2.3 Медициналық қызметтің сапасын бақылаудың мәселелері
Еліміздің денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі медициналық көмектің сапасы мен оны бақылауды жетілдіру болып отыр. Ал «өмір деңгейін тұрақты және ұдайы жоғарылату үшін ең алдымен медициналық қызметтер көрсету қол жетімді және сапалы болуы тиіс» [94].
Біздің ойымызша бұл мәселенің өзектілігі мен жағдайдың ушығып отыруына мына жағдайлар себеп болып отыр. Біріншіден, медицина қызметкерлерінің біліктілігінің төмендеп кетуі; екіншіден, жеке меншік нысандағы денсаулық сақтау мекемелерінің көбеюі; үшіншіден, жүргізіліп отырған денсаулық сақтау саласындағы реформалар негізінен экономикалық аспектілерге негізделген. Мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері көбірек адам емдедік деп есеп беріп, мемлекеттен көбірек қаржы бөлдіруді мақсат етсе, жеке меншік нысандағы емдеу мекемелері емдеу шығындарын барынша азайтып, көбірек пайда табуды көздейтіндігі жасырын емес. Ал мұндай жағдайдын өз кезегінде медициналық көмектің сапасына кері әсер ететіндігі сөзсіз. Төртіншіден, біз үшін ең маңыздысы, медициналық көмектің сапасын бақылаудың құқықтық базасының жетілмегендігі.
Сонымен қатар, «бүгінгі таңда медициналық көмектің сапасы тиімділік, баламалылық, өнімділік, моральдық-этикалық қағидалар жағынан қарастырылады. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, уақтылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететiн бiрыңғай дамыған, әлеуметтiк бағдарланған жүйенi бiлдiретiн денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуi тұрғысынан алғанда республикадағы негiзгi басымдықтардың бiрi болып табылады» [95].
Сондықтан алдымен «медициналық қызметтің сапасы» ұғымының түсінігін ашып алсақ. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес: «медициналық көмектің сапасы – көрсетілетін медициналық көмектің уәкілетті орган бекіткен және медициналық ғылым мен технологиялардың қазіргі заманғы даму деңгейі негізінде белгіленген стандарттарға сәйкестік деңгейі» [11, 1-бап, 1-тармақ, 71-тармақша].
Медициналық көмектің сапасын бақылау сырқат адамға қатысты медициналық қызметті бағалауды анықтаушы болып табылады. Негізі медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету жүйесі 3 элементтен тұрады. Оларға жататындарды төмендегіше бөлуге болады деп ойлаймыз:
бақылауға қатысушылар (бақылауды жүзеге асыратындар);
құралдар (ненің көмегімен бақылау жүзеге асырылады);
бақылау механизмдері (бақылау қалай жүзеге асырылады, яғни әрекеттердің реті).
Жалпы медициналық көмектің қатысушыларына мыналарды жатқызуға болады: медициналық мекемелер; тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері; денсаулық сақтау саласындағы басқару органдары; лицензиялау-аккредиттеу комиссиялары; медициналық сақтандыру ұйымдары; кәсіптік медициналық ассоциациялар; міндетті медициналық сақтандыру қорлары; мемлекеттік медициналық білім беру мекемелері; жоғарғы оқу орнынан кейінгі мамандар даярлайтын медициналық ғылыми-зерттеу мекемелері; мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары; мемлекеттік стандарт және метрология органдары; мемлекеттік еңбекті қорғау инспекциялары. Аталғандарды нормативтік құқықтық актілер екі тұрғыда қарастырады. Яғни оларды медициналық көмектің сапасын бақылаудың ведомствалық және ведомствалықтан тыс буындары деп бөлуге болады. Ведомствалық бақылау буынына медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау саласындағы басқару органдары жатса, ведомствалықтан тысқа қалғандары жатады.
Қазіргі күнде денсаулық сақтау саласындағы ведомствалық бақылауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті жүзеге асырады. Бұл комитеттің негізгі функциялары мыналар болып табылады:
медициналық қызметтерді көрсету және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау саясатын іске асыру;
халық пен денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, мелдициналық мақсаттағы бұйымдармен және медициналық техникамен қамтамасыз ету моноторингі;
Достарыңызбен бөлісу: |