Оқу әдістемелік кешенге түйіндеме



бет5/34
Дата06.05.2023
өлшемі208.7 Kb.
#473285
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34
15 апта

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1.Ұлы отан соғысын бастарынан кешкен ақын-
жазушылар кімдер? .
2.Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романының
сюжеттік желісі не?.
3.Соғыс туралы деректі прозаларды кімдер жазды?
4.Соғыс тақырыбына жазылған қандай әңгімелер
бар?.
Әдебиеттер: 1,2,3,4, 5,7, 8, 9, 10, 16, 17, 20,21, 22, 23, 25, 22,23 ,25, 41,45,58, 62.


9,10 Дәріс Ұлы поэзияның жаңа көркемдік белестері (1960-1970ж)


Дәрістің мақсаты:Өлеңнің түр саласындағы ізденістері де дәуір сыпатынан
туатындығын мысалдар арқылы дәлелдеп түсіндіру.
Тірек сөздер:Эпик,поэзия, поэма,өлең,дәстүр т.б.
Дәрістің жоспары:1.1960-1970жылдары әдебиетке келген жас ұрпақтардың,
лириканы жаңа сапаға көтергендігі .
2.Туған жерге арналған өлеңдер.
3. Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа беталыс.
4.Осы жылдардағы қазақ поэмалары.
5.Ж.Молдағалиев,Х.Ерғалиев,Ғ.Қайырбеков поэмалары.
Елімізде жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты идеологиялық шектеушілік пен ой-пікірге салынған тұсаудан босау қазақ поэзиясының қанатын кең жазуына, өмір шындығын бейнелеуде ақындық ойды шалқыта еркін жырлауға жол ашты. Бұрын саясатқа құрылған науқандық өлеңдердің үгіттік сыпатына көбірек көңіл бөлінсе, енді жалпы адамның рухани тіршілігіне, оның қуанышы мен қайғысына, сүйіспеншілік сезімдері мен табиғатпен сырластығын жырлауға мүмкіндік туды. Осындай тұста әдебиетке келген жас ұрпақ тежеу көрмеген қалпымен еркін араласып, поэзияны, әсіресе, лириканы жаңа сапаға көтерді. Олардың ішінде Ғ. Қайырбеков, І. Мәмбетов, Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, С. Жиенбаев, М. Мақатаев, Е. Ибрагим,
Ш.Мұхамеджанов, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, С. Асанов, Ә. Абайділданов, т.б. бар еді. Бұлардың шығармашылығы шындықтың бетіне жалтақсыз қарап, ойын бүкпесіз ашық айтуымен, поэзиядағы әр алуан жазу өрнегін байытуымен, біріне-бірі ұқсамайтын стильдік өзгешеліктерімен ерекше көзге түсті. Олардың ақындық «мені» адамзат рухымен, оның байлығымен тұтасып, заманның Кеңес қоғамына тән сырын оңашаламай, әлемдік ой-пікірдің дәрежесіне көтеруге көмектесті. Ақындық пафостың жоғарылығы, өмірге бейнелі көзбен қарап, оны өлеңге айналдыру мәдениетін көтеруде де бұлар қазақ поэзиясына өз жаңалықтарымен келді.
Өмірдің өзіндей кең тынысты Ғафу Қайырбеков өлеңдері туған жердің ғажайып сыры мен оның адам тағдырына байланысын ашу да едәуір маңызды. Оның төгіліп тұратын, іркіліссіз бір ырғақпен келетін мөлдір жыры адамның еліне деген махаббатына толы келеді.


Дүбірде бар екі ши,
Маңайында жыра көп.
Біздің әулет екі-үш үй,
Жайлар еді жылда кеп.

Жалғыз қазық мына жұрт –


Мен дүниеге туған жер.
Жалғыз тұтам шуда жіп,
Кіндігімді буған жер.

Туған жермен байлаған,


Кетпестей қып кіндіктен.
Бар ма екен деп ойланам,
Мықты нәрсе сол жіптен.
Ақынның туған жерге деген сезімін сырттан тамашаламай,осылай түйіп айтуында лирикалық ойда,жинақтылық та танылады. Көктем жайлы бір өлеңінде ақын былай дейді:
Жүреді кіріп,
түсіме ылғи ақ боз ат,
Өңімде жылда
Кербез бір көктем келгенде.
Сол ма еді, бәлкім,
Сағынып жүрген жастық шақ.
Шырғалап шықпай
Тулаған асау кеудемде.
Ризамын, көктем,
Қан болып қайнап,
Тамырда шаншып тулайсың!
Жылда бір маған
Ақ боз ат сыйлап тұрғайсың!
Өзіне шабыт берген көктемді ақынның ақ боз ат бейнесінде танып, суреттеуі қандай әдемі және тапқыр. Өлеңнің өміршеңдігі, көркемдік шындығы, жинақтау күші оның өзіндік ерекшеліктерін құрайды.
Жинақы айту, дөп басып, шындықты жеке бір теңеу, метафора арқылы таныту жастардың өлең бейнелілігі мен техникасын игеруден байқалады.
І. Мәмбетов «Табантал» өлеңінде туған жеріне деген ыстық сезімін:
Көркіңді көрдім, көп түйдім,
Өн бойын өмір, жағаң тал.
Өлеңге сөнбес от құйдың,
Қыз толқын өзен Табантал! -деген жолдармен береді.
Ақынның табиғат құбылысын адам сезімімен үндестіре білуі, оны ықшам, тапқыр ойға құруы сүйсіндіреді.
Аспанды суыт бұлт бүркеп,
Асыға сүңгіп Ай кетті.
Төңірек тегіс күркіреп,
Сабады нөсер әйнекті
Төтеп бір, төпеп ол солай,
Өтті де кетті жүгіріп.
Сүт емген сәби баладай
Жер-ана жатты сіміріп.
Булығып барып төгілер
Осылай кейде өлең де.
Ел-ана оқып елжірер,
Сондықтан сол жыр өлер ме?
Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда Қ. Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой арманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді.
Бабамыздың шоқ басқан табанымен –
Бірдей екен жақсысы жаманымен:
Бір жаманы – тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы –қимаған даланы кең.
Бір жаманы – жел сөзге ерген екен.
Бір жақсысы – тілге ерік берген екен.
Бір жаманы – кетпенге орашолақ,
Бір жақсысы –найзагер, мерген екен.
Бұл арқылы ақын халық тұрмысының ұнамды-ұнамсыз жақтарын санауды мақсат етпейді, ұлт тарихын, мінез-құлқын, оны көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар. Жақсы-жаманды салыстыра суреттеу арқылы , ол өзінше нақыш, сазды үн қалыптастырады.
Табиғат құшағындағы дала халқын Қадыр бірлікте, тұтастықта көреді.
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді.
Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.
Кең тынысты - тынымсыз желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді,
Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,
Мың бұралған тағдырды жолдан алған секілді.
Түнеруді тұнжырап–түннен алған секілді,
Мейірбанды күлкіні күннен алған секілді.
Бәрі де табиғи, дала адамы мен дала табиғатының келбетінен алынады. Дала табиғаты ұлттық мінезді тудырған. Ақынның тапқыр теңеулері мен нақылды ойлары бейнелі суретке айналады. Қадыр «Ұлт болып ұйып келе жатқанда, сан рет сүт күйінде төгілген» халқының ауыр тағдырын да еске алады.
Қазақтың жомарттық мінезін, мәрттігін Төлеген Айбергеновте тамаша айтқан.
Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа
Жарқылдаған алмас па, -
Дейсің-ау! Дейсің сен оны
Айырып кетсе жол басқа.
Орыны тіпті толмас та,
Дулатар тек от денені
Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа
Маңдайындағы бір атын,
Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын
Көкірегінен күн сөнбей,
Осы бір шақтан білсең ғой,
Тұратын тауып мұрат.
Төлеген өлеңді ойнатып, ой легіне лайық тармақтарын бірде ұзақ, бірде қысқа қайырып ұйқастырып жатады. Ішкі ұйқастары жымдасып, дыбыс үндестіктері сан алуан өрімді құрайды.
Туған ауылға деген сағынышты жас адамның жылы сезімімен, адал махаббатымен ұштастыра суреттеу Т.Молдағалиевті аса сезімтал, лирик есебінде танытты. Оның өлеңдерінің лирикалық кейіпкері балалығын соғыстың ауыр кезінде өткізген, содан жанына жара түскен (әке өлімі, жетімдік, жоқшылық) жас адамның көңіл күйін бейнелейді. Өмір сүйгіш ақ көңіл жастың бойында жұмсақ мұң да, ойлы сезімталдық та содан туады. Алатаудың сұлу табиғаты құшағында өскен ақынның әсемдікке, сұлулыққа табыну сезімдері де түсінікті. Ол «жастықтың жыршысы» атанып, «талайлардьң жүрегін лүпілдеткен» махаббат жырларын жазды.
Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді, Сәулешімді рұқсатсыз қайта-қайта көреді, Көлегейлеп жабар едім, албыраған жар жүзін, Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді.
Ой да, сезім де, тапқырлық та бар осы өлеңде, бәрі де тұжырымды, қысқа, келісім тауып тұр.
Таланттың құдіретті күші ауыздықпен алысқан тұлпар болып, Тұманбайды алыс жолдарға алып бара жатқаны да ақындық пафосты танытады.
Келеді ат шауып, ауыздықпен алысып,
Келемін мен де жалынан ұстап жабысып.
Көзім кетті жасаурап,
Қолдарым калды қарысып.
Ақындық – оңай кәсіп емес, ауыр жол сапары. Тұманбай осыны көре білді, бейнеледі.
Адал сезімін арбаған сұлулықты Еркеш Ибрагим де ажарлы суретке түсіреді.
Асқақтаса жұлдыздан да тым биік,
Көрмесең де, көрсең-дағы бір күйік
Жалын толы, от жанарын қадаса,
Жаның түгіл кетер еді күн күйіп, - дейді сұлулықты суреттеген ақын. Сондықтан да өмір сүйгіш ақын:
Алма көздің ортасында,
Қарашығын болар ма ем.
Сонау кірпік арасында,
Мәңгі тұрып қалар ма ем, -
деп армандайды. Екі өлеңде де сырлы сезім, келелі ой, ойнақы әзіл бар
Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа беталысты Ж.Нәжімеденов жырларынан да танимыз. Ол әр көріністі ой, сезім елегінен өткізе, іштей тебірене жырлайды. Бір тамшы суда да мәніс, көрік бар, өмірге керек нәр бар («Ең әуелі жырлау үшін теңізді білсем деймін, қасиетін тамшының») деп жазады. Ақын табиғатқа жабырқай да, таңырқай да қарайды. Оның теңізі де «тебірене, тебірене, шашы ағарып кеткен» күйде суреттеледі. Онда философиялық лирикаға деген бейімділік танылады. Кейде көп ойдың түбіне жете алмай малтыққан адамның сезімі де бой көрсетіп қалады.
Жас ақындар шығармашылығы ел тарихы мен бүгінгі өмірді кең қамтыған әр алуан ізденісімен көзге түсті. Жастық шағын соғыстың ауыр тіршілігі жағдайында өткізген олар сол тұстағы ел өмірінің қиындығын көзімен көріп, сезгенін, «Әр маяның түбінде қалған» (Қ. Мырзалиев) балалығын еске алды. Дәуір міндетін орындауға, еңбекті жырлауға адам сезімі мен ойын жырлар лирикалық саздар жасауға да олар белсенді араласты.
Ақындық ойдың еркін жырлануына жасалған шығармашылық кеңшілік аға ақындарды да бей-жай қалдыра алмады. Бір кезде лирикалық әуендер жазғаны үшін жазғырылған Әбділда Тәжібаев әлі де сезімі мосқал тартпағанын байқатып, жастармен жарысқа шықты. Ғ.Орманов, С. Мәуленов, М. Әлімбаев, Қ. Шаңғытбаев сияқты қазақ өлеңінің шеберлері де жаңа лирика туғызды.
Ә.Тәжібаев «Аралдар», «Кешеден бүгінге» атты жинақтарында ұлғайған адамның өмір тәжірибесінен туған ой мен сезім сырларын, жан тебіренісін тапқыр толғады. Ақынның сыршыл жырлары адамды сүюді, досқа деген адалдықты, өмірге құмарлықты паш етеді.
Мейірімімнің шегі жоқ,
Сенгенім мен сүйгенге,
От боп жанғым келеді
Жылуы жоқ үйлерге, - дейді ол.
Ақынның егде тартқан жүрегінде жеңіл мұңды наз бар. Бірақ ол тоқырау, кәрілікті мойындау емес. Ұлғайған кездегі тірлікті ардақтау, өмір сыры жайлы, ел, дос тағдыры жайлы ойлаудан туады. Оның сырын:
Мұңдымын деп шағынбаймын қашанда,
Қорқам бірақ тіпті мұңсыз жасауға,
Мүмкін бе екен шексіз сүю өмірді
Сол өмірдің мұңдарынан босауға, -деп ақын тапқыр жолдармен берген.
Ақынның «Сыр жырлары» да туған жерін, жастық шағын еске алған адам сезімінің ішкі байлығынан туған.
Қазақ лирикасының хас шеберлерінің бірі Сырбай Мәуленов бұл жылдары көп жазды. Оның өлеңдерінің тақырыптық шеңбері тіпті кең. Ол өзі жүріп өткен майдан даласын еске алып, әскери тақырыпта өткір де ойлы өлеңдер жазды, ел өмірінің бүгінгі шындығына көңіл аударды, жастығын, махаббатын да ұмытқан жоқ. Ақын көріне қалған құбылысты тез қабылдап, одан ой түйіп, жинақты лирика туғызуда едәуір табыстарға ие болды. Оның ойшылдығы, тез қабылдағыштығы, түсінуі – бәрі де жанды бейнеге айналып, ақынның тапқыр да алғыр талантын мойындатады. «Түбірлер» деген өлеңіндегі ормандағы түбірлерді мүгедектерге ұқсатуы осыған мысал бола алады.
Қазақ лирикасының жаңа ізденісі әлемдік озық поэзия дәстүрімен байланысты көтеріле түсті. Қазақ ақындары олардан үйренгенмен, ешкімді қайталамай, өз шындығына лайық дамытты. Қазақ өлеңінің лирикалық кейіпкері де өз дәуірінің қайшылықтары мен табыстарын бойына жинаған озық ойлы азамат. Өлеңнің түр саласындағы ізденістері де дәуір сыпатынан туды.
Бұл жылдардағы қазақ поэмасы да ұлттық поэзияның өмірмен байланысын, идеялық-тақырыптық кеңеюін танытты. Эпик ақындар жанрдың дәстүрлі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оны жаңа ізденістермен байытты. Т.Жароковтың «Тасқынға тосқында», Қ. Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыр»,
X. Ерғалиевтің «Құрманғазы», Ә.Тәжібаевтің «Портреттер» Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын», Ғ. Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмалары дәуір әдебиетінің жаңа тенденциясын айқындауға қызмет еткен осы жанрдың іргелі туындылары. Бұл шығармаларда өмірді иллюстративтік суреттеуден бой тарту, оған белсенді араласып, дәуірдің күресі мен тартысының сыпатын түсіну, адам мен оның еңбегінің қоғамдық рөлін дұрыс бағалау, сол арқылы заман рухын бейнелеу байқалады. Т.Жароков пен Қ.Бекхожин поэмаларында еңбек адамының рухани байлығы мен моральдық тазалығы, отан сүйгіштігі суреттеледі. Олар жеке адамға табыну атмосферасының адам тағдырына әсерін ашады. «Тасқынға тосқында» автордың бұрынғы поэмасы «Тасқынның» кейіпкері Қайсардың кезінде іске аспай калған ой-пікірінің жаңа жағдайда жалғасуы көрінеді. Кеңестік құрылыстың қайраткері Қайсар жаламен айдалып кетсе де, отаншылдық сезімін, қажырлылығын сақтай біледі. Жаңа поэма арқылы автор осы кейіпкер еңбегінің жаңа дәуірін бейнелейді. Ал, Қ.Бекхожин инженер Ақан Ақтаевтың еңбек жолын алып, оның қиыншылығы мен жарқын беттерін қатар қояды. Ақанның ой-сезімі, адамгершілігі, күрескерлгі жалақор Қараш бейнесіне қарсы қойылады. Сол арқылы автор еңбектегі жеңістің өмірдегі күреспен байланыстылығын, оны жеңудегі адамның табандылық сыпатын көрсетеді.
«Портреттер» поэмасында Әбділда өмір туралы, уақыт сыры туралы толғаныс жасаған. Уақыт өлшемі етіп ол Кеңестік 40 жылды алады да, осы мерзім ішіндегі бір отбасының тағдыры, ұрпақтың ауысуы арқылы уақыт қызметін философиялық тұрғыдан талдайды. Поэмада шытырман оқиға, ширыққан тартыс жоқ. Адамдар тағдыры, характері лирикалық кейіпкердің толғанысы, ойы арқылы ашылады. Ол әкесі, ағасы, қарындасы, өзі туралы әңгімелейді. Өмір тіршілік үшін таласта аға ұрпақ өліп, жас ұрпақ орнын басып жатады. Уақыт өткенді еске алып, тіршілік күйбеңін жастық мойнына артады. Әкеден балаға ауысып қалып жатқан шойын сағат – сол бір тозбайтын тіршіліктің өлмейтін уақыттың символы.
Поэманың идеялық түйіні біздің өткен уақытымыз – күрестің белгісі, әкелер мен ағалардың төгілген қанымен келген жеңіс екенін таныту. Сондықтан өмірді бағалау, қадірлеу - әр ұрпақтың міндеті. Портреттер – адамның, әр түрлі ұрпақтың уақыттың портреттері.
Ж. Молдағалиев, X. Ерғалиев, Ғ. Қайырбековтің поэмаларында халық тарихы мен тарихи адамдар өмірінің фактылары негізінде ел өмірі мен оның өткен жолы туралы толғаныс танылады.
«Мен қазақпын» қазақ атынан айтылатын монолог түрінде жазылған. Ақын осы жолмен халық тарихының ұзақ жолын, ауыр, азатты өмірін кең суреттейді. Оның бойындағы ерлік пен ізгілік сезімдерді, патриоттық мінезді паш етеді.
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен,
Жылағанда жүрегім - күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Осы шумақ - бүкіл поэманың лейтмотиві. Әр тараудың мазмұны осыдан өрбіп, қазақ өмірінің қилы кезеңдерін ашады. Оларда халықтың «мың өліп, мың тірілген» тарихы, жөргегінен басталған азапты өмір жолы, жыласа – күн тұтылғандай, күлсе түн түрілгендей көрінетін шынайы сезімі бейнеленеді. Ақын тілінің бейнелілігі, жарқын жасалған суреттер оның аз сөзге көп мағына сыйғызған шеберлігінен көрінеді.
«Құрманғазы» мен «Дала қоңырауы» XIX ғасырда өмір сүрген қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбаев пен ағартушы – педагог Ыбырай Алтынсарин өмірлеріне арналған.
Оларда беймезгіл заманда өмір кешкен таланттардың ауыр тағдыры сөз болады. Олардың қараңғы қауым ортасында ескілікпен, отаршыл саясатпен, ел билеушілермен күресте өткен жалынды өмірі, оның куәсі болып туған шығармашылық өнері аталған поэмалардың мазмұнын құрайды.
Поэмалардың эпикалық кең алымы оларда жеке адам арқылы халық өмірінің кең суретін жасап, азаматтық, азаттық, прогресс жолындағы ізденістерді танытады.
Қазақ поэзиясының табыстары ақындарымыздың өмірге өктем араласып, дәуірдің әлеуметтік-философиялық мұңын ашуында жаңа қадам болды. Онда әр түрлі стиль мен түр ізденістері тоғысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет