2.3 Дыбыс – сес және бейнелеу етістіктері, өсіп-өну етістіктері, табиғаттың түрлі құбылыстарына байланысты қолданылатын етістіктер, субьектив реңді білдіретін етістіктер
Етістіктің бұл мағыналық тобы тіл білімінде әртүрлі аталып, әртүрлі түсіндіріліп келді.Л.Н.Харитонов етістіктерді семантикалық ерекшеліктеріне қарай бөле отырып, «бейнелі етістіктерді» жеке топ ретінде қарастырған. Ғалым: «Бұл сөздер (бейнелі сөздер) өздерінің жалпы семантикалық ерекшеліктеріне қарай еліктеуіш сөздермен белгілі жақындықта болады да, солармен бірге эмоциональді-көркемдеуіш сөздер тобына жатады», - деген болатын [50,70]. «Современный казахский язык» атты еңбекте «еліктеуіш мәнді етістіктерге» қимылда, гүрілде, шырылда, ыңқылда сияқты етістіктер жатқызылған. И.Е.Мамановтың еңбегінде бұл мағыналық топ «еліктеу, бейнелеу етістіктері» деген терминмен аталып, оның құрамына мынадай етістіктер енген: жымыңдау, қылмыңдау, пысылдау, ыңқылдау, гүрсілдеу, жылтылдау, бұржию, күржию. А.Хасенованың еңбегінде де «бейнелеу етістіктері» өз алдына жеке топ болып көрсетілген.
Ал, «Қазақ тілінің грамматикасында» бейнелеу етістіктері, негізінен, үлкен үш топқа бөлінген:
а) бет-бейне,дене құбылуымен байланысты айтылатындар: адырай, бақырай, едірей, безірей, бүкірей, мықырай, тыржыңда, мықшыңда, орди, ими, сиди, ілми, жылми.
ә) дыбыстаумен байланысты динамикалық процесті білдіретіндер: маңыра, мөңіре, үр, мияула, ойбайла, айқайла, шәуілде, бозда, ыңыран, ыңырсы, қыңсыла, шырылда, шиқылда, сайра, шырқа, тарсылда, сусылда.
б) түр-түс тағы басқа құбылмалы процестерді білдіретіндер: жалтылда, үлпілде, үлбіре, жалпылда, қызараңда, ағараңда, көлбеңде, ербеңде, елпелекте.
А.Ысқақов өз еңбегінде «бейнелеу-еліктеу етістіктері» (жарқыра, күркіре, дүркіре, тарсылда, сыртылда, сырқыра) мен «дыбыс – сес етістіктерінің» әрқайсысын өз алдына жеке топ ретінде қарастырған. Ал, ғалым М.Оразов мұндай етістіктерді «дыбыс – сес және бейнелеу етістіктері» деген терминнің аясына саяды. «Бұл лексика-семантикалық топтағы етісітіктер табиғаттағы түрлі құбылыстармен байланысты қолданылады да еліктеуіш-бейнелеуіш сөздерге қосымша қосу арқылы жасалынады», - деп байымдайды ғалым М.Оразов. Бұларды бірнеше топтарға бөледі.
1. Адамның не жан-жануарлардың дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: мөңіреу, маңырау, үру, әупілдеу, күркілдеу, сырылдау, кісінеу, боздау, сыңсу.
Жазушы Ә. Таразидің тілінде осы тәріздес және бұдан да басқа етістіктер кездеседі. Мысалы: Алты баласының арасында алысып ойнап, бұқа болып күжілдеп, паровоз болып гүжілдеп, фашист болып автомат атып, өтірік жараланған болып шалқасынан құлап түскенін талай көрген [51,72]. Мұны теуіп кеп жіберіп, шалұқасынан құлатты, сөйтті де бұған қарап қос алақанын жайып жіберіп, жыланша ысқырып жақындай бастады. Енді тағы да есік тырнау, мысық боп мияулау, ит боп ырылдау басталды. Жайшылықты жуас көрінгенімен, ашуланса сары шұнақтай шаңқылдап кетеді екен. Бұл ағыл-тегіл жылады, сөйтсе – Қасқатай қарқылдап күліп тұр. - Әкетайым-ау, әлі жатырмысың? Тұра ғой, кәне, біз дайынбыз! – деп саңқылдай кірді. Өзі де егіліп тұрған нәзік жан, тіпті дауыстап сыңси бастады. Алдымен веранданың есігі шиқ етті, сонан кейін дәліздің есігі ыңырсыды. Алғашқы сөйлемдердегі «күжілдеу, ысқыру, ырылдау, шаңқылдау, мияулау, қарқылдау» жан-жануарлардың дыбыстарына байланыста қолданылатын етістіктер болса, соңғы сөйлемдердегі «саңқылдау, сыңсу» адамның дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер. Ал, ең соңғы сөйлемдегі «ыңырсу» етістігі адамның дыбыстарына байланысты қолданылатын етістік, бірақ бұл сөйлемде аусыпалы мағынада жансыз затқа қатысты қолданылған.
Достарыңызбен бөлісу: |