ЕТІСТІКТІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ-МАҒЫНАЛЫҚ ТОПТАРЫ
Егер біз сөзде мағына мен дыбыталудың бірлігін түсінетін болсақ, мағына сөздің ішінде, оның құрамды бөлшегі ретінде өмір сүреді. Ал сөз, өз жолымен, адамзаттың қатынас құралы болудың элементі ретінде бір информацияны екінші біреуге жеткізу үшін қолданылады. Сондықтан да кез-келген сөйлемде, абзацта айтылған ой сол сөйлемнің, абзацтың құрамындағы жеке сөздердің мағынасынан мүлде алшақ жатпайды, ұзап кете алмайды.
Пікір алысу кезінде адамдар арасында түрлі жағдайлар психологиялық қалыптарға байланысты эмоциялық мән қосылса, сөздердің өзара байланысынан туатын мағыналық ауытқулар сөйлемде бой көрсететіні анық. Коммуникация, негізінен, екі не бірнеше адамдар аралығында болатындықтан олар бір-бірімен түсінісулері керек. Сондықтан да бірі екіншісіне айтып жатқан хабардың негізінде жеке адамдарға бағынбайтын, белгілі-бір қоғам мүшелеріне, сол тілде сөйлейтін адамдарға түсінікті мағына болады. Ол мағына объектив дүниедегі заттарды, заттардың қарым-қатынасын, табиғат құбылыстарын т.б. бейнелейді де, белгілі-бір дыбыс не дыбыстар комплексімен байланысады.
Тақырыптық-мағыналық топұа енген сөздер өздері атауы болған объектив дүниедегі заттарды тікелей байланысына қарым-қатынасына негізделінгенін, бірі екіншісіне тәуелді болмайтындығын ескерсек, онда тақырыптық-мағыналық топтың бір мүшесі түсіп қалса, не жаңа сөз қосылса ол оның басқа мүшелерінің мағынасына әсер етпеуі мүмкін. Тематикалық сөздердің тарихы бұл пікіріміздің дұрыстығын дәлелдеп бере алады. Мысал ретінде ауыл шаруашылық құралдарының атын алайық: жерағаш, мойынтұрық, соқа, тырма, мойынша, оқ, тіс, күрек, айыр, кеппен т.б.
Қазіргі күнде жерағаш, тіс, оқ, сөздер қолданылмайды не пассив сөздердің есебіне соқа не басқа сөздердің мағынасына кенейе қойған жоқ. Сондай-ақ кесе, шәйнек, тостаған, зере, ваза, шара, мес, шөміш, қасық, шанышқы, кәкпір, стакан, фужер, графин, тарелка, леген сияқты сөздер ыдыс аяқ атауларына жатады. Егер осы тематикалық атауларды барлап қарайтфын болсақ кесе, шәйнек, тостаған, зере, қасық, астау, шара сияқты сөздер болмаса көпшілігі жаңадан, кейінірек сөздік қорға енген сөздер. Бірақ бұлардың ықпалынан кесе, қасық сөздерінің мағынасы табылған жоқ. Бұл типтес мысалдарды басқа тематикалық топтардың мүшелері арасынан да байқауға болады. Егер сөз мағынасы тек системадағы орны не байланысы ароқылы анықталады дейтін тезисті болсақ, онда тақырыптық топтың мүшелерінің барлығы да мағынасыз сөздер болған еді. Салыстырыңыз: қарағай, шырша, қайын, терек, арша сияқты сөздер ағаш атаулары ретінде бір тақырыптық топ жасайды. Бірақ олар өзара синоним де антонимдік қатар да жасай алмайды. Бұл жердегі сөздер бірін екіншісі талап етіп те тұрған жоқ, бірақ әрқайсысының да өзіндік мағынасы бар. Тіпті кей тақырыптық топқа енетін сөздер бір тілде болып, екінші тілде болмауы да мүмкін не басқа мағынада қолданылатын жағдайлары да кездеседі.
Бұл тарауда етістікті фразеологизмдерді мағыналық топқа жіктеу үшін анықтауды бірінші кезекте қажет ететін етістіктің семантикасы мәселесіне тоқталамыз. Түркі, қазақ тіл білімінде етістікті семаникалық жағынан классификация жасаған зерттеушілер И.К.Дмитриев, П.И. Харитонов, Г.К. Кулиев, А. Ысқақов, С. Аманжолов, И. Маманов, А. Осмпанова, Н. Оралбаева, А. Қалыбаева, М. Оразовтардың еңбектеріне шолу жасалды.
Түркі және қазақ тіл біліміндегі тәжірибелерге сүйене отырып етістікті фразеологизмдерді былай топтастырып қарастырамыз. Топтастыруда лексика-семантикалық топ мүшелерінің жалпылаушы семалар арқылы байланысуын, парадигмалық қатар жасау мүмкіндігін, мағыналық жағынан ұштасып жатуын ескердік: 1. Актив әрекет, іс-қимыл етістікті фразеологизмдер. 2. Сөйлеу етістікті фразеологизмдер. 4. Қалып және сапа етістікті фраезологизмдер. 5. Көңіл-күй етістікті фразеолгизмдер. Үнемі келтірінді, ауыс мағынада жұмсалатын фразеологизмдерді дөп басып, белгілі бір топқа телу қиындық туғызғанымен, кіші лексика-семантикалық топқа жіктеу етістікті фразеологизмдердің қыр-сырын ашудың жолы екені даусыз. Актив әрекет, іс-қимыл етістікті фразеологизмдерді лексика-семантикалық топқа бөлеміз: 1. Амал-әрекет етістікті фразеолгизмдер; 2. Қозғалыс етістікті фразеологизмдер; 3. Қарым-қатынас етістікті фразеологизмдер. Осы аталған етістікті фразеологизмдердің лексика-семантикалық топтарына алдағы тарауларда жеке-жеке тоқталатын боламыз.
Қозғалысты білдіретін етістікті фразеологизмдер заттың не адамның қозғалысын, қозғалыс амалының аяқталу, аяқталмау жылдамдығын білдіреді. Мысалы: екі өкпесін қолына алып жету – бұл тіркес біріншіден – қозғалысты, екінші – жылдамдықты, үшіншіден – қозғалыс иесінің психологиялық күйін білдіре алады. Ал қолданыс ретіне қарай оның мағынасы өрістей түсетінін байқаймыз: Мұндайда бала қалушы ма еді, екі өкпемізді қолымызға алып, шуылдаса жүгіріп біз де жеттік С. Мұратбеков. Осы тұста етістікті фразеологизмдер қозғалыстың мақсатсыз екендігінен де хабар бергендей. Қозғалыс етістікті фразеологизмдердің мына ерекшеліктерін атап өтуге болады:
1. Жылдам қозғалыс - өкшесі жерге тимеу, аяғы-аяғына жұқпау.
2. Баяу қозғалыс - өгіз аяңға салу, мың салса, бір баспау.
3. Бағытсыз қозғалысты білдіретін етістікті фразеологизмдер – жер-көкті шарлау, басы ауған жаққа кету.
4. Мақсатты қозғалысты білдіретін етістікті фразеологизмдер – Көз жаздырып кету, табанын жалтырату.
5. Жаяу қозғалысты білдіретін етістікті фразеологизмдер – Темір етіктен теңгедей қалу.
6. Топтала қозғалу мәнін білдіретін етістікті фразеологизмдер – құрттай құжынау, қара құрттай қаптау.
Қозғалыс етістікті фразеологизмдерін кету-келу, қашу-қуу, жүгіру-жүру деп жалаң түрде жіктеуге келмейді, себебі қозғалыс етістікті фразеологизмдер қозғалыс амалын, сипатын және нәтижесінен туындайтын жағымды, жағымсыз эмоцияны т.б. білдіреді. Қозғалыс етістікті фразеологизмнің біразы қозғалыс етістіктеріне балама болса, біразы балама бола алмайды.
Етістікті фразеологизмдердің біразы адам мен заттар, адам мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты білдіреді. Қоршаған дүние, психологиялық жай-күй, әлеуметтік орта – бәрі қарым-қатынас туғызады. Адамдар арасындағы күнделікті өмірде жиі кездесетін қарым-қатынасты білдіретін етістікті фразеологизмдерді лексика-семантикалық топқа жіктеуіміз мынадай:
1. Адамдар арасындағы қарым-қатынас білдіретін етістікті фразеологизмдер:
а/ құрметтеу, сыйластықты білдіру: үстінен құс ұшырмау – неше түрлі зорлық-зомбылық жасау, бәле қуу мағынасында. Бақайын жерге тигізбеу – шаң жуытпау, бәледен құтқару.
ә/ бас араздық не татулықты білдіру: арасына от жағу. Жуандардың арасынан от шығармақ болатын 6. 138. Арасынан қыл өтпеу - өте тату болу.
б/ қызмет көрсету мағынасын білдіретін етістікті фразеологизмдер: отымен кіріп, күлімен шығу;
в/ алдау-алдану мағынасын білдіретін етістікті фразеологизмдер: сазға отырғызу, екі қолын танауына тығып қалу, құр алақан қалды, айырылып қалды, қолына дәнеңе ілінбеді.
г/ менсінбеу, менменсу: деміне нан пісу, ханға сәлем бермеу.
ғ/ жақтырмау: мұрнын тыржиту, шекесі тырысу, қабағы түйілу, түгін сыртқа түкситу.
д/ жақсы көру: емешегі үзілу – қатты құмарту, қатты сүю, ет жүрегі езілу.
ж/ мазалау, әурелеу: буынсыз жерге пышақ ұру, ит әуресін шығару, әуре сарсаңға түсріу, босқа шаршату.
2. Теңестіру мәніндегі етістікті фразеологизмдер. Бұл топтағы етістікті фразеологогизмдер жақсы-жаманды, жағымды-жағымсыз әрекеттерді салыстыру, бағалау мақсатында жұмсалады: басқан ізіне тұрмау, садағыса кетсін.
3. Меншіктеу мәніндегі етістікті фразеологизмдер. Адам затты, байлықты түрлі жолмен меншіктеуі мүмкін. Оны осы топтағы етістікті фразеологизмдер дөп басып көрсете алады. Мәселен, жіп тағу – біреуді сырттай иеленуді, жымқырып кету – ұрлап меншіктеуді білдіреді.
4. Бағындыру-бағыну мәніндегі етістікті фразеолоизмдер. Бұл топқа іске басшылық жасаудан бастап, өктемдік жүргізу аралығындағы имендіріп, жасқандыру, көндіру мағынасындағы етістікті фразеологизмдер топтастырылды. Бағынбау, қарсылық көрсету мәніндегі кеудесін басқызбау, басынан сөз асырмау, есесін жібермеу сияқты етістікті фразеологизмдер осы топта. Қарым-қатынас етістікті фразеологизмдер екі жақтың ара қатынасын атап қана қоймай, субъектінің оған қатысын, жағымды, жағымсыз эмоцияны да білдіре алады.
Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизмдердің бір тобын сөйлеу етістікті фразеологизмдері құрайды. Сөйлеу процесін білдіретін етістікті фразеологизмдер құрамында “айт”, “сөйле” түбір етістіктерінің сн-алуан грамматикалық тұлғада келіп, басқа сөздермен тіркесуі арқылы жасалған етістікті фразеологизмдерді жатқызамыз: арыла сөйледі, шет жағасын айтыпты, өлердегі сөзін айтқан.
Сөйлеу етістікті фразеологизмнің біразы сөйлеу мүшелерінің анатомиялық атаулары /тіл, ерін, таңдай т.б./ болатын сөздер мен әр түрлі семантикалық топқа енетін етістіктіердің тіркесуімен жасалады. Мысалы: көмейі суырылу, ерні-ерніне тимеу - шешіліп сөйледі. Ә деп, ауыз ашып еді, көмейі суырыла сөйлеп кетті 6. 56.
Сонымен қатар етістікті фразеологизмдердің қозғалысты, қарым-қатынасты, сөйлеу мәнерін білдіретін топтастырумен бірге ой-сезім етістікті фразеологизмдер деп аталатын түрі де бар. Адам басқа тіршілік иелерінен өзінің тілі, ойы, сезімі, көңіл-күйі арқылы ерекшеленетіні белгілі. Ол ойын, ойлағандығын, сезімін, сезгенін тіл арқылы жарыққа шығарады. Ой сезімге қатысты етістікті фразеологизмдер: 1. Ойлау етістікті фразеологизмдер. 2. Сезіну етістікті фразеологизмдер деп жіктеледі.
Ойлау етсітікті фразеологизмдердің ойлау, есте сақтау, ұмыту, ой-болжам, тұспалдау, байымдау, күдіктену, сенім-шішімге келу етістікті фразеологизмдерін құрайды. Олар сан жағынан аз, бірақ реңктері түрлі-түрлі, сондықтан жеке лексика-семантикалық топтарға бөлдік.
Сезіну етістікті фразеологизмге келер болсақ, олар объективтік өмірдегі заттар мен құбылысытың адам сезім мүшелеріне әсерінің тілдегі көрінісі. Сезіну етістікті фразеологизмдердің ерекшелігі объектіге тікелей әсер етіп, өзгертпейді, сондықтан пассив қызмет атқарады. сезіну сезім мүшелері құлақ, көз т.б. арқылы туындайтындықтан, оларды сипаттайтын етістікті фразеологзмдер: көру етістікті фразеологизмдер, ұялу етістікті фразеологизмдері деп қарастыруға мүмкіндік бар. Мысалы: көзін сату, көз сұғын қадау, ел құлағы түрілу, көз тігу, көзін тапты, көзін іздеді, көзін сүзді, көзіне ілмеді, көзінен от шашты, көзіне айтты, көзіне шөп салды, көзінің сорасы ақты т.б.
Көру етістікті фразеологизмнің бір сыңары “көз” сөзі болса, келесі сыңарлары “қара”, “тік”, “сал” етістіктерінен болады да көру ұғымында жұмсалады: көз тігу, көз салу . Тілімізде “көз” сөзімен байланысты, біздің есебімізше, 500-ден астам фразеологиялық тіркес бар, бірақ оның бәрі көру мағынасын білдірмейді. Мысалы: көз ілмеу – ұйықтамауды, көз алдынан өткізу – ойлау, елестетуді, көз ілеспеді –жылдамдықты білдіреді.
Адам бойындағы жоғары сезімдер интеллектілік сезімдер деп аталады. Жоғарғы сезім адамның жан дүниесімен, ақыл, таным процестерімен тығыз байланысты. Сезім дүниесінің бір көрсеткіші – ұят. “Өлімнен ұят күшті” деп, ұят сезімін аса жоғары бағалаған халқымыз оны жеткізуде небір етістікті фразеологизмдерді туғызып, қалыптастырған: бет моншағы үзілу, бетінен оты шығу, сақалы өртену, беттің арын бес төгу, кірерге тесік таппау т.б. Ұялу етістікті фразеологизмдер ұялту етістікті фразеологизмдердің тууына негіз болады. Мұнда негізгі рөлді грамматикалық формалар атқарады: бетімнен отымды шығарды /ұялтты/.
Сонымен, ой, сезім дүниесіне қатысты етістікті фразеологизмдер сан жағынан көзге түспесе де, қоршаған ортаның адам сезім дүниесіне әсерін тіл арқылы жеткізу құралы болып табылады.
“Түркі тіліндегі етістіктердің семантикалқы топтары туралы пікір айтқан ғалымдарымыздың барлығы сапа не белгі процесін білдіретін етістіктерді қалып-сапа етістіктердің жеке тобы, не күрделі тематикалық топтың бір элементі ретінде көрсетеді” 19. 60. Мұндай етістіктердің аясы, көлемі бір дәрежеде анықталмай, топтастырылмай жүргенін айта келіп, А. Османова “сапа я белгі процесін білдіретін етістіктерді қалып етістіктерден бөлек қарастыру” 20. 95 туралы пікір айтады.
Пікірлерді саралай келе, жинақталған материал бойынша, адамның түрлі қалпы мен сапа белгілерін білдіретін етістікті фразеологизмдерді бір мағыналық топтың ішінде қарастырып, оларды қалып және сапа етістікті фразеологизмдер деп атаймыз. Етістікті фразеологизмдер сапа белгілерін білдіреді: қартаю, тозу, өсіп-өну т.б. Мысалы: жер ортасына жету, ес біліп етек жабу, дәм-тұзы таусылу .
Сапа белгілерін білдіретін етістікті фразеологизмнің ішінде өлім-жітімге байланыстылары көп. “Өзекті жанға бір өлім” деп өлімнің бай-кедей, жаман-жақсыға ортақ екенін айта білген қазақ халқының өлім жағдайына байланысты әдет-ғұрып, дәстүрі бар. Осыған байланысты туған тұрақты сөз тіркестері, оның ішінде фразеологиялық тіркестер қаншама… Осы лексика-семантикалық тобына мағыналас фразеологизмді Г. Смағұлова 5 ситуацияға бөліп қарастырып, “барлық тіркес саны – 84” деп көрсетеді 21. 68. Түркі тілдерінде өлімге қатысты тіркестер саны жағынан молдығы көзге түседі. А. Нелунов “Якут тілінде өлімге қатысты туған етістікті фразеологизмдерді саны отыздың үстінде” 2. 18 деп көрсетеді. Қазақ тілінде, біздің есебімізше олардың ұзын саны 70-тен асады.
Қалып етістікті фразеологизмдер, негізінен, адамға қатысты. Оның өмірдегі отырған, тұрған, шаршаған, ұйықтаған қалыптарын, адам мен жануарлар ағзасындағы биологиялық арықтау, семіру сияқты өзгерістерді, тоңіу, терлеу, ауру, шөлдеу тәрізді жағдайларды дөп басып көрсете алады. Мысалы: қол қусырып отыру – еш нәрсе істемей, жайбарақат отыру; қызыл май болу – болдыру, шаршау; көрер таңды көзімен атыру – ұйықтамау; тер тарамысына іліну – арықтау; еті ауырлау – семіру; жағының боздағы шығу – тоңу; буы бұрқырау – терлеу т.б. Адамға тән физиологиялық қалыпты білдіретін етістікті фразеологизмді физиологиялық қалып етістікті фразеологизмдер деп атадық, сонымен қатар, адамның әлеуметтік жағдайын образдылықпен бейнелейтін бірсыпыра фразеологиялық тіркестер бар. Олар адамның материалдық жағдайының жақсаруын /баю/, төмендеуін /кедейлену/ асқа қатысты молшылық пен тапшылықты көрсете алатын қазығына қара оралу, аузынан мәйегі түсу, тақияда тамтығы қалмау, қалтасы жұқару, ақ түйенің қарны жарылу, қара суға қарап қалу тәрізді етістікті фразеологизмдер мен үйлену: біреудің етегінен ұстау, дәм-тұзы жарасу, билікке жету: есіктегі басы төрге жету, қазанның тұтқасын ұстау, сараңдық көрсету: аузын қу шөппен сүрту, тышқан мұрнын қанатпау, еркінен айрылу, еркіндік алу: құрыққа іліну, бұғаудан босау мағыналарындағы етістікті фразеологизмдері әлеуметтік қалып етістікті фразеологизмдер тобын құрайды. Әр топтың қолданылу реті, контекске қарай мағыналық реңктердің байқалуы жағынан ерекшеліктері бар.
Өз алдына лексика-семантикалық тобы ретінде қарастырылған әлеуметтік жағдайды білдіретін етістікті фразеологизмнің ұзын саны осылар деп үзілді-кесілді айту қиын.
Қазақ тілінде адамның көңіл-күйіне қатысты жасалған етістікті фразеологизмдер өте көп. Олар сан жағынан молдығымен қатар, адам көңіл-күйінің құбылуы “қанағат” ұғымымен тығыз байланысты. Егер айналасындағы іс-әрекет, қарым-қатынас сезімін тудырса, ол қанағаттанады, жағымды эмоция туады: қуанады, күледі. Егер қанағат сезімі тумаса, жағымсыз эмоция туады: ренжиді, ашуланады, жылайды. Жағымды-жағымсыз эмоцияға қарай адам көңіл-күйінің “түрленуін” білдіретін етістікті фразеологизмдер 1. Жағымды етістікті фразеологизмдер; 2. Жағымсыз етістікті фразеологизмдер деп топтастырылады. Жағымды эмоциялы етістікті фразеологизмдер: мұртының астынан күлу – мысқыл, екі езуі екі құлағына жету – шын көңілімен күлуді білдіреді, танауы желбіреу, тұла бойы алып-ұшу, қуанышы қойнына сыймау, бөркін аспанға лақтыру т.б.
Ал, жағымсыз етістікті фразеологизмдер жағымды эмоциялы етістікті фразеологияға қарағанда көп. Мәселен, қабағынан қар жауу, тісін қайрау, айдаһардай ысқыру, ит арқасы құрысу 5. 19.
Күре тамыры адыраю – қызараңдады, қызбалық көрсетті. Біз түк білмейміз, біз де білмейміз деп надандығымызды білімдікке бермей таласқанда өлер-тірілерімізді білмей күре тамырымызды адырайтып ктееміз Абай Қара сөздері 48 б..
Сабасына түсу – ашу, ызасы басылып, саябыр қалыпқа келді. Тасқыны басылып, ызғары қайтсын, ашуы сабасына келсін 6. 336.
Көңіл тоны жібу – Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған 6. 337.
Қапыда қлу – аңдаусыздық, қамсыздық өкініші туралы айтылады. Сілтер семсер бар болса, қалай сілтесең де қапы кеттім дейтін күнім емес, тек сол ғана! – деп тоқтады 6. 212.
Санын соғу – қатты өкінді, алданып, опық жеді. Қарға іздерін қардағы қалған қоян жымы деп, Қарғабайдың алданып, санын соққан күні көп С. Мәуленов.
Сіркесі су көтермеу – ештеңені көңілі жақтырмау, ештеңеге зауқы болмау. Сіркем су көтермей, ықылым жоқ Жамбыл.
Лексика-семантикалық топтағы тіркестермен мағыналас, авторлық қолданыста олар “құбылып” экспрессивті-эмоциональды бояулары қаныға түседі. Мысалы: Кемпірдің мұндай қауіп үстінде көкірегін қарс айыра алмайтын арманының бірі де сол болатын. Осы естігеніңнің бір де бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Онсыз да қан жүрегі қақ айырылып жүр ғой 6. 184.
Сонымен қатар, жағымсыз эмоциялы етістікті фразеологизмдерді жылау, қорқу етістікті фразеологизмдер деп қарастырамыз. Жылау етістікті фразеологизмдері: жылау – жоғары эмоциялық күй болғандықтан, оны бейнелейтін етістікті фразеологизмдердің образдылығы да ерекше: ботадай боздау, зар еңіреу – ағыл-тегіл жылады. Бұл лексика-семантикалық топтағы етістікті фразеологизмдегі ортақ сема – көзден жас ағу, оларды өз ішінен ситуацияға, жылау амалына қарай жіктеуге мүмкіндік беретін айырым семалар бар.
“Сезім күйін жеткізуші адам мен сол эмоция иелерінің /күлген, жылаған адамдар/ арасындағы логикалық байланыс, әрине, тіл арқылы жүзеге асады. Айтушы көрген оқиғаны қабылдау дәрежесіне қатысты, екіншіден, сол ұғым, түсініктің өзіне қалай әсер еткенін жеткізу түрлі сипаттағы тұрақты сөз тіркестерін, фразеологизмдер қолданылады” 23. 62.
Ал қорқу етістікті фразеологизмдеріне келер болсақ, ол сан алуан формада көрінеді. Адам қорыққандағы көңіл-күйін мынадай етістікті фразеологизмдер өрнектейді: шыбын жаны шыға жаздау;
Қанды көз қорқау қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап, ол да талас қылады шыбын жанға 7. 79.
Жаны мұрнының ұшына келу – қатты қорқу.
Жүрегі мұздап қоя беру – қатты қорқу.
Қорқу етістікті фразеологизмдері көбінесе семантикалық фразеологизмдер болып келеді, “көз”, “төбе”, “жүрек”, “тізе” есім сөздері мен етістіктің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: Үйдегі екеуінің де жүрегі су ете түсті 6. 51.
Адам көңіл-күйін білдіретін етістікті фразеологизмдер жағымсыз-жағымды эмоцияны қамтып, эмоцияның ең қарапайым түрінен, күрделі /қуаны, қорқу, ашулану/ түріне дейін сипаттай алады. “Фразеологитзмдер эмоциялы-экспрессивтік тіркестерімен адамның бүкіл психологиялық сәттерін образдылықпен жеткізуге таптырмайтын құрал” 21. 68 - деп өз пікірін білдіреді.
Белгілі бір жанрдағы фразеологиялық құрылымдардың қарастырылуына байланысты Г. Кусимованың “Фразеологизмы в казахском эпосе” атты зерттеу жұмысын атап айтуға болады. Қазақ эпосындағы фразеологизмдердің семантикалық топтары мен түрлерін қарастыра келіп, оныт мынадай топтарға бөліп қарайды:
1. Салт-дәстүрге байланысты фразеологизмдер: құрсақ шашу, құда түсіп, құйрық жеу, ақ кілемге салу т.б.
2. Діни наным-сенімге байланысты фразеологизмдер: құдай атсын, Алла риза болсын т.б. Сонымен бірге эпостарда жиі кездесетін Баба түкті Шашты Әзіз, Ғайып ерен, қырық шілтен, жеті кәміл пір.
3. Сандарға қатысты фразеологизмдер: он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт – көптік мағынаны білдіреді; тоғыз көзді кіреуке – фольклордағы батырлардың киімі; қырық мың үйірлі Қият – халық.
4. Қазақ эпостарына жататын дәстүрлі штампталған фразеологизмдер: әулиеге айтып, Қорасанға қой айтып, атса мылтық өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін.
5. Эпостағы мақал-мәтелдер.
6. Поэтикалық фразеологизмдер: жиі кездесетін эпитеттер – қанды ауыз көбе, туған айдай толқыған, исі жұпар аңқыған, қырық бес кез қызыл ер, қыналы бармақ, жез тырнақ.
7. Жаугерлік әскери бағыттағы фразеологизмдер: а/ жаугершілік кезіндегі батырдың психологиялық жағдайы, ұрыстың нәтижесіне қатысты фразеологизмдер: айдарлысын құл қылды, тұлымдысын тұл қылды; ә/ қару-жарақтары: толғамалы ақ сүңгі, қозы жауырын жебе.
8. Мінез-құлыққа байланысты фразеологизмдер: Шаш ал десең, бас алады.
9. Психологиялық жағдайды көрсететін фразеологизмдер: іші күйді, аһ ұрды .
10. Суреттеуге қатысты фразеологизмдер: кер маралдай керіліп, бір басарға ерініп .
11. Қозғалысты сипаттайтын фразеологизмдер: тап бергенде, шап берді.
12. Қоғамдық-саяси ұғымды білдіретін фразеологизмдер: аузына ақ тимеген қу кедей, жалаң аяқ жарлы.
13. Адамдар арасындағы жақындықты білідретін фразеологизмдер: қарға жүнді қаттастым, үйрек жүнді оттастым – туған бауыр деген мағына береді.
14. Ақ тілеулі немесе қарғыс мәнді фразеологизмдер: а/ қан жауғыр, құм құйылсын көзіңе т.б. ә/ айың оңынан тусын, жұлдызың жоғары болсын т.б.
Сан мыңдаған фразеологизмдерді жан-жақты зерттей, тақырыптық-мағыналық топтарға жіктеу арқылы ғана халықтың тіл байлығын, өмірін, қандай кәсіптермен шұғылданғанын анықтауға болады.
Осы жүйеде топтастырудың нәтижесінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр түрлерін, діни наным-сенімдік көзқарастарын, тарихи оқиғалардың сарынын, ұлттық ерекшеліктері мен игі қасиеттер белігісін байқауға болады. Бұл – тарихтың сара жолдарын, сан қилы замана өткелдерін, этностың өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктерін тілде сақтау арқылы болашаққа жол салу, келешек ұрпаққа бағыт-бағдар беру деген сөз.
Сонымен ІІІ тарауды қорытындылап, ой таразысына салсақ адам өміріне қатысты етістікті фразеологизмдер шартты түрде бес лексика-семантикалық топқа бөлінеді: актив әрекет, іс-қимыл; сөйлеу; қалып және сапа; көңіл-күй етістікті фразеологизмдер. Сондай-ақ Г. Кусимованың жіктеуімен және де діни наным-сенімге, поэтикалық мінез-құлыққа, қоғамдық саяси ұғымды білдіретін психикалық жағдайға байланысты жасалған фразеологиялық тақырыптық-мағыналық топтарға жіктеледі.
Әрбір лексика-семантикалық топ мағыналық жағынан, функционалдық, стильдік қызметімен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |