МҮк тәрiздiлер бөлiмi (отдел моховидные Bryophyta)



Дата07.07.2016
өлшемі46.68 Kb.
МҮК ТӘРIЗДIЛЕР БӨЛIМI (отдел моховидные - Bryophyta)

Мүк тәрiздiлер бөлiмi түрлерiнiң саны жағынан гүлдi өсiмдiктерден кейiнгi екiншi орында. Дүние жүзi бойынша олардың 22000-нан 27000-ға дейiн түрлерi кездеседi.

Мүктер жер бетiнiң барлық жерлерiнде кездеседi. Әсiресе ылғалы мол жерлерде олар қалың болып өседi. Орманның батпақты жерлерiнде мүктер жер бетiн тұтас жауып жатады. Мүктердi ағаштан салынған үйлердiң шатырынан, ағаш дiндерiнен, тастардың, жартастардың бетiнен көремiз. Мүктi ағаштардың сынып түскен бұтақтарынан, тiптен терең тұшы сулардың түбiнен кездестiруге болады. Климаты аса қатал Артика мен Антарктиданың бiр қатар аудандарында жоғары сатыдағы өсiмдiктерден тек мүктер ғана өседi. Мүктердi зерттейтiн ғылымды «Бриология» дейдi.

Мүк тәрiздiлер аласа болып келетiн көпжылдық, сирек жағдайда бiржылдық өсiмдiктер.

Мүктердiң биiктiгi бiр миллиметiрден 70 сантиметрге дейiн жетедi. Мүктердiң құрылысы өте қарапайым, түрлер де болады. Бiрқатар мүктердiң жер бетi бөлiгi тармақталып төселiп өседi, оны таллом деп атайды. Талломды мүктер көп клеткалы балдырларға ұқсас келедi. Мүктердiң басым көпшiлiгiнiң сабағы мен жапырағы болады. Барлық мүктерде тамыр болмайды. Тамырдың қызметiн ризоидтары атқарады. «Ризоид» - бiр немесе бiрнеше клеткалардан тұратын жiңiшке жiп тәрiздi эпидермистiң өсiндiсi. Ризоид арқылы өсiмдiк топырақтан суды және онда ерiген минералды затарды бойына сiңiредi.

Мүк сабағының сыртын бiр қатар клеткалардан тұратын қабықша жауып тұрады. Бұл клеткалардың хлорофилдерi болмайды. Қабықшаның астында клеткалары хлоропластарға толы, жақсы жетiлген фотосинтездеушi ұлпа орналасады. Өткiзгiш, тiрек, қор жинаушы және жабын ұлпалары нашар жетiлген. Су мен минералды заттардың сабақ бойымен тасмалдануы өткiзгiш ұлпалардың қатысуымен жүзеге асады.

Мүктердiң аса кең тараған екi өкiлiн қарастырамыз. Олар: жасыл мүк - көкек зығыры мен шымтезек мүгi.

Жасыл мүк - көкек зығыры (кукушкин лен – Polytrichum commune)

Жалпы сипатамасы. Көкек зығыры топырақтың бетiн кiлемдей тұтасып жауып жататындықтан, басқа мүктердi оңай ығыстырады. Бойына ылғалды көп сiңiредi. Бұл орманның батпаққа айналуына себепшi болады. Көк зығыры екi үйiлi өсiмдiк (6 – сыныпты еске түсiрiңдер). Аталық өсiмдiк көп жылдық, ал аналық өсiмдiк бiр жылдық болады. Көк зығырының биiктiгi 40 см шамасында болады. Сабағы бұтақтанбайды, оның сыртын қалың, майда жапырақтар жауып тұрады. Сабағының құрылысы өте қарапайым. Сабақтың қабықшасының астында тiрек ұлпасы орналасады. Сабақтың ортасында қарапайым өткiзгiш шоқ орналасады. Жасыл мүк топыраққа ризоидтары арқылы бекiнедi.

Жасыл мүктер басқа жасыл өсiмдiктер секiлдi автотрофты жолмен қоректенедi. Топырақтан ризоидтары арқылы суды және онда ерiген минералды заттарды сiңiредi. Жапырақ клеткаларында хлорофилл дәндерi бар. Жапырақтар арқылы ауадан көмiрқышқыл газын сiңiредi. Нәтижесiнде олардың хлоропластарында фотосинтез процесi жүрiп органикалық зат түзiледi.

Көбеюi. Көкек зығыры жынысты және жыныссыз жолдармен көбейедi. Жынысты көбеюi былайша жүзеге асады. Аталық өсiмдiктiң жоғарғы ұшында аталық жыныс клеткалары болады. Аналық өсiмдiктiң сабағының жоғарғы ұшында аналық жыныс клеткалары жетiледi. Осы жыныс клеткаларының қосылу нәтижесiнде өсiмдiк ұрықтанады. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасынан қауашақ жетiледi. Қауашақтың iшiнде споралар дамиды. Спора – екi қабықшалы жыныссыз көбеюге маманданған клетка. Жыныссыз көбеюi осы споралардан басталады. Пiсiп жетiлген споралар қауашақтан жерге шашылады. Қолайлы жағдайда споралар өнiп, тармақталған жiп тәрiдi жасыл балдырларға ұқсас өскiншелер пайда болады. Осы өскiншелердiң бүршiкшелерiнiң бiреулерiнен аналық өсiмдiктер, ал екiншiлерiнен аталық өсiмдiктер жетiледi.

ШЫМТЕЗЕК МҮГI ЖӘНЕ ШЫМТЕЗЕКТIҢ ТҮЗIЛУI

Жалпы сипаттамасы. Шымтезек мүгi (сфагнум - Sphagnum) ылғалды, батпақты жерлерде, әсiресе солтүстiк ендiктерде кездеседi (15-сурет).

Шымтезек мүгi – сабағы жиi бұтақталған көпжылдық өсiмдiк. Көкек зығырынан және басқа да мүктерден айырмашылығы – оның ризоиды болмайды. Су мен онда ерiген минералды тұздарды сабақ арқылы сiңiредi. Сабағында ақшылдау-жасыл түстi жапырақтары бар. Шымтезек мүгiнiң жапырағының клеткалары екi түрлi болады: 1) ұзын, жiңiшке, хлорофилл дәндерi бар жасыл түстi тiрi клеткалар; 2) iшiнде цитоплазмасы жоқ өлi клеткалар. Жасыл клеткаларда фотосинтез процесi жүредi және олар арқылы жапырақтан сабаққа органикалық заттар өтедi. Екiншi өлi, түссiз клеткалар сәл iрiлеу келедi, оларда көп мөлшерде су жиналады. Бұл клеткалардың қабықшалары ғана сақталған.

Осындай түссiз өлi клеткалар сабақтардың да сыртын жауып тұрады. Олар суды топырақтан, оңай сiңiредi және ұзақ уақыт өз бойында ұстауға қабiлеттi келедi. Содан соң бiртiндеп бойындағы суды тiрi клеткаларға өткiзедi. Осы қасиеттерiне байланысты шымтезек мүгi бойына өз салмағынан 30-40 есе артық су жинайды.

Шымтезек мүгi орманды жерлерде, көкек зығырының арасында өседi. Қай жерде шымтезек мүгi өссе, сол жердiң топырағының ылғалдығы жоғары болады. Ылғалдылығы жоғары топырақта ауаның жетiспеуiнен ағаштар нашар өседi. Мұндай жерлерде шымтезек мүгi керiсiнше қалың болады. Нәтижесiнде орман алқабы бiртiндеп батпаққа айналады.

Көбеюi. Шымтезек мүгi көкек зығыры секiлдi жынысты және жыныссыз жолдармен көбейедi. Шымтезек мүгi бiр үйлi, қос жынысты өсiмдiк. Жынысты көбейгенде аталық жыныс клеткалары сабақтың бұтақталған жерiндегi жапырақтардың қолтығында жетiледi. Олардың қасындағы жапырақтар қызғылттау түске боялады. Аналық жыныс клеткалары қысқарған сабақтардың бұтақтарында орналасады.

Аталық және аналық жыныс клеткаларының қосылуының нәтижесiнде өсiмдiк ұрықтанады. Осы ұрықтанған жұмыртқа клеткасынан кiшiлеу қауашақ жетiледi. Оның iшiнде көптеген споралар түзiледi. Жыныссыз көбеюi осы споралардан басталады. Споралар пiсiп – жетiлген соң қауашақтан сыртқа шашылады. Жерге түскен споралардан табақша тәрiздi өскiншелер пайда болады. Осы өскiншелерде көптеген бүршiктер түзiледi, олардан келешекте шымтезек мүгi жетiледi.

Шымтезектiң түзiлуi. Шымтезек мүгiнiң сабағы жыл сайын шамамен 2-3 сантиметрге өсiп отырады. Сабақтың төменгi бөлiгi жыл өткен сайын бiртiндеп өле бастайды. Сабақтың өлi бөлiгi батпақты топырақта оттектiң жетiспеуiнен өте баяу шiридi. Нәтижесiнде олар шымтезекке айналады. Шымтезек мүгi судың бетiнде де қалың болып өсе алады. Мысалы, су өсiмдiктерi өте қалың болып өсетiн терең көлшiктерде шымтезек мүгiнiң қатысуымен салынды түзiледi.

Шымтезектiң қабаттарында осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмiр сүрген, ағаштардың тамырлары, жапырақтары және споралары сақталады. Олар толығымен шiрiмейдi, өйткенi шымтезек қабаттарында оттек аз болады. Шымтезек мүгi бактериялардың дамуын тежейтiн, ерекше зат бөлiп шығарады. Батпақты жерлердi құрғатқанда және өңдеген кездерде, шымтезектiң қабаттарынан жақсы сақталған қайықтар, жануарлар мен адамдардың қалдықтары табылған.

Мүктердiң маңызы. Мүктер фотосинтез процесiнiң нәтижесiнде органикалық эаттар түзедi және ауаға оттегiн бөлiп шығарады. Олар құнарсыз топырақтарда алғашқы өсiмдiктердiң бiрi болып өседi және топырақ түзу процесiне қатысады.

Мүктер ұя салып балапан шығаратын құстардың қорегi және өз жауларынан тығылатын орны болып табылады.

Мүктер басқа өсiмдiктер секiлдi қурап микроорганизмдердiң көмегiмен шiридi. Нәтижесiнде құнарлылығы жоғары шымтезектi топырақ түзiледi. Мұндай топырақтарға жаңадан өсiмдiктер өседi. Шымтезектi шымтезек батпақтарынан өндiрiп, отын ретiнде кеңiнен пайдаланады. Шымтезектен спирт, карбол қышқылы және шайыр сияқты шикi заттар алынады.



Мүктер – тұщы су қоры болып табылады.Батпақты жерлерде судың жиналуы мүктерге тiкелей байланысты.

Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет