Мухангалиева Ж. К. Тарихи өлкетану


§5.7 М.Бабажанов және оның өлкелік зерттеулері



Pdf көрінісі
бет75/94
Дата19.03.2024
өлшемі1.82 Mb.
#496006
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   ...   94
Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018

 
§5.7 М.Бабажанов және оның өлкелік зерттеулері. 
Орысша жазса да қаламына қазақ өмірін өзек еткен, оның әдет-ғұрпы, 
салт-санасы, тұрмыс-тіршілігін танытуды мұрат тұтқан санаткер, дарынды 
публицист, көрнекті ғалым, қалам саңлағы, Қазақстанның батысынан шыққан 
зерделі тарихшы этнограф – М.Бабажанов. 
М.Бабажановтың туған жылын әркім әр түрлі жазып жүр. Оны көбірек 
зерттеген М.Ысмағұлов оның туған жылын 1831 жыл дейді. Ал Ысқақов 
еңбегінде Бабажанов 1830 жылы Ішкі Бөкей Ордасында дүниеге келген деп 
баяндайды. Ол туралы очерк жазған Ивалев 1830 жылды атайды. Кейін ол «на 
родине хорунжего Салиха Бабажанова» атты мақаласында Салықты 1834 жылы 
дүниеге келген деп те көрсетеді. 
Қазақ кеңес энциклопедиясында Бабажановтың 1832 жылы Ішкі Бөкей 
Ордасында туып, 1898 жылы қайтыс болғандығы сөз болады. С.Бабажановтың 
«Этнографиялық мақалалар» кітабына алғысөз жазған Х.Маданов Салықты 
1830 жылы Бөкей Ордасындағы Қарауылқожаның отбасында дүниеге келген 


177 
деп жазады. Ал Х.Маданов және А.Мұсабаева жариялаған «Мұхамедсалық 
Бабажанов» еңбегінде Салықты 1832 жылы туған деп көрсетеді. Бірақ туған 
жылын адамның өзі жақсырақ білуі заңдылық қой. Салықтың өзі 1845 жылы 
Орынбордағы Неплюев кадет корпусына аттанғанда өзінің он бір жаста 
екендігін суреттейді. Ғалым сол жылы жасым он бірде десе, Салық не 1834 
жылы, не 1835 жылы туған болмай ма? Салықтың бұл жазбалары «Северная 
пчела» журналының 1861 жылғы 5-қаңтардағы нөмірінде «Қазақтың қазақ 
туралы жазбалары» деген атпен жарияланғанын айтсақ, бұл құжатқа жарарлық 
нәрсе емес пе?! 
Салықтың атасы Бабажан – Нұралы ханның шариғат заңдарын шешетін биі 
болған. Салықтың әкесі Қарауылқожа Жәңгір ханның қайын атасы, Каспий 
теңізінің Астрахань жақ бетін билеуші, жасауыл, қожа тегінен шыққан. Ол 
Исатай-Махамбет 
бастаған 
ұлт-азаттық 
көтеріліс 
тарихынан 
қазақ 
жұртшылығына кеңінен белгілі адам. Қарауылқожа бұл дүниеде қара күш пен 
өктемдіктен басқа да айла мен өнер барын, мұның білім мен ғылым екенін 
ұғынып, баласы Салықты оқытуға тырысқан. Кішкентайынан өте зерек, алғыр 
бала 1841 жылы Ордадағы Жәңгір хан негізін қалаған тұңғыш қазақ мектебіне 
түсіп, оны 1844 жылы бітіреді. 1845-1851 жылдары Орынбордағы Неплюев 
кадет корпусында оқиды. Ол кадет корпусында оқып жүрген кезінде белгілі 
шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен өте жақсы қарым-қатынаста болады. 
Мұхамедсалықтың ғылыми көзқарасының қалыптасуына Григорьевтің үйіндегі 
бай кітапхана септігін тигізеді, Салық дүние жүзілік әдебиеттен сусындайды. 
1851 жылы кадет корпусының Азия бөлімін үздік бітірген Салық 
хорунжий атағын алып, шекара комиссиясында жұмысқа қалдырылады. Мұнда 
жыл жарымдай жұмыс істеген кезінде жергілікті халықтың арыз-шағымын, 
өтінішін жазып, тиісті басшылықтың қолына тиюіне үлкен септігін тигізді. Бұл 
әрекеті өзіне кері әсер етіп, нәтижесінде жұмыстан босаған Салық Ордаға 
қайтады. 1854 жылы Салық Ішкі қазақ ордасын қазақтар депутаттығына 
тағайындалады. 1855 жылы Ішкі Ордада территориялық аймаққа байланысты 
әр түрлі толқулар, жалған өсектер пайда болды. Мұның ашық көтеріліске ұласу 
қаупі бар деп Орынбор және Самар генерал-губернаторлары ескертіп, «толқуға 
қатысқаны үшін» 1855 жылы Салықтың ағалары – Мұхамбеджан мен 
Мұстафаны тұтқындайды. Оларды тексергеннен кейін «Ішкі Орда қазақтары 
арасында зиянды өсек таратқандықтан» әкімшілік шара қолданып, Батыс 
Оралға жер аударады. Ағаларымен бірге Астраханьда Салық та қамалады. Оған 
жүргізілген тексеру кезінде «қасақана қоздырушы» деген күдік дәлелденбейді. 
Ішкі Орданың Уақытша кеңесінің председателі полковник генерал-губернатор 
Перовскийдің рұқсатымен Салықты босатып, хан ордасына кеңесші етіп 
тағайындады. 1855-1856 жылдары Маңғыстауға жер аударылған Салық 1857 
жылдың басында ғана айдаудан босап, еліне оралады. 1857-1860 жылдары жеке 
үй шаруасымен, бау-бақша, егін егумен айналысқан Салық Санкт-Петербург, 
Орынбор, Астраханьда шығатын газет-журналмен т.б. еңбектерді алдырып 
отырады. Бұл басылымдарда Бөкей хандығы халқының тұрмысы мен кәсібі, 
өнері, мәдениеті жөнінде әр түрлі мақалалар жарық көрді.


178 
М.Бабажановтың қоғамдық-саяси қызметінің маңызды көрінісі – 1866 
жылы Қамыс-Самарда правитель болуы. Бұл кезде Еділ мен Жайық өзендерінің 
арасын мекендеген ел Торғын, Нарын, Қалмақ, Қамыс-Самар, Талов 
бөліктеріне және бірінші, екінші Приморье аймақтарына қараған. Салық бұл 
кезеңде жазылған мақалаларының соңына «Қамыс-Самарда жазылды» деп белгі 
қойған. 1861 жылы 20-ақпанда М.Бабажанов орыс географиялық қоғамына 
мүше болып қабылданады. Ол қазақтардан Шоқаннан кейінгі осы қоғамға 
кірген екінші адам болды. Бабажанов осы қоғамның мүшесі ретінде қазақ 
халқының тұрмысын, этнографиясын бейнелеген еңбектерін жіберіп тұрған. 
Оның ғылымға сіңірген бұл еңбектері ескеріліп, нәтижесінде Мұхамедсалық 
қазақтан тұңғыш рет ресми түрде осы қоғамның күміс медалімен 
марапатталады. 
Петербургтан оралғаннан кейін Салыққа қиын жағдай туады. Хан 
Ордасында полиция бөлімін де, өрт сөндірушілер бөлімін де біріктіріп
Салыққа осы жұмыстың үстінен бақылау жүктеледі. Ішкі қазақ ордасы 
басқармасы Уақытша кеңесінің председателі болып Лев Николаевич Плотников 
бекітілді. 1867 жылы 28 маусымда Орал казак әскерінің атаманының хатында 
«Бабажанов жергілікті жұртқа қысым көрсетіп, казактар мен қазақтардың 
арасында жанжал туғызып отыр. Оның кезінде барымта-сарымта ел ішінде 
күшейіп кетті, – деп жазады. Жалған жала мен тағылған айыптан Плотников 
қорғап қалады. 1869 жылы наурызда Орынборда контракт бекітілді. Бұл 
контракт бойынша Бабажановқа жетпіс жылға пайдалануға 95 десятина жер 
берілді. Ол әрбір десятинаға 20 тиын оборок төлеуі тиіс болды. Салық Орданың 
Астрахань бетіндегі Егіндіқұдықта мекендеді. Бұл қонысты өз меншігіне 
қаратып, сатып алу үшін азап шегіп, талай тас кеуде бюрократтардың алдынан 
өткенін өз мақалаларында қызықты етіп баяндайды. Осы жерді көгалдандырып, 
көркейту үшін сүйікті жары Ғазиза екеуі көп күш-жігер жұмсаған. Нәтижесінде 
бұл мекенде жеміс ағаштары бар жайқалған жасыл бақ пайда болды. Осы 
Егіндіқұдықта Салық пен Ғазиза Мұхамбетжан, Ханақмет атты екі ұл көріп, 
оларды әлпештен өсірген. 
Салық Егіндіқұдықта тұрғанда көп оқып, көп нәрсені пайымдап, 
шығармашылықпен де айналысады. Салық Бабажанов этнограф-тарихшы, 
географ ретінде императорлық қоғамның хабаршысына, этнографиялық 
жинақтарға да мақалалар жарияланған. 1860 жылы ол үлкен Боғда қыратынан 
биіктігі екі аршыннан астам әйелдің балбал тас мүсінін тауып, Санкт-
Петербургтегі этнография-география қоғамына тапсырады. Сондай-ақ, Торғай 
көлінен шығып жатқан күкірт қышқылының шаруашылық маңызы туралы 
хабарлайды. Осындай ғылыми еңбегі нәтижесінде қазақтан тұңғыш рет Салық 
Бабажанов ресми түрде күміс медальмен наградталады. Мұндай жетістікке 
жетуіне қол жеткізген еңбектің бірі – «Қырғыз даласынан табылған тас 
қатынның мүсіні» атты мақаласы және әйел мүсіні болды. «1860 жылы 18 
маусымда Орда маңындағы Жалғызшағыл деген жерден табылған» бұл мүсін 
күні бүгін Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақталған. Салық өз мақалаларында 
жер бедері Халық тарихы, этнографиясына қалам тартады. Қазақтың мақал- 


179 
мәтелдерін жинастырды. Төрт түлік малды өсіру, тұқымын зерттеу, 
будандастыру арқылы асылдандыру саласында еңбек жазды. Қазақ балаларын 
оқытуға, қазақтардың мәдени дәрежесін өсіруге, ой-өрісінің кеңеюіне, қазақ 
даласынан тыс жерлердегі әлеуметтік игі өзгерістермен жаңалықтарды көріп 
оларды Ішкі Орда өміріне енгізуге құштар болып, қамқорлық жасаған, Жәңгір 
ханның Ішкі Орда қазақтарын малдың тұқымын асылдандыру үшін Кавказдан, 
ішкі Ресейдің жылқы зауыттарынан асыл тұқымды жылқылар алдырып, оны 
мал өсіруші қазақтарға таратқанын жазады. Басқұншақ, Элтон көлдеріндегі тұз 
өндірісі жөнінде кең көлемді мағлұмат береді. 
Сонымен бірге Мұхамедсалық өз еңбектерінде отаршылдық саясат 
салдарынан туған жер мәселесіндегі, шабындық жердің тапшылылығына 
байланысты жергілікті халықтан көріп отырған қиыншылықтарына 
жанашырлық білдіреді. 1867-68 жылдары Ресейдің Қазақстанда жүргізген 
реформасы барысында бұрынғы қазақ жерлері мемлекеттікі болып жарияланды, 
жер мәселесі туындады. Шаруаны көшіріп әкелуде, әсіресе, көршілес орыс 
казактармен арадағы шиеленісте қайшылық туды. Осы қайшылықтар туралы 
мәселені Мұхамедсалық өзінің «Казакты дәріптеу» атты мақалаға қазақтың 
жауабы», «Қазақтың қазақ туралы жазбалары», «Оралдық казактардың Ішкі 
Орда қазақтарымен жанжалы», «Тумаластарының тұрмыс-ахуалы жайлы 
қазақтың жазбалары» еңбектерінде өзек етті. Сонымен қатар, Салық кейбір 
жазбаларында Жәңгір ханның кейінгі Ішкі Орданы басқару мәселесіне көңіл 
аударып, өзінің бұл істе көрген-білгендерін халық мүддесі тұрғысынан сөз 
етеді. 
1868 жылы жазылған «Орал-Жайық казактарымен Ішкі Орда 
қазақтарының айтысы» деген еңбегінде жер мәселесіндегі үлкен қайшылық – 
Бөкей ордасы халқы мен Орал-Жайық казактары арасындағы алауыздық сөз 
етті. Өлкедегі шұрайлы, шалғыны мол жерлер ірі бай феодалдарға бекітіліп, 
онда қазақтардың мал жаюына, шөп шабуына тиым салынады. Салық бұл 
еңбегінде «Қазіргі уақытта Ішкі орда қазақтарының ерекше көңіл қойған 
мәселесі биылғы жылы Оралдық казак әскери қауымымен екі арадағы жер 
дауын шешу». Жер – қазақтар үшін ең бірінші қажетті мүлік, негізгі байлық 
көзі, сонымен қатар, өмір сүрудің ең басты тірегі. Мал шаруашылығын басты 
тірек еткен қазақтар үшін жеткілікті түрде жайылымдық жермен қамтамасыз 
етілмесе, ол ешқандай пайда келтірмейді, өсім де бермейді. Сондықтан, оларды 
жалғыз ғана күнкөріс көзіне айналған шаруашылығынан қол үздіру 
қазақтардың құрып, қырылып қалуымен пара-пар, талас-тартыс даулы істің 
тағы бірі – «Өзен» деп аталатын көлді әскери қауымның өз меншігі» санап, 
қанша жанжалдасып келсе де өздеріне тиісті екендіктерін дәлелдей алмай отыр. 
Бұл жерлер үкіметтің заңдарына байланысты ордалықтарға берілгендіктен 
қазақтардың пайдалануына қалуы керек. Өзен аралығындағы жерлерді 
пайдалануды осылай етіп шешкенде казактар мен қазақтардың табиғи 
шекарасы Үлкен Өзен деп аталатын сумен шектеледі де, жер жөнінде жанжал 
тумайды», – деп атап көрсетеді. 


180 
Мұхамедсалық Бабажанов – патша үкіметінің қазақ жерін отарлау, 
озбырлық саясатына ашық түрде қарсы шыққан күрескер. Ол патша 
шенеуніктерін үнемі тарихи тиянақты айғақтарымен дәлелдеп, жеңіп кетіп 
отырған. Сол себепті, ол 1731 жылы патшалық Ресейге қосылғанға дейінгі 
қазақ жерінің оның ішінде Бөкей Ордасының картасын жасайды. Ол орыс пен 
қазақ халқының тамыр тартқан достығын, желілес тағдырын алғашқылардың 
бірі болып көрсеткен, соған бар болмысымен қызмет еткен ғалым. 
М.Бабажановтың үлкен толғаныс үстінде жазған еңбегі «Казакты дәріптеу» 
атты мақалаға қазақтың жауабы» деген туындысы. Бұл мақалада ол Орал 
казактарының жергілікті халыққа жасап отырған қиянатын, өктемдігін батыл 
сынады. 
Салық осы мақаланың авторы Иосаф Железновтың Ресей азаматы екенін, 
сонымен бірге, оның Жайық бойында «казак» деген атқа ие екенін анықтады. 
Салық казактардың дербес этнос ретінде қалай қалыптасып, құрылып, тарих 
аясына қалай шыққанын, екіншіден, олардың орыстармен қандай қарым-
қатынаста болып келгенін, үшіншіден, не себепті олардың бөкейліктерге күн 
көрсетпей, мінез көрсететінін талдап, тексереді. Бұл мәселелерді сөз еткенде ол 
орыстар мен бөкейліктердің арасындағы байланыстардың дамуына да көңіл 
бөледі. Сонымен қатар, Салық барлық орыстардың дүниеге көзқарасы, өмір 
тұрмысы, діндарлығы, әдет-ғұрпы қазақтармен бірдей еместігін, қазақтарды 
орыстардан айырудың қиын еместігін айтып, «қазақтар казактарды суық 
мәнерлері арқылы жікке бөліп жүретін тар пейілдеріне қарап және ертедегі жер 
туралы айтысып келе жатқан қылықтарынан жақсы ажыратады» деп мәлімдеді. 
Салық Оралдағы казак атаманы, генерал-майор Столыпиннің қазақ 
шаруаларымен қазынаның жерін бір тиын да төлемей, көп жылдан бері өз 
меншігіндей пайдаланып келгенін әшкерелейді. 
Мұхамедсалық Бабажановтың бүкіл өмірі, ғылыми жазбалары Ішкі Орда 
қазақтарының тарихымен тығыз байланысты болды. Ұсақ шаруалармен мал 
өсірушілердің меншіктеріне жайылымдық, шабындық жерлердің бөлініп, 
бекітіліп берілуі, сол арқылы олардың өміршең отырықшы сипатқа ие болып, 
отырықшылық дағдысын игеруі, қызметкерлері бар жүйесіне көшу, алым-салық 
тәртібінің енгізілуі, сауда-саттықтың өркендеп, сауда орталықтарының пайда 
болуы, қазақтардың ақша-тауар айналымына өтіп, несие беру, қарыз алу 
қатынастарының өркендеуі Мұхаммедсалықтың шығармаларына өзек болды. 
Салық Ішкі Орданы басқарудағы патша үкіметінің отаршылдық саясатын, 
жүргізген бағытын талдап, өз пікірін жасырмай айтты. Салық сол кездің өзінде-
ақ патша үкіметінің отаршылдық саясатын терең түсініп, өз халқына жер 
мәселесінде әрдайым көмектесіп отырады. Бұл, әрине, патша үкіметіне 
жақпады. Мұхамедсалық Бабажанов патшалық Ресей кезінде-ақ, талайды 
мойындатқан бөкейлік білімдар, қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі болды. 
Салық Бабажанов қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жайында жазғандарында 
олардың аңшылығына, малға байланысты қаракетіне қатты көңіл бөлген. Оның 
«Ішкі қазақ Ордасындағы аңшылық» деп аталатын очеркінде қазақтардың 
қасқыр аулау тәртібі мен тәсілі тәптіштеп баяндалған. 


181 
Салық өз еңбектерінде орыс, татар, армян, қалмақ т.б. халықтарымен, 
Астрахань, Сарытау, Орынбор қалаларында болып, байланыс, қарым-қатынас 
жасау арқылы көшпелі қазақтардың тұрмысына еніп келе жатқан көптеген 
жаңалықтардың қаншалықты пайдалы және зиянды екендіктерін де ашық 
жазған. 
М.Бабажанов қазақ халқының, Ішкі Орданың қазақтарының тұрмыс-
тіршілігіне, жануарлар дүниесіне, жер бедері мен байлығына, мәдени-қоғамдық 
өміріне сипаттама беруімен бірге қазақтың қанатты сөздерін, мақал-мәтелін, 
жұмбақтарын, аңыз әңгімелерін тұңғыш рет көптен жинап, бірқатарын 
жариялады. Оның «Қазақтың көне мақалы оның мағынасы мен маңызы» деп 
аталатын жазбасы география қоғамының мұрағатында сақталса, ол жинаған 
және ол алғаш қазақшаға аударған қазақтың 300-дей мақал-мәтелі, жұмбақтары 
«Түркістан уалаяты» газетінде жарияланған. 
Салық қазақтың маңдайына бір тұста бітіп, бар жоғы 30-35 жаста аққан 
жұлдыздай өте шыққан. 
Мұхамедсалық Бабажанов - өмірде өз жолы, ғылымда өзіндік жолы бар, 
қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихтағы ескерілмей қалмас елеулі 
тұлғаларының бірі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   71   72   73   74   75   76   77   78   ...   94




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет