ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ , №1 (131), 2024 ISSN-p 2306-7365 ISSN-e 2664-0686 453
қоғам ортасында кез келген тұлғаның ережелерге және заңдылықтарға бағынуын қамтамасыз
ететін жалпыға ортақ түсіндіру құралы екенін атап өткен [13, 17-б.]. Ал И.А. Зимняя мен
Т.С. Путиловская: «Сөйлеу әрекеті – «адамдардың бір-бірімен белсенді, мақсатты, тілдік
және коммуникациялық өзара әрекеттесу процесі» - деп сипаттаған [14, 157-б.]. Осыған
байланысты бастауыш білім беру деңгейінің 2-сыныбына арналған «Қазақ тілі» электронды
оқулығында берілген тапсырмаларды талдай отырып [15, 62-б.], білім алушылардың сөйлеу
дағдыларын дамытуға оқытудың интербелсенді құралдары қалай әсер ететіндігін анықтау
қажет болды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз бастауыш сыныптың қазақ тілі
сабақтарында оқытудың интербелсенді құралдарын қолдану мәселесін қарастыру
қажеттілігін айқындадық.
Зерттеу әдістері мен материалдар Зерттеу мәселесіне байланысты ғылыми еңбектерге, бастауыш сыныптың білім беру
бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендерге талдау жасалды, бастауыш мектептегі оқу-
тәрбие үдерісін бақылау әдісі жүзеге асырылды, педагогикалық эксперимент әдісі жүргізілді.
Бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабақтарында интербелсенді құралдарды пайдалану
деңгейін анықтау мақсатында «Жетісу облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№2 орта мектеп» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінде эксперименттік жұмыс жүргізілді. Экспериментке 2 А сыныбының
15 білім алушы – эксперименттік, 15 білім алушы – бақылау тобына таңдалды.
Осылайша, эксперименттің бірінші кезеңінде интербелсенді құрал ретінде біз бастауыш
білім беру деңгейінің 2-сыныбына арналған «Қазақ тілі» электронды оқулығындағы
тапсырмаларды қолдандық.
Эксперимент барысында бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу әрекетінің түрлері
және сөйлеу дағдыларын анықтау үшін «Тыңдалым және айтылым» бөлімі бойынша оқу
мақсаттарына сәйкес тапсырмалар құрастырылып пайдаланылды. Келесі кезекте білім
алушылардың жазылым дағдысын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар, сонымен қатар
цифрлық білім беру платформалары қолданылды. Мысалы, https://wordwall.net арқылы
тақырыпқа байланысты интербелсенді тапсырмалар дайындалып қолданылды.
Эксперименттің екінші кезеңінде – «Дені саудың – жаны сау» бөлімінің аясындағы
бөлім бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар қолданылды. Зерттеу аясында
қолданылған материалдар «зерттеу нәтижелері және оларды талқылау» бөлімінде берілген.
«Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша 3-
курс студенттерінің бастауыш сыныптарда өткен педагогикалық практиканың нәтижелері
білім алушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға қойылатын жаңа талаптар мен осы
талаптарды жүзеге асыруда қазақ тілі сабақтарында оқытудың интербелсенді құралдарын
қолданудың қажеттілігі мен оларды қолдану мүмкіндіктерінің жеткіліксіз зерттелгені
арасындағы қайшылықты анықтауға мүмкіндік берді.