“Отан неден басталады” «С чего начинается Родина»


Құрбандық шалудың қысқаша тарихы және айт ретінде бекітілуі



бет12/13
Дата09.07.2016
өлшемі11.71 Mb.
#186433
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Құрбандық шалудың қысқаша тарихы және айт ретінде бекітілуі

Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады (“Маида” сүресі, 27-аят). Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жал­ғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуіріне дейін келіп жетті.



Ибраһим мен баласы Исмаилдың құрбандық оқиғасы

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ сұрап, көп жыл бойы Алла та­ғалаға жалбарынған-ды. Бұл тілегі әбден қар­тайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген қарттық шағында қабыл болмасы бар ма?!

Күндердің бірінде Ибраһим пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалғалы жатқандығын көрді.

Өз бауыр етің балаңды өз қолыңмен өлімге қайтіп қиярсың?! Мына түстің мұншалықты мысымды басқаны несі?! Белгінің Жаратушыдан келгеніне көз жет­кізген Ибраһим пайғамбар оны орындауға бекемденді. Не де болса нар тәуекел! Алланың берген жаны Аллаға аманат.

Баласына мейірлене көз тастады. Кө­ңілі толқып, жүрегі елжіреп қоя берді. Жоқ! Шайтанның азғыруына көнбеген жөн. Ұлы Жаратушы әмірі қайткенде де сөзсіз ор­ын­далуы тиіс. Көңілін көптен қобалжытқан жайды баласына ретін тауып айтпақшы бо­лып оқталғаны сол еді, тұтығып, тілі күр­меле берді. Ақыр соңында тәуекелге бел буды. “Балам, түсімде Алланың әмірімен се­ні құрбандық шалуға ниеттеніп, ба­уыз­дайын деп жатыр екем. Бұған не дерсің?” – дейді. Баласы әкесінің ойын түсінді. Жү­зіне тесіле қараған күйі: “Әкетай, еш тартынба! Хақ тағаланың бұйрығын не болса да орында. Мен де сабырлылық, шыдамдылық танытармын. Тәуекел ет”, – деді қасқая.

Әке мен бала бұйрықтың басқадан емес, Ұлы Жаратушыдан келгенін жете ұғына білді. Сол үшін де кессең мойным міне деп пышаққа түсті. Әттең, қанша қайралса да пышақ өтпей қор қылды. Сонда да жалтармады. Алланың әміріне толықтай мойынсұнды. Соңында сын-сынақтан да сүрінбей өтті-ау.

Алланың өзі аян білдірді:

- “Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмаилдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!” Иә, Алла тағала сынағаны болмаса Исмаилды құр­бандыққа шалуды қаламады. Ол тек Ибраһим пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті бо­луды қалады. Нағыз тәуекел ете білудің үлгісін паш етті. Әйтпесе, Алла тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Алла тағалаға құлының ақ-адал ниеті мен кең пейілі-ақ жеткілікті. Иә, солай. Қартайып көрген қызығы, жал­ғыз тұяғы, асылдың сынығы, құлдығы Ис­маил үшін Ибраһим (а.с) нені де болса құр­бан етуге бар еді. Өйткені, оны өте қат­ты жақсы көретін. Ал Аллаға деген ма­хаб­бат балаға деген махаббаттан әлдеқайда ба­сым болуы керек еді. Алла соны ұқтырды. Ал­ла жолында, Алланың үкімін орындауда бас­қа дүниелік ештеңенің оның орнын баса алмайтындығын көрсетті. Бұл сы­­нақ­тардың ең ауыры еді. Бірақ ең мағыналысы да. (“Құрбан айт” кітапшасы, Алматы, 2007)

Ибраһим пайғамбардың кезінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші хазірет Мұхаммедке де (с.ғ.с.) жетті. Осы кезден бас­тап құрбан шалу қажылықтың бір рә­сімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұрт­шы­лығына ортақ құлшылық түріне айналды.

Мекке кезеңінде түскен “Кәусар” сүре­сінде “Расында біз саған Кәусарды бер­дік. Ендеше, сен де (осы жақсылыққа шүкір­ші­лік ретінде) Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал” (“Кәусар” сүресі, 1-2-аяттар ) деген бұйрық бар. Осы бойынша дұха (сәске) на­мазын (Күн найза бойы көте­рі­ліп, тас төбеге жет­кенге дейінгі кезеңде оқы­латын нәпіл намаз) оқу және құрбан ша­лу әуелі Пай­ғам­барымыздың (с.ғ.с.) жеке өзіне парыз етілген болатын. (“Зей­лай, Набур-райә”, 4/206)

Хазірет Ибраһимнен (а.с.) бері келе жат­қан қажылықта орындалатын құрбан (һәди) шалу Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, хижраның екін­ші жылы қажылықтан тыс мұсыл­мандарға да (удхия құрбаны) міндеттелді. Осы күн­дері айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға қо­ныс аударып келгенде, жергілікті халықтың бұ­рыннан келе жатқан екі мерекесі бар еді. Пай­ғамбарымыз (с.а.с.) ол мерекелердің мәнін білуге құмартты. Олар бұрынғы жәһилия кезінен бері осы күндері де ме­ре­келеп, көңіл көтеретіндіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла та­ғала осы екі мерекенің орнына одан да ар­тық екі мейрам сыйлады, олар: құрбан айт пен ораза айты”, – деп ендігі жерде мұ­сыл­мандардың мерекесі осы екі күн екендігін ұқтырды.

Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сү­йікті ұлы құрбандықтан аман қалғанда қуа­нып, осы күні мерекелеп, өзіне түсірілген қошқарды құрбандыққа шалғандығын жо­ғарыда атап өттік. Ал адамзаттың ар­дақ­ты­сы Мұхаммедке (с.ғ.с.) еркек кіндіктінің орнына “Кәусар” (араб тілінде “көп, мол” дегенді біілдіреді) берілгендігі әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігі аят арқылы білдірілген. Яғни, Ибраһим пайғамбарға өзінен тарайтын екі ұрпақ берілсе (Ысқақ пен Исмаил), Алла Елшісіне (с.ғ.с.) иман жолы ар­қы­лы шынайы ұрпағы, яғни үмбеті сый ре­тінде берілді. Кәусардың мағынасы “үм­бет­тің көптігі” дегенге саятындықтан, бұл жо­ғарыда айтылған сөзге нақты дәлел бола алады. Ұрпағын жалғастыратын Пайғам­ба­ры­мыздың (с.ғ.с.) өз ұлдары шетінеп кете бергенімен, миллиардтаған үмбетінің өзі оған шынайы ұрпақ болды. (М. Хуб, Хер йөнииле құрбан, Измир, 2006, 32-33-б).

Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері

а) Алла тағаланың әмірлерін қалтқысыз орындау пендені Жаратушының ризашы­лы­ғына бөлеп, ақыретте сый-сыяпатқа ке­нелтеді. Құрбан шалу да – Алла тағаланың арнайы бұйрығы. Сол себепті бұл бұй­рық­ты шын ықыласпен атқарушы Раб­бы­сы­ның ризашылығын алып, ақыретте жүзі жар­қын болады, мол сауап иеленеді. Пай­ғам­барымыз хадисінде бұл ақиқатты былай деп түсіндіреді: “Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сү­йік­ті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мү­йіз­дері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла та­ғаланың құзырында үлкен мақамға же­те­ді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл риза­шылығымен шалыңдар”. Пайғамба­рымыз (с.ғ.с.) басқа хадистерінде Алла ри­зашылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін бы­лай деп сүйіншілеген: “Сахабалар Расулімізге (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не? – деп сұрақ қойды.

– Құрбандық – сендердің Ибраһим (а.с.) бабаларыңның сүннеті, – деді.

– Одан бізге қандай сауап бар?

– Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар.

– Қойдың жүнінен ше?

– Қойдың жүнінің әрбір тал қылшы­­ғына да сауап жазылады”.

Алла разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір Қылкөпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пай­ғам­ба­ры­мыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: “Құрбандыққа малдың ең жақ­сысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйт­кені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің”.

Шындығында, Алла тағала біздің шал­ған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Біздің шалған құр­бандарымыздың еті немесе қаны Алла та­ғаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің оның әмірін ләббайк деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: “Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді”.

ә) Құрбан шалу – Ибраһим пайғам­ба­рымыздан (а.с.) жалғасып келе жатқан сүннет. Иә, Ибраһим пайғамбарымыз (а.с.) Алла тағаланың әміріне мойынұсынып, бауыр еті баласы Исмаилды Ұлы Жара­ту­шы­сының жолында пида ете алатындығын паш ету арқылы, қиын сыннан өткен еді. Міне, құрбан шалу сол бір ғибратты оқи­ға­ның ұмытылмас көрінісі.

б) Адам баласы құрбан айтта құрбан ша­лу арқылы Ұлы Жаратушысының өзіне бер­ген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді.

в) Табиғатында өзімшілдік, сараңдық, дүниеқоңыздық секілді жағымсыз қа­сиет­тері бар адам нәпсісі құрбан айтта тек қана Алла тағаланың ризашылығын ойлайды. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж ба­уырларына жәрдем беру арқылы жаман қы­лықтарын бауырмалдық, жомарттық, кі­шіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады.

г) Дүние жүзінде жыл сайын мил­лион­да­ған мал сойылып жатады. Бірақ сол со­йыл­ған малдың еттері кедей-кепшіктердің бә­ріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса бір то­йындырып, олардың жүзіне шаттық сый­лайды. Әр күні кіжінумен өткен көңілі сы­нық кедейге мұсылмандық жанашырлық та­нытып, қол ұшын беру қандай ғанибет! Алла тағала ақыретте бәріміздің жүзімізді жар­қын қылып, көңілімізді шаттандырсын! Әмин! (“Құрбан айт” кітапшасы, Алматы, 2007).



Құрбандық шалу – берекетке себеп

Алла тағала былай дейді: “Әрі барша адам­дарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пай­даларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ре­тінде берілген құрбандық малдарды белгілі күн­дерде Алланың атын айтып, құрбандық шал­сын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жі­тік­­ке де жегізіңдер!” (“Хаж” сүресі, 27-28-аяттар).

Байқасақ, аятта құрбандыққа ша­лы­на­тын малдың Алладан берілген несібе екен­дігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең ма­ңызды жәйт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғи­б­а­датқа айналдырады. Құрбандыққа ша­лынған мал – Жаратушының берген ры­зығы болғандықтан етін сол отбасы мү­шелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күн­делікті өмірде жағдайы тым нашар адам­дардың бар екенін ұмытпаған жөн. Сон­дықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Әбу Ханифаның айтуынша, жеуге де, таратуға да болады, алайда ол уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіптікті талап етпейді. “Пақырды тойдырыңдар” деген бұй­рық байларға берілмесін деген мағы­на­ны білдірмейді. Өйткені, сахабалар құр­бан­ның етін бай, кедей көрші-қолаң мен ту­ыс­тарына да беретін. Осы тұрғыдан қа­ра­ғанда, құрбандық шалатын айт күндері ша­лын­ған миллиондаған құрбанның еттері бай-кедей, жетім-жесір, кедей-кепшік, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақ­сы­лықты нәсіп еткен Раззақ (шынайы Рызық беруші) Жаратушыны естен шы­ғармай, бұл мереке кең көлемде атап өтілуі тиіс.

Бұрынғы кезге қарағанда, біз бүгінгі күні діни құндылықтарымызды наси­хат­тау­ға, құрбандық шалу дәстүрімізді жан­дан­ды­руға, қоғамда қайырымдылық ша­ра­ларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек мұқтажбыз. Оның төмендегідей өзіндік себептері де жоқ емес:

*Жеке адам тұрғысынан ғана емес, от­ба­сылық, әлеуметтік, экономикалық, тіпті бұл дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан құрбандық шалу ислам дініндегі міндет екенін мұсылмандардың сана-сезіміне мықтап орнықтыру;

* Алла тағалаға ең ұнамды ғибадат бол­ғандықтан уәжіп ретінде бір ғана құр­бандық союмен шектелмей, нәпіл құр­бан­дықтар қоса шалып, осы ізгі істің өрісін кеңейту, сауабын арттыра түсу;

*Еліміздің ертеңі үшін иманды да салауаты ұрпақтың өсіп жетілуі жолында сапалы шәкірт тәрбиелейтін ілім орда­ла­ры­на, діни сауат ашу мақсатында қызмет ат­қаратын білім ошақтарына қолдау білдіруге шақыру;

* Құрбандық шалудың мұсылмандық міндет екенінен бейхабар жандарға ұқтыру;

*Мүмкіндігі жоқ кісілердің атынан да Пайғамбарымыз секілді құрбандық шалып сүннетті орындау;

*Құрбандыққа шалынған малдардың еттерін тарату арқылы бүкіл адамзаттың жү­регінде асыл дініміз исламға деген жы­лылық сезімін ояту;

*Алла тағалаға керегі құрбандықтың еті не қаны емес, құлының ниеті екенін жақсы білу.

Жоқ-жітіктің атынан құрбан шалу –сүннет

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.) құрбандық шалуға жағ­дайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған.

Бұл жайлы Жабир (р.а.) былай дейді:

- “Хазірет пайғамбармен бірге мешітте едім. Құтпасын бітіріп мінберден түсті. Со­сын құрбандық қошқарды өз қолымен бауыздады. Бауыздап жатқанда: “Бисмил­ла­һи, Аллаһу акбар! Бұл менің атымнан және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан”, – деді”.

Жабир (р.а.) арқылы жеткен тағы бір ха­­дис­те өзінің және үмбетінен жағдайы кел­мейтін жандардың атынан Пайғам­ба­ры­мыз­дың екі құрбандық шалғандығы да айтылады.

Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн. (М.Хуб, Хер йөнииле құрбан, 114-116-б).



Айт күнгі тазалық

Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жа­сал­ған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуы­нып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл та­за­­лық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.а.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

“Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды”, – деді.

Осы кезде бір кісі: – Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыс­­та­ған малынан басқа мал жоқ, сол малдан ба­уыздауыма бола ма?”, – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.):

“Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қы­рын­ғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең”, – деді.



Әйел кісі құрбандық шала ала ма?

Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар бар­лық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел эко­номикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауап­кершілік иесі болып саналады. Сол се­бепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен (Шариғатта байлық болып саналатын мөлшер. Ол мөлшер жоғарыда берілді) асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.



Құрбандыққа шалынатын малдар және олардың ерекшеліктері

Кез келген мал құрбандыққа жара­май­ды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе се­кілді малдар жарамды. Ал үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені, мұнда мә­­­жусиларға (отқа табынушылар) елік­теу­шіл­іктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен еш­кі ең кемі бір жасар болуы қажет. Де­ген­мен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал еш­кінің міндетті түрде бір жасқа толған бо­луы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға ке­дергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пай­да­лары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ние­тінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет”. (“Хаж” сүресі, 37-аят).



Құрбандық шалудың жөн-жобасы

Мұсылман – Алла тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раб­бы­сына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алла­ның белгілеген ережелері не­гізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кә­рімде: “Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан”, деп айтылады (“Хаж” сүресі, 32-аят). Сондықтан да Алла та­ғала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.

Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм):

“...Құрбан шалатын адам пышағын жақ­сылап қайрасын, малды қинамай жұм­сақ бауыздасын” – деген мына бір хадисінің астары терең.

Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны – мұстахап (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру ар­қылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.

Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттерге де назар аударған жөн:

Құр­бан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу

Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару

Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу

Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқығаны абзал:

“Жүзімді мені керітартпа діндерден алыс­­татып, көктерді және жерді жарат­қан әлемдердің раббысына бағыттадым” (“Әнғам” сүресі, 79-аят).

“Былай де: “Менің намазым да, түрлі ғи­бадаттарым да, өмірім мен өлімім де үнемі әлемдердің раббысы Аллаға тән. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы. Оған алғашқы болып бас иген де менмін” (“Әнғам” сүресі, 162-163-аяттар).

Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе “Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұ­хаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай ме­нен де қабыл ала гөр!” деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен “Аллаһу акбар!” және “Лә иләһа иллаллаһ” деп айтылады.

Құрбан шалатын адам малды қинамай жұм­сақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Мал­дың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс.

Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен “Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыз­да­лып жатқанда “Бисмиллаһи, Аллаһу ак­бар” деп қоса айтқаны жөн. (Малды ба­уыз­дайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).

Малдың жаны бойынан толық шығып бол­ғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.

Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі.

Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қал­дыр­май, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық ма­лына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.



Құрбандық шалудың уақыты

Ғибадат Алла тағала талап еткен, бел­гі­ленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уа­қытта бауыздалғаны жөн.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айт­тың бірінші күні айт намазынан кейін бас­талып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Жарықтандыру жүйесі нашар орын­дар­да түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түн­де құрбандық шалу мәкрүһ болып са­на­лады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жет­кі­лік­ті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.

Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғам­ба­ры­мыздан (с.ғ.с.) құрбан ша­лу­дың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша:

“Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): “Біздің бұл күнде алғашқы жа­сай­тын ісіміз – намаз оқу, сосын қай­тып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай іс­тесе біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айыр­ма­шылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүм­кін емес”. Басқа бір хадисте: “Кімде-кім на­маз­дан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шал­­сын”, – деп, намаздан бұрын шалын­ған малдың құрбан­дыққа есептелмейтінін ескертеді.



Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгел­дей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп бол­са онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: “Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер”. (“Хаж” сүресі, 22-28-аяттар) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: “Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шалған құр­бан­­дығының үштен бірін – отбасына, үш­тен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын”.

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құр­бан­дыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.

Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етіл­ді: “Алланың Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. “Қасап ақысын біз өзіміз береміз”, – деді.

Құрбандыққа шалынған малдың терісін ке­дейлерге, қайырымдылық қорларына бе­ру­ге болады. (Ислам ғылымхалы, 401-402-б).



Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кі­сі­лердің барлығының ниеті құрбандық құл­шылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құр­­бан­дыққа тек ет алу ниетімен қосылса, бар­лы­ғының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.



Марқұм болған кісінің атынан құрбан шалуға бола ма?

Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құр­бан­дық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Осыған дәлел ретінде Әбу Дәуд өзінің “Сунән” атты еңбегінде “Қайтыс болған кісінің аты­нан құрбандық шалу” деген бөлімінде мына хадисті келтіреді:

“Әзіреті Әли (р.а.) біреуін өзі үшін, екін­шісін Пайғамбарымызға атап екі құрбандық шалатын. Мұның себебін сұрағандарға ол: “Алланың Елшісі кеу­дем­де жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық ша­луымды өсиет етіп кетті”, – деп жауап бер­ген екен”.

Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек; егер қайтыс болған кісі өз аты­нан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп ай­тып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін то­лығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алы­нып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады.

Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниет­пен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ-жітікке таратуға да өз отбасыңызға да қалдыруға болады.

Ақиқа құрбаны

Нәресте дүниеге келгенде шүкіршілік ретінде шалынатын құрбан “ақиқа” деп аталады. “Ақиқа” сөзі – араб тілінде жаңа туған сәбидің шашының атауын білдіреді. Ақиқа құрбандығын шалу – нәпіл ғибадат. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) неме­ре­лері Хасан мен Хүсейін туғанда қошқар шал­ған. Сондай-ақ үмбетіне ұл не қыз туғанда құрбандық шалу керектігін білдірген.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ісі діни талап емес, ондағы мақсат – нәрестенің дүниеге келу қуанышын басқалармен бөлісу, адамдар арасын­да­ғы бауырластық қатынастарды нығайту.

Ақиқа құрбанын нәресте дүниеге кел­ген жетінші күні шалу – мұстахап (ұнам­ды іс). Дәл осы күні нәрестеге ат қою, шашын алып, шашының сал­ма­ғындай алтын не кү­міс садақа таратуға ке­ңес берілген. Дегенмен, ақиқа құр­банын нәресте туғаннан кәмелетке тол­ған­ға дейінгі аралықта шалуға да болады.

Құрбандыққа жарайтын малдарды ақиқа құрбаны ретінде шалуға болады. Шалынған құрбандық етін қаласа отбасы мүшелері өздері жейді, қаласа дос-жаран, жоқ-жітікке садақа ретінде де таратуға болады.

Қорытынды.

Бұл жоба, әр бір оқырман үшін құрбан ету туралы туындайтын сұрақтарына жауап таба алатын, ислам әлемінен кең мағлұмат беретін жоба болып саналады. Мұнда :

«Құрбан деген не?», «Құрбанның тарихы» , «Құрбан шалу», «Құрбан шалу реті»,

«Құрбандыққа шалынатын мал», «Құрбан шалу күндері », «Мал қалай сойылады ? », «Құрбан етінің бөлінуі» туралы мәлеметтер бар.

Ескертетін жайт , жобада Пайғамбарымыздың есімі Мұхаммед (с.ғ.с) - салаАллаху ғалейһи уа сәллам.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет