Салмақтың өзгеруi: тұтынатын қағаздың салмағы өзгеретiн болса, тиiсiнше басу машиналары мен бояуларындағы өзгерiс қандай болады?
Қоршаған ортаның проблемалары: қағаз өндiрiсiндегi ескi технологиялар, олардың қалдығы нарыққа қалай әсер етедi, экологиялық ахуал қалай қалыптасады?
Мағлұматтар көзi: бизнес үшiн олар болашақта қаншалықты маңызға ие болады?
Мiне, осындай құнды факторлардың барлығын ескерген зерттеу жұмыстары таяу он жылда баспасөз тек дамитындығына, үлкен өзгерiстер, керi процестер бола қоймайтындығына сендiредi.
Ресей полиграфистерiнiң кәсiби «Publish» журналында жарық көрген мына бiр деректер де соны айғақтай түседi: қазiр елдегi редакциялық-баспа Үйымдарының саны 80-шi жылдардың аяғындағымен салыстырғанда 100 есе асып түседi, барлық баспа өнiмдерiнiң үлес салмағы төмендегiдей: газеттер – 38%, кiтаптар – 15%, журналдар – 7% және басқа өнiмдер – 40 %-ға жуық./99/
«Жаңа» журналистиканы «ақпарат – билiк көзi», «әлемдi ақпарат сақтап қалады» деген пiкiрлер толықтырып, отқа май құйғандай ойкөкпарын қыздыра түсуде. Оған американдық коммуникавистиканың аталары Уильям Риверс пен Уилбур Шрамның мына пiкiрлерi де ұйтқы болды: «Жартылай өткiзгiштердiң, лазердiң және сәулелi талшықтардың ашылуынан бұқаралық байланыс құралдарының дамуында сапалы өзгерiстер жүзеге асты және қоғамдық-саяси өмiрдегi салмағы артты, олардың экономикаға, тұрмысқа, демалысқа, бiлiм алуға, саяси өмiрге тигiзер әсерi күшейiп, жаңа дәуiр – «медиакратия» орнығады да, билiк демократиядан медиаға, яғни байланыс құралдары мен ақпаратқа көшедi»./27, с.215/
Осынау ауқымды мәселе дүниежүзi халықтарының мәдени және рухани дамуын мақсат тұтқан ЮНЕСКО назарынан да түскен емес. Оның тарапынан ұдайы қамқорлыққа, осы мақсатқа ең үздiк ғалымдардың ақыл-парасатын жұмылдырып отырғанына куәмiз. ЮНЕСКО үшiншi мыңжылдық қарсаңында өткiзген алқалы ғылыми конференцияға қатысып қайтқан ЮНЕСКО профессоры Намазалы Омашұлы мынадай тұжырым айтады: «…ЮНЕСКО осыдан келiп, үшiншi мәселенi қойып отыр. ХХI ғасыр бiлiм билiк құратын ғасыр болуы керек. Бұрын билiк идеологияның, қарудың қолында болды, ендi бiлiмдiлердiң қолына көшу қажеттiгi конференцияда басты мәселеге айналды. Ол үшiн бiлiм берудiң дүниежүзiлiк стандартын жасау керек»./11, 164-б./
Әлемдiк өркениет өрiсi осындай – ғылыми-техникалық прогресс жетiстiктерi адамзат мүддесiне қызмет етуi тиiс, сонымен бiрге әр адамның жеке рухани сұраныстарын, ұлттың, этностардың, шағын топтардың мүддесiне де жауап берiп, олардың үйлесiмдi дамуына, өркендеп өсуiне жағдай туғызуы тиiс. Гуманизм мен жоғары жауапкершiлiк принциптерi салтанат құруы үшiн бiлiм ең басты қару болып табылады.
ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та бұқаралық ақпараттық байланыстардың техникалық құралдары мен гуманитарлық функцияларын зерттейтiн жаңа ғылым қалыптасты. Оның дүниеге келуiне электронды-коммуникациялық революция ықпал еттi және жеке академиялық пән ретiнде ол жедел дами бастады. Ол туралы ғалым Л. М. Землянова былай дейдi: «Журналистикамен салыстыра келiп қоғам танудың осы жаңа бiр саласын коммуникавистика деп атаған дұрыс болар. Өйткенi, ағылшын тiлiнде коммуникация сөзi көп мағынаны бередi және ақпаратты таратуды да қамтиды. Мұндай полисемиялық жаңа ғылымның негiзгi мән-мағынасына қайшы келмейдi және белгiлi бiр дәрежеде оның энциклопедиялық кең сипатын аша түседi»./27, с.3/ Сонымен, шетел ғалымдарының пiкiрiнше, жаңа коммуникавистика ғылымы кең ауқымды қоғамдық қарым қатынастарды, ойды, мағлұматты, жаңалықты беру мен жеткiзудiң технологиясы мен құралдарын, ондағы компьютерлiк, телекоммуникациялық құралдардың рөлi мен ықпалын және осы қатынастардың әлеуметтiк-саяси, психология-лық, гуманитарлық себеп-салдарын, жауапкершiлiгi мен болашағын зерттейдi. Яғни, зерттеу обьектiсi жағынан журналистиканың ауқымынан шығып, басқа да қоғамдағы қарым-қатынас факторларының жиынтығы ұғымын бередi.
Жаңа ақпараттық технологиялардың бұқаралық ақпарат құралдары саласына енгiзген жаңалықтарын төмендегiдей тұжырымдауға болады.
Журналистикадағы жаңа белгiлер ретiнде мыналарды көрсетуге болады:
- Компьютер орасан мағлұматтарды (соның iшiнде ақпаратты) өз жадында сақтап, өңдеуге, қарауға және екiншi бiр компьютерге жеткiзуге мүмкiндiк бердi;
- Интернет ақпарат тарату мен алуда кедергi мен қашықтықты, уақыт пен кеңiстiктi бiлмейтiн ауқымды арнаға жол ашты;
- жаңа ақпараттық технологиялар дәстүрлi БАҚ құралдарына еркiн кiрiгiп, қатар өмiр сүруiне, бiр-бiрiн толықтыруына мүмкiндiк жасады;
- Газет-журналдар, радиотелеарналар бiр бағытта аудиторияға ақпарат таратса, Интернет көмегiмен керi байланысқа, интербелсендiлiкке қол жеткiзiлдi;
- Ақпараттар тасқыны iшiнен әркiм өзiне қажеттi мағлұматты iрiктеп, сүзiп алуына мүмкiндiк туды;
- Телерадиоарналар уақытқа тәуелдi хабар тарататын болса, газеттер сатып, немесе жаздырып алып оқуды қажетсiнсе, Интернет кез-келген уақытта, кез-келген жағдайда ақпаратқа жол ашты;
- Тек желiлiк БАҚ, мультимедиа дүниеге келдi, олар өте жылдам ақпарат тарату, қажеттi мағлұмат алу көзiне айналды;
- Баспа iсiнде, телерадиохабарларын даярлау және таратуда цифрлық технологиялар кең қолданысқа ие болуда, ол жаңа сапалық көрсеткiштерге жеткiздi;
- Журналистiң жаңа жұмыс iстеу тәсiлi қалыптасты, желiлiк стиль қашықтыққа қарамастан ұдайы редакциямен байланыста болуға, тапсырма алып, орындауға жол ашты;
- Электронды құжат айналысы, қашықтықтан сауда жасау ұғымдары қалыптасты;
- Журналист аудиториямен, әрiптестерiмен қарым-қатынас орнатуда, өз бiлiмiн толықтыруда, кеңес алуда, ойларын талқыға салуда жаңа құрал тапты;
- Қашықтан оқу технологиясы қалыптасып, бiлiмiңдi көтерудiң, өмiр бойы оқудың жаңа көкжиектерi ашылды.
Бүгiнгi таңдағы қоғамдық процестер ауқымдылығы мен тереңдiгi жағынан әр түрлi және зерттелу деңгейi де әртүрлi. Сонымен бiрге орасан пiкiр алшақтығы да байқалады. Сөйте тұра ортақ тұжырымдар мен ұстанымдар да айқын байқалады. Ақпараттық қоғам идеясы барған сайын кең қолдау тауып, қанатын кеңге жая түсуде және ондағы бұқаралық ақпарат құралдарының орны айқындалып, бедерлене түстi. Ол қоғамдық қатынастардағы маңызды күшке айналып қана қоймайды, оның болашағы үшiн үлкен жауапкершiлiк жүктейдi, әсiресе, адамның санасын қалыптастыру мен ой-өрiсiн дамытуда, оның мәдениетi мен бiлiмiн көтеруде, қоғам мен ғалам, ұлт пен аймақтар, әлеуметтiк топ пен жеке тұлға арасында үйлесiмдiлiк пен қолайлы климат тудыруда жетекшi жасампаз факторға айналады. Қазiргi заманғы журналистиканың адамзат болашағы үшiн күресетiн прогресшiл күшке, алға сүйрейтiн доңғалаққа, қоғамдық күштердi бiрiктiретiн ортаға, iзгiлiктi тарататын құралға айналуы заңды. Өйткенi, оның коммуникативтi мүмкiндiктерi өте кең және пәрмендiлiгi аса жоғары.
Достарыңызбен бөлісу: |