Отарлық ДӘуір әдебиетіндегі «АҚырзаман» сарынының елдікті сақтау мұраты


ІІІ. ЕЛДІКТІ САҚТАУ МҰРАТЫНЫҢ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫ АРҚЫЛЫ ЖЕТКІЗІЛУІ



бет2/3
Дата10.06.2016
өлшемі168 Kb.
#126175
1   2   3

ІІІ. ЕЛДІКТІ САҚТАУ МҰРАТЫНЫҢ «АҚЫРЗАМАН» САРЫНЫ АРҚЫЛЫ ЖЕТКІЗІЛУІ

3.1. Отаршылдықтың көркемдік ой-санадағы таңбасы
Орыс басқыншылығының қоғамдық ой мен көркемдік санада қалдырған бедер-таңбасын танып-зерделеген еңбегінде зерттеуші М.Бекбосынов былай деп жазады: «...шындығында отарлық езгіге қарсы туған ұлт әдебиеті Ресей империясы тарапынан одан әрі жүргізіліп, ендігі кезекте ел ішінде қолға алынған саяси-идеологиялық отарлау саясатының халық өміріндегі кеселді көріністері жалпыдан жалқыға, көптен жекеге ауысқан, жыраулық кең толғаудан, ақындық нақтылықпен көзге шұқып тұрып көрсеткен әдеби поэтикада өз жалғастығын тапты. Міне осы дәуірдегі әдебиеттің үздіксіз даму жолын тереңдеп талдап, сөз өнеріндегі дәстүр мен соны көркемдік арналардың туу себебін айқындау үшін, Ресей империясының ұлт рухын, санасын отарлауға бағытталған үшінші кезеңіне (1867-1917) шолу жасау қажет» [19, 194]. Әсілі, тәуелсіздік идеясы берік орнықпайынша, ұлт тағдырына, тілі мен діліне, болмысына төнген қатер сейілмейді. Әсіресе, бірінші кезекте, сана отарсыздандырылуы шарт. Қазіргідей ғаламдану заманында идеологиялық жұтқа, рухани жаулаушылыққа ұшырау қаупі қай елге де төніп тұрғандығы ақиқат. Ал ондайда ұлт мүддесін ту еткен әдебиеттің мықты қорғаныш екендігі даусыз. Біз сөз етіп отырған әдеби кезең сондай сындарлы дәуір. Отаршыл патша билігінің заңды мұрагері болған кеңес өкіметі тұсында мұндай рухани жәдігерлердің халықтан аластатылу себебі де сондықтан.

Отарлық дәуір әдебиетінде бой көрсететін эсхатологиялық сарынды елдің, ұлттың тағдырынан тыс қарастыру қисынсыз. Себебі, оның негізінде ақырзамандық көңіл-күйге ұласқан мұң-зар, халықтың қайғысы жатады. Ал енді осы зарлы күй отарлық дәуір әдебиетінде қалай көрінді?

Зерттеуші А.Шәріп «Сөз өнері және ұлттық рух» аталатын еңбегінде ақырзаманның белгі-нышандарын әр ақын өзінің таным, тәжірибе, түсінігіне қарай болжағанын айта келіп, «оларға ортақ нәрсе: көкжиектен төбе көрсеткен заманақыр құйынын жалғызға төнген зарар емес, жалпыны теңселтетін зауал деп қабылдаулары, сондай-ақ бұл нәубеттің себебін негізінен жат жұрттық басқыншылықпен сабақтастырулары» [20, 94], – деп айқын көрсетеді. Айтса айтқандай, сөз болып отырған кезең поэзиясындағы ақырзамандық көңіл-күйдің басты себепкері – ел мен жердің отарлануы. Ендеше осы тұста мынаған да жіті көңіл аударған жөн сияқты: отаршылдықтың қай-қайсысы да жан төзгісіз нәубеттің нышаны, ол даттап-айыптауға ғана лайықты; дей тұрғанмен, аталмыш кезең поэзиясында Қоқан жаулаушыларына қарағанда жиі әрі өткір, аяусыз айыпталатын – орыс басқыншылығы. Орыстың зымиян, жауыз, жиренішті болып бейнеленуі оның қыр қазағы танымында кәпір ретінде қабылдануында, деп топшылаймыз.

Қазақ көркемсөзінің аса ірі өкілі Дулат Бабатайұлы поэзиясында ақырзамандық сарындар аса көп ұшырай қоймаса да, «Ақжайлау мен Сандықтас», «О, Сарыарқа, Сарыарқа!», «Сауыр жерден айрылып», «Ата қоныс Арқадан» сияқты өлең-жырларында ақын жерінен айырылу елдің күн көрісінің құлдырауы ғана емес, рухани тірегінің де құлауы, күйреуі деп есептейді. Ал «Әуелгі қазақ деген жұрт» дейтін ұзақ жырында орыс отаршылдығы, кәпірдің момын қазаққа көрсеткен құқайы сын тезіне алынып, қорқынышты салдарлары болжанады:

...Сырғалыңды күң қылып,

Солқылдақты жүн қылып,

Күніңді тұман түн қылып,

Қыл мойынға тақалтып,

Шабақтай жемге қақалтып,

Көмейіңе салар қармақты... [21, 54]

немесе

Егін себер жерді алып,



Бұрынғысы өтірік,

Шыныменен енді алып,

Кетірер кәпір сиқыңды.

Орыс деген атынан,

Теріс жазған хатынан

Әуелі құдай біледі

Шығыс, Батыс кәпірді;

Бірігіп атқа мінеді,

Байтақта жатқан қайран ел,

Астын-үстін бөледі,

Ашар шайдай ұйқыңды... [21, 55]

Дүниенің аяқталуға, құрып бітуге бет алған кезі таянғанын айтып дабыл қағу негізінен зар заман ақындарына тән десек, заманақыр тұжырымын отаршылдықпен байланыстыру осы ағымның көрнекті өкілі Шортанбай шығармаларында мол ұшырайды:

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, қазақтар

Енді сенің торыңа.

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды,

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды... [22, 27]

* * *

Атасы ұлға нанбайды,



Көңіліне қуаныш қылмайды,

Уәліден кетті керемет,

Патшадан кетті ғаделет,

Ақырзаман таянды [22, 28]

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» толғауындағы отаршылдық кесапаты тудырған сұрқай көріністерді, ондағы ақырзамандық сарынды сөз таныған кісіге кезінде М.Әуезов әділ бағалап, анық-айқын көрсетіп берген болатын: «Басында заман жайын ел өмірінің ұсақ белгісінен бастаса да, аяғында келіп тірелетіні баяғы ескі түйін. Заманның зарын айтып, күңіреніп келгенде, сол қайғыға салып отырған себепті іздесек, ол патша өкіметінің билігі болып шығады. Бұрынғыдай емес, бүгінгі күнде өкімет елді басып, билеп алған; ел өміріне барлық суық пішінімен, суық мақсатымен жақын келіп, қоян-қолтық араласып кеткен. Сондықтан «Ұлық болған жандарал, пір болған кінәз, би болған тілмашпен» бірге солардың кілеміне түсіп, азып кеткен, ұрлықшыл бай мен парашыл би де заманды бұзушылардың бірі деп саналады.

Енді осындай заманның ішінде өмір сүрген зарлы ақынның өмірден үміті бар ма? Үміті жоқ. Жалғыз жұбаныш: бүгінгі залымның бәрі осы күнгі ісінің жазасын ақыретте тартады деп сенеді. Сондықтан осы тез құрылатын заманның болуын тілегендей болып:

Келе жатыр жақындап

Ай мен күннің арасы.

Таңда мақшар болғанда,

Таразыны аударар.

Залымның қылған күнәсі,

Әкімнің қылған зинасы... –

дейді.

Зар заман ақындарының ішінде қауым тіршілігін, әлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан осы Шортанбай» [13, 196-197].



Осы дәуір әдебиетінің тағы бір аса көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармаларында да орыс отаршылдығы қатаң қараланады. Жалпы, эсхатологиялық әдебиетті діни дүниетанымсыз елестету мүмкін емес. Жастайынан молдадан оқыған ақынның діни танымы шалымды. Әйтсе де, ел ішіндегі кері кетушіліктің себебін жатжұрттық басқыншылыққа апарып тірегенінен оның отаншылдығы, елжандылығы көбірек байқалатындай. Мұрат ақынның шеберлік шоқтығын танытатын шығармаларының бірі – «Үш қиян» десек, бұл – отаршылдықты әшкерелеген, ақынның өз қоғамына көзқарасын бейнелеген құрылысы күрделі туынды. Проф.Б.Омарұлы: «Ақын бұл шығармасында халықтың басына түскен ауыртпалықты, елдің болашағына төнген қауіп-қатердің түп-төркінін жыр тілімен баяндап, ашына ой толғады. Патшалы Ресейдің озбыр саясатына жан-тәнімен қарсы болды», – деп жазды [23, 71]. Үзінді келтірейік:

Мен қауіп еткеннен айтамын:

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін.

Адыра қалғыр заманың

Мен жаратпаймын сүреңін! [24, 149].

Ақынның патша саясатына қарсы көзқарасын алғашқылардың бірі болып танып, тарата талдаған М.Әуезов: «Мұрат зар заман ақындарының ішінде патша саясатының бір тарауына көп көңіл бөлген ақын. Ол тарауы қазақтың жері алынуы болатын. Сондықтан бұл ақын көп жырында қоныс пен өрістің жоқшысы болады. Жер тарылып, заң бұзылып, ел сасқан соң, бұрынғы ұйтқысы бұзылмаған ру тіршілігі көркінен айрылып, құбылып, қуарып бара жатқан сияқтанады», – дейді [13, 196-197].

Ақырзаман тұжырымын отаршылдықпен байланыстырған жоғарыдағы тәрізді үзік-үзік, үздік үзінділерді Әбубәкір Шоқанұлы, Асан Барманбекұлы шығармаларынан да көптеп келтіруге болады. Бірақ оны мақсат еткен жоқпыз. Біздің басты айтқымыз келгені – отаршылдықтың сөз өнеріндегі көрінісін байыптау арқылы ақындардың елдікті сақтау мұратын ұдайы алдыңғы орынға шығарып отырғандығын, ал елдікке төнген қауіп-қатерден сақтандыру үшін ұлттық таным мен діни нанымға иек артқанын көрсету еді.
3.2. Заман мен адамның азуы – ақырзамандық қалыптың бір белгісі
Қазақ танымында заманақырдың белгілері көп: қоғамның ауыр дертке душар болуы, табиғат пен жер-судың тозуы, заман мен адамның азғындауы, т.т. Мұндай тұжырымдар діни қағидаларға, имандылық шарттарына негізделеді. Яғни, қауіп-қатер адамзаттың азғындауынан, Аллаға жақпайтын арам істері мен исламға жат әрекеттерінің өршуінен, сөйтіп, күнәға белшесінен батуынан туындайды. Бұл жағдай, әсіресе, Шортанбай толғауларында айқын көрінеді. Проф. Х.Сүйіншәлиев «ХІХ ғасыр әдебиеті» атты еңбегінде: «Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.

Ең алдымен, Шортанбай – өз дәуірінің шынайы сыншысы. Қазақ қоғамын билеп-төстеушілерге, отаршылар билеген заманның бет алысына наразы ақын. Ақынның бағалауынша, ол жасаған заман бұзылған, зарлы-шерлі тар заман», – деп жазады [14, 117].

Шортанбай түсінігінде дүние түгесілер алдындағы оның заманы – зар заман, азусызға тар заман, асылық асқан заман. Кеспірсіз, қияпаты жаман заманның бет-бейнесі қай қазақ үшін де көз көріп, құлақ естімегендей үрейлі, жан тітірентерліктей; қай мұсылман үшін де ес жиғызып, тәубесіне келтірерліктей:

Заманақыр кезінде

Қожасы жоқ құл азар,

Қонысы жоқ бай азар.

Азғанының белгісі –

Байдың тілін жарлы алмас,

Ханның тілін қара алмас,

Өлінің тілін тірі алмас,

Өздері ғақыл біле алмас. [22, 68].

«Келер заман сипаты» толғауында ақын заманақыр басталатын уақытты болжап айтады және оның кейіннен бұлжымай келгендігі де белгілі:

Сауысқан, ала қарға – құстың құлы,

Басталар ақырзаман жылқы жылы.

Шақырып кәпір соқты сұрап алдың,

Түзетіп ала алмассың, сірә, мұны.

Отызыншы, отыз бірінші жылдары,

Елдің ері еренде,

Жалғыз-ақ қара қалады,

Ұялмастан бұл кәпір

Оған да салық салады... [22, 70]

я болмаса

Түсі сары, көзі көк,

Дінсіз келіп билейді,

Түбінде сонан татасың... [22, 73].

Х.Сүйіншәлиевтің пікіріне жүгінсек, қазақ қоғамының барлық тобы түгел өзгеріп, азғындық сипатқа ие болып алды. Бұлардың бәрі ақыр заманның белгілері. Алда сол ақыр заман күтіп тұр деген қорытынды жасайды. Шортанбай түсінігіндегі ақырзаман ол дүниеде душар болатын емес. Адам баласының күні бітіп, өлуі. Кешегі құс тістеп жүрген сұңқар жігіт күні келген шақта лажсыз, пақыр. Өлім – адам үшін заман ақыры. Ал ажалдан құтылатын пенде жоқ. Жазмыштан озмыш болмақ емес.

Өлшеулі күнің жеткен соң,

Бұйрық дәмің біткен соң

Төстіктей қазған бір жерге

Қырыңнан кіріп сыйғаның.


Ей, момын пенде,

Құлшылық қылсаң не етеді,

Ажал болдырмай қуып жетеді.

Тақуа болған ғалымдар

Бұл жалғаннан өтеді.

Баяны жоқ шіркінді

Бір күні тастап кетеді.

Тіршілік өмірдің санаулы екенін ескертіп, өлмей тұрғанда, басыңа заман ақыр төнбей тірі жүргенде адам баласы жақсылық, ізгілік жолында аянбай іс қылып, адамдық парызын, құдай алдындағы құлшылық міндетін атқаруға тиісті. Адам баласын құдай санаулы мерзім мөлшерін өткізу үшін жаратты. Жер, ай, күн, су сияқты байлықты оған қаратты. Бәріне бірдей ортақ етіп жаратты. Ол үшін адам Аллаға мәңгі риза, өмір бойы қарыздар сезінуге тиісті. Тірі пенде үшін иман парыз» [14, 118].

Дулат өлеңдерінің сәуегейлік сипаты да эсхатологиялық сарынмен сабақтасып жатыр. Бұрынғы ерке ел түр-түсі де, тілі мен діні де жат орысқа бағынған, баяғы дәуренінен айрылған, шарасыз күйде. Азған заманның, азған елдің азғын кейіптегі адамы қазақтың бұрын көрмеген құбылысы:

Заманақыр жетеді,

Әсіле ниет қалмады,

Атаға билік тимеді...

Ендігінің ақылы –

Отқа түскен көбелек.

Жан есінен адасып,

Ұлықсыған ұл туды.

Жамандық сондай ұласып,

Бұлықсыған қыз туды.

Жарысқа кірген жақсылар

Жақынына тартпайды,

Орысқа тартып сөйлейді,

Елді орысқа қаратты [21, 124].

Мұрат Мөңкеұлының түйіні өзгешелеу. Ол заманның мұндай күйге түсуіне адамды кінәлап, адамды азғындады дейтін берік байлам жасайды:

Бәйіт еттім бұл сөзді,

Қайғы шегіп заманнан.

Заман азып не қылсын,

Ай орнынан туады,

Күн орнынан шығады,

Бұның бәрі адамнан [25, 310].

Ақын азған адамның белгісі – даудың парамен шешілуі, мұсылман баласының арам істен бой тартпауы, жақын-жуық, жараннан шапағат қалмауы, қазаннан қайыр, азаннан қуат кетуі деп көрсетеді. Мұны ұлы Мұхаң: «...Осыдан кейінгі сөздерде адамның бұзылғанының белгісі қайсы екенін айтады. Белгілері: бұрынғылар айтқан берекесіздік, арамдық, жат бауыр болып айырылғандықтан, қауымды бұзған себеп:

Қатпа болған түйедей,

Киеңкі болған биедей,

Ел биледі бір сымпыс

Екі бұты таралған», – деп жазады [13, 197].

Әбубәкірдің эсхатологиялық көңіл-күйі әр түрлі ыңғайда көрініс байқатады. Бірде ол болмысты тұтас алып қарастырады. Бүкіл жер мен көктің арасындағы жабырқаулы дүниенің сипатын танытады:

Тұман басты заманды,

Біз заманға не қылдық.

Заманның түбі қылдай-ды.

Қыл үзілсе басыңнан,

Жалғыз сағат тұрмайды.

Аспанда ай, күн тұтылды,

Көріп пе едің мұндайды?

Осы тақылеттес толғамдарда заманды да, адамды да, табиғатты да кері кету, құлдырау процесіндегі басты нысандар деп түсініп, «бүлінген дүние» ұғымын орнықтыруға тырысу айқын байқалады. Дей тұрсақ та, Әбубәкір поэзиясында заманақырды жеке адам басындағы дағдарыс, теріс пиғыл, зұлымдық әрекет турасында түйсініп-қабылдайтын тұстар да жетерлік:

Заман ақыр болғанда,

Шеттен келіп жау алмас,

Жаманың салар құрықты.

* * *

Жақсыны жау да болса дұшпан тұтпа,



Жаманның басында тұр заман ақыр.

* * *


Бұзылған пенде ниеті,

Бұрынғыдай аспан, күн.

Біздіңше, бұл дін қағидаларына өте жетік Әбубәкірдің «қиямет күннің қашан келетінін, ай мен күннің қай кезге дейін аман тұратынын Алла ғана біледі», – деп ұйғарып, пәле-жаланың ұлғаюын күнәһар пенденің іс-әрекетімен байланыстыруының нәтижесі [15, 101-102].

Жоғарыда мысалдарды үнемі зар заман ақындарынан келтіруіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені, ақырзаманға меңзейтін зар заман идеясы – қазақ мәдениетінің өзінің болашағы туралы қам жеуінің уақыттық таңбалық белгісі. Тікелей болмыс пайымдаушы адамды қанағаттандыра алмайды, батырлық ғасырлардың ұзаққа созылуы мүмкін емес еді: оның белгілі бір тұрақты межеге жете алмауы, бір ата жаудың (мысалы, жоңғардың) орнына, одан да қатерлі күштердің төніп келуі (Қытай мен Ресей) дәстүрлі уақыттың мәңгі еместігі жөнінде ой желістерін туғызды. Жерұйық пен Жиделі Байсынды Ақырзаман алмастырды. Бұған қоса, «зар заман ақындарының зары кертартпа феодализм жаңғырығы да емес, қоғамды артқа тарту да емес, еуропалықтарға деген жеккөрушілік те емес еді. Бұл дәстүрлі мәдениет тұйыққа тіреліп, одан шығатын жол іздейін десе, қол-аяғы кісенделіп, бодандыққа түсе бастаған елдің тағдыры мен болашағы туралы толғаулары еді» [26, 272].

Әйтсе де, тақырыбымызды «отарлық дәуір әдебиетіндегі эсхатологиялық сарын» деп текке алмағанымызды ескерттік. Себебі ақырзамандық көңіл-күй ауаны зар заман ақындарында көбірек аңғарылғанымен, оны төрт-бес ақынмен шектеп қою жөн емес. Халықтың таным-түсінігіне негізделген «табиғат азды, заман азды, адам азды» тұжырымы Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Албан Асаннан басқа Қашаған, Майлықожа, Нұрым, кейінгі Нарманбет, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш, Нұржан Наушабайұлы, т.б. ақындарда да кездеседі. Олардың заманы, туып-өскен ортасы бөлек болғанымен, сарындары ортақ; ақырзамандық мотивке негіз болған таным-түсініктері ұқсас. Әр ақынның өнернамасы, стильдік ерекшеліктері әр басқа болғанымен, бірқатар шығармаларындағы идеялық-мазмұндық үндестік, сарындастық оларды бірге қарастыруды міндеттейді. Мұнан шығатын түйін: «зар заман ақындары қиюы қашқан тіршіліктің сүреңсіз әрі сұмпайы сипаттарын нақпа-нақ суреттеп, қою қайғының астында қалса, олардан соңғы – бір жағы бұл сарыннан әлі де кіндік үзіп кетпеген, екінші жағы ағартушылыққа маңдай тіреген кезеңнің ақындарында да эсхатологизм күшеймесе, кеміген жоқ» [20, 99].

3.3. Ұлы апаттар – имансыздықтың жазасы
Эсхатология – аяқталу, құрып біту туралы ілім, оған алдымен діни ұғымдағы ақырзаман түсінігі тән. Тіршіліктің құрып бітуі, хаосқа ұрынып, азғындаған қоғамның әр түрлі табиғи апаттар арқылы жер бетінен аластатылуы жөніндегі түсінік ежелгі мифологиялық жүйеде қалыптасқан, ол әлемдік діндердің қай-қайсысында да кездеседі.

Қасиетті Құран Кәрімде ақырзамандық апаттар мына жүйемен жүзеге асады екен:

1. Алла елшілерінің – пайғамбарлардың, расулдардың, нәбилердің (Нұқ, Хұт, Лұт, Салық, Шұғайып) азғындыққа бой алдырған елге уағыз таратуы;

2. Қауымның басым бөлігінің олардың сөздеріне сенуден бас тартуы, күлкі етуі, өліммен қорқытуы;

3. Жаза ретінде әлгідей жұрттарды (самудтарды, адиттерді, мидиялықтарды, т.с.с.) құдайдың жер бетінен жоқ қылып жіберуі (зілзала, топан, дауыл, т.б.) [20, 95].

«Қарағай басын шортанның шалуы» Асан қайғы заманынан белгілі эсхатологиялық мәнге ие ұғым. Ол Бұқар жырауда да, ХІХ ғасыр әдебиетінің өкілі Кердері Әбубәкірде де ұшырайды. «Заманның опасыз халіне айтқанында»:

Ойласам, бұ дүнияның түбі жалған,

Болған соң не шара бар хақтан пәрман.

Әбубәкір тәжірибе үшін сөз шығарды,

Қай күнде жүйрік едім сөйлеп қалған.

Замана жылдан-жылға түрлі болды,

Күн болды қарағай басын шортан шалған.

«Бақа би қалған көлге» деген болып,

Біздерге әркімдер де көзін салған, –

дейді ақын [25, 324]. Әбубәкір Шоқанұлының заманның азып-тозуы хақындағы ой-пікірлері Асан қайғы мен Бұқардың отаршылдық дәуір турасындағы болжамдарынан туындайды. Ұлы ойшыл «болуы мүмкін» деп тұспалдаған, ұлы жырау «болары анық» деп нақтылаған зорлық-зобалаңды Әбубәкір өз көзімен көрді. Сондықтан оның зары – болған, орныққан кезеңнің зары.

Діни нанымға сәйкес, заман, қоғам, адам әбден азғындап, жер бетінде имансыздық жайлаған кезде, Алла тағала оны жазалау үшін табиғи апаттар туғызады. Осы танымды ұстанған бірқатар ақындар жер-жайлаудың тарылуынан, заманның бұзылуынан, адам мен жан-жануардың азуынан ғана емес, жаратылыс бедерлерінен, табиғат апаттарынан да ақырзаман белгісін іздеді. Қырдағы шөптің сұйылуы, өзендегі судың тартылуы, жазда үскіріктің түсуі, т.б. қоршаған ортадағы қалыпты да, қалыпсыз да құбылыстардың бірі қалмай ақырзамандық ұғымның аясында ұйлықты.

Өздері азып-тозды деп есептеген кезеңдегі табиғат апаттарын ақырзаманның хабаршысындай көрген Әбубәкір Кердері мен Албан Асан Жетісу өңірінде болған жер сілкінісін жырға қосады.

Бұл да ақырдың мысалы:

Жетісу деген облыста

Жер астына жойылған,

Мұны көрген адамның,

Ішкен асы қойылған.

Сондай, сондай ғаламат

Өткен жылдың ішінде

Құйрықты жұлдыз көрінген.

Мұндай оқиға болғанда

Көңілім қатты бөлінген.

Әбубәкірдің бұдан түйетін ойы: апаттың болуы адамның пейілінің бұзылғанының белгісі.

Албан Асан апатты көзімен көрсе де, тәубесіне келмеген пенденің пиғылынан шошынады:

Күн тұтылып күзінде,

Айдарлы жұлдыз көрінді.

...Бес әлемет көрінді,

Сапар айдың ішінде.

Күндіз болды үшеуі,

Екеуі болды кешінде.

...Ай күйікті суық әлемет,

Үш күн тағы жер тербенді.

Құдайдан қорқып сонда да,

Садақа, қайыр бермеді,

Залымның аты терледі.

Күннен-күнге көбейіп,

Әлемет пәле өрледі.

Тәубе қылып құдайға,

Нысапқа пенде келмеді [15, 107].

Маңғыстау жыр мектебінің аса көрнекті өкілі Қашаған Күржіманұлының толғауларында эсхатологиялық сарын мол ұшырайды. Ол зар заман әдебиетінің негізгі өкілі саналмаса да, осы ағым өкілдерімен үндес бірқатар дүниелер тудырған. Ол туралы зерттеуші А.Шәріп: «Заманның тұңғиық сырын, терең сарынын, тамыр соғысын тап басып түсініп-түйсінген ақындардың арасында жалпыны жайлаған эсхатологиялық ауанды жыр жүйесіне шеберлікпен көшіріп, шабыттана кестелегендердің бірі – дәстүршіл ақпа ақын Қашаған Күржіманұлы. Ол «Заман халі» деген толғауында тұп-тура зар заман ақындарының үлгісімен:

Әндіжанның шәһарындай

Кетпегей-дағы еді жер ауып.

Ай менен күн қауысып,

Қаңбақтай қара жер зыңырап,

Болмағай-дағы еді бір қауіп! –

десе, бастан-аяқ ақырзамандық мотивке құрылған «Топан» атты жырында (кейде «Жем тасығанда», «Каспий тасығанда» деп те аталады) өзгеше өрім байқатады.

Монотеистік діндердің мәлімдеуінше, адамзаттың тіршілігін тоқтататын ақырзаман табиғаттың төрт стихиясы түрінде кейіп көрсетеді екен, олар: топырақ апаты, су апаты, от апаты және жел апаты. Міне, Қашаған аталмыш діни-философиялық-эсхатологиялық туындысында қиюы қашқан заманның бейне-бедерін беру үшін бағзыдан белгілі топан басу мотивін жаңаша жырлаған. Және, белгілі зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың дәлелдеуінше, бұл шығарма ақынның өзі куә ретінде көзімен көрген, Атырау елінде болған нақты оқиғаның желісіне құрылған. Сөйтіп, авторлық идеяның көркем қалыпқа енуіне өмірлік факті түрткі болған» [20, 100], – деп ой түйіндейді.

Дастанға арқау болған оқиға мынау: 1900 жылы Жем өзені арнасынан асып, жағасына жақын орналасқан елді мекендерді су шайып кетеді. Адам, мал шығыны көп болады. Табиғат апатынан зардап шегіп сансыраған халыққа сол кездегі қазақ жерін уысында ұстап отырған патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінен ешқандай жәрдем көрсетілмейді. Осы жайларды көзімен көріп, күйінген ақынның ашу-ызасы жыр болып төгіледі. Жыр бірте-бірте тереңдеп, «Топан» деп аталған дастанға айналады. Дастанда патшалы Ресейдің қазақ жерін шындап жаулай бастаған тұсындағы отаршылдық озбырлық әрекеттері, тәуелсіздігінен айрыла бастаған елдің күйзелісі нақты суреттермен баяндалған. Оның өзі кеңес өкіметі кезінде көп қысқартылып, тәуелсіздік алған кезде ғана толық нұсқасы қалпына келтірілді.

«Асанқайғының болжап айтып кеткені шынға айналды, соны шыққыр көзіміз көрді» деп күйінеді ақын. Жем мен Жайықтың бойындағы қорғасындай балқыған құйқалы жер, Жайықтың иісі аңқыған бекіресі талайдың арманына айналып еді. Сарытау, Самар, Қазанның саудагерлері мен келімсек қоныстанушылары, Хиуаның саудагер сарттары ағылып келіп, олжаға белшесінен батып, ақшаны елдеріне тасушы еді. Сол келімсектер тойынғасын «құдайларын» ұмытып, жергілікті елді көзіне ілмей, кемсітіп қорлауға айналды. Халықтың қазанына қол сұғып, өз несібесін өзіне татырмады. Бұл келімсектер қазақтың байлығына сұғынғаны аздай, енді елдің рухани болмысын бүлдіруге әрекеттенуде. Телі-тентегін қазы мен билердің алқасына салатын салтымыз аяқасты боп, түрме деген сұмдығы шықты. Адамзаттың азғындауының белгісі: тәубе, шүкір, қанағат деген кісіліктің үш критерийін ұмыту. Алланы ауызға алмау. Бәленің белгісін болжаған даналыққа құлақ аспау. Міне, қаншама жанды жалмаған қасіретті оқиғаның себебі.

Қашаған Күржіманұлы осыншама жазықты-жазықсыз адамды жалмаған апаттың сырын «табиғаттың мылқау күшінен» емес, адам баласының өзінің ішкі болмысынан іздейді. Адамның рухани азғындауына, пейілінің бұзылуына орай жіберген Алланың жазасы деп ұқтырады. Мысалы:

Асылың шикі топырақ,

Асылы топырақ болған соң,

Адамның ісі ғапыл-ақ,

Өлмейтіндей көргенмен

Адамға ажал жақын-ақ.

Өлерін адам білгесін

Төсекке түнде кіргенде

Иманыңды айтқан мақұл-ақ.

Алласы түспей аузына

Сөйлемек жаман шатынап.

Тәубаға кел тірлікте

Құдайға жылап аһылап.

Ақыреттің қайығын

Бір мінгесін ылаулап,

Келмегің қиын қатынап.

Ізіңді бағып шайтан жүр,

Қалт жібермей бақылап...

Тәубасынан жаңылған елдің алдынан күтетіні – зауал ғана. Ақын топан су нәубетін тілсіз, тылсым табиғаттың сұрапыл мінезінен тауып-таныды да, болған бақытсыздыққа діни сипат дарытты.

Ғаламат мұндай түс болды,

Алтындар азып мыс болды.

Қызылдан киім киінген,

Мамықтан төсек жиынған

Әлпештеген арудың

Кеудесіне қара құзғын қонды.

«Қызылдан киім киіну», «мамықтан төсек жиыну» образы «әлпештеген арудың» қаншалықты аяулы екендігін, арудың қазақ дүниетанымындағы, болмысындағы орнының ерекше екендігін, сөйтіп әлпештеген аруыңның – ұлтыңның болашақ анасының – кеудесіне жай қара құс емес, қара құзғын құстың қонғанын (құзғынның өлексеге қонатынын ойласақ), сол арқылы қазақтың басындағы ахуалдың қаншалықты қасіретті екендігін меңзеп отыр.

Дастанның қомақты шоғыры – «пікір ету» мен «тәубаға келу» идеясын насихаттайтын діни мазмұндағы жолдардан құралған:

...Алласыз іс қылам деп,

Пайда бермес мақтанған.

Мейлің патша, мейлің құл,

Өлшеулі сағат соққанда

Бәрі де соның жоқ болған.

Жан жаратқан Алланың

Кеңшілігіне тап болар

Тәуба мен шүкір еткен жан...

Сонымен, Қашаған ақынның «Топан» дастаны – дәуірлік үлкен мән-мағына арқалаған қыр-қатпары мол эсхатологиялық шығарма болумен қатар, кейінгі ұрпақ үшін тәуелсіздіктің қаншалықты киелі құбылыс екенін ұқтыратын, тіпті қазіргі таңда да өзектілігінен айрыла қоймаған тарихи, саяси-әлеуметтік, рухани туынды екендігі сөзсіз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет