Әкесінің ат жақты келген ұзын сопақ басының құлақтан жоғары жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Үлкен қара көздері сәл қанталай түсіп, шабыт отын маздатады.
Бұл мысалдарда сын есімдер анықтауыш қызметін атқарып тұр,оларда ешбір салыстыру, шырайлық мағына білініп тұрған жоқ.
Ғ.Мұсабаев былай деген: «Жай шырай деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ екені ашылды. Ендеше, жай шырай деп атаудың өзі қате екені айқын». А.Ысқақов : «Заттың белгісін , түсін, сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы да басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай боп есептеледі»-деп болжаған. С.Исаев: «Егер сапалық сын есім мен жай шырай бірдей функция атқарса, онда екеуін неге екі бөліп қарастырамыз?. Екіншіден: категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға категорияға енбейді». Академиялық грамматикада (1967): «Мектеп грамматикаларында жай шырай сын есімнің басқа шырай формаларын жасаудағы негіз, таяныш тұлға болатынын көрсету үшін беріледі. Бірақ бұл атау формада ешбір салыстыру жоқ,ендеше шырай емес,ақ, қызыл,сары дегенде шырай мағынасы жоқ»-делінген болатын.
С а л ы с т ы р м а л ы ш ы р а й .
«Бір не көп нәрсенің біркелкі сапа дәрежесінің артық я кемдігін салыстыра көрсетуді салыстырмалы шырай дейміз. Бұл байырғы сын есімдерден –рақ,-рек жұрнағы арқылы жасалды»-деп көрсетеді Ғ.Мұсабаев.
Академиялық грамматикада « Бір заттың сынын я сапасын екінші заттың біртектес белгісімен салыстырып, сол салыстырылатын белгілердің бір-бірінен я сәл кем, я сәл артық екенін білдіретін сын есімнің туынды тұлғасы салыстырмалы шырай болады. Салыстырмалы шырай негізінен – ырақ,-ірек жұрнақтары арқылы жасалады : қызыл-қызылырақ, көк-көгірек»,- деп көрсетілген. Салыстырмалы шырайдың –рақ,-рек формасы арқылы жасалатынын профессор С.Исаев пен А.Ысқақов та атап өтеді. Түркологтар Мелиоранский, Катаринский, Терентьев, Радловтар да өз еңбектерінде – рақ,-рек формасын шырай қосымшасы деп көрсеткен.
Мысалы:
Келте мұрын, аз ғана ауызы үлкенірек,қоңыр көздеу болғанымен,тайпақ та емес, аяғының үсті биік, бар денесі шақпақтай(Ғ.М).
Үй іші бұрынғыдан гөрі жарығырақ, елегізгенім басылайын деді (Қ.Т).
Сонымен қатар, Ғ.Мұсабаевтың еңбектерінде және «Қазақ тілі грамматикасында» салыстырылатын зат я құбылыс шығыс септікте тұрып,одан кейін сын есімнің айтылуы арқылы да аналитикалық жолмен салыстырмалы шырай мағынасы берілетініне тоқталады. Мысалы :
Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық , бәйге алмаған жүйріктен белі жуан бесті артық. Айдының ұлдан артық қарағым-ай(Біржан).
А.Ысқақов –лау,-леу,-дау,-деу,-қыл,-ғыл,-қылт,-ғылт,-тым,-шыл,-шіл,-қай,-ау жұрнақтары арқылы да салыстырмалы шырай жасалады деп көрсетеді.
Ал «Қазақ тілі граммматикасында» : «бұл қосымшалар арқылы бәсең я шағын шырай жасалады» -деп беріледі.
Ғ.Мұсабаев : « Шырайлық дәрежені солғындау көрсететін шырай түрін бәсең шырай дейміз. Мұның морфологиялық тұлғасы –дау,-деу,-тау,-теу,-лау,-леу»- деп тұжырымдаған. Сонымен қатар Ғ.Мұсабаев бұл жұрнақтың басқа түркі тілдерінде кездеспейтіндігін, тек қазақ тілінде қолданатын ерекшелік екендігін атап өткен.
Бөкен дөңестеу қошқар тұмсығын қолымен сипап қойып, кішірек қой көздері күлімдей түсіп, арманы орындалғанына көңілі тасыған жұбайына сынай қарап, шайды сораптай тартып отыр еді.
Беті сопақтау, жуан шоң мойын, дөңгелек қара көз, қырша мұрынды, қара торы жігіт.
Шағын шырай сын есімнің сапалық дәрежесін болар болмас әлсіздеу көрсетеді. Шағын шырайдың –ғыш,-ғылт,-шыл,-шіл,-ілдір,-ша,-ше жұрнақтары арқылы жасалатындығын Ғ.Мұсабаев атап өткен болатын.
Ұзын жүнді бозғыл тартқан сұр есек.Әсияның түсі бір кіріп, бір бозарып, жіп-жіңішке сарғыш қастары түйіліп тұрады.Үйдің ішін әлсіз қызғылт сәуле жарық қылған.
Сонымен ғалымдар көрсетілген жұрнақтарды тегіс шырай көрсеткіштері деп танығанмен , оларды түрліше атаған.Мұндай әр түрлі көзқарас олардың мағыналық реңктеріне байланысты туылған ғой деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |