ӨТкен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ Қазақтың халық мақалы Қадірлі халайық!



бет4/4
Дата09.06.2016
өлшемі263.5 Kb.
#125110
1   2   3   4

6-ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСЫМДЫҚ:
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ КӨЛІК ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС
 
 
АДАМҒА АБЫРОЙ ӘПЕРЕТІН ҮШ ІС БАР:
ҚҰМДА ҚАЗЫЛҒАН ҚҰДЫҚ,
ӨЗЕНГЕ САЛЫНҒАН КӨПІР,
ЖОЛ ЖАҒАСЫНА ОТЫРҒЫЗЫЛҒАН САЯЛЫ АҒАШ
Шығыс мақалы

Тарихи тұрғыдан алғанда, еліміздің аумағы арқылы шығыстан батысқа және кері қарай көлік легі тоқтаусыз өтіп жатты, ал олардың жылжу жиілігі бүгінгі күні де саябырситын емес. Қазақстанның міндеті отандық көлік-коммуникация кешенінің бәсекелестік қабілетін және аумағымыз арқылы өтетін сауда легінің үлғайтылуын қамтамасыз етуде жатыр.

Белгілі бір дәрежеде бұл сала біршама дамыған, ал ұзақ мерзімдік келешекте жан-жақты өсу стратегиясына ілесуге тиіс, мұның өзі ұлттық рынокты жан-жақты жетілдіруге және біздің көлік және коммуникациялық қызметімізге ден қоятын жаңа рыноктар іздеуге саяды. Бұл стратегия автомобиль жасау, туризм, қызмет жүйесі, жол және күрделі құрылыс салаларын барған сайын дамыта беруге және отандық өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығасысын кемітуге жәрдемдесетін болады.

ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ

Аумағымыздың ауқымын және экономикамыздың шикізаттық бағдарын ескерсек, Қазақстанда жүк тасымалының негізгі көлемі теміржол арқылы жүзеге асырылатын болады. Көліктің осы түрінің алдында турған стратегиялық міндеттерді іске асыру ушін басымдықтар ретінде мыналарды атау керек:

— Халықаралық көлік және сауда байланыстарын, сондай-ақ Трансазия магистралі бойынша транзиттік жүк тасқынын қамтамасыз ететін негізгі теміржол бағыттарын жаңарту;

— Достық станциясын дамыту мен Достық — Ақтоғай учаскесін нығайтуды аяқтап, оның өткізім қабілетін жылына 10 млн. тонна жүк тасымалына дейін жеткізу;

— Жүк жинақталатын аудандарда көп модульды терминалдар ұйымдастыруға кірісу, сол арқылы көліктің сан түрлерінің технологиялық бірлігін қамтамасыз ететін контейнерлік және бумалық тасымалды қолдана бастау;

— Барлық көліктік-коммуникациялық монополияларды батыл қайта құрылымдауды жүзеге асыру, оларды бейіні сәйкес келмейтін кәсіпорындардан арылту.



АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ АВТОКӨЛІК

— Автомобилъ жолдарын шапшаң аралықтар құру арқылы халықаралық тасымалды қамтамасыз ететін бағыттарда дамыту;

— Жеке меншік автомагистральдар салу, қазіргі барларын жекешелендіру мен концессияға беру жөніндегі жұмыстарды бастау. Оларға осы заманғы халықаралық талаптар деңгейінде қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету;

— Ауылдық жерлердегі автожолдардың желісін басымдық тәртібімен дамыту және ұзақ мерзімді келешекте олардың тығыз табанды жолға көшірілуіне жету, автомагистральдар мен көпір конструкцияларының өткізім қабілетін жақсарту.



ӘУЕ КӨЛІГІ

— Авиацияда тәртіп орнату және ұшақтар паркін лизинг пен жоғары сыныпты ұшақтардың белгілі бір көлемін сатып алу есебінен толықтыру;

— Әуежайларды қайта жаңартуды қолға алу, қызмет көрсету мен сервисті қамтамасыз ету деңгейін халықаралық стандарттарға дейін жеткізу;

— Қазақстан арқылы өтетін транзиттік әуе желілерін дамыту мақсатында әуе қозғалысын басқару жүйесін қайта ұйымдастыру.



СУ КӨЛІГІ

—„Ақтау" айлағын қайта жаңарту және флотты „өзен-теңіз" түріндегі кемелермен толықтыру үшін шетел инвестицияларын тарту;

— Өзен пароходстволарының жұмысын, әсіресе жүк және жолаушы тасымалындағы өзіндік құны төмен кемелерді іске қосып, олардың жұмысын жандандыру.

БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛАР ЖЕЛІЛЕРІ

Телекоммуникациялар нарықтық тетіктер қызметін ақпарат алуды кеңейту мен олардың берілуін жүзеге асыру арқылы қуаттап отырады

Телефондар, факстар мен электрондық почта — осы заманғы бизнесті дамытудың өмірлік маңызды әрі объективті тұрғыдан қажетті шарты. Ақпараттық технологиялар, оның басқа түрлерімен салыстырғанда, өз мәнісі жағынан неғұрлым „көпшіл" әрі икемді бола отырып, бизнесті, экспорттық қызметті дамытуға және экономиканы орталықсыздандыруға барынша жәрдемдеседі. Олар ұлттық экономикаларды шоғырландырады және аймақтың ауқымын кеңейте отырып, әлемдік экономикалық байланыстарды нығайтады.

Сонымен қатар телекоммуникациялар жаңа жұмыс орындарын бере отырып, ауылдық және қалалық аймақтардың арасындағы экономикалық көші-қонды азайта отырып, әлеуметтік салалардағы кереғарлықтар мен келеңсіз құбылыстарды азайтуға барынша жағдай жасай алады. Ақпараттық технологиялардың денсаулық сақтау мен білім беру салалары үшін, сондай-ақ айналадағы ортаны жақсарту үшін маңызына баға жеткісіз.

Баршаның пайдалануына ортақ әрі толығымен іске қосылған телекоммуникциялық жүйенің келесі бір жақсы жағы — жолдың ауырлығына, жекелеген аймақтардың алыстығына және жолаушы тасымалы бағасының қымбаттығына қарамастан, күллі жұртқа ақпарат алуға мүмкіндік беретін кепілдігінде жатыр.

Біздің үкіметіміз шалғайдағы әлсіз дамыған аудандарға, ең кемі, байланыс қызметінің ең төмен деңгейін беретін болады. Айталық, балалар мен жастарға арналған аймақтық оқыту бағдарламаларын таратып отырады. Мұның өзіндік құны өте арзан, әрі алдағы уақытта едәуір пайда келтіреді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының алдында, ең алдымен, болашақта әлемнің дамыған елдерінің осындай инфрақұрылымдарымен бәсекелесуге қабілетті дербес тәуелсіз және тиімді телекоммуникациялық қызмет көрсету жүйесін құру міндеті түр.

Қазақстан телекоммуникацияларының қазіргі жай-күйі басқа елдермен салыстырғанда өз желілерінің жетерліктей тығыздығына қарамастан, елеулі экономикалық проблемаға айналып отыр.

 
7-ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСЫМДЫҚ:
НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛЕТІН КӘСІПҚОЙ МЕМЛЕКЕТ
 
 
БАСТЫҒЫ КӨП ЕЛ ЗАҢНАН ТАЯДЫ
Соломон

Қазір мемлекеттік аппаратты қайта ұйымдастыру мен жетілдіру қолға алынды, алайда бұл процеске неғұрлым қуатты қарқын беру қажет. Менің биылғы жылдың басынан бері үкіметіміз бен оның дербес құрамын түбегейлі реформалау стратегиясын іске асыруға кірісуім де сондықтан. Үкімет орталық және аймақтық деңгейлерде қысқартыла бастады және бұл процесс жалғаса береді.

Біздің міндет — Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау; басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру; ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру.

Кеңестік әміршілдік экономика дәуірінде мемлекет бастан-аяқ бәрін бақылауға тырысты. Соның салдарынан ол көптеген қайталанатын қызмет буындары көп ебедейсіз құрылымға айналды. Қалыпты дамыған елдерде кеңес мемлекеті бақылауына алуға әрекеттенген міндеттердің 80 проценті мемлекеттердің функциясына жатпайды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекеттік құрылыс пен басқару мәселелерін көп ретте жаңадан шешуге тура келді. Ең алдымен бұл жаңа тәуелсіз мемлекеттің өмір сүруінің заңдық-құқықтық негізін қамтамасыз етуге, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты дәйектілікпен орнықтыруға қатысты болды.

Бүгінгі күні қоғамның және экономиканың күрделі жүйелік қайта жаңғыруларын мемлекеттік басқару жүйесшің өзін жүйелі ету мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Әрине, бұған біртіндеп, соның өзінде мемлекеттің функцияларын ұзақ мерзімді реформалаудың үйлестірілген, дәйекті жоспарын алдын ала әзірлеген жағдайда ғана жетуге болады.

Үкімет пен жергілікті өкіметті түпкілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін жеті негізгі стратегия прициптері мынаған саяды:

1. Неғұрлым маңызды бірнеше функцияларды ғана орындауға жұмылған ықшам әрі кәсіпқой Үкімет.

2. Стратегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарла-малары бойынша атқарылатын жүмыс.

3. Нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру.

4. Министрлердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, олардың есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.

5. Министрліктердің ішінде, орталықтан аймақтарға және мемлекеттен жекеше секторға қарай орталыққа тәуелділікті жою.

6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес.

7. Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерін жақсарту.

Табысқа жеткен үкіметтер, әдетте ықашам келеді әрі мемлекет қана атқара алатын ең басты бірнеше функцияларға жұмылады. Әлбетте, оңтайлы үкіметтер өз қызметін аз санды басымдықтарға және осы мақсатқа жету жолындағы стратегияларды іске асыруға ұмтылады.

Үкіметтің тиімділігі өзара байланысты үш факторға: оның құрылымдық ұйымына, стратегиялық үйлесімділігіне және кадрлар даярлығының дәрежесіне негізделеді. Біздің таяу болашақтағы міндетіміз стратегиялық жоспарлау әдістерін меңгерген қабілетті, әрі адал кадрлардан тұратын шағын, оңтайлы аппарат құру болады.

Әлеуметтік экономикалық өмірдегі дағдарысты құбылыстардың негізгі себептерінің бірі — министрліктер мен ведомстволар арасында, аймақтар арасында үйлестірудің болмауында екенін айтып жату артық. Нақтылы міндеттерді шешу жолындағы жауапкершілік көлемінің бір-біріне сәйкес келмеуі, функцияларды қайталау және жең ұшынан жалғасу сан түрлі кедергілерге және бюрократиялық ішараздыққа, қағазбастылық пен ұжымдық жауапсыздыққа әкеліп соғады. Бүгінгі мемлекеттік басқарудың діңі де, тіні де осында жатыр.

Бұл проблеманың тамыры — стратегиялық жоспарлардың жоқтығында болып отыр.

Әрбір министрліктің, ведомствоның, әкімшіліктің жұмысы, сайып келгенде аймақтық дамудың өзі мақсаты айқын, міндеттері нақты жалпымемлекеттік стратегияға бағындырылуға тиіс.

Мұның тың көзқарас пен жаңа әдістемені талап етері даусыз. Стратегиялық жоспарлау, қаржылық бағдарламалау мен жобалық менеджмент таяу болашақтағы мемлекеттік басқарудағы жаңарудың өзегіне айналуға тиіс.

Ведомствоаралық және аймақтараралық үйлестіру, басым мақсаттарға жедел жетуге деген саяси ерік-жігердің көрінісі ретінде ауадай қажет.

Ведомстволардың стратегиялық міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметі мен күш-қимылын бақылайтын біртұтас билік жүргізуші үйлестіруші орган құру қажет.

Мемлекеттік үйлестіру жүйесі тиімді әрі қарымды болуға тиіс. Оның жұмысының нәтижелері барлық есепті органдар үшін ашық болуы қажет.

Министрліктер мен ведомстволардағы бүгінгі қалыптасқан ахуалға келетін болсақ, жауапкершілік деңгейі өкілеттілік көлемінен асып тусіп отыр. Өкілеттіктер мен жауапкершіліктер арасалмағының бір жағына қарай ауытқуы басқару тиімділігін күрт төмендетеді. Әлемдік тәжірибе мекеме басшысына ішкі басқару жөнінен кең өкілеттік берудің билікті асыра пайдалану мүмкіндігінен келетін залалдан гөрі әлдеқайда көп артықшылықтар беретінін дәлелдеп отыр.

Министр мен әкім кең өкілеттіктер иеленуге тиіс және солай болуы керек, алайда олардың қызметі жоғары тұрған органдарға есепті болуы қажет, әрі ұдайы жасалып отыратын тәптіштеуші бақылау емес, стратегиялық бақылауға алынуы керек.

Бір қолға шоғырланған барынша кең өкілеттіктер қабылданған міндеттемелердің орындалмай қалғаны үшін барынша кең дербес жауапкершілікті көздейтіні анық.

Менің айтып өткенімдей, әр министрлік пен ведомство өзіне тән емес функциялардан арылуы керек, оларды мүмкіндігінше орталықтан аймақтарға қарай, мемлекеттен жекеше секторға қарай ойыстыру қажет. Сатылар мен аралық буындар аз болған сайын, өкілеттіктердің ара жігі де айқын ашылады.

Билікті орталықтан алудың және өкілеттіктерді өздері шұғылданатын объектілерге тікелей қатысты неғұрлым төменгі деңгейлерге ойыстырудың қажеттігі айдан анық, сонда орталық және өзге мемлекеттік органдар өзінің іс жүзінде керектігін және пайдалылығын ұдайы дәлелдеуге мәжбүр болады.

Нарықтың көмегімен біз аймақтар арасында: тұрмыс жағдайы жоғары аймақ, тандаулы аймақ принципі бойынша бәсекелестікті туғызып, күшейте беруге тиіспіз. Сонда өндіргіш күштер неғұрлым қолайлы жағдай жасалған аймақтарға шоғырлануға тиіс.

Аймақтардың жарыстас болуы олардың, әсіресе бюджет мәселелеріндегі дербестігіне көбірек сүйенуі керек, шамадан тыс орталықтандыру, міне, осы тұста айқын көрінеді.

Бет-жүзіне, лауазымына қарамай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажет. Басқару корпусы батыл тазаруға және жаңаруға тиіс.

Жаңа тұрпатты шенеунік — өз ұлтының отаншыл әрі әділ, ісіне адал және кәсіпқой білікті қызметшісі болуға тиіс. Мемлекеттік қызметтің беделін биік көтеру және қолдап отыру — біздің таяу жылдарда шеішуге тиіс стратегиялық міндетіміз.

Күні кешегі өткенімізден бойымызда қалған ескі ниет-пайымымыз, әсіресе идеологиялық кертартпалығымыз, нарықтық шаруашылықтың жаңа жағдайында жұмыс істеуге қабілетсіздігіміз бен білместігіміз — әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы үлкен тосқауыл. Иә, алғашқы жалт еткен жағымды көріністер бар. Алайда, тұтасынан алғанда, жаңа тұрпатты басқарушылар даярлау — таяу болашақтың кезек күттірмес міндеті. Басқаруға білек сыбана іс тындыруға әзір, басым мақсаттар мен міндеттерге жетуге қабілетті білімдарлар келуге тиіс.

Кәсіпқойлық, отаншылдық, ұзақ мерзімді міндеттер қоюға қабілеттілік, оларды жаңа жағдайда шеше алатын білімділік пен жігерлілік — кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың басты өлшемдері.

Республикада кәсіпқой мемлекеттік қызмет негіздері қазірдің өзінде қаланды. Алайда әлі де көп іс тындыру керек.

Кадрларды басқарудың жалпымемлекеттік жүйесін құру қажет, онда оларды елімізде және сырт жерлерде нысаналы әрі тиімді даярлаудың, оларды қызмет бабында жоғарылатудың әділетті тәртібі, бірыңғай ақпарат тетігі, әлеуметтік қорғау кепілдігі әрі басқарудың ең іргелі ресурсы — адамға деген сергек көзқарас қамтылуға тиіс.

Сонымен бірге бұл мемлекеттік жүйенің білімсіз, біліктілігі төмен қызметкерлерді ығыстыра алатын қабілеті де болуы керек. Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керектігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс.

 
 
КҮН ТӘРТІБІНДЕ: 1998—2000 ЖЫЛДАР


 
БҮГІНГІ БІР КҮН ЕРТЕҢГІ ЕКІ КҮНГЕ ТАТИДЫ
Франклин

Егер біз XXI жүзжылдықтың басына дейін келесі үш жылға арналған қысқа мерзімді міндеттерімізді белгілеп, оларды орындай алмасақ, осы айтқанымыздың бәрінің де құрғақ қиял, жел сөз болып қалу қаупі бар.

Біздің көптеген азаматтарымызды дәл бүгін алыс келешектің онша алаңдатып отырмағаны аян, өйткені қазіргі проблемалар еңсе жаздырмай тұр.

Адамдардың көпшілігі таяу уақытта аздап болса да, нақтылы нәтижелерді сезінбейінше, олардың ұзақ мерзімді мақсаттар мен жақсы деген уағдалардың өзіне сенімсіздікпен қарары анық.

Біздің стратегиялық жолымыздағы алғашқы қадамдар мен алғашқы нәтижелерді неғұрлым тереңірек аңдау мен қадағалау мүмкіндігі бар. Солардың негізінде таңдап алған жолымыздың дұрыстығын терең пайымдайтын боламыз, мемлекетке деген сенім артады, ортақтық және отаншылдық сенім беки түседі. Біздің азаматтарымыз парасатты. Бірталай жылдардың ішінде экономика сауығып қарқын алмайынша, барлық әлеуметтік өткір проблемаларды шеше алмайтындығымызды олар жақсы түсінеді.

Таяудағы бірнеше жылдың ішінде ұзақ мерзімді басымдықтқтарды іске асыру және ұзақ мерзімді стратегияның шеңберінде қысқа мерзімді нақтылы іс-қимыл жоспарларын орындау үшін мемлекет ресурстарының шектеулі екенін де олар түсінеді.

Соған қарамастан, адамдар ғасырымыз аяқталғанға дейін азды-көпті жақсылықтар күтуге де және оларды алуға да хақылы, сондықтан да мен осы тұста Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізінде 1998—2000 жылдарға арналған неғұрлым маңызды міндеттерге тоқталып кетемін. Басым мақсаттар былайша түзілуге тиіс:

— ілгері елдермен белсенді қарым-қатынас жасау, Қазақстанның энергетикалық секторына капитал тарту және еліміздің әскери доктринасын әзірлеу арқылы үлттық қауіпсіздікті нығайту;

— ауылдың неғүрлым өткір проблемаларын шешу;

— кедейшілік пен жүмыссыздыққа қарсы күрес;

— ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірлігін нығайту жолымен экономикалық өркендеуге жету;

— барлық әлеуметтік-экономикалық реформаларды аяқтау, ең алдымен бюджет саласындағы реформаларды аяқтау, соның нәтижесінде зейнетақыларды, жалақыны және әлеуметтік жәрдемақыларды толық көлемінде уақтылы төлеу;

— қолайлы инвестициялық ахуал туғызу;

— Үкімет пен мемлекетгік қызмет реформаларын жеделдету, сыбайлас жемқорлық пен қиянатқа қарсы күресті күшейту.



ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

2000 жылға қарай:

— Қазақстанның төңірегінде қалыптасып келе жатқан стратегиялық тепе-теңдікті еліміздің геосаяси тұрғыдағы ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін тұрақтылықты мемлекеттің сыртқы саяси институттары арқылы көтермелеу.

— Біз Ресеймен және Қытаймен, Орталық Азия дағы көршілерімізбен, ислам мемлекеттерімен және Батыспен қарым-қатынастарымызды нығайтуда едәуір алға жылжитын боламыз.

— Каспий шельфі мен Қарашығанақ кен орындарын игеруге АҚШ-тың, Ресейдің, Қытайдың, Ұлыбританияның және басқа ілгері мемлекеттердің ірі компаниялары мен капиталы тартылды, ол алдыңғы қатарлы державалардың біздің еліміздің тәуелсіздігіне деген мүдделілігін күшейтеді. Ал мұның өзі әлемдік рынокқа отын шығарып тұрудың тұрлаулылығын қамтамасыз етеді.

— Сыртқы саяси және барлау органдарыньщ күш-жігері мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге жүмылдырылады.

— Қазақстанның әскери доктринасы әзірленеді, ол қалыптасқан жағдайға қарай әлсін-әлі дәлденіп тұратын болады.

— Демографиялық стратегияны іске асыру қаражаттың жетіспеуі себепті негізінен оның жоғарыда аталған шығасысыз элементтерінен басталады. Дегенмен Үкімет балаларды және көп балалы аналарды қолдауға арналған жәрдемақыларды одан әрі төлеп тұратын болады.



АУЫЛ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Ауылдың ең бір елеулі проблемаларын шешуге келетін болсақ, біз 2000 жылға қарай:

— жергілікті әкімшілікті нарықтық қатынастарға араласудан шеттететін боламыз;

— жеке меншік пен тиесілі бөлістерді заттай айқын телитін күмәнді жеке шаруашылықтарға жекешелендіру жүргіземіз;

— банкроттық тетіктері арқылы ауыл экономикасын сауықтыратын боламыз;

— ең алдымен фермерлер мен нағыз жеке шаруашылықтар үшін кредиттерді арзандатамыз;

— Азия және Еуропа Қайта жаңарту және даму банктері заемдарының, басқа ұйымдар мен тілеуқор елдердің көмегінің есебінен ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытамыз;

— 25—30 мың теңге көлемінде кіші кредиттер үлестіреміз. Үкімет үш жыл ішінде мал мен мүлік сатып алуы үшін, заңда тыйым салынбаған кез келген бизнеспен шұғылдануы үшін, жан бағып, өздерінің іскерлік дағдыларын ұштауы үшін өте қиын жағдайда қалған кемінде 150 мың ауыл адамына қажетті осындай қаражатпен қамтамасыз етуге міндетті;

— тікелей отандық және шетел инвестицияларын тартатын боламыз;

— фермерлерге өнімдерін өткізуге жәрдем көрсетеміз;

— сумен жабдықтау және ирригация проблемаларын шешетін боламыз;

—барлық министрліктер мен қорлар желісі бойынша ауыл проблемаларының басымдықпен қаржыландырылуын қамтамасыз етеміз.



КЕДЕЙШІЛІК ПЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Осы жылдардың ішінде кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күрес стратегиясы:

— кіші кредиттер жүйесін енгізуге;

— шағын және орта бизнесті дамытуға;

— еңбекті көп қажет ететін салаларды басымдықпен дамытуға және бұларға шетел инвестициялары мен ұлттық капиталды белсенді тартуға;

— шарттар мен контрактар және бюджеттік сатып алулар кезінде жұмыспен қамту проблемаларына қатаң тұрғыдан келуге;

— қоғамдық жұмыстарды, ең аддымен жол құрылысы мен орман отырғызуды дамытуға;

— жеке кәсіпкерлікті дамыту жолындағы қажетсіз әкімшілік кедергілердің бәрін алып тас-тауға;

— қызмет көрсету саласын және әсіресе туризмді белсенді дамытуға негізделеді.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ

Өзіміздің осы бағыттағы ұзақ мерзімді басым-дықтарымызды іске асыру мақсатында келесі уш жылдың ішінде:

— қатаң монетарлық саясат бұлжытпай жүргізіледі;

— жекешелендіру аяқталатын болады;

заң шығару жетілдіріліп, жақсартыла түседі, мұның өзі еліміздегі инвестициялық ахуалды барлық жерде бірдей жақсарта түседі;

— шетел инвестицияларын тарту бұрынғыдан да белсенді жүргізілетін болады, олардың көлемі мен нәтижелері жайында халыққа егжей-тегжейлі ақпарат беріліп тұруға тиіс. Энергетикалық ресурстарға келетін болсақ:

— Қазақстан КҚК құбыр арнасы құрылысын аяқтау және 2000 жылы оны іске қосу, ал 2004 жылы басқа құбыр арнасын — Қытай Халық Республикасына жеткізу үшін қолынан келгеннің бәрін істейді;

— Жерорта теңізіне, Парсы шығанағына, Араб теңізіне балама құбыр арналарын тартуды қаржыландыру мен салу мәселесін пысықтайтын боламыз. Қазақстан өнеркәсібі мен тұрғын үйлерге, сондай-ақ халықаралық рыноктарға отын жеткізу үшін газ қубыры арналары тартылады;

— Каспий шельфіндегі мұнай және газды барлау мен өндіру, Қарашығанақ газ конденсаты кен орнында газ конденсатын өндіру, тасымалдау және өңдеу жөніндегі келісімдерге қол қоямыз. Инфрақұрылымды дамыту жоспарында мыналар қарастырылған:

— 2000 жылдың соңында „Достық" және „Ақтоғай" станциялары арасындағы теміржол инфрақұрылымын жақсарту, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында теміржол көлігінің қуаттарын ұлғайту;

— 1999 жылдың соңына қарай Ақтау қаласындағы теңіз айлағын қайта жаңартудың бірінші кезегін жүзеге асыру;

— 2000 жылдың соңына қарай Алматы — Ақмола — Бурабай жолын жаңғыру;

— 2002 жылдың соңына қарай Семей қаласында Ертістегі көпір мен оның кірме жолдарының құрылысын аяқтау;

— 2000 жылы Ақмола қаласындағы әуежайды қайта жаңарту.



ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК РЕФОРМАЛАР

2000 жылға қарай:

— Жалақы мен зейнетақы төлемеу деген болмайды — бұл өткен уақыт құбылысына айналады;

— Қоғамымыздың барынша мұқтаж топтары, соның ішінде 150 мың адам кіші кредиттердің көмегімен және 3,5 миллионнан аса адам (зейнеткерлерді қоса) әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі арқылы мемлекеттен көмек алады;

— Барлық өнімділігі төмен және шығынмен істейтін зауыттар банкроттық жосығынан өткізіледі;

— Ұзақ мерзімді басымдықтарымызды қолдауға бағытталған бюджет реформаларын батыл жүргіземіз, қолымыздағы қаражатымызға қарай өмір сүру приципін ұстанатын боламыз;

— Қазақстандықтар үшін салық төлеу үйреншікті іске, отаншылдық парызға айналады;

— Зейнетақы реформасын нысаналы түрде жүргізе беретін боламыз;

— Өз қаржы секторымыздың реформасын тәмамдап, құнды қағаздар нарығын іске „қосамыз",

КӘСІПҚОЙ ҮКІМЕТ

2000 жылға қарай:

— Үкімет пен мемлекеттік қызмет реформасы аяқталатын болады;

— Біліктілігі саяз шенеуніктерден арылуға және мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалануға қарсы күреске бірінші кезекті мән беріледі.

 
 
ҮКІМЕТКЕ 1998 ЖЫЛҒА 8 НАҚТЫ ТАПСЫРМА
 
 
ҚОЛ ҚУСЫРЫП ҚАРАП ОТЫРСАҢЫЗ,
ТҮЗУ ЖОДДЫҢ ҮСТІНДЕ ДЕ ТАБАН АСТЫНДА ҚАЛАСЫЗ
Годфрей

Мен өзіміздің ұзақ мерзімді басымдықтарымыз ішіндегі келесі үш жылдығы міндеттерімізді айқындап бердім, алайда сонымен қатар келесі жылдың өзінде шешуіміз қажет бірсыпыра міндеттер бар. Сондықтан да мен Үкіметке 1998 жылға мынадай 8 нақты тапсырма беремін:

1. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды және бюджеттік ұйымдарда жалақыны толық және уақтылы төлеуді қамтамасыз ету.

2. Бір жыл ішінде кемінде аз қамсыздандырылған 30 мың азаматқа, бірінші кезекте ауылды жерлерде жұмыс орындарын құруға 3 жыл мерзімге 400 АҚШ долларына парапар сомада кіші кредиттер беру.

3. Үстіміздегі жылдан бастап шағын және орта бизнесті, фермер қожалықтарын дамытуға, жұмыс орындарын құруға кемінде 100 млн. АҚШ доллары сомасында кредиттердің берілуін қамтамасыз ету.

4. Мектептерді, ең алдымен ауылдық жерлердегі мектептерді компьютерлендірудің кең ауқымды бағдарламасын іске асыруға кірісу, бұл мақсатқа 1998 жылдың өзінде кемінде 22 млн. АҚШ долла-рын бөлу.

5. Шаруа және фермер қожалықтарына арналған кредиттердің кемінде 2,5 млрд. теңгеге арзандатылуын қамтамасыз ету.

6. Салауатты өмір салты жолындағы қоғамдық науқанды бастау.

7. Осы мақсатқа кемінде 40 млн. АҚШ долларын бөле отырып, тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісу. 1998 жылғы сәуірде осы бағдарламаны жүзеге асырудың принциптері мен одан күтілетін нәтижелер жайында жұртшылыққа баян ету.

8. Балалардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету.



ҚОРЫТЫНДЫ

КҮШТІМІН ДЕГЕН СЕНІМНІҢ ӨЗІНДЕ КҮШ ЖАТЫР


Боуви

Ұзақ мерзімді басымдықтарды тандап алу, 1998—2000 жылдарға арналған міндеттерді белгілеу және келесі жылдың іс-қимыл жоспарын әзірлеу — аса күрделі міндет. Алдын ала бәрін болжау мүмкін емес, бұл жолда қандай қиындықтардың тосып тұрғаны да беймәлім. Алайда осынау ұзақ мерзімді басымдықтарды әзірлеу бірден бәріміздің қажырымызды жанып, іске жұмылдырары анық, ал бұл бізге жетіспей жүрген қасиет.

Бүгінгі ұрпақтың көпшілігінің осынау стратегиямыздың іске асқан кезіне жетер-жетпесі де неғайбыл. Ендеше оның нақтылығы мен дұрыстығын бағамдау — біздің балаларымыздың еншісі. Біздің күнбе-күнгі мақсаткерлігіміз бен табандылығымызға баға бере отырып оны әлем жұртшылығы саралайтын болады.

Осынау ұзын-сонар жолда бізді орасан зор ішкі және сыртқы қиындықтар тосып тұр. Өз дамуының стратегиясын әзірлеуге қауқары жетпеген көптеген елдер әлемге аян. Өз жоспарларын іске асыра алмаған мемлекеттер болғанының мысалы одан да көп. Жағдаяттардың ыңғайы, бастаушыларының саяси ерік-жігері мен қабілетінің әлсіздігі оларды мұратына жеткізбеді.

Егер күн сайын енжарлығымызды еңсеріп, бойымыздағы барша күш-қуатымызды басты бағыттарға жұмылдыра алмасақ, табандылық пен икемділік, тәртіп пен шығармашылық қарым таныта алмасақ, біздің де сондай күйге ұшырауымыз ықтимал.

Күнбе-күнгі қам-қаракет пен ағымдағы істердің ыңғайына жығылып, басты нысанамызды біртіндеп естен шығару, жеңіл, тіпті кейде керексіз жүмыстарға ауысып, ауырын, алайда стратегиялық тұрғыдан маңыздысын кейінге ысыру — ежелгі сіңісті дертіміз. Сондықтан да күн сайын алдымызда тұрған басымдықтарды бажайлау, әр кун ертеңгілік алдағы мақсатымызға қарай алға жылжудың аз да болса қамын ойлау, содан кейін әр кеш сайын уақытымызды қаншама тиімді пайдаланғанымызды бағамдап отыру абзал.

Жыл соңына дейін барлық 7 басымдығымыздың әрқайсысы бойынша оларды іске асырудың үш жылдық және жылдық нақтылы жоспарлары әзірленіп, олар кейіннен даму жоспарлары мен бюджеттердің негізіне алынады.

Үкіметтің құрылымы біздің стратегиялық басымдықтарымыз бен жоспаларымызға сәйкес келтіріледі.

Биылдың өзінен бастап Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің және жергілікті өкіметтің қызметі өзіміздің ортақ стратегиямызды іске асыруға бағындырылады.

Қазақстан Үкіметінің әрбір министрінің қолында стратегиялық жұмыс жоспары болады, әрі ол өз ведомствосының, сол жоспардың әрбір нақтылы тармақтарын орындау жөніндегі қызметі жайында тоқсан сайын есеп беріп отырады.

Жыл сайын мен сіздердің, еліміздің азаматтарының алдында не істегеніміз, нені істемегеніміз және неліктен істемегеніміз жайында есеп беремін. Әрбір жыл сайынғы Жолдауда мен біздің стратегиялық мақсаттарға қарай ілгерілей түсуіміз үшін келесі жылға жаңа міндеттер қойып отырамын.

Алдымызда тұрған қиындықтардың көптігіне қарап, бұл жоспарларды байыпсыздық санар көптеген күмәншілдер де табылар. Бәз біреулер біздің мұратымыз бен стратегиямызды бос сөзге балар. Енді біреулері Орталық азиялықтар, оның ішінде қазақстандықтар Өздерінің Барысы болуға қабілетсіз дер.



Қазақтың халық мақалы „Шапшаң жүргенге шаң жұқпас" дейді. Сондықтан да бізге — уақыт төреші. Мұратына жүрген жетеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет