Қожабаев жұмаділла ілиясұлы қазақстанның оңтүстік – шығысында тәлімі арпа өсірудің ғылыми негіздері



бет2/4
Дата29.02.2016
өлшемі1.01 Mb.
#32874
түріАвтореферат
1   2   3   4

3.3 Топырақтың қоректік режимі
Қоректік режимге жүргізілген бақылаулар механикалық өңдеулердің нәтижесінде қалыпты жағдайдағы ылғалдылығы мен органикалық қалдықтардың минералдану қарқындылығы жоғары жүретін сүрі танаптағы нитраттардың айрықша басымдылығын көрсетеді.

Атап айтсақ, арпа себер алдында топырақтың 0-40 см қабатындағы азоттың нитратты мөлшері сүрі жердегі егістікте орта есеппен 40,4 мг құраса, екінші дақылында 20,9 мг және үшінші дақылында ( 15,5 мг) әлденеше төмендеп, ал ең аз шамасы (10,2 мг) ауыспайтын егістікте тіркелген. Корреляциялық талдаудың нәтижелері топырақтағы нитраттың көктемгі деңгейі мен дән өнімінің арасындағы тығыз тәуелді байланысты дәлелдейді (r=0,71± 0,21).

Арпаның түптену кезеңіндегі анықтауда өсімдіктердің азотты болмашы пайдаланғаны байқалып, толық пісу мерзіміне қарай аталған алғы дақылдар бойынша оның мәні тиісінше 25,5; 11,3; 6,9 және 4,5 милиграмға теңелген. Осы шамалас заңдылықты фосфор-калий режимі жөнінен де айтуымызға сенімді деректер бар. Демек, таза сүрі жерден кейін орналасқан арпа егістігі бүкіл өсу кезеңі бойына басқа танаптармен салыстырғанда қоректік элементтермен әлдеқайда жаксы жабдықталады.

Сүрі танапқа енгізілген минералды тыңайтқыштардың әсерінен топырақтағы қоректік элементтердің жылжымалы түрлері көбейіп, арпа өсімдіктерінің қоректену жағдайлары жақсаратындығы белгілі.

Мысалы, тәжірибе танабына тыңайтқыштар енгізілгенге дейінгі нитраттың (40,3 мг/кг), жылжымалы фосфордың (23,2 мг/кг) және ауыспалы калийдің (550 мг/кг) бастапқы көлемін айта келіп, зерттеу үлгісіндегі P30 аясында берілген 30 кг азоттың арқасында топырақтың 0-40 см қабатындағы нитраттардың мөлшері түптену кезеңінде орта есеппен 1,8 мг, топырақты негізгі өңдеу алдында енгізілген 30 кг әсерлі зат дәрежесіндегі суперфосфаттың әсерінен арпа себер алдындағы жылжымалы фосфор 1,0-1,1 мг көтерілетіндігі анықталды.

Көктемде тұқыммен бірге қатарлап берілген P15 нұсқасындағы фосфор қышқылының шамасы да өсімдіктердің түптену кезеңінде өзінің тиісті өсімін тапқан.Ал егін жинар алдындағы топырақ үлгілеріне жүргізілген зертханалық талдаулар арпа өнімінің деңгейіне сәйкес егістік танабында қалған қоректік элементтердің нақты көлемін сипаттайды.

Жоғарыда айтылған жайларды түйіндей келсек, ылғалы жеткіліксіз тәлімі жердегі ауыспалы егістің сүрі танабына минералды тыңайтқыштар енгізу арпа егістігінің қоректік заттармен жабдықталуын жақсартып, өсімдіктердің өсу жағдайын оңтайландыра түсуге айтарлықтай негіз қалайды.
3.4 Тұқымның егістік өнгіштігі
Мәдени дақылдар тұқымының өнгіштігін көтеру ертеден-ақ көптеген зерттеушілердің басты назарына іліккен, бірақ бұл әсіресе кейінгі жылдары шешімін тағатсыз күткен өзекті мәселеге айналып отыр. Аграрлық ғылымның түрлі салаларының даму нәтижесінде тұқымның төмен өнгіштігінің кейбір себептерін айқындайтын маңызды фактілер анықталып, зертханалық және егістік өнгіштікті көтерудің жаңа жолдары қарастырылуда.

Егістіктегі дән өнімін құрауға қатысатын алаң бірлігіндегі өсімдіктер саны әрдайым тұқымның егістік өнгіштігіне тікелей бағынышты келеді. Сондықтан ылғалы жеткіліксіз тәлімі жер үшін оның аса құрғақ климатты жағдайында аталған көрсеткіштің құндылығы сөзсіз арта түспек.

Тәжірибедегі есептеулерге жүгінсек, тұқым сіңіру тереңдігіндегі топырақ ылғалдылығының шамамен бірдей болғанымен, басқа егістіктерге қарағанда сүрі жерге себілген жаздық арпаның егістік өнгіштігі біршама жоғары екендігі байқалады. Мәселен, 1979-1992 жылдар ішінде сүрі жердегі арпаның егістік өнгіштігі орта есеппен 74,3% құраса, ал екінші және үшінші дақылы мен танабы үздіксіз ауыспайтын егістіктерде тиісінше 72,0; 70,5 және 68,2% немесе 2,3; 3,8 және 6,1 пайызға кеміген. Мұндай құбылыс, біздің пікірімізше, ауыспалы егістегі алғы дақылдарға қарай топырақтың жыртылатын қабатының құрылымына және сүрі танап бетіндегі аңыздық қалдықтардың жоқтығына байланысты болуы керек.

Зерттелген жылдары тұқым себу мөлшері мен оның егістік өнгіштігінің арасында орнығатын кері тәуелділікті айта кетуіміз қажет, яғни себу мөлшері көбейген сайын тұқымның егістік өнгіштігі төмендей түседі және керісінше қайталануы ықтимал.

Атап айтсақ, себу мөлшерін гектарына 2-ден 5 млн. дәнге арттыру сүрі жердегі арпаның егістік өнгіштігін 6,2%, екінші дақылында 6,3%, үшінші дақылында 6,9 пайызға төмендеткен.

Сүрі танапта жүргізілген тәжірибедегі қоректену аясы мен аумағына қарай жаздық арпаның егістік өнгіштігін талдай келсек, тыңайтқышсыз нұсқадағы бұл көрсеткіштің орташа мәні 74,7% болса, 15 кг фосфорды тұқыммен бірге қатарлап енгізгенде 77,8%, Р30 аясында 79,0%, N30Р30 – 78,8 пайызға теңелген.

Көп факторлы тәжірибе нәтижелерін дисперсиялық талдау арпа тұқымының егістік өнгіштігі бірінші кезекте қоректену аумағы мен аясына (48,5-63,1%), сонан соң алғы дақылға (25,6-38,5%) қарай өзгеретіндігін көрсетеді.

Тәжірибедегі сыналған агротехникалық шараларға сәйкес жаздық арпаның егістік өнгіштігі жөніндегі деректерді жинақтай келе төмендегідей тұжырым жасауға болады. Аталған көрсеткіштің түзілу шамасы алғы дақылға, қоректену аумағы мен аясына қарай бірталай аралықта ауытқиды, дегенмен негізгі анықтаушы фактор ретінде тұқым сіңіретін тереңдіктегі топырақ ылғалы мен температурасын атауымыз қажет.


3.5 Тамыр жүйесінің дамуы
Тамыр жүйесінің қуаттылығы – топырақ ылғалдылығы мен құнарлылығын барынша пайдаланудың арқасында сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына өсімдіктердің төзімділігін арттырып, тіршіліктегі маңызды бірқатар органикалық қосылыстардың алғашқы синтезінде айтарлықтай қызмет атқаратын және өсімдіктердің жер бетіндегі мүшелерінің жоғары өнімділігін қамтамасыз ететін шешуші факторлардың бірі.

Өсімдіктердің даму сатысында бас өркен мен түптену өркеніндегі, әсіресе колеоптиль буынындағы буын тамырлардың барынша қарқынды қалыптасуы түптену-түтіктену кезеңінде байқалады. Түтіктену кезеңінен кейін ұрық тамырлар мен колеоптиль буындағы тамырлардың өсуі бірден әлсірегенімен, бірақ олардың тіршілігі дәннің сүттенген мезгіліне дейін тоқтамайды. Оның есесіне түтіктену – масақтану кезеңінде бас өркеннің буын тамырлары жанданып, өсуді ерекше үдете түседі. Арпа өсімдіктерді бас шығарғаннан соң тамырлардың дамуы өте баяу болса да, олардың өсуі дән толысқанға дейін жалғасады.

Тамырлардың тармақтану қарқындылығы олардың ең белсенді аймағы жөнінде дұрыс мағлұмат алуға мүмкіндік жасайды. Жүргізілген бақылаулар арпаның ұрық тамырларының барынша жедел тармақтануы түптену кезеңінде 5-25 см, түтіктенуде 15-35, масақтану мен сүттенуде 45-70 см тереңдікте өтетіндігін дәлелдейді. Ал 25-35 см тереңдіктегі топырақтың аса тығыздығынан тамырлардың тармақтануы өте әлсіресе, тереңдеген сайын кейінгі ылғалдырақ және мейлінше тығыздалмаған қабаттарда қайтадан арта түседі. Ылғал қоры азая келе топырақтың жоғары қабатындағы жанама тамырлардың біраз бөлігі тіршілігін тоқтатып, сол себепті қуаңшылық жылдары өсімдіктер дамуының соңғы кезеңдерінде тармақтану қарқыны күрт бәсеңдейді.

Біздің тәжірибеде алынған мәліметтер арпа өсімдіктерінің топырақтағы буын тамырларының дамуы алғы дақыл мен тұқым себу мөлшеріне, сондай-ақ нақты жылдың жауын-шашынмен қамтамасыз етілу дәрежесіне байланысты өзгеретіндігін айқын көрсетеді.

Зерттеу жүргізілген 1986-1992 жылдары гектарына 3 млн. дән себілген егістікте өсу кезеңі бойынша арпаның 1 өсімдікке шаққандағы буын тамырларының саны сүрі жерге себілген егістікте орта есеппен 16,0 данаға, арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылында 12,6, үшінші дақылында 10,8 данаға теңелсе, ал үздіксіз бір танапқа себілетін арпа егістігінде небары 6,5 дана тамыр түзілген (2-сурет).

Сүрі танаптағы арпаның 1 өсімдікке шаққандағы буын тамырларының саны егістікте қолданылатын минералды тыңайтқыштар мен тұқым себу мөлшеріне қарай түрліше қалыптасатынын дәлелдейді.




Сүрі жерге

егілген арпа


Арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылы



Арпаның сүрі жерден кейінгі үшінші дақылы

Ауыспайтын арпа егістігі

2-сурет – Алғы дақылға байланысты арпаның 1 өсімдігінде түзілген буын тамырлардың саны (3 млн. дән/га)

Толығымен алғанда, өсімдіктердің тамыр жүйесінің қарқынды дамуына тыңайтқыштардың барлық түрі себепші болады, әсіресе олардың тиімділігі азот пен фосфор тыңайтқыштарын бірге енгізген нұсқада жоғары екендігі байқалады. Мысалы, 1 өсімдікке шаққандағы буын тамырлардың саны орта есеппен бақылауда 11,3-15,4 данаға теңелсе, 15 кг түйіршіктелген суперфосфатты тұқыммен бірге қатарлап енгізгенде 12,5-16,8 немесе 1,2-1,4 дана, Р30 нұсқасында 13,4-17,6 немесе 2,1-2,2 дана, ал N30Р30 қоректену аясында 14,5-18,7 немесе 3,2-3,3 данаға көбейген.

Ауыспалы егістегі бірінші танапқа орналасқан сүрі жердің ылғал қоры мен топырағының табиғи құнарлылығы жеткілікті болғанымен өсімдіктердегі буын тамырлардың түзілуі өсу кезеңінің ішінде жауған жауын-шашын мөлшеріне қарай біршама ауытқып, 1993 және 1998 ылғалды жылдары тыңайтқышсыз нұсқада 17,6-18,5 дана, тыңайтылған егістіктерде қоректену аясына байланысты тиісінше 19,0-20,0; 20,1-20,8 және 20,9-21,7 дана құрады. Керісінше, зерттелген нұсқалардағы арпаның буын тамырларының ең аз саны (8,8-11,7 дана), күтілгендей аса құрғақшылықта өткен 1995 жылы есепке алынған.

Аталған тәжірибедегі деректерді дисперсиялық талдау арқылы өсімдіктердегі буын тамырлардың дамуына минералды тыңайтқыштардың 34,8-65,3%, тұқым себу мөлшерінің 26,3-48,5% аралығында әсер ететіндігі дәлелденді.

Сонымен ауыспалы егістегі арпаның тамыр жүйесінің дамуы алғы дақылға, енгізілетін минералды тыңайтқыштар мен тұқым себу мөлшеріне және өсу кезеңінің жауын-шашынмен қамтамасыз етілу дәрежесіне қарай белгілі бір деңгейде ауытқып отырады. Егістік танаптың топырағындағы жеткілікті ылғалқоры мен қоректік элементтердің мөлшері тамыр жүйесінің қарқынды дамуына қолайлы жағдай туғызып, өсімдіктердің жер бетіндегі мүшелерінің жоғары өнімділігін қамтамасыз етеді.
3.6 Арпа дақылының құрғақшылыққа төзімділігі және даму кезеңдерінің ұзақтығы
Ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерлердегі арпаның құрғақшылыққа төзімділігі осы аймақта өсірілетін сорттардың морфологиялық және анатомиялық белгілерімен қатар өсімдіктердің тіршілік барысында жүретін физиологиялық процестер мен егістікте қолданылатын агротехникалық тәсілдерге байланысты біршама өзгеріп отырады.

Біздер өз тәжірибелерімізде жасуша шырынының концентрациясы мен жапырақтардың су ұстау күшіне минералды тынайтқыштардың әсерін ескере келе және жылдың жауын - шашынмен қамтамасыз етілуіне байланысты ауыспалы егістегі арпа өсімдіктерінің құрғақшылыққа төзімділік қасиеттерін бағалап, түпкі өніммен байланыстыра түсіндіруді мақсат еттік.

Жалпы, 1990-1992 жылдары жасуша шырынының ең төменгі концентрациясы (9,1-19,3%) сүрі жерге себілген арпа егістігінде тіркелсе, арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылында 11,7 – 20,6%, үшінші дақылда 13,2-21,8%, ал ауыспайтын арпа егістігінде ең жоғары (13,9-23,0%) мағынаға ие болды. Мұндай ауытқушылық ауыспалы егістегі арпаның орны сүрі танаптан қашықтаған сайын топырақтағы ылғал қоры азайып, егістік өсімдіктеріндегі жасуша шырынының концентрациясы арта түседі деген заңдылыққа келіп саяды.

Жоғарыда қысқаша ескертілгендей, егістік жағдайда өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін бағалаудың тікелей әдісі өнімге есеп жүргізу болып табылады. Өнімге жасалған есептеулерге жүгінсек, 1990-жылы сүрі жерге себілген арпа өнімі орта есеппен гектарына 17,2 ц, арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылында 11,9 ц, үшінші дақылында 9,5 ц, ауыспайтын арпа егістігінде 7,0 ц болса, кезектегі 1991 және 1992 жылдары аталған алғы дақылдар бойынша тиісінше 12,2; 6,0; 3,2; 1,3 және 25,3; 21,5; 20,4; 16,1 ц/га өнім түзілді. Жауын-шашыны мол жылдағы өнім деректерін былай қойғанда қуаншылықта өткен 1991-жылғы арпа өнімі ылғалы орташа 1990-жылмен салыстырғанда сүрі танапқа себілген егістіктен 5,0 ц/га немесе 29,1%, екінші дақылынан 5,9 ц/га немесе 49,6%, үшінші дақылынан 6,3 ц/га немесе 66,3%, ауыспайтын егістіктен 7,0 ц/га немесе 76,3% кем алынған.

Қысқасы, құрғақшылықтың салдарынан болған өнім шығынын (29,1-76,3%) сараптау ауыспалы егістегі алғы дақылға байланысты топырақ ылғалының мол қоры жасуша шырынының концентрациясын азайтып, арпаның ойдағыдай өсіп-дамуына қолайлы жағдай туғызады да, нәтижесінде өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігі әлдеқайда арта түседі.

Арпа өсімдіктерінің құрғақшылыққа төзімділігінің маңызды физиологиялық көрсеткіштерінің бірі – жапырақтардың су ұстау қабілеті. Бұл көрсеткіш өсімдік ағзасындағы ұлпалардың белгілі бір сулану денгейін сипаттайтын және сыртқы ортаның әсері, қолданылатын агротехникалық тәсілдер мен өсірілетін дақылдарға қарай өсімдіктердің өсіп-жетілу кезіндегі жекелген даму кезеңдерінде әрқилы қалыптасуы ықтимал.

Төменде сүрі танаптағы өсірілген тәжірибеде арпа жапырақтарын су ұстау күшіне минералды тынайтқыштардың әсерін келтіріп отырмыз (2-кесте).
2-кесте – Сүрі танаптағы арпа жапырақтарының су ұстау күшіне минералды тыңайтқыштардың әсері (1993-2000 жж.)


Нұсқа

Жалпы мөлшермен салыстырғанда жапырақтардың 2 сағат ішінде жоғалтқан суы, %

түптену

түтіктену

масақтану

сүттену

Тыңайтқышсыз

21,0

20,5

19,8

18,6

Р15

19,3

18,5

17,6

15,8

Р30

19,0

18,1

17,2

15,3

N30P30

18,8

17,9

16,9

15,0

ЕКЕА 0,5, %

0,9

0,7

0,5

0,6

Ескерту: Р15 тұқыммен бірге қатарлап енгізілген


Жауын-шашыны жеткіліксіз тәлімі аймақта өсірілетін басқа дәнді дақылдармен салыстырғанда жалпы құрғақшылыққа төзімді келуінен арпа жапырақтарының су ұстау қабілеті жоғары келеді. Жиналған мәліметтерді талдау сүрі танапқа егілген арпа өсімдіктерінің жапырақтары бақылауда екі сағат солудан кейін түптену кезеңінде жалпы мөлшермен салыстырғанда 21,0%, түтіктенуде 20,5%, масақтануда 19,8% және дәннің сүттенген мезгілінде 18,6% су жоғалтқандығын дәлелдейді. Жапырақтардың солу уақыты ішіндегі жоғалған судың ең аз мөлшері сүттену кезеңінде байқалады, өйткені бұл құбылыс арпа дақылының биологиялық ерекшеліктеріне, яғни өсу кезенінің соңына қарай өсімдіктердің су ұстау қабілетін күшейте түсетіндігіне байланысты қалыптасады. Нәтижесінде арпа жапырақтарының физиологиялық белсенділігі масақтағы дән әбден толысқанға дейін төмендемейді.

Сүрі танапқа себілген арпа егістігінде минералды тыңайтқыштар қолдану жапырақтардың өсу қарқынын үдетіп қана қоймай, сонымен бірге олардың солу уақытындағы су ұстау қабілетін де арттыра түседі. Мәселен, бақылаумен салыстырғанда тыңайтылған егістіктегі жапырақтардың су ұстау қабілеті өсімдіктердің түптену кезеңінде 1,7-2,2%, түтіктенуде 2,0-2,6%, масақтануда 2,2-2,9%, сүттенуде 2,8-3,6% жоғарылаған. Жалпы, арпаның өсу кезеңі бойына осындай заңдылық сақталса, ал қуаңшылық жылдары жапырақтардың су ұстау қабілеті күшейе түсетінін аңғарамыз.

Математикалық өңдеудің нәтижелері минералды тыңайтқыштар енгізілген нұсқалардағы деректердің бір-бірінен елеулі айырмасын дәлелдей алмағанымен, ең негізгісі мұндай сенімді айырмашылық (ЕКЕА0,5=0,5-0,9%) бақылау мен тыңайтылған егістік мәліметтеріне қатысты екеніне ешқандай күмән жоқ.

Қорыта келгенде, ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақтағы ауыспалы егістің сүрі танабына енгізілетін минералды тыңайтқыштар арпа өсімдіктерінің су режимін жақсартуда айтарлықтай рөль атқарады. Егістік танаптың қоректік элементтермен жеткілікті жабдықталуы өсімдіктердің суды өнімсіз шығындауын төмендетіп, олардың құрғақшылыққа төзімділігі мен дән өнімін көтеруге үлкен мүмкіндік жасайды.

Жаздық арпа – масақты дәнді дақылдардың ішіндегі ең тез пісетін әрі құрғақшылыққа төзімді дақыл. Сыртқы орта жағдайларына өте бейімділігінің арқасында бұл дақылды құрғақ далалы аймақтан бастап, биік таулы белдемдердің егіс алқаптарынан да кездестіруіңіз ғажап емес. Диссертациялық жұмыстың бірінші тарауында әдебиеттік шолу ретінде атап өтілгендей, көптеген ғылыми деректер бойынша арпаның өсу кезеңінің ұзақтығы егілетін сорттардың биологиялық ерекшеліктері мен өсірілген ауданына байланысты 60 пен 120 күннің аралығында созылады.

Біздің зерттеулерде жаздық арпаның аудандастырылған Днепровский 435 сортының өсу кезеңінің жалпы ұзақтығы тәжірибеде қолданылған агротехникалық тәсілдер мен нақты жылдың ауа райына қарай 83-тен 101 күнге дейін ауытқып, 19 жыл ішінде орта есеппен 92 күн құраған.

Алматы облысының ылғалы тапшы тәлімі аймағында жаздық арпаның ойдағыдай өсіп-дамуы топырақ ылғалдылығы мен температурасына сәйкес қалыптасып, егістік танабындағы өсімдіктер қысқы-көктемгі ылғал қорын тиімді пайдаланады да, шілде түскенге дейін дән түзіп үлгереді. Аталған аудандарда арпаның өсу кезеңі негізінен сәуір-маусым айларын толық қамтитындықтан, осы уақыт аралығындағы тәлімі егіншілік табиғатына тән бір-біріне қарсы бұлжымас екі құбылыстың орнығатынын айтқанымыз қисынды болар: біріншіден, өсімдік өскіндері жер бетіне көктеп шыққанан бастап пісу мерзіміне дейін жауып-шашынның мөлшері айтарлықтай дәрежеде азаяды; екіншіден, өсу кезеңінің басынан бастап, соңына қарай күн өткен сайын ауа температурасы белсенді түрде жоғары көтеріле бастайды.

Демек, топырақ ылғалының жетімсіздігі мен ауа температурасының шектен тыс жоғарылығы арпа өсімдіктерінің дамуын еріксіз жеделдетіп, өсу кезеңінің ұзақтығына және сондай-ақ дән өніміне кері әсер етеді.


4 Тәлімі арпа егістігінің фитосанитарлық жағдайын оңтайландыру
4.1 Егістіктің арамшөптермен ластануы
Ауыспалы егістің барлық танаптарында жыл сайын жүйелі түрде жүргізілетін күресу әдістері – егістікті сүрі жерге қалдыру, топырақты негізгі және себер алдында өңдеу, тұқым себу мерзімі мен оның оңтайлы мөлшерін қатаң сақтау, өсімдіктерді күтіп-баптау кезінде химиялық күресу тәсілдерін үйлестіру сияқты шаралар жиынтығы ғана танаптарды арамшөптерден әлдеқайда көбірек тазалауға көмектеседі.

Осы тұрғыдан алғанда біздің зерттеулер тәлімі жердегі ауыспалы егісте жүргізілетін агротехникалық шараларға, яғни алғы дақыл мен тұқым себу мөлшеріне байланысты арпа егістігінің арамшөптермен ластануын және олардың құрамын анықтауға бағытталған.

Көп жылдық зерттеулердің нәтижелері осы айтылған тұжырымды түгелімен растай келе, егістік жиілігі мен арамшөптер санының арасындағы кері тәуелділіктің орнайтындығын дәлелдеп, қосымша бақылаулармен толықтыра түседі. Егістік танаптағы қоректену алаңын тек мәдени өсімдіктердің тіршілігіндегі ғана шешуші фактор ретінде бір жақты қарауға болмайды. Тұқым себу мөлшерін азайту, әдетте арамшөптер үшін де қолайлы жағдай туғызып, олардың қарқынды өсуіне ықпал етеді.

Зерттеу жылдары алаң бірлігіндегі есепке алынған арамшөптер саны сүрі жердегі арпа егістігінде 5,2 дана болса, арпаның екінші дақылында – 7,1, үшінші дақылында – 9,4, ал ауыспайтын арпа егістігінде 13,3 данаға жеткен. Қоректену алаңының үлкендігі арамшөптердің еркін өсуіне қолайлы жағдай жасап, әсіресе өсу кезеңінің алғашқы сатысында арпа өсімдіктерін барынша тұншықтыра түседі. Бұл көрсеткіштің көлемі кішірейген сайын, керісінше, мәдени өсімдіктердің дамуы жеделдеп, олардың арамшөптерден үстемділігі айқын сезіледі. Соның салдарынан болуы керек, тұқым себу мөлшерін 2-ден 5 млн. дәнге көбейту сүрі жердегі арпа егістігінің арамшөбін 6,2 данаға, ал екінші және үшінші дақылында тиісінше 6,5 және 7,5 данаға төмендеткен.

Егістікте өсетін арамшөптердің ең көп үлесі ақ алабұта (Chenopodіum album G.), жылтыр сәрияш (Goldbachіa laevіgata (MB) DC.) және қаңбақ сораңның (Salsola sollіna Pall) еншісінде, ал көп жылдық топтан өте сирек болса да, кейде дала шырмауығы (Convolvulus arvensіs G.) мен қызғылт укекіре (Acroptіlon pіcrum Pall) бой көтеріп қалады.

Дәлірек айтқанда, ылғал сүйгіш бір жылдық ақ алабұта арамшөбінің кездесу жиілігі сүрі танаптағы егістікте 35,8% құраса, аталған шама арпаның екінші және үшінші дақылында әлденеше төмендеп, ауыспайтын егістікте бар болғаны 4,5 пайызға теңелді.

Осы шамалас құбылысты дала шырмауығынан да көруімізге болады, яғни топырақ ылғалының кемуіне байланысты оның жалпы саны ауыспалы егістің басынан соңғы танаптарға қарай азайып, ұдайы бір жерге себілетін егістікте елеулі мағынасы болмағандықтан, арнайы есепке алынған жоқ. Ал жылтыр сәрияш пен қаңбақ сораңның тіршілік ету табиғатына зер салсақ, сүрі жердегі арпа егістігінде бұл екеуінің үлесі 14,9-17,9% аралығында белгіленіп, кейінгі егістіктердегі олардың пайыздық қатынасы екі еседен астам шамаға артық түзілгенін байқаймыз.

Арпаның тұқым себу мөлшерін кеміту егістіктегі арамшөптер санын көбейтіп қана қоймай, оның құрғақ массасына да кері әсер етеді. Мәселен, қореқтену алаңының өзгеретінін ескеріп, тұқым себу мөлшерін гектарына 5-тен 2 млн. дәнге төмендету арамшөптер массасын сыналған алғы дақылдар бойынша орта есеппен 14,3-15,2 грамға өсірген.

Зерттелген агротехникалық тәсілдерге байланысты арпа егістігінің арамшөптермен ластануын талдай келе мынадай тұжырым жасауға болады. Тәлімі аймақтағы дәнді-сүрі жерлі ауыспалы егісте арпаның орны сүрі танаптан алыстап, тұқым себу мөлшері азайған сайын егістіктегі арамшөптер саны соғұрлым көбейе түседі. Сирек егістіктегі арамшөптер массасының да артуы олармен күресудің кешенді шараларын ұйымдастырып, байыпты жүргізілуін талап етеді.
4.2 Тамыр шірігі ауруының дамуы
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тәлімі жерлерде масақты дәнді дақылдардың ауруларының ішіндегі ең көп таралғаны және барынша зияндысы – кәдімгі тамыр шірігі. Бұл ауруға көбінесе өсімдіктердің жер асты бөліктері шалдығатындықтан, өндіріс мамандары көп жағдайда оған толық мән бермей, өнім шығынын есепке де алмайды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінде тамыр шірігімен күресудің химиялық әдістері негізінен тиімсіз әрі қыруар шығынды талап етеді. Оның үстіне топыраққа улы химикаттар енгізу пайдалы микроағзалардың тіршілігін жоюмен қатар қоршаған ортаны бей-берекет ластап, адамдардың денсаулығы мен жануарлар дүниесіне үлкен зардабын тигізері анық.

Бұл мәселені осы қырынан қараған біздер өз тәжірибемізде қолданылатын агротехникалық тәсілдердің (алғы дақыл, минералды тыңайтқыштар, тұқым себу мөлшері) тәлімі арпа егістігіндегі тамыр шірігі ауруының дамуына әсерін бақылап, тиянақты талдауға басты назар аудардық. Зерттеулер өсімдік қорғау мамандары, ғалымдар М.Қойшыбаев және А.Сарбаевпен бірге жүргізіліп, аурудың даму қарқындылығы арпаның түптену кезеңінде және жинар алдында тіркелген.

Тәжірибе деректеріне қарағанда, арпа өсімдіктерінің тамыр шірігімен зақымдануы ең алдымен алғы дақыл мен тұқым себу мөлшеріне, сонымен бірге өсу кезеңіндегі ауа райы жағдайларына байланысты өзгеретіндігі байқалады. Атап айтқанда, 1979-1983 жылдары сүрі жерге орналасқан арпаның түптену кезеңіндегі тамыр шірігінің дамуы 3,0-4,2%, егін жинар алдында 11,0-15,6% болса, арпаның сүрі жерден кейінгі үшінші дақылында бұл көрсеткіш тиісінше 8,4-13,9 және 20,2-30,3% аралығында ауытқыған. Дәл осындай заңдылық аурудың тікелей қоздырғышы – топырақтағы саңырауқұлақтардың жұқпалы ұрығына есеп жүргізген мерзімдерде де сақталады

Алынған мәліметтерді талдау барысында анықталғанындай, қоректену алаңы мен тамыр шірігіне шалдыққан өсімдіктер санының арасындағы кері байланысты айта кетуіміз тиіс, ол әсіресе алғы дақылы сүрі жер емес арпа егістіктерінде айқын көрініс тапқан. Тұқым себу мөлшерін гектарына 2-ден 5 миллионға көбейту егін жинар алдында топырақтағы саңырауқұлақ ұрығын орта есеппен 22-25 данаға, аурудың дамуын 8,9-10,1 пайызға арттырғандығын байқау қиын емес.

Жиі себілген егістіктегі өсімдіктердің тамыр шірігімен аса көп зақымдануын өсу кезеңіндегі, дәлірек айтқанда, оның екінші жартысындағы топырақ ылғалының жетіспеушілігінен деп түсіндіруге болады. Осы мезгілдегі қажетті қоректік заттардың тапшылығы да өсімдіктердің тіршіліктегі бәсекесін күшейтіп, нәтижесінде олардың ауру қоздырғышына төзімділігін әлсіретері күмәнсіз.

Зерттелген жылдар ішінде өнім жинар алдындағы тамыр шірігі дамуының қарқындылығы мен арпаның өскіндері-түптену кезеңіндегі топырақтың 0-10 см қабатындағы ылғал арасында жоғары кері тәуелділік (r=-0,72 + 0,20) және алаң бірлігіндегі өсімдіктер мен топырақтағы саңырауқұлақтар санының арасында өзара тікелей байланыстылық (r=0,75 + 0,17) орын алатындығы анықталған.

Екі факторлы тәжірибе деректерін дисперсиялық талдау арпа егістігіндегі тамыр шірігі ауруының дамуы бірінші кезекте алғы дақылға (30,3-46,5%), содан кейін тұқым себу мөлшеріне (15,8-34,6%) байланысты өзгеретіндігін көрсетеді.

Сүрі танапқа енгізілген минералды тыңайтқыштар мен тұқым себу мөлшеріне байланысты арпа егістігінің тамыр шірігімен зақымдануын талдай отырып, төмендегідей құбылыстардың байқалатынын атап өтуіміз керек.

Жалпы алғанда, тыңайтқышсыз нұсқада алынған деректердің бірінші тәжірибе мәліметтерінен біршама жоғары болуы кезектегі 1995, 2000 - құрғақшылық жылдардың әсерінен деп түсінгеніміз қисынды келер.

Зерттеу жүргізілген жылдары сүрі жерге себілген арпа егістігіндегі тамыр шірігі ауруының дамуы орта есеппен бақылауда – 16, Р15-8,2; Р30-11,6; N30Р30-9,5 пайызға теңелді. Бақылаумен салыстырғанда егістіктің тыңайтылған нұсқаларында бұл көрсеткіштер тұқым себу мөлшеріне қарай тиісінше 1,8-2,0; 1,3-1,5 және 1,6-1,8 есеге кеміген. Демек, сүрі танапқа минералды тыңайтқыштар енгізу арпа егістігінің өнім жинар алдындағы тамыр шірігімен зақымдануын 4,4-7,8% азайтады (3-кесте).
3-кесте – Қоректену аясы мен тұқым себу мөлшеріне байланысты сүрі жердегі арпа егістігінің тамыр шірігімен зақымдануы (1995-2000 жж.)


Тұқым себу мөлшері,

млн.дән/га



Жинар алдындағы тамыр шірігінің дамуы %

тыңайтқышсыз

Р15

Р30

N30Р30

2

12,5

6,1

9,2

8,0

3

14,0

7,8

11,0

8,4

4

17,2

8,6

12,7

9,8

5

20,3

10,3

13,5

11,6

х

16,0

8,2

11,6

9,5

ЕКЕА0,5,% В = 1,0 ЕКЕА0,5,% С = 6,0

Сүрі жердегі тәжірибе мәліметтерін жеке дисперсиялық талдау арпа егістігіндегі тамыр шірігінің дамуын төмендетуге минералды тыңайтқыштардың 46,3-67,8%, тұқым себу мөлшерінің 15,8-23,4% жағымды ықпал ететіндігін дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, тәлімі жерлерде минералды тыңайтқыштар қолдану және егістіктің қалыпты жиілігін сақтау арпà өсімдіктерінің өсу жағдайларын оңтайландырып, топырақтағы ылғал қорын тиімді пайдалануына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде өсімдіктердің тамыр шірігіне төзімділігі артып, аурудың зияндылығы да айтарлықтай бәсеңдей түсері сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет