ЕТІСТІКТІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ
Бір тілде қанша сөз болса, солардың тұтас жиынтығын тіл ғылымында лексика /гр. Leikos – сөздік/ немесе сөздік құрам деп атайды. Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипаты тексеретін ғылымды лексикология /гректің Leikos - сөздік+Logos – ілім сөздерінен/ дейді. Қазақ тілінің лексикологиясы – қазақ тілінің сөздік құрамын /лексикасын/ тексеретін ғылым 3. 72.
Тілдің қаншалықты дамып жетілгендігі сөздік құрамындағы сөздердің санымен ғана емес, мәнімен /көп мағыналылығымен/ өлшенеді. Бұл жағынан лексикология сөздердің мағыналық құрылымын зерттейтін семасиология /гр. Semasia – мән, мағына + Logos – ілім сөздерінен/ ғылымымен тікелей байланысты. Семасиологияның мәні әсіресе түсіндірме сөздіктерді жасағанда анық байқалады. Мұнда сөздің негізгі, туынды және ауыс мағыналары даму тұрғысынан сараланып талданады.
Семантика гректің Semantikos /белгілеуіш/ деген сөзінен алынған, қазір сөз мағынасы деген түсінікпен тең дәрежеде қолданылып жүр. Сондықтан да оқулықтарда семантикаға сөз мағынасын зерттейтін лексиканың бір саласы деген анықтама беріледі 17. 4.
Сөздің лексикалық мағынасы тіл білімінде әр түрлі бағытта топтастырылып келеді. Семантикалық топтастыру ұғымы бірыңғай сөздердің мағыналық типтерін анықтауға негізделген болатын. Мысалы, мәдени шаруашылық, тұрмыстық, туыстық атаулар, адамға байланысты сөздер т.б.
Сөздің ішкі семантикалық байланысы оның мағынасы мен ұғымының арақатынасынан көрінеді. Сөз мағынасы зат, құбылыс, әрекет жайында түсінік, ұғым пайда болғаннан кейін қалыптасады.
Егер белгілі бір зат туралы ұғымымыз болмаса оның мағынасын да білмейміз. Ұғым бар жерде мағына бар. Демек, ұғымның болуы сөз мағынасының ең маңызды шарты болып табылады.
Сөздің семантикалық категориялары – олардың көп мағыналылығы, омонимділігі, мағыналастығы, мағына қарсылығы, варианттылығы.
Етістікті фразеологизмдер бір мағынада жұмсалуымен қоса, бірнеше мағынада жұмсалатындары да кездеседі. Алайда, фразеологизмдердің бәрі бірдей емес, идиомалық түрлері әрдайым дара мағыналы болады да, фразалық тіркестердің кейбіреулері көп мағыналы болатындығы байқалады. Мысалы: а/ бой бермеді – айтқанға көнбеді, жеңістік бермеді; ә/ ырық бермеді – күші жетпеді. Көзі шықты : а/ соқыр болды; ә/ көзі қанды, маманданды. Дымы құрыды: а/ діңкеледі, шаршады; ә/ лажы қалмады, не істерін білмеді. Сабасына сыймады: а/ су ернеуінен, арна қалпынан асып кетті, тасыды; ә/ ашу, ыза кернеді, шектен асып кетті.
Фразеолгизмдердегі бұл құбылысты фразеологиялық көп мағыналылық деп атаймыз. Фразеологиялық көп мағыналылық жайлы алғаш рет сөз қозғаған – сөздікшілер яғни лексикографтар. Л.Э. Бинович башқұрт тіліндегі фразеологиялық көп мағыналылық құбылысын сипаттауда жалпы тіл білімі тәжірибелеріне сүйенеді. Өзбек ғалымы Ш. Рахматуллаев фразеологиялық көп мағыналылықтағы мағыналар байланысының үш түрін атап көрсетеді: 1. Алдыңғы мағына соңғы мағынаның жасалуына негіз болады; 2. Алдыңғы мағына соңғы мағынаның жасалуына негіз болмайды; 3. Тіркестің мағыналар жүйесінде байланыстың бірінші және екінші түрінің кездесуі 17. 20.
Қазақ тіл білімінде фразеологиялық көп мағыналылық І. Кеңесбаев, Ә. Болғанбаев, А. Қайдаров, Р. Жайсақова, Г. Смағұлованың еңбектерінде қарастырылады. Ә. Болғанбаев “Фразеологизмдердің де көп мағыналылығы негізгі заттық мағынадан өрбіп, туынды мағына алғашқы лексикалық мағынаны ауыстырып қолданудан шығатындығын” 3. 203 атаса, А. Қайдаров, Р. Жайсақова “Как показывают факты языка, переносное и идиоматическое значение, писуще ФЕ, в дальнейшем своем развитии по разным /функционально-стилистическим, социальным, ситуативным/ причинам перетерпевает семантическую дифференциацию и даже вторичный перенос значение что и приводит к полисемии ФЕ” 18. 7 - деп, фразеологиялық көп мағыналылықтың пайда болуын көрсетеді.
Алдыңғы мағына соңғы мағынаның тууына негіз болуы және болмауы нәтижесінде көп мағыналылық 2 жолмен туындайды:
1. жалғаспалы-жарыспалы;
2. жарыспалы.
Мағыналардың жалғаса туындауы – көп мағыналылық жасаудың өнімді жолы. Мысалы:желкесін қию: 1. өлтірді; 2. қырғынға ұшыратты; 3. дегеніне жеткізбеді.
Мағына жалғасын былай көрсетуге болады: 1+1+2+3. Алғашқы мағынаның келесі мағыналардың тууына негіз бола алмауының 20 түрлі себебі бар. Бірінші себеп: мағыналар негізінде әр түрлі ситуацияның жатуы. Мысалы: екі иығынан // иінінен дем алу : 1. ауырып, дем алысы ауырлады. 2. деміне нан пісті. 3. қатты ашуланды.
Екінші себеп: мағыналардың негізінде бір сөздің әр түрлі лексикалық мағынасының жатуы. Мысалы: ойға түсу: 1. Қатты ойланды. 2. есіне түсті. “Ой” сөзінің ойлауға қатысты мағынасы негізінде бір мағына, “ес” /память/ мағынасы негізінде екінші мағына туындап отыр. Мысалы: Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым 7. 107.
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулаған мінезің бар жүрек сенің 6. 97.
Көп мағыналы етістікті фразеологимздер тіліміздің байлығын, мағыналық мүмкіндігінің молдығын және икемділігін көрсетеді. Жеке мағыналар арасындағы мағыналық байланыстың үзілмеуі – көп мағыналылықтың кепілі боп саналады.
Тілімізде дыбысталуы мен таңбалануы бірдей, мағыналық жағынан байланысы жоқ етістікті фразеологизмдер аз мөлшерде болса да кездеседі. Мұны етістікті фразеологизмдер арасындағы омонимия құбылысы деп танимыз. Мысалы: бас жару. 1. ожарлық әрекет белгісі; 2. өсімдіктердің гүлдеуі.
Фразеологиялық омоним 2 жолмен жасалады: 1. Көп мағыналы етістікті фразеологияның жеке мағыналар арасындағы семантикалық байланыстың үзілуі нәтижесінде; 2. Тіркестердің айтылуы мен жасалуындағы кездейсоқ біркелкілік нәтижесінде 5. 11. Етістікті фразеологизмдер өзара және еркін сөз тіркестерімен омонимдес болып келеді. Мысалы: мойнына мініп алу /басыну/ - етістікті фразеологизмдер. Мойнын мініп алу – баланы мойнына отырғызу – еркін тіркес. Ауыз жаппады – дамылсыз сөйлей беру – етістікті фразеологизм. Ауыз жаппады – ауызды жабу – еркін тіркес. Аяғынан тік тұрды – құрмет көрсету – етістікті фразеологизм. Аяғынан тік тұрды – құламады деген мағынада – еркін тіркес. Аяғына шаң жұқпады – бір жерде тиянақтай алмайтын қыдырымпаз кісі туралы айтылды – етістікті фразеологизм. Аяғына шаң жұқпады – таза жүру – еркін тіркес.
Фразеологизмнің мағына бірлігінде ешқандай өзгешелігі жоқ, құрылым-құрылысы жағынан ұқсас келген түрлері фразеологиялық варианттар деп аталады. Фразеологиялық тұлғалар құрамындағы кейбір сөздер оның мағынасын, құрам-құрылысын бұзбай мәндес сөздермен ауыса алады. Бұл тілдегі варианттылық жүйенің бір көрінісі. Варианттылық жүйесі С. Бизақов, И. Ұйықбаев, Г. Смағұлова еңбектеріне арқау болған. Г. Смағұлова фразеологизмдер варианттылығының түрлерін былай топтастырады:
1. фразеологизмдердің лексикалық варианттары
2. фразеологизмдердің фонетикалық вараинттары
3. фразеологизмдердің морфологиялық варианттары
4. фразеологизмдердің лексико-грамматикалық варианттары 11. 13.
Фразеологизмдердің фонетикалық варианттарына тұрақты сөз тіркесінің құрамына енген кейбір сөздердің бірде жуан, бірде жіңішке кейде толық, кейде қысқарып айтылуы жатады. Мәселен, ұнжырғасы түсті деген етістікті фразеологизмдерді ұнжорға, үнжорға, өнжорға деп те айта береді. бұлардың екі түрлі болып өзгеріп отыруынан тұрақты тіркестің мағына бірлігіне тигізер ешбір зияны жоқ. Сондықтан да бұлар әр басқа фразеологизм емес, бір тұрақты тіркестің екі түрде түрленіп айтылуы деп есептеледі. Фонетикалық варианттар бір сөздің ішінде де түрлі-түрлі болып өзгеріп отыруы мүмкін. Бұл сөзімізге жоғарыда айтылған мысалымыз дәлел бола алады. Фразеологизмдердің фонетикалық варианттарының мағынасы дұрыс, анасы қате деп үзілді-кесілді тұжырым жасаудың өзі кейде қатеге ұрындырады. Қашан да жиі айтылатын, халықтың тұлғасы дұрыс деп есептелді.
Етістікті фразеологизмдердің лексикалық варианттары өте жиі ұшырасады. Мысалы: ажар білдірді – қабақ білдірді – сыңай білдіру. Абай қымыз ішіп болып, рахмет айтып, енді жүргісі келгендей ажар білдіргенде ғана, Байдалы ырғала түсіп, сөйлей жөнелді 6. 272. Ақылы ауысты – есі ауысты, алжыды, есінен адасты деген мағынада қолданылады. Алақан жайды – қолын жайды. Рас, былайша қарасаң, директорларың жаман адам емес, бірақ өздігінен ұмтылу, талпыну дегенді білмейді. Албасты басты, әбілет басты, қара басты – масқара болып, оңбай қалды; жын ұрып, түк білмей қалды. Надан халықтар әйел бала туғанда, әлсіреп талса, “албасты басты” деп түсінетін Ы. Алт.. Артына түсті – соңына түсті; Атарға оғы болмады - атарға оғы жоқ; Аузы мұрнынан шыты – аузы мұрынан келді; Аяғынан тік қойды – аяғынан тік тұрғызды; егде тартты – мосқал тартты т.б.
Кей жағдайда фразеологизмнің құрамындағы әрбір сөзден әр түрлі варианттар өрбиді. Мысалы: көңілге қуат/медет, медеу/ қылды /тұтты/етті, көңілден кірбің /дақ, кірбің, қылау/ арылды /ашылды, кетті/, көңілі ауды/бөлінді, кетті, құлады/, көңіл көншіді /жайланды, тынды, орнықты/, кірерге жер / тесік/ таппады, мұрттай/қалпақтай, жұлындай/ түсті, ұшты т.б.
Лексикалық варианттардың бір-бірінен сәл де болса ерекшелігі байқалады. Сондықтан бұларды фразеологизмдердің синонимдік тәсілімен түрленуі деп те атауға болады. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы етістікті фразеологизмдердің лексикалық варианттары есім сыңардың да, етістік сыңардың да ауысуы арқылы жасалған. Етістікті фразеологизмдердің 5-6, тіпті одан да көп варианттары кездеседі. Етістікті фразеологизмдердің лексикалық варианттары оның синонимикасы сияқты байлығын көрсете алмайды, бірақ сөйлеу прцесінде стиьдік қызмет атқарады.
Етістікті фразеологизмдердің грамматикалық варианттарының жасалуы: а/ есім сөздің қосымшалы, қосымшасыз келуі /көз үйрену – көзі үйрену/ ; ә/ әр тектес қосымшаның бірінің орнына бірі қолданылуы / тас кенеше жабысу/ ; б/ сөздердің қосарлануы арқылы / құтын қашыру/, /зәре құтын қашыру/ т.б.
Тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды, сонымен қатар мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі балама болып та қолданыла береді. мұндай құбылыс тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп аталады. Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса, фразеологиялық синонимдерге де соншалықты бай. Бірақ олар өздерінің стильдік, мағыналық ерекшеліктерін сақтап отырады. Мәселен, аза бойы қаза болды, тік тұрды, азар да безер болды, ат тонын алып қашты деген етістікті фразеологизмдер мән-мағынасы жағынан бір-біріне жақын келгенімен, іштей сәл өзіндік ерекшеліктері бар.
Етістікті фразеолгизмдер мағыналық жағынан бір-біріне өте жуық. Сондықтан бір-бірін ауыстыруға қабілетті: тізе көрсету + басына әңгір таяқ ойнату: қарау ұғымын білдіретін көз қиығын салды+көзімен ішіп-жеу+ала көзімен қарау мағыналас етістікті фразеологизмдер кез келген жағдайда бірінің орнына бірі жұмсалмайды, олар бір ұғымға сәйкес мағынаны білдіре келіп, экспрессивтік бояма реңкі мен стильдік қолданысы жағынан ажыратылады. Яғни, экспрессивті-стилистикалық синоним етістікті фразеологизмдер. Фразеологиялық синонимдер де ұғымы жағынан бірінен бірі сатылап өсіп, кшейе түсіп отырады. Мәселен, көз /кірпік/ ілмеді, көз шырымын алмады, түн баласына кірпік қақпады, түн ұйқысын төрт бөлді, көрер таңды көзімен атырды дегенде әрбір фразеологиялық синонимнің алдыңғысынан соңғылары қарқындай береді. Мәселен, біреудің бір нәрсеге қалай құмартқандығын айтқымыз келсе: айызы қанды, көзін жұмып, аузын ашып қапты дейміз. Ал біреудің қалай қорыққандығын айтқанда: жүрегі /зәресі, үрейі/ ұшты, құты қашты, иманы кетті, көзі шарасынан шықты, көзі алақандай болды, иманы қалмады, жүрегі тас төбесінен шықты, зәресі зәр түбіне кетті дегендер қолданылады. Мұның барлығы етістік фразеологиялық синонимдердің соншалықты байлығын көрсетеді. Жоғарыда келтірілген мысалдар тілдің соншалықты орамдылығы мен икемділігін көрсетеді.
“Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса, фразеологиялық синонимдерге де сонша бай” 13. 114. Жинақталған материал етістікті фразеологизмнің арасында мағыналастықтың кең өріс алғанын көрсетеді. Етістікті фразеологизмдер жеке етістікпен мағыналас болады: араздасу ат кекілін кесісуқырғи қабақ болу; өзара мағыналас болады: қаны қайнаутерісіне сыймауқаны басына тебуит жыны ұстау.
Мағыналас етістікті фразеологизмдер ұғымды әр қырынан, мағыналық реңктерінен қамти көрсетіп яғни “фразеологизмдер бір-біріне синоним ретінде олардың ұғымындағы жалпы түсінігі бірдей болғанымен, тілдік көріністе әркелкі көрінеді” 11. 14.
Мағыналас етістікті фразеологизмнің құрамы біртектес және әртектес болады. Біртектес мағыналас етістікті фразеологизмде компоненттің грамматикалық көрсеткіші: қолтығынан дым бүрку шабына ет тастау, шашбауын көтеружыртысын жыртусойылын соғу.
Құрамы әртектес мағыналас етістікті фразеологиялық компоненттері грамматикалық көрсеткіші жағынан әр түрлі болады: дүниеден өтуо дүниелік болуқайтпас сапарға аттану.
Семантикалық категориялардың бірі – антоним. Фразеологизмдер мән-мағынасы жағынан бір-біріне үйлес келіп, өзара бір-бірімен синоним болып жұмсалатындығы сияқты бұлар мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы болып қолданылады. Тұрақты тіркетердің арасындағы осындай кереғар құбылыстарды фразеологиялық антонимдер деп атауға болады. Қазақ тілінде антонимдес етістікті фразеологизмдер молынан кездеседі. Қазақ тілі материалдары антонимдес етістікті фразеологизмдердің екі жолмен туындайтынын көрсетеді. Мұның бірінші түрі тұрақты тіркестердің өз ішіндегі компоненттерінің басқадай сөздермен алмастыру арқылы жасалады. Мысалы: аты шықты – аты өшті; ат ізін салмады – ат ізін құрғатпады; әлі кірді - әлі кетті; беделі артты – беделі түсті; бетінен оты шықты – беті бүлк етпеді; есіне түсті – есінен шықты; жолыңа гүл бітсін – жолыңа жуа шықсын; еңбегі жанды – еңбегі еш кетті; соққы жеді – соққы берді т.б.
Фразеологиялық антонимдердің екінші түрі құрылым-құрылысы жағынан мүлдем басқа сөздерден жасалады. Мысалы: соры сорпадай қайнайды – көзі ашылды; шөлі қанды – қаны кепті; араны ашылды – тәбеті тартпады.
“… антонимдер бір сөз табына енетін сөздер аралығында болады да бір лексика-семантикалық топтың құрамында өмір сүреді” 17. 60. Пікір етістікті фразеологизмдерге де қатысты. Мысалы: айтқанын екі етпеу – сөзін аяқ асты ету. Бұлар – қарым-қатынас етістікті фразеологизмдері, бір лексика-семантикалық топтан.
Тіліміздегі болымсыздықпен қарама-қарсылық арасындағы мәселе шешімін таба алмай келеді. Г.З. Уразкин, Р.А. Авакова болымсыздық формасы – ма, -ме антоним жасайды десе, Ғ. Мұсабаев, Ж. Мусин және М. Оразов “барды – бармады антоним емес”, олар “екі сөз емес, бір сөздің екі түрі тұлғасы” 19. 60, - дейді. Біз осы пікірді қолдаймыз. Себебі антонимия бірін-бірі жоққа шығару емес, қарама-қарсы қоюға негізделген. Екіншіден, қарама-қарсылық біржақты болмайды, екі жақты болады. Үшіншіден, ол салыстырмалы қасиетке ие, сондықтан қарама-қарсылықты білдіретін жұптар бірін-бірі жоққа шығармай, бірін-бірі қарсылыққа шақырып отырады: қисыны келу – қисыны кету; ит қырын жүру – тасы өрге домалау. Осы мысалдар етістікті фразеологияның біртектес және әртектес құрамды болатынын көрстеді.
Сонымен қорыта айтатын болсақ, семантикалық категория, мағыналылығын, мағына қарсылығын, варианттылығын сөздердің омонимділігін т.б қарастыратын лексикологияның бір саласы.
Біз бұл тарауда етістікті фразеологизмнің бір мағынада жұмсалуымен қатар бірнеше мағынада жұмсалатындығын, көп мағыналықтың туындау жолдарын, етістікті фразеологизмдер арасындағы омонимия құбылысын, варианттылық жүйесін, сондай-ақ етістікті фразеологимздердің синоним және антонимге бай екендігін қарастырдық. Сонымен қатар, болымсыздық пен қарама-қарсылық арасындағы шешімін таба алмай жатқан мәселеге де тоқталып, біраз зерттеушілер пікірлерін салыстырдық.
Достарыңызбен бөлісу: |