5-1-бап. Оңалту рәсімін және берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сотқа жүгіну негіздері
1. Борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі борышкердің немесе кредитордың оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылады.
Егер өтініш берілген күнге мынадай бір немесе бірнеше мән-жай болса:
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
1) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі).
1) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптар, алименттерді өндіріп алу бойынша кредиторлар алдындағы міндеттемелер, еңбекке ақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті төлеу жөніндегі, сондай-ақ қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақылар бойынша міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап үш ай ішінде орындалмаса;
2) өзге де кредиторлар алдындағы міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап төрт ай ішінде орындалмаса, төлем қабілетсіздігі уақытша болып табылады.
2. Борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі оның берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылады.
Ескерту. 1-тарау 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6-бап. Әдейі банкроттық үшін жауаптылық
1. Әкімшілік немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам кредиторлар алдында осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде өздеріне тиесілі мүлікпен субсидиарлық жауаптылықта болады.
Әкімшілік немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп екі және одан көп адам танылған жағдайда, мұндай адамдар ортақ жауаптылықта болады.
2. Банкроттықты басқарушы құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай тұлғаға қатысты оны субсидиарлық жауаптылыққа тарту және осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде сомаларды өндіріп алу туралы талап қойып, сотқа жүгінуге міндетті.
Егер құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін әкімшілік немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған жағдайда, кредитор осы бапта көзделген тәртіппен талап қойып, сотқа жүгінуге құқылы.
Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
7-бап. Борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және мүлiктi қайтару
1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы Заңда көзделген негiздер болған кезде оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.
Егер борышкерге банкроттық рәсімі оңалту рәсімін тоқтату нәтижесінде қолданылған болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден басқа, мыналар:
1) жасалған мәміле бағасының және (немесе) өзге де жағдайлардың, салыстырмалы мән-жайларда ұқсас мәмілелер жасалатын кездегі бағадан және (немесе) өзге де жағдайлардан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болуы;
2) мәміленің борышкердің Қазақстан Республикасының заңдарымен, құрылтай құжаттарымен шектелген қызметіне сәйкес келмеуі не жарғыда айқындалған құзырет бұзылып жасалуы;
3) мүліктің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде ұқсас немесе біртекті тауар бағасынан борышкер үшін айтарлықтай нашар жағына қарай өзгеше болатын бағамен не беру үшін негіздер болмай, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып берілуі;
4) егер оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле белгілі бір кредиторлардың талаптарын басқаларының алдында артықшылықпен қанағаттандыруға алып келсе;
5) борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары, егер мұндай мәміле оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай өзгеше болса;
6) осындай мәміле бойынша тиісті құқықтық салдарлар туғызу ниетінсіз, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып жасалған мәміле мәмілелердің жарамсыздығына негіз болып табылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған кезде әкімші, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
4. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде, егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделмесе, жауапкер мәміле бойынша алынғандардың барлығын қайтаруға, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде – қайтарылуға жататын мүлік құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.
Бұл ретте жауапкер борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол осы Заңның 100-бабының 5-тармағына сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
5. Осы бапта көзделген жағдайларда мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік оның жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты өтеусіз берілген кезде, талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде осыған байланысты туындаған залалдың орнын толтыру бойынша борышкер алдында жауаптылықта болады.
6. Бастапқы сатып алушының мүлік құнының орнын толтыруы мүмкін болмаған кезде, борышкердің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға сот тәртібімен субсидиарлық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
7. Осы баптың талаптары:
1) жобалық қаржыландыру, секьюритилендiру;
2) қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен жасалған;
3) шарттары борышкер оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде өзінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы процесінде жасасқан ұқсас мәмілелердің шарттарынан айтарлықтай ерекшеленбейтін кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде борышкер жасасқан мәмілелерге қолданылмайды.
8. Осы баптың 2-тармағы 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының ережелері мынадай:
1) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін немесе оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі бір ай ішінде жасалған;
2) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі бір ай ішінде жасалған;
3) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкердің үлестес тұлғасымен немесе оның мүддесі үшін оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі алты ай ішінде жасалған;
4) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге немесе борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі алты ай ішінде жасалған;
5) бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша мынадай жағдайлардың бірінде:
оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін немесе оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі бір ай ішінде;
борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензияны кері қайтарып алған күнге дейінгі бір ай ішінде;
борышкердің үлестес тұлғасымен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге дейінгі алты ай ішінде;
борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі белгілері туралы білген (немесе білуге тиіс) тұлғамен оңалту және (немесе) банкроттық туралы іс қозғалған күнге немесе борышкерден қаржы саласындағы қызметпен және (немесе) қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысуға лицензия кері қайтарып алынған күнге дейінгі алты ай ішінде тараптардың ауысуы (әмбебап құқық мирасқорлығы нәтижесінде тараптардың ауысуын қоспағанда) жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәмілеге (мәмілелерге) қатысты қолданылмайды.
9. Бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміленің жарамсыздығы, егер бас қаржылық келісімге және қалған мәмілелерге қатысты оларды жарамсыз деп тануға негіздер болмаса, бас қаржылық келісімнің өзінің және бас қаржылық келісім шеңберіндегі қалған мәмілелердің жарамсыздығына алып келмейді.
Нетто-міндеттеме (нетто-талап) айқындалғаннан кейін бас қаржылық келісім шеңберіндегі бір немесе бірнеше мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда, нетто-міндеттеме (нетто-талап) нетто-міндеттемеден (нетто-талаптан) жарамсыз деп танылған мәміленің немесе мәмілелердің нәтижелерін алып тастау арқылы нетто-міндеттемені (нетто-талапты) айқындаған мәміле тарабының қайта есептеуіне жатады.
Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
8-бап. Шарттардың құқықтық режимі
1. Банкроттық туралы iс қозғау банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер контрагентінің бастамасы бойынша борышкер жасасқан шартты орындаудан біржақты бас тарту үшін негіз болып табылмайды және осы шарттың қолданысын тоқтатуға әкеп соқтырмайды. Тараптардың банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасасқан, шартты орындаудан бас тарту және банкроттық туралы іс қозғау себебі бойынша осы шарттың қолданысын тоқтату туралы келісімі жарамсыз болады.
2. Оңалтуды басқарушы мынадай мән-жайлардың бiреуi болған кезде:
1) шарт үлестес тұлғамен жасалса;
2) бұрын жасалған ұқсас шарттармен салыстырғанда шартта борышкерге ауыртпалық салатын жағдайлар болса;
3) шарт ұзақ (бір жылдан астам) мерзiмді болса не борышкердiң нәтижеге жетуi тек ұзақ мерзiмдi перспективаға есептелсе;
4) борышкердiң шартты орындауы қалған кредиторлар үшiн жағымсыз салдарларға әкеп соқтырады деп пайымдауға өзге де негiздер болса, оңалту туралы iс қозғалғанға дейiн борышкер жасасқан, екi тарап толық немесе iшiнара орындамаған шарттарды орындаудан бас тартуға құқылы.
3. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің шешімі негізінде, банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасалған шартты өзгертуге, бұзуға, орындаудан бас тартуға немесе оның жарамдылығына дауласуға, борышкер берген мүлікті қайтаруды талап етуге міндетті.
4. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылған күннен бастап және оңалту немесе банкроттық туралы істі тоқтату туралы сот ұйғарымы не борышкерге оңалту рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін борышкер мен оның кредиторлары арасындағы өзара талаптарды есепке жатқызуға жол берілмейді.
Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы, егер талаптарды есепке алу кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзара негізде болып табылса, талаптарды есепке алу туралы кредиторға мәлімдеуге міндетті. Ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана есепке алуға жол беріледі.
5. Электр және жылу энергиясын, су шаруашылығы және кәріз жүйелері, байланыс жөніндегі, сондай-ақ борышкердің мүлкін қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді беруші борышкерді банкрот деп тану себебі бойынша борышкермен жасалған шарттан бас тартуға құқылы емес. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін осы шарттарды орындауға байланысты шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.
6. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарының, 28-2-бабының, 50-бабы 1-тармағының, 51-бабының, 68-бабы 1-тармағының, осы Заңның 76-бабы 4) тармақшасының, 87-бабының, 94-бабы 6) тармақшасының, 101-бабы 3-тармағының, 117-бабының және 122-бабы 1-тармағының ережелері бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша талаптарды есепке жазуға және (немесе) тарату неттингіне қатысты қолданылмайды.
Бас қаржылық келісімнің тараптары бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміле (мәмілелер) бойынша талаптарды есепке жазуды және (немесе) тарату неттингін бас қаржылық келісімде айқындалған тәртіппен және шарттарда жүзеге асырады (қолданады).
Бас қаржылық келісімде айқындалған тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылған (қолданылған) талаптарды есепке жазу және (немесе) тарату неттингі нәтижесінде туындаған (есептелген) нетто-талап осы Заңда белгіленген кредиторлармен есеп айырысу қағидаларына сәйкес жалпы негіздерде қанағаттандырылады.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
9-бап. Үлестес тұлғалар
Осы Заңда мыналар үлестес тұлғалар деп танылады:
1) борышкердің немесе кредитордың акционері, құрылтайшысы (қатысушысы);
2) борышкер-дара кәсіпкердің, сондай-ақ осы баптың 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жеке тұлғаның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;
3) шартқа сәйкес борышкер қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқылы, оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен жасалған шартпен байланысты тұлға;
4) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының немесе осы баптың 1), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамдары;
5) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушы оған қатысты акционер, қатысушы болып табылатын не мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;
6) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен бірге үшінші тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының үлестес тұлғасы болып табылатын немесе сот шешімімен үлестес деп танылған өзге де тұлға.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10-бап. Құпиялылық
1. Уәкілетті орган және әкімші, борышкерді банкрот деп тануға дейінгі кезеңді қоса алғанда, дара кәсіпкердің, банкрот мүлкінің меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) келісімін алмастан, борышкердің қаржылық-шаруашылық қызметі туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.
2. Әкімшінің не уәкілетті органның қаржылық-шаруашылық қызмет туралы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оған қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған лауазымды адамының оларды жария етуі, сол сияқты осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды жоғалту Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді. Осы баптың күші әкімші тартқан тұлғаларға да қолданылады.
3. Уәкілетті органның немесе әкімшінің өздеріне ұсынылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға беруі құпия ақпаратты жария ету болып табылмайды.
4. Осы Заңда көзделген рәсімдерді жүргізу кезінде мынадай ақпарат құпия болып табылмайды:
1) әкімші қызметін жүзеге асыратын тұлға туралы;
2) кредиторлар комитетінің құрамы және ол қабылдаған шешімдер туралы;
3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптар сомасы туралы және оларды кезек бойынша қанағаттандыру мөлшері туралы;
4) рәсімдерді жүргізу мерзімдері туралы;
5) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигін орындау туралы;
6) әкімшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдардың болуы және оларды қарау нәтижелері туралы;
7) әкімшіні анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;
8) оңалту рәсімін тоқтатудың негізі туралы;
9) әкімші кредиторлар комитетіне шешім қабылдау үшін ұсынатын;
10) осы Заңда белгіленген құқықтарды іске асыру шеңберінде осыған уәкілеттік берілген адамдар бастамашылық жасаған сот талқылаулары туралы ақпарат.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
11-бап. Борышкердің құқықтық жағдайы
1. Борышкер:
1) осы Заңда көзделген жағдайларда оны банкрот деп тану, берешекті қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану, банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
2) осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттарда банкроттық рәсімі барысында бітімгершілік келісім жасасуға;
3) сотта кредиторлық берешек сомасын даулауға, сондай-ақ осы мақсаттар үшін аудиторлық ұйымдарды тартуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Борышкер:
1) оның мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), заңды тұлғаның құрылтай құжаттармен осыған уәкілеттік берілген органы оны тарату туралы шешім қабылдаған, ал мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2) әкімші тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа және әкімшіге қаржылық-шаруашылық қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде борышкерде бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингтегі мүлік туралы, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмірлері және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың тұрған жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді беруге;
3) хабарламасы әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғамен уақытша әкімшінің өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісімді сотқа оңалту рәсімін қолдану туралы өтініш бергенге дейін жасасуға;
4) хабарламасы әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғамен уақытша басқарушының өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісімді сотқа банкрот деп тану туралы өтініш бергенге дейін жасасуға;
5) уәкілетті органға сот борышкерді банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешім шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Заңның 115-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсынуға;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
6) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
6) оңалтуды басқарушыға тағайындалған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде – құрылтай құжаттарын, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, он бес жұмыс күні ішінде – есепке алу құжаттамасын, екі ай ішінде материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
7) уақытша басқарушыға борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде – құрылтай құжаттарын, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, он жұмыс күні ішінде – есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, жиырма жұмыс күні ішінде банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
8) қарау арқылы зерделеу үшін есепке алу құжаттамасына уақытша басқарушының қолжетімділігін қамтамасыз етуге;
9) қарау арқылы зерделеу үшін есепке алу құжаттамасына уақытша әкімшінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге;
10) бухгалтерлік құжаттаманың, бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік жүйелерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етуге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
11) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11) құпия болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, оңалту рәсімін жүргізу кезінде кез келген кредиторға оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат беруге;
12) сұрау салу негізінде сотқа, оңалтуды, уақытша немесе банкроттықты басқарушыға және кредиторлар комитетіне борышкердің қаржылық жағдайы мен шаруашылық қызметі туралы ақпарат, түсінік беруге;
13) әр айдың 15-күнінен кешіктірмей, кредиторлар комитетінің назарына оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты жеткізуге;
14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Оңалту рәсімінде борышкерді басқару борышкер – дара кәсіпкерге не борышкер – заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктелген жағдайларда, онда оған оңалтуды басқарушы үшін осы Заңда көзделген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде өкілеттіктер және жауаптылық қолданылады.
4. Осы баптың 2-тармағының 1), 2), 7) және 8) тармақшаларының ережелерін бұзғаны үшін борышкердің мүлкі кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған кезде, міндеттеріне осы баптың 2-тармағының 1), 2), 7) және 8) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау кіретін лауазымды адам банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша орындалмай қалған, банкроттың кредиторлар алдындағы міндеттемелері мөлшерінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес субсидиарлық жауаптылықта болады.
Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
12-бап. Әкімші
1. Осы Заңда белгіленген тәртіппен уәкілетті органға әкімші қызметінің басталғаны туралы хабарламаны берген:
1) осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке тұлға;
2) кәсіби бухгалтер әкімші ретінде әрекет ете алады.
Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында және 118-1-бабында, сондай-ақ "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшіге осы Заңда жүктелген өкілеттіктер өзге тұлғаларға берілмейді.
2. Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға қойылатын талаптар:
1) құқық, экономика және бизнес саласындағы жоғары білім;
2) заңгерлік, экономикалық, бухгалтерлік, қаржылық, аудиторлық немесе бақылау-ревизия салаларындағы қатарынан үш жылдан кем емес жұмыс өтілі;
3) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы;
4) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының болмауы;
5) соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танымауы.
3. Өтініш берушінің уәкілетті органға қызметтің басталғаны туралы хабарламаны рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы беруі өтініш берушінің хабарламасын әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізуге негіз болып табылады.
Хабарламаға:
1) егер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адам өтініш беруші болып табылған жағдайда – әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссияның шешімі қоса беріледі.
Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығына үміткер адамның біліктілік емтиханын тапсырғаны туралы Комиссия шешімі осындай емтиханды тапсырған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады;
2) егер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адам өтініш беруші болып табылған жағдайда – кәсіби бухгалтердің сертификаты қоса беріледі.
4. Өтініш беруші хабарламада көрсеткен деректер өзгерген кезде, өтініш беруші деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
Қызметі тоқтатылған кезде әкімші уәкілетті органға хабарлама жіберуге міндетті.
Әкімші оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылар ретінде қатысқан жағдайда, өз еркімен қызметін тоқтату туралы хабарламаға әрбір борышкер бойынша оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылардың жаңа кандидатурасын таңдау туралы кредиторлар жиналысы хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
5. Үлестес тұлға әкімші болып тағайындала алмайды.
Осы Заңның 82-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған оңалту рәсімінде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асырған тұлға оңалту рәсімін тоқтату туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл бойы оңалту рәсімінде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін тағайындала алмайды.
Осы баптың 8-тармағының 3), 4) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен шығарылған тұлға, егер шығарылған күнінен бастап үш жылдан аз уақыт өтсе, әкімші бола алмайды.
6. Оңалту рәсімін және банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде борышкердің барлық органдары басқарудан шеттетіледі және борышкерді басқарудың бірден-бір органы ретінде:
оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап – оңалтуды басқарушы (ол оңалту рәсімінде тағайындалған жағдайда) немесе санацияға қатысушы;
борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін – уақытша басқарушы;
тағайындалған күнінен бастап банкроттықты басқарушы әрекет етеді.
Оңалтуды және банкроттықты басқарушылар, санацияға қатысушы өз өкілеттіктерін борышкердің тұрған жері бойынша жүзеге асыруға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Заңның 69-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда қолданылмайды.
7. Уәкілетті орган оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыны белгілі бір борышкерге қатысты өз өкілеттіктерін орындаудан мынадай:
1) ол осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес өкілеттіктерді орындаудан бас тартқан;
2) кредиторлар жиналысы оны шеттету туралы шешім қабылдаған;
3) тексеру нәтижелері бойынша осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған;
4) оған осы Заңның 18-бабының 7-тармағында көзделген хабарлама қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш реттен артық жіберілген жағдайларда, шеттетеді.
Осы тармақтың ережелеріне сәйкес оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыны шеттету оны басқа борышкерлерге қатысты әкімші өкілеттіктерін жүзеге асырудан шеттетуге алып келмейді және оған басқа борышкерлерге қатысты әкімші өкілеттіктерін беруге кедергі келтірмейді.
8. Уәкілетті орган әкімшінің хабарламасын әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен мынадай:
1) өтініш беруші осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген құжаттарды ұсынбаған;
2) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес өкілеттіктерді орындаудан бас тартуды қоспағанда, әкімші өкілеттіктерін орындаудан қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі реттен артық бас тартқан;
3) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының өзін тағайындауына кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі барысында уәкілетті орган анықтаған жағдайда, әкімші олар туралы хабарламаған;
4) кредитордың немесе борышкердің мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келген, фактісі заңды күшіне енген сот актісінде анықталған осы Заңның талаптары бұзылған;
5) біліктілікті арттыруды растайтын құжаттар ұсынылмаған;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) және 12) тармақтарында немесе 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған;
7) осы адамға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
8) психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған;
9) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
10) қызметін тоқтату туралы әкімші хабарлама берген;
11) қайтыс болған немесе сот қайтыс болды деп жариялаған не хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда, алып тастайды.
9. Әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен хабарламаны алып тастауды уәкілетті орган мынадай мерзімдерде:
1) осы баптың 8-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда – анықталған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде;
2) осы баптың 8-тармағының 2), 3), 4), 6), 7), 8), 9), 10) және 11) тармақшаларында көзделген жағдайларда – анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
3) осы баптың 8-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда - біліктілікті арттыруға арналған мерзім өткен жылдан кейінгі жылдың басынан бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
10. Уәкілетті орган әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен хабарлама алып тасталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысына оңалтуды не банкроттықты басқарушының осындай тізілімнен алып тасталғаны туралы ақпарат жібереді.
11. Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жүктелген өкілеттіктерді орындаудан шеттетілген немесе әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінен оның хабарламасы алып тасталған жағдайда осы Заңда көзделген өкілеттіктерді жаңадан тағайындалған оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жүзеге асыруды жалғастырады.
12. Әкімші уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өз біліктілігін арттыруға міндетті.
Біліктілікті арттыру туралы растаушы құжаттарды ұсыну үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Мерзімді есептеу әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне хабарлама енгізілген жылдан кейінгі жылдан басталады.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды ұсыну мерзімі – біліктілікті арттыру аяқталған жыл ішінде болады.
13. Әкімші уәкілетті орган айқындаған тәртіппен уәкілетті органмен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-бап. Әкімшінің сыйақысы
1. Уақытша әкімшінің және уақытша басқарушының негізгі сыйақысы оңалту рәсімін қолдану немесе банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берген борышкердің немесе кредитордың қаражаты есебінен төленеді.
Негізгі сыйақының мөлшері борышкер немесе кредитор мен әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлға арасында жасалған, уақытша әкімшінің немесе уақытша басқарушының өкілеттіктерін жүзеге асыру туралы келісімде айқындалады және уәкілетті орган белгілеген ең төмен шектен төмен болмайды.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген келісім оңалту рәсімін қолдану немесе банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берілгенге дейін жасалады және оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылған күннен бастап күшіне енеді.
Борышкер немесе кредитор уақытша әкімшінің немесе уақытша басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін уәкілетті орган белгілеген ең төмен шектен жоғары белгілеуге құқылы.
Оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі қолданылған жағдайда, уақытша әкімшіге немесе уақытша басқарушыға негізгі сыйақы төлеген кредиторға төленген қаражат мөлшеріндегі сома борышкердің мүлкі есебінен өтеледі.
Егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса, онда уақытша басқарушының негізгі сыйақысын төлеу:
1) егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында осы Заңның 110-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар анықталса – осы Заңның 110-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті орган белгілеген ең төмен шек мөлшерінде;
2) егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында осы Заңның 110-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар анықталмаса, уәкілетті орган белгілеген ең төмен шек мөлшерінде борышкердің мүлкі есебінен жүзеге асырылады.
2. Банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысының ең төмен және ең жоғары шектерін уәкілетті орган белгілейді.
Банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін уәкілетті орган белгілеген шекте кредиторлар жиналысы айқындайды.
Осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген рәсімді жүргізу мерзімінен асып кеткен кезде банкроттықты басқарушының негізгі сыйақысы азайтылуға жатады және:
банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі тоғыз айдан асқан айдан кейінгі айдан бастап – кредиторлар жиналысының шешімі негізінде белгіленген негізгі сыйақы мөлшерінің жетпіс бес пайызы;
банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі екі жылдан асқан айдан кейінгі айдан бастап – кредиторлар жиналысының шешімі негізінде белгіленген негізгі сыйақы мөлшерінің елу пайызы мөлшерінде төленеді.
Оңалтуды басқарушының негізгі сыйақысының мөлшерін кредиторлар жиналысы айқындайды.
3. Банкроттықты басқарушыға қосымша сыйақы:
1) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жиырма бес пайызынан аз қанағаттандырылған жағдайда – талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың бір пайызы мөлшерінде;
2) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жиырма бестен елу пайызына дейін қанағаттандырылған жағдайда – талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызы мөлшерінде;
3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының елуден жетпіс бес пайызына дейін қанағаттандырылған жағдайда – талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың үш пайызы мөлшерінде;
4) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлар талаптарының жетпіс бес пайызынан жоғары қанағаттандырылған жағдайда – талаптарды қанағаттандыруға бағытталған соманың төрт пайызы мөлшерінде борышкердің мүлкінен төленеді.
Егер осы тармақтың үшінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың мақсаттары үшін кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторлардың талаптары деп тізілімнің екінші, үшінші, төртінші және бесінші кезектеріне жатқызылған талаптар түсініледі.
Банкроттықты басқарушының қосымша сыйақысын есептеу кезінде осы Заңның 104-1-бабына сәйкес қанағаттандырылған кепілді кредиторлар талаптарының мөлшері, сондай-ақ құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы сот актісінің орындалуы нәтижесінде банкроттың мүліктік массасына түскен сомалар есепке алынбайды.
Банкроттықты басқарушының қосымша сыйақысы бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары толық көлемде қанағаттандырылған жағдайда төленуге жатады.
4. Банкроттықты басқарушы қосымша сыйақы сомасын есепке жатқызу үшін борышкердің арнайы банктік шотын ашуға міндетті.
Арнайы банктік шотқа түсетін ақша банкроттық рәсімін аяқтау туралы заңды күшіне енген сот ұйғарымы негізінде банкроттықты басқарушының қызметін жүзеге асырған тұлғаның алуына жатады.
Арнайы шот осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ақша алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушының қызметін жүзеге асырған тұлғаның өтініші бойынша жабылуға жатады.
5. Оңалтуды басқарушының қосымша сыйақысы оңалту рәсімінің мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда кредиторлар жиналысы айқындаған мөлшерде төленуге жатады.
6. Кредитор өзінің талаптарын қанағаттандыруға бағытталған қаражат есебінен банкроттықты басқарушыға сыйлықақы төлеуге құқылы. Сыйлықақының мөлшері мен оны төлеу тәртібін кредитор дербес айқындайды.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңалту және банкроттық саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген функцияларды және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) әкімші қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдар хабарламалары тізілімін жүргізеді;
1-1) әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар түлғалардың тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады;
1-2) салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға таңдаған тұлғаны уақытша басқарушы етіп тағайындайды;
1-3) егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса, уақытша басқарушыны таңдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды және банкроттықты басқарушы етіп тағайындайды;
3) оңалтуды және банкроттықты басқарушыны шеттетеді;
4) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) оңалтуды басқарушының оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы, уақытша басқарушының, банкроттықты басқарушының банкроттық рәсiмiнің жүргiзілу барысы туралы ағымдағы ақпаратын қарайды;
6) оңалтуды және банкроттықты басқарушылардың қорытынды есебiнiң нысандарын бекiтедi;
7) санацияға қатысушыдан растайтын құжаттарды сұратады;
8) борышкердiң мүлкiн сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
9) осы Заңда көзделген жағдайда банкроттың мүлкін уақытша басқарушының сатуын келіседі;
10) құқық қорғау органдарына әдейі банкроттық белгілерінің болуын көрсететін қолда бар деректер туралы хабарлайды;
11) әкiмшiнiң әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;
12) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезінде жасалған мәмiлелердi анықтау бойынша шаралар қолданады;
13) әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалардың тізімін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру, оңалтуды және банкроттықты басқарушыларды тағайындау мен шеттету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
15) мемлекеттiк органдардан, заңды тұлғалардан және олардың лауазымды адамдарынан оңалту немесе банкроттық рәсімі қолданылған борышкерлер туралы ақпаратты сұратады және алады;
16) уақытша және банкроттықты басқарушыларға банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынады;
17) осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшінің шешiмдерi мен әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) сотта даулайды;
18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
19) заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және олар туралы iстердi қарайды, өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолданады;
20) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
21) өз құзыреті шегінде берешекті қайта құрылымдау, оңалту, банкроттық және банкроттық рәсімін қозғамай тарату рәсімдерін енгізу, жүргізу және тоқтату бойынша түсіндірме мен комментарийлер береді;
22) уақытша әкімшінің, уақытша басқарушының және оңалтуды басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы, сондай-ақ оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы ескеріле отырып, банкроттықты басқарушының борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысының үлгілік нысандарын бекітеді;
23) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
23-1) алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
23-2) біліктілік емтиханын өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.11.2015 № 399-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
16-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы
1. Уәкілетті орган мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдар оңалту және банкроттық саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша міндеттерді орындауда уәкілетті органға жәрдем беруге міндетті.
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен электрондық тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Заңды 16-1-баппен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |