2-бөлім
Үзіндіні оқып, тапсырмаларды орындаңыз.
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романынан үзінді
Ауылға жақындай келе Ұлпан шынтақтауды қойып түзеліп отырды. Қараша ауылды көрді.
Есеней-ау, мына қараша ауылды сен неғып көрмей жүрсің? Өзіңе ұят қой! — деді.
Көрмей жүргенім рас. Жеті жылдан бері мен елге анда-санда бір соғып, басқа елдерде, мал ішінде болатынмын. Қысы-жазы солай. Мені өз ауылыма ертіп әкелген де сен!
Ұлпанның жүзі жылынған жоқ, азырақ қана даусы жұмсарды.
Осы қырық үй малшы-жалшыларыңның қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті... обал ғой,— деді.
Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы. Екеумізге екі айғырдың үйірі жылқы қалдырсаң болады. Менің ендігі байлығым жалғыз сен! Асырарсың бірдеме қылып... Малды мен бағайын, жұмсауын сен жұмса. Мен малды өсіруден басқа қызығын білген емеспін.
Бұлар ауылға жетіп арбадан түскенде, Ұлпан отауының алдында жиырма шақты әйелдер отыр екен. Ұлпан соларға қарай бұрылды. Әйелдер шуласа сөйлеп бір кідірген кезінде Ұлпан оларға күлімдей қарап:
Апайлар-ау, Есенейде қайсыңның қашаннан бергі аласыларың, барын мен қайдан есептеп шығарайын. Әйтеуір, бәріңнің де аласыларың барына көзім жетіп отыр. Есеней өзі сол аласыларыңды түгел бер деді.
О, мың жасасын!
Балалы-шағалы болсын!..
Есеней үй басына бір құлынды бие, үй басына екі қозылы қой берерсің деді. Бұдан былай қойшы жаздыгүні жүз қойдан бір қой алып бағады, қыстыгүні екі қой алады... Жылқышы екі жүз жылқыдан бір жылқы алады. Тағысын тағы көре жатармыз. Бүгін кешке қойларыңды алыңдар. Ертең жылқыларыңды алыңдар. Жайлауға көшуге бір-бір түйе берілер,— деді де, Ұлпан орнынан тұрып отауына кірді.
Мырза келін-ай, сен келдің де көзіміз ашылды ғой!
Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге айтқызып алып, өз байламын әуелі Есенейге байлатып алып жүр.
Үзіндінің шығарма мазмұнындағы маңызын түсіндіріңіз. Берілген үзіндінің мазмұнына талдау жасап, көтерілген тақырыпқа қатысты көзқарасыңызды білдіріңіз.
[3]
Үзіндідегі кейіпкерлер бейнесіне талдау жасаңыз. Кейіпкерлердің іс-әрекетін салыстырып, баға беріңіз.
[3]
Автордың тілдік қолданысына талдау жасаңыз. Үзіндідегі көркемдегіш құралдардан мысал келтіріп, автордың қолдану мақсатын түсіндіріңіз.
[3]
Ұсынылған тақырып бойынша эссе жазыңыз.
Н. Айтұлының «Бәйтерек» поэмасында жырланған қазақ халқының өткені мен бүгінін салыстыра отырып, құндылығы тұрғысынан талдап, 150-170* сөзден тұратын шағын эссе жазыңыз.
* оқу жүктемесі төмендетілген үлгілік оқу бағдарламасымен оқитын білім алушылар үшін сөз саны - 120-150.
[9]
[Барлығы: 18 балл]
Достарыңызбен бөлісу: |