Ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу тәртiбi
-
Қаптарды ұннан тазарту және оларды сақтау үшiн қапты қағатын машинасы орнатылған оқшауланған үй-жайлары көзделеді.
-
Нан пiсiру кәсiпорындарында сұйық май мен өсiмдiк майын ыдыссыз сақтау жеке үй-жайда көзделеді.
-
Қатты отынмен жұмыс iстейтiн нан пiсiру пештерiнiң үздiксiз люлькалы подиктi тұйық жерлерiндегi отындары үшiн өртке қарсы қалқамен (өртке қарсы есiкпен) және жабындымен бөлiнетiн үй-жай көзделеді.
-
Отын үй-жайында бiр ауысымға арналған қатты отыннан аспайтын қордың болуына жол берiледi.
-
Нан пiсiру пештерi сұйық отында жұмыс iстегенде сұйық отынның шығыс бактарын орнатуға арналған өртенбейтiн құрылыстан жасалған ғимараттан тыс және оқшауланған үй-жай көзделеді.
-
Элеваторлардағы, ұн тартатын, құрама жем және арпа зауыттарында бiр мезгiлде 15 адамнан кем болатын өндiрiстiк үй-жайлардың есiктерiн үй-жайлардың iшiне қарай (эвакуациялау орнына қарсы) ашылатындай етiп жасауға жол берiледi. Сонымен қатар тамбур-шлюздердiң есiктерi әр жаққа ашылады (өндiрiстiк үй-жайларынан тамбур-шлюздерiне қарай эвакуациялау жолына қарсы, тамбур-шлюзден саты алаңына қарай есiктер – эвакуациялау жолы бойымен).
-
Таспа конвейерлерiн өткiзуге арналған өртке қарсы ойықтар автоматты өрт сөндiру қалқандарымен немесе өрт шыққан жағдайда, оларды жабуға арналған құрылғылармен жабдықталады.
-
Тұрмыстық, қосалқы және әкiмшiлiк-шаруашылық үй-жайлары, басқару пультінің үй-жайлары, электр таратқыш құрылғылары, желдеткiш камералары мен саты алаңдары арқылы ауа жолын, материал өткiзгiштерiн, бағытсыз құбырларды өткiзуге жол берiлмейдi.
-
Циклондарды сыртта, жем кептiргiштерге және қазандықтардың түтiн құбырларына қараған жаққа орнатуға жол берiлмейдi.
-
Кәбілдердi төсеуге арналған шахталарда норийлер, бағытсыз және аспирациялау құбырларын, сондай-ақ басқа тасымалдау және технологиялық жабдықтарды орнатуға жол берiлмейдi.
-
Астық сақтау қоймаларының, астықты қайта өндiретiн кәсiпорындардың барлық қабаттары қабатаралық және цехаралық байланыспен (телефонмен, сөйлесу құбырларымен, қоңыраулармен) қамтамасыз етiледi.
-
Автокөлiкке өнiм мен қалдықтарды ыдыссыз тиеудiң аумақты шаң басудан сақтандыратын құрылғылары болуы тиiс немесе тиеу жабық үй-жайда жүргiзiледi.
-
Қалдықтар кәсiпорынның аумағынан арнайы жабдықталған азық тасығыш тәрiздi автомобильдермен шығарылады.
-
Құрама жем зауыттарында темiржол және автомобиль көлiгiнен ұн шикiзатын және кебектердi түсiру орындары шаң басудың алдын алу мақсатында аспирациямен жабдықталады.
-
Сүрлемге және бункерлерге арналған люктер, сондай-ақ бағытсыз құбырлардағы, ауа өткiзгiштердегi және аспирациялық қаптамалардағы шағын люктер үй-жайларын шаң басудан сақтандыратын тығыз қосылыстармен қамтамасыз етіледі.
-
Барлық қоймалар бiр-бiрiнен 100 метрден аспайтын қашықтықта орналасқан сыртқы сүйеп қоятын сатылармен жабдықталады.
-
Жұмыс басталардан бұрын дән тазартқыш және астық бастыру машиналары дәннiң сапалы аэродинамикалық тазартылуын қамтамасыз ететiн және үй-жайға шаңның кiруiн болдырмайтын аспирациялық каналдарда ауа режимiне реттеп қойылады. Машиналардың үстiндегi жарылысты бәсеңдеткiштер жұмысқа жарамды күйде ұсталады.
-
Өнiмдiлiгi сағатына 50 тоннадан астам норийлер тоқтаған кезде таспаны керi жүруден қорғайтын автоматты тежеуiш құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Норийлердi және жекелеген бөлшектердi ағаштан немесе басқа жанғыш материалдардан жасауға жол берiлмейдi.
-
Тазартылмаған дән үшiн дән шнектерi iрi қоспаларын терiп алуға арналған шарбақпен және өнiмнiң қысымынан ашылатын сақтандырғыш қақпаларымен жабдықталады.
-
Шарбақтарды тазарту кезектілігін кәсiпорынның басшысы белгiлейдi.
-
Сына тәрiздi қайыс бауларының бәрінің тартылуы бiрдей болуға тиiс. Сына тәрiздi қайыс баулар жинағы толық болмағанда жұмыс істеуге немесе шкив бунақтарының пiшiнiне сәйкес келмейтiн пiшiнi бар қайыс бауларды қолдануға жол берiлмейдi.
-
Сына қайыс бауларын ауыстыру осы берiлiс үшiн толық жинақпен жүргiзiледi.
-
Қондырғылардың паспорттарын монтаждау немесе мамандандырылған жөндеу ұйымдары жасайды.
-
Барлық аспирациялық қондырғылардың паспорттарын әр жөндеу жұмыстарынан кейiн аспирациялау жөнiндегi инженер немесе кәсiпорынның басшылығы бөлген басқа жауапты адам тексередi.
-
Өрт қауіпті санатындағы (В1-В4) үй-жайлар мен ғимараттардың аспирациялық және пневмокөлiктiк қондырғылардың ауа үрлегiш машиналары мен желдеткiштерi тозаң тұтқыштардан кейiн (ауаның қозғалу бағытымен) орнатылады.
Ұн тарту зауыттарындағы жиынтық өнімділігі жоғары жабдықтарда пневмокөлiк жүйелерiнде сүзгiштерге дейiн тозаң-ұшқын қауiпсiз желдеткiштерiн орнатуға жол берiледi.
-
Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар мен жедел (өндiрiстiк) ыдыстардың аспирациясының технологиялық және көлiктiк жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосылуына жол берiлмейдi.
Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар жеке қондырғымен аспирациялануы тиiс. Жедел ыдыстардың аспирациясын iшiнде айналып тұратын бөлшектерi жоқ, мысалы үйiлме арнашықтары, бұрылу құбырлары жоқ жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосуға жол берiледi.
-
Технологиялық және көлiктiк жабдық аспирациялық қондырғыларымен бұғатталады.
-
Элеваторлардың жұмыс ғимараттарында желдеткiштер мен дән кептiргiштерiнiң тозаң тұтқыштарын орналастыруға жол берiлмейдi.
-
Элеваторларда аспирациялық қалдықтарды және бункерлер мен сүрлемдерде өндiрiстiк тозаңды жинауға және сақтауға жол берiлмейдi.
-
Шикiзат және дайын өнiм қойма үй-жайлары арқылы транзиттi ауа арналарын, сондай-ақ жарылыс өрт қауiпi және өрт қауiпi бойынша А, Б, және В1-4 санатындағы үй-жайлары арқылы төсеуге жол берiлмейдi.
-
Желдеткiштер мен ауа үрлегiш машиналардан кейiн орналасқан (аспирациялық шахталардың, тозаң камералардың) тозаңның гравитациялық отырғызуына арналған ыдыстарды пайдалануға жол берiлмейдi.
-
Ауа өткiзгiштер мен материал өткiзгiштер кемінде екі жерде жерге тұйықталады.
-
Тозаң тұтқыштар мен ауа үрлегiш машиналар жеке қосымша тұйықталады. Қондырғы элементтері арасындағы қосылыстарда болттардың астына диэлектрлiк материалдардан жасалған шайбаларды және электр өткiзбейтiн бояулармен сырланған шайбаларды қолдануға жол берiлмейдi.
-
Пневмокөлiктiк қондырғыларға орнатылатын органикалық шыныдан жасалған қоспалары 100 миллиметрден аспайтын орам қадамы бар сыммен сыртынан оралған болуы тиiс. Көрсетiлген сымның екi шетi де арасында қоспа орналасқан қондырғының металл бөлiктерiне мықтап бекiтiледi.
-
Аспирациялық қондырғылардың ауа арналарының жылыту жүйесiнiң құбыр жолдарымен түйiсуiне жол берiлмейдi.
-
Технологиялық және тасымалданатын жабдықты пайдалануда өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн мынадай талаптар орындалады:
1) өндiрiстiк үй-жайларға тозаңның бөлінуін болдырмау үшін жабдық өндіруші-кәсiпорынның ұсыныстарын ескере отырып герметикаланады және қажеттi жағдайларда аспирацияланады;
2) сыртқы қабатының температурасы 450C жоғары болатын жабдық, сыйымдылықтар, өнiм өткiзгiштер жылудан оқшауланады;
3) домалау және сырғанау мойынтiректерi пайдалану жөнiндегi нұсқаулықтарға сәйкес майлаумен қамтамасыз етiледi;
4) конвейерлердiң жетек бауларының, норийлер мен басқа да тасымалдау машиналарының, сондай-ақ оларды буксирлеу мен иiлудi, сондай-ақ қоршауды бос бұтақпен соғуды және қоршау қаптамаға үйкелуiн болдырмайтын трансмиссияларды болғызбайтын қалыпты тартқышпен қамтамасыз етіледі.
-
Машина мынадай жағдайларда:
1) тұтанудың немесе күюдiң аздаған белгiлерi болғанда;
2) жабдыққа тән емес шу мен дiрiл пайда болғанда;
3) машинаға өнiм үйiп тасталған, тiреп қойылған және асыра жүктелген кезде;
4) машинаның тiреуiш конструкциясы, шкивi, тiстi доңғалағы және басқа да жұмыс органы бұзылғанда;
5) жұмыс органдарына бөгде заттар түсiп кеткенде тоқтатылуы тиіс.
-
Аспирация жүйелерi дұрыс iстемейтiн, жобалық және техникалық құжаттамада көзделген норийлер мен ұнтақтағыштардағы жарылыс ыдыратқыштары жоқ жабдықты пайдалануға жол берiлмейдi.
-
Өнiмдердi (шикiзатты) жаншып үгетiн станоктар, ұнтақтағыштар, қамшылау машиналары және соқпа машиналар арқылы өткiзу алдында магниттi сепараторлар орнатылады.
-
Магниттердi тазарту кезiнде өнiмге металл қоспаларының түсу мүмкіндігі жоққа шығарылуға тиiс.
-
Тiреуiштерге жабдықты бекiту тораптары, қаптама және жабдықтың басқа да бөлшектерi алмалы-салмалы, өндiрiстiк үй-жайда от жұмыстарын жүргiзбей жабдықты орнату, жөндеу және бөлшектеу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiндей бөлек-бөлек орындалады.
-
Жабдықтың жұмыс iстеуiн жедел бақылауға арналған есiктер, қақпалар және шағын люктер тығыздап жабылуы және үй-жайға тозаң өткiзбейтiндей болуы тиiс.
-
Дән тазартқыш және ұсақтағыш машиналар жұмыс iстегенде:
1) соңғы бөлшектерi қозғалмайтын бөлшектердiң бетiмен түйiсуге жол бермей, барлық қозғалмалы бөлшектерiнiң еркiн айналысы;
2) дәндi аэродинамикалық тазартуда және үй-жайға тозаң шығуды жоюда машина дұрыс жұмыс iстеуі үшiн аспирациялық каналдардағы ауа режимiн реттеу;
3) шығарушы-зауыттардың паспорттық мәлiметтерiне сәйкес айналып тұратын бөлшектер салмағының теңдігі қамтамасыз етіледi.
-
Тазартқыш машиналардың түйгiштерiнде жарықтар мен сынықтары болмауы тиiс; ұшқынның пайда болуына жол бермеу үшiн түйгiш барабанының iшкi бетiне түйгiштердiң тиюiне жол берiлмейдi.
-
Норийлердi пайдалануда:
1) тiреуiш бөлшектерiн (болттардың, гайкалардың, шайбалардың) орнатылу берiктiгi;
2) барабандардың тұрып қалуын және таспалар мен шөмiштердiң норий құбырлары мен бастиек және табандықтың қаптамасына тиюiн болдырмайтын норий таспасының тартылуы;
3) норий табандықтарындағы тiреуiштердiң жылдамдығы мен бергiшiн бақылау релесiнің мiндеттi түрде болуы;
4) норийлер кенет тоқтаған жағдайларда, таспаны керi жүруден сақтайтын, өнімділігі сағатына 50 тонна және одан да жоғары норийлерге арналған автоматты әрекет ететiн тежеуiш құрылғыларының мiндеттi түрде болуы тексеріледі.
-
Таспа конвейерлерi жұмыс iстегенде:
1) жылдамдықты бақылау релесiнің мiндеттi түрде болуы;
2) барабандар мен роликтерде басқа жаққа қарай шығармай және тiреуiш құрылыстарына тимей конвейер таспасының дұрыс жұмыс iстеуi;
3) таспа тоқтамай роликтердiң айналуы;
4) барабандарда таспа тоқтап қалуға жол бермеу қамтамасыз етіледі.
-
Шынжырлы (тиеу қырнауыштары бар) конвейерлерде қораптар асып кеткенде тiреуiш бергiштерiн немесе конвейерлердi автоматты түрде тоқтататын қондырғылар көзделеді.
-
Иiрлiктердiң тұтануын болдырмау үшiн өнiмнiң жүрiсi бойынша олардың шеттерiне өнiмнiң қысымына байланысты ашылатын сақтандырғыш клапандары орнатылады.
-
Көлiк таспаларын және жетек қайыс белбеулерiн металлдан жасалған қапсырма шеге, болттар арқылы (олар жанғыш вулканизацияны пайдаланып, қайыс белдiкшелермен тiгiлу арқылы қосылуы тиiс) қиыстыруға жол берiлмейдi.
Құрама жем зауыттарының жабдығын пайдалану тәртiбi
-
Ұнтақтағыштарда жүктеменi автоматты түрде реттеуге арналған құрылғы қарастырылған жағдайларда, ол құрылғы ұнтақтағыштың электр қозғалтқышымен бұғатталады.
-
Ұнтақтағыштардың балғаларында сызаттар мен басқа да ақаулардың болуына жол берiлмейдi.
-
Ұнтақтағыштардың балғалары ұшқындауды болғызбау үшiн дека мен елеуiшке тиюiне жол берiлмейдi.
-
Ұнтақтағыштарды iске қосу ондағы бөгде заттар мен ұнтақтау өнiмдерiнен ұқыпты тазартылғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады. Ұнтақтағышты iске қосар алдында жиынтығы, ротор балғаларының бекiткiшi мен қосылуы және елеуiштердiң тұтастығы тексерiледi.
-
Ақаулықтар анықталғанда ұнтақтағыш ақаулық себептерiн орындау және жою үшiн дереу тоқтатылады. Iске қосылғанда ұнтақтағыш алдымен бос қосылады, ал содан кейiн оның қосылуы талап етiлетiнге дейiн жеткiзiледi.
-
Ұсақтағышты iске қосар алдында:
1) ұсақтағышқа металл заттардың түсiп кетуiн болдырмау үшiн магниттi қорғауының болуы мен жай-күйі;
2) машинада бөгде заттардың болмауы, механизмдер мен құралдардың дұрыстығы тексеріледі.
-
Ұсақтағыштар үшiн тек зауытта шығарылған сақтандырғыш шрифттерi қолданылады.
Оларды көлемдерi және механикалық сипаттамалары белгiсiз металл өзектермен ауыстыруға жол берiлмейдi.
Ұн тарту және жарма зауыттарын пайдалану тәртiбi
-
Бiлiктi станоктармен жұмыс iстегенде:
1) тетік жұмысының бiр қалыптылығы (автоматы түрде басқарылатын бiлiктi станоктар үшiн), сондай-ақ жарық сигнализациясының жарамды күйде болуы;
2) бiлiктердiң бүкіл ұзындығы бойынша дәндi немесе өнiмдi жеткiзудiң үздiксiздiгi мен бiр қалыптылығы қамтамасыз етiледi.
-
Өнiмi жоқ, бiлiктерi қысылған, белағаштарының бойымен ауытқып және жылжып кеткен станоктармен жұмыс iстеуге жол берiлмейдi.
-
Елек-суырғы машиналарының себу шанақтарының, тас iрiктегiштердiң, сепараторлардың барлық иiлмелi қосылыстары тозаң өткiзбейтiн материалдан жасалады және сыртқа шығаратын келте құбырлары бар иiлгiш қосқыштар қолданылады.
-
Үгiту, соққылау және щетка машиналарындағы тарамдалған және ұзын қамшылардың бiлiктер мен розеткаларға бекiтілуі олардың үзiліп кету мүмкіндігіне жол бермейтіндей берiк тиiс.
-
Бастиегi түсiрiлiп тұрғанда, тарту құрылғылары дұрыс болмаған, қажақ дискiлерi нашар бекiтiлген немесе кептiргiш дөңгелектерi болмаған жағдайларда аршу машиналарын iске қосуға жол берiлмейдi.
-
Аршу машиналары мен ажарлау машиналарының дискiлерiнде, пiшiмбiлiктерiнде және декаларында сызаттар мен ақаулықтардың болуына жол берiлмейдi. Олар болған жағдайда, сондай-ақ үйлесiмсiздiк болғанда аршу машиналарын пайдалануға жол берiлмейдi.
-
Иiлткiш дека станогының жұмыс саңылауы және барабанының орнатылуы тексерiледi.
-
Электр магниттi сепараторларының бұғаттағышы электр энергиясы тоқтаған кезде электр магниттерiне өнiмнiң жетуiн болдырмайтындай етiп орындалады.
Нан пiсiру кәсiпорындарын ұстау тәртiбi
-
Сұйық отынмен жұмыс iстейтiн пештерге отын беру от жағу бөлiмшесiнен тыс, бөлек үй-жайларда орналасқан жұмсау бактарынан жүргiзiледi.
-
Пештердi тұтату және пайдалану қатаң түрде кәсiпорынның техникалық директоры бекiткен нұсқаулыққа сәйкес жүргiзiледi.
-
Каналдық пештердiң газ құбырлары мен жоғарғы от жағу бөлiктерiнде жарылыстан сақтандыратын клапандар орнатылуы тиiс, бiр жарылыс клапанының ең аз алаңы – 0,05 шаршы метр.
-
Пештер жылу мен газ тәрiздi заттарды шығаруға арналған желдеткiш құрылғыларымен жабдықталады. Тарту желдеткiш шахталарын тазарту кәсiпорынның техникалық директоры бекiткен кесте бойынша жүргiзiледi.
-
Газ тәрiздi және сұйық отындармен жұмыс iстейтiн пештерде авариялық жағдайларда:
1) пештiң оттығына сұйық отын және жандыруға арналған құрылғыларға ауа жеткiзу тоқтаған (сұйық отынмен жұмыс iстейтiн пештер үшiн);
2) жылыту жүйесiндегі жылытатын газдардың шектi температурасынан асып кеткен;
3) конвейер тоқтаған кезде отын жеткiзудi автоматты түрде тоқтататын құрылғылар көзделеді.
-
Пештер авариялық жағдайларда пiсiрiлген өнiмдердi шығаруға арналған резервтiк механизмi бар қол жетегiмен қамтамасыз етiлуi қажет.
-
Пеш толық жүктелмегенде қатты қызып кетуiне жол бермей, температуралық режимдi қатаң байқап тұру керек, барлық өнiм шығарылғанша пештi қадағалаусыз қалдыруға жол берiлмейдi.
-
Ауысым сайын пеш конвейерi (люлькалары) қоқымдардан тазартылып тұрады.
-
Нан пiсiру қалыптары мен табақтарын тазалауға арналған машина бөлшектер мен тозаңды жинауға арналған құрылғымен қамтамасыз етіледі.
Майлау құрылғысы тоң майдың шашырауын болдырмайтындай етіп қарастырылуы тиiс.
Металл қалыптар мен табақтарды тек осы үшін арнайы арналған пештерде ғана қыздыруға (күйдіруге) жол берiледi. Өндiрiстiк пештерде қалыптарды күйдіруге (қыздыруға) жол берiлмейдi.
Технологиялық процестерді ұстау тәртiбi
-
Жабдық өнімділік пен мақсаты бойынша технологиялық схеманың талаптарына сәйкес қолданылады.
-
Цехтың iшiндегi пневматикалық көлiктен шлюз бекiтпелерiнiң немесе жүк түсiргiштерiнiң бекiтпе топтарының шеткi бiлiкшелерiнде жылдамдықты бақылау релесi орнатылуы тиiс (бұл талап өнімділігі жоғары жабдық жиынтығының шлюз бекiтпелерiне қолданылмайды).
-
Дәндi емес өнiмдердi (шрот, күнжара, түйiршiктелген шөп ұнын) астық элеваторларының сүрлемдерi мен бункерлерiнде қабылдауға және сақтауға жол берiлмейдi.
-
Дәндi жүгерiнi тек ғимараттан тыс орнатылған шахталық түзу ағынды кептiргiштерде ғана кептiру керек.
-
Жүгерi дәнiн сақтағанда оның орнын алмастыру мейлінше аз қарастырылуы керек.
-
Күрiш, тары, қарақұмық қабықтары жарма зауыты жұмысының 1-2 тәулiкке сыйымдылығы бар бункерлiк үлгідегі қоймаларда сақталуы тиiс.
Қабықтарды ашық алаңдарда, төбе астында сақтауға жол берiлмейдi.
-
Кәсiпорынға келiп түскен шрот партияларынан зертхана үлгiлерін iрiктеу жүргiзіледi және таңдаулы түрде қалдық бензиндi бақылау жүргiзiледi. Бензин иiсi бар шроттарды тиеуге жол берiлмейдi.
-
Дән, күнжара және шроттарды сақтау жүзеге асырылатын барлық сүрлемдер мiндеттi түрде температурасын қашықтықтан бақылау қондырғыларымен (тұрақты термометр жүйелерiмен) жабдықталады.
-
Күнжара мен шроттарды сақтау температурасын тәулiк сайын анықталады.
-
Сақтауға салғанда күнжара мен шроттардың температурасы сыртқы ауа температурасынан 50C-тан аспайтындай етiп көзделеді.
-
Сақтауға қабылданатын және сақталудағы шроттардың ылғалдығы құрама жем кәсiпорындарында күнжара мен шроттарды сақтау жөнiндегi уақытша нұсқаулықта белгiленген шектерде орындалады.
-
Температурасы мен ылғалдылығы аса жоғары күнжара мен шроттар бірінші кезекте өңделеді, ал басқа жағдайларда күнжара мен шроттарды өңдеу кезектiгi кәсiпорынға келiп түсуiне байланысты белгіленеді.
-
Өздігінен тұтануға бейім күнжара, шрот және басқа да ұнтақты шикiзатты олар тұрған ыдыстардан бос ыдыстарға үнемi ауыстырып тұру керек. Аталған ауыстырулар шикiзатты бункерлер мен сүрлемдерде үздiксiз сақтаудың рұқсат етiлген мерзiмдерi негiзiнде зауыттың бас технологы немесе технологиялық зертхананың меңгерушiсi әзiрлеген жоспар-кестелер бойынша жүзеге асырылады.
-
Үймемен сақталатын түйiршiктелген шөп немесе азықтық ұнның өздiгiнен тұтану белгiлерiмен байланысты температураның көтерiлуi анықталған жағдайда бұл партияны тексеру күн сайын жүргiзіледi. Ұнның бұл партиясы бiрiншi кезекте өткiзіледi.
-
Өндiрiс қалдықтарын тасымалдау үшiн үй-жайға шаң шығуды болдырмайтын бағытсыз, механикалық көлiк пен пневмокөлiк (норийлер, шынжырлы транспортерлер, жабық қаптамалардағы таспалы және роликтерi жоқ конвейерлер) қолданылады.
-
Жатып қалған өнiмдi шығаруды қамтамасыз ету үшiн және оны сақтау үшiн сүрлемдердің (бункерлердiң) арнайы конструкциялық шешiмдерiн және оны шығаруды жеңілдететiн жүк түсiретiн механизмдердi қолдану керек.
-
В1-В4 санатындағы өрт қауiптi үй-жайларда өндiрiс қалдықтарын ыдысқа орналастыруға жол берiлмейдi.
Дәндi дақылдарды жинау және азық дайындау тәртiбi
-
Астық жинау кезеңi басталмас бұрын, оған жұмылдырылған барлық тұлғаларға өртке қарсы нұсқаулықтан өту қажет, ал жинау агрегаттары мен автомобильдерi алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (комбайндардың барлық типтерi – екi өрт сөндiргiшпен, екi iстiк күрекпен және екi сыпырғышпен, тракторлар – бiр өрт сөндiргiшпен, бiр iстiк күрекпен), дұрыс ұшқын сөндіргіштерiмен жабдықталады және қоректендiру, оталдыру және майлау жүйелерi реттеледi.
-
Масақты егiн пiсер алдында олардың орман алқаптарына, дала жолағына, автомобиль және темiржолдарға iргелес жерлерiнде енi кемiнде
4 метр жолақ шабылады және жыртылады.
-
Дәндi дақылдарды жинауды астық алқаптарын алаңы кемінде 50 гектар учаскелерге бөлуден бастау қажет. Учаскелердің арасына ені кемінде 8 метр шалғы жолы жасалады. Шалғы жолынан шабылған астық дереу жиналады. Шалғы жолының ортасында енi кемiнде 4 метр жер жыртылады.
-
Уақытша қыр орындарын астық алқаптары мен қырманға кемінде 100 метр алшақ жерге орналастырылады. Қыр орындарының, астық қырмандары алаңшаларының енi кемiнде 4 метр жолақ етіп жыртылады.
-
Көлемi 25 гектардан астам жиналып жатқан астық алқаптарына тікелей жақын жерлерде өрт шыққан жағдайда өртенген аймақты жыртуға арналған соқасы бар трактор дайын тұруы керек.
-
Астық қырмандарын ғимараттар мен құрылыстарға 50 метр, ал астық алқаптарына – кемiнде 100 метр алшақ орналастыру керек.
-
Далалық жағдайларда сақтау және мұнай өнiмдерiн құю кеуiп қалған шөптен, жанғыш қоқыстан тазартылған және енi кемінде 4 метр жолақ жыртылған немесе қырманнан, мая шөп пен сабандардан, астық алқаптарынан 100 метр қашықтықта және құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жыртылған жерде арнайы бөлiнген аудандарда жүзеге асырылады.
-
Дәнді дақылдарды жинау және азық дайындау кезеңінде:
1) тракторлардың, қақпақтары жоқ немесе қақпақтары ашық автомобильдер мен өзi жүретiн шассилердiң жұмыс iстеуiне;
2) қозғалтқыштардың радиаторларындағы шаңды күйдiру үшiн дәнекерлейтiн лампаларды қолдануға;
3) далада түнгi уақытта автомашиналарға жанар-жағар май құюға жол берiлмейдi.
-
Қозғалтқыштардың радиаторлары, битерлердiң, сабан толтырғыштардың, транспортерлер мен жинағыштардың бiлiктерi, шнектер мен басқа да тораптар және жинау машиналарының бөлшектерi шаңнан, сабаннан және дәндерден тазартылады.
-
Шөптесін өсімдіктерді, аңыз қалдықтарын, сабандарды өртеу жұмыстарын (бұдан әрі – ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының (шаруашылықтарының) басшылары мынадай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізеді: 1) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысын бастамас бұрын өз қызметкерлеріне, сондай-ақ осы іс-шараға қатысушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы, өрт сөндіру тәсілдері туралы нұсқаулық беру ұйымдастырылады; 2) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын жүргізу уақытында жауапты адамдар тағайындалады; 3) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстарын орман алқаптарына іргелес учаскелерде жүргізген жағдайда, жұмыстарды жүргізгенге дейін бір тәулік бұрын орман иелеріне хабарланады; 4) ауыл шаруашылығы өртеу жұмыстарын жүргізу орындарында әр өрт сөндіру автоцистернасы немесе бейімделген техника, бір соқалы трактор, өрт сөндіргіштер, күректер есебінен өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған патрульдік бекеттер қойылады; 5) жұмыстар жүргізу алдында ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысының аумағы ені кемінде 8 метр жолақпен жыртылады және ауданы 25 гектардан аспайтын учаскелерге бөлінеді; 6) орман алқаптары, орман белгілері, егістікті қорғау жолақтары мен егістіктердің өртейтін учаскелеріне іргелес көгалдандырушы екпе ағаштар кемінде 8 метр етіп жыртылады; 7) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстары желдің әсері 3 баллдан аспайтын (секундына 5 метр) болғанда, жыртылған учаскелерде жауапты адамдар мен жұмыскерлердің бақылауымен жүргізіледі; 8) жалынның тез таралуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығындағы өртеу желдің ық жағынан басталады; 9) ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмысы аяқталғаннан кейін өртелген аумақтың периметрін мұқият тексеру, барлық бықсу орындары мен жану ошақтарын анықтау және жою, ықтимал қайта жанудың алдын алу үшін 3 сағат ішінде күзет қою қамтамасыз етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |