Дәрісті бекіту сұрақтары:1.1960-1970жылдары әдебиетке келген,лириканы
жаңа сапаға көтерген жас ұрпақтар кімдер еді?.
2. Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа
беталысты кімнің жырларынан танимыз?.
3. Осы жылдарда қандай поэмалар жазылды .
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 26, 27, 28, 29, 30, 41, 44, 45, 64 .
11,12 Дәріс Жаңғыру кезіндегі драматургияның дамуы.(60-70жж)
Дәрістің мақсаты: Осы кезеңдегі таңдаулы драмалық шығармалар, олардағы
сөз бен іс,тартыс сипатын меңгерту.
Тірек сөздер:Драма,комедия,пьеса,сахна, трагедия т.б.
Дәрістің жоспары:1.Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау
етіп, жарқын тұлғалар жасаған драматург Ш. Құсайынов.
2.Ә.Тәжібаевтің пьесалары.
3.М.Әуезовтің,3.Шашкиннің,Қ.Мұхамеджановтың,
С.Адамбековтің комедиялары.
4.Драманың түрлері мен даму тарихы.
5.Драманың қазіргі жай-күйі, дәстүр мен жаңашылдық
сипаты, өзекті мәселелері.
«Тартыссыздық теориясының» күйреуі, жеке адамға табыну кезінің таршылығынан босау драматургияның дамуына да қолайлы жағдайлар туғызды. Драматургия бүгінгі заман тақырыбын жырлауда, ондағы қоғамдық қайшылықтар мен адам тағдырының драмасын ашуда батыл қадамдар жасады. Бұл әсіресе, Ш. Құсайыновтың, Ә. Тәжібаевтың, Т. Ахтановтың, Қ. Мұхамеджановтың пьесаларында анық көрінді.
Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау етіп, жарқын тұлғалар жасаған драматургтің бірі – Шахмет Құсайынов (1906-1972) еді. Бұл кезеңде Шахмет «Рабиға», «Кеше мен бүгін», «Күн шуақта», «Көктем желі», «Есірткен Ерке», «Ертіс жағасында» сияқты пьесалар жазды. «Рабиғада» ескі қазақ ауылындағы әйелдердің бас бостандығы мәселесін автор сол кездің саясатына лайық әлеуметтік тартыс фонында көрсетуге ұмтылады. Тілепбай бай тоқалынан туған Рабиғаны қалың мал алып, ұзатпақ болады. Оған Рабиға көнбейді. Жасынан әкесінің жат мінезінен безінген ол өзіне тілектес адамдармен бірлесіп, бас бостандығы үшін күреседі. Бұл оқиға ауылды колхоздастыру науқанына ұласып, таптық күрестің шиеленісуіне орайласады. Осы тартыста Рабиға дұшпандары қолынан қаза табады. Пьесада Рабиғамен қоса, оның анасы Рәйіш, мұғалім Қоблан, артель бастығы Сүлеймен, ауылдың бас көтерер жігіті Жақан сияқты ұнамды бейнелер жасалған. Оларға Тілепбай мен оның сыбайластары Қақпан, Сағындықтар қарсы қойылады.
«Кеше мен бүгін» пьесасында Шахмет қазақ ішін жайлап, Кеңестік асыра сілтеу науқандары тұсында, бас көтерер адал адамдарды шырмған жалақорлыққа қарсы үн көтерді. Осындай бір жағдай көрнекті ғалым, үлкен жүректі азамат Марабайдың басынан өтеді. Есіркеп сияқты мансапқорлар мен оның Сабатай, Үдері тәрізді жағымпаздары өмірден жайлы орын табуға Марабай тарапынан кедергі боларын сезіп, оны жаламен қызметінен тайдырмақ болады. Адал Марабай ондай тайғанақ адамдармен жұмыс істесе алмайды. Марабай бейнесі кесек тұлғалы, қабілетті, өз басын ғана емес, қоғамдық үлкен мұратты қорғап алатын адамның сыпатын бойына жинақтай алған. Оның басына қауіп төнген кездегі психологиялық жай-күйі, күйініші мен сүйініші пьесада шынайы көркемдік бояумен суреттеледі. Биік интелектуальды, адал адамды қорғауды жазушы проблема етіп қояды.
Осындай бір ірі тұлғаны Шахмет «Күн шуақта» пьесасында жасады. Ол - колхоз бастығы Байсал. Екі қайтара Еңбек Ері атанған, көп жыл колхозды басқарған, соғыстан кейін жүдеген елді ұйымдастырған құрметті адам. Өзіне кең үй салдырып, күн шуақта өмір сүрген ол кенет ел арасына тараған әңгімелерден секем алады. Ол колхоз бастығының өз басын ойланқырап кеткені, ауылдың проблемасы әлі де шешіліп болмағаны, әсіресе малшылардың күйін жақсартуды қажет етіп отырғаны туралы естиді. Кенет ұяты оянған ол үйін балалар бақшасына өткізіп, бойына сіңе бастаған тоғышарлыққа қарсы күреседі, одан арылады. Осы жолдағы үй ішінің, өзін қоршай бастаған жағымпаздар мен қолын жылы суға малмақ болғандардың психологиясына тойтарыс береді. Шахмет пьесасы тартыстың кейбір жасанды жақтарына қарамастан, адамның биік мораль үшін күресін бейнелеуде едәуір маңыз алады.
«Есірткен Ерке», «Нұрлы тас» пьесаларымен ол балалар драматургиясын дамытуға үлес қосты.
Бұл жылдары Әбділда Тәжібаев (1909-1998) «Көңілдестер», «Жалғыз ағаш орман емес», «Майра», «Той боларда» сияқты пьесалар жазды. «Жалғыз ағаш орман емес» – «Гүлден дала» пьесасының жаңартылған, жетілдірілген нұсқасы еді. Ал, «Көңілдестер» - біздің бүгінгі өмірімізді құрт аурудай жайлаған көңілдестік, тамыр-таныстық, жағыну жолымен өсуді кездейтін мансапқорлықты әшкерлейтін психологиялық драма. Мұндағы тартыс қоғамның адал, ойлы, принципті мүшесі Мәлік пен оның күйеу баласы Дәурен және оның сыбайластары арасында өрбиді. Дәурен министр болуды армандайды, оның бұрын министр болып түсіп қалған досы Сапар соған сүйеніп қайта көтерілгісі келеді, осылармен байланысына арқа сүйеп, ғалымсымақ Келтек ғылым Академиясына мүше болып өтпек болады.
Мүдделері бірдей осы адамдардың характерлері бір-біріне ұқсамайды, әрқайсының өзіндік айла-амалы, тілі бар. Мәлік қоғамды жайлаған осы дертті көріп шошынады. Дәуренге әлі оның министр болуға дайын еместігін, шикілігін айтып, бетіне басады. Өз ойын тиісті орындарға жеткізеді. Бұдан көп бұрын (1963) жазылған пьеса бүгінгі біздің дәуіріміз үшін әлі де актуальды.
«Той боларда» — комедиялық пьеса. Сүйіскен екі жастың (Нартай мен Айбала) тағдырын ортаға ала отырып, автор олардың үйленуі тұсында өз құлқынын көздеген адамдардың пайдакүнемдігін, дүниеқорлығын, содан туындайтын пасық ой-пікір, іс-әрекетті күлкіге айналдырады. Олардың қатарында Айбаланың өгей анасы Ұрқия, сүймеген қызды малға, ақшаға сатып алғысы келетін қу Қалабай мен оның жылпос шешесі Қалима, нағашысы Айдар, т. б. ерекше көзге түседі. Қыз әкесі Байбол - әділ, таза адам. Ол қызының сүйгеніне баруын қалайды. Пьеса қазақ ортасының осындай бір ескілік салттан құтыла алмай отырғанына көңіл аудартып, оны жақтаушыларды әшкерелеуге арналады. Пьесаның шұрайлы, тапқыр тілі, ұтымды диалоггар оны көркейте түседі.
Әбділданың «Майра» пьесасы халқымыздың сүйікті әншісі Майра Уәлиқызының өміріне арналған. Ән еркесі болып, өмірі бостандықты аңсап, бас еркіндігін армандаған Майра төңкерістен кейін еріксіз барған, оның үстіне ән салуына, елмен араласуына тыйым салған күйеуінен босанып, құрбыларымен табысады. Намысы қорланған Тайман жаңа заман тәртібінен аса алмай, құр кіжінумен қалады. Бірақ Майраға өшігеді. Майраға мұсылманша оқыған, ескі көзқарасты Дүрбіт ғашық болып, тілегіне жете алмаған ол да кек алуды ойлайды. Майра кеме капитаны Мұратпен тіл табысады. Осы тартыстың легінде драматург Майраның бостандық сүйгіш, албырт көңілін, өнерлілігін ашады. Өзіне лайық жарды өзіндей азаттық үшін күресуші Мұраттан табады. Автор оқиғаны төңкеріс жылдарымен тұстас алып, басты кейіпкерлердің тағдырын бостандық идеясымен байланыстырады. Дүрбіт пен Тайманды Майраның ғана емес, осы жаңа идеяның жауы етіп көрсетеді. Оған белгілі дәрежеде сол кездің идеялогиясының әсері де тигені даусыз.
Кеңестік заман шындығын тануда Т. Ахтановтың «Сәуле» пьесасы көрнекті орын алады. Ол өз кезеңнің жаңашыл шығармаларының бірі болды. Оның басты кейіпкері - қазақ әйелі Сәуле облыстық партия Комитетінің хатшысы Сырдақтың ескіден қалыптасып қалған жұмыс стиліне қарсы шығады. Басшы қызметте көптен жүрген Сырдақ - өмірде үлкен арманы мен идеалы жоқ, күнделікті күйкі тіршіліктің дәрежесінен аса алмаған адам. Ал, Сәуле болса, өмірді, оның болашағын терең түсінеді. Сондықтан да ол жаңалық үшін күреседі. Пьесада Сәуленің жеке басының өмірі де, адамдық сезімдері де нанымды ашылады.
Осы дәуірде қоғамдық дамуға кірген өзгерістер драматургиядан да қалыптасқан жүйені бұзып, өмір шындығын әрқилы жағынан батыл бейнелеуді талап етті. Тахауи пьесасы өмірдегі осындай стереотипті сынауға құрылды. Мұндай ізденіс М. Әуезовтің «Дос-бедел дос», 3.Шашкиннің «Заман осылай басталды», «Ақын жүрегі», Қ.Мұхамеджановтың, САдамбековтің комедия-ларынан да табылады.
М. Әуезов пьесасында үш дәуірді бір драмаға сыйғызып, қоғамдық дамудың күрделі шындығын басты қаһарманның тағдыры арқылы ашуды көздейді. Пьесаға жетекші ролін кіргізіп, Мұхтар тарих кезеңдерінің шындығын соның аузымен түсіндіріп, жалғастырады, қорытады. Пьесаның қазақ драматургиясы үшін соны формасы Мұхтардың кең, алымды ойларынан туған.
Шашкиннің алғашқы пьесасы Тоқаш Бокин өміріне байланысты жаңа заманның тууы кезінің оқиғаларына құрылған. Онда жазушының осы тақырыптағы романының ізі сақталған. Ал, «Ақын жүрегі» пьесасы кешегі жаппай қуғын-сүргін оқиғаларын еске алып, соған қатысқан адамдардың әрқилы тағдырын бейнелеуге арналған. Жұмат ақын мен Есен дәрігер - сол қуғынның азабын көрген адамдар, бірақ жаны таза жандар. Жұматтың ақын жанды аңқылдақ бейнесі, Есеннің ақкөңіл, жарқын тұлғасы пьесада жақсы көрінеді. Оларға қара ниет Нәби қарсы қойылады. Әлі де тағынан түспей бас дәрігер болып жүргеніне қарамастан ол досқа опасыз, мансапқор болып суреттелген. Пьеса өз заманының қиындығын ашуда елеулі туынды.
Жастар әмірін суреттеген А.Шамкеновтің «Адасқан қаз» пьесасы да көтерген мәселесінің өткірлігімен және драмалық сапасымен жақсы бағаға ие болған. Онда мектеп бітіріп сүйгені Айдармен бірге болашаққа ұмтылған көңіл күймен көрінген Шәрбаннің ойда жоқта бақытсыздыққа ұрынып, сүймеген адамға кетуі суреттеледі. Автор Шәрбанді бақытсыздық бұзып, дөкір еткен бейне етіп көрсетеді. Кейін оның ескі достарымен кездесуі, Шәрбанды ойландырады.
Аманжолдың өлең араласып келіп отыратын ақындық тілі де, адам басына түскен трагедия жайлы ойлары да тартымды.
Бұл жылдары комедия жанрының дамуына да біраз көңіл бөлінді. Оған жалпы әдебиетте сатиралық, комедиялық туындылардың азайып кетуі себеп болды. Бастаушы партияның өзі бұған назар аудармай тұра алмады. «Тартыссыздық теориясының» сыналуы мен «Бізге Гогольдер мен Щедриндер керек» деген ұранның көтерілуі де осы кез болатын. Осындай жағдайда сатира, комедия кеңес адамдары жағындағы ұнамсыз қылықтарды сынап әшкерелейтін тәрбие құралы есебінде бағаланды. Осы тұста туған Қ. Мұхамеджановтың пьесалары («Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын»), Қ.Сатыбалдиннің «Махаббат машақаты», «Қабаған ит» Қ.Шаңғытбаев пен
І. Байсейітовтың «Беу қыздар-ай!», С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке» атты туындылары бұл жанрдың болашағын танытты. Сонымен бірге күлкіге сусап отырған халықтың көңілін көтеруге қызмет етті.
Қ.Мұхамеджанов пьесалары адам мінезінің, іс-әрекетінің күлкілі жақтарын алып суреттеуге құрылады. Күлкінің ар жағында ойдан құбылысты әшкерелеу сарыны жатады. «Бөлтірік бөрік астынданың» бас кейіпкері Сапар – жылпос, опасыз, өмірді алдау мен арбауға құрып үйренген адам. Ол ауылда әйелі бола тұрып, қалада үйленеді. Автор осыны әшкерелейді. Оны «Бөрік астындағы бөлтірік» деген. Қала қыздарының қазақ тілін білмеуін күлкі етеді. Ал, «Құдағи келіпті» пьесасында ағылшын отбасындағы тіршілігін суреттеп отырып, қаланың тоғышар, сәнқұмар әйелдеріне еліктеген сауатсыз ауыл әйелі Айжанның қызын күйеуінен айырып алмақ болған ісі мен қылығын күлкі етеді. «Қуырдақ дайын» пьесасында Ережеп, Жақан сияқты өмірде өз орны жоқ, әркімге сүйеніп күн көрген мүсәпір адамдардың майысқақ жұрттың бәріне жақсы көрінуге тырысқан қылықтарын суреттеуді көздеген. Бәрі де күлкіге арқау боларлық дүниелер. Автордың үш пьесасы да кезінде театр сахналарынан көрсетілді. Алайда драмалық тартыстың әлсіздігінен, үлкен қоғамдық мәні бар қақтығыс тудыра алмаған пьесалар сюжеті ұсақ-түйекті әңгімелеу сатысында қалып қояды. Сапар - күн көрістің ғана адамы. Ол қасқыр болатындай зұлым сияқты емес. Бірақ ол қасқыр болуға дайындалып келе жатқан бөлтірік деп суреттеледі. Бірақ бөлтіріктерді тудырып жатқан құбылыстың табиғатын іздеу, табу, әшкерелеу көрінбейді. Соңғы екі пьесада да жеңіл күлкімен қанағаттанып сол күлкіні, ұнамсыздықты тудырып жатқан жағдайды тану, әшкерелеу жайы ашылмай қалады. Мұндай кемшіліктер Қ. Сатыбалдин, С.Адамбеков комедияларына да тән. «Махаббат машақатында» ол тентек баланың қылығын көрсетіп оның кінәсін анасына артады. «Қабаған итте» саудагерлікті сынайды. Алайда осы қоғамдық ұнамсыз құбылыстардың түп төркінін тану жетіспейді.
«Беу, қыздар-ай!» - бұлардай өмірдегі сорақылықтарды суреттеу мақсатында емес, жастар арасындағы жылы қарым-қатынасты сыпайы әзілмен көмкеріп, жылы, жеңіл күлкі тудыруға құрылған. Онда классикалық шығармаларда көп кездесетін жаңсақтық қылықтар күлкі тудыруға себепші болады. Газетте басылған Айсұлудың суретін көріп, бірі өлең жазбақ боп, бірі суретін салмақ болып, үшіншісі тіпті таныспақ болып келген ақын, суретші, ғалым - үшеуі Айсұлудың өзін көрмей, апалары Күнсұлу, Нұрсұлу, Жансұлумен танысады және оларды Айсұлу деп ойлаған. Қоғамдық еңбек атқарып жүрген қыздар жігітгерге еріп кетпей, оларды ауылда алып қалмақ болады. Еңбек адамдарының көңілді ойнақылығы, нәзік сезім иелері екені көрінеді. Сонымен қатар пьесада, комедияға тән жылы юмор, жеңіл күлкі, әзіл, жүйрік ақындық тіл бар.
Бұл жайлар аталған дәуірде қазақ драматургиясының іздену үстінде болғанын байқатады. Жанр едәуір тәуір шығармалармен толықты. Сонымен бірге ізденіс жолы ұзақ екенін әлі де классикалық үлгі боларлық туындылардың жоқтығы байқалмай қалған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |