Сабақтың тақырыбы: Санды өрнектер және әріпті өрнектер. (М-1, 100-101 беттер).
Сабақтың мақсаттары:
Білімділік:
- санды және әріпті өрнектер жайында түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік:
- өзіндік іс-әрекетке оқушыларды бейімдеу.
Дамытушылық:
- салыстыру жүргізуге бейімдеу.
Бірінші оқу-тәрбие мезетінде санды және әріпті өрнектер жайында түсінік беру және сәйкес терминдерді енгізу 1,2 жаттығулар арқылы жүзеге асырылды. Осы уақытқа дейін оқушылар өрнектің мысалдарымен таныс болғандықтан, тірек білім еске түсіріліп тиянақталды. Өйткені осы мезеттегі, білім мазмұнынан оқытудың әдісі ретінде проблемалы баяндаудың тиімдірек болатыны туындап отыр. Ал бұл әдіс тәрбиелік және дамытушылық мақсаттардың да оң шешілуін қамтамасыз етеді, себебі оқушылар өзіндік іс-әрекетке белсенді қатыстырылады және ақыл-ой әрекеттері мен амалдарды орындауға мүмкіндік туады.
- Мұғалім: 6 мен 4 сандарының қосындысын және 10 мен 7 сандарының айырмасын жазуды ұсынады.
- Оқушы: 6+4 және 10-7 жазуларын орындайды. Әр өрнекте балаларға оқытқан жөн. Бірінші өрнек қосынды, ал екінші айырма екендігіне және қосылғыштар, азайғыш пен азайтқыштың сандар екеніне назар аударылуы тиіс.
- Мұғалім: Бұлар санды өрнектер деп хабарлайды, яғни орындалған жазулардың атауы ретіндегі термин енгізіледі.
- Оқушы: Ауызша өрнектердің мәндерін есептей табады.
Демек өрнек, қосынды, айырма, санды өрнек сияқты тірек білім болып табылатын терминдер еске түсірілді, енгізілді және тиянақталды. Бұларсыз әріпті өрнек ұғымын енгізу мүмкін емес.
- Мұғалім: Әңгімесін жалғастырады. Балалар мен бір сан ойладым. Ойлаған сан мен 4-тің қосындысын жазып көрсетуге, ал 4 пен ойлаған санның қосындысын ше? Ойлаған сан мен 4-тің айырмасын ше? 4-пен ойлаған санның айырмасын ше?
- Оқушы: Болады, болмайды, білмейміз, ойланайық сияқты сөздер айтты. Сонымен мұғалімнің әңгімесі оқушыларды проблемалық жағдайдың туғандығына әкелді, тығырыққа тіреді.
- Мұғалім: Кімнің қандай ұсынысы бар? Ізденіс, болжам айту, талқылау. Болжамды құптау немесе теріске шығару. Проблеманы шешумен байланысты ұжымдық іс-әрекет туындады.
- Оқушы: Оқушылардың бірі ойлаған санды белгісімен таңбалауды ұсынды. Проблеманы шешудің кілті табылды.
- Оқушы: + 4; 4 + , - 4; 4 - ;жазуларын орындады. Проблема шешілді.
- Мұғалім: Балалар, математикада белгісіз санның орнына әріп жазады. Сондықтан “ “ белгісін а әріпімен таңбалаңдар да жазуды өзгертіп қайтадан жазыңдар.
- Оқушы: а+4; 4+а; а-4;4-а жазуларын дәптерлеріне орындады.
- Мұғалім: Бұлар әріпті өрнектер деп хабарлайды, демек проблеманы шешу барысында сабақтың негізгі білімділік мақсаты “әріпті өрнектер” жайында түсінікпен оқушылар танысты. Осы өрнектерді балаларға біртіндеп оқыта отырып, әр өрнекте а әрпі және 4 саны бар екеніне, өрнектер айырма немесе қосынды деп аталатынына және қосу не азайту амалдарымен байланысты екеніне назар аударылады.
Екінші оқу-тәрбие мезетінде 3-жаттығу бойынша оқушылардың өзіндік жұмысы ұйымдастырылады, әр түрлі математикалық обьектілердің ұқсастығы мен айырмашылығы, яғни ортақ белгілері мен өзіндік ерекше белгілері тағайындалып, сәйкес қорытындылар солардың негізінде жасалатындығы ескертіледі. Балалар а+4 және 5+4 өрнектерін салыстырады. Олардың ұқсастықтары неде екенін айтып береді. Олардың айырмашылықтарын анықтайды, оның неде екенін айтып береді. Осы сияқты 4-а және 9-4 өрнектерді салыстырылады. Осы тапсырмалар мен жұмыс кезінде оқыту әдісі ретінде оқушылардың өзіндік жұмысы қолданылды. Іле шала осы әдісті әңгімелесу әдісімен табиғи ұштастыруға болады. Мәселен, барлығы неше өрнек берілген? Ол өрнектерді неше топқа жіктемелеуге болады? Неліктен? Бірінші топта қандай өрнектер болады? Екінші топта ше? Санды өрнектер нешеу? Әріпті өрнектер ше? Қосындылар нешеу? Айырмалар нешеу? Азайғыштарды ата? Азайтқыштарды ата? Қосылғыштарды ата? Осы сұрақтарға біртіндеп оқушыларға жауап бергізуге білімді тиянақтай түседі.Сонымен бірге тәрбиелеу және дамыту міндеттерінің шешілуіне септігін тигізеді.
Үшінші оқу-тәрбие мезетінде 5,4 жаттығу бойынша жұмыс ұйымдастырылады. Осы білім мазмұнына сәйкес тиімді оқыту тәсілі оқушылардың өзіндік жұмысы мен әңгімелесу әдісінің үйлесімді қолданылуы, ал іс-әрекетті ұйымдастыру формасы - ұжымдық- үлестірімділік.
- Мұғалім: Оқулықтағы екі жаттығуды қатарынан оқып шығуды ұсынады. Оқулықтағы тапсырмадан кейінгі сұрақтарға жауап беруді талап етеді. Тапсырмалардың қайсысы есеп? Неліктен? Қайсысы есеп емес? Неліктен?
Сұрақтарға жауап беру оқушының күрделі ақыл-ой іс-әрекетімен, логикалық ойлау қабілетін дамытумен тікелей байланысты. Өйткені тапсырманы есеп деп ашу үшін есептің барлық мәнді белгілерін еске түсіру тиіс, ал есеп емес деп айту үшін сол мәнді белгілердің қайсысының орындалмай отырғанын дөп басу керек. Ал шығармашылық жаттығу да болжамның дұрыс немесе бұрыс екеніне көз жеткізу оқытудың практикалық әдісін қолдануды көздейді.
Екі тақырыпта жүргізілген сабақтардан келтірілген үзінділерде сөздік әдістердің қолданылуының тиімділігінің сапалық көрсеткіштеріне баса назар аударғанымызды ескертуді жөн көрдік. Өйткені бір ай бойы өткізілген математика сабақтарында зерттеліп отырған мәселе бойынша айғақтайтын нәтижелерге жеттік деп тұжырым айту орынды бола қоймас. Дегенмен практика кезінде жүргізілген сабақтар оқытудың мазмұны, әдістері және іс-әрекетті ұйымдастыру формалары бір–біріне тәуелді және өзара байланысты, өзара әсерлесетін оның құрамдас элементтері және сабақтың білімдік, тәрбиелік және дамытушылық мақсаттарынан туындайды деген қорытындыға келтірді. Сонымен бірге сөздік әдістер басқа оқыту әдістері мен алма-кезек немесе табиғи бірлікте немесе олардың элементі ретінде де қолданылуы мүмкіндігін көрсетті. Ал дамыта оқытуды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда салыстырмалы түрде сөздік әдістердің әңгімелесу, проблемалы баяндау және эвристикалық әңгімелеу түрлері тиімдірек екені байқалды. Бұл пікіріміздің дұрыстығын дәлелдейтін сандық дерек келтірейік.
Аптасына 4 сағаттан, бір айда барлығы 27 сабақ жүргізгенде әрдайым жоғарыда аталып өткен оқытудың сөздік әдіс түрлерін басымырақ қолдандық. Сонда алғашқы сабақтарда сөздік әдіс арқылы ұйымдастырылған оқу-танымдық іс-әрекетке сынып оқушыларының 20-ы ғана белсенді қатынасса (болжам немесе ұсыныс айту, жауап беруге бейім тұру, өздігінен жұмыс жасауға ынта білдіру, естігенін немесе көргенін, сондай-ақ ақыл-ойдан туындағандарын еркін айтып беруге атсалысу және т.б көрсеткіштер бойынша анықталған), педагогикалық практиканың соңына қарай бұл көрсеткіштің 38-ға жеткендігін байқадық. Демек, төл оқулықтардың жаңа толқынын мектеп тәжірибесіне енгізу жағдайында оқытудың ең тиімді әдістері ретінде оқушылардың өзіндік іс-әрекетін белсендірек ұйымдастыруға септігін тигізетіндерін іріктеп ашу керек деп бүтіндейміз. Ілгеріде мұғалімдік болашақ қызметімізде осы бағыттағы шығармашылық ізденісті жалғастырмақпыз.
Достарыңызбен бөлісу: |