Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тарихы


Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі



бет2/4
Дата01.07.2016
өлшемі480.61 Kb.
#171131
түріДиссертация
1   2   3   4

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы және сыннан өтуі. Диссертация Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі сауда-саттық пен өнеркәсіптің қалыптасуы мен оның дамуын зерттеуге өз үлесін қосады деп есептейміз. Қарастырылып отырған ғылыми проблемалар бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған тәжірибелік міндеттерді шешуге тікелей байланысты. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар дамуының тарихи тәжірибесін сараптау мен жинақтау Қазақстанның ХХ ғасырдың 90-шы жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы экономикалық дамуын зерделеу үшін аса қажет. Мұндай тарихи тәжірибе Қазақстанның Оңтүстік облыстарындағы экономикалық салалардың әлеуметтік-экономикалық даму модернизациясы мен диверсификациясының мемлекеттік бағдарламасын жасау кезінде пайдалануға болады.

Барлық материалдар мен құжаттар, соның ішінде мұрағат мекемелерінің қорларынан алынған ақпараттар да, аумақтағы экономика мен сауда-саттық саласындағы Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының сандық көрсеткіштері жөніндегі статистикалық мәліметтер ХІХ ғасырдың соңындағы Қазақстан Республикасы тарихының беттерін толықтыра түседі.

Диссертация материалдары Қазақстан тарихы жөнінде жұмыс жазу кезінде, жоғары оқу орындарындағы «тарих» мамандықтары мен «Қазақстанның экономикалық тарихы» курсы бойынша дәріс алатын студенттер үшін оқулықтар, оқу құралдарын, лекциялар курсы мен семинарлық сабақтар дайындау барысында пайдалануына болады.

Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі басылымдарда жарияланған 3 мақала түрінде көпшілік назарына ұсынылады. Сонымен бірге, 5 мақала Алматы, Шымкент, Көкшетау қалаларында өткен халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарық көрді.



Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлімінде зертттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, тақырыптың зерттелу деңгейі сипатталылады. Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттері, деректік негізі, мерзімдік шеңбері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен тәжірибелік маңызы айқындалады.

«Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың алғышарттары (ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басы)» деп аталатын бірінші тарауда Қазақстанның Ресейге қосылуы толық аяқталған соң, Ресей империясының оңтүстік шептегі шекарасының аумағын айтарлықтай кеңейтіп қана қоймастан ондағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға жаңа өзгерістер енгізіп, қайта-құру міндеттерін алға қойған іс-шаралары талданады.

Патша үкіметінің 1867 жылғы шілде айында бекіткен «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережеге» сәйкес Сырдария облысының құрамына жеті уезд - Әулиеата, Қазалы, Қаратөбе, Перовск, Черняев, Түркістан және Ходжент енді. 1867 жылдан бастап әкімшілік орталығы – Ташкент қаласы болып саналатын Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының уездік қаласы Шымкент болды.

Ал 1867 жылы Верный бекінісі қала мәртебесін алып, Жетісу облысының әкімшілік басқару орталығы болды. Сөйтіп, облыс алты уезге: Верный, Жаркент, Ыстықкөл, Қапал, Сергиополь, Тоқмақ болып бөлінді. Жетісу облысының бірінші губернаторы әрі казак әскерлерінің наказной атаманы генерал Г.А.Колпаковский болды.

Сырдария және Жетісу облыстарын өз құрамына алған Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде заң қабылданған соң, өлкенің генерал-губернаторы болып патшаның қаблетті әкімгерлерінің бірі генерал-адъютант К.П. фон Кауфман тағайындалды.

К.П.Кауфман патша тарапынан Орта Азиядағы саяси және сауда-саттық істерін шешуде үлкен өкілеттілік алады. Түркістан өлкесі Орынбор билігінен шығып, Орта Азияға байланысты барлық саясат Ташкент қаласында орналасқан өлке бастығының қолына шоғырланды. Өлкені тиімді басқару үшін К.П.Кауфман бірнеше комиссия құрып, олардың мүшелері қажетті мәлімет жинау мақсатында қалалар мен ауыл - аймақтарға жіберіліп отырды.

Түркістан өлкесінің экономикалық жағдайын дамытуда сауда және өнеркәсіп саласын қадағалап отыру үшін 1872 жылы қыркүйек айында Қаржы Министрлігі Агентінің арнайы нұсқауын дайындайды. Бұл нұсқау жеті бөлімнен тұрды. Қаржы Министрлігінің Түркістан өлкесіндегі Агенті нұсқауының 1-ші бөлімінде оның тұрақты бақылау орталығы ретінде Ташкент қаласы белгіленіп, оны орындап іске асыруда бүкіл Түркістан өлкесіне таратылады [26, 4 п.].

Патшалық самодержавие отарлау саясатының өздері үшін тиімді де, тындырымды тәсілдерін ойластырып, жүзеге асыра бастады. Нәтижесінде патша өкіметі Оңтүстік Қазақстан территориясы арқылы Орта Азияға баратын жол қатынасын жақсарту, яғни темір жол салу идеясын іске асыруға кірісе бастайды. Осыған орай «Вестник Европы» журналының бетінде «Орта Азия темір жолы туралы екі кітапша» деген мақала жарияланып, онда Орта Азиядағы Орынбор және Екатеринбург бағытындағы темір жолдарын өзара салыстырып, Сахарада жаңа жолдар салу негіздерін іздеп, Орынбор мен Ташкент аралығында тура темір жол салу туралы ұсыныс енгізіледі [21, 8 б.]. Әрине бұл жасалынып отырған ұсыныс Ресей өнеркәсібін арзан шикізат көздерімен қамтамасыз етуде, әсіресе мақта және мал шаруашылығы өнімдерінің, бұған дейін шетелден тасымалданатын шикізатты ығыстыруы және Орынбордың сауда, әкімшілік, әскери, саяси және экономикалық қатынасының деңгейін көтеру болды.

Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуы реформаланған Ресей өнеркәсібінің, тоқымашылықтың одан әрі интенсивті дамыған кезеңімен тұспа-тұс келді. Әсіресе, 1860-1890 жылдары жіп иіру өндірісінің көлемі 3 есеге жуық, тоқымашылық 6,5, ал шет елден тоқыма өнеркәсібі үшін әкелінетін шикізат көлемі 14 есе өсті [16, с. 59].

Тоқымашылық өнеркәсібіне байланысты орыс сауда-өнеркәсіптік ортасы әлемдік нарыққа деген тәуелділікті жоюға ұмтылып, өкіметтен Орта Азия шикізат базасын игеруді көздеді. Алдыңғы қатарлы капиталистік елдерде монополистік капиталдың күн санап нығая түсуі барлық елдердің, соның ішінде Ресейдің экономикалық және саяси өміріне ықпал ете бастады. Экономикалық және саяси қажеттілік патша өкіметін өз шикізатын өндіруге, жалпы алғанда орыс кәсіпкерлері мен саудагерлерінің мүддесін қорғауға итермеледі. Бұл қажеттілік патша өкіметін орыс капиталы ұстанымының Орта Азияда, соның ішінде біз қарастырып отырған Оңтүстік Қазақстанда одан әрі нығаюына себепші болды.

Патша өкіметі орыс сауда-өнеркәсіп ортасының мүддесін қорғай отырып, тіпті орыс әскерлерінің Орта Азияға тереңдей енуі кезеңінде де ондағы сауда-саттықты қолдау саясатын ұстанды. Сонау 1859 жылдың өзінде империя аумағындағы жерлерге жібек мата, мақта мен жүнді тасымалдауға баж салығынсыз жүргізуіне рұқсат етілді. 1865 жылы бұл заң талаптары Батыс Қытайдан әкелінетін шикізаттарға да қатысты болды

ХІХ ғасырдың соңында сауда қатынас жолына керуендер қозғалысы басты роль атқарды. Керуендердің жол жүру сапарлары кезінде орын алған кейбір қиындықтарға қарамастан, жалпы алғанда, далалық аймақтардағы сауда-саттық мәселесі едәуір жақсарған болатын. Бұл жайлы тарихи деректер мен жергілікті орындардан жеткен хабарламардан мағлұмат алуға болады. ХІХ ғасырдың 50-жылдардың ортасында П.Небольсин патша өкіметі қызметінің нәтижесінде, Бұхараға баратын жолдағы далалық аймақтарда бұл кезеңде "мүлгіген тыныштық" орнап, соның салдарынан керуендерді күзету қажеттілігі күн тәртібінен алынып, керуендердің жол жұру сапары қауіпсіз екенін де атап өтеді. [11, с. 78].

ХІХ ғасырдың соңында қазақтармен негізінен орыс ұлтынан шыққан көпестері сауда-саттық жасаған. Демек, 60-жылдардың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі сауда-саттық орынборлық шекаралық көпестердің қоластында болған деп нық сеніммен айтуға болады. Ал орталық Ресейлік көпестер сауда-саттыққа аз мөлшерде араласты. Алайда олардың ірі капитал иесі екенін ұмытпауымыз керек, себебі Ресей капиталистерінің арасында өлкедегі ірі өнеркәсіп орнының иелері М.А.Хлудов, И.И.Первушин, Н.И.Иванов және сауда-саттықты жүргізіп отырған саудагер-миллионерлер ағайынды Хусаиновтар мен В.Юлдашев секілді атақты есімдер бар болатын.

Зерттеп отырған кезеңде Ресей империясы жүйесіндегі Оңтүстік Қазақстан өңірінде, реформаның іске асуы барысы мен басқару жүйелерінде көптеген өзгерістер болып жатты. Бұл мәселе жайлы Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский өзінің берген есептерінде былай деп атап өтеді: «осы сәттен бастап қазақ даласы шын мәнінде орыс аумағына айналды...» [27, 7-9 пп.].

Қазақстанның өзге облыстарымен салыстырғанда Жетісу облысында жер игеру алқаптары ауқымды төмендеп, мал шаруашылығының көлемі де қысқара бастады. Дегенмен қоныс аударушылардың келуіне байланысты бағаралық жер игерудің нәтижесінде айтарлықтай өзгерістер болды. Мысалы, Жетісу облысында егін егу алқаптары ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарымен салыстырғанда 1898-1899 жылдары 8,8 пайызға, 1900 жылы 9,9 пайызға, 1901 жылы 12,1 пайызға ал 1902 жылы 5,7 пайызға кеңейген. Ал мал шаруашылығына байланысты көрсеткіштер әлдеқайда төмендеп отырды. Мысалы 1870-1902 жылдар арасында мал басының саны Верный уезінде 80,8 пайызға, Капал уезінде 26,8 пайызға, Лепсі уезінде 14,9 пайызға кеміп кеткен еді. П.П.Румянцев зерттеуінен қазақ шаруашылығындағы бұл өзгерістерге байланысты «тұрмысы кедей топтағылар жер игеру шаруашылығымен, ал бақуаттылар тобы мал шаруашылығымен айналысты» деген тұжырым жасап, аймақтың әлеуметтік өміріндегі жіктелісті көруге болады.

Мұндай өзгерістер Сырдария облысында да көрініс тапқан еді. Мысалы ХХ ғасырдың басында Шымкент уезі халқының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы егін шаруашылығына өтіп, жалпы тұрғын халықтың ішінде көшпелілер 16,62 пайызды ал отырықшылар 83,38 пайызды құрады [5, с. 47].

Қазақстанның оңтүстік өңірінің минералдық байлықтары сан-алуан. Алайда оларды зерттеу жұмысы ХІХ ғасырдың соңында ғана, онда да жалпылама түрде жүргізілді. Өлкеде тұз кені, мұнай, көмір қазба байлығы, алтын, темір, күміс-қорғасын кендері, күкірт және де көптеген минералдық байлықтардың қайнар көздері болды. Бұл кен орындарын барлау зерттеу жұмысы тым шағын көлемде ғана жүргізіледі. 1897 жылы Сырдария облысында екі миллион пұттан астам тұз өндірілді. Ал басқа қазба-байлықтар салыстырмалы түрде алғанда аз мөлшерде болды. Мысалы, 1897 жылғы Сырдария облысында 96 пұт қорғасын 850 пұт қорғасын кені, Жетісу облысында 3 1/3 пунт алтын және тағы басқалары өндірілген [28, 59 п.].

Өлкедегі шикізат қорының ресейлік өнеркәсіп орындарына қызмет ете бастауы Оңтүстік Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың жүйелі түрде дамуына ықпал етті. Осы бағыттардың негізінде өлкеде біршама іс-шаралар атқарылады. Соның бірі 1890 жылы Ташкентте өлекенің бұрынғы бас Басшысы, генерал-адъютант Н.О.Розенбахтың ұсынысы бойынша, 1888 жылғы жобаланған ауыл шаруашылық және өнеркәсіп тауарларының Түркістандық көрмесін ұйымдастыру болды. Бірақ бұл көрмені ұйымдастыру туралы ресми бұйрық 1889 жылдың 15 қыркүйегінде ғана келеді. [4, с. 5].

Көрмені ұйымдастыруға земский қаржысынан 27.295 рубль көлемінде қаржы бөлініп, соның ішінде көрмені жайластыруға 11.900 рубль жұмсалған.

1902 жылдың желтоқсан және 1903 жылдың қаңтар айындағы Сырдария облыстық комитетінің ауыл шаруашылық өнеркәсіп саласын дамыту мақсатындағы өткізілген мәжілісінде Әскери губернатор, генерал-лейтенант Н.И.Корольков Ресей өнеркәсібін ауыл шаруашылық өнімдерімен және шикізатпен қамтамасыз етудегі мәселесіне аса назар аударып, оның негізгі бағыттарын анықтайды [29, с. 3].

Түркістан генерал-губернаторлығы 1889-1895 жылдар аралығындағы жазылған есебі құжаттарын зерделей отырып, Түркістан өлкесіндегі отырықшы тұрғындардың ұсақ кәсіпкерлікпен айналысуы жыл сайын көбейіп отырғандығын көрсетеді. Соның ішінде, біз қарастырып отырған Сырдария облысында бір жыл ішінде ұсақ кәсіпкерлік 20 пайызға өсіп, аса ірі деген өңдеуші завод-фабрикалық өндіріс орындарының өнімділігі де арта бастайды. Мысалға алатын болсақ Сырдария облысы бойынша 1888 жылы 972 мың рубльге, 1889 жылы – 2 млн. 737 мың, 1890 жылы – 1 млн. 939 мың, 1891 жылы – 2 млн. 248 мың ал 1892 жылы -2 млн. 2 мың рубльдік көрсеткішке жеткен [30, с. 16].

Ресейдің ішкі аудандарына шығарылатын қой жүнін өңдеу саласы ауқымды болды. Мысалы, Әулиеата қаласында жүнді сатып алу және жуу Орынбор көпестік фирмаларының қолында болып, олар тауарды Селиверстовтың сібірлік шұға фабрикасына, Пенза және Сызрань қалаларына жеткізіп отырған. 1885 жылы оңтүстік өңірден 7 мың пұт жүн сатып алса, ал 1886 жылы оның көлемі 11 мың пұтқа дейін жеткен. Бәсекелестіктің нәтижесінде (сатып алушылар санының бірнеше болуына байланысты) жүннің бағасы көтеріле бастайды. 1885 жылы тазартылған жүннің бір пұтын 3 рубльге дейін, ал жуылмаған жүннің бір пұтын 2 рубльге дейін сатып алса, 1886 жылы тазартылған жүннің бағасы 3 рубль 50 копейкадан 4 рубльге дейін, ал жуылмаған жүннің бағасы 2 рубль 50 копейкаға көтерілді [3, с. 185].

Шикізат өнімдерін Ресейге тасымалдауда Шымкенттегі Сантонин заводын айтуымзға болады. Онда Орынбор кедендік бекеті арқылы 1853 жылы 200-300 пұт, 1868 жылы 40 мың пұт, ал 1880 жылы 133 мың пұтқа дейін дермене тасымалданып отырды [20, с. 17]. Ал 1903 жылы Верный қаласында орналасқан Г.В.Дюрмшмидттің және Л.Зальманың ішек тазалайтын заводтарының өндіріс саласындағы ақшалай көлемі 15,7 мың рубльге жеткен [31, с. 24].

Жергілікті отаршыл әкімшілік Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін өнеркәсіп саласына қажетті шикізат қорымен қамтамасыз етіп отырған өнеркәсіпшілерді, көпестерді, тасымалдаушылар мен жеткізушілердің еңбегін қолдап және мадақтап отырды. Бұл саясатпен, әрине, жоғарыдағы шен өкілдері К.П.Кауфман, Г.А.Калпаковский және жергілікті гарнизондар мен бөлімдердің командирлері мен коменданттары тікелей айналысты [32, 1-4 пп.].

Сонымен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Оңтүстік Қазақстан өңірінде Ресеймен сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі жетілдіре түсу үшін іске асырылған кәсіпкерлік салалар мен өңдеуші өнеркәсіп орындары Ресей өнеркәсібін ауыл шаруашылығы өнімдерімен және шикізатпен қамтамасыз етуде айтарлықтай жұмыстарды атқарды.

Ресейден Шымкент, Түркістан, Ақмешіт және т.б. қалалар мен көптеген елді мекендерді басып өтіп Орта Азияға әкелінетін тауарлардың арасында мақта-мата бұйымдары көш басында тұрды. Әрине Оңтүстік Қазақсан өңіріндегі олардың негізгі бағыттары ретінде мақта және бау-бақша өнімдері ауқымды орын алды. Ал мал шаруашылығы бойынша тері-жүн өнімдері Ресей сауда-саттық тауарына айналды. Мұндай өзгерістер жергілікті халықтар үшін әлеуметтік маңызы да болды.

«Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың негізгі бағыттары» деп аталатын екінші тарауда екі ел арасындағы сауда, өнеркәсіп және қаржы – несие қатынастарының даму тарихы жан-жақты зерттелген.

ХІХ ғасырдың соңында Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасындағы сауда қатынастары шапшаң түрде дами бастады. Өйткені дәл осы кезеңдегі өлкедегі капиталдың көптеп шоғырлауына сауда-саттық саласы айтарлықтай ықпал етіп отырды. Дегенменде экономикалық даму тұрғысынан алғанда сауда-саттықтың дамуында біршама қиыншылықтар орын алып отырған еді.

ХХ ғасырдың басында, яғни 1899-1905 жылдары Ташкент пен Орынбор (шамамен 1.900 шақырым) аралығындағы темір жол құрылысының жүргізілуі негізінде Ташкент пен Верный арасындағы байланысты реттеп, ол Сібір магистральіне дейін жалғасуын көздеді [33, с. 27]. Ал облыс көлемінде пошталық жолдардың жалпы аралығы 2.136 шақырымды құрап, Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресей арасында керуен мен пошталық байланыстарды су торабы арқылы да іске асыру қолға алынған болатын.

Орынбордан Шымкентке дейін жүк тасымалдау 70 күнге созылатын. Мысалы, Орынбордың І-ші гильдиялық көпесі Н.П.Савинковтың кеңсесі 1888 жылы 28 мамыр күні жалпы суммасы күміспен 369 рубль, яғни жүктің әр қайсысы 9 рубльден болған 41 түйеде 348 пұт 36 фунт салмағы бар керуен жіберіліп, ол 1888 жылдың 7 тамызында жеткізілген [34, 8-9 пп.].

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жергілікті көпестер сауда-саттықтың жаңа түрі – жәрмеңке саудасын іс тәжірибеде пайдалана бастады. Мысалы, Жетісу облысындағы Қарқара жәрмеңкесінің жұмыс күндері алғашқыда 15-мамыр мен 15-шілде аралығында жүргізілсе, кейінірек ондағы саудагерлердің ұсыныстары бойынша жәрмеңке күндері 15- маусым мен 15-тамыз аралығында өтті. 1894 жылы Қапал уезіндегі Алмалы өзені бойында Алмалы жәрмеңкесі ашылып, оның жұмыс жүргізу тәртібі 15-сәуір мен 1-мамыр аралығында іске асырылды. Алмалы жәрмеңкесінің жалпы сауда-саттықтағы айналымы 26.103 рубльді құрады [35, с. 23].

Лепсі уезінде ерекше маңызы бар жәрмеңкелер Нарын-Сергиополь мен Бахты болса, Жаркент уезінде Қарқара жәрмеңкесі болды [36, 41-42 пп.].

Өлкеде сауда-саттықпен жеке дара айналысатын көпестердің сауда жүргізу шаралары айтарлықтай ауқымды. Мысалы, Пугасов деген көпес сауданы бүкіл Түркістан аймағында жүргізіп, оның Сырдария мен Жетісу облыстарының барлық қалаларында дүкендері мен қоймалары болды.

ХХ ғасырдың басы қазақтың сауда буржуазиялық тобының шапшаң қалыптасуымен ерекшеленеді. Олардың қатарына ұсақ саудагерлер, делдалдар, алып-сатарлар және саудагерлер кірді. Қазақтың сауда капиталы ресейлік және ортаазиялық көпестердің иелігінде жүріп, жекелеген қазақ көпестер өздерінің саудадағы іс-шараларын барынша кеңейте бастады.

Сырдария облысындағы сауда-саттық кәсібінің дамуында, ірі саудагерлер өздерінің тауарларын жедел түрде тарату мақсатын пайдаланды. Осы кезде қалыптаса бастаған делдалдар бұл салада үлкен роль атқара бастады. 1870 жылы қазан айының 7-ші жұлдызы мен 1-желтоқсан аралығында Ташкент қаласында өткен жәрмеңкеде саудагерлер тауарларын делдалдар арқылы өткізіп отырған [37, 28 п.].

Қарастырып отырған кезеңде сауда-кәсіпкерлік қызметтің әлсіз дамуының негізгі себебі байланыс жолдары мен тауар-ақша қатынастарының дамымағандығымен айқындалады. Бұл жағдайлардың барлығы Оңтүстік Қазақстан мен Ресейдің Европалық бөлігі арасындағы тауарлық бағаның жүргізілуінде үлкен шиеленістерді қалыптастырды да, сауда капиталына жоғарғы шамадағы пайданы қамтамасыз етіп, саудагерлер тарапынан дамып келе жатқан өнеркәсіптік өндіріске өздерінің капиталдарын салуға деген ынталарының болмауына алып келді. Нәтижесінде капиталды қорландыру мәселесін саудаға қызмет ететін жекелеген салаларға жұмсады.

Жаңадан қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп кәсіпкерлігі ауыл шаруашылық өнімдерінің шикізаттарын өңдеумен ғана байланысты болды. Қазақстанда орыс көпес-өнеркәсіпшілері ірі өнеркәсіп орындарын салмады.

Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне қызмет ететін басқа мекемелер ретінде ағаш кесу мен кірпіш заводтарын, тас өңдеу, ыдыс жасау және тағы басқа өндіріс орындарын атап өтуімізге болады. Олар негізінен Верный қаласымен Верный уезінде орналасқан еді. Жетісу облысының жыл сайын жарыққа шығатын «Обзор» мәліметтері бойынша олардың саны 1912 жылы 20-ға жеткен [38, с.27].

Зерттеп отырған кезеңде Жетісу облысында өндірістік қуаты төмен және жұмысшылар саны шамалы ұсақ кәсіпорындар басым болған. Олардың ішінде жүнді жуатын 650 жұмысшысы бар 8 мекеме және 4 тері өңдейтін завод жұмыс жүргізді. Верный қаласында ішек тазалайтын завод соғылып, жылына төрт мың пұттан астам өнім беретін өнеркәсіп орны ашылады [39, 48-50 пп.].

Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуші заводтардың ішінде бірінші орында тері өңдеу саласы болып, 1904 жылдың 1-ші қаңтарына қарай саны 66-ға жетіп, жұмысшылары 224 адамнан тұрды. Мысалы, Верный қаласы мен уезінде: Малая Алматинка станицасында, Зайцево селосында, Ташкент уезіндегі Софийская станицасын атап өтуге болады [40, 26 п.].

Оңтүстік Қазақстандағы шикізат ресурстары орыс өнеркәсіпшілері мен көпестерін ертеден қызықтырып қана қоймай, бұл өлкеде өнеркәсіп саласын белсенді түрде дамыта бастады. ХІХ ғасырдың соңында ресейлік өндірушілер арасында пайдалы қазба байлығына деген үлкен сұраныс өсе бастайды. Осы тұста Жетісу облысы Жаркент уезінің аудандары революцияға дейінгі уақытта Қазақстандағы алтын өндіретін аймақ болды.

Тау-кен инженері Д.К.Мышенков Түркістан өлкесіннің ақ жүрек және майталман зерттеушісі болды. Оның «Заметка о минеральных богатствах Туркестанского края» деген еңбегінде орыс өнеркәсіпшілері Н.И.Ивановтың И.И.Первушиннің және И.А.Хлудовтың, сонымен бірге көпес Д.П.Петров пен Санкт-Петербург тау-кен институтының профессоры Г.Д.Романовскийдің өлкедегі алтын, мұнай, тас көмір және де басқа қазақ жерінің табиғи байлықтарын іздестіру мен өндіруді ұйымдастырудағы атқарған қызметтері жөнінде жазады. Н.И.Иванов өлкеде алғаш рет шыны жасау өндірісінің негізін қаласа, ал И.И.Первушин қорғасын балқыту өндірісінің негізін қалады [41, 8, 10 пп.]. 1913 жылы Я.Ф.Гайденковқа берілген куәлік негізінде Түлкібас болысының Жыландысу өзенінен төрт шақырым жердегі тас-көмір кенін іздестіруін ерекше атап өтуіміз керек. Бұл жерде ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында Ленгір тас-көмір кенінің негізі қаланған [42, 22 п.].

ХХ ғасырдың басында Ресей экономикасының негізгі орталықтарында өнеркәсіп саласының жоғарғы қарқынды дамуы мен пайдалы қазбаларды іздестіру ауқымының кеңеюі, отарланған өлкедегі кен орындарын іздестіріп, қазыналық және жеке иелік үшін жарылғыш заттардың заводтарын салуға мүмкіндіктерді іздестіруді талап етті. Дегенменде, Ресей империясының Ішкі Істер министрлігіне тікелей бағынатын, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді өлкеде өңдеу өндірісін жүргізу үшін арнайы рұқсаттың берілу мәселесін қарастыруды тау-кен инженері Леоновқа тапсырылды [43, 6-7 пп.].

ХІХ ғасырдың 80-жылдарының басында негізі қаланған Шымкент қаласындағы сантонин заводы облыстың ірі өндіріс орны болды. Шымкент уезіндегі Қаратау жотасы мен Сырдария өзені аралығындағы дөңесті далада, соның ішінде Бөген, Шаян және Арыстанды өзендерінің бойында жергілікті тұрғындарға «дермене» деген атпен белгілі ақ жусан жабайы түрде өсетін дәрілік қасиеті бар өсімдік болды. Емдік қасиеті бар дермене Оңтүстік Америка мен Египетте аз ғана мөлшерде өсетіні белгілі. Шымкент уезіндегі дермене 800 шаршы шақырым алқапты алып, өңделетін алқаптар мен көшпелілердің жайлымдары арасында орналасты.

1907 жылдың 16 қарашасында Түркістан генерал-губернаторлығының Кеңсесі, Түркістан өлкесін басқару туралы (1886 жылғы) ережеге сәйкес шешім қабылдайды. Онда дерменені пайдалану жөнінде былай делінген: бұл өсімдіктің алқаптары тек көшпенділердің пайдалануында болып, осы алқаптарда Жер игеру және Мемлекеттік Мүлік Басқармасы енгізген алым-салықтар жедел түрде тоқтатылып, осы өсімдікті пайдалану құқығын көшпенділерге қайта берілуі тиіс [44, 1 п.]. Расында да, бұл ереженің 270-ші бабында көрсетілгендей жердің иесі ретінде мемлекетті танып, ал көшпелі халыққа шексіз қолдану құқығын берген. Олар жер жырту, отын мен шөптерді теру және мал жайылымдарын жүргізу негізінде жер бетін қайта өңдеуі мүмкін еді [45, 68 п.].

Қазіргі таңда маңызын жоймаған химиялық-фармацевтік заводтың іргетасын қажырлы да іскер Н.П.Савинков пен Н.И.Иванов салды. Әкесінен қалған жұмысты ұлдары мен сантонин өндірісі бойынша технолог маманы болған қызы Ольга Савинкова жалғастырады. Н.И.Савинков нәтижелі кәсіпкер болып, «Көпес Н.И.Ивановтың фирмасын» құрған. Оның иелігінде Әулиеата, Верный, Жаркент, Қазалы және Ташкент қалаларындағы 6 сыра қайнату, 5 шарап жасайтын және 8 спирттік-арақ шығаратын заводтары болды [18, с. 133].

Ресейлік Мемлекеттік банк бөлімшесінің Верный қаласында ашылуы жөніндегі алғашқы іс-шаралары 1882 жылғы мәліметтерден негіз алады. Бірақ қаржы министрлігі сол кездегі банктік операцияларды жүргізетін қызметкерлердің жетіспеушілігі есебінен Оңтүстік Қазақстан өңірінде оның бөлімшелері мен филлиалдарының қызмет етуіне сұраныс мәселесін қабылдамады [46, 283 п.].

1895 жылы несие алу сұраныстарының өсуіне байланысты өлкеде банк бөлімшелерінің ашылуы жөніндегі күн тәртібіндегі мәселені қайта көтерді. Далалық генерал-губернаторының 1895 жылғы берген есебінде несие алу сұранысының өсе түсуі негізінде анықталған жағдай: Жетісу облысында сауда-саттық әлдеқайда қарқынды дамып, кеңейе түсуі, олардың жылдық көрсеткіштеріндегі айналымы 13 миллион рублге жетіп, оның ішінде тек Верный қаласының үлесін 7 миллион рубль құрады, - деп көрсетілді [47, 5,8 пп.].

Сонымен XX ғасырдың басында Қазақстанға жаңа капиталдың енуі, сауда-саттықтың өсуі өлке экономикасындағы елеулі өзгерістерге алып келді.

Қазақ халқының натуралды шаруашылығы бірте-бірте ақшалай, тауарлық болып, жергілікті базарлар құрылды. Қазақстанның аумақтары арасындағы сауда-саттық байланыстары күшейе түсіп, қазақ халқының бірлесу процесі жүріп, оның ішінен буржуазиялық кәсіпкерлік топтар қалыптаса бастады. Бірақ тауарлық өндіріс пен жеке меншіктік сауда әлі де өндірістің ескі феодалдық тәсілін бұза қоймады. Ауылдарға енген сауда-өсімқорлық капиталы өндіріс тәсілін өзгерте алмады, өйткені оған деген қажетті жағдайлары жоқ еді.

Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Ресейдің экономикалық қатынастарына талдау жасауды аяқтай келе, табиғи-климаттық жағдайлармен шартталған шаруашылықтың дәстүрлі формалары бұл жерде капиталистік қатынастардың дамуына қолайлы болды. Аймақтың отарлануы Европалық Ресейден қоныс аударғандардың жаңа экономикалық қатынастарды қалыптастыруға кеңінен қатысуына жол ашты, олардың есебінен өлкенің қала тұрғындарының саны өсті, яғни сауда-өнеркәсіптік контингенті ұлғайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет