Философияның әдіснамалық қызметі (латынша функция — орындау деген сөз) танымның және адамның нағыздықты игеруінің мейлінше жалпылама әдістерінің жиынтығынан болғандықтан да көрінеді. Өзге ғылымдардың әдістері сияқты, философиялық әдістер де адам қызметінің практикасынан бастау алады және де объективті дүниенің даму заңдары мен логикасының шағылуы болып табылады. Бұл, әрине, ғылымға сүйенетін философияға катысты. Афина батыры Тесей және Крит патшасы Миностың қызы Ариадна туралы аңыз ғасырлар тұңғиығынан бізге жетті. Миностың талабы бойынша, афиналықтар патша сарайының астындағы лабиринтте тұратын құбыжық — Минотаврға азыққа жыл сайын жеті жігіт пен жеті қыз беріп тұруға міндетті болады. Тесей өзінің халқын бұл қорлықтан құтқаруды ойлайды, Минотаврды өлтірмек болады. Оған сүйген қызы Ариадна көмекке келеді. Ол Тесейге қылыш пен жіп береді. Жіпті босағаға байлап, Тесей лабиринтке кіреді, Минотаврды өлтіреді. Сонан кейін жіпті бойлап отырып лабиринттен шығады. Осыдан қалған "Ариадна жібі" деген ұғым қазір қиын жағдайда жол табуға көмектесетін идея дегенді білдіреді. Ғылыми таным белгісіз тылсымға бастап апаратын жол сияқты. Ол жолда ғалымды діттеген мақсатына оңай жеткізетін нұсқаулар жоқ. Мұндай жағдайларда не істеу керек? "Қолданып көру және қателесу" әдісін пайдалану керек пе, әлде барлық мүмкіндікті іске қосу керек пе? Мұндай стратегия қараңғыда адасуға алып барады. Ғалымға әрқашан оны жаңа білімге бастап алып баратын идея керек. Оның қайнар көзі философия болып табылады. Ғылымның жетістіктеріне сүйенген философия "Ариаднаның жібі" қызметін атқарады, ғылым лабиринтінде дұрыс бағдар ұстауға мүмкіндік береді. Философияның әдіснамалық қызметі — ғылыми және әлеуметтік танымды сыннан өткен, тексерілген ережелермен, нормалармен, әрекет әдістермен қамтамасыз етуінде. Бүл әрекет ету әдістерінің жиынтығы ойлай білетін адамға қойылатын талаптар.
Таным тарихындағы ең белгілі жалпылама философиялық әдістерге диалектика және метафизика жатады. Бұлар — жалпы философиялық әдістер.
Достарыңызбен бөлісу: |