Жұмыстың Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының зерттеу тақырыбының өзектілігі, міндеті мен мақсаттары айқындалып, зерттеу дәрежесіне тарихнамалық талдау жасалған, деректің негізге сипаттама берілген. Методологиялық негізі мен қолданбалық маңызы, ғылыми жаңалығы мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары берілген. «Түркістан қаласы мен өңірі отаршылдық жағдайында (1867-1917 жж.)» деп аталатын бірінші тарауда қала мен оның маңындағы халықтың демографиялық хал-ахуалы ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. бас кезіндегі оқиғалармен тығыз байланыста қарастырылып, экономикалық, әлеуметтік және демографиялық жағдайы баяндалған.
«Қала мен өңірінің сипаттамасы және экономикалық жағдайы» деп аталатын бірінші тараушада қалалардың қалыптасуының себептері мен жолдары сан түрлі болғандығы қарастырылып, Түркістанның тарихтағы орыны мен рөлі қарастырылған. Тарихта қалалар бірден пайда болмаған. Олардың қалыптасуы қоғамының даму жүйесіндегі терең, сапалық өзгерістерге байланысты болды. Қаланың қалыптасу алғы шарттары «қоғамның қарқынды дамуымен (белгілі бір тарихи және табиғи жағдайларда), жан-жақты еңбектің бөлінуімен байланысты болды» [13]. Көне урбанизмнің ошағы мен орталығы болып саналған алғашқы қалалық елді мекендердің қалыптасуы дәл осындай қоғамдық еңбек бөлінісіне байланысты жүзеге асты.
1867 ж. құрамына Жетісу және Сырдария облыстары кіретін Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуы өлкедегі әскери-саяси жағдайды өзгертуге септігін тигізді. Қазақстанның Ресей қоластына кіру үдерісінің аяқталуы патшалықтың өлкедегі әскери-отарлау саясатына өзгерістер алып келді. Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы нәтижесінде өлкедегі экономика мен сауданың дамуына бөгет болған тайпа, руаралық қақтығыстар мен феодалдық бытыраңқылық жойылып, өлкенің жекелеген облыстарында мүшкіл экономикалық жағдай қалпына келе бастады. Жалпы ресейлік және әлемдік сауда-саттыққа қосыла отырып, өлке шаруашылық тұрғыдан да дамыды.
Осылайша, ХІХ ғ. екінші жартысында Түркістан өлкесіндегі отырықшы және көшпелі халықтардың сауда-экономикалық байланысы дамып, соның нәтижесінде ішкі нарық қалыптасады, қазақ және өзбек халқы арасындағы еңбек айырбасы дамып, олардың арасында өзара байланыс дамиды.
Өлкенің Ресейлік геоэкономикалық кеңістігімен байланыс орнатуы нәтижесінде мал шарушылығы саласының тауарлануына ықпал етті. Мәселен 1912 ж. Ташкент-Орынбор темір жолы арқылы Қазақстаннан 120 мың бас мал сыртқа шығарылды [14]. Ауыл шаруашылығы саласының және жеке шаруашылық өндірісінің тауарлануы әр түрлі бағыттағы сипатта болды. Мұндай сәйкессіздік аграрлық экономиканың екіжақтылығымен байланысты болды, өйткені ол өзінің капитализмге дейінгі табиғатын сақтай отырып, капиталистік қатынастар ықпалына ұшыраған болатын. Бірақ мұндай заңдылықтарға қарамастан, экономикада біршама оң өзгерістер де байқалады.
Түркістан тарихында қаланың әрі қарай дамып, оның мәдени өмірінің өрлеуіне ықпал еткен жаңа дәуір басталады, ол реформаға дейінгі кезеңде өлкедегі капиталистік қатынастардың дамуымен байланысты болды.
«Қала халқының саны мен құрамы және білім деңгейі» деген екінші тараушада ХІХ ғ. екінші жартысында патшалық үкіметтің Қазақстандағы көші-қон саясатының үш кезеңін атауға болады. Олардың әрқайсысындағы көші-қон үдерістерінің сипаты әр қилы болды. Бірінші кезеңде 60 жж. орталықтан Қазақстанға қарай бағытталған көші-қон қозғалысы 40-50 жж. заңнамаға сәйкес жүзеге асырылды. 1861 ж. 19 ақпандағы «Ереже» бойынша бұрынғы крепостнойлардың қоныс аударуға құқығы жоқ еді. Негізінен казак сословиесінің құрамына енетін мемлекеттік крестьяндар қоныс аударды. Аймақта крестьян қоныстары жоқ еді. Мемлекеттік крестьяндар 1867 ж. дейін 1843 ж. 8 сәуірдегі «Көші-қон туралы Ережеге» бағынды [15]. Көші-қонның заңды негіздемесі жердің аздығы еді (бір ер адамға 5 десятинадан кем). Тек ер адам басына 8-ден 15 десятинаға дейін келетін аудандарға ғана қоныстануға рұқсат берілді.
1873 жылы Түркістан жерінде халықтық мектепті Александр Тихомиров ашты. Ол 1879 жылы екі жылдық қалалық училище болып өзгертілді. Онда жергілікті халықтың балалары оқып білім алды. 1884 жылы кешкі оқу курсы үлкендер үшін жұмыс жасап, 1886 жылға дейін тұрды. 1887 жылы түстен кейінгі ауысымда қыз балалар білім алады. Ол уақытта училищені ұстап тұру үшін жылына 8500 сом ақша бөлініп, оның 2360 сомы қазынадан, 400 сом қалалықтардың салығынан, 5515 сом жерден және 400 сом оқушылар үшін жиналған салықтардан құралды.
1873 ж. Түркістанда алғашқы халық мектебі ашылып, ол 1879 ж. екіжылдық қалалық училище болып қайта құрылады. Орыстар мен жергілікті халықтарға арналған мектеп 1888 жылы, шіркеу жанындағы әйелдер училищесі 1890 ж. құрылады. Түркістан станциясы жанындағы Темір жол училищесі 1877 ж., Медресе 1812 ж. бері жұмыс істейді. Мектептер саны – 30. Қыз-келіншектерге арналған бір өзбек мектебі бар. Қоғамдық кітапхана 1908 ж. құрылған.
1888 жылы орыс-уездік екі кластық училищесі, 1888 жылдан 1 сыныптық болып жұмыс істеп келіп, 1911 жылы ғана 2 сыныптық болып өзгерді. Оқу орыны қазыналық мекеме үйінде орналасты. Оқушылар саны – 5 адам болып, оған қоса кешкі курстарда да 30 дан 60 адамға дейін ересектер білім алды.
1897 жылы Түркістан қаласының тұрғындарынан ерлер – 6037, әйелдер – 5216, барлығы – 11253 адамды құрады. Діни наным-сенімдеріне қарай жіктеп қарастырсақ: проваславтар – 236, сторобрияндар – 17, рим-котолик – 46, протестанттық – 9, мұсылмандар – 10387 және июдейлер – 498 адамдық көрсеткіште болды.
1897 ж. Бүкілресейлік халық санағында Түркістан қаласы мен оның әкімшілік аумағына қарасты елді-мекендердегі тұрғындардың жалпы саны – 63232 адам болса, оның ішінде ерлер – 32973 (52,1 %), әйелдер – 30259 (47,8) болды. Тұрғындардың қалада тұратындары – 18723 адам, ерлер – 9488 (56,6 %), әйелдер – 9235 (47,8 %) – дық көрсеткіште құрады. 1897 ж. санақ бойынша қазақтар – 75,2 %, өзбектер – 18,3 %, орыстар – 4,2 %, басқалары – 2,3 % болды.
1897 жылғы Бкілресейлік халық санағында Түркістан тұрғындарының ұлттық құрамына қарай білім деңгейі төмендегідей болды: орыстардан сауаттылары – 50 %, татарлар сауаттылары – 15,6 %, қазақтардан сауаттылары – 3,8 %, сарттардан сауаттылары – 2,6 %, өзбектерден сауаттылары – 4,9 % ды құрады [16].
«Қала тұрғындарының әлеуметтік құрылымы» деп аталатын үшінші тараушасында халықтың әлеуметтік жағдайы мен сол кезде өмір сүрген топтары көрсетілген.
Түркістан қаласын басқаруды ұйымдастыру 1868 жылы 1 тамызда аяқталды. Оны ұйымдастырушы К.П. фон-Кауфман болды. Халықты басқаруда әлеуметтік салықтар жинау, билік тармақтарын тағайындау секілді күрделі мәселелерді патшалық үкімет басшылары өз бетімен шешуге кірісті. Жергілікті жерде елді бағындырып ұстау үшін патша әкімшілігі беделді ру ақсақалдарынан басшылар сайлады. Әр ақсақалға жылына 350 сом ақша төленетін болып келісілді. Арық-ақсақалдарының 13-не 10 сомнан жылына төленсе, қазыларға ештеңе төленбеді. Әкімшілік басқаруда Түркістан қаласына маңайындағы қалашықтар, басқа елді-мекендерде тұратын сарттар да бағынышты болды. Олардың барлығынан зекет, жер салығы және қоғамдық салық түрлері жиналды.
Түркістан уезіндегі әр болыстың әлеуметтік құрылымы мынандай еді: Жаңақорған болысында үй саны – 1140, адам саны – 5172, егіс көлемі – 1000 танап, егіншілер – 500 болды. Қаңлы сапрар болысында үй саны – 1010, адам саны – 4659, егіс көлемі – 750, егіншілер – 500, Алты ата болысында үй саны – 1620, адам саны – 6271, егістік көлемі – 1000 танап, егіншілер – 956, Тама болысында үй саны – 1255, адам саны – 4900, егістік көлемі – 200, егіншілер 140, Қоңыр Маңғытай болысында үй саны – 1367, адам саны – 5040, егіс көлемі – 110, егіншілер – 550, Маңғытай-Саңғыл болысында үй саны – 1182, адам саны – 5282, егіс көлемі – 450, егіншілер – 250, Божбан болысында үй саны – 1354, адам саны – 5885, егістік көлемі – 200 танап, егіншілер – 87, Жаманбай болысында үй саны – 1824, адам саны – 7500, егіс көлемі – 750, егіншілер – 470, Сары болысында үй саны – 935, адам саны – 4675, егістік көлемі – 235 танап, егіншілер – 25, Сырдария болысында үй саны – 900, адам саны – 4500, егіс көлемі – 800, егіншілер – 715, Шу болысында үй саны – 1050, адам саны – 5250, егіс көлемі – 450, егіншілер – 280, Барлығы 13637 үй, 59134 адам, егіншілер – 4473 адамды құраған екен.
«Қала мен өңірі халқының кеңес заманында дамуы (1917-1989 жж.)» деп аталатын екінші тарау үш тараушадан тұрады. Бұл тарауда Түркістан қаласы мен ауыл халқының Кеңестік кезеңдегі экономикасы, әлеуметтік жағдайы және халық саны, табиғи өсім мәселелері қарастырылған.
«Қала экономикасы мен мәдениетінің өсуі» деген бірінші тараушада
ХХ ғ. басында орын алған саяси әлеуметтік жағдайлар әсіресе 1917 жылғы Ресейде Қазан революциясы, Кеңес үкіметінің орнауы Қазақстан халқының өсу қарқынына да әсер етті. Бұл көрсеткіш сол дәуірдегі тарихи, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес анағұрлым төмен болатын.
1918 ж. 13 мамырда Солдаттар, жұмысшылар және шаруа депутаттар кеңесінің Түркістан қалалық атқару комитетінің мәжілісінде Халық шаруашылығы Кеңесінің құрылуына байланысты қалалық думаны тарату жөнінде шешім қабылданды. 1919 ж. 10 шілдеде РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі бекіткен «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитеттің Ережесінде» Қазақ АКСР-ның әкімшілік-территориялық негіздері айқындалды. 1924 ж. 12 желтоқсанда Сырдария облысы губерния болып қайта құрылды да, оның орталығы Шымкент қаласы болып белгіленді.
1925 ж. бұл аймақтағы ауқымды өнеркәсіп құрылысы үлкен қиындықтарға тап болды – аудан көлемінің тым үлкендігі мен шалғайлығы, жол желісінің нашар болуы, маман кадрлардың жетіспеуі, табиғи ресурстардың жеткілікті дәрежеде зерттелмеуі, табиғи және жартылай табиғи шаруашылықтың басымдылығынан жергілікті базарлардың тым тар болуы, өндірістік сұраныс деңгейінің төмен болуы, т.б. Халық шаруашылығы социалистік реконструкциясының өрлеуі нәтижесінде Қазақстан өнеркәсібі республиканың өзінде анағұрлым кең және мықты негізге ие бола бастады. Өлке экономикасын кешенді түрде қайта құра отырып, Кеңес Үкіметі жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамыту міндетін тиімді түрде шеше білді.
1928 ж. Түркістан қалалық кеңесінің Президиумында қаланың шекарасын анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның жұмысының нәтижесінде Губерниялық Жер басқармасының жобасына сәйкес қаланың шекаралық аумағы кеңейтілуі керек еді.
Өлке қалаларында индустрияландыру негізінде жүзеге асырылатын әлеуметтік қайта жаңару мәселелеріне ерекше көңіл бөліне бастады. Осының негізінде қолөнершілер арасында айтарлықтай сапалық өзгерістер орын алып, жұмысшы табының, инженерлер мен техниктердің ұлттық кадрларын даярлаудың негізі қаланды.
1940 жылдары аймақтағы өнеркәсіптің даму деңгейі біршама артады. Олардың қатарында машина жасау зауыты, май зауыты, шұлық фабрикасы, айна фабрикасы, консерві зауыты, тоқыма комбинаты секілді кәсіпорындар жұмыс істеді.
1969 ж. арналған жоспарда «Прогресс» жиһаз бірлестігі мен Түркістан киіз үй фабрикасы 5,7 млн. сомға өнім шығарады деп көрсетілген.
Мәдени-тұрмыстық нысандағы тауарларды 3,2 млн. сомға, оның ішінде жиһаздарды 2,7 млн. сом қаражатқа өндіру жоспарланған, жоспар бойынша балалар жиһазы өндірісі 11есе артуы керек еді. 2000 дана төсек топтамаларын, 7,5 мыңнан астам диван-кереуеттерді жасап шығару мақсат етілген. Киіз үй өндірісі 814 данаға артып, 1969 жылы 3000-ға жетуі керек еді. Айна зауыты мен Түркістан киіз үй зауытын жетілдіруге арнап 429 мың сом көлемінде қаражат жұмсау жоспарланған.
1973 ж. Түркістанда жылдық өндіріс көлемі 46 млн. сомды құрайтын 14 кәсіпорын, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоспары 15млн. сомға сәйкес 6 құрылыс мекемесі, 16 млн. тонна көлемінде халықшаруашылық жүктерін тасымалдау жоспарын түзген автокөлік ұйымы, барлық Орта Азия республикаларын елдің орталық және батыс бөлігімен байланыстыратын темір жол торабы болған.
1985 ж. желтоқсан айында Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесі ХІХ шақырылымының IV сессиясы өтеді, онда облыстың 1986 жылға арналған бюджеті қарастырылды. Ол жерде сонымен қатар аудандар мен қалалардың кірісі мен шығысы бойынша 246577,9 мың сом көлеміндегі бюджеттер қарастырылады. Оның ішінде Түркістан қаласына 8849,3 сом көлемінде бюджет бекітіледі. Жалпы одақтық және мелекеттік салықтар мен кірістер есебінен аймақтар мен қалалар бюджетіне бөлінген қаражаттың Түркістан қаласы үшін 98,8% белгіленді.
Достарыңызбен бөлісу: |