Екі терминнің де семема көлемдері толық сәйкес келуімен ерекшеленеді. Жалпы қолданыстық мағыналарында болмайтын термин семемасының нақтылаушы кәсіби семаларының қайталануы бір ғылыми ұғымның тілде екі түрлі лексемасының болуымен түсіндіріледі.
Осыған байланысты сема табиғатын арнайы зерттеген М.Ш.Мұсатаева еңбегінде семалар классификациясының өзгеше жіктемесін кездестіруге болады 6, 204:
1) Референттілік қасиеті тұрғысынан: экстралингвистикалық және лингвистикалық;
2) Міндетті сема (актуалдыланған, интенсионалды);
3) Прагматикалық мәртебесі мен білдіретін ақпарат сипатына орай: денотативті және коннотативті;
4) Импликационалды семалар (жасырынды, қосымша, потенциалды);
5) Білдіретін ақпараттың категориалдық мәртебесі тұрғысынан: архисемалар мен дифференциалды семалар;
6) Семалардың иерархиялық қатынасы тұрғысынан: маркерлер мен дистингвишерлер немесе логикалық белгісі бойынша – гиперсемалар мен гипосемалар;
7) Ұғым сипаты бойынша: терминологиялық және терминологиялық емес семалар;
8) Тіл мен сөйлеу тұрғысынан: узуалды және окказионалды;
9) Сема құрамының тіркесімділік қасиеті бойынша: болымды және болымсыз.
Осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, біздің зерттеуіміз үшін ең маңыздысы бұл жіктеменің жетінші тармақшасы болып табылады. Яғни, терминологиялық және терминологиялық емес сема түрлері. Осыған орай терминдік емес мағына мен терминдік мағынаның арасындағы семалық қатынасты төмендегі талдау арқылы айқындауға болады:
Кесте 4 – Семалық талдау
Терминдік
емес мағына
|
Бір тілден екінші бір
тілге
|
жазбаша немесе
ауызша
аударылған
|
мәтін
|
Терминдік
мағына
|
Басқа тілдің түпнұсқа мәтіні мазмұнынан
екінші бір тілге
|
коммуника-
тивтік
құндылығы
бірдей мәтін
жасау
жолымен берілетін
|
тілдік делдал-
дықтың
бір түрі
|
Аударма
|
+
|
+
|
+
|
-
|
-
|
Аударма
|
+
|
-
|
-
|
+
|
+
|
Бұл мысалдардан терминологиялық семалардың терминологиялық емес семалардан айырмашылығы кестенің 3 және 4- бөлімдерінде айқын көрінеді.
Кесте 5 – Семалық талдау
Терминдік
емес мағына
|
Бір тілден
екінші бір тілге
|
сәйкес келмеген жағдайда қажет болатын
|
аударумен
шұғылданатын
адам
|
Терминдік
мағына
|
Хабар
беруші
мен
адресат
пайдаланатын
кодтар (тілдер)
|
коммуника
цияның
байланыстырушы
буыны
|
Аудармашы
|
+
|
-
|
+
|
-
|
-
|
Аудармашы
|
-
|
+
|
-
|
+
|
+
|
Бұл сәйкессіздіктер терминдердің, негізінен, тілдің когнитивті-танымдық қызметін атқаруымен байланысты түсіндіріледі, ал лексикалық сөздердің негізгі қызметі – аталымдық қызмет.
Қазіргі таңда «тіл мен мәдениет», «адам және тіл» байланысын когнитивтік тұрғыдан қарастыру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Когнитивті бағыттың маңыздылығы мен өзектілігі оның тек қана теориялық лингвистикадағы контексті полипарадигматизміндегі доминанттылығында ғана емес, сонымен бірге ауқымды кең ғылыми бағдар ұсынуында, мәселен, тілдік құбылыстарды экспликациялау, тіл мен мәдениет байланысындағы адамның рөлі, адам және тіл мәселесі, басқа тіл құбылыстарын және аппаратын қарастыру (Е.С.Кубрякова, Ю.Д.Апресян, В.З.Демьянков, В.В.Колесов, Е.В.Рахилина, В.Б.Касевич, Ю.С.Степанов және т.б.). «Когнитивтік лингвистика лингвистикалық зерттеулердің шеңберін маңызды түрде күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды» [7, 9].
Когнитивтік лингвистика терминдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады. Өйткені бұған дейінгі дәстүрлі семантикалық, жүйелі-құрылымдық парадигмалар жоққа шығарылмай, қайта керісінше, терминологиялық процестерді жаңа тұрғыдан зерттеп ұғынуға ұмтылыс жасайды. Когнитивтік лингвистика жалпы лингвистиканың аумағынан шыға отырып, философия, психология, логика, әлеуметтану пәндерімен байланыс жасап, осы саладағы ғылымның ауқымын кеңейтеді.
Терминдер – өзіндік құрылымдық, семантикалық, деривациялық, функционалдық ерекшеліктері бар тілдің өзгеше категориясы. Аталған ерекшеліктерді ескерусіз термин жасау, басқа тілден терминдер алу, калькалау, терминдерді ұтымды қолдану мүмкін емес. Терминдер адам қызметінің ерекше түрін атап көрсететін болса, ең алдымен, ғылыми, кәсіби деңгейлерін айқындайды. Сондықтан терминдер ғылым мен техниканың, кәсіби және өндірістік салалардың, ғылыми таным мен әлем көрінісінің дамуын бейнелейді. Терминдер мен терминологиялық жүйелер қоғамның әлеуметтік құрылымының біртекті еместігін, әр түрлі топтарға, бірлестіктерге бөлініп, әрқайсысының өз тілі, өзіне ғана тән әрі түсінікті терминологиясы барлығын айқындайды. Термин тілдің ерекше негізін құрайды, себебі терминсіз, терминологиялық жүйесіз бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби, өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Яғни, терминдерде әлем түсінігі жайлы арнайы білім, ұғымдар қамтылған, сонымен қатар, терминдер адамның ойлау қабілетінің, танымының, ақиқат шындықтың бейнеленуі мен көрінісінің ерекше бір түрдегі негізін сипаттайды.
Қазақ дәстүрлі терминологиясында қазақ тілінің терминдері, негізінен, семантикалық, құрылымдық тұрғысынан жүйелі түрде зерттелді, мұнда терминологиядағы семантикалық және құрылымдық қатынастардың типологиясына назар аударылды. Қазақ терминологиясында, сондай-ақ, бүкіл тіл білімінде тілдің таным шарттары мен құралдары ретіндегі рөлі мен трансформациялаудағы таңбалау жүйесі болып табылатынын айқындауға көп көңіл бөлінді. Мысалы, қазақ тілінің терминдері белгілі шамада терминологиялық аталымның соңғы нәтижесі, өнімі ретінде қарастырылды (Ш.Құрманбайұлы), сонымен қатар лингвистикалық бірліктер ретінде олардың тілдік қасиеттері мен белгілері толық зерттеліп пайдаланылды (Ө.Айтбаев). Дегенмен, қазақ терминдерін аталымдау мен функциялауда адамның танымдық және менталдық қызметі (когниция) лингвистикалық зерттеу пәні болып қалыптаса қойған жоқ.
Әр ұлт тілінде дүние, әлем туралы түсініктер, ұғымдар түрлі тілдік фактілер арқылы таңбаланып, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, негізінен, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып-білуге болады.
Ғаламның ғылыми бейнесі мен тілдік бейнесі арасындағы айырмашылықтар турасында ғалым В.В.Воробьев төмендегідей тұжырымдаманы ұсынады [8, 9]:
1) когнитивтік жүйе әмбебап сипатта болады, оның көлемі мен тұтастығындағы айырмашылық түрлі ұлт өкілдері өркениетінің деңгейіне байланысты. Лексикалық жүйе ұлттық сипатта болады, түрлі тілдердің лексикалық жүйелері арасындағы айырмашылық, алдымен, ішкі бөліктерге бөлінуіне байланысты (Осы тұрғыдан келгенде, терминдер әмбебаптық сипатқа ие болғандықтан, когнитивтік жүйенің негізгі бір бөлігін құрайды);
2) функционалдық айырмашылықтарға келсек, когнитивтік жүйе тану процесі мен еңбек әрекетіне бағытталған болса, лексикалық жүйе коммуникацияға бағытталған (Терминдер аталған екі қызметті де атқаруымен ерекшеленеді);
3) генетикалық тұрғыдан когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге қарағанда алғашқы болып табылады және табиғатынан консервативтік саналатын лексикалық жүйеге қарағанда тезірек қарқынды жетіліп, дамып отырады (Генетикалық тұрғыдан терминологиялық жүйе лексикалық жүйенің бір бөлігі болып табылады. Бірақ даму тұрғысынан когнитивтік жүйенің құрамдас бір бөлшегі деп қабылдауға болады);
4) когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге және жалпы тілдік жүйеге қарағанда толығырақ, байырақ болып көрінеді, лексикалық жүйе когнитивтік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады (Терминологиялық жүйе терминдік қоры жағынан лексикалық жүйе секілді когнитивтік жүйенің бір бөлігі болып саналады).
Терминдердің концептуалдық құрылымын анықтауда ұғым мен мазмұн мәселесінің маңызы зор. Себебі терминнің концептуалды құрылымы дегеніміз – белгілі бір ұғымдық сала иелерінің коммуникативтік байланысын қамтамасыз ететін референциялардың инвариантты жүйесі, оны концептуалды құрылымды тіл жүйелері мен арнайы ұғымдар арасын байланыстыратын негізгі буын деп қарастыруға болады. Бұл арада тілмен тікелей байланыс мазмұнды аспект арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан концептуалдық құрылымның өзі де белгілі бір семантикалық және ұғымдық категориялармен сипатталады. Бұл үшін біз «сема» немесе «семантикалық белгі» категорияларын қолданғанды жөн көрдік.
Егер терминді тек жеке сөз ретінде ғана қабылдамай, оны белгілі бір терминологиялық жүйе бірлігі ретінде қабылдайтын болсақ, онда ол өзінің негізінде бүкіл сол жүйенің құрылымдық және мазмұндық жақтарын сипаттауымен қоса, онымен семантикалық қатынаста болуы тиіс. Яғни, бір жеке терминнің концептуалдық құрылымын айқындау арқылы сол терминологиялық жүйенің де концептуалдық құрылымын анықтауға болады. Термин концептуалдық құрылымының жалпы сұлбасын былай көрсетуге болады:
Интенсионал топтық сема + +даралаушы сема
саласы +жекелік сема факультативті элементтер
өзекті семалар
+
Импликационал перифериялық семалар
саласы күшті импликационал
+
ықтималды семалар
әлсіз импликационал
Ұсынылған сұлбаны терминнің концептуалдық құрылымының матрицацы ретінде қабылдауға болады, ал оның элементтері кез келген терминологиялық жүйенің тұрақты параметрлері болып табылады.
Біздің зерттеуімізде «концептуалдық құрылым» термині сөздің терминологиялық мағынасының семантикалық белгілер жиынтығын, олардың иерархиялық құрылымын көрсетеді.
Концептуалдық құрылым мазмұн межесінің жүйелік негізін белгілейді. Осы негізде аударматану терминологиясының концептуалды құрылымын төмендегідей көрсетуге болады:
Кесте 6– Аударматану терминологиясының концептуалды құрылымы
Сема категориясы
|
Сема атауы
|
Семаның белгіленуі
|
топтық
Өзекті
семалар
жекелік
|
Тіл білімімен қатынасы
Аудармамен қатынасы
|
Тіл білімі терминэлементтері
Аударматану терминэлементтері
|
Даралаушы семалар
|
Шектес ғылым салалары ұғымдарымен қатынасы
|
Шектес терминологиялардың терминэлементтері
|
Концептуалдық құрылым категориясы жекелік (жеке термин) пен жалпылық (терминологиялық жүйе) арасындағы диалектикалық байланысты экспликациялауға мүмкіндік береді. Жеке термин концептуалдық құрылымының семантикалық негізі жалпы терминологияның мазмұн межесіндегі жүйелілік сипатын айқындайды.
Концептуалдық құрылымның жұмсалымдық негізі терминнің когнитивтік-семантикалық ерекшелігін айқындауға, лингвистикалық логикалық (білім) бірлігін көрсетуге бағытталады.
Терминологиялық жүйелердің концептуалдық құрылымын айқындаудың практикалық маңызы арнайы ұғымдар жүйесі мен тұрақты тілдік тәсілдер байланысының экспликациялануында болып табылады.
Зерттеу жұмысымыздың «Аударматану терминдерінің семантикалық-уәжділік негізі» деп аталатын екінші бөлімінің «Аударматану терминдерінің әр түрлі аспектіде қаралу сипаты», «Аудару процесін талдау барысында қолданылатын ұғымдық аппараттың тілдік ерекшелігі», «Аударматану терминдерінің лексика-семантикалық құрылымы», «Аударматану терминдерінің уәжділік ерекшеліктері» атты тараушаларында аударматану терминдерінің семантикасы, олардың концептологиялық құрылымы мен уәжділік қасиеттері терминологиялық лингвоконцептология тұрғысынан қарастырылады.
Когнитивтік семантика тілді түсіну және қолдану мәселесін негізгі назарға ала зерттеп, мағына санада кодталатын процесс, ғаламның тілдік, ғылыми бейнесін құрушы элемент екені ескеріледі. Соның нәтижесінде когнитивтік процестің «әрекет етуші әрекет мақсат нәтиже» қатынасы негізінде ғана жүзеге асатыны мойындалады. Әрекет етуші (сана, аралық әлем) әрекетті белгілі бір мақсат көздеп жасайды және ол белгілі бір нәтижеге бағытталады. Ал нәтиже – обьективтік шындықтың тілдік бейнеленген формасы (мағына, мазмұн), концептуалды жүйесі (семантикалық құрылымдар – терминдер, терминдік бірліктер, кәсіби атаулар т.с.с.), ал ол мағына – санада кодталатын процесс. Ғылыми танымның кодталуы әрекет түрінде сөз, дыбыстық құрылым мен мазмұн бірлігі арқылы ойша және бейвербалды емес, вербалды түрде жүзеге асады. Вербалды түрде кодталған ғылыми, тілдік таным мағынасы (терминдер, терминдік бірліктер т.б.) ғаламның ғылыми бейнесі ретінде көрініс береді. Ал обьективті дүниені тану, яғни, тілдің шындықты тануға бағытталуы мақсат ретінде анықталады.
Аударма коммуникациялық қарым-қатынаспен тығыз байланысты практикалық қызмет атқаруымен сипатталады. Аударманың тілдік негіздеріне мыналар жатады: 1) аударма алғашқы емес, қайталанатын қызмет; 2) бұл қайталанатын қызмет табиғи тілдердің материалы негізінде тілдің нормалық-бағалау сәйкестігі жолымен жүзеге асады. Яғни, бұл – тілдік-мәтіндік қызмет.
А.Попович аударма процестерін зерттеу барысында қолданылып отырған терминдер мен ұғымдарды енгізді. А.Попович енгізген «мәтін түпнұсқа мәтіні протомәтін», «екінші деңгейдегі мәтін аударма мәтіні метамәтін» деген терминдер тілде түпнұсқа және аударма мәтіндерін жіктеу әдістемесі деп аталатын зерттеу аппаратына кірді. А.Поповичтің пікірі бойынша, протомәтін-метамәтін қатынасы инвариант пен вариант арақатынасы бойынша құрылады. Ғалымның пайымдауынша, «метамәтін жоғары деңгейде протомәтінді қайталай алмайды. Себебі мұнда ең басты рөлді атқаратын – автор-аудармашы, ал метамәтін авторлық стратегияның құндылығы болып табылады» [9, 184].
Бұл терминдер денотаттағы ақпаратты дәлірек ашып беруге және аударма процесін талдау барысында дұрыс бағытты ұстануға септігін тигізеді. Протомәтіндер мен метамәтіндер арасындағы байланысты төмендегі кестеден көре аламыз.
Кесте 7 – Түпнұсқа және аударма мәтіндерін белгілейтін терминдер
Түпнұсқа
|
|
Оның басқа тілге аудармасы
(Аударма мәтіні - 1)
|
|
Аударма мәтіні – 1-ден жасалған аударма мәтіні - 2
|
Протомәтін
|
|
Метамәтін 1
Протомәтін 2
|
|
Метамәтін 2
|
Қазіргі таңда кез келген ғылым саласының концептуалдық-ұғымдық аппаратының басты мәселесі терминологиялық синонимия құбылысы болып табылады. Бұл мәселе мынадай сұрақтардан тұрады: синонимдік терминдерге стилистикалық қарама-қарсылық қасиеті тән болып табыла ма; терминологиялық дублеттілікті қалай түсіндіруге болады; синонимдер қатарына қандай терминдерді жатқызуға болады және т.б.
Біздің ойымызша, бұл тілдік құбылыс терминологияның бір ұғым – бір таңба деген негізгі қағидасын жоққа шығарады. Сондықтан да синонимдік терминдердің терминологиялық жүйедегі жұмсалымдық қажетсіздігі жайлы пікірлер туындайды. Алайда бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Кез келген ғылым саласының терминологиясы сол сала мамандарының қарым-қатынас құралы қызметін де атқарады: ғылыми конференциялар мен симпозиумдардағы баяндамалар, ғылыми мақала жазу, түрлі ғылыми және техникалық құжаттамаларды құрастыру, ғылыми-көпшілік басылымдарға қатысу, ғылыми тақырыптағы ауызша әңгіме және т.б. Осыған байланысты, бір ғылыми-техникалық ұғымды бірнеше терминдермен белгілеу қажеттілігі пайда болады. Мысалы, терминологиялық жүйе және терминдер жүйесі; таңбалық жүйе, семиотикалық жүйе және таңбалар жүйесі; лексика және сөздік қор т.с.с.
Біз қарастырып отырған материал негізінде бір ұғым – бір таңба шартын қатаң сақтаумен ерекшеленетін синонимді терминдер мағына жағынан біршама ұқсас болып келгенімен, семалық тұрғыдан ұғымдары айқын ажыратылады. Мысалы, аударма барабарлығы – барабар аударма – толыққанды аударма (түпнұсқа мазмұны мен пішін бірлігінің берілуі – түпнұсқаға сәйкес келетін аударма және т.б. – аударма мәтінінің түпнұсқаға жұмсалымдық-стилистикалық жағынан сәйкес келуі); баламасыз лексика – реалийлер (білім алушылардың ана тілінде тең мағынасы жоқ лексикалық бірліктер – нақты бір әлеуметтік қоғамдастықтың, этникалық топтың ерекшеліктерін құрайтын заттар, құбылыстар, дәстүрлер және оларды білдіретін сөздер мен сөз тіркестері); дәлме-дәл аударма – нақпа-нақ аударма (сөйлем, синтагма, фраза деңгейінде орындалатын аударма – сөзбе-сөз аударма) және т.б.
Ал концептуалдық ұғымы бір терминдер қатарына мыналар жатады: морфемалар деңгейіндегі аударма – морфемалық аударма; фонемалар деңгейіндегі аударма – фонемалық аударма; автоматтандырылған сөздік – машиналық сөздік; автоаударма – авторлық аударма; агенс – іс-әрекет субьекті; коммуникация акті – айтылым; екі тілді есептеуіш лексикография – аударылған есептеуіш лексикография; дефиниция – анықтама т.б.
Сонымен, терминологиядағы синонимия құбылысы оны қолданушылардың ғылыми коммуникативтік қажеттілігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды рөл атқарады.
Кез келген ғылым, білім саласының терминологиялық жүйесі сол ғылым саласымен бірге дамиды және адамзаттың ақиқат, шындықтың нысандарын танып білу кезеңдерін көрсетеді. Мысалы, аударматану терминдері негізінде кейбір ғылыми ұғымдардың қалыптасу сатыларын белгілеуге болады: аудару аударма аударма туралы ғылым аударма теориясы аударматану.
Терминдер мен терминологиялық жүйелер жалпы лексика мен лексикалық жүйелерден мына аспектілер тұрғысынан ажыратылады: 1) басқа тілге аудару; 2) басқа тілден алу (кірме сөз); 3) тұрпат межесінің өзгеруі немесе айқындалуы; 4) мазмұн межесінің өзгеруі немесе айқындалуы; 5) көп мағыналылық; 6) омонимия; 7) синонимия; 8) антонимия.
Осы аталған аспектілерге жеке-жеке тоқталып, атап өткенді жөн көрдік.
1. Аударма. Арнайы лексика сөздерінің аударылуы жалпы тілге емес, сол заттық-ұғымдық өріске қатысты жүзеге асырылады, өйткені лексикалық тұрғыдан түрлі жүйелердегі бір сөз әр түрлі аударылуы мүмкін.
Қазақ аударматану терминдерінің басым көпшілігі осы негізде жасалған. Мысалы: сөзбе-сөздік, мақсатты сөзбе-сөздік; өзі туындайтын сөзбе-сөздік, сөзбе-сөз аударма, уақытша балама, барабар алмастыру және т.б.
2. Кірме сөз. Бастапқы тілде бар сөздің аударма тілінде баламасының жоқтығы оны басқа тілден алуға мәжбүр етеді, яғни терминдердің басқа тілден қабылдануы бастапқы тілдегі ұғымның қабылдаушы тілде жоқтығына байланысты болады. Мысалы: денотат, трансформация, транслят, рецептор, селектор, референт-аудармашы, символ, фразалық аударма, аударма-девальвация және т.б.
3. Тұрпат межесінің өзгеруі немесе айқындалуы. Арнайы лексиканың сөздері белгілі бір дәрежеде тұрпат межесін өзгертуге немесе айқындауға, сондай-ақ денотаттардың да қайта аталуға мүмкіндіктері бар. Бұл қасиет жалпы лексикаға тән емес. Ал сөздер мен олардың мазмұн межесі жасанды түрде қалыптастырылған жағдайда тұрпат межесінің өзгеруі немесе айқындала түсуі әбден мүмкін. Себебі бұл тұста атау тікелей ұғыммен емес, таңбаланушы нысанмен (денотатпен) шартты байланыста болады. Мысалы: адекватты аударма барабар аударма; синхронды аударма ілеспе аударма; адресант тыңдаушы; адресат – сөйлеуші; анализ талдау; аналогия телнұсқалық; билингв қостілді адам; билингвизм қостілділік және т.б.
4. Мазмұн межесінің өзгеруі немесе айқындалуы. Арнайы лексикада бастапқы тұрпат межесі сақталады да, ал бірліктерінің мазмұн межесі ауысатын құбылыстар да байқалады. Бұл құбылыс жаңа концепциялар туындаған жағдайларда ғана қарастырылады.
5. Полисемия. Көп мағыналы сөз бірнеше ұғымға сәйкес келеді. Көп мағыналы сөздің мазмұн көлемі маңызды белгілері негізінде бірнеше бөлшектерге бөлініп, десигнат топтарын бір-бірінен ажыратып тұрады.
Мәселен: барабар аударма – 1) толыққанды аударма; 2) толыққанды алмастыру; 3) түпнұсқа мәтініне толық сәйкес келетін аударма мәтіні; 4) стилистикалық ерекшеліктерді ескеретін аударма; 5) түпнұсқа мазмұны мен пішіні бірлігінің аудармада берілуі; 6) поэтикалық мәтін; 7) әдеби аударма; баламасыз лексика – 1) баламасы жоқ лексикалық бірліктер; 2) бастапқы тіл сөздері; сөзбе-сөздік – 1) аудармалық қате; 2) екі тіл таңбаларының жалған байланысын жасау; 3) тіл нормаларының бұзылуы; 4) аудармашының қатесі; айтылым – 1) таңбалар тізбегі; 2) хабарлама бірлігі; 3) сөйлеу бірлігі; 4) мәтіндік шындықтың кіші бөлігі; 5) сөйлеу барысында рәсімделген аяқталған ой, тұжырым; шығыс тіл – 1) аударма тілі (машиналық аудармада); 2) аударма жасалған тіл; 3) салғастырылушы тіл; 4) мәтін тілі және т.б.
6. Омонимия. Омонимдер – айтылуы бірдей, мағыналық жақындығы жоқ сөздер. Омонимдердің пайда болу себебі әр түрлі: 1) көп мағыналы сөздердің арасындағы семантикалық байланыс үзілуі арқылы жасалады; 2) сөздердің тарихи дыбыстық өзгерістерге ұшырауы арқылы; 3) кірме сөздер мен төл сөздердің дыбысталуы жағынан сәйкес келуі арқылы жасалады. Мысалы: сәйкестік І – бір-біріне сай үйлестік, ұқсастық; сәйкестік ІІ – аударма жайындағы ғылымның ең негізгі категорияларының бірі. Аудармадағы абсолютті сәйкестік бастапқы және аударма мәтіндерінің формалды, мағыналық және ақпараттық құрамдас бөліктерінің сәйкес келуі арқылы сипатталады, алайда іс жүзінде оған қол жеткізу мүмкін емес деуге болады. Сәйкестік категориясы аудармада «сөзбе-сөздік аударма – еркін аударма» оппозициясында көрінеді. Сондай-ақ, сәйкестік деп бастапқы мәтін бірлігін аудару нұсқаларының бірін айтады; түпнұсқа І – алғашқы негіз, бастапқы; түпнұсқа ІІ – аудармадағы бастапқы мәтін, аударма осы мәтіннен жасалады; бейімдеу І – жуықтау, жақындау, икемдеу; бейімдеу ІІ – 1. рецепторға бірдей әсер ету мақсатында сипатталған жағдаятты өзгерту нәтижесінде сәйкестіктерге қол жеткізу амалы. 2. мәтіннің түрлі өңделуі; 3. қажетті дәрежеде дайын емес оқырмандар үшін мәтіннің әзірленуі; қабылдау І – адам миында болатын түсіну, сезіну процесі; қабылдау ІІ – аудару барысында бастапқы тілде оқу немесе тыңдау іс-әрекетінің бастамасын білдіреді; нақтылау І – дәлдей түсу, анықтау, айқындау; нақтылау ІІ – бастапқы тіл бірлігіне қарағанда аударылған бірлік мағынасының нақты болуына байланысты аударма амалдарының бірі.
Сонымен бірге, аударматану терминдік бірліктерінің материалы негізінде салааралық терминдер-омонимдер түрлері де анық байқалады. Мысалы, транслят – транслят (аударматану – радио, теледидар); селектор – селектор (аударматану – байланыс жүйесі) және т.б.
7. Синонимия. Тілде белгілі бір ғылыми-техникалық ұғымды бірнеше терминдермен атау қажеттілігі пайда болуы мүмкін. Мысалы, терминологиялық жүйе және терминдер жүйесі т.б. Терминдер синонимділігі құбылысы автордың ғылыми сөз байлығын көрсетуімен сипатталады. Ал мына аударматану терминдерінің концептуалдық мағынасы бірдей болады: бастапқы айтылым, бастапқы хабарлама – бастапқы мәтін; кинетикалық тіл – ым, ишара тілі; когнитивтік-танымдық; конвенция – норма; таңбаның коннотативтік мағынасы – таңбаның прагматикалық мағынасы; қисынды предикат – қисынды баяндауыш; қисынды субьект – қисынды бастауыш; механикалық аударма – нақпа-нақ аударма.
8. Антонимия. Антонимия құбылысы дербес және көмекші сөздер арқылы берілетін семантикалық қарама-қарсылықты білдіреді. Антонимия көркем әдебиетте антитеза сияқты әр түрлі стильдік фигураларды жасап, экспрессия үшін қолданылады.
Антонимия құбылысы терминологияда терминологиялық өрістің шеткі нүктелерін белгілеуге, сондай-ақ терминологиялық жүйенің қисынды мүмкіндіктерін сұрыптауға жағдай жасайды. Мысалы: кеңейту – тарылту, сәйкестік – сәйкессіздік, ауызша аударма – жазбаша аударма, кіріс тіл – шығыс тіл, кіріс сөздік – шығыс сөздік, кіріс сөйлем – шығыс сөйлем, лексикалық жайылма – лексикалық ықшамдау және т.б.
Терминдерді терминологиялық өрістен бөліп қарауға болмайды. Терминологиялық өріс бойынша моносемантикалық термин жасалуы тиіс. Терминдерді талдау барысында ұғымдық өріс ерекшелігіне басты назар аудару қажет. Бұл тілден тыс негіздемесіз терминологиялық өріс қалыптасуы мүмкін емес. Себебі жай лексикалық өрістен терминологиялық өрістің айырмашылығы – оның құрамына жай сөздер емес, арнайы ұғымдарға сәйкес келетін арнайы лексика жатады.
Терминологиялық өріс теориясында сөздердің басым көпшілігі жасанды жолмен туындайтын болған соң, сөзжасамға ерекше мән беріледі. Сол себепті әрбір терминологиялық өрісте жалпы лексикаға және өрістің басқа түрлеріне тән емес өзінің сөз тудырушы және сөз түрлендіруші парадигмалары қалыптасады. Мысалы, аударматану өрісіндегі балама терминіне зат есімді баламалық, сын есімді баламалық терминдері сәйкес келеді.
Үлкен, ірі терминологиялық өрістер одан кіші, микроөрістерге жіктеледі. Мысалы, аударматану өрісінің мынадай микроөрістерін атап көрсетуге болады:
1) Көркем аударма микроөрісі төмендегідей терминдерден құралады: авторланған аударма, авторлық аударма, бейімдеу, бейімделген аударма, барабар алмастыру, барабарлық, аударма барабарлығы, барабар аударма, антонимдік аударма және т.б.;
2) Машиналық аударма микроөрісі: автоматтандырылған ақпараттық жүйе, аудармашы, АЖО (автоматтандырылған жұмыс орны), кіріс сөздік, кіріс тіл, шығыс сөйлем, шығыс сөздік, шығыс тіл, іріқұрылым бірліктері, машиналық сөздік, машиналық интерпретация, машиналық құрылым және т.б.
3) Мәтін аудармасының микроөрісі: газет мәтіндерінің аудармасы, фельетонды мақалалар аудармасы, көркем аударма, техникалық әдебиет аудармасы, ғылыми әдебиет аудармасы, қоғамдық-саяси әдебиет аудармасы, патенттік рефераттар аудармасы, құжаттар аудармасы, мәтін тақырыптарының аудармасы, кино-бейне материалдар аудармасы және т.б.;
4) Аударма процесінің микроөрісі: аудармашының түпнұсқа мәтініндегі бағдарлау үрдісі, аудармашылық шешімдердің жүзеге асырылу үрдісі, аудармашылық шешімдерді іздестіру және қабылдау үрдісі, аудармашылық шешімдерді іздестіру немесе таңдау үрдісі, оңтайлы шешімді іздестіру үрдісі, бағдарлау үрдісі, коммуникация акті, екі тілді коммуникация акті, аудармалық іс-әрекет, аудармалық амалдар және т.б.;
5) Аударма әдістемесінің микроөрісі: аударма техникасы, аударма практикасы, таңбалық аударма, мазмұндық аударма, ілеспе аударма, жазба әдісі, мәтінді құрақтау әдісі, семантикалық өрісті қысқарту әдісі, статистикалық оппозициялар өрісі, транформация әдісі, бастапқы мәтінді трансформациялау әдісі, сүзгілер әдісі және т.б.
Терминдердің лексика-семантикалық құрылымы термин интенциясы мен экстенциясы ұғымдарымен байланысты болып келеді. Термин интенциясы дегеніміз – бұл таңбаланушы нысанды белгілі бір ұғымдық өріс шеңберінен айқындап алу ниеті мен мақсаты. Сондай-ақ, оның ерекше белгісін сипаттайтын дәл және нақты атаумен таңбалануын білдіреді.
Термин экстенциясы – бұл оның мағынасын көрсететін ұғымдық өріс аумағы. Мысалы, аударматану термині экстенциясының сызба үлгісін былай көрсетуді жөн көрдік:
Сурет 2 – Аударматану терминінің экстенциясы
Осыған сәйкес термин-ұғымның интенция ұғымы, әсіресе, аталымдық интенция, тек термин-сөздерге ғана тән құбылыс болып табылады.
Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде уәж, уәжділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жүр. Соңғы бес-он жыл көлемінде лексикалық, терминдік бірліктерді, тілдік құбылыстар мен үрдістерді уәж, уәжділік ерекшеліктері тұрғысынан қарастыратын лингвистикалық зерттеудің арнаулы саласы – уәжтану ғылымы қарқындап дами бастады.
Лексикологияның ерекше саласы ретінде уәжтанудың лингвистикалық мәртебесіне қатысты арнайы зерттеу жұмысын жүргізбегенмен, қазақ тіл білімінде уәж, уәжділік мәселелері жөніндегі Ә.Қайдаровтың, К.Хұсайыновтың, Б.Қалиевтің, Н.Уәлиевтің, Ж.Манкееваның, Р.Шойбековтің т.б. ғалымдардың еңбектерін атап көрсетуге болады.
Ал орыс тіл білімінде уәжтану М.М.Копыленко, З.В.Беркетова, О.И.Блинова, Н.Д.Голев, М.М.Гинатулин, С.А.Колчин, В.В.Левицкий, А.А.Леонтьев, Г.П.Мельников және т.б. ғалымдардың еңбектерінде әбден қалыптасқан, күрделі жүйесі мен өзіндік терминдері бар сала ретінде зерттелген.
Терминжасамның басты талаптарының бірі – атаудың уәжді болуы. Ендеше атау қатаң шарттылықтан аулақ болу керек, кез келген ұғымның атауы уәжді болу керек, сонда өзге тілден еніп, аударылып немесе жаңадан пайда болып жасалып отырған ұғымның мазмұн-мағынасы оның атауынан көрініп тұрады. Яғни, атаудың ар жағында тұрған ұғым аударма немесе түсіндірме сөздіксіз-ақ түсінікті болып тұру керек.
Терминнің уәжділік мәселесіне мысал ретінде А.Байтұрсынұлы дәстүрін үлгі етіп алуға болады: бастауыш – сөйлемнің басында тұрып, басты тұлғаны көрсететін ұғым; баяндауыш – сөйлемнің аяғында тұрып, баяндау әрекетті аяқтайтын ұғым. Екі ұғымның да орны мен қызметі олардың атауынан көрініп тұр. Осы ретпен жасалған жалғау, жұрнақ, зат есім, сан есім, өткен шақ т.б. атаулардың сыры ұғым мен атаудың үйлесімінде, атаудың төркіні қазақтың төл сөзі болғандығында екені даусыз.
Тілдегі уәжділік ұғымы сөз мағынасы, лексикадағы жүйелілік қатынастар, мән, форма, мазмұн, таңба, тілдік норма, аталым, терминологиялық аталым, лексикалық бірліктердің идиомалылығы және т.б. маңызды лингвистикалық категорияларды зерттеуде басты қызмет атқарады.
Уәжділіктің осы ерекшеліктеріне орай тіл білімінде оны әр түрлі атаулармен байланыстырады: ішкі форма, мазмұн таңбасы, лексикалық обьективация, уәждеме, уәжденім, сөздің этимологиялық құрылымы т.с.с.
В.В.Левицкий уәжділік құбылысын зерттей отырып, оның үш түрін: «морфологиялық, семантикалық және фонетикалық» түрін атап көрсетеді [10, 21-25].
Сөздің морфологиялық уәжділігі тек сөздің мағынасы мен оның морфологиялық құрылымы арасында байланыс болған жағдайда ғана сөз болады. Ал семантикалық уәжділік – сөзде метафора мен метонимия құбылыстарына негізделген бейнеліліктің болуы. Сөздің фонетикалық уәжділігі, сөз мағынасы мен оның дыбысталу арасындағы байланысты білдіреді де, дыбыс символизмімен тығыз байланысты болып келеді.
Негізінде, бастапқы зат белгілерінің жиынтығы – өзек сема (бастапқы жалпы белгі), бастапқы зат пен кейінгі заттың бір сөзбен аталуына негіз болған белгі – жалпылауыш сема, бастапқы және кейінгі заттардың өздеріне тән өзіндік белгілері – даралауыш сема. Демек, уәжділік дегеніміз – бір сөзбен таңбаланған, мазмұндық-мағыналық бірліктегі лексикалық бірліктердің арасындағы бастапқы, байланыстырушы және даралаушы белгілер. Кейінгі зат атаулары бастапқы затпен негізгі не жалпы, негізгі не қосымша, ықтималды не кездейсоқ жалпылауыш семалар арқылы байланысады. Бұл байланысты аталым теориясының уәжтану саласы зерттейді.
Кез келген тілде терминжасам процесі, ең алдымен, сол тілдің өз сөздік құрамы, ұлттық лексикасы негізінде жүзеге асырылады. Демек, терминдер тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлерден жасалады. Осыған орай, терминдер қатарында сол тілге тән әр түрлі құрылымдық түрлер кездеседі: түбір сөз, туынды сөз, күрделі сөз, сөз тіркесі және т.б.
Туынды терминдердің терминжасам процесінің семантикалық нәтижелері төменде келтірілген түрлерде болуы мүмкін:
1) таза транспозиция (сөздің бір сөз табынан басқа сөз табына ауысып, мағынасының ешбір өзгеріссіз қалуы): аударылған мәтін аударма мәтін;
2) транспозиция (туынды сөздің синтаксистік сипаты мен мағынасының бірдей өзгеруі): кеңесші кеңесшілдік; балама баламалық;
3) модификация (бір сөз табына жататын сөз тудыруға негіз болатын және туынды терминдер арасындағы айырмашылықтар): аударма аудармашы.
Осы орайда, біздің ойымызша, семантикалық өзгерістердің біріншісі синтаксистік деривация, екінші және үшінші түрлері лексикалық және терминдік деривация ұғымдарына сәйкес келеді.
Терминологиялық жүйеде уәжді терминдермен қатар бейуәжді терминдер де болады. Уәжді терминдер арасында уәжділік деңгейі әр түрлі терминдер кездеседі. Уәжді терминдердің ішкі құрылымының айқындығы нақты белгілерінен көрінеді. Жалпы, уәжділіктің төмендегідей түрлері бар: сөзжасамдық-морфологиялық, семантикалық және синтаксистік. Сондықтан уәжді терминдер қатарына төмендегідей тұлғалар жатады:
-
аффиксті терминдер;
-
күрделі сөз терминдер;
-
сөз тіркесі терминдер;
-
семантикалық тасымалдаудан пайда болған терминдер.
Осы тұжырымға сәйкес аффикстік терминдер: барабарлық, аударма, аудармашы, жөнелтуші, сәйкессіздік, сәйкестіктер, балама, баламалық және т.б.; күрделі терминдер: қостілділік, дереккөз, мәнмәтін, тіларалық, метатіл, көптілділік, түпнұсқа, референт-аудармашы, аударма-реферат, аударма-реминисенция, аударма-бейімдеу, аударма – диктант, аударма –девальвация, микроаударма және т.б.; терминдік тіркестер: ауызекі аударма, нұсқалық сәйкестік, баламасыз лексика, қысқаша аударма, өзі туындайтын сөзбе-сөздік, ықтималды болжам, баламалық түрлері, уақытша баламасыз терминдер, уақытша семасиологиялық байланыстар және т.б. уәжді терминдер қатарына жатады.
Бейуәжді терминдер деп басқа тілдерден алынған терминдерді және калька-терминдерді атаймыз. Метонимиялық жолмен пайда болған терминдер де бейуәжді терминдер қатарына жатады.
Ал бейуәжділік сипатын кірме терминдер көрсетеді: дескриптор, детерминатив, дискурс, инофон, интенция, клише, конвергенция, конкорданс, калька, лакуна, селектор және т.б.
Осындай зерттеу нәтижесінде қазақ тіліндегі аударматану терминдерінің мынадай уәжділік түрлерін анықтадық:
1) «Жалпы және жеке теориялық негіздері» уәждеуіш тобы: аударманың денотативтік теориясы, аударманың денотативтік жағы, аударманың дескриптивтік теориясы, аударманың ақпараттық теориясы, аударманың лингвистикалық теориясы, аударманың әдебиеттанымдық теориясы, аударманың жалпы теориясы, аударманың прагматикалық аспектісі, аударманың қолданбалы теориясы, аударманың жағдаяттық теориясы, аударманың арнайы теориялары, аударманың стилистикалық аспектісі, әскери аударма теориясы, заңды сәйкестіктер теориясы, машиналық аударма теориясы, аударманың қоғамдық маңызы туралы теория, аударма теориясы, ретті аударма теориясы, арнайы аударманың коммуникативтік-жұмсалымдық теориясы, аударма теориясы, баламалық деңгейлерінің теориясы, көркем аударма теориясы және т.б.;
2) «Аударма түрлері» уәждеуіш тобы: абзацты-фразалық аударма, абзацты-фразалық ретті аударма, авторланған аударма, авторлық аударма, бейімделген аударма, барабар аударма, қысқаша аударма, антонимдік аударма, бинарлық аударма, сөзбе-сөз аударма, ауызекі аударма, әскери аударма, вокалды аударма, газеттік-ақпараттық аударма, екі жақты аударма, диахрониялық интралингвальды аударма, диахрониялық аударма, құжаттық аударма, доминантты аударма, дәлме-дәл аударма, расталған аударма, көзшолу-жазбаша аударма, көзшолу-ауызша аударма, интервербалды аударма, интерлингвалды аударма, интерлингвистикалық аударма, интерлинеалды аударма, интерсемиотикалық аударма, интервербалды аударма, интралингвистикалық аударма, ақпаратты-коммуникативтік аударма, ақпараттық аударма және т.б.;
3) «Амал, тәсіл, әдіс және үлгі» уәждеуіш тобы: талдау, қабылдау, аударманың герменевтикалық үлгісі, аударманың гипонимиялық тәсілі, грамматикалық трансформация, аударманың динамикалық үлгісі, алмастыру, аударманы таңбалық тәсілмен беру, сәйкестендіру, интерпретация, калькалау, жинақталу, нақтылау, ұғымдардың нақтылануы, контекстуалды алмастыру, лексикалық алмастырулар, лексикалық жайылма, лексикалық ықшамдау, жазба әдісі, мәтінді құрақтау әдісі, семантикалық өрісті қысқарту әдісі, аударманың трансформациялық үлгісі, аударманың жұмсалымдық-прагматикалық үлгісі, тұтастай қорыту, тұтастай өзгерту, баламалы алмастырулар, сөйлем деңгейіндегі аударма, сөздер деңгейіндегі аударма, сөз тіркестері деңгейіндегі аударма, мәтін деңгейіндегі аударма және т.б.;
4) «Аударма бірліктері» уәждеуіш тобы: штамптар, клише, жағдаяттық клише, терминдер, мақал-мәтелдер, бейнелі құрылымдар, сөз, сөз тіркесі, синтагма, сөйлем, абзац, мәтін, шығыс сөйлем, ірі құрылым бірліктері (машиналық аудармада), инвариантты бірлік, бастапқы мәтіннің интонациясы – мағыналық бірліктері, мәнмәтін, бастапқы бірлік, бастапқы мәтін, лексикалық калька, семантикалық калька, синтаксистік калька, фразеологиялық калька, ұлттық реалийлер, прецизионалды сөздер, реалий сөздер, транслитерленген сөз және т.б.
Сонымен, әрбір термин атауының астарында ұғым тұрады, ал ұғым зат немесе құбылыстар жөнінде пайымдаудың жиынтығынан қалыптасады. Яғни, терминологиялық уәждеме таныммен тікелей байланысты ұғымның қалыптасуына қандай уәждердің негіз болатындығын зерттейді, анықтайды.
ҚОРЫТЫНДЫ
1. Зерттеу барысында қазақ тілінің терминологиясында ерекше терминологиялық жүйе ретінде орын алатын аударматану терминдері тек тілдік тұрғыдан ғана емес, когнициямен байланысты зерттеліп, олардың экстралингвистикалық қырлары когнитивтік лингвистика аясында концептологиялық қасиеттерінің анықталуы арқылы және «ғаламның тілдік бейнесі» теориясына сай лингвокогнитивтік негізде кешенді түрде анықтала алатындығы айқындалды.
2. Аударматану терминдерін «ғаламның тілдік бейнесі» тұрғысынан зерттеуді негізгі мақсаттардың бірі ретінде ала отырып, ұлттық ерекшелікке аса бай лексиканың қатарына жататын тілдің лексика-семантикалық топтары лексикалық жүйемен байланыста қарастырылды, ал ғылыми ұғымдар жүйесімен байланысты терминдік бірліктер концептуалдық жүйе тұрғысынан тіл қызметінің когнитивтік қызметін айқындауда «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына орай кешенді түрде қарастырылды.
3. Ақиқат өмірмен, шындықпен тығыз байланыстағы тілдік бірліктер тілдің терминологиялық жүйесінде орын алады. Осы тілдік бірліктер жүйесін сыртқы экстралингвистикалық мәнділіктермен байланысты қарау белгілі бір терминологиялық өріске жататын ұғымдық атаулар жүйесінің құрылымын, қалыптасу заңдылықтарын, үрдістерін айқындауға мүмкіндік береді.
4. Нақты бір терминологиялық жүйе аясындағы аударматану терминдерінің таңбалануы ономасиологиялық зерттеуді қажет етсе, ал терминнің концептуалдық құрылымы, когнитивтік семантикасы жасанды интеллектінің маңызды ұғымы «ғалам үлгісі», «когнитивтік үлгімен» астасуының концептуалдық табиғатын анықтауды қажет етеді. Сондықтан терминдердің когнитивтік мәні семасиологиялық, ономасиологиялық әдістер мен когнитивтік тұрғыдан ұштастыра зерттелді.
5. Аударматану терминдік бірліктерінің қазақ тіл білімі ғылымының ауқымды бір дерекнамасы ретінде ғылыми-танымдық қасиеттерін ашу мақсатында лексика-семантикалық тұрғыдан зерттеу іске асырылды.
6. Ғылыми ұғымды білдіретін лексемалардың тілдік санада қалыптасуын, концептілік танымға айналу жолдарын айқындау үшін концептуалдық-менталдық ерекшеліктері мен атау мәнді күрделі құрылымдардың ішкі мағыналық, семалық белгілері анықталып, терминдердің дефиницияларын жасауда пайдаланылды.
7. Терминдер мен терминдік тіркестердің аталуына себепші негіз болған уәждік белгілер бірнеше уәждеуіш топқа жіктеліп, қисындық, синонимиялық, бүтіннің бөлшегі, бөлшектің бүтіні, мағыналық кеңеюі мен тарылуы сияқты түрлі қатынастар бойынша қарастырылды.
Зерттеудің болашақтағы бағдары. Аударматану терминдері болашақта терминдер мәселесін салғастырмалы лингвистика, психолингвистика тұрғысынан қарастыруға, кез келген ғылым мен білім саласы терминдерінің когнитивтік концептосферасын қалыптастыру мен біріздендіру мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Терминдер мәселесі кез келген тілдер материалында сол халықтың ұлттық когниция ерекшеліктерімен жете танысуға мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Алдашева А.М. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. – Алматы, 1999. – 161 б.
2 Новиков Л.А. Семантика русского языка. – М., 1982. – 173 с.
3 Ахманова О.С. Предисловие// Словарь лингвистических терминов. – М., 1966. – 608 с.
4 Лингвистикалық энциклопедиялық сөздік. – М., 1990. – 685 с.
5 Апресян Ю.Д. Лексическая семантика. – М., 1974. – 197с.
6 Мұсатаева М.Ш. Двуязычная лексикография: тенденции и перспективы. – Алматы: РИО ВАК РК, 2000. –204с.
7 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие.–Минск.: Тетра Системе, 2004. –225 с.
8 Воробьев В.В. О русской национальной личности в языке и культуре // Язык и культура. – 1998. – ч.1.- С.52-57.
9 Попович А. Проблемы художественного перевода. – БГК им. И.А.Бодуэна де Куртенэ, 2000. – 280 с.
10 Левицкий В.В. Виды мотивированности слова, их взаимодействие и роль в лексико-семантических изменениях // Материалы семанара по проблемам мотивированности языкового знака. – Л.: Наука, 1969. – С.21-25
Диссертацияның мазмұны мынадай басылымдарда жарияланды:
1 Аудару процесін талдау барысында қолданылатын терминдік ұғымдағы атаулар // Қазақ тіл біліміндегі функционалдық бағыт // Профессор Қ.М.Есеновтің туғанына 75 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. –Алматы: Тіл білімі институты, 2006. – Б.144-148
2 Аударматану терминдері жайында бірер сөз // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, №3(157). – Алматы, 2006.– Б. 33-35
3 Терминнің когнитивті-менталды сипаты // Мемлекеттік тілде аграрлық маман даярлау: жаңа мақсат, жаңа жүйе: Республикалық ғылыми-әдістеме конференциясы. – Алматы, 2006. Б.91-95
4 Аударматану концептуалды-терминологиялық аппаратының мәселесі // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, №4 (158). – Алматы, 2006. – Б.75-78.
5 Когнитивтік зерттеулердегі термин мәселесі // Тілтаным, №3(23). – Алматы, 2006. – Б.88-93.
6 Аударматанудың пәнаралық ғылым ретіндегі зерттеу аспектілері // Профессор Қ.Тасболатұлының 80 жылдығына арналған «Тәуелсіздік негізі –ұлттық тәрбие» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Тараз, 2006. Б.121-125
РЕЗЮМЕ
на автореферат диссертации на соискание ученой степени
кандидата филологических наук по специальности
10.02.02. – казахский язык
Достарыңызбен бөлісу: |