде, kibare – жату) – инфекцияның ағзаға түсуден, аурудың алғашқы белгілерінің көрінуіне дейінгі уақыт.
Инокулюм – табиғи немесе жасанды жолмен ағзаға түсетін жұқпалы бастама (саңырауқұлақтар, вирустар, бактериялар). Инокулюм бүтін ағза немесе оның бөлігі болуы мүмкін.
Инокуляция – түрлі жолдар арқылы жүретін аурудың жұғуы: қоректік ортаға, тірі ағзға немесе топыраққа қоздырғышты егу (саңырауқұлақты, бактерияларды, балдырларды), енгізу.
Иноперкулятты дискомицеттер – пісіп жетілуі кезінде қалталары жыра немесе пора арқылы ашылатын саңырауқұлақтар.
Интерфаза (лат.inter – арасында) – екі мейотикалық немесе митотикалық циклдер арсындағы кезең. Интерфаза кезінде клетканың өсуі мен ДНҚ-ң екі еселенуі жүреді.
Интоксикация – ағзаның токсиндермен улануы.
Интраматрикальді паразиттер – иесінің ішінде тіршілік ететін ағзалар.
Инфекция (лат.infectio – жұғу) – аурудың қоздырғышының ие ағзаға өтуі.
К
Кандидоз (Candidosis) – аурудың қоздырғыштары – кандида тұқымдасының ашытқы саңырауқұлақтары (Candida, қат.Endomycetales). Саңырауқұлақтардың жас клеткалары дөңгелек немесе жұмыртқа пішіндес, ересектері – созыңқы, диам. 5-8 мкм. Бүршіктену арқылы көбейеді (бласмтоспоралар). Нағыз мицелийі болмайды, псевдомицелий жіптәрізді клеткалардан тұрады, 12-20 мкм псевдомицелийдің қатбектелу нүктелерінде бүршіктенетін клеткалар мутовты орналасады.
Саңырауқұлақтар адам мен жанарларды жарақаттайды. Кандидз кезінде кілегей қабықшасы зақымдалады: дене терісі, ішкі мүшелер, түрлі аллергиялық реакциялар байқалады. Аурудың жұғуы ауру, ауырып болған немесе сау тасымалдаушыдан, сондай-ақ зақымдалған заттар арқылы жүреді.
Кандидоздардың дамуына нашар тамақтану, дәрумендердің жетіспеушілігі (негізінен А, В, С), зат алмасудың бұзылуы, антибиотиктерді дұрыс қолданбау жағдай жасайды. Алдын алу шаралары: аурумен контактқа түспеу, санитарлық залалсыздандыру, заттарды дезинфекциялау.
Саңырауқұлақтар барлық жерде кеңінен таралған, бірақ көбінесе тропикалық және субтропикалық елдерде кездеседі.
Капилиций – жіптәрізді гифалар, қатты бұтақталған, түсіз немесе боялған, гастеромицеттердің және миксомицеттердің жеміс денесінде орналасады. Олар ыдыраған трамадан түзіліп, споралардың таралуына ықпал етеді. Бетінде шеңбер, спираль, тікенек түріндегі мүсінді құрылымдар болады. Бұлар спора тасымалдаушының жарылауы кезінде жызылып, споралы массаның таралуына ықпал етеді.
Капнодиальді саңырауқұлақтар (қат. Capnodiales, кл. Ascomycetes) – жеміс денелері шар пішінді, дөңес, кейбір түрлерде беттік, тығыз байланыстарды дамиды. Қалталарында бірнеше көлденең, кейде тік түссіз немесе қоңыр қатпарлары болады. Тірі жапырақтарда тіршілік етіп, тлянің шығаратын заттарымен қоректенеді. Нағыз паразит болмаса да, саңырауқұлақ мицелиінен пайда болатын қара дақтар ие-өсімдіктің фотосинтезге қабілетін азайтады. Даму циклында пикнидиальді саңырауқұлақтардың сатылары бар. Белгілі тұқымдастар: капнодий (Capnodium), хетотирий (Chaetotyrium). Негізінен тропикалық және субтропикалық елдерде таралған, қоңыржай зоналарда сирек кездеседі.
Әлемде 250 түр белгілі. Қазақстанда зерттелмеген.
Капрофильді саңырауқұлақтар, капротрофтар, капрофилдер (гр.kopros – көң, нәжіс) - өсімдікжегіш жануарлардың экскременттерінде тіршілік ететін саңырауқұлақтардың экологиялық тобы. Оған агарикті (Coprinus), қалталы (Humaria), мукорлы (Mucor, Pilobolus) және т.б. саңырауқұлақтар жатады.
Карантин – аудан, облыс, аумақ, мемлекетке қауіпті, карантинді аурулардың қоздырғыштарының,зиянкестерінің, сорлы өсімдіктердің түспеуі мақсатында жүргізілетін шаралар жүйесі. Карантиннің екі түрін ажыратады: 1) ішкі: міндеті – аурулардың мемлекет ішінде таралмауын жүзеге асыру; 2) сыртқы: елге карантинді объектілердің өтуіне тыйым салатын қорғаныштық қызмет атқарады. Объектілердің басқа мемлекеттерден әкелінуіне рұқсат тек қана оның карантинді жағдайын көрсететін сертифткаттың болуымен етіледі.
Карантинді аурулар – берілген территорияда кездеспейтін, алайда кездейсоқ немесе арнайы әкелінуі, аурудың қоздырғышының немесе зиянкестерінің түсуі, тез таралуы, көбеюі және эпифитотиялар мен эпизотиялардың пайда болуы мүмкіндігі салдарынан үлкен қауіп келтіретін аурулар. Карантинді шаралар қолданылады.
Карбофильді саңырауқұлақтар, карботрофтар, карбофиттер (лат.carbo – көмір) – жанып кеткен ағаштарда, өрттіктерде тіршілік ететін саңырауқұлақтардың экологиялық тобы. Бұл жерлердің қоныстануы ауадағы және топырақтағы споралармен жзеге асырылады. Бұл саңырауқұлақтар басқа ағзалардың (саңырауқұлақтардың, микробтардың, қыналардың, жоғары өсімдіктердің) қоныстануына жағдай дайындайды. Карбофилдер қалталы саңырауқұлақтарда, мысалы пецица (Peziza), сордария (Sordaria) және т.б.; базидиальділерден – фолиота (Pholiota), псатирелла (Psatirella) кездеседі.
Карио (гр. karyon – ядро, жаңғақ) – клеткалық ядроға қатысы бар, күрделі сөздердің бөлшегі.
Кариогамия – тұқымдану кезіндегі аталық және аналық гаметалардың ядроларының қосылуы, мұнда түзілген хромосома жұптары аталық және аналық клеткалардың генетикалық ықпаратын тасымалдайды.
Кариогенез – митоздың бұрынғы атауы.
Кариолимфа (гр. lympha – ылғал), кариоплазма (гр.plasma – түзілім), нуклеоплазма, ядролық сөл – клетка ядросының гомогенді, сұйық заты; цитоплазмадан мембранамен оқшауланады, ішінде ядрошық, хроматин және басқа да ядролық құрылымдар болады.
Кариология (гр.logos – ілім) – ядро мен оның құрамдастарының құрылысы мен тіршілігін зерттейтін ғылым.
Кариомембрана, кариотека, кариолемма – клетка ядросының құрамын оны қоршаған цитоплазмадан оқшаулап тұратын қабықша; оның қалыңдығы 200-300Å, сирек 1200Å; екі қабаттан тұрады: тірек қызметін атқаратын сыртқы, және ядродан цитоплазмаға және кері бағатта заттардың өтуін реттеп отыратын ішкі; зат алмасуды жүзеге асырады.
Кариосома – хроматиннен тұратын ядроның тығыз бөліг.
Кариотип (гр.typos – мысал, пішім) – соматикалық клеткалардағы хромосома белгілерінің диплоидты жинағы, әрбір ағза үшін тұрақты және ерекше. Түрлі мутациялар нәтижесінде кариотиптің өзгеруі мүмкін. Цитогенетикалық маңызды сипаттама болып табылады.
Карпофор (гр.carpos – жеміс, phoros – тасымалдайтын) – ішінде споралар түзілетін, макромицеттердің жеміс денесі.
Картоп саңырауқұлағы, картоп көгі, картоп фитофторасы (Phytophtora infestas, қат. Peronosporales) – мицелиінде қатпарлары болмайды, көп бұтақтанған, ірі немесе ұсақ ісінділерімен, дәнді. Ие-өсімдіктің клеткасына бір-бірден немесе бірнешеуден енетін саусақтәрізді, жіпшелі, дөңгелек гаусториялар болады. Жыныссыз көбеюі зооспорангиялар арқылы, жынысты – оогамия. Спорангиятасымалдаушылары лимон пішінді. Оогониялар дөңгелек, түссіз. Паразит. Кең таралған және өте зиянды ауру – фитофтороздың қоздырғышы.
Картоп фитофторозы – фитофтора (Ph. Infestans) саңырауқұлағымен қоздырылатын ауру. Жаз соңында картоп жапырақтарында күңгірт дақтар түрінде көрінеді, олардың төменгі жағында саңырауқұлақ спора тасушыларынан тұратын ақ өңез түзіледі. Жаңбыр тамшыларымен споралар топыраққа түсіп, түйнектерді зақымдайды. Саңырауқұлақ грибницамен сақталатын түйнектерде, сондай-ақ топырақта қыстайды. Аурудың таралуына ауаның жоғары ылғалдылығы жақсы жағдай жасайды. Күресу шаралары – төзімді сорттарды енгізу, агротехниканың жоғары дәрежесі. Тұқымдық картопты отырғызу алдында 10-14 күн жарықта ұстау керек. Егістіктерді 1% бордос сұйықтығымен 2-3 рет себуқажет,сонымен қатар, Родомил Голд МЦ және Утан фугицидтері ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |