Емдеу-алдын-алу шараларына келесілер жатады:
· өз учаскесінің терапевттік науқастарын емханада емдеу, оларға мамандардың кеңіс беруі, стационарлық және амбулаториялық арнайы емдеу түрлеріне жолдама беру;
· цехта кенеттен ауырған, жарақаттанған және кәсіби уланулар болған кезде алғашқы медициналық көмек ұйымдастыру;
· алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді ұйымдастыру және оған тікелей қатысу, бөлінген контингенттерді диспансерлік бақылау ;
· шипажайларда емдеуді, емдәмді және емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды, басқажұмысқа орналастыруды (уақытша немесе тұрақты), қажет ететін науқастарды іріктеп алу;
· кәсіптік аурулары анықталған кезде, 2 айға дейінгі мерзімге ауруды куәландыратын қағазын беріп, бір мезгілде аурухана жағдайында емдеп, науқасты еңбек жағдайы қолайлырақ жұмысқа уақытша ауыстыру;
· шипажайларға, профилакторияларға жолдама беру;
· жұмыстан ұзақ уақытқа босатып, басқа жұмысқа ауыстыру;
· емдеу-алдын-алу жөніндегі тамақтануды және басқа да сауықтыру емшараларды тағайындау;
· жасөспірімдер мен әйелдердің еңбегін қорғау жөнінде шаралар жүргізу;
· жалпы және кәсіптік аурушаңдықты үнемі есепке алу және оларды талдау.Аурушаңдықтың себептерін зерттеу негізінде емдеу-сауықтыру шараларын дайындау, олардың орындалуын бақылау .
Цех дәрігерінің емдеу-алдын-алу жұмысында диспансерлеу маңызды орын алады. Диспансерлеу - бұл, дені сау, кәсіптік ауруға күдікті адамдарды, кәсіптік аурулары және кәсіптік емес созылмалы аурулары бар, әр түрлі топтағы жұмысшылардың денсаулық жағдайын жүйелі түрде дәрігерлік бақылау әдісі болып табылады. Диспансерлеудің мақсаты жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, сонымен қатар, әр түрлі аурулармен ауыратын науқастарды дер кезінде белсенді түрде анықтау және емдеу. Диспансерлеуді жүргізуде аурудын алдын алу жөніндегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер үлкен рөл атқарады. Аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексеруден өтетіндерге қауіпті, зиянды заттардың және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырауы мүмкін адамдар жатады.
Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулердің мақсаты, өндірістің қолайсыз факторларының әсерінен күшеюі мүмкін, денсаулығында өзгерістері бар адамдарды жұмысқа жібермеу болып табылады. Бұдан басқа, алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, қолайсыз факторлардың әсерінен кейін денсаулық жағдайының нашарлауына әкеп соқпайтын, бірақ, белгілі бір жұмыс түрлерін орындауға кедергі келтіруі мүмкін ауруларды анықтауға мүмкіндік береді, мысалы, дальтонизм жүргізуші жұмысы кезінде және т.б. Алдын ала жүргізілетін медициналық тексерулер, жұмысқа жаңадан түсетін, жұмысшының денсаулық жағдайын ескеріп, жұмысқа оңтайлы орналастыруға мүмкіндік береді.
Кезеңдік медициналық тексерулер жалпы және кәсіптік аурулардың ерте кезеңдерін анықтау үшін және патологиялық үрдістің мұнан бұлай дамуының алдын алуға бағытталған, қажетті шараларды дер кезінде жүргізу үшін іске асырылады.
Алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өтетін контингентті мемлекеттік санэпидқызмет органдары анықтайды. Олар сонымен қатар, тексерумен толық қамтылғандығына, оның сапасына және дер кезінде жүргізілгендігіне бақылау жасайды, кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелерін жинақтап қорытуға қатысады және қорытынды актілерге қол қояды.
Міндетті түрдегі алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулер Қазақстан Республикасының Денсаулықсақтау Министрлігінің №243 «Зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшырайтын жұмысшыларды алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден өткізу және мамандық түріне жарамдылығын анықтау тәртібі туралы» деген бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Бұл бұйрықта келесілер келтірілген:
· жұмыс істеу кезінде аурудың алдын алу жөніндегі медициналық тексерулер міндетті түрде жүргізілуі тиіс қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың тізімі;
· жұмыс істеу үшін алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерден міндетті түрде өтуі тиіс, өндірістер мен мамандықтардың тізімі, олардан өту мерзімі;
· жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдер тізімі;
· алдын алу мақсатындағы медициналық тексерулерді жүргізуге қатысатын дәрігер-мамандардың тізімі;
· қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулердің тізімі;
· медициналық тексерулерді жүргізу бойынша жөніндегі нұсқау.
Комиссияның құрамы, қажетті зертханалық және функционалдық зерттеулер, жұмысшыларға әсер ететін факторлармен анықталады. Медициналық тексерулердің кезеңділігі өндірістік факторлардың қауіптілік және зияндылық дәрежесіне байланысты белгіленеді. Медициналық тексерулерді цех дәрігері ұйымдастырады. Ол ҚР ДМ №243 бұйрығына сәйкес, алдын ала жүргізілетін және кезеңдік медициналық тексерулерді жүргізуі тиіс МСБ-нің салалық мамандарының тізімін анықтайды. Әйелдерді медициналық тексерулерден өткізу кезінде міндетті түрде дәрігер-гинеколог қатысады.
Алдын алу жөніндегі медициналық тексерулерден өту кезінде әрбір жұмысшыға және қызметкерге диспансерлік қадағалаудың бақылау картасы толтырылады, ал медицициналық тексеру жөнінде толық мәліметтер амбулаториялық науқастың медициналық картасында көрсетіледі. Тексеру нәтижелерін талдау алдындағы жүргізілген тексеруден алған мәліметтермен салыстырып жүргізілуі тиіс.
Кезеңдік медициналық тексерулердің нәтижелеріне сүйеніп, цех дәрігері зиянды кәсіптік факторлардың әсерімен байланысы жоқ жұмысқа уақытша ауыстыра алады, шипажайлық-дауажайлық емдеуге, профилакторияларда емделуге жолдама бере алады, тиісті емдеу-алдын алу жөніндегі тамақтануды және т.с.с. тағайындай алады.
Медициналық тексерулер жүргізу кезінде кәсіптік аурудың белгілері анықталған жағдайда, диагнозын дәлелдеу, аурудың мамандығына байланысын анықтау мақсатында жұмысшылар кәсіптік патология орталықтарына жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |