Негіздері



бет1/40
Дата26.09.2023
өлшемі323.49 Kb.
#478675
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
treatise4938


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


Баешова А.Қ.

ӨНДІРІСТІК ЭКОЛОГИЯ
НЕГІЗДЕРІ

(ЗЕРТХАНАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖИНАҒЫ)
оқу-әдістемелік құрал

Алматы
2012

ӘОЖ 502/504 (075.8)
ББК 20.18я 73
Б14

Баспаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технологиялар факультетінің әдістемелік бюро шешімімен ұсынылған (30.03.2012, № 7 хаттама)

Пікір жазғандар:


химия ғылымдарының докторы, профессор М.К.Алдабергенов
химия ғылымдарының докторы, профессор А.Т. Масенова


Баешова А.Қ.
Б 14 Өндірістік экология негіздері (зертханалық жұмыстардың жинағы): оқу-әдістемелік құрал – Алматы, 2012. - 79 бет.

ISBN 978-601-247-463-3


Оқу-әдістемелік құралда студенттерді өндіріс мекемелерінің экологиялық проблемаларымен және оларды шешу жолдарымен таныстыру мақсатында құрастырылған зертханалық жұмыстар жинағы келтірілген. Бұл жұмыстарда ағызынды сулардың сипаттамаларын анықтау, зиянды газдарды залалсыздандыру, экологиялық таза технологиялардың негіздерін жасау, ағызынды суларды тазарту, қатты қалдықтарды өндеу әдістері келтірілген. Әрбір зертханалық жұмыстың алдында теориялық кіріспе, содан кейін жұмысты орындау барысы, нәтижелерді өрнектеу тәсілдері көрсетілген.

ББК 20.18я 73
ISBN 978-601-247-463-3

© Баешова А.Қ., 2012


© Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,2012
Алғы сөз
Қазіргі заманда кез келген саладағы мамандар тек өз мамандығына байланысты арнайы білімді меңгеріп қоймай, экологиялық көзқарас пен экологиялық ойлау қабілетіне ие болуы тиіс. Осыған байланысты ол өзінің өндірістік іс-әрекетіне экологиялық көзқарас қалыптастырып талдауға және бағалауға қабілетті болады. Өндірістік іс-әрекеттердің табиғи ортаға әсерін бағалап үйренген мамандар, сәйкесінше, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар жүргізуге және осыған байланысты шешімдер қабылдауға бетбұрыс жасайды. Экологиялық ойлау қабілетін дамытуда экологияның негізгі заңдары мен түсініктерін білу және түсіну, тірі ағзалардың қоршаған ортамен қарым-қатынастарын зерттеу, биосфера және оның эволюциясы туралы нақты көзқарас қалыптастыру, биосфераның техносфераға және ноосфераға айналу мүмкіндіктерін білу басты рөл атқарады.
Осыған орай университеттерде 5В072000 – «бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығында білім алушы студенттер үшін өткізілетін элективті пәндердің ішінде оқу жоспарына таңдау бойынша пән ретінде енгізілген «Өндірістік экология негіздері» пәнінің алатын орны ерекше. Өндірістік экологияның мақсат-міндеттерін айқындау үшін көптеген алуан түрлі экологиялық проблемаларды шешу қажет. Өндірістік экология белгілі экономикалық мәселелерден бөлек қарастырылмайды. Өндірістік экологияның мақсаты: табиғи ресурстарды тиімді пайдалану проблемаларымен таныстыру және қоршаған ортаның ластануының алдын алу, демек, ластануды болдырмау әдістерімен таныстыру болып табылады. Пәнді оқыту міндеттерінің қатарында: қоршаған ортаның ластануын қадағалау; экологиялық ситуацияны талдау; ластағыштардың көздерін анықтау, ластаушы салаларды айқындау; ластағыш заттардың мөлшерін азайту жолдарын қарастыру; шаруашылық іс-әрекеттердің салдарларын болжау; өнеркәсіптік технологияларды экологияландыру; ауаны және суды тазарту әдістерін жасау; өнеркәсіптің қатты қалдықтарын қолдану немесе залалсыздандыру әдістерін жасау; техникалық шешімдердің экологиялық-экономикалық экспертизасын жасау сияқты мәселелер орын алған.
Ұсынылып отырған еңбекте өнеркәсіп мекемелерінің газ, қатты күйдегі тастандыларды және ластанған ағызынды суларды залалсыздандыруға арналған әдістер сипатталып, олар зертханалық жұмыстар ретінде келтірілген. Мысалы, азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкіртті залалсыздандырып, олардан пайдалы қосылыстар алу, ағызынды сулардың сипаттамаларын анықтау және оларды ауыр металл иондарынан тазарту, темір кендерін өндеудің экологиялық таза технологияларын жасау, ластанған топыпрақтың сиапттамаларын құру сияқты Әрбір зертханалық жұмыстың алдында теориялық кіріспелер, ал соңында бақылау сұрақтары келтірілген.
Бұл зертханалық жұмыстар «бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығында оқитын студенттердің білімін, дағдыларын, біліктілігін қалыптастыруда өте маңызды рөл атқаратыны анық және олардың болашақ кәсіби іс-әрекеттеріне аса қажет болатыны сөзсіз.


  1. 1-зертханалық жұмыс. Ластанған ағызынды сулардың сипаттамаларын анықтау. Теориялық бөлім

Гидросфера атмосфера мен литосфераға түсетін көптеген ластағыш заттардың табиғи аккумуляторы болып табылады, себебі судың еріткіштік қабілеті жоғары және су табиғатта айналымда болады, сонымен қатар суқоймалар әртүрлі ағызынды сулар келіп түсетін ең соңғы нүкте болып табылады.


Суда ластағыш заттардың болуы түрлі тірі организмдердің тіршілігіне және барлық су жүйесінің қызметіне әсер етеді.
Табиғи су біркелкі емес орта, оның ішінде қалқымалы бөлшектер және газдың микрокөпіршіктері болады. Бөлшектердің өлшемдері әртүрлі. Шөгетін бөлшектер минералдық ядродан және органикалық қабаттан құралған. Су қабаты сонымен қатар қоршаған ортамен тепе-теңдікте болатын көптеген микроорганизмдерге толы.
Ластағыштардың табиғи су объекттеріне тигізетін әсері әртүрлі. Жылулық ластану су организмдерінің тіршілік процестерін қарқындатады, осының нәтижесінде экожүйелердің тепе-теңдігі бұзылады. Минералдық тұздар қоршаған ортамен осмостық әдіспен алмасатын бір клеткалы организмдер үшін қауіпті. Қалқымалы бөлшектер судың мөлдірлігін төмендетеді, су өсімдіктерінде жүретін фотосинтезді және аэрацияны баяулатады, баяу ағатын жерлердегі су түбіндегі шөгу процестерін жеделдетеді, фильтратор болып қызмет атқаратын су организмдерінің тіршілігіне кері әсерін тигізеді. Қалқымалы бөлшектерде әртүрлі ластағыштар сорбцияланады, су түбіне шөге келе, олар судың екіншілік ластануының көзі болуы мүмкін.
Судың ауыр металдармен ластануы тек экологиялық зиян тигізіп қоймай, айтарлықтай экономикалық зиян әкеледі. Судың ауыр металдармен ластануының көзі – гальваникалық цехтер, тау-кен, түсті және қара металлургия өнеркәсібінің мекемелері. Судың мұнай өнімдерімен ластануы кезінде су бетінде судың атмосферамен газ алмасуына кедергі келтіретін пленка пайда болады. Бұл пленкада, сонымен қатар ауыр фракциялардың эмульсияларында басқа ластағыштар жинақталады және мұнай өнімдері су организмдерінде жинақталады. Судың мұнай өнімдерімен ластануының негізгі көздері су көлігі және қала территорияларынан жер бетімен келіп түсетін ағызындылар. Судың биогенді элементтермен ластануы суқоймалардың эфтрофикациясына әкеледі.
Органикалық заттар-бояғыштар, фенолдар, БАЗ, диоксиндер, пестицидтер және т.б. суқоймада токсикологиялық ситуацияның пайда болу қаупін туғызады. Әсіресе токсикалық қасиетке ие және қоршаған ортада тұрақты болатын диоксиндер. Бұл – құрамында хлор бар органикалық қосылыстардың екі тобы, олар дибензодиоксиндерге және дибензофурандарға жатады. Оның бірі – 2,3,7,8-тетрахлордибензодиоксин (2,3,7,8 – ТХДД) ғылымда белгілі ең уытты (токсикалық) зат болып табылады. Әртүрлі диоксиндердің токсикалық әсерлері бірдей болып байқалады, бірақ әсер ету қарқындары әртүрлі болады. Диоксиндер қоршаған ортада жинақталады және олардың концентрациялары артып отырады.
Судың ластануын зерттеудің өз ерекшеліктері бар. Атмосферадағы ластағыштарды анықтаған кездегідей, құрамы өзгеріп тұратын заттардың аз мөлшерлерін басқа ластағыштардың қатысында анықтау қажет. Айырмашылығы – ластанбаған суда әрқашанда құрылымы күрделі органикалық және бейорганикалық заттар болады, сонымен қатар суда химиялық заттардың құрамын өзгертуге әкелетін химиялық және фотохимиялық процестер орын алады. Химиялық өзгерістерде жануарлар мен өсімдіктер тектес биологиялық объекттер белсенді түрде қатысады. Сол себептен оттектің мөлшері су жүйесінің құрылымының аса маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Судың ластануын дұрыс бағалауда, сонымен қатар су сынамаларын алуда судың ағынының жылдамдығы мен сипаты, шөгінділер, ластағыш заттардың физика-химиялық қасиеттері, олардың судағы тұрақтылығы сияқты көптеген локалды жағдайларға тәуелді болып келетін заттардың таратылуы аса маңызды орын алады. Әдетте олардың арасында динамикалық тепе-теңдік орнайды. Егер шартты түрде су массасын вертикал жазықтықпен бөлсе, реакциялық қабілеті әртүрлі орындарды бөліп көрсетуге болады: беттік пленка, негігі су массасы және су түбіндегі шөгінді.
Су түбіндегі шөгінді және беттік пленка ластағыш заттардың концентрленетін зоналары болып табылады. Су түбіне суда ерімейтін қосылыстар келіп шөгеді, ал тұнбалар көптеген заттар үшін сорбенттер болып қызмет атқарады.
Суға ыдырамайтын ластағыш заттар да келіп түседі, бірақ олар басқа химиялық қосылыстармен реакцияласуға қабілетті және осының нәтижесінде биологиялық объекттерде (планктон, балық және т.б.) жинақталатын тұрақты заттар түзіледі, ал олар қоректік тізбекпен адам организміне өтеді.
Судың сынамасын алатын орын таңдағанда алынатын сынаманың құрамына әсер етуі мүмкін барлық жағдай ескерілуі тиіс.
Сынаманың екі түрі болады: бір реттік және орташа. Бір реттік сынаманы алғанда судың қажет көлемін бір-ақ рет алады. Орташа сынаманы бірнеше сынамаларды араластыру арқылы дайындайды (бірнеше сынаманың әрқайсысын алу бірдей уақыт өткенде іске асырылады). Уақыт аралығы аз болған сайын орташа сынама дәлдеу бола береді (мысалы, 5 минут сайын алынған сынамалар 10 минут сайын алынған сынамаларға қарағанда дәлірек нәтиже береді).
Анализге алынған суды осы сумен 2-3 рет шайылған таза ыдысқа құяды. Ашық суқоймалардан сынаманы 50 см тереңдіктен алады. Су сынамасын алу үшін арнайы батометр деп аталатын ыдысты пайдаланған жөн. Ыдыстың тығынын судың ішінде ашу керек.
Су сынамасы ұзақ уақыт тұрып қалса, су құрамында айтарлықтай өзгерістер жүруі мүмкін, сол себептен судың анализін сынама алғаннан кейін бірден немесе 12 сағаттан кейін жүргізу керек, ал мұндай мүмкіндік болмаса, химиялық қосылыстарды пайдаланып, суды консервілеу қажет, бірақ консервілейтін зат судың құрамына сәйкес алынады. Белгілі универсалды консерванттар жоқ.
Судың сапасын сипаттайтын көрсеткіштер 3 топқа бөлінеді:
А – судың органолептикалық қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштер;
Ә – судың химиялық құрамын сипаттайтын көрсеткіштер;
Б – судың эпидемиялық қауіпсіздігін сипаттайтын көрсеткіштер.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет