Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет13/22
Дата25.02.2016
өлшемі1.96 Mb.
#21757
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22

Қараүй (Қараша). Ақ үйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы. Асхана ретінде пайдаланылған. Ақүймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанатты, уығы қысқа, тікелеу болатындықтан бойы аласалау келеді. Көбіне қоңыр киізбен жабылатындықтан қараүй немесе қараша деп аталған.

Лашық - ерте кездегі баспананың бір түрі, кішігірім, жұпыны жаппа үй. Лашықты бір-біріне матастырып буған сырғауылдарды, 2-3 керегені қабырға ретінде тік тұрғызып, үстіне қамыс, шөп, ескі киім жауып жасаған. Кедейлердің сұрықсыз киіз үйлерінде лашық деп атаған.

Отау. Ел арасында, тіптен этнографиялық әдебиетте де көбіне үш-төрт қанатты, кіші-гірім шаңырағы болатындықтан алты қанат ақүйдің кішірейтілген түрі деп есептеліп келген. Ал шын мәнінде, қалындығына ұрын барған үміті алда күйеу жігітке, жаңадан от басын құраған үйелменді-сүйелменді жастарға арнап тігілетін болғандықтан құрылғысының кеудесі көтеріңкі, күмбезі сымбатты болуына ерекше мән берілген. Отау үйдің кереге-уығы да, шаңырағы, босаға-табалдырығы да, ішкі жиһаздары, бау-шуы да, кебеже-сандығы, төсек-ағашы, асадал, адалбақандары да асқан ұқыптылықпен жасалатын болған. Ақ босағаның белгісі ретінде жабынының мейлінше ақ киізден жасалатыны, ел қастерлейтін ою-өрнектермен безендірілетіні отау үйге ерекше сән береді екен.

Орда. Қазақ киіз үйінің шоқтығынан саналатын, құрастырылып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың аса сыйымды түрі. Ел билеген хан мен сұлтандар үшін көпшіліктің қатысуымен салтанатты, рәсімді жиындар өткізіп тұруға, елшілер мен құрметті қонақ қабылдауға, қарсы жақтың зиялыларымен келіссөздер жүргізуге, шартқа қол қоюға ыңғайластырылған сыйымды орынның болуын қарастырған ізденістің нәтижесінде пайда болған 12, тіптен одан да көп қанатты киіз үйдің үлгісі. Көлемі 130—140 шаршы метрдей келген, керегесінің биіктігі 240—250 сантиметрден, уығының ұзындығы 310—320 сантиметрден, шаңырағының диаметрі 200—220 сантиметрден кем түспейтін құрылғы. Жабынына кәдуілгі ақ үйдегідей, өндеуге оңай көнетіндіктен тығыздығы мығым төсем алуға болатын ақбоз қойдың күзем жүні жаратылған.

Хан ордасын дарбазалы қақпасының екі жанынан, жер ыңғайына орай қатаң шаршы бола бермейтін ауласының бұрыштарынан биіктігі 15—20 метрдей, жоғары көтерілетін баспалдақтары бар мүнаралар бой түзейтін қорған ішіне тігетін болған. Мұндай құрылыс салу үшін ең алдымен арнайы үйілген май топырақтың басын біріктіре түсу үшін үстіне оқтын-оқтын су қүйып, мал аяғымен таптап, ағаш тоқпақтармен нығарлап негіз жасайтын. Сонан кейін ғана ылғал, сор тартпас үшін қопа қамыс төселген іргеге қалындығы екі-екі жарым метрдей етіп қам кесектен қаланған өркешті (тісті) қорғанның өзін тұрғызатын болған. Орданың бір жағына хан шатыры, аса құрметті қонақ түсетін үй, екінші жағына ханның алты қанат ақ үйі, оның асхана іспетті қосалқысы, бәйбішенің үйі, т. б. орналастырылады екен. Қайсыбір хан ордаларында қорған ішінде саялы бақ, су тартатын шығыры, жиңайтын шүңеті, шегенді құдығы болғанға ұқсайды. Көрші қорғанда ханның арғымақтары күтілген, күйме арбасы қойылған, атқосшылары, аспаздары, күтушілері, үнемі хан айналасында болатын ақын, жыршы, әуезшілер, ойыншылар тұрған болса керек. Ханның бәйбішеден басқа әйелдерінің өз ауылдары болған дегенді айтады білетін жұрт.

Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданының Қарабұлақ қыстағынан терістікке қарай алты шақырым жерде Арыс өзенінін иініне орналасқан Абылай ханның ордасының осындай болғаны ықтимал.

Қорғандағы дарбазалы қақпаның аузына, бұрыштама мұнараларға қоршаудың үстімен әрі-бері жүріп тұратын, найза, айбалта ұстап, садақ, мылтық артынған төлеңгіттерден күзет қойылады екен. Хан ордасының әр қилы қашықтықтағы биік құздардың басында, үйік төбелерде қажет болғанда сақтық белгі беретін күзет орындары болғаны белгілі. Сондықтан да хан қорғандары қарапайым халыққа қамалдық мәнінен гөрі маңынан аулақ жүруге тура келетін өктем күштің құдыреті ретінде мәлім болған.

Орданың сәндік кисыны белгілі бір деңгейде алты қанат ақүйдікін қайталағанымен, қазақтың қолтума өнерінің үйлесімін тапқан ұқыптылығының арқасында ағашты, сүйекті, алтын-күмісті, әр түрлі тасты, былғарыны, киізді, иірілген жіпті кәдеге жаратуда мүлтіксіздікке жеткендігімен ерекшеленеді. Жатжұрттық саяхатшылар мен елшілікке жүргендер де ұлылығы мен байлығы жағынан оның корольдер мен императорлардың сарайларынан кем түсе қоймайтынына көңіл аударған.

Орданың безендірілуінен көркем ойдын қазақ қоғамының сезімтал талғамына сәйкес дамып, ою-өрнектің және оның икемді баламасы — түрдің айналадағы ортадан алынған мазмұндық желісімен, тіптен киелі, ғұрыптық белгілермен қойындаса, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келгенін аңғарамыз. Оның әшекейінде мақлұқаты, нәубетаты, ғарыштаты, тіке сызықты сарындарға негізделген өрнектердің кездесе беретіні де міне осыдан.

Ішкі жиһаздарының байлығын былай қойғанда, күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, жолағы ақ қойдың жүнінен иірілген жіптен тоқылатын кілем басқұрдан (оны «ақбасқұр» деп те атайды), кереге мен уықтың қиысатын тұсына тұтылатын желісі қазақтың «қошқарат», «шынжара» атты өрнектерінің әуеніне құрылатын термебасқұрдан, нышандық белгілер ретінде сәндікке ілінетін шаңырақбау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңыраққоршау, туырлық, үзік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиден, шекпеленген ағаш құрастырмаларындағы бағалы және жартылай бағалы металдармен, сүйекпен, түрлі түсті тастармен толықтырылатын ою-өрнектерден Ордадағы адам қиялына сыя бермейтін мінсіздікті көреміз.

Орданың күмбезін түгелдей жабатын үзіктерінің етегіне оюлы дөдеге, айналма құр берілетіні, артқы үзігінің кестеленген ақ жолақтарының үйдің алдына қарай айқастыра байланатыны оның көшпелі қауым өмірге келтірген таңғажайып, керемет құбылыс екенінің тағы бір айғағы.

Орданың құрылымдық жағынан мейлінше жетілдірілгені аса үлкен құрас-тырылып-ажыратылатын құрылғы болғанына қарамастан, онда тіреуіш, таяныш атаулының болмайтынынан да көрінеді. Керісінше, дауыл соққан кезде тепе-теңдік сақтау және салмақты ортаға аудара түсу мақсатымен шаңыраққа төрт жағынан (жалпылама киіз үйде екі жағынан ғана) бекітілетін де, кереге-уыққа қыстыра салынатын желбау жолақтарын жерге сүйрете байластырып үстіне жүк үйетін болған. Сақтық үшін құрылғыны сыртынан екі жағынан арқанмен бастыратын болған.

Қазақта бұрын киіз үйлерді бір-біріне тіркестіре тігіп, әжетіне жарататын дәстүр де болғанға ұқсайды. Жетісу жеріндегі Нарынқол ауданы Қақпақ аулының тұрғыны Әбдікерім Әділбекұлынан жазушы Эрнест Төреханов жазып алған мәліметке қарағанда, қазақ байлары таудағы жайылымдарда кішік-ірім құрылғыдан тұратын төрт киіз үйді тіркестіре тігіп, монша жасайды екен. «Киімшең» деп аталған бірінші үйде шешінеді екен де, «қауыз» деген атпен белгілі екінші үйде шомылып, «тас булау» деген үшінші үйде қыздырынады екен. Төртінші үй «бүйрек»— моншадан кейін тыныгып, демалатың орын болған. Моншаның көшпелі өмірге бейімделген жылыту жүйесі болған. Осын-дай моншада шомылғанын Кеген ауданының тұрғыны Қасымбек Қашқынбайұлы да айтып берген. Бәлкім, Ордада да осы іспетті монша болған шығар.

Дәстүрлі өнер мен тереңге меңзейтін тамырлардан нәр алған құрастыры-лып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың осы бір үлгісінен көз жазып қалғанымыз өкінішті-ақ. Мәселенің Ордаға жаратылатын ағаштың, киіздің, бау-шудың, арқан-жіптің нашар сақталатынында ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан көне дүние ескерткіштеріне көзқарастың кертартпалығында, заттық мәдениеттің жетістіктерін сақтауға құнтсыздық та болғаны даусыз.

Айтылғандардан біздің көріп отырғанымыз, қазақтың киіз үйіне байла-нысты халық шығармашылығының ұжымдық еңбекке негізделгені. Бақсақ, оның қаңқасын бір шілеңгерлер1 жасаса, жабыны мен жасауы екінші бір ше-берлердің қолынан шығады екен. Олардың әрқайсысы оның бітімі мен без-ендірілуіне өз шығармашылығының соны туындыларын ендіруге тырысады екен. Мұны біз дүние жүзі қазақтарының Алматыда өткен құрылтайына (1992 ж.) тігілген Торғай шеберлерінің қолынан шыққан Орданың нұсқасынан да көрдік.

Қазақ қадым заманнан бастап-ақ өзінің ата-тегін құраған ежелгі тайпалар мен халықтардан киіз басуды, тері ұқсатуды, алаша тоқуды, ши орауды, алтынмен аптап, күміспен күптеуді өзіне мұра етіп қабылдаған ел. Дәстүрлі өнердің осы түрлерінің барлығы киіз үйден көрінетіні хақ. Солай бола тұрса да, академик Ә. Марғұланның, тарих ғылымдарының докторлары X. Арғынбаевтың, М. Мұқановтың аса құнды еңбектеріне қарамастан, қазақтың киіз үйін палеоэтнологиялық тұрғыдан әлі де болса терең зерттей түсуді қажет ететін құбылыс екенін өмір көрсетіп отыр.

Киіз үй — қазақтың өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге асқан заттық, тұрмыстық мәдениетінің көрінісі. Отбасының салауаттылығы мен саулығының белгісі ретінде босағаға, шаңыраққа құрмет көрсету — ежелден келе жатқан дәстүр.



Тұрақты және жылжымалы баспана түрлері. Алғашқы аңшының дала жағдайында қалыптастырған баспанасы жерге қадалған сырықтардың басын қосып буатындықтан қаңқасы сүйір болып бітетін, сырты ағаштың қабығымен, аң терілерімен жабылатын қос (бастапқы аты белгісіз) немесе жерді шұқырлап қазып, ортасына төбедегі түтін шығатын тесіктің ернеуін шабақтауға орайластыра әр жерден қойылатын, бір-бірімен байластырылған тіреуіш ашаларға ағаш бүтақтарын тастап, үстін шөп-шалаңмен жаба салатын, кіріп-шығатын ойығы бар кепе (бастапқы аты белгісіз) болған деп жорамалдауға болады. Ал жерді шаршылап қазып, алынған топырақтың есебінен биіктей түсетін қабырғасының қақ ортасына кесе-көлденең белағаш (қары) қойып, екі жағына қарама-қарсы ағаш кеспектер (пәруаз) тастап, үстіне топырақ салып, лаймен сылайтын, түтін шығатын ойығы, кіріп-шығатын есігі бар жеркепенің кейінірек пайда болғаны ықтимал.

Ғасырларды артқа салып, көшпелі малшылар аңшының сүйір қосын, егіншілер кепесін бірте-бірте жетілдіре түскендіктен қазақ даласында тұрғын үйдің жылжымалы және тұрақты түрлері қатар дами берген.

Қостан киіз үйге өтетін баспана — күрке, абылайша түрінде, кепеден қоржын үйге өтетін баспана — қақыра (бастапқы аты белгісіз) түрінде болғаны даусыз. Қостың сырықтарының ұшы енді бұрынғыдай бір буда шөппен бай-ластыра салынбай, ортасында түтін шығатын тесігі бар шығыршыққа кигізілетін кейіпке енген. Алайда қостың ортасына қарай еңкіш қабырғасы уақытша пай-даланудың талаптарына сай келгенімен, көшпелі қауымның өмір бақи тұрып, күнелтуіне ыңғайсыз екені көріне бастаған. Сырықтардың ұшы енді арнайы тесіктері бар шеңберге (шаңырақтың бастапқы түрі) қадалатын болғандықтан қостың қаңқасы түзеле түскен.

Өстіп, қоста шаңырақтың пайда болуы баспананың бұл түрінің түбегейлі өзгерістерге түсуіне жол ашқан. Оның сырықтары енді екіге бөлініп, төменгілері бірте-бірте бір-бірімен қабыстырылатын керегенің, жоғарғылары шаңыраққа қадалатын таяқшалардың (уықтардың) кейпіне ене бастаған. Осылай кереге, уықтардың бастапқы түрлері пайда болған. Жүздеген жылдар өткеннен кейін күркенің (қостың) қабырғасы қазіргі киіз үйдікіндей, оп-оңай құрастырылып-ажыратылатын торкөз қабырғалардан (керегелерден), оларға байластырылатын, түп жағы иіңкілеу болып келетіндіктен құрылғыға күмбез келбетін беретін уықтардан, шаңырақтан, маңдайша, табалдырық, босағадан құрастырылатын екі жаққа айқара ашылатын ағаш есіктен (сықырлауық) тұратын қалыпқа келгені қазақтың киіз үйін аса мұқият үйлестірілген құрылыстардың қатарына қосқан.

Киіз үйдің кереге-уықтарының, мандайша, табалдырық, босағасының терме немесе ызба таңғыштармен, арқан-жіптермен байластырылатыны мәлім. Тек сықырлауықтың ғана мандайша мен табалдырыққа ергенек2 арқылы бекітілетіні бар. Қазақ арасында «Ергенек кетсе, есіктен береке кетер» деген мәтелдің кеңінен тарағаны оның «Ауызбірлік кетсе, отбасынан құт кетер» деген пәлсапалық мәнімен тікелей байланысты. Ұрпақтан ұрпаққа алмасып келе жатқан осы бір ата сөзінің біздің замандастарымыз үшін де өнегелі өсиет болып қалғаны даусыз.

Ал баспананың тұрақты түрлеріне көшу үрдісі Қазақстан жағдайында көпшілік қолды материалды қарастыру мен мекенжайдың жер ыңғайына қарай орайластырылған нұсқаларын қалыптастыру ісімен қатар дамыған болса керек. Мұны кепенің жертөлеге, жертөленің қақыраға алмасу үрдісінен де аңғаруға болады. Кепенің құрылымы жөнінде біз жоғарыда айттық. Оның біршама дамытылған баламасы жертөлені тұрғызудың ең қарапайым әдісі мынадай болған: әдетте жерді шаршылап қазып, топырағын босатқаннан кейін, үстіне су құйып, қидаланған малдың қылымен, қой жүнімен, сабанмен иін қандыра араластырып балшық илейтін де, қазылған шаршының жиегіне бірінің үстіне бірін қатар-қатар етіп жұмбаз ұратындықтан құрылыстың қабырғасы көтеріле беретін. Дайындалған материал біткен соң, шұңқырды төмен қарай тағы да үңгіп, қопсыған топырақтан балшық илеп, жұмбаздау әдісімен қабырғаны онан әрі көтере түсетін. Күн түсетін жақтан жалғыз терезе, есік шығарылатын. Төмендетілген жердің тереңдігі мен тұрғызылған қабырғаның биіктігі теңелген кезде, іші-сыртын лаймен сылап, төбесін мығым етіп қамыспен, шөппен жабатын да, лаймен сылап тастайтын болған.

Жертөленің ортасына от жағылатындықтан төбесінде әдейі қалдырылған ойыққа түтін тартатын мұржаның шыбықпен шабақталған қарапайым нұсқасы орнатылатын болған.

Тұрпайы жертөленің бізге жеткен баламаларының бірі Сырбойы диқандарының ауладан тысқары егістіктің басына жаз айларына арнап тұрғызатын уақытша баспанасы — өлшек те жертөле үлгісімен салынатын. Тек оның іші-сырты сыланбаған, итарқасы ағаш бұтақтарымен, жыңғылмен, көк жан-тақпен жабылатын да, жел ұшырып кетпес үшін үстіне әр жерден қам кесек, кеуіп үлгіре қоймаған батпақ тоңғағы тасталатын болған.

Жертөлені қазақ шымнан да, қам кесектен де, тақтатастан да соққан. Ал қақыраны төрт қабырғалы етіп кіре берісімен қоса тайланған шөптен, қамыстан, шабақтан, балшықтан тұрғызған. Іші-сырты, төбесі сылақ арқылы тәртіпке келтірілетін және оттық арқылы жылытылатындықтан баспананың бұл түрі кепе мен жертөлеге қарағанда едәуір алға кеткендік болған.

Арада жүздеген жыл, бәлкім, одан да көп уақыт өткеннен соң қақыраның негізінде кейіннен қазаққа тән тұрақты мекенжайдың жетілдірілген түрлерінің дамуына тікелей ықпал еткен қоржын үй пайда болғаны ықтимал.

Бір қызығы, қазақ қос, күрке сияқты жылжымалы баспананың түрлерін киіз үймен қатар пайдалана бергені секілді, кепе, жертөле, қақыра түріндегі баспана нұсқаларын тұрақты мекенжайдың кейінгі жетілдірілген үлгілерімен қоса әжетіне жарата білген. Мұны қазақтың қайта реттеуге көне қоймайтын тұйық шаруашылығында, күнкөрісінде, тұрмысында ғасырлар бойы мардымды өзгеріс болмағанымен де байланысты қараған жөн.

Қазақ мекендеген ұлаң-ғайыр кеңістіктегі күнкөріске байланысты қалыптасқан баспананың о бастағы түрлерінің бірі — осыдан шамамен үш мың жыл бұрын пайда болған, қаңқасы арба үстіне көбіне мығым, сирегірек жинастырып, ажыратылатындай етіп орналастырылатын тұрғын үй үлгісі. Мұндай үйлер ғұндарда да, түркілерде де, көшпелі ұйғырларда да, моңғолдарда да болған. Ал қазақтағы «Доңғалақты үй», «Үйлі арба» жөнінде біздің білетініміз орта ғасырларда бізде болған Гильом де Рубрук, Әбу Аб-даллах Ибн Баттута, Фазаллах Ибн Рузбихан, Антони Дженкинсон секілді шетелдік авторлардың жазып қалдырғандары ғана. Азғана құнды материал академик П. С. Палластың «Сапарнамасында» бар. Бірнеше өгіз, түйе қосарлап жегілетін үйлі арбаларда малдың қуығынан, қарнынан тартылған терезелері, кіріп-шығатын есігі, оттығы, көлеміне қарай екі, төрт, алты, тіпті онан да көп дөңгелегі болған.

Бату заманында-ақ «Алтын орданың құрамында «Қазақстан» деген аймақ болған». Сол өлкені мекендеген елдің үйлі арбасын Ибн Баттута былай суреттеген: «Дөңгелекті құрылғыны олар «арба» деп атайды. Арбаның үстіне тұрғызатыны — бір-біріне қайыспен байластырылған ағаштардан құрастырылған күмбез сияқты қаңқа».

«Олар тұратын үйлер ағаш кеспектерінен құрастырылып, бұтақтармен ша-бақталған, төбесінде жоғары қарай мойнын созып, ықшамдана түсетін оттықтікі сияқты дөңгелек түтігі бар арба үстіне орналастырылады да, үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін жүнге әк, ақ топырақ (шамасы бор болар — Ө. Ж.), сүйек үгіндісін қосып басқан ақ киізбен қапталады екен»3. Үйлер мейлінше кең, ені 30 фут (1 фут — 0,3048 м.), дөңгелектерінің арасы 20 фут болған. Осындай үйлі арбаға 22 өгіз жегілген.

XVI ғасырдағы парсы деректерінің бірінде жат жұрттықтарға зәулім биік ғимараттай болып көрінген қазақтың доңғалақты үйлері жайында мынадай мағлұмат бар: «Олардың (қазақтардың — Ө. Ж.) мұндай үйлері ағаштан тұрғызылған, қаңқасы сарайдікі сияқты көтеріңкі және мейлінше кең. Ақ қайыңнан құрастырылған қабырғалары мінсіз, өте сәнді, киізбен, сирек кез-десетін түстерге боялған қой терілерімен қапталған. Осындай үйлерде қазақтың сұлтандары мен ақсүйектері тұрады. Құрылымы ерекше үйлестірілген доңғалақты үйде 20 адамның жатып-тұруына болады екен. Мұндай үйлерді қосарлап жегілген көп түйе тартады. Үйлер зәулім, биік және сыйымды, тұс-тұсынан ашпалы көздері бар терезе ойықтары берілген. Сырты киізбен жабылған. Ішкі жиһаздары әмірлер мен сұлтандардың сарайларындағыдай мейлінше әсем және үйлесімді».

Қос ат жегілетін жеңіл күйме көбіне бойжеткен қызға, жас жүбайларға, бәйбішеге тек көліктің ғана емес, жол үйдің де қызметін атқарған. Мұндай жеңіл құрылғыны соғыс кезінде шапшаң қимылдап, ұрыс әрекеттеріне жедел басшылық ететін қолбасшылар да пайдаланған.

Үйлі арбалардың қазақтағылары баспананы құрастырып-жинастырып әуре болмай-ақ, үдере көшіп күнелтуге мүмкіндік беретін құлазыған кең даланың табиғатымен байланысты болғанымен, құрылымдық жағынан олардың сәулеткерлікке қосқан үлесі шамалы. Әйтсе де олардың төрт бұрышты немесе бес бұрышты құрылғысы сәулет өнеріндегі шаршы үшкіліне, шеңбер бөлшектеріне дөп келетінімен қызықтырады. Кезінде көшпелі шаруашылыққа қызмет еткен түрғын жайдың сирек кездесетін бірден-бір нұсқасы бола тұра, үйлі арбалардың XVIII ғасырдың алғашқы ширегіне қарай тұрмыстан шығып қалуының өзіндік себептері бартын. Оның ең бастысы арагідік үзілістермен 200 жылға созылған жоңғарлармен, қалмақтармен шайқаста, ешқашан толастап көрмеген жаугершілікте еді. 1723—1729 жылдардағы «ақтабан шұбырынды» кезіндегі елдің босып кетуі, даланың байлығына қармалауышын созған Ресейдің отарлау саясаты, Орта Азия хандықтарымен, әсіресе Қоқанмен, Хиуамен қақтығыстар елдің көшіп-қонатын кеңістігін тарылта түскендіктен XVIII — XIX ғасырларда көшпелі қазақтың негізгі баспанасы кәдімгі өзімізге белгілі киіз үй бола бастаған.

Қазақ сәулеткерлігі осылайша сонау ежелгі заманнан бастап қалыптасқан. Далада тұрғызылған құрылыстардың ең алғашқыларынан (одан бұрынғылары сақталмаған) саналатын сынтастар, сандықтастар, ықтасындар, дің-діңгектер, іргесі шеңбер болып қаланатын да, сүйегі сүйірленіп бітетін бір бөлмелі үйдің нұсқасы — шошала қазақтағы құрылыс ісінде қаңқалық құрылымдардың, тіреугіш-ұстындардың, төбе жабынның орнығу үрдісін аңғартады. Ал оның деңгейі аңызақ желді, үскірік аязды болып келетін ұлан-ғайыр кеңістіктегі көшпелі тіршілік пен Сырбойындағы, Арыс, Келес, Шыршық, Талас, Шу, Іле алқабындағы жартылай отырықшы және отырықшы күнкөрістің мүмкіндіктерімен шектелген.

Қазақта тұрақты және жылжымалы баспананың екеуінің бірден болуы — оның отырықшы, жартылай отырықшы және көшпелі топтарыньщ арасалмағы әр түрлі бола тұра, қожалық ету тәсілдерінің, күнкөрісінің бір-бірімен тікелей байланыстылығынан, тұрмыс-салтының бірегейлігінен, мінез-құлқының ұқсастығынан туған жағдай. Алайда зерттеушілерді қайран қалдыратыны — қазақ құрылысшыларының әсіресе үй тұрғызуда, оған қолайлы жер, материал тандауда ұқыптылык көрсете білгені. Мұның өзі сәулеткерлік тарихында көптен келе жатқан бірден-бір ыңғай табыс екені мәлім. Басқаны былай койғанда, бар құдіреті құрылыстың мығымдығынан, кескінінің тұрақтылығынан, түрінің үйлесімділігінен көрінетін әлемге танымал классикалық сәулеткерліктің өзін де табиғи ортаны, жер ыңғайын тиімді пайдалану, кеңістікті ұйымдастыру деңгейінен бөліп қарауға болмайды. Ойлы көзге қай-қайсысы болса да тұрған орнында шынайы да керемет болып көрінетін әлемге әйгілі құрылыс үлгілері — Акрополь де, Тәж-Маһал да, Шахі-Зинда мен Әзірет Сұлтан да тундра түкпірінде немесе меңіреу тайгада, Бетпақдала мен Үстіртте ұсқынсыз болмаса да үйлесімсіз көрінуі мүмкін. Әйтсе де мұқият ұқыптылық көрсете білсек, мұндай келеңсіздікке жол бермеуге болар еді. Ал біздің еркімізден шығып кеткен және бүгін шешімін табу оңайға түсе қоймайтын шаруаны қалай орнына келтірерсің.

Жасыратыны жоқ, қазақтың бүгінгі калпы — аңыз-ертегілердегі үмітпенен жоқ қуып, тоғыз тарау түйіскен жолайырыкқа тап болғандықтан, қай соқпақпен кетерін білмей, дал болатын жалғыз атты жолаушының кебі. Самарқаулықтан ба, салақтықтан ба, әлде әкімге бас иген жарамсактықтан ба, мінсіздіктін тегінен көрінетін ата-баба мұрасы үлгілерінің біразынан көз жазып қалғанымыз өкінішті-ақ. Оның кездейсок, шешімнің жемтігі болып, «көлденең жүрген көк аттының» қанжығасында кеткені де аз емес.

Біздін зерттеуіміздін негізгі мақсаты — казақтың дәстүрлі өнерінің ұмытыла бастаған салаларының бірі — халық сәулеткерлігінің ерекшеліктерін үйреніп-білу арқылы Қазақстанда ғылым, мәдениет пен өнер саласында қалыптаса бастаған жаңа әлеуметтік жағдайға азды-көпті ықпал ету. Мұның өзі ата-баба мұрасын қорғау, қалпына келтіру және пайдалануда тығырықтан шығудың жолын қарастыруға қосатын үлес болмақ.

4.2 Киіз үйдің жиһаздары мен ыдыс –аяқ жасау өнері

Біз төменде қазақ халқының атадан-балаға мирас болып келген қазақ қолөнершілерінің қолынан шыққан тамаша үй жиһаздар түрлерінің үлгісі туралы деректерімізді белгілді ғалым, этнограф Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» еңбегіне арқа сүйеп сипаттауды жөн көрдік.

Революцияға ( төңкеріске – құраст. ) дейінгі қазақ халқының өмір жолы көшпелілік, жартылай көшпелілік және отырық-шылық жағдайда өтті. Осыған орай, олардың күнделікті тұрмыста пайдаланған ағаштан жасалатын үй іші жиһаздары (мебельдері) мен ыдыс-аяқтары да көш-қонға немесе отырықшылыққа бейімделіп жасалады.

Ағаштан жасалған үй іші жиһаздарының құрамына төсек ағаш, жастық ағаш, жүкаяқ, кебеже, сандық, әбдіре, жағлан, қант шаққыш тоқпақ, саба аяқ, піспек, астау, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі, ағаш шелек, келі, келсап және басқа да көптеген бұйымдар кірді. Қазақта бұл бұйымдардың әрқайсысын дербес жасайтын арнайы маманданған шеберлер болмаған. Олай болса, әр шебер өзінің мүмкіндігіне қарай үй бұйымдарының қайсысын болсын жасаған. Аса шебер ұсталар ағаштан жасалатын үй бұйымдарының беттеріне ою ойып, түрлі түсті бояулармен өрнек салып, әсемдеумен бірге сүйекпен, әр түрлі металдармен, түрлі түсті тастармен, шынылармен көркемдей білген. Ендеше, мұндай ұсталар темір, мыс, жез, күміс ұстау ісін де меңгерген шынайы өнер иелері болған. Қазақ арасында он саусағынан өнер тамған қолөнердің сан-саласын жақсы меңгерген ісмерлер аз болмаған. Кейде ағайынды жігіттердің бірі ағаш ісін меңгерсе, екіншісі темір, үшіншісі күміс ісін дегендей, қолөнер-дің бірнеше саласын игерудің нәтижесінде олар бірігіп, үй бұйымдарының сан алуан түрін аса көркем етіп шығарды, еңбектері де өнімді болды. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында бұрынғы Шымкент уезінде мекендеп, «Бес ұста» атанған ағайынды бес жігіт (Құлжан, Батырқұл, Байлар, Айдарқұл, Құрманқұл) әкелерінен жастайынан жетім қалып, сол өңірдегі ұсталарға қол бала болып жүріп, өнер үйренеді. Батырқұлдың баласы 70 жасар Нартайдың айтуынша, «Бес ұста», негізінен, ағаш өңдеу, ұсталық, зергерлік өнерді түгел меңгерген адамдар. Бұлардың әрқайсысы өмір бойы, яғни XX ғасырдың 20—30 жылдарына дейін ұсталықты кәсіп еткен. «Бес ұста»— отырықшы жағдайда тұрған шеберлер. Олардың әрқайсысы жылына 5—6 жас шәкірт ұстап, оларға өз өнерлерін үйретіп отырған. Шәкірттеріне ақы төлемеген, шәкірттер де ұстаздарына жалданбаған. Ұстазына көмектесе жүріп, іс үйренгені мен ішкен-жеген дәм-тұзына риза болатын да бір жылдан соң өз алдына бөлініп, үйренген шеберлігі бойынша кәсіп етеді. Қолы жеткенде ғана ұстазын қонаққа шақырып, сый-сияпатын көрсетіп, батасын алады екен. «Бес ұстаның» әрқайсысынан бір-бір ғана бала болған. Олар: Құлжаннан — Ахмет, Батырқұлдан — Нартай, Байлардан — Пердебек, Айдарқұлдан — Асылбек, Құрманқұлдан — Сейіт. Осылардың Сейіттен басқасы түгелдей әке жолын қуып, ағаш, темір және күміс зерлеу істерін меңгерген. Бұл өнерлі жандар 1930 жылдың басында бастап колхоз құрылысына белсене араласып, пенсияға шыққанша қоғамдық еңбекпен шұғылданған, яки колхоз шеберханаларында, дүкендерінде ұсталық құрған.

Нартай ақсақалдың айтуынша, бес ұстаның өнерлі еңбегінің ақысы мардымсыз болса керек. Олардың ағаштан жасайтын үй іші жиһаздарының бір парасы — киіз үйдің сықырлауығы, шкаф, жүкаяқ, піспек, төсек ағаш, кебеже, адалбақаннан тұрды. Осы бұйымдардың бәріне бір ат не құлынды бие беретінді. Комплектінің мұндай құны ешбір әшекейсіз, тек ағаш ісіне ғана төленетін, ал әркім өз жағдайына қарай оюлы, сырлы немесе сүйектетіп, күмістетіп жасатам десе, ол үшін берілетін төлем молырақ болатын да, оны алдын ала келісім бойынша орындайтын.

Шымкент өңірінде ну орман болмағандықтан, үй бұйымдарын жасайтын ағаш табу оңайға түспеген, сондықтан Батырқұл бастаған бес ағайынды ұста жігіттер қазіргі Алғабас ауданының «Алғабас» совхозына қарасты шағын бұлақ басына қоныстанып, тұрақты үй, шеберхана салған, айнала-сына әр түрлі ағаш еккен, ол Батырқұл бағы атанған. Сол бақтың жұрнағы осы күнге дейін сақталған. Айтулы бес шебердің бір жерде тұрып, бірігіп кәсіп етуінің нәтижесінде олардың барлығы бес ұста атанып, жасаған үй бұйымдары осы күнге дейін ел арасында көптеп сақталған. Бес ұста жасаған үй бұйымдарының жоғарыда көрсетілген комплекстісінен бізге (Х. Арғынбаев бастаған этнографиялық экспедиция мүшелерінің –құраст.) кездескендері — асадал, кебеже, жүкаяқ, төсек ағаш және адалбақан. Бұлардың бәрінің де ісі біркелкі, негізінен, түрлі түсті бояулармен өте жақсы өрнектелген нағыз өнер туындылары деуге әбден болады. Ол бұйымдарға сәл кейінірек жеке-жеке тоқталамыз.

Көпшілік жағдайда қазақ ұсталары бірікпей-ақ, әрқайсысы жеке-жеке кәсіп еткен. Кей жерлерде мекендейтін шағын рулар ішінде ұсталардың көп болуының нәтижесінде олар сол рудың атымен де аталған. Мәселен, Баянауыл төңірегінде мекендейтін Айдабол руының Қошетер деген атасынан шыққан көптеген ұсталарды «Қошетер ұсталары» дейді екен. Бұлар «бес ұста» сияқты бірігіп істемегенмен, қолөнердің сан алуан түрін жете меңгерген жандар еді. Олар ағаш, темір, күміс, сүйек өңдеу істерін меңгерген. Бұлардың ішінде аттары атырапқа жайылған өнерлі ұсталар қатарына Есалы (XX ғасырдың 20-жылдарында дүние салған), оның баласы Әбдікәрім (60-жылдардың ортасында 90-ға келіп дүние салған) сияқты айтулы шеберлер де аз болмаған. Қолөнерді арнайы кәсіп етпей, бос уақытында өзі үшін үй бұйымдарының кейбір түрлерін ағаштан жасайтын әуесқой шеберлер де қазақ арасында жиі кездесті. Мәселен, Баянауыл төңірегінен Қақабай Мырзабекұлы (1861 —1946 ж.) ағаштан үй бұйым-дарын жасауды өзінің қартайған шағында бастап, 1932—1946 жылдар арасында, өз балалары мен келіндері үшін ер қосу мен ыдыс-аяқ және домбыра жасауды машықтаған адам. Бұл кісінің жасаған бұйымдары атақты Мақат ерші мен Есалы ұстаның үлгісімен мінсіз шабылатын, еш-бір қосымша әшекейсіз-ақ қайың безінің өңін мүқият өңдеу, өсімдік майын бірнеше қайтара үстемелеп сіңіре жағу арқылы ғана ағаш бұйымы-ның әдемілігін қамтамасыз етіпті. Арнайы шеберханасы болмаған екен, үйде отырып-ақ қарапайым, көңілге қонымды, көздің жауын алатын әдемі бұйымдарды асықпай, баппен істей білген.

Қазақстанның солтүстік ағашты аудандары мен Жетісу өңіріндегі қалаларда, казак-орыс станцияларында және орыс деревняларында көп жылдар бойы жалда жүрген қазақ жігіттері балташылық өнерді үйреніп, қазақ арасында орыс үлгісімен ағаштан үй салды, ағаш төсек, асадал, сандық сияқты бұйымдар жасаған. XIX ғасырдың екінші жартысында қарағай бөренелерінен қиыстырып, ағаш үй салатын маманданған балташылардың қазақ арасында көп болғандығын М. Шорманов еңбегінен де көреміз. Оның айтуынша, Баянауылдан шыққан балташы қазақ жігіттері, тіпті, Павлодар қаласында орыстарға үй салумен де айналысқан екен.

Мұндай шеберлер Семей, Өскемен төңірегінде де болған. Мәселен, 1956 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан біз кездестірген (Х. Арғынбаев бастаған этнографиялық экспедиция мүшелерінің –құраст.) 96 жасар қарт балташы Рахымбай Кегенбаев (ел арасында Қоңыр-Ақай атанған) өткен ғасырдың 70-жылдарында Өскемен қаласындағы орыс балташыларының артелінде 15 жылдай істеп, ағаштан үй салу, көптеген үй бұйымдарын жасау өнерін үйренген соң, 30 жасында еліне қайтып, Сібе болысында қазақ байларына ағаш үй салу-мен көп жылдар бойы айналысқан. Р. Кегенбаев ағаш үй салумен бірге, стол, асадал, күбі, арба, шана, тісағаш, тырма, төсек ағаш, жүкаяқ, кебеже жасапты. Р. Кегенбаевтың қиыстырып сал-ған ағаш үйі де, ыдыс-аяқтары, үлкенді-кішілі жиһаздар үлгісімен жасалған. Мұндай шеберлер Зайсан, Жетісу өңірлерінде де болған. XIX ғасырда Торғай, Ақмола және Семей облыстарынан ағаш шеберлерінің көптеп кездескендігі туралы Э. А. Масанов зерттеулерінде де айтылған.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ арасында кең тараған ағаштан жасалатын жиһазының бірі — төсек ағаш. (Ел арасында «төсек ағаш» атауы «төсағаш», «кереует» деп те аталатын болған. Бұдан кейінгі жерде көпшілік арасына кең таралған «төсағаш» атауын қолдануды мақұл көріп отырмыз.) Жазба деректер мен музей коллекцияларын және ел арасынан өзіміз жинаған деректерді салыстыра отырып жүргізген зерттеу негізінде Қазақстан жерінде кездесетін төсек ағаштардың сыртқы кескініне қарай жіктегенде, оның бірнеше түрінің бол-ғандығы анықталды. Қазақстанның солтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарына кең тараған төсек ағаштың ең көне түрінің екі басы тым шалқақ және жайдақ болады, төрт аяғы ішке қарай кіріңкі не тік келеді; екінші түрі — өткен ғасырда Қазақстанның шығыс және оңтүстік аймақтарында кездесетін бастары тым шалқақ алты не сегіз аяқты төсек ағаштар; үшінші түрі — А. И. Якоби деректері бойынша, Омбы мен Павлодар төңірегінде кездесетін бір жақ басы тым шалқақ, аяқ жағында мүлде сүйеніші болмайтын кушетка тәрізденген төсектер; төртінші түрі Торғай өңірінде кездеседі. Оның тіп-тік төрт аяғы және екі басы әлдеқайда қысқа болумен бірге, сәл ғана шалқақтанып барып жоғарғы жағы имектеу келеді; бесінші түрі — Ақтөбе атырабынан кездесетін бастары түзу ағаштан жасалып, сәл ғана шалкақ орналасатын төсектер, алтыншы түрі — Семей, Өскемен төңірегінде кездесетін төрт аяқты, үсті жазық, екі басында бір сүйемдей ғана тік орнатылған сүйеніші бар төсек ағаш; жетінші түрі — Қазақстанның солтүстік-шығысында кездесетін орыс үлгісімен жасалған төсек ағаштар.

Қолда бар деректерге қарағанда, төсек ағаштың осы айтылған түрлерінің әрқайсысында жергілікті және әлеуметтік ерекшеліктер анық байқалады. Жергілікті ерекшеліктер, негізінен, жалпы жасалу тәсілінде, шеберлер ісінің әдісіне байланыс-ты болса, әлеуметтік ерекшеліктер оның бет жағының оюланып, сүйектеліп, күмістеліп безендірілуімен бірге, көксауыр, шұға, асыл тастардың, түсті шынылардың да кеңінен қолданылуына немесе ешбір әшекейсіз жасалуына байланысты болған. Жоғарыда айтылған көркемдік ерекшеліктеріне қарай сырлы төсек, оюлы төсек, сүйектелген төсек, күмістелген төсек немесе жай ағаш төсек делініп те атала береді.

Төсек ағаштың барлық түріне тән ортақ ерекшеліктің бірі — олардың бет жағы ғана көркемделетіндігі мен қалған бөліктерінің көркем-делмейтіндігі және барлық бөліктерінің өмірге бейімделіп алмалы-салмалы болып жасалатындығы.

Енді жоғарыда сипатталған төсағаш түрлеріне жеке-жеке тоқталсақ.

Қазақстанда өте кең тараған төсағаштың бірінші түрі жасалу тәсіліне, бет жағына жүргізілетін ою-өрнек, әшекейлеріне қарай әркелкі келеді. Мұның ең көне түріне зер салсақ, оның үш бөлек ағаштан, екі басы мен ортасын қосатын жалпақ тақтайдан, ал артқы беті екі бас пен арасын қосатын екі ұзын шабақтан тұрады. Екі беттің арасын 6—7 шабақпен қосады. Көлденең шабақтар үстіне ұзыннан бірнеше бос тақтай салады. Ал, көлденең шабақтар санын молайтқан жағдайда ұзыннан төселетін тақтайлардың керегі болмайды, бірақ бірнеше қабат киіз төсеумен ғана шектеледі. Мұндай төсағаштың екі басы қисық біткен төрт ағаш кесіндісінен тұрады. Олардың төменгі жағынан төрт аяқ шығарылады. Жоғарғы бастары көлденең шабақтармен қосылып, төсектің шалқақтау келген екі басына айналады. Төсек бастарының иіні 135—145° шамасындағы доғал бұрыштанып, төрт қырлана немесе жұмырлана шабылады. Тұтас шабылған төсек бастары тым шалқақ болса, аяқтары ішке қарай кіріңкі, ал аяқтары тік болған жағдайда жоғарғы сүйеніштері де тіктеу келеді. Бір-біріне қарама-қарсы орналасатын екі бастың арасын төсектің беті біріктіреді. Бізге кездескен төсағаштың бет жағына кейде ою-өрнек ойылса, енді біреулері түгелдей сүйектеліп, күміс әшекейлермен безендіріледі. Осылардың ең тәуірлеріне арнайы тоқталайық.

Қазақстанның солтүстік-шығыс атырабынан біз көрген үш ағаш төсектің беттері түгелдей сүйектеліп жасалған екен, соның сипаттамасын бере кетелік. XIX ғасырдың соңында Аягөз төңірегінде ұсталық құрған атақты халық шебері Игілік жасаған төсекті оның 70-тен асқан баласының үйінен 1955 жылы көрдік. Бұл төсек ағаштың бет жағы қазір Қазақ ССР Ғылым академиясының археология музейінде сақтаулы. Төсағаштың екі басы қисық қайыңнан, ал бет жағының тақтайы жалпақ қарағайдан шабылған. Оның үстіңгі жағының ұзын тұрқы 176 сантиметр де, ең төменгі аяқ жағының тұрқы 115 сантиметр, биіктігі 80 сантиметр шамасында. Төсектің бет жағы түгелдей сүйек, күміс, түсті былғары, асыл тастармен безендірілген. Соншалықты оюластырылған зергерлікпен сүйек және күмістелген темір әшекейлер ағаш бетіне ойылып орналастырылған, араларынан жиек қалдырылған. Жиектер үстінен күмістен стильденіп құйылған қос мүйіз фигурасы, яғни шеберлер тілінде жиек басар өрнегі шегеленген. Жиек басар өрнегі екі бастың айнала жиегіне түгелдей орнатылған. Төсек бастарының жоғарғы және төменгі шеттеріне, тірсек тәрізден-ген орта тұсына бір-бірден және төсек бетінің ендірек орта жолағының ұзына бойына күмістел-ген бес оюлы темір текшелер ойыстырылған. Олардың астына көксауыр төселген де төсек бетіндегі бес текшенің орталарына түрлі түсті тастардан көз орнатылған. Күмістелген темір текшелер стильденген қошқар мүйіз өрнегімен ойылыпты. Темір текшелер араларына қиыстырылған сүйек текшелердің беттеріне негізімен түйіскен төрт басты қошқар мүйіз өрнегі ойылып, қызғылт қоңыр бояумен сырланады, сөйтіп төрт жақ қол-тықшаларынан төрт қошқар мүйіз өрнегі шығарылған. Орта жолақтың екі жағындағы тұтасқан ұзын сүйек жолақтар мен төсектің екі басындағы сүйек әшекейлердің беттеріне өсімдік тектес өрнектер ойылып, қызғылт бояумен бояған.

Сөйтіп, бұл төсағаштың бет жағы түгелдей сүйек, күміс, әр түсті тастар, көксауыр былғары және қызғылт, күрең бояу түстерінің орынды алмасуы арқылы өте көркем безендірілген.

Сүйектелген ағаш төсектің тағы бір тамаша үлгісі Өскемен қаласындағы облыстық өлкетану музейінде сақталған. Мұның өзі өте жатық, жалпы кескіні көз тартарлық әдемі мүсінделген. Екі басы түгелдей тік бұрышты сүйек әшекейлермен толық жабылған. Сүйек әшекейлердің бәрі күміс бүркеншікті мыс шегелермен шегеленген. Әр әшекей бетіне дөңгелектер, спиральдар мен стильденген өсімдік тектес өрнектер сызылған. Сүйек бетіне сызылған өрнектер де, әшекейлердің орналасу тәртібі де, күміс бүркеншікті шегелер де төсағаш бетіне ерекше көрік беріп тұрғандай. Ал, мұны жасаған белгісіз шебердің көркемдік талғамының айтарлықтай жоғары болғандығы ақиқат.

Сүйектелген төсағаштың ендігі бір үлгісі 1960 жылы геологиялық барлау экспедициясы кезінде Балқаш көлінің солтүстік жағындағы Қараүңгір тауындағы ескі қыстаулардан табылған. Бұл төсек ағаштың көлемі шағын — ұзын тұрқы 170 сантиметр шамасында.

Төсектің біраз тозыңқырағанына қарамай, кезінде оның өте сәнді болғандығын жазады. Төсек беті түгелдей әр түрлі әшекейлермен безендірілген екен. Сүйек әшекейлерді көркемдеуде дәстүрлі қошқар мүйіз оюы мен өсімдік текті және геометриялық өрнектердің аралас қолданылуы, ағаш төсек бетіне ерекше рең беріп, көздің жауын алады Қазақ ССР Орталық музейінде XX ғасырдың басында қызғылт жеміс ағашынан жұмырланып жасалған өте сәнді төсек ағаш сақтаулы. Ол Жамбыл облысы (қазіргі Тараз - құраст.) шеберлерінің қолынан шыққан. Мұның бет жағы 7 бөлек ағаштан шабылып, әрқайсысы ою-өрнектермен жеке-жеке безендіріліп барып қиыстырылған. Екі басы жұмырланып шабылып, бетіне өсімдік тектес ою нұсқасы жүргізілген, бас жағы мен аяқ жағында бірнеше буынтықтар жасалған, бас жақтарының үсті жалданып, оюлана жонылған да олардың іш жақ беттері өрнектелген жұмыр ағашпен жалғасқан. Мұның асты-үстіне дөңгелекпен сыңар мүйіз бейнелері оюланған. Бұған қоса ойылған тұстарға күміс бүркеншікті шегелер қағылған. Қатты, қызғылт жеміс ағашынан мұқият өңделіп, өзіндік ою-өрнекпен безендірілген осы төсағаштың бет жағы еш бояусыз-ақ көздін жауын алғандай.

Және бір түрінің негізгі белгісі — төсағаштың бас жағы бөлек жасалып, ылғи тік орналасуымен сипатталады. Мәселен, 1956 жылы Шығыс Қазақстанда өңірінен кездескен бірнеше төсағаштың бет жағы сүргіленіп жасалған төрт бұрышты аяқты рамадан тұрады екен, ал оның ортасына бірнеше ағаш табақшалар қиыстырылып жасалып, раманың жоғарғы жағынан шалқайта бекітіпті. Шалқақ сүйеніштер мен раманың қосылатын бұрышына тіреуіш қолтықшалар шегеленіпті. Бұлардың беттері түрлі түсті бояулармен өрнектеліпті.

Төсағаштың екі басы мен бет жағы тұтас ағаштан шабылып, тік аяқтары бөлек дайындалып орнатылған түрлері Қазақстанның солтүстік-батыс аудандарынан кездеседі. Бұл төсағаштың шалқақ бастары қыздың мойнындай иіле шабылыпты. Тұтас ағаштан шабылған бұл төсағаштың бастары мен орта тұсының беттеріне тұтасынан өсімдік текті өрнектер мен геометриялық фигуралар бедерленіп ойылған.

1959 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз - құраст.) блысынан сүйеніштері мен сирақтары бөлек жасалып құрастырылған, бет жағы түгелдей нұсқалы ою жүргізіліп көркемделген төсағаштарды жиі кездестірдік. Бұлардың ұзын тұрқы 200—205 сантиметр, биіктігі 60—70 сантиметр шамасында болып келеді. Төсектің ешбір бөлшегін өңдеуге сүргі қолданылмағаны көрініп-ақ тұр. Соның өзінде шеберлер ісі өте жатық, талғамы жоғары екендігі анық байқалады. Сүйеніштері тым шалқақ, сирақтары тік орнатылған. Олардың ор-нықтылығын арттыру үшін тіреуіш-қолтықшалар қойылған. Мұндай төсағаштардың бет жағына түгелдей геометриялық фигуралар, стильденген қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, өсімдік тектес ою-өрнектер жүргізілген. Кейбірлерінде түрлі түсті бояулармен әсемдеу де кездеседі.

Жоғарыда айтылған төсағаш түрінің енді бір тамаша үлгісін 1958 жылы Шымкент төңірегінен көптеп кездестірдік деп жазады Х. Арғынбаев өзінің «Қазақ халқының қолөнері» деген еңбегінде. Бұл төсек ағаш үлгісін атақты «Бес ұста» үлгісі дейді халық. «Бес ұста» үлгісінің негізгі ерекшеліктері: біріншіден, шалқақ екі сүйенішінің бөлек жасалып, төсағаштың жоғарғы жағына темір топса арқылы бекітілетіндігінде; екіншіден, бетінің ұзына бойы мен сирақтарының ұзына бойы жұмырланып, бунақтала жонылған білеу ағаштардың жапсырыла шегеленетіндігінде; үшіншіден, екі сирақтың да тіктігі, сирақ араларын қосатын 1—2 қатар жіңішке тақтайлардың асты-үстінен кертпе тістер, үш бұрышты не толқынды иректер жасалуында; төртіншіден, бұл төсектің бет жағы мұқият сүргіленіп, өңделумен бірге әрдайым түрлі түсті майлы бояулармен өте сәнді етіліп сырланатындығында. Ою-өрнектің мотиві де сан алуан. Көбінесе, стильденген өсімдік тектес өрнектер мен геометриялық фигуралар, әсіресе, дөңгелектер, үш бұрыштар, ромбылар, әркелкі иректер төсағаш бетіне жарасымды рең береді. «Бес ұстаның» көп қолданатын бояу түрлері — ақ, қызыл, қара, сары, жасыл, қоңыр түсті бояулар. Әсіресе, алтын түсті сары бояу қызыл, қара бояулармен қатар қолданылғанда бұйымның көркін енгізеді.

Торғай өңірінен кездескен бір тосағаш үлгісі жоғарыда айтылған кереуеттің төртінші түріне жатады. Оның сүйегі жеңіл, ісі жатық келетін тұтас қисық ағаштан шабылады. Мұндай төсағаштардың бет жағы, көбінесе, нұсқалы оюлар жүргізу арқылы безендіріледі. Енді бірде мұндай төсектердің бет жағына түрлі түсті бояулармен әр түрлі ою-өрнектер салынады. Көбінесе, ақ, қызыл, сары, көк, жасыл түсті бояулар жиі қолданылады.

Қазақстанның батыс аудандарында төсағаштың беті түгелдей бедерлі оюлармен көркемделген өте әдемі түрі кездеседі. Мұндай төсағаштардың бет жағы: түзу ағаштан мүсінделе шабылып, сыртына сәл шалқая орналасатын екі басы мен олардың арасын жалғастыратын ұзын, жалпақ тақтайдан тұрады. Ал, екі бас пен бет тақтайдың қиысатын жоғарғы бұрыштарына мүсіндей жонылған милық ағаштар сәндік үшін шегеленеді. Олардың екі басындағы тақтай бетіне ойылатын бедерлі оюлар бірдей болып келеді. Ендігі екі милыққа ойылатын оюлар бірдей болып келеді. Енді мына милыққа ойылатын оюлар сияқты, орта ағаш бетінің оюлары да өз алдына дербес композиция құрайды. Әдетте, төсектің бет тақтайының ортасына үлкен дөңгелек гүл ойылады. Ойылған оюлар мотиві негізінен өсімдік тектес болып келеді де, стильденген қошқар мүйіз, сыңар мүйіз және әр түрлі геометриялық фигуралармен толықтырылады. Оюлы өрнектер қызыл, қара бояумен боялған.

Осы типтес төсағаштың ең бір жетілген тамаша үлгісін 1972 жылы Ақтөбе облыстық өлкетану музейінен кездестірдік. ( Х. Арғынбаев бастаған этнографиялық экспедиция мүшелері –құраст). Төсектің ұзын тұрқы 2 метр, ені—115 сантиметр, ал басының биіктігі — 60 сантиметр. Мұның екі басындағы тақтайларының ішкі жақтары өте шебер оюланған. Төсектің екі басындағы ағаштың бет жағына өсімдік сабағындай ойылған өрнек, ал оның үш жерінен қысқа сабақты гүл шоқтары өрбіген. Орта ағаш пен екі бастағы сүйеніштердің ішкі беттері төрт басты қошқар мүйіз оюы, ромбы және сегіз бөлекті дөңгелек жұлдыздармен безендіріледі. Ағаштың табиғи түсіне ұқсас ақ сары бояумен боялған мінсіз бедерлі оюлар қара түрдің бетінде тым әсем жарасымдылық табады.

Қазақстанның солтүстік-шығысында кездесетін төсағаштың бесінші түрін дәстүрлі қазақ төсегінің жаңарған үлгісі деуге болады. Олай дейтініміз, оның 2 метрдей келетін үстіңгі тұрқы түгелдей жазық болады да, екі басының жоғарғы жағынан биіктігі 10 сантиметрдей ғана тік сүйеніш жасалады. Төсектің бет жағы сүргіленіп, ұзындықтары әр түрлі, ені —10 сантиметр — төрт тақтайдан оюластырылған төрт бұрышты рама жасалған. Оның ортасына орнатылған жалпақ тақтайдың бетіне нұсқалы оюлар ойылып, түсті бояулармен өте ұнамды безендірілген.

Бізде бар деректерге қарағанда, Ақмола, Семей, Жамбыл, Алматы төңіректерінде төсек ағаштың — кейде ағаш кереует — деп аталатын түрі жасалады екен. Оны ел арасынан осы күнге дейін кездестіруге болады. Бұлардың жалпы кескініне қараған-да, оның үлгісін қазақ шеберлері көрші тұратын орыс ағайындардан үйренген бе деп топшылайымыз. Ал, жасалу тәсілі мен бет жағын безендіру ісінде қазақ шеберлерінің дәстүрлі әдістері анық байқалады. Мұндай ағаш кереуеттердің ұзын тұрқы 2 метрден кем болмайды. Екі басы тік болумен бірге, сүйеніштері толық тақтайланады. Жалпақ тақтайдан жасалып, әр түрлі тәсілдермен безендірілген. Кейде мұндай кереуеттердің екі басын бунақтап, мүсіндеп те жасайды.

Төсек ағаштың осы түріне қосылатын енді бір тамаша үлгісін 1959 жылы Шу өзені бойынан кездестірдік. Мұның ұзын тұрқы —200 сантиметр, екі басының биіктігі — 90 сантиметр, ал ортасының биіктігі — 60 сантиметр, кереуеттің бет жағына ағаштан бөлек жонылған оюлар мен геометриялық фигуралар жапсырыла шегеленген. Екі бастарының жоғарғы және төменгі жағы бунақтала мүсінделген, орта тұстарына жоғарыдан төмен қарай тізбектеле бірнеше стильденген қошқар мүйіз бейнелері шегеленген. Бұл кереует әбден тозған көрінеді, нәтижесінде бұрынғы бояулы өрнектерінің ізі де қалмаған, тек ағаш ою-өрнектері ғана сақталған. Соның өзінде оны жасаған шебердің көркемдік талғамы жоғары, нағыз өнер иесі екені байқалады.

Осындай ағаш кереуеттің бүктемелі үлгісін 1958 жылы Шымкент облысынан ұшырастырдырғандығын айта келіп, Х. Арғынбаев, оған былайша сипаттама береді. . Оның екі басы орыс кереуетінің үлгісіндей тік, арқалары тақтайдан ойылып жасалған. Ал, артқы беті ортасынан ашпалы кесек тәрізденіп жасалған да ортасы бос қалған. Алдыңғы беті ортасынан топса арқылы бүктемелі болып келеді, екі шетіндегі оймышталған ұзын қазықтары топсамен кереует бастарына бекітілген. Ұзын тұрқы —2 метр, көлденеңі мен биіктігі 1 метрдей келетін кереуетті тез арада бүктестіріп жиып, бөлек мүлік есебінде ғана болсын, көлікке болсын артып алып жүре беретін өте қолайлы жасалған дүние. Алдыңғы бетінің екі бөлек жасалған және әрқайсысының таларына екі-екіден шаршы табақшалар жапсырылған. Екі бастың бетіне стильденген қошқар мүйіз оюы ойылса, беттегі табақшалар геометрия фигуралардан қиыстырылған. Арт жағындағы рамалардың да, алдыңғы беттерінің де қосыла тұстарынан сирақтар шығарылғандықтан, кереу құрған уақытта оның алдыңғы және артқы жақтарын үш-үштен аяқ пайда болып, керуерт 6 аяқты болып шыға келеді. Кереует түгел күрең түсті бояумен сырланған. Кереует иесінің айтуына қарағанда, ол XX ғасыр басында жасалса керек. Сонымен, жоғарыда аталған ғалымның пікірінше Қазақстанның өңірінде жасалған төсек ағаштың бірнеше түрі туралы біраз сөз ете келіп, олар, бұлардың басым көпшілігі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында жасалған дүниелер екендігін айтады. Кейінгі 30 жыл ішінде ел арасынан жинаған деректер мен музейлерде көптеген төсек ағаш үлгілері бар, олардың ішінде бір-біріне егіз қозыдай ұқсастары аз емес. Сондықтан, біз сол деректерді көбін жергілікті ерекшеліктерін анықтай отырып, жас және безендіру тәсіліне қарай мұқият сұрып негізінде төсек ағаштың жақсы жасалған түрлері мен үлгілеріне ғана тоқталдық. Осының өзі қазақ шеберлерінің өнер деңгейін жеткілікті түрі көрсетумен бірге, олардың өмір сүрген ортасына қарай қазақ халқының әлеуметтік-экономикал даму дәрежесін де, көрші халықтармен аралас құраластықтың әсерін де анықтай түседі.

Қазақстанның батыс өңірінде қазақ ұсталары жастық ағаштар да жасаған. Құс жастықтың астынан төсейтін жастық ағаштарды, көбінесе, оң жақта отырған қыздарына арнап жасататынды. Сондықтан, олардың сыртын түгелдей сүйенішінің ішкі жағын да оюлап, сырлап көркемдейді. Қолда бар деректерге қарағанда, жастық ағаштың екі түрі болған. Оның ішінде Маңғыстау, Гурьев (Атырау- құраст.), Орал, Ақтөбе облыстарын мекендейтін қазақтар арасында кеңінен тараған түрі ағаш кереуеттің басы тәрізденіп жасалатындар. Оның биіктігі — 60—70, көлденеңі —90—100 сантиметр шамасында болады. Мұндай жастық ағаштың барлық бөлшектерін біріктіріп тұратын екі қазық бар, ал оның араларын 2—3 немесе бір ғана жалпақ арқалық тақтай қосып тұрады, сол жастық ағаштың бас жағы атанады. Оның іш жағынан көлбей орналасқан жастық тақтай мен бас аралығында пайда болған доғал бұрышқа үш бұрышты қолтықша тіреуіштер орнатылады. Осылайша құрастырылатын жастық ағаштардың сыр жағы тұтас және арқа тақтайдың ішкі беті де әр түрлі әдіспен көркемделеді. Нұсқалы оюлар жүргізіліп, оған қосымша әр түсті бояулармен өрнектеледі. Кейбір жастық ағаштың іші-сырты түгелдей бедерлі оюлармен безендіріледі, ол оюлар эмаль тәрізденген қызғылт сары, терең ойылған түрі ақ, қара түсті бояулармен боялады. Ою-өрнек мотиві зооморфтық, геометриялық фигуралар мен өсімдік тектес өрнектердің әдемі тоғысуы арқылы жасалады.

Жастық ағаштың екінші қарапайымдау түрі бізге 1956 жылы Торғай өңірінен кездесті. Мұның жасалу тәсілі дәстүрлі төсағашқа ұқсас. Бас жағы бөлек дөңгеленіп біткен, астына биіктігі 12—13 сантиметрдей аяқ орнатылған. Жастықтың астына келетін тұсы имектеле сүйірленіп жасалған. Мұның ұзындығы 60—70 сантиметрдей, көлденеңі — 80 сантиметр. Екі жақ бетіне ою-өрнек жүргізілген. Ал, қарама-қарсы беттерінің арасы 3—4 көлденең шабақтармен қосылған. Бетіне жүргізілген ою-өрнек мотиві зооморфтық оюлар мен геометриялық фигуралар. Бедерлі оюлар қоңыр, ал түрі қара бояулармен боялған.

Қолда бар деректерге қарағанда, жастық ағаш тек Қазақстанның батыс аймақтарында ғана жасалып, оның өзге өңірінде болмаған сияқты. Мұндай пікірдің дұрыстығын әдеби деректер де растайды. Мәселен, өткен ғасырдың соңында шаруашылық зерттеушісі В. В. Кранихфельд Орал уезінде жастық ағаштардың көптеп кездесетіндігін айтса, үстіміздегі ғасырдың басында Маңқыстау түбегінде болған неміс саяхатшысы Р. Карутц онда төсағаштар мен жастық ағаштардың жиі кездескендігі туралы жазған.

Революцияға дейін Қазақстанның барлық облыстарында көп жасалған қажетті үй жиһаздарының бірі — ж ү к а я қ. Қысы-жазы бірдей, киіз үйде болсын, жер үйде болсын іргеде үйіліп жататын жүк атаулының бәрі аласа жүкаяқтарға жиналады. Жүкаяқ ылғи ағаштан жасалады. Оның ұзындығы, негізінен, 90—130 сантиметр, биіктігі 25—30 сантиметр, ені 45—50 сантиметр шамасында болады. Бізде бар деректерге қарағанда, жүкаяқтың жасалу тәсіліне қарай бірнеше түрі болған. Жүкаяқтың да тек бет жағы ғана көркемделеді. Бірде оның бетіне әр түрлі сүйек әшекейлер ойыстырылып, күміс бүркеншікті шегелермен шегеленеді, ою да ойылады немесе түрлі түсті бояулармен де өрнектелетін түрлері де болған. Ал, Торғай өңірінен үш аяқты сырлы жүкаяқты да кездестірдік деп жазады Х. Арғынбаев. Бұлардың аяқтары әркелкі болып мүсінделген.

Мұндай жүкаяқтың біреуін 1959 жылы Арыс ауданынан кездестірдік. Жүкаяқ 4 бөлшектен құрастырылған. Оның үстіңгі ұзын ағашы да, аяқтары да жалпақ. Аяқтары үстіңгі ағаштың екі шетіне қиыстырылған. Екі аяқтың арасы төменгі жағынан жіңішке тақтаймен қосылған. Жүкаяқтың бет жағы түгелдей түсті бояулармен әдемі өрнектелген. Әр бөлшек бетіне жүргізілген ою-өрнектердің композициялары өз алдына бөлек орындалған. Ою ерекшеліктеріне келсек, екі аяқ беттерінде қошқар мүйіз — геометриялық фигуралар тоғыса орындалған. Үстіңгі жалпақ және астыңғы жіңішке ағаштардың беттеріне өсімдік тектес әдемі ою-өрнек жүргізілген. Ою-өрнектері — жасыл, түрі — көк, жиектері — көк және сары, өсімдік сабағы-ның ұштарынан шығарылған гүлдер — сары, қызыл бояулармен орындалған. Аяқтарының төменгі жақтары тұяқ тәрізденіп мүсінделіп жонылған да қызыл бояумен боялған. Жүкаяқтың ұзын тұрқы 104 сантиметр де, биіктігі 50 сантиметр шамасында жасалған.

Жүкаяқ Қазақстанның барлық облыстарында жасалған. Ағаш ұсталары оны жасауда қыруар еңбек сіңіргең. Әрқайсысы өз әлінше көркемдеп жасауға ұмтылған. Әр шебер оны өрнектеп, әдемілеу мақсатымен өзінің таусылмас қиялына да ерік беріп, өз ісіне көптеген ерекшеліктер бере, жүкаяқтың сан алуан үлгілерін қалдырды. Қазіргі күнде оның басым көпшілігі, әрине, сақталмаған, сақталған үлгілерінің өзіне түгелдей тоқталу да мүмкін емес. Сондықтан, осы арада сөз болған жүкаяқ үлгілерінің өзі қазақ шеберлерінің өнер деңгейін анықтауда жеткілікті мағлұмат бергендей.



Киім-кешек, әр түрлі уақ-түйек бұйымдар сақтау үшін үлкенді-кішілі қол - сандық, әбдіре және жағлан пайдаланылған. Үлкен әбдіре-сандықтардың ұзындығы 90—100, биіктігі мен ені 45—50 сантиметр шамасында жұқа қарағай тақтайлардан жасалады. Олардың сырты түгелдей қызыл, жасыл немесе қара бояулармен боялатын да бет жағы жез, күміс, түсті тастармен безендіріледі. Мұндай әбдіре-сандықтардың бір шебердің қолынан шыққан тамаша екі үлгісін 1953 жылы Кеген ауданы «Көлбастау» колхозынан кездестірген Х. Арғынбаев, бұлардың жалпы жасалу тәсілі бірдей болғанымен, көркемдеу стилінде, беттерінде жүргізілген ою-өрнектер мен күміс әшекейлердің айтарлықтай өзгешеліктері байқалады деп жазады. Екеуіне де ортақ көрініс — әбдіре-сандықтардың бет жақ жиектеріне айнала жүргізілген дөңестеу жіңішке жез және күміс жолақтар. Мұның біреуінің беті екіге бөлініп, олардың әрқайсысына шеңбер жасалған. Шеңбер ортасына қызыл тас орнатылып, айналасына құйма күміспен ұшқан құстың, ашылған кітаптың, жорғалаған қоңыздың бейнелері салынған. Ал, екіншісінің беті үш үлкен текшеге бөлінген. Екі шеткі текшенің ортасына жүрек тәрізді қызыл түсті тастардан көз орнатылған. Ортадағы текше үшке бөлініп, ең ортасына 8 гүлді дөңгелек күміс жұлдыз орнатылған. Қалған үш бұрышты, төрт бұрышты дөңгелек құйма күміс әшекейлер жоғарыда айтылған көздер мен дөңгелек жұлдыз төңіректеріне симметрия заңдылығын сақтай әдемі орналастырылған. Екеуіне де құлып салуға арналған күмістелген темір ілгектер орнатылған. Олардың әдемі жасалғаны сондай, сандық беттеріндегі әшекейлердің композициялық тұтастығын бұзбайтын бөлінбес бөлшегі ретінде орындалған. Әбдіре-сандықтың тағы бір тамаша үлгісін 1959 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы «Жайылма» совхозында тұрған Есболов Сабденбек шебер өзінің сандықты соғыстан кейінгі жылдары қызына арнап жасағанның айтқан. Ол жастайынан қолөнерді кәсіп еткен және дәл осындай әбдіре-сандықтарды революция ( төңкеріс – құраст.) қарсаңында да жасаған көрінеді. Мұның ұзыны —1 метр, ені мен биіктігі —48 сантиметр. Ағаш ісі де жатық, жұқа қарағай тақтайлар мұқият сүргіленіп, сырты жасыл бояумен түгел боялған, бет жағы тұтас қызыл шұғамен тысталған, бетіне алтындай жарқыраған сары жезден қошқар мүйіз оюлар жүргізілген. Сандық бетінің әр жерінде күмістен 15 дөңгелек көз және дәл ортасына үлкен бес жұлдыз бейнесі жасалған. Осы түйме тәрізденген көздердің бірнешеуін белгілі тәртіппен бұрау арқылы әбдіре-сандық ашылып-жабылатын етіп, оның ішкі жағынан құпия құлып жасалған. Әбдіре бетіндегі күміс түймелер мен ашық сары жез, қызыл шұға түстері бір-бі-рімен әдемі үйлесім тауып, ерекше рең беріпті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет