2 ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ РҰҚСАТ БЕРУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ-ҚАДАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ
2.1 Медициналық қызметті лицензиялауды, аккредиттеуді және аттестаттауды құқықтық реттеудің мәселелері
Елімізде жүргізіліп жатқан денсаулық сақтау саласын реформалаудың басты мақсаты медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту, ал бұл мақсатқа медициналық қызметті тиімді аккредиттеу мен лицензиялау және аттестаттау жүйесін әзірлемей және енгізбей қол жеткізу мүмкін емес.
Біздің көзқарасымыз бойынша, «экономикалық реформалардың алғашқы сатысында лицензиялау мен аккредиттеудің қажеттілігі мен рөлі маңызды болып табылады, өйткені, өзіміздің зерттеу пәнімізге қатысты алсақ, әртүрлі меншік нысанындағы емдеу мекемелерінің қалыптасуы мен дамуының алғышарттары пайда болып, олардың жұмыс істеуіне жол ашылуы тиіс. Сонымен қатар емдеу мекемелерінің бастапқы мүмкіндіктері, белгілі бір медициналық қызметтер көрсетуге әзірлік деңгейлері де әртүрлі болатындығы белгілі» [82].
Сондықтан лицензиялық-аккредиттік механизм медициналық көмекті алушылармен қатар, медициналық қызметтерді көрсетуші тұлғалардың да мүдделері үшін ұсынылады және тәжірибеге енгізіледі.
Лицензиялау мен аккредиттеу институтының енгізілуі денсаулық сақтау саласындағы жаңа басқару технологияларын қалыптастырудың алғышарттары болып табылады. Ал лицензиялаудан өте алмаған емдеу мекемелері өз міндетін атқара алатын деңгейдегі өзге медициналық мекеме ретінде қайта құрылуы немесе тиімді медициналық құрылымға өзгеруі тиіс.
Лицензиялау нысанын денсаулық сақтау саласына енгізу мемлекеттің қоғамдық мүддені қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет тарапынан қолданылатын шараның бірі болып табылады. Оны мемлекет тарапынан қолданылатын бюрократиялық кедергі ретінде емес, қоғамдық мүддемен қатар жеке мүддені қорғау шарасы ретінде қабылдаған жөн. Сонымен қатар елімізде соңғы уақыттарда рұқсат беру жүйесінде елеулі іргелушіліктер бар. Соның ішінде рұқсат беру жүйесі электрондық сипатқа ие болып рұқсат алуы қажет қызметтер тізімі айтарлықтай қысқарды. Алайда денсаулық сақтау саласы жоғарғы деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түріне жататын болғандықтан лицензиялық нысандағы рұқсат беру қатарында қалып отыр.
Осы жерде, алдымен рұқсат беру мен лицензия ұғымдарының мәнін ашып алсақ. «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабы 15-тармақшасына сәйкес рұқсат дегеніміз: «рұқсат беру органдары лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімі арқылы жүзеге асырылатын, жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға құқығын растау» [83]. Заң нормасының мазмұнынан байқап отырғанымыздай, лицензиялау мемлекет тарапынан берілетін рұқсаттың бір түрі, соның ішінде жоғарыда атап өтеніміздей, жоғарғы деңгейлі қауіптілік қызметтеріне жататындықтан рұқсат алғашқы қатарына жатқызылған. Аталған заңңың 1-бабының 6-тармақшасына сәйкес, «лицензия – жеке немесе заңды тұлғаға қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты лицензияланатын қызмет түрін не лицензияланатын қызметтің кіші түрін жүзеге асыруға лицензиар беретін бірінші санаттағы рұқсат», деген анықтама берілсе осы заңның 10-тармақшасына сәйкес, лицензиялау ретінде, «лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаларды және (немесе) лицензияға қосымшалардың телнұсқасын беруге және қайта ресімдеуге, рұқсаттық бақылауды жүзеге асыруға, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың қолданысын тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға байланысты іс-шаралар кешенін», қарастырды [83].
Осы жерде алдымен «лицензиялау» ұғымының мәнін анықтап алсақ. Ұзақ уақыт лицензиялау ұғымы заңдарда толық мәні мен барлық белгілері ашыла отырып берілмеді. Кейбір нормативтік құқықтық актілерде лицензиялау заң шығарушымен мемлекеттік биліктің функцияларының қатарына жатқызылса, кейбір нормативтік құқықтық актілер лицензиялауды мемлекеттік органдардың міндеттерінің қатарына жатқызды.
Экономиканың барлық салаларының дерлік терминдерін қамтыған «үлкен сөздікте», лицензиялау белгілі бір операцияларды жүргізуге құқық беретін рұқсат ретінде түсіндіріледі [84]. Біздің ойымызша мұндай анықтама өте кең мәселелерді қамтиды, өйткені лицензиялауды азаматтық-құқықтық мағынада да, атқару билігінің қызметі ретінде де қарастырады. А.П.Алехин мен Ю.М. Козлов лицензиялауды басқарудың бір құқықтық нысаны ретінде анықтайды. Олар басқарудың әкімшілік-құқықтық нысанына өз құзіреті шегінде жүзеге асыратын, белгілі бір құқықтық салдарларды тудыратын, атқару органдарының қызметтерінің сыртқы көрінісін жатқызады [85]. «Лицензиялауды атқару қызметінің құқықтық нысанына жатқызуға болады, өйткені ол құқықтық актінің негізінде (лицензияның) ресімделеді және жүзеге асады, нәтижесінде құқықтық салдар туындайды», дейді [86].
Мұндағы құқықтық салдар лицензиант пен лицензия беріп отырған биліктің атқаршы органы арасындағы әкімшілік-құқықтық қатынастардың туындауынан көрінеді деп ойлаймыз.
Біздің пікірімізше лицензиялауды төмендегі қатынастар тобын реттеуге бағытталған құқықтық институт ретінде, яғни құқықтық нормалар жиынтығы ретінде қарастыруға болады:
-лицензиялаушы органдарды құру және ұйымдастырумен байланысты туындайтын қатынастар;
-атқару билігі органы мен лицензия алушы, алған немесе одан айырлған тұлғалардың арасында туындайтын қатынастар.
В.И.Новоселовтың ойынша, лицензиялау азаматтардың немесе ұйымдардың жасайтын әрекеттерінің заңдылығына бақылау жасаудың нысаны, тек заңды әрекеттер жасауға рқсат беру және құқыққа қарсы әрекеттерден бас тарту ретінде сипатталады, бұл өз кезегінде жол берілетін белсенділіктің түрі мен шараларын айқындап, нақтылы іске асырылатын қызметтерге қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді [87]. Бұл позицияны «Предпринимательское право» дәрістер курсының авторлары да қолдайды, олар «қызметтердің жекелеген түрлерін лиензиялау кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік бақылаудың түрі» ретінде анықтайды [88].
Лицензиялау жүйесі аясындағы атқару билігі органдарының бақылау қызметің кең тұрғыда қарастыру қажет. Біріншіден, қажетті рұқсат алу үшін жолданған субъектінің жасайтын әрекеттерінің заңдылығын алдын-ала бақылау [89], субъектінің рұқсат берілетін қызметтермен айналысуға кедергі келтіретін құқықтық шектеулер мен рұқсат сұраушының біліктілік сипаттамасын анықтау, кейіннен бақыланатын объектілерді, яғни лицензиялық шарттарды айқындау; екіншіден, лицензиаттың нақтылы атқарып жатқан қызметтеріне ағымдағы бақылауды жүргізу (бұл жерде бақылау объектісі болып, лицензиялық шарттармен бекітілген қадағалау болып табылады). үшіншіден, лизензиялау субъектісінің, яғни лицензиаттың қызметін тоқтатудың заңдылығын кейінгі бақылау. .
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 13-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында медициналық және фармацевтикалық қызмет еліміздің лицензиялау жөніндегі заңнамаларда белгіленген тәртіппен лицензиялануға жатады. Яғни барлық медициналық мекемелер, кәсіпорындар, өзге де субъектілер меншік нысанына және ұйымдық-құқықтық мәртебесіне қарамастан мемлекет тарапынан лицензиялануға жатады.
Қазіргі уақытта лицензиялау саласындағы арнайы заң Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген 2014 жылдың 16 мамырында қабылданған «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады.
Өз кезегінде рұқсаттар, яғни лицензиялау саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу мына қағидаларға негізделуі тиіс: тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі; рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізудің негізділігі және тиімділігі; мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділік; өзара жауаптылық; сыбайлас жемқорлықтан азат болу [83].
«Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 25-бабына сәйкес денсаулық сақтау саласында қызметтер көрсету лицензияланатын салаға жатқызылған. Осы заңға қосымшада берілгендей, денсаулық сақтау саласындағы лицензияланатын қызметтер медициналық және фармацевтикалық деп екі үлкен топқа бөлінген. Медициналық қызметтердің жедел медициналық көмек және (немесе) санитарлық авиация; ересектерге және (немесе) балаларға амбулаториялық емханалық көмек; ересектерге және (немесе) балаларға стационарлық көмек және (немесе) стационарды алмастыратын көмек; қан мен оның құрауыштарын дайындау, консервациялау, қайта өңдеу, сақтау және өткізу; сот- медициналық, сот-психиатриялық және (немесе) сот-наркологиялық сараптама; еңбекке уақытша жарамсыздық пен кәсіби жарамдылық сараптамасын жүргізу қызметтеріне байланысты лицензияланатын қызмет түрлеріне бөлінген. Өз кезегінде амбулаториялық көмек пен стационарлық көмек көрсетілетін медициналық көмектің тар түріне қарай бөліне түседі (мәселен, терапия, невропатология, кардиология, реватология, гастроэнтерология, нефрология, пульмонология, эндокринология, жалпы хирургия, кардиохирургия, аллергология, гематология, жалпы дәрігерлік практика, кәсіптік патология, трансплантология және т.б. толық тізімі аталған заңның қосымшасында берілген).
Ал фармацефтикалық қызметтің мынадай түрлері лицензиялануға жатады: дәрілік заттар өндірісі; медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі; дәрілік препараттарды дайындау; медициналық мақаттағы бұйымдарды дайындау; дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу; дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу.
Байқап отырғанымыздай, денсаулық сақтау саласындағы лицензияланатын қызметтер медициналық және фармацефтикалық қызмет деген екі үлкен топқа бөлінеді. «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 5-тармақшасына сәйкес, лицензияланатын қызмет түрі – айналысу үшін осы Заңға сәйкес лицензия алу талап етілетін қызмет түрі (белгілі бір әрекет (операция, сақтандыру сыныптары). Яғни медициналық қызметпен немесе фармацефтикалық қызметтің жоғарыдағы аталған түрлерінің қай түрімен айналысушы тұлға, сәйкесінше қызмет түріне лицензия алуы тиіс. Өз кезегінде медициналық қызметтің жоғарыда келтірілген түрлері лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлеріне жатқызылады. Қарастырылып отырған заңның 1-бабының 9-тармақшасына сәйкес, лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі дегеніміз, бір лицензия аясында тиісті лицензияланатын қызмет түрін нақтылау болып табылады.
Біздің ойымызша, лицензиялық талаптар мен шарттар ретінде заң шығарушы лицензиаттың өзінің лицензияланатын қызметін жүзеге асыруы барысында орындауы міндетті болып табылатын, нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген талаптар мен шарттардың жиынтығын түсінеді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы қызметтер атқару үшін лицензиялау ҚР ДСӘДМ-інің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №294 бұйрығымен бекітілген «Медициналық қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту» жөніндегі ережесімен реттелінген. Осы ережеге сәйкес медициналық қызметтерге лицензия беруді облыстардың, республикалық маңызы барқаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары берсе, өтініштер мен көрсетілетін кызметтердің нәтижесін беруде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» (қазіргі таңда «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы) кеңсе қызметін атқарып, ол электрондық тұрғыда www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» порталдары көмегімен іске асырылады.
Лицензия берудің электрондық нысанда іске асырылуы, ең алдымен оның мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен сыбайлас жемқорлықтан азат болу қағидаларын қамтамасыз етуге қол жеткізетін әрекет деп ойлаймыз. Сондай-ақ, «қағазбастылықтан» құтылып, бұл рәсімдердің барынша жылдам жүргізілуіне мүмкіндік береді. Айталық, лицензияға байланысты мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі Халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжаттар жиынтығын тапсырған сәттен бастап, яғни порталға жүгінген уақыттан - он бес жұмыс күні ішінде, ал лицензияы не оның қосымшасын қайта ресімдеу кезінде – үш жұмыс күні ішінде беріледі [90]. Алайда құжаттар тапсырудың электрондық нысаны, оның қағаз түріндегі нысанын қолдануды жоққа шығармайды. Айта өтерлік жайт, құжаттар тапсыру үшін күту мен қызмет көрсетудің ең ұзақ уақыты он бес минуттан аспауы тиіс. Лизензияға байланысты мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі төмендегілердің бірі болуы мүмкін: медициналық қызметке лицензия беру; медициналық қызметке лицензияға қосымша беру; медициналық қызметке лицензияны қайта ресімдеу; лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу; олардың телнұсқасын беру; лицензияны беруден бас тарту туралы дәлелді жауап. Егер лицензияны не оған қосымшаны өтініш беруші қағаз нысанда алғысы келсе, ол электрондық форматта ресімделгенімен қағазға басып шығарылып, лицензияны беруші органның басшысының қолымен және мөрімен расталынады. Ал, лицензияны алуға электрондық портал арқылы өтініш берілсе, мемлекетпен көрсетілетін қызметтің нәтижесі, лицензия алуға өтініш берген тұлғаның «жеке кабинетіне» лицензияны беруші органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырыла отырып, электрондық құжат түрінде жіберіледі. Электрондық нысанда лицензияны беру, оның тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер қатарына жатқызбайды. «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, лицензия беру үшін, лицензияны қайта ресімдеу үшін, лицензияның телнұсқасын беру үшін көрсетілетін мемлекет қызметі ақылы негізде жүргізіледі, қазіргі уақытта ол лицензия және оның телнұсқасын беру үшін 10 АЕК –ті құраса, лицензияны қайта ресімдеу үшін лицензияны беру кезіндегі ставканың он пайызын, бірақ 4 АЕК-тен аспайтын соманы құрайды.
Осы жерде айта өтсек, медициналық қызмет көрсетудің ерекшеліктеріне орай, оған лицензия алу кезінде қажетті құжаттардың да өзіндік ерекшеліктері болатындығы белгілі. Сонымен қатар елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік кедергілерді азайтуға байланысты өзгерістердің нәтижесінде ұсынылатын құжаттардың саны да едәуір азайды. Оны «Медициналық қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» ҚР ДСӘДМ-інің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №294 бұйрығының 5-қосымшасына сәйкес лицензия (оған қосымшаны) алу үшін жолданушы тапсыруы тиіс құжаттар тізімінен байқауға болады. Олар: қосымшада белгіленген нысандағы өтініш; жеке тұлғалар үшін жеке басты куәландыратын құжат; біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы мәліметтер; үй-жайға немесе ғимаратқа меншік не жалдау шарты; жоғары немесе орта медициналық білімі туралы дипломның көшірмесі; қайта даярлаудан өту туралы куәліктің немесе біліктілікті арттыру жөніндегі куәлік; қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжат көшірмесі. Байқап отырғанымыздай, құжаттар тізімі айтарлықтай қысқарған (заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік көшрмесі, заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның салық органдарында тіркелгендігін растайтын куәліктер, статистикалық органдарда тіркелгендігін растайтын куәлік, сондай-ақ олардың нотариуспен куәландырылған көшірмесі және өзге де осы секілді, бұрын талап етілетін «толып жатқан» құжаттар).
ҚР ДСӘДМ-інің қарастырылып отырған бұйрығының 5-қосымшасының 10-тармағына сәйкес, медициналық қызметтер көрсету үшін лицензия беруге мемлекеттік қызметтер көрсетуден мына жағдайларда бас тартылады: заңдармен тыйым салынған қызметтермен айналысса; лицензиялық алым енгізілмеген; біліктілік талаптарына сәйкес келмесе; лицензиар тиісті келісуші мемлекеттік органның өтініш берушінің лицензиялау кезінде қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі туралы жауап алған болса; оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салған заңды күшіне енген сот үкімі болса; сот орындаушысы ұсынысының негізінде сот көрсетілетін қызметті алушыға лицензия алуға тыйым салса
5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оған қызметтiң жекелеген түрiмен айналысуға тыйым салатын заңды күшiне енген сот үкiмi бар;
6) сот орындаушысы ұсынымының негізінде сот көрсетілетін қызметті алушыға лицензия алуға тыйым салған болса [90].
Медициналық қызметтердің сапасын көтеру және медициналық ұйымдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында елімізде медициналық ұйымдарды және жеке медициналық қызметтер көрсетуші тұлғаларды аккредиттеу әдістерін дамытудың шаралары іске асырылуда. Осы мақсаттарға жету үшін аккредиттеудің ұлттық стандарттары енгізілген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 14-бабында, «көрсетілетін медициналық және фармацефтикалық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығына бағалауды жүргізу және біліктілігінің сәйкестігін растау үшін денсаулық сақтау субъектілері денсаулық сақтау саласында аккредиттелуге жатады», деп ал «жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сарапшылық бағалау жүргізу үшін аккредиттелуге жатады», бекітілген [90,14-бап]. Аккредиттеу ерікті сипаттаболғанымен, ол қазіргі кезде кең етек алып отырған, жеке клиникаларға мемлекеттік тапсырыстарды беру үшін міндетті шарт болып табылады.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды аккредиттеу медициналық мекеменің халыққа дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсете алуын, оның денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға және медициналық қызметкерлерінің біріңғай біліктілік талаптарына сәйкестілігін ресми тану болып табылады.
Демек, денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеу денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, яғни Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен стандарттарға сәйкестігі негізінде, жеке тұлғаларды аккредиттеу олардың біліктілігін бағалау негізінде жүргізіледі. Бұл жерде мемлекет жария биліктің өкілі ретінде, еліміздегі аккредиттеу ерікті сипатта болғанымен, оның қандай ең төменгі стандарттар мен талаптарға сәйкес келуі қажеттігін белгілейді. Сонымен қатар, аккредиттеу мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде басшылыққа алынатын жағдай болып табылады. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту кеңінен қолға алғалы отырғанда аккредиттеудің маңыздылығы арта түспек деп ойлаймыз.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 14-бабының 5-тарамағына сәйкес бүгінде медициналық ұйымдар мен медициналық қызмет көрсетуші жеке тұлғаларды аккредиттеуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган, сондай-ақ осы орган аккредиттеген мамандандырылған және қажетті талаптарға сәйкес келетін ұйым жүргізеді. Өз кезегінде 14-баптың 6-тармағына сәйкес, «денсаулық сақтау субъектілерін аккредиттеуді жүзеге асыратын орган (ұйым) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады және аккредиттелген субъектілер мен тәуелсіз сарапшылардың деректер банкін қалыптастырады» [11, 14-бап,6-тарау].
Лицензиялау секілді, аккредиттеу де денсаулық сақтау саласындағы сапаны бақылаудың маңызды механизмі болып табылады, сондықтан мемлекеттік сипатқа ие. Аккредиттудің мақсаты тұтынушының, біздің жағдайымызда, пациенттердің мүдделерін қорғау және медициналық көмек пен қызметтердің қажетті көлемі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады.
Мемлекеттік аккредиттеуге ұйымдық-құқықтық мәртебесі мен меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар және жеке медициналық қызмет көрсетуші тұлғалардың барлығы жатады. Қазіргі таңда еліміздегі медициналық ұйымдарды аккредиттеу «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қабылданған Кодекске сәйкес әзіргенген ҚР ДСӘДМ-нің 2015 жылғы 10 наурыздағы №127 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидалары» тәртібімен жүргізіледі. Осы бұйрыққа сәйкес аккредиттеудің тәртібіне тоқталып өтсек. «Аккредиттеуге өтініш бермес бұрын медициналық ұйым өз бетінше немесе тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, «Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын басқару жүйесі» (МҚСБЖ) автоматтандырылған дерекқорында аккредиттеу стандарттарына сәйкестікке өзін-өзі бағалауды жүргізеді» [91]. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органнан аккредиттеуден өту үшін, аккредиттелуші медициналық ұйым денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның орналасқан жері бойынша департаментке бекітілген нысандағы өтінішпен жолданады. Бұдан кейінгі рәсімдер аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін бағалау үшін бекітілген тәртіптермен және мерзімдерде жүзеге асырылып, аккредиттеудің нәтижесі шығарылады. ҚР ДСӘДМ-нің 2015 жылғы 10 наурыздағы «Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын» бекіту туралы бұйрығының 36-тармағына сәйкес, егер тұлға аккредиттеуден өтсе, оларға өту нәтижесіне қарай мынадай дәрежелер беріледі: 1-дәрежедегі стандарттарға кемінде 60 пайыз, 2-дәрежедегі стандарттарға кемінде 55 пайыз, 3-дәрежедегі стандарттарға кемінде 50 пайыз сәйкестік бағалау нәтижелерімен аккредиттеуден өткендігі туралы куәлік беріледі. Бұл куәліктің жарамдылық мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған уақыттан бастап 3 жыл болып табылды.
Медициналық көмек көрсетудің біріңғай стандарттарының болмауы аккредитеттеуде бірқатар қиындықтар туғызатыны белгілі, алайда аккредитеттеу барысында медициналық көмек көрсетуші тұлғалардың мына жақтары міндетті түрде бағаланады: көрсететін медициналық көмек түрлерін орындауы; халықты дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі; мекеменің көмекші емдеу-диагностикалық көмек түрлерімен қамтамасыз етілуі; медициналық көмек көрсетуінің көлемі мен сапасы; материалдық-техникалық базасы.
Жалпы алғанда, бюджеттен қаржыландырылатын, сонымен қатар бюджеттен қаржыландырылмайтын денсаулық сақтау саласының секторларын аккредиттеу медициналық және дәрілік көмек көрсетуші тұлғалардың қызметіне ақы төлеу мен сақтандыру компанияларымен келісім-шарт жасауға мүмкіндіктерін ресми тану ретінде қарастыруға болады.
Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді зерделу негізінде, қазіргі таңдағы медициналық қызметті лицензиялау мен аккредиттеудің төмендегідей проблемаларын атап көрсетуге болады:
медициналық қызметті лицензиялау мен аккредитеттудің құқықтық базасының жетілмегендігі (медициналық қызметті лицензиялауды реттейтін арнайы заңның болмауы);
мемлекеттік медициналық көмек көрсетуші мемлекеттік мекемелердің лицензиямен ғана шектеліп, барлығының аккердиттеуден өтпегендігі;
біріңғай медициналық-экономикалық стандарттардың болмауы, нәтижесінде медициналық қызметтердің тарифтері де реттелінбей отыр;
лицензиялау мен аккредиттеудің әдістемелері мен технологияларының жетілмегендігінің мәселелері;
әдістемелік әдебиеттердің жетіспеушілігі;
аккредитеттелген тұлғалардың құқықтық жауапкершілігінің құқықтық аспектілерінің анықталмағандығы;
Достарыңызбен бөлісу: |