Баланың қозғалыс-тірек жүйесі. Кеңістікте қимылдап жүру, денені тік қалыпта ұстау, теңдікті сақтау қабілеттері адамның сүйек-ет жүйесінің қасиеттері мен қызметіне байланысты. Сүйек-ет жүйесіне, яғни қозғалыс-тірек аппаратына адамның қаңқасы мен бұлшық еттері жатады.
Қаңқа (склет) – екі жүзден астам сүйектерден тұратын адамның негізгі қатты тұлғасы. Олардың көбі бір-бірімен буын арқылы жалғасып, қозғаламалы келеді. Қаңқаға бұлшық еттер бекітілген. Ет пен сүйек адамның негізгі тірегі және оның қозғалуы, еңбек етуі осы сүйек-ет жүйесінің қызметіне байланысты. Ол жұлынның, мидың және көптеген ішкі мүшелердің сауыты болғандықтан, қорғану қызметін де атқарады, яғни жұмсақ мүшелерді (жүрек, бауыр, өкпе, ішек-қарын, бүйрек т.б.) соққыдан және басқа да түрлі жағымсыз әсерлерден қорғайды.
Бұлшық еттердің ұштары сүйекке бекітілген, олардың көбі екі сүйекке бекігендіктен, олардың қозғалысын іске асырады. Әрбір сүйекке екі, тіпті одан да көп еттердің ұштасуы мүмкін. Бұлшық еттердің негізгі қызметі – сүйектерді қозғау, адамның еңбек етуін, күрделі жұмыстарды орындауын қамтамасыз ету.
Адамның қимыл-қозғалысына ет пен сүйектен басқа қозғалыс-тірек жүйесіне кіретін буындар, сіңірлер, тарамыстар қатысады.
Омыртқа жотасының өсуі баланың алғашқы жасында жедел жүреді. Жаңа туған нәрестелердің омыртқаларында алты сүйектену нүктелерін көруге болады. Олар бір жасқа таман біріге бастайды. Омыртқа аралығында буындардың шеміршектері қалың және серпінді келеді. Сондықтан олардың омыртқа жотасы ересектермен салыстырғанда жеңіл қимылдайды. Дегенмен бір жастағы баланың омыртқа жотасының иілуі нашар әрі тұрақсыздау болады. 2-3 жаста омыртқа одан әрі қарай сүйектене береді. Омыртқааралық буын шеміршектері әлі де болса қалыңдау болып, омыртқа жотасы жақсы қимылдайды. Бұл кезде сегізкөздік, құймышақ омыртқалары біріге бастағанымен аралары толық бітпейді. Баланың бойы таңертең өлшегенде 5-6 см ұзын (ересек адамда 2-3 см ғана), кешке өлшегенде соншалықты аласа болып тұрады. 4-5 жасқа дейін омыртқалар тез өсіп, иілістері толық қалыптасады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың омыртқалары ұзарып, жуандайды. 5-6 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Омыртқааралық шеміршектердегі заттың алмасуы өте күшті болады. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі тез бұзылып, омыртқа жотасының патологиялық сколиозы (бір жақ бүйіріне қарай қисаю), лордоз, кифоз т.б. өзгерістері пайда болады. Лордоз ( лат. Лордоз – алға қисаю, иілу), кифоз (лат. Кифоз – артқа қарай иілу, қисаю). Мысалы, өте жылдам 8-12 м /сек жылдамдықпен қозғалғанда мойын және көкірек омыртқалары зақымданады. Бала өте аз қозғалғанда да ұсақ зақымдар пайда болып, олардың негізінде кейіннен омыртқа кемшіліктері дамиды.
Табан сүйектері бір-бірімен буын арқылы күмбезденіп қосылған. Табан күмбезі баланың аяғын басу барысында толық қалыптасады. Табан күмбезі сүйектерді мықтап бекітіп тұратын тарамыстардың даму барысында пайда болып, табанға күш түскенде оның күмбезі төмендейді. Табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына тар аяқ киім, ауыр жүк тасу, ұзақ уақыт табанға күш түсіру, кішкентай баланың түрегеліп тұруы, мешел ауруы кері әсер етеді. Мұндайда жалпақ табан пайда болады. Жалпақ табан жағдайында баланың сымбаты бұзылады, қан айналысы нашарлап, аяқ тез шаршайды. Жалаңаяқ жүру, бұлшық еттерді күшейтетін түрлі жаттығулар, спорт ойындары, дене жаттығулары жалпақ табандылықтың алдын алады, яғни оны болдырмайды, табан күмбезін дұрыс қалыптастырады.
Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы болып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды.
Бала туғаннан үш жасқа дейінгі жас кезінде баланың жүйке-бұлшық ет аппаратының аздап қозуы мен лабильділігі байқалады, бұлшық еттері әлі әлсіз болады. Бұлшық еттердің қызметі, негізгі қасиеті – жиырылуға байланысты орындалады. Жиырылу арқылы бұлшық ет қысқарып, оның жиырылу қабілетін көрсетеді. Бұлшық еттердің өсіп, жетілуі әр түрлі. Алғашқы жылы ең алдымен құрсақ етері дамып, кейіннен шайнау еттері жетіледі. Еңбектену мен жүруге байланысты жыл аяғында аяқ-қол және арқа еттері өсіп дамиды.
Баланың қимыл, қозғалысы. Жаңа туған нәресте денесінің аяқ-қолдарының қимылдары өте көп, бірақ ол дұрыс үйлеспеген еріксіз шым-шытырық қимылдар түрінде орындалады. Алғашқы дұрыс бағытталған қимылдар баланың 2-3 айлығында көріне бастайды: ең алдымен жарық көзіне немесе дыбыс шыққан жаққа басын бұрады. 3 айда шалқасынан жатқан бала аунап түсе алады, 7 айда отырады. Кейіннен заттарды ұстап үйренуге және еңбектеуге байланысты қолдарының ерікті қимылдары пайда болады. Бұл қимылдар көру арқылы кеңістіктен баланың алған мәліметтеріне байланысты туындайды. Баланың көру және қозғалыс жүйелері жеке-жеке қызмет атқарса, 3-6 айда бір-бірімен үйлесімді көру-қозғалыс жүйесіне айналады. Алғаш кезде көру арқылы тек қана сыртқы орта туралы мәліметтер жиналады. Кейіннен қозғалыстары көру жүйесінің бақылауында болып, біртіндеп, орындалатын күрделі қимылдарға айналады. Екінші белгі жүйесінің дамуы қозғалысты реттейтін жүйенің пайда болып, дамуына ықпалын тигізеді. Нәрестеде үлкендердің айтуы бойынша орындалатын қимылдар қалыптасады, ал соның негізінде саналы қозғалыс қимылдары жетіледі.
Қозғалыстың дамуы қозғалыс-тірек жүйесі мен жүйке жүйесінің дамып жетілуіне байланысты. Жүру, жүгіру, секіру, шапқылау т.б. күрделі қимылдар және оларды дұрыс бағыттау қабілеті 3-5 жаста жетіледі. Дегенмен мектепке дейінгі жастағы және 1-2 сынып оқушыларының қозғалысын дұрыс үйлестіру тетіктері еркін жетіле қоймайды. Бірақ олар күнделікті тіршілікке қажетті қимылдарды, жазу, сызу, сурет салу т.б. қозғалыс әрекеттерін игеріп үлгереді. Тұрақты жаттығу арқылы балаларда үйлесімді қозғалыс дамиды. Қозғалудың ең күшті дамуы 3-6 жаста байқалады.
Баланың дамуына қимыл, қозғалыстардың әсер етуі. Адамның денесі мен қимылына, ойының дамуына қозғалыс күшті әсер етеді. Нәрестенің қозғалыс белсенділігіне бөгет жасағанда оның жалпы дамуы нашарлайды. Күнделікті тіршілікте орындалатын қимылдардың қосындысы адамның қозғалыс белсенділігі деп аталады. Қозғалыс белсенділігі ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған қимылдардан тұрады. Ұйымдастырылған қозғалыс белсенділігіне дене тәрбиесі жаттығулары, белгілі еңбек әрекетіне байланысты пайда болған қозғалыстар жатады. Ал ұйымдастырылмаған қозғалысқа түрлі ойындар кезіндегі әр түрлі қозғалыстар, қыдырған кездегі қозғалыстар жатады. Адам денесі үшін ұйымдастырылған қозғалыстардың маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |