Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет14/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

Некелесу дәстүрі. Қазақстанның кең байтақ жерін мекеңдеген қазақ халқының төңкеріске дейінгі некелесу және үйлену тойын өткізу дәстүрі жайында мол деректер бар. Қазақстанның әр өңіріне жолы түскен саяхатшылар, белгілі ғалымдар, қызмет бабымен келген жергілікті қызметкерлер түрлі ру-ұлыстар арасынан сан алуан құнды деректер жинап, баспа жүзін көрсетсе, кейбірі архив қоймаларынан орын алған. Кезінде ешбір зерттеушінің көзіне түсіп, құлағына шалынбай, ұмытылғаны да болған. Дегенмен ел арасында қазірге дейін сақталып келе жатқан дәстүрлер жайында осы деректерге, кәрі құлақ қариялардың айтқандарына, ауыз әдебиетінің мұраларына сүйеніп, белгілі бір тұжырымдар жасауға болады.

Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Бұл әдет-ғұрыптар ұрпағының келешегін, нәсілінің болашағын ескеруден туындаған.

Отбасы және неке мәселесі бұрын біздің ата-бабаларымыздың тұрмыс тіршілігінде айырықша орын алған. Өйткені негізінен мал бағып көшпенді тұрмыспен күнелткен олар ежелгі замандардан-ақ рулық-тайпалық одақтар құрып, кең далада көшіп қонған. Осындай тауқыметі мол тұрмыс-тіршілік әрбір ру-тайпаның ішкі ауыз-бірлігі мықты болуын талап еткен. Мұндай ауызбірлік отбасынан, ағайын-туыстардан және жекжаттардан тұратынын ұғынған ата-бабаларымыз алыстан қыз алып, алысқа қыз беру арқылы жат ру-тайпалармен достық қарым-қатынасын нығайтып отырған. Әсіресе, мұндай қарым-қатынасты жалғайтын қыз деп түсініп, қыз баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген. Барған жерінде қыз бала тәрбиелілігімен көзге түсіп қана қоймай, сол барған жеріне өз елінің дәстүр-салтын, қағида ережелерін таратады деп санаған. Нәтижеде отбасында институттар қалыптасып, жетіліп, дамып отырған.

Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден-бір жолы — құда түсіп, қалыңмал төлеп үйлену арқылы жүргізілді. "Құда түсіп, калыңмал төлеп үйлену" деген ұғымның мағынасы өте кең. Бұдан қазақ жастары қалыңдығын өздері таңдап-талғамай, оларға болашақ жарын тек әкесі алып берген екен деген қорытынды шықпауға тиіс. Әрине, қазақтар көбіне балаларды атастыру арқылы үйлендіретін. Атастыру — екі жан достың әйелдері бір мезгілде аяғы ауырлап, олар "егер сенің әйелің қыз туып, менің әйелім ұл туса, екеуміз құда болайық" деп бөпелер тумай-ақ өзара келісу. Дегеніндей болса, уақыты келгенде екі жасты үйлендіретін. Егер екеуі де ұл, не қыз болса, онда олар өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиісті болған. Бұл салттың көрінісі "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырында жақсы сақталған.

Ал "Қыз Жібек", "Қамбар батыр", "Қобыланды батыр" секілді эпостық мұраларымыздан жігітке де, қызға да жар таңдап, ұнатқан адамына қосылуына ерік берілген ежелгі дәстүр сілемін көреміз. Қазақтардың құдаласу рәсімі өте күрделі, ол кейде 10 жыл немесе одан да көп уақытқа дейін созылуы мүмкін. Ал малы тапшы шаруаларға, әсіресе кедейлерге 27, 17 бас мал төлеп келін түсіру оңайға түспейтін. Тақыр кедей балалары әуелі өздері бірнеше жыл жалға жүріп, қалыңға беретін мал жиятын немесе оңтүстікте қалыңдық үшін қыз әкесіне қызмет ету әдеті де болған. Әке-шешеден жастай айырылып, кедей туысының қолына қараған кыздар мен жесір қалған кедей әйелінің қыздарына құда түсіп, азын-аулақ малын беріп, күйеу әкесі қалыңдықты 9~10 жасқа толысымен өз қолына алып бағатын да әдет болған. Мұны қазақ "қолбала" етіп алу дейді. Қолбала болып жүрген қыз бала болашақ күйеуімен бірге өскенмен, балиғатқа толғанша ерлі-зайыптылық ғұрыпты құрғызбайтын.

Жастай некелестіру — қазақ арасында ертеден келе жатқан дәстүр. Кей уақытта қыздарды 13 —14 жасында ұзатса, ер балаларды 15—16 жасында балиғатқа толды деп үйлендіре берген. Бұл дәстүр халық арасында ашық көрініс тапқан.

Халық түсінігі бойынша неғұрлым жастарды ерте үйлендірсе, олар әрбір жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпақтары көп, мықты болады деген сенім де болған.

Ертеректе, хан Тәукенің тұсында еркек 15, әйел 16 жасыңда некелесуге ерікті екен. Әйелдің тұрмысқа жасы жетіп шығуын ел ағалары текке көздемесе керек. Үйдің ішкі, сыртқы тіршілігінің бар тауқыметін тартатын әйел затының еркектен гөрі естірек, төзімдірек болуы өмірдің қажеттілігі еді. Бертін келе бұл заң күшін жойып, қазақтардың некелесуіне жас жағынан шек қойылмайтын болды.

Осы некеге қатысты ежелден келе жатқан, қазір де сақталатын бір шарттың барын айта кеткен жөн. Қазақта 7 атадан қосылатын туыстардың некелесуіне тиым салынған. Өгей шешеге, асыранды қызға, келінге, енеге үйленуге болмайды. Сондай-ақ, әйелінің көзі тірісінде еркек балдызына, қайынбикесіне, қайынағасының қызына үйлене алмайды. Бөле, немере ағайындардың некелесуіне тыйым жоқ.

Жігіт тарапынан қыз таңдау аяқталған соң, айттырылған қызға құда түсу, құда болу қамына кіріседі. Оны жаушы жіберуден бастайды. Жаушының міндеті – қыздың басының бостығы, разылығы, егер қарсы болмаса, құдалыққа келу мерзімін анықтап қайту. Жаушы болып баратын адам сөзуар, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін молынан білетін, пысық болуы тиіс.

Жаушыны дұрыс қарсы алып, қонақасы беру, қыз жағының кетәрі емес екендігінің белгісі. Жаушы ұсынысын тындаған қыз жағы, болашақ құдасының жайын сұрап, қалыңмал мөлшерін, құдалардың келу мөлшерін шамалап білдіреді. Жаушыға шапан кигізіп аттандырады. Мұндай шапанды шеге шапан дейді.

Жаушы оралған соң, жігіт әкесінің үйіне жанашыр туысқандары жиналып, құдалық жөні әңгімеленеді, кімдер қашан баратыны анықталады. Бас құда міндеті кімге тапсырылатыны айтылады. Құдалыққа баратын құдалар саны 5 не 7 кісіден тұрады. Кейде онан да көп не аз болуы құдалардың ауқаттылығына, әлеуметтік жағдайына байланысты болады.

Ең әуелі қыз бен жігіттің әке-шешесі құдаласуға келісіп, қалың мал жөнінде сөйлеседі, жігіт әкесі осы келісімнің белгісі ретінде қызға үкі тағады. Егер қыз әкесі келісімді бұзса, үкіні қайтарып қана қоймай, айып төлейді, ал келісімді жігіт жағы бұзса, үкі қайтарылмайды. Бұл келісімнен кейін заңды құдаласу басталады. Жігіттің әкесі руының сыйлы адамдарынан құда сайлап, қыз ауылына жібереді. Қыз жағы құдаларын қарсы алып, күтіп, қайтарында киіт кигізеді. Киіт құдалардың жасына, беделіне қарай беріледі. Ең қымбат киіт жігіттің әкесіне беріледі, оның құдалардың құрамында келу-келмеуі шарт емес. Құдалары келгенде қыз әкесі ақ қой сойып, бата оқытып, кішігірім "құда түсер" тойын жасауы керек. Осы той үстінде құдаларға құрт қатқан сорпаға салынған құйрық-бауыр тартады. Ақ қойды бауыздаған сәтте "ақ қойдың қаны ағып, ақ бата оқылды" деп бата оқып, бет сипасады.

Құдалар оралған соң көп ұзамай қыз тарапының құдалары шақырылған. Оларға да жоғарыдағыдай сый-сыяпаттар көрсетіліп, киіт кигізіп, мініс мінгізгені әрі қалыңмалын түгелдей, не алғашқы келісілгендей бөлігін де қосып айтады. Келген құдаларға күйеу бала көрсетіліп, көрімдігі алынады. Көрімдік мөлшері бір жылқыдан кем болмайды.

Құдалар бір-бірін осылай шақыруы кейде көпке созылса, кейде қысқа мерзімде өтеді. Егер үйленетін қыз жас болса, ұзаққа созылады, ал ер жеткен болса, қысқа мерізімде өткізіп, қызды ұзатуға кіріседі.

Әр елдің салты басқа демекші Кіші жүз қазақтарының құдаласу дәстүрінің ерекшеліктері туралы Л.Ф. Баллюзектің «Народные обычай, имевшие, а отчасти и ныне имеющие в Малой Киргизской орде силу закона» атты еңбегіне (1871) көз жіберейік: ұлын үйлендіргісі келген қазақтар әл-ауқаты өзімен тең келетін, олай болмаған жағдайда туысы жағынан тектілерімен немесе ұшқыр ат, жайқалған жорға сияқты өте сирек кездесетін асыл тұқымды мал иелерімен құдаласуға тырысады. Сөйтіп болашақ құдаларының көк шалғынды шабындығы мен жайылымына көзін сүзіп, оларға өзі барады немесе басқа біреуді жібереді. Егер құдаласуға келісе қалса алдын ала қалың мал, оның саны мен төлейтін уақытын белгілеу, қазақтар «құда түсер» деп атағандай, арнайы құда түсу үшін хабаршыны қай кезде жіберуге болатыны жайында сөз байласады. Сондай-ақ болашақ келінін қолға қондырғанша келеңсіз бір жайға ұрынып қалмау мақсатында немесе құдалық төңірегінде екі жағынан да бір-біріне алакөздік тудыратындай күдік болмауы үшін төлем, яғни «қарғыбау» деп аталатын жөн-жоралғы жасайды, бір жылқы, не он сомнан алпыс сомға дейін күміс ақша төлейді.

Осылай келіскендерімен қалыңдық жағы күйеу жағына белгіленген күнге хабаршыларын тікелей жібере салмайды, сол күні арнайы шақырумен келгендерді күтеді – ол хабаршылардан белгілі бір мөлшерде малдай, немесе шапан сияқты сый-сыяпаттар алғаннан кейін, әдетте ет жақын туысқандарынан, ағайындарынан (дос жолдастарынан), болашақ құдаларының тұрмыс жағдайларына қарай кем дегенде үш, не әрі кеткенде он адамнан хабаршылар жібереді.

Қазақтар құдалар деп атаған бұл хабаршыларға кәдімгі құда түсер той, яғни арнаулы құдалыққа байланысты өткізілетін салтанат көрсетіледі. Оның ең басты жоралғысы – құдаларды арнайы пісірілген ерекше тағаммен, малдың басқа бірде-бір мүшесі араластырылмай – тек құйрық пен бауырдан жасалған тағаммен сыйлайды. Одан кейін осы дастарханға бата жасалады, яғни құдаласқан жақтарға басталған жекжаттықтың берік болуына, ынтымақтық сөз байласуға ақ тілектер айтылады. Жас жұбайлардың некеге отыруына жол ашылғанының алғашқы айғағы ретінде құйрық-бауыр жесіседі.

Құйрық-бауырды қосып тартудың мәні зор: бауыр — күллі бауыр, туыс-жекжаттың белгісі, бір бауырды бөліп жеп, екі жақ бауырласқаңдай болады. Құйрық — малмен жан бағып отырған қазақ үшін малдың, молшылықтың белгісі, яки арадағы алыс-беріс көбейсін дегенді білдіреді. Бір жағынан құйрық-бауыр заң орнына да жүреді, алда-жалда құдалықтың барысында дау туса, билер: "құйрық-бауыр жедіңдер ме?"— деп сұрайды, құйрық-бауыр жегендері расталса, құдалық заңды деп саналады.

Ақ бата беріп, қызыл қан шығарып, құйрық-бауыр жесіскеннен кейін құдалар торқалы той, топырақты өлімде бастары ажырамай, бірге тойлап, бірге көтеретін ең жақын жекжаттар болып саналады. Осы жиында құдалар өзара ақылдаса отырып, қыздың ұзатылу мерзімін, қалыңмал мен жасау мөлшерін келісіп, белгілейді.

Құдалық әбден қызған сәтте "Қуаныштарың құтты болсын!" деп кіріп келген бір топ әйел шашуды сылтау етіп, құдаларға үлкенді-кішілі құрттарды жаудырады. Шашу үстінде басы жарылып, көзі іссе де ешкім ренжімеуге тиіс. Әйелдер шашудан соң "құда тартуға" белсене кіріседі. Қонақтарға жеке-жеке талап қойып, біріне ән салдырса, екіншісіне күй тартқызып, үшіншісіне жұмбақ шештіріп, жаңылтпаш айттырады. Талапты орындай алмағандар тиісті жазаларын алады. Бірінің басына құрым қалпақ кигізіп, бетіне күйе, ұн, балшық жағады. Енді бірінің үстіне суық су құйып, өгізге теріс мінгізеді. Жетісуда құданы төрт тағандап тұрғызып қойып, үстіне мінген алты әйелді есіктен төрге, төрден есікке дейін апаруын талап ететін ойыны "алты қатын жортақай" деп аталады. Немесе Солтүстік Қазақстанда құдаларын өгізге теріс мінгізумен қатар, арбаға жегу де болған. Бұл кеште каншама қиын, қисынсыз талап қойылса да, құдалар мойын ұсынып, артын әзіл-күлкіге бұрып, тапқырлық көрсете білулері керек. Құда тарту салтының өзегінде ойын-сауық, таң-тамашаға құмарлықпен қатар, қарсы жақтың мінез-құлықтарын сынау, жіті танысып, етене жақындасу үлгісі жатыр.

Құда түсу тойы аяқталған соң, киіттің үлкенін жігіттің әкесіне кигізіп, өзгелеріне жолының үлкендігіне қарай ат мінгізіп, түйе жетектетіп, риза қылып шығарып салады.



Есік-төр көрсету тойы. "Сыйға сый, сыраға бал" демекші, ендігі кезекте жігіт жағы құдаларын "есік-төр көріп кетіңдер" деп қарсы тойға шақырады. Есік-төр көрсету тойының мақсаты — қалыңдық жағынан келген құдаларды күйеудің ағайын-туғандары, ел-жұрты, бақ-дәулетімен таныстыру. Әдетте, қыз жағынан келетін кұдалар саны кұрығанда 1-2 адам артық болып келеді. Бұл тойда да негізінен қыз үйіңде жасалған кәделер кайталанғанмен, жігіт жағы кешірімді боп көнбестік көрсетуі шарт. Той аяқталысымен жігіт әкесі қалыңмалдың алғашқы бөлігін бөліп береді. "Өлі-тірілердің сауап-саулығы үшін" деп күйеу әкесі "өлі-тірісіне" бір мал қосады. Халық түсінігіңде егер "өлі-тірісі" берілмесе, келін ауру болып қалады-мыс деген сенім бар.

Құдаларын аттаңдырып салған соң қыз әкесі күйеу жігіттің ауылына қалың мал алуға барады, олардың келер күнін енді жігіт әкесі белгілейді. Межелі күні қалыңдықтың әкесі жігіттің ауылына адамдарын аттандырады иә оларды өзі бастап апарады. Бұл жерде де қыз ауылындағы рәсімдер айнымай қайталанады. Құда күту тойының соңыңда қалың мал қыз әкесіне тамам жұрттың алдында түгеңделіп беріледі, кейде жігіт әкесі қалың малды біртіндеп төлеуге мұрсат сұрайды. Қалың малдың ауыртпалығы тек жігіт әкесіне ғана емес, құдалыққа бірге барған ағайын-туыстарға да түседі. Ең бағалы киіт алған адам қалың малға да ең қомақты үлес қосуы керек.

Тілімізде құда-жекжат, құжандалыққа қатысты қалыптасқан туыстық атау, термин сездер молынан ұшырасады. Оларды этнолингвистика ғылымының соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, жүйелі зерделеу — түсіндірме сөздігін түзу болашақтын еншісі. Осы тұста құдалардың түрлеріне байланысты ғана кейбір атауларды қысқаша түсіндіре кетелік.

Құда — күйеу мен қалыңдықтың аталары мен әкелері, аға-інілері мен туған-туыстары.

Құдағи — қарама-қарсы жақтың шешелері, апалары.

Бел құда — туылмаған (белдегі) балаға ниет қылысқан құдалар. Құданың бұл түрі ел ішінде "қызылдай құда", "қарын құда", "құрсақ кұда" деп те аталады.

Бесік құда — ұлы мен қызын бесіктегі кезіңде атастырған құдалар. Кейбір өлкелерде "бесік кертпе құда", "бесік кертті кұда" делінеді.

Қарсы құда — бір-бірімен қыз алысып, қыз беріскен, қат-қабат құдалар.

Жанама құда — бас құданын жанына еріп келген жора-жолдастары т. б.

Жігіт әкесі калыңмалды түгел немесе жартылай төлеп болған соң, ұлын қалыңдығымен кездестірудің қамын ойластырып, бұл ниетін құдасына білдіреді. Құдасынан хабар алған соң ұлының жанына 5—6 өнерлі жолдас-жорасын қосып, "ілуге" деп бір бөлек сыйлық дайыңдап, "есік ашар" үшін бірнеше мал айдатып, жыртыс пен түрлі кәделерге арналған мата мен орамал, сақина мен сырға, жамбы мен күміс тенгелер, басқа да ұсақ-түйек сый-сыяпаттарды жеке қоржынға артып беріп, оларды қайын жұртына аттандырады.



Ұрын той. Күйеу баланың ресми қалыңдығымен кездесуге баруын "ұрын бару", осыған орай ұйымдастырылған той-думан "ұрын той" деп аталады. Тойдың мақсаты — бірін-бірі сағынған екі жасты оңаша кездестіру, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызады.

Той болатын мерізім аралығында күйеу жігіт өлтірі малы мен арнаулы сыйлықтарын алып, қайын жұртына ұрынға келеді. Қасына сырлас-мұндас құрбыларының біреуін жолдастыққа ілестіріп алады.

Ұрынға келе жатқан жігіт ауылға жақындаған соң атынан түсіп тоқтайды. Күйеу жолдас малды өңгеріп, қыздың ауылына барып түседі де, күйеудің келе жатқанын хабарлайды.

Олардың келе жатқан хабарын ести сала, кексе әйелдер күйеу балаға арнайы үй тігуге кіріседі. Күйеу бала алдынан қарсылай шыққан қыздың жас жеңгелеріне 20—30 аршын мата —"ентікпесін" береді, үй тіккен әйелдерге "шатыр байғазысын", балдызын көргені үшін "балдыз көрімдігін" сыйлайды.

Ауыл жігіттері өлтіріге арналған малды союға әзірленеді. Өлтірі малы аруақтар рухына бағышталған садақа. Малға құран оқылады. Сойылып болған соң, еті көрші-қоланға тегіс таратылады. Күйеу жігіт пен оның жолдасы және құдалар жағы өлтірінің етінен ауыз тимеуі керек. Жаңа ниетке қайшы келеді. Қыз әкесі күйеудің жолдастарын өз үйіне қонақ қылады. Қыз әкесінің босағасын аттасымен күйеу жолдас тіпті босағаға "ілу" іліп, түрлі сыйлықтарын ретінше таратып береді. Ауыл үлкендеріне көрінбей, қыз-келіншектердің ортасында отырған күйеу балаға қайын атасының дастарқанынан төс салынған дәстүрлі табақ тартылған кезде, ол иіліп тағзым етіп, турап таратады да, "төс салар" кәдесін береді.

Бұл кеште ауыл жастары күйеудің келу құрметіне "қынамеңде" деп аталатын ойын-сауық ұйымдастырады. Түн ортасына дейін ән айтылып, түрлі ойындар ойналады.

Ертесінде күн ұзаққа ән шырқалып, күй тартылып, күрес, алтын қабақ, ат жарыстары өткізіліп, "қыз қашар" тойы тойланады. Күйеу бала "қыз қашарға" бір жорға не қымбат жағалы киім байлайды. Қыз қашар тойының рәсімі бойынша кешқұрым киіз үйдің керегесі түріліп тасталып, қыз-жігіттер қара өлеңмен айтысуға көшеді. Түн ортасы ауа айтысушы жігіттер екіге бөлініп, бірі қалыңдықты тартып әкетпек болып, екіншілері бойжеткендерді бермеуге тырысып, тартыс ойын ұйымдастырады. Қалыңдықты күшпен ала алмайтындығына көздері жеткен жігіт жағы заттай не ақшалай төлемін төлейді де, қызды кілемге отырғызып, әкесінің үйіне енгізеді.

Тартыс кезінде бойжеткеннің бір жеңгесі күйеуді жасырын қайын атасының үйіне шақырып келеді де, осы қызмет үшін "күйеу қашырарын" алады. Оған қосымша күйеу бала қалыңдығымен кездескенше төмендегідей ырымдарды орындап, кәделерін үлестіреді: атасының желісінің жанынан өте бере "желі тартар", үйге жақындай бергенде жүресінен отыра қалып, ит болып ырылдаған жеңгесіне "ит ырылдатар", үйді айнала бере күйеу алдына бақан тастаған тағы бір жеңгесіне "бақан салар"— жорға не түйе береді. От орнына жеткенше күйеу жігіт аруақтарға, отағасы мен кыз шешесіне арнап үш рет иіліп тәжім етеді. Сол сәтте ауылдың үлкен апасы оған отқа бір қасық май құйғызады. Лап ете түскен от қызуына алақандарын тосып, "Киіз үйдің иесі, жанған оттың иесі, Ұмай Ана риза болсын!", "Оттай опалы бол!" деп, алдымен маңдайына, одан соң төстеріне тигізу ырымын істейді. Ізеттілікке риза болған қыз шешесі алладан амандық сұрап, күйеу балаға алғыс-тілектерін білдіріп, бір кесе ақ ұсынады. Осы сәтте калыңдықтың төсегінің алдына өтірік өлген болып жатып алған бір кемпірді "кемпір өлді" кәдесін беріп, тірілтіп алады.

Сонымен бірге бойжеткеннің жеңгелері шымылдық ашқанына "шымылдық ашар", төсек салғанда "төсек салар", калыңдығының қолын ұстатқанына "қол ұстатар", құшақтағанына "қыз құшақтатар", шаш сипатқанына "шаш сипар", көрпе жапқанына "көрпе қимылдатар" кәделерін алады да, күйеу бала мен қалыңдық екеуін онаша қалдырады.

Күйеу балаларымен жақынырақ танысу үшін қыз туыстарының бірі ұрын тойдың үшінші күні барлығын шақырып, қонақ қылады. Ел арасында осы шақырған үй "болыс үй", ал оның берген қонақ кәдесі "болыс той" делінеді. Әдетте болыс тойға қалыңдық пен күйеу салтанатты күймемен, ал бозбалалар көңілдері қалаған бір-бір .бойжеткенді алдарына мінгестіріп, думандатып келеді. Болыс үйде түрлі ұлттық ойындар ойналып, жастар кауымы өнер жарыстырып, сауық-сайран құрысып, таң ата тарқасады. Осылайша бірін-бірі сағынып қауышқан екі жастың кездесер уақытының мол болуына және онашада бас қосқан жастардың емін-еркін ойнап-күлуіне жағдай туғызу үшін болыс той өткізілетініне куә боламыз.

Ұрын той аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол-жоралғысымен аттандырып салады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жора-жолдастарына бір-бір ат мінгізеді. Жігіт жағының бос қалған қоржынын түрлі кәделерге арналған сый-сыяпаттарымен лық толтырады. Бұл сыйлықтар "қап түбі" деп аталған. "Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме" деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сырғалар түйілген орамал береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздың жеңгелері мен тойшы жастар қоршаған күйеу ауылдан жаяулап шығады.

Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ екі жас оңаша қаншама ойнап-күлгенімен, ақ некелі түнге дейін абыройын сақтап, адалдықтың ала жібін аттап өтпейді. Той күнін, яки қыз ұзату тойының мерзімін қалыңдықтың әкесі белгілейді. Тойға күйеу өз ауылының ақсақалын, нөкер жігіттерін ертіп келеді. Бұл жолғы тарту-таралғының да салмағы оңай емес, әдеттегі жыртыс пен ұсақ-түйек кәделердің сыртында күйеу қыз анасына атап "сүт ақы" әкелуі керек. Сондай-ақ отау үйдің киізі мен той малы да күйеудің мойнында. Ал отау үйдің қаңқасын, ішкі жабдығын қыздың әкесі береді.

Бұдан соң жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы калыңдықтың жасауын дайындауға кіріседі.

Қалыңмал. Қалыңмал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Дәстүрлі калыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:

Бас жақсы — түзу мылтық, бөрік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, малдығы артық бір түйе. Немесе олардың әрқайсысының орнына 5 ірі қарадан —20 жылқы беріледі. Бірақ бертін келе бас жақсының мәні өзгеріп, әлгі төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті өзге дүниелер берілетін болған. Мәселен, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12 жылқы, немесе 100-300-дейін, тіпті 600-1000-дейін күміс ақша береді.

Қара мал — қалыңмалдың ең өзекті бөлімі. Ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21—25 жылқы) барады.

Ілу — қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде. Егер ілуге көп қаражат жұмсалса, тиісінше қара мал саны аз айтылады.

Той малы — қыз ұзату тойына сойысқа апарылатын мал, жыртыс және қалыңдық жасауының шығыны. Той малы 20—70 бас жылқыға дейін жетеді.

Сүт ақы — қалыңдықтың анасына берілетін 1—7 түйе.

Жігіт түйе — қыз әкесінің ата күшіне төленетін ақы. Бүған 2 түйе және міңдетті түрде күйеудің жақсы сырт киімі мен ер-тұрманы беріледі.

Сондай-ақ қалыңмалдың он шақты қарадан аспай, кедейлер ортасында жүретін "дөңгелек калың", 10—15 ұсақ мал орнына бір тәуір жылқы беру ғүрпы —"балама қалың", әйелі өліп, орнына балдызын алғанда төленетін 27 ірі қара —"олқы қалың" секілді түрлері де болған.

Қалыңмалды бөлу үстінде жылқышылар "құрық бауға" бір мал, қойшылар "қосақ бауға" бір қой, бата оқыған көпшілік "келін тілі" деп бір мал бөліп алады. Халық арасыңда егер "келін тілін" бермесе, "түсер келін кекеш болып қалады" деген сенім бар.

Бұдан тыс толып жатқан ұсақ-түйек кәделер бар. «Қалынсыз қыз болса да кәдесіз күйеу болмас» деген мақалдан-ақ барлық кәдені орындау күйеу жігітке әрі сын, әрі парыз екені көрініп тұр.

Қалын мал мөлшеріне сәйкес оның құрамы малдың түрлі қасиеттеріне, жынысына, жасына, қоңына, қысырлығына т.б. талаптарына қарай малдың түлігі мен санының әр түрлі ара-қатынастарында беріледі.

Қалын малға қыздың әкесінің ғана иелік етуге хақы бар. Егер қыздың әкесі қайтыс болса, берілген қалын малға иелік ету тек қыздың аға-інісі, немесе әкесінің жақын-туыстарының ішіндегі ең жақын ер адамға рұқсат етіледі.

Егер қалындық жігіттен бұрын төсек көрген болып шықса, жігіт жағы қалын малына қоса бір тоғыз айып талап етуге хақылы /қайын атасының отау алдында күйеуге деген атын пышақтап, шапанын да айырып кетеді/. Қалындық төсек көрген болып шықса, іс билердің үкіміне түсер болса, сол іске кінәліден қыз әкесінің пайдасына тоғыз даулауға хақы бар.Қорыта айтқанда, аты аталып, түсі түстелген қалыңмал түгелдей қыз үйіне бармайды, "қап түбі" қыз жасауы және басқа алыс-беріспен кері кайтады.

Жасау. Жасау — жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде онан да асып түсетін, ұзатылған қызға міндетті түрде берілетін мал-мүлік.

Тарихи деректерде ұзатар қызына жасатқан ақ отауы сәндігі жағынан хан-сұлтандардың ордасынан асып түсетін және отауы ерекше салтанатты болсын деп маңдайшасын борлатып, керегелерін оюлату үшін бар малын жұмсап, кедейленіп қалғандардың да болғаны туралы мәліметтер кездеседі.

Жасау жана отау құрған екі жас үшін ең қажетті мынадай мал-мүліктерден кұралады: ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, құрал-жабдық, қару-жарақ, жүйрік ат, сойыс мал және әр түрлі ірілі-ұсақты сыйлық бұйымдар. Егер қазақ жұртының жасауына кіретін кейбір дүние-мүліктерін таратып айтар болсақ, отауға — екі жүзік, екі туырлық, бір түндік; кару-жараққа — ер-тұрман, садақ (түзу мылтық), берік сауыт, калқан, берен қылыш, ыдыс-аяққа — қазан-ошақ, астау, шара, шөміш, ожау, күбі, келі, кебеже, асадал, қасық, кұмған, саба, торсық, үрген қарын т.б., көрпе-төсекке — ағаш төсек, құс төсек, көрпе-жастық, бірнеше ет көрпе, төсеніш көрпе т. б., төсенішке — бірнеше текемет, сырмақ, еткиіз, 4— 5 алаша, 2—3 кілем т. б., киім-кешекке *— әрқайсысы тоғыз-тоғыздан тон, ішік, көйлек-көншек, шапан т. б., құрал-жабдықтарға балта, шот, балға, төс, шапқы, түрпі, ара, ине, талыс, үскі, сапсалғы, біз, сыдырғы, мәкі т. б. жататындығын көреміз.

"Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды" демекші, калыңдықтың туған-туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйінен шығармаған. Себебі, қызына жасау беру — ата-ананын мойнындағы бірінші борышы болып есептеледі.

Қазіргі кезде шамасы жетіп жатқандар, қыз жасауын той үстіне-ақ алып келіп жатады. Жасаудың қаншалықты болатыны қыз жағының шама-шарқына байланысты. Кейбір жерлерде жасауды қызды тұрмысқа шыққаннан кейін бір, екі жыл өткеннен кейін береді. Қыздың шешесі мен тағы бір-екі әйел жасауды алып барады. Оған да кішігірім той жасап, әкелінген жаңа заттарға «құтты болсын!» айтып келушілер шашу шашады, байғазы береді. Жасау әкелген құдағиларға үлкен құрмет көрсетіліп, киіт беріледі, сырға, жүзік салынып сыйластықтарын білдіреді. Жиналған туған-туыстар мен ауыл әйелдеріне қыз жасауын ашып көрсетеді. Түйіліп-буылған әр-түйін заттың бетіне әдейілеп салынған сыйлықты ашып көрсеткен адам өзі алып, басқа әйелдерге де бөліп береді. Жасауын әкелген қыздың шешесіне ризашылықтарын білдіреді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет