Нұргелді уәлиев сөз мәдениеті



Pdf көрінісі
бет24/37
Дата11.03.2024
өлшемі450.47 Kb.
#495037
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37
dc91321cafe8ba1e271bba6a06f75119

СӨЗ ДӘЛДІГІ


Сөйлеудегі (сондай-ақ жазудағы) дәлдікті қалай ұғамыз? Әдетте
сөйлеушінің сөзіне риза болып, айызы қанған адамның «дәл айтты,
тауып айтты» деп, өзгенің сөзіне баға беріп отыратын кездері бар.
Рас, ондай сөйлеуші өз ойын өзгелерге дәл жеткізе алмаса,
жаңағыдай бағалаудың болуы да мүмкін емес. Сондықтан әсерлі
айтылған сөзді «дәл айтты, тауып айтты» деп түйеміз.
Бұл – сөз дәлдігі жөнінде әдеттегі түсінігіміз. Мұнда нақтылықтан
гөрі жалпылық басым. Ал сөз дәлдігі деген лингвистикалық
терминнің бұл түсінікпен дәл келетін тұстары да, одан өзгешелеу
ұғынылатын жерлері де бар.
Қазақ тілі мәдениетіне байланысты жазылған мақала,
зерттеулердегі пікірлерге қарасақ, сөз дәлдігі деген
коммуникациялық сапаға қойылар талап әр түрлі екен. Солардың бірі
– сөздерді тілдегі мағынасына лайық қолдану. Әсіресе ауызға жиі
алынып, жаза басқан қаламның көп сыналатын жері де осы. Сөзді
тілдегі мағынасына сай талғап, таңдамай қолдана салудың баспасөз
беттерінде кездесетін кейбір мысалы мынадай, «Бұл колхозда мен
келген кезде қой басын өркендетуге мән берілмей келеді екен»
(журналдан).
Осындағы шырқы бұзылған қолданысқа назар аударсаңыз, дәл
айтуға «мұқтаж» болып тұрған сөздердің мен мұндалап тұрғандығын
байқайсыз. Қой шаруашылығын өркендету деп айтуға болатындығы
белгілі, ал қойдың басын қалай өркендетуге болады? Әңгіме қой санын
көбейту жөніңде емес пе?
Сөздерді өз мағынасына сай қолданбау, дәлдіктен көз жазып қалу,
әсіресе басқалардан гөрі дыбысталуы ұқсас, бірақ мағынасы әр
басқа, немесе бір түбірден тарап, дербес мағынаға ие болған сөздерді
(паронимдерді) жұмсауда жиі кездеседі: «Енесі сүйектерін
сырқыратып орнынан қозғалды» (кітаптан); «Жігіт жусан иісіне
еліктеп, мас болғанын сөзбеді» (журналдан); «Мүйізден зерделенген
сандықтың құрсау қаңылтырлары ғана жатыр» (журналдан). Бұл
жерде сырқыратып емес, сыртылдатып; еліктеп емес, елітіп;
зерделенген емес, зерленген деп қолданып, дыбысталуы ұқсас
сөздердің мағыналық парқын ажырату кімге де болса қиын емес
тәрізді. Онда неге тегіс жерде сүрініп, сөзімізден ақау жіберіп
жатамыз? Оның себебі біреу-ақ: ол – сөз қолданысымыздағы
ұқыпсыздық. Ұқыпсыздықтың салдарынан дәлдіктен айрылып,
сөздерді бірінің орнына бірін сапырылыстырып жұмсау тек  шоқы –
шұқы; тынық – тұнық; ауа – әуе тәрізді паронимдерде ғана
кездеспейді. Сөз – болмысты бейнелейді. Сөз – шындықтың
санамызда сәулеленуі. Айналамыздағы заттар мен құбылыстар сөз
арқылы таңбаланады. Осыған сәйкес бізді қоршаған «құбылыстар»
мен «сөз» арасында белгілі бір қатынастың бар екендігін аңғарамыз.


Ол қатынасты «зат» («құбылыс») – «сөз» (сигнификат) түрінде
бейнелеуге болады. Кейде сөз дәлдігін сақтай алмай, көз жазып
қалуымыздың үлкен бір себебі «зат» («құбылыс») пен «сөз»
арасындағы байланысты жете тани алмауымыздан. «Сөзді» білмесек,
сол сөздің қандай заттың (құбылыстың) таңбасы, бейнесі екендігінен
бейхабар болсақ, сөзді сол заттық (денотаттық) мағынасына сай
қолдандық деп айта алмас едік. Кейде сөзді дәл қолдана
білмеуіміздің себебі «зат» – «сөз» қатынасын дұрыс ұқпауымызға
байланысты. Енді сөзді дәл қолданбаудың мынадай мысалына назар
аударайық. «Өліарада ауа өңі өзгеріп сала берді. Шалқалаған жаңа ай
шағырмақтанып, күн қабағы кәдімгідей салыңқы тартқан» (газеттен);
Берекелі күздің аңқылдап алтын күрек желі есті» (газеттен);
«Әкеңмен тумалас Қоңырбай деген нағашың бар» (газеттен).
Осылайша сөзді дәл, орынды қолданбау қатеге ұшыратады, тіпті
сөйлеушіге абырой әпермейтіндей күлкілі жағдайға душар етеді.
Мысалы, әкеммен тумалас адам нағашы болушы ма еді? Ал өліара
сөзіне келетін болсақ қазақ ұғымында өліара деп ескі ай мен жаңа
айдың қараңғы аралығын айтады. Өліарада ай көрінбейді, ай
көрінетін кез өліара деп аталмайды. Ал алтын күрек деген тіркесті
автор сірә де метафоралық қолданыс деп ұқса керек. Қар кетіріп, жер
бетін дегдітетін жел алтын күрек деп аталады. Оны жазда немесе күз
бен қыста соқты деу сөз қолданысымыздағы үлкен ағаттық.
«Өліарада ай көрінді», «Күзде алтын күрек есті» деген баяндаулар
әсіресе табиғаттың қыр-сырына қанық диқан мен малшы қауымды
иландыра қоймайды.
Қазақ сөзінің байлығына қызығып, оны кәдеге жаратамын деу –
жақсы талап, бірақ сол байлықты дәлме-дәл жұмсай білу де керек.
Байқасақ, жылдың әр мезгілінде соғатын желдің өз атауы бар. Күздің
қара суық күндері үйіріп соғып, тал, терек, емен мен үйеңкі
жапырақтарын төгіп кететін жел – жапырақ жел деп аталады екен.
Жылылық әкеліп, қыс бойы жатқан қасат қардың көбесін сөгетін
желді тілімізде ескек соқты дейді. «Оңтүстіктің жылы желі, ескегі
соқты. Осыдан бір ай бұрын соқса, жұрт оны «жыл әкелді», «игілік
әкелді» деп, қуанышпен қарсы алар еді (М. Әуезов). Сондай-ақ шілде
түсер шақта соғатын жел керімсал деп аталады. Мал бағып, егін
еккен шаруа адамына керімсал – өте жайсыз жел. Керімсал тынбай
соққан кезде, жердің отын күйдіріп, егінді қуратып та жібереді.
Осындай жайсыздығы мен шаруаға тигізер кеселі көп болғандықтан,
сол құбылысты білдіретін керімсал сөзі ауыс мағынаға көшіп
«қиынқыстау кез» дегенді де бейнелейді:
Тайбурыл сонда сөйледі. 
«Тауға бітер емен, тал 


Кімге келмес керімсал 
Наз бедеу атқа бітер жал»...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет