Оңалту және банкроттық туралы



бет2/6
Дата05.07.2016
өлшемі1.36 Mb.
#180838
1   2   3   4   5   6



30-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi
Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң жүзеге асырылу ұзақтығы екi жылдан аспауға тиiс. Сот борышкердiң өтiнiшi бойынша рәсiмнiң жүзеге асырылу мерзiмiн кредиторлар жиналысының келiсiмiмен ұзартуға, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.

Борышкерге мемлекеттiк қолдау шаралары қолданылған жағдайда, сот бекiтiлген оңалту жоспарына сәйкес рәсiмнің мерзiмiн белгiлейдi.


31-бап. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсiмiн қолдану

туралы өтiнiшi


1. Төлем қабiлеттiлiгін қалпына келтіру, төлем қабiлетсiздiгі басталуының алдын алу мүмкiндiгi бар болған кезде борышкер жеделдетілген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

2. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi. Оған құрылтайшылық құжаттарына сәйкес борышкердің басшысы не оны ауыстыратын адам қол қояды.

3. Борышкердiң өтiнiшiнде:

1) өтiнiш берiлетiн соттың атауы;

2) кредиторлық берешек сомасы туралы мәлiметтер;

3) кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы ақпарат;

4) алдағы төлемдердi уақтылы өтеу мүмкiн еместiгiнiң себептерiн қоса алғанда, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi;

5) борышкердегі бар мүлiк, оның iшiнде кепіл ауыртпалығы салынып, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингтегі мүлiк туралы, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәлiметтер;

6) борышкердiң орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтер;

7) шешiмдердi қабылдау үшін қажетті ақпаратты кредиторлар алдында ашу туралы борышкердiң жазбаша мiндеттемесi;

8) оңалту жоспарына енгiзiлмеген бiртектi кредиторлар топтарына жататын кредиторлардың кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде тиесiлi төлемдердi алатыны және ұсынылған оңалту жоспары олардың құқықтарын өзгертпейтiнi және қозғамайтыны туралы борышкердiң мiндеттемесi;

9) қоса берiлетiн құжаттардың тiзбесi қамтылуға тиіс.

Егер борышкер өзге де мәліметтер сотта iстi қарау үшін қажет деп есептесе, борышкердiң өтiнiшiнде олар көрсетiлуi мүмкiн.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4), 5), 6) және 8) тармақшаларының талаптары мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.

4. Жеделдетілген оңалту рәсiмiне бастамашылық ету жөнiндегi шығыстар борышкердiң қаражаты есебiнен жабылады.

5. Борышкердiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:

1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;

2) берешектiң болғанын не оның басталғанын, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн растайтын басқа да құжаттарды;

3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.

Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкер мұндай шараларға қатысушының мәртебесiн растайтын құжатты қосымша ұсынады.

Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.

6. Борышкердiң өтiнiшiне:

1) оңалту жоспары;

2) берешек сомасы, оның пайда болған күнi көрсетiлген және бiртектi кредиторлардың топтары бойынша бөлiнген кредиторлар тiзбесi;

3) отырыстың хаттамасы және (немесе) талаптарының сомасы оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлардың әрбiр тобы (топтары) талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы жазбаша растауы;

4) соттар iс жүргiзуге қабылдаған борышкерге қатысты қуынымдар, сондай-ақ даусыз (акцептісiз) есептен шығарылуға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;

5) егер кредиторлар мұндай органды оңалту жоспарын қарау және келiсу кезеңiнде құрса, кредиторлар органы мүшелерiнiң тiзiмi;

6) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi қоса берiледi.

Осы тармақтың бірінші бөлігі 2), 3) және 4) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.

7. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн барлық құжаттарға өтiнiш берген адам қол қояды және олар мөрмен куәландырылады.

8. Егер:

1) борышкер осы Заңның 29-бабында белгiленген шарттарға сәйкес келмеген;

2) өтiнiш осы бапта белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, сот борышкердiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшін қарамастан қайтарады.
32-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс бойынша iс

жүргiзудi қозғау және оның салдардары


1. Осы Заңның 31-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiштi алысымен, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей iс қозғау туралы ұйғарым шығарады.

2. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалған кезден бастап:

1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс пайдалануға және өткізуге тыйым салынады;

2) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредиторлардың, сондай-ақ борышкер мүлкiнiң меншiк иелерiнiң (олар уәкiлеттiк берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің мүлкiне қатысты қуынымдары бойынша соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешiмдерiн орындау жеделдетiлген оңалту рәсімін тоқтату туралы сот шешім шығарғанға дейін тоқтатыла тұрады;

3) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iстерді қозғауға жол берiлмейдi;

4) борышкер мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алған жағдайда кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;

5) борышкер оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобының әрбiр кредиторына iс бойынша iс жүргiзудiң қозғалғаны туралы хабарламаны бес жұмыс күнi iшiнде жiберуге мiндеттi;

6) кредиторлар хабарламада көрсетiлген кредиторлық берешек сомаларымен келiспеген жағдайда, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi қарайтын сотқа хабарлама алған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде қарсылық жiберуге құқылы;

7) жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторлардың талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептiсiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптар бойынша борышкердiң банктiк шоттарынан ақшаны өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкер мүлкiнен өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.

3. Борышкер кредиторларға жiберетiн хабарламада:

1) жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс қозғалғаны туралы ақпарат;

2) жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс қозғау туралы ұйғарымды шығарған соттың атауы және оның орналасқан жерi;

3) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшке қоса берілген құжаттарда көрсетiлген кредиторлар талаптарының сомасы, сондай-ақ жеделдетiлген оңалту рәсiмiне қатысатын бiртектi кредиторлар тобы (топтары) талаптарының жалпы сомадары;

4) көрсетiлген кредиторлық берешек сомаларымен келiспеген жағдайда, кредитордың хабарламаны алған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде сотқа қарсылық беру мүмкіндігі туралы ақпарат қамтылуға тиiс.

4. Борышкер жеделдетiлген оңалту рәсiмi туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде хабарландырулардың көшiрмелерiн, кредиторлардың хабарламаларды алғанын не кредитордың орналасқан жерi бойынша болмау себебiнен оларды табыс ету мүмкiн болмағанын растай отырып, хабарламалардың түпнұсқаларын сотқа ұсынуға тиiс.
33-бап. Iстiң сотта қаралуы
1. Қазақстан Республикасының азаматтық сот iсін жүргiзу заңнамасында көзделген iс-әрекеттерден басқа, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi сот талқылауына дайындау кезiнде сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторларды және прокурорды iстiң сотта қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етедi.

2. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ ол қозғалғаннан кейiн күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмей, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.

Сот жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi iс қозғалған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде қарауға тиiс.

3. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi алдын ала дайындау мерзiмi iс қозғалған кезден бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиiс.

4. Сот мынадай шарттар орындалғанда:

1) сот талқылауы барысында борышкер төлем қабiлетсiздiгiн не орындау мерзiмi таяу он екi айда басталатын ақшалай мiндеттемелердi орындаудың мүмкiн еместiгiн дәлелдеген;

2) борышкер iс бойынша iс жүргiзудiң қозғалғандығы туралы кредиторларды хабардар ету жөніндегі талаптарды толық көлемде орындаған;

3) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдануға келiсiм бермеген кредиторлардың мүлiктiк мүдделерi оңалту жоспарында ескерiлген;

4) оңалту жоспарын мақұлдаған кредиторлардың талаптары бiртектi кредиторлардың тиiстi тобы (топтары) талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын құраған кезде жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы сот шешiмi шығарылады.

Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) және 4) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.

5. Сот шешiмi:

1) борышкердiң атауын, оның орналасқан жерiн, банктiк шоттары туралы мәлiметтердi, бизнес сәйкестендiру нөмiрiн, басшысының тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде), телефонның байланыс нөмiрiн;

2) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы нұсқауды;

3) мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану жағдайларын қоспағанда, оңалту жоспарын бекiту туралы нұсқауды;

4) жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi туралы мәлiметтердi;

5) оңалту жоспарына енгiзiлген кредиторлар тiзбесiн;

6) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобы (топтары) талаптарының сомасын;

7) осы Заңда көзделген жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану салдарының басталуы туралы нұсқауды;

8) борышкердiң оңалту жоспарын орындау нәтижелерi бойынша қорытынды есеп ұсынуы туралы нұсқауды қамтуға тиiс.

6. Сот:


1) сот талқылауы барысында борышкер төлем қабiлетсiздiгiн және (немесе) алдағы төлемдердi уақтылы өтеу мүмкiндiгi жоқтығын растамаған;

2) борышкер осы Заңның 32-бабы 4-тармағының талаптарын орындамаған және борышкер кредиторды оның орналасқан жерi бойынша болмауы себебінен хабардар етудiң мүмкiн болмағанын дәлелдемеген;

3) кредиторларға жiберiлген iс бойынша iстi қозғау туралы хабарламалар осы Заңның 32-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;

4) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдануға келiсiм бермеген кредиторлардың мүлiктiк мүдделерi оңалту жоспарында ескерiлмеген;

5) оңалту жоспарына келiсiм берген бiртектi кредиторлар тобына жатпайтын кредиторлардың құқықтарын оңалту жоспары өзгертетін және қозғайтын;

6) борышкер ұсынған құжаттар оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлардың әрбiр тобы талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын бiлдiретiн кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағанын растамаған жағдайларда жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартады.

Осы тармақтың бірінші бөлігі 5) және 6) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
34-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмi кезіндегі кредиторлар

жиналысы
1. Кредиторлардың алғашқы жиналысы жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы сот шешiмi шығарылған кезден бастап бiр айдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде өткiзiлуге тиiс.

2. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге жеделдетiлген оңалту рәсiмi қолданылған жағдайда, борышкердiң жоғарыда көрсетілген шаралар шеңберiнде қалыптастырылған кредиторлар органдарына кредиторлар жиналысы мен комитетiнiң осы Заңда белгiленген өкiлеттiктерi қолданылады.

3. Кредиторлардың жиналыстарын, кредиторлар комитетiнiң отырыстарын өткiзу, кредиторларды хабардар ету жөнiндегi шығыстар борышкердiң қаражаты есебiнен жабылады.

4. Кредиторлар жиналысының ерекше құзыретiне:

1) кредиторлар комитетiн құру туралы шешім қабылдау;

2) кредиторлар комитетiнiң санын айқындау және кредиторлар комитетінің құрамы мен төрағасының кандидатурасын бекiту;

3) кредиторлар комитетiнiң құрамына өзгерiстер енгiзу;

4) оңалту жоспарына өзгерiстер мен толықтыруларды келiсу;

5) кредиторлар комитетi мүшелерiнiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткiзуі тәртiбiн айқындау;

6) оңалту жоспарында көзделмеген кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс мәмiлелердi келiсу;

7) жеделдетiлген оңалту рәсiмiнің мерзімін ұзартуға келісім беру;

8) қорытынды есепті келісу;

9) осы Заңда көзделген өзге де өкiлеттiктер жатады.


35-бап. Оңалту жоспары
1. Оңалту жоспары борышкердiң төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру (оңалту шаралары), орындау мерзiмi басталмаған мiндеттемелердi өтеу мүмкiн еместiгiне байланысты төлем қабiлетсiздiгінiң туындауын болғызбау жөніндегі нақты iс-шараларды және жеделдетiлген оңалту рәсiмiне қатысатын бiртектi кредиторлар топтары алдындағы берешектi өтеу және (немесе) алдағы төлемдер кестесiн қамтуға тиiс.

Оңалту жоспарына өзгерiстер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келiсiмiмен енгiзiледi және оны сот бекiтедi.

2. Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу арқылы мүлiкті (активтерді) сатуды, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға берудi, негiзгi борыш сомасының бiр бөлiгiн есептен шығаруды, өсiмпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға айырбастауды, бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердiң төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған кез келген ұйымдық-шаруашылық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де iс-шараларды қамтуы мүмкiн.

3. Егер оңалту жоспары ақша тарту көзi ретiнде кредиттер (микрокредиттер) алуды қамтыған, сондай-ақ мемлекеттiк қолдау шараларын көздеген жағдайда, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға арналған шарт не қаржы ұйымының (микроқаржы ұйымының) оң шешiмi не мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алғандығын растайтын құжат қоса беріледi.


36-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданудың және оңалту жоспарын бекiтудің салдарлары
1. Сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешiм шығарған және оңалту жоспарын бекiткен кезден бастап мынадай салдарлар басталады:

1) кредиторлар жиналысының немесе борышкерге мемлекеттiк қолдау шараларын қолдану кезiнде құрылатын кредиторлардың өзге органдарының келiсiмiнсiз, оңалту жоспарында көзделгендердi қоспағанда, борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;

2) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредиторлардың, сондай-ақ борышкер мүлкiнiң меншiк иелерiнiң (ол уәкiлеттiк берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкер мүлкiне қатысты қуынымдары бойынша соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;

3) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;

4) борышкерге мемлекеттiк қолдау шаралары қолданылған жағдайда, кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;

5) жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторлардың талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.

2. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi iшiнде борышкер әр айдың 15-iнен кешiктiрмей алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргiзiлген мәмiлелер туралы ақпаратты кредиторлар комитетiнiң назарына жеткiзуге, кредиторлар комитетiнiң талабы бойынша кез келген ақпаратты ұсынуға мiндеттi.

3. Оңалту жоспарына енгізілген кредиторлармен есеп айырысулар оңалту жоспарында көзделген өтеу кестесiне сәйкес жүзеге асырылады.

4. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылмаған, қалған кредиторлармен есеп айырысулар кәдiмгi коммерциялық операциялар шеңберiнде жүргізеді.
37-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн тоқтату
1. Сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiн:

1) кредиторлар жиналысымен келiсiлген қорытынды есеп ұсынылған;

2) егер мерзiмдi ұзарту үшiн негiз болмаса, жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi өткен;

3) кредиторлар жиналысының шешiмi негiзiнде жиналыс уәкiлеттiк берген тұлғаның өтiнiшi бойынша оңалту жоспарын орындау кезiнде, сондай-ақ осы Заң нормаларын бұзушылықтар анықталған;

4) өтеу кестесiн үш айдан астам мерзiм iшiнде орындамаған борышкерге қатысты кредитор өтiнiш берген;

5) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына жатпайтын кредитордың не талаптары жеделдетiлген оңалту рәсiмiн өткiзу кезеңiнде туындаған кредитордың өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғалған;

6) құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған және (немесе) оңалту жоспарында ескерілмеген, оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кіретін кредитор өтiнiш берген жағдайларда тоқтатады.

2. Жеделдетілген оңалту рәсiмi тоқтатылған кезден бастап осы Заңның 36-бабында белгіленген шектеулер алып тасталады, кредиторлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құқықтарын іске асыруды жүзеге асырады.

4-тарау. ОҢАЛТУ НЕМЕСЕ БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕРДI СОТ ТӘРТIБIМЕН ҚАРАУ
38-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау тәртiбi
1. Осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу борышкердің өтініші негізінде сотта қозғалады.

Борышкердің банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге де құқығы бар.

2. Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның
5-бабында көзделген негіздер болған кезде – борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда – прокурордың, осы Заңның 82-бабында көзделген жағдайда оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.

3. Борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтінішін сотқа беру құқығына салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты – салық және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредитор-жеке және заңды тұлғалар ие болады.

4. Сот оңалту рәсiмiн қолдану туралы немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі.

5. Борышкер, оңалтуды басқарушы берген банкрот деп тану туралы өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарып алынбайды. Осы Заңның


82-бабында көзделген негіздер бойынша өтiнiш берiлген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiштерін олар борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.
39-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар
Мыналар:

1) борышкер;

2) кредиторлар;

3) кредиторлардың еңбекақы төлеу жөнiндегi өкiлi;

4) прокурор;

5) борышкер мүлкiнiң меншік иесi немесе ол уәкiлеттiк берген тұлға;

6) уәкiлеттi орган;

7) уақытша басқарушы;

8) оңалтуды басқарушы оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар бола алады.
40-бап. Борышкердiң өтiнiшi
1. Борышкер оңалту рәсімін қолдану немесе өзiн банкрот деп тану туралы:

1) заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген органының;

2) борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген органның шешiмi негiзiнде сотқа жүгiнуге құқылы.

2. Борышкер осы Заңның 11-бабы 2-тармағының


1) – 3) тармақшаларында белгіленген жағдайларда өзін банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.
41-бап. Борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны
1. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi. Оған борышкер – заңды тұлғаның басшысы не құрылтайшылық құжаттарына сәйкес оны ауыстыратын адам қол қояды.

2. Борышкердiң өтiнiшi:

1) өтiнiш берiлетiн соттың атауын;

2) кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесiн;

3) онда бар мүлiк, оның iшiнде кепiл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингідегі мүлiк, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердiң орналасқан жерi туралы мәлiметтердi, орналасқан жерлерi мен берешек сомалары көрсетiлген дебиторлар тiзбесiн;

4) орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтердi;

5) қызметiнiң табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкердiң тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатыны туралы ақпаратты;

6) қоса берiлетiн құжаттар тiзбесiн қамтуға тиiс.

Борышкердiң өтiнiшiнде, егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшін қажет болса, өзге де мәлiметтер, сондай-ақ өтiнiш берушiде бар өтінішхаттар көрсетiлуi мүмкiн.

Борышкер сотқа өтініш берумен бір мезгілде уәкiлеттi органға өтiнiштiң және оған қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерiн жiберуге мiндеттi.


42-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн құжаттар
1. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне:

1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;

2) берешегінiң бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн;

3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.

2. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне, сондай-ақ:

1) борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, оның мүлкінің меншік иесінің, ол уәкілеттік берген органның немесе құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;

2) соңғы үш жылдағы және өтiнiш берген кезге қаржылық есептiлiк, көрсетiлген кезеңдегі борышкердiң барлық мiндеттемелерi бойынша салық есептiлiгі, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнi көрсетіле отырып (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі), барлық кредиторлар мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы);

3) еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлардың банкроттық туралы iске қатысу үшiн олардың өкiлi жасырын дауыс беру арқылы сайланған жиналысының (конференциясының) хаттамасы;

4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi;

5) егер борышкер табиғи монополия субъектiсi болып табылған жағдайда, табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде ұсынатын қорытындысы;

6) егер борышкер тиiстi тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылған жағдайда, монополияға қарсы органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде беретiн қорытындысы;

7) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер қоса берiледi.

3. Осы баптың 2-тармағының 1), 3) және 7) тармақшаларында көзделгендердi қоспағанда, оңалту рәсiмiн тоқтату және борышкердi банкрот деп тану туралы оңалтуды басқарушының өтiнiшi осы баптың
1 және 2-тармақтарында көзделген мәлiметтер мен құжаттарды қамтуға тиiс.

4. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:

1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;

2) берешегінің бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн не ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi таяу он екi айда басталған кезде оларды орындай алмайтын жағдайда болатын төлем қабiлетсiздiгі қаупiн;

3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.

5. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне сондай-ақ:

1) борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;

2) соңғы үш жылдағы қаржылық есептiлiк, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнiн көрсете отырып, барлық кредиторлор мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы), сондай-ақ өтiнiш берiлген кездегi активтер, мiндеттемелер мен меншiк капиталы туралы мәлiметтердi қамтитын қаржылық жағдайы туралы мәлiметтер (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі);

3) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;

4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi қоса берiледi.


43-бап. Борышкер өтiнiшiнiң қаралмай қайтарылуы
1. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану немесе банкрот деп тану туралы, осы Заңның 41 және 42-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштiң қаралмай қайтарылуына негiз болып табылады.

2. Борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну осы Заңға сәйкес мiндеттi болып табылған және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса берілмеген жағдайларда, мұндай өтiнiштi сот iс жүргiзуге қабылдайды, ал жеткiлiксiз құжаттарды сот талқылуына iстi дайындау тәртiбiмен сот сұратып алады.


44-бап. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi
1. Банкроттық туралы iс азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер бойынша кредитордың (кредиторлардың) өтiнiштерi негiзiнде қозғалуы мүмкiн.

2. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшiнде:

1) өтiнiш берiлiп отырған соттың атауы;

2) борышкер дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе борышкер заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;

3) кредитор (кредиторлар) жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе кредитор (кредиторлар) заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;

4) борышкердiң кредитор (кредиторлар) алдындағы оның талабы туындаған мiндеттемесi, бұл мiндеттеменiң орындалу мерзiмi;

5) осы кредитордың (кредиторлардың) борышкерге қойған талаптарының мәнi мен сомасы;

6) мiндеттеме бойынша берешектің және осы сомаға есептелген сыйақының (мүдденің), борышкерден өндiрiп алуға жататын тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсiмпұлдың) және залалдың сомасы;

7) кредитор (кредиторлар) талаптарының белгiленген құқықтық негiздерi (сот шешiмi, бұл талаптарды борышкердiң тануы, ал олар болмаған кезде – кредитор (кредиторлар) талаптарының негiздiлiгiн және олардың сомаларын растайтын дәлелдемелер);

8) борышкердегі мүлiк туралы кредиторға (кредиторларға) белгiлi мәлiметтер;

9) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген кезде борышкердің жоқ екендігі туралы ақпарат;

10) қоса берілетiн құжаттар тiзбесi;

11) борышкерге талаптар қойып жүгінуінің дәлелі;

12) егер банкроттық туралы iстi қарау үшiн қажет болса, өзге де мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.

3. Кредитор (кредиторлар) сотқа өтініш берумен бір мезгілде өтiнiштiң және оған қоса берілетiн құжаттардың көшiрмелерiн борышкерге, уәкiлеттi органға жiберуге мiндеттi.

4. Кредитордың (кредиторлардың) осы баптың 2 және


3-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтiн, сондай-ақ қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген өтiнiшiн сот қарамастан қайтарады.
45-бап. Кредитордың өтінішіне қоса берілетін құжаттар
1. Кредитордың борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:

1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;

2) кредитордың өтiнiшi мен оған қоса берілетін құжаттар көшiрмелерінiң борышкерге және уәкiлеттi органға жiберiлгенiн;

3) борышкердiң кредитор алдындағы мiндеттемелерiн, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешектiң бар екендігін және сомасын;

4) кредитор талаптарының (атқару құжаттары, соттың шешiмi немесе кредитор талаптарын борышкердiң жазбаша түрде тануы) негізділігін;

5) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген жағдайларда, борышкердің жоқ екендігін растайтын құжаттарды;

6) кредитордың өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледi.

2. Кредитордың салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөніндегі өтінішіне, егер мынадай:

1) борышкерде активтердің болмауы;

2) борышкерде жарамсыз деп танылуға жататын мәмілелердің болмауы;

3) борышкердің осы Заңның 11-бабы 2-тармағының
1) – 4) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндетіне кіретін лауазымды адамдарында активтердің болмауы сияқты мән-жайлардың жиынтығы болса, банкроттық туралы іс қозғалуына және банкроттық рәсімінің өткізілуіне байланысты әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы өтінішхат қоса беріледі.
46-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын бiрiктiру
1. Кредитор әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойылған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқылы.

2. Кредиторлар борышкерге қойған өздерінің талаптарын бiрiктiруге және сотқа бiр өтiнiшпен жүгiнуге құқылы. Мұндай өтiнiшке өздерінің талаптарын бiрiктiрген кредиторлар қол қояды.


47-бап. Прокурордың өтінішi
1. Прокурор:

1) ол әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда;

2) кредитор – Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнінен туындамаса, прокурордың өтінішi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптар сақтала отырып берiледi.


48-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзудi

қозғау
1. Осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, оңалту рәсiмiн қолдану немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал осы Заңның 53-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.

Iс қозғау туралы ұйғарым мүлiкке құқықты тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдардың осы Заңның 50-бабының
1-тармағында көзделген шектеулердi қолдану туралы мiндетiн қамтуға тиiс.

2. Соттың iс қозғау туралы ұйғарымының көшiрмелерiн слт борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк алқасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық атқарушылық iс жүргiзу органына жiбередi.

3. Сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ұйғарымды шығару күніне олар туралы мәліметтер орналастырылған, уәкілетті органда тіркелген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады.

Уақытша басқарушының кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.

4. Уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:

1) уақытша басқарушының тағайындалған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы іс қозғау туралы хабарландыруды жіберуі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлардың талаптарды қазақ және орыс тілдерінде мәлімдеу тәртібі туралы;

2) уақытша басқарушының осы Заңның 90-бабында белгіленген тәртіппен кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.

Егер банкроттық туралы іс кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған жағдайда, уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:

1) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде оның борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыруы және сотқа уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ұсынуы туралы;

2) уақытша басқарушының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қорытындыны сотқа ұсыну күні туралы нұсқауды қамтуға тиіс.

5. Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша басқарушыны шеттетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет