Бүгінгі күні мектептің алдына қойған өзекті мәселелері: "Оқушылардың жеке тұлға ретіндегі эстетикалық мәдениетінің психологиялық - педагогикалық жағдайын қалыптастыру, қоғам талабы мен әлеуметтік сұраныстарға сәйкес тәрбие және білім беру, басқару деңгейін жаңа сатыға көтеру, мектепте педагогикалық менеджмент теориясын жүзеге асыру, эстетикалық бағыттағы жан-жақты жоспарланған жұмыстарды жүргізу, бейнелеу өнерін оқыту әдістемесін жетілдірудің ғылыми, әдістемелік жолдарын табу, мектеп ұстаздарын ғылыми-ізденіс жұмысқа бейімдеу, оқушылардың шығармашылық туындыларын жариялауға қолдау жасаудың бағыттарын жетілдіру.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың мәдени өрісін көтеру, сұлулықты қабылдау қабілетін қалыптастыру арқылы төл мәдениеттің белсенді жасаушысы, иесі, жалғастырушысы болуына да зор мән беріліп жатыр. Әсіресе оқушылардың өз елінің, халқының соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, салт дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын бейнелеу өнерін оқыту арқылы қалыптастыру жылдағы Елбасымыздың халыққа арнаған Жолдауларында ерекше мән беріліп келеді. Демек, бұл білім беру саласына қойып отырған тапсырма деп түсінуіміз қажет.
Өнерді терең оқыту қандай қажеттіліктен туындап отыр? деген сұрақ тууы мүмкін. Соңғы кезде ақпараттық кеңістік кеңейіп, жас жеткіншектер, тіпті жас суретшілерде батыстың мәдениетіне, өнеріне көп еліктей бастады, патриоттық сезімнен арыла бастады. Көпшілігі өз елінің, өз жерінің әсемдігіне мән бермей, ұлттық мәдениетін бағалай білмеуде, ұлттық құндылықтардан алшақтай бастауда.
Сондықтан да ұлттық мектептерде эстетикалық пәндерді оқыту мазмұнына ұлттық нақыш беруді батыл енгізетін кез келді деп ойлаймын.
Ондағы негізгі мақсат:
-Оқушылардың бойында Отанына деген сүйіспеншілік сезім туғызу;
- Оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру;
-Өз елінің қылқалам шеберлерімен таныстыру;
-Өз өлкесінің әсем табиғатына, өнер туындыларына деген оңды көзқарас қалыптастыру;
-Оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке үйрете отырып, ұлттық өнеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру;
Осыған сәйкес алдымызға мынадай міндеттер қойып отырмыз:
Оқушының қабілет-қарымы, бейімділігі мен дарынына сәйкес оның бойындағы білім - іскерлік дағдыларын қалыптастыру;
Эстетикалық, этикалық, танымдық қатынастарды, қоршаған орта мен өмір құбылыстарын шығармашылық ой арқылы жеткізе алатын жеке тұлға тәрбиелеу;
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мектебімізде педагогикалық- психологиялық жағынан шығармашылықпен терең ойластырылған эстетикалық дамыту бағыты қолға алынып отыр. Қазіргі таңда мектебімізде 1488 оқушы, 62 сынып комплектін құрап, біраусымда білім алады. Біраусымды жұмыс кезеңі оқушыларға сабақтан кейінгі уақытта қосымша білім алуға, үйірме, секцияларына қатысып, бос уақытын тиімді пайдалана отырып, жан-жақты - дамып жетілуіне толық мүмкіндік береді. Оқу жоспарына композиция, мүсін, кескіндеме, сурет, ырғақ, хореография, этика пәндері енгізілген.
Сыныптан әртүрлі бағыттарда үйірмелер жұмыс істейді: "Назерке" би үйірмесі, "Мұрагер" домбыра үйірмесі, хор, "Жас әнші" вокал, "Бейнелеу өнері", "Сөз зергері" мәнерлеп оқу. Үйірмелердің мақсаты—оқушылардың жан-дүниесін баурап, олардың нәзік түрлі өнердің сырларына деген қызығушылығын ояту, жан-жақты мәдениетке, құдіретті сөз өнеріне баулу.
Сондай-ақ мектепте әлемге танымал суретші, әнші және бишілермен кездесулер ұйымдастырылып, шеберлік кластары өткізіліп тұрады.
Кездесудің негізгі мақсаты, оқушыларды суретшілердің шығармаларымен жақын таныстыру арқылы бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру, өз еліне, жеріне деген мақтаныш сезімін ояту. Мектептің оқу бағдарламасына сәйкес өнер мамандығы бойынша алдыңғы қатардағы жоғарғы білім беретін оқу орындарымен тығыз байланыс жасалған. 2009 жылы қараша айынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Халықаралық педагогикалық білім ғылым академиясының академигі, Сейтқали Аманжоловтың «Жас Суретші» ғылыми, оқу-әдістемелік зертханасы ашылып, жұмыс істеуде. Астана қаласының Білім басқармасымен келісілген 3 жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Зертхананың жұмысына бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі бойынша Қазақстандық танымал ғалымдар, мектеп ұстаздары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары мен студенттері жұмылдырылған. Зертхананың міндеті, мектепте сабақ беретін ұстаздардың тек бейнелеу өнері сабағын оқыту әдістемесін жетілдіруі емес, сонымен қатар ғылыми-ізденіс жұмыстармен айналысуына жетекшілік жасап, ғылыми баяндама дайындауға көмек көрсету. Осы шығарылып отырған ғылыми жинақ, зертхананың ұйымдастыруымен өткізілген Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция және алғашқы қорытынды жұмысы деп санауға болады. Бейнелеу өнері және сызу мамандығының студенттері педагогикалық практикаларын, магистранттар ғылыми тәжірибелерін осы мектепте жүргізіп келеді. Сәндік қол өнері бойынша студенттерінің қатысуымен ұлттық киім үлгілері, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері таныстырылып, қазақтың ұлттық нақышында киім үлгілері дайындалады. Осындай шаралар оқушылардың эстетикалық талғамының қалыптасуына, сурет өнері жайлы білімінің жетілуіне зор ықпал етеді.
Сонымен қатар, оқушылардың сурет өнері әлемін түсінуіне және қызығушылығын арттыруға сабақ өтетін оқу кабинетінің талапқа сай жабдықталуы да маңызды рөл атқарады.
Кабинет – жұмыс орны. Сондықтан мектепте бейнелеу өнерінің барлық салалары бойынша арнайы шеберханаларға бөлме бөлінген.
Көркем сурет, мүсін студиялары мен керамикалық цех, ұстаздарға арналған 7 шеберхана, хореография станоктарымен жабдықталған залдар, эстетикалық талғаммен көркемделген орта қалыптастырылған.
Мектебіміздің 2008-2010 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы 3 кезеңнен тұрса, соның аумақты кезеңін эстетикалық бағытқа арнап отырмыз.
Қазіргі жұмыс істеп жатырған эстетикалық бағыттағы сыныптар:
а) Композиция (1в өнер, 3ә,б,в,д, 4ә,б,в,д)
ә) Мүсін (1а,ә,г,д, 1в өнер, 2ә,в,г,д, 3ә,б,в,д, 4ә,б,в,д)
б) кескіндеме (1в)
в) сурет (1в)
г) ырғақ (1б)
д) хореография –пәндері оқу жоспарына енгізіліп отыр.
Бейнелеу өнерін мектеп компонентіне енгізуде кездесетін қиындықтар да жоқ емес.
Біріншіден, қазіргі таңда қазақ тіліндегі теориялық материалдар, оқушы шығармашылығын дамытатын қосымша оқулықтар мен оқу құралдары жеткіліксіз.
Екіншіден, мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы байланыс өз дәрежесінде емес, студенттердің мектепте өткізетін практикалық сабақтарына сағат аз беріледі, мектептің сабақ беру әдістемесі мен ЖОО студенттерге беретін бейнелеу өнері сабағының бағдарламалары сәйкес емес, технология пәнін оқытатын мамандарды дайындауға жаңа көзқарас қажет, себебі сурет салуды игере алмаған жас мамандар келеді.
Үшіншіден, мектепке тәжірибелі жаңа формациядағы мамандар жетіспейді.
Төртіншіден, статистикалық мәлімет бойынша көркем - сурет факультеттері түлектерінің 3 пайызы ғана мектепке орналасады екен.
Бұл қиыншылықтар уақытша қиындықтар деп санаймын. Болашақта бұл мәселелер өз шешімін табатынына сенемім мол. Бұл мектеп жаңа Астанамыздағы эстетикалық бағыттағы мектептерге үлгі болатындай алғашқы өнер мектебі болмақ. Олай қорытынды жасауға жоғарыда атқарылып жатырған ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстар дәлел.
Эстетикалық бағыттағы пәндерді енгізу арқылы ұлттық мәдениет пен өнерді, сұлулықты, тазалықты және талғам құндылықтарын бағалай білетін, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік жеке тұлғаны тәрбиелеу басты міндетіміз деп санаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |